Қош бол, қазақтың Розасы...
«Ақ патшам» дейтін елбасыны. Ерке мінезі бар-тын. Ел көтеретін ол еркелігін.
Өмірден Роза Бағланова озыпты. Тоқсанға қараған шағында.
Ол кісінің әндері негізінде қазақтың бірнеше буыны буынын қатайтты деп білем.
Жаны пейіште шалқығай өнер тарланының.
"… Бұл кісілердікі той ғой…"
Бір ән есіме түсті: «Поминки, поминки. Такие вечеринки...»
Мен ол кезде он екі, он үштерде болсам керек. Қалада тұрамыз. Қыс уақыты еді. Алмағайып заман, саудамен айналыстық. Конфет, печенье, шоколад, сағыз, темекі, сусын-пусын сатасың. Кейін біз тұрған жерге ауылдан бір ағамыз машинасымен кеп тоқтап, әкем екеумізге суыт хабарды жеткізді. Шешем мен ағам бізден бұрынырақ қамданып, базардан анау-мынау алып ертерек барып қалды. Әкем де мен сияқты төртеудің кенжесі, біз барғанда күн қарауытып қап еді. Сырттағылармен «көрістік». Ертесіне өмірімде алғаш рет қайтқан адамның артынан "қайғырушылар" қатарында өзім де болдым. Баламын ғой, шын жылай алмаймын, ырымын жасаймын. Туған ағам Асан әжемнің қолында өсіп еді. Егіздің сыңары ғой, туылғанда әжем өз бауырына басса керек. Ағам шынайы абыржып еді. Келгеннің көбісі қаз-қатар тізіліп тұрған жиырмамызға емес, Асанға басу айтты.
Одан кейінгі қаз-қатарласа тұрғаным осыдан төрт жылдай бұрын әкем өмірден озғанда болып еді. Кісінің барында оның парқы мен қал-қадірін жете ұғыну әлдебір көрсетушілікті керек етпесе керек. Жаныңа жылу сыйлайтын туған-туысыңның, жақыныңның қадір-қасиеті бақилыққа аттанғанда ерекше ұғынылады екен, дегенмен.
Мәселен менің әкем сол кісінің жасына жетсе арманым болмас еді деп ойлаймын.