Ауыл. Алпыс жыл бұрын айтылған ән


Ауыл
Жүріс-тұрысымыз ауырлап, бар болғаны 70 шақырым қашықтық болса да, көптен бері ауылға ат ізін салмай кетіп едік, осы демалыс “ бісміллә” деп барып қайттық. Атасы туылғалы немересін көрмей, бізге қолы жетпей, боқтап жүрген болатын, кеше түрі де, мінезі де бір-бірінен аумай қалған, бір жарым айлық біздің қыз бен жетпістің төртеуіне келген ақсақал табысып, қауышты:)
Алматының былжыраған қарын көріп көңілім қалып жүр еді, біздің жақ кәдімгідіей суық екен, қар басып қалған, қыс. Құдды бала кезімде оқыған орыс жазушыларының кітаптарындағы қарлы, боранды суреттер көшіп келіп, қона қалғандай. Таулы жер болған соң аязды екен. Таза ауада ұйықтап, жұлдызды аспанға қарап, мәз болып қайттық.
Таңертең шай ішіп отыр едік, “ бір сөзді бір сөз көтенінен түртіп” шығарып, әңгіме әнге қарай ауысты. Күзде қайынжұртшылап барғанда, енем “ Эх, ты, яблочка” деген әнді, тіліміз келмейді, дұрыс түсінбейміз, “ Эх, ты японушка”  деп айтушы едік” деген естелік айтып берген-ді. Соны мамаға әңгімелеп берсек, ол кісі өзінің “ мемуарынан” үзінділерді жайып салды.
Алпыс жыл бұрын айтылған ән немесе мамамыздың әңгімесі
“ Ол кезде бастауыш мектепте оқимыз. “ Балшой перемен” деген үзіліс бар, отыз минутқа созылады, үйі жақын қыздар жүгіріп-жүгіріп барып, нан жеп келеді. Сол “ балшой перемен” кезінде коридорда төрт-бес қыз қол ұстасып тұрамыз, ортада бір қыз билеп жүреді, ана тұрғандарымыз ән айтамыз. Ол былай айтылады:
Атанош идот
Пионер сами.
Атанош идот
Комсомол сами.
Сонда билеп жүрген қыз “ Ей, суға салсаң ратирай, ри-ра-рай, рай-рай деп іліп әкетеді дейды, сосын ортаға келесіміз шығып билейміз. Ән жалғасады:
Атанош идот
Партия сами… деп кете береді. “ Атанош” деген енді ойлап тұрсам “ Это наш” деген сөз шығар. Ал ана “ ратирайдың” не екенін әлі күнге білмеймін”.
Анамыздың айтқаны осы болды. Айтып бергені тағы бар. Бір жапырақ-бір жапырақ ауыл қыздарының әлгі әнді айтып тұрғанын көз алдымызға елестетіп, ой бір күлдік. Өзімізше “ Это наш идет, партии знамя” дегендері шығар деп топшыладық. Кеңестік идеологияны ән арқылы, оң-солын танымағандардың санасына қалай сіңірген, ә?! 
Пы.Сы. Әуенін Сіздерге жеткізейін деген ниетпен, барылдап айтып, осында салып қояйын ба дегем әу баста. Сосын қой дедім, ертең тағы біріңіз денсаулығыма зиян келтірді, я моральдық шығынымды өтеп бер деп бәле қылып жүрерсіздер:)
Сурет russiandvd.com сайтынан алынды.

Мақала сілтемесі: http://qisyq.wordpress.com/2011/02/06/%d0%b0%d1%83%d1%8b%d0%bb-%d0%b0%d0%bb%d0%bf%d1%8b%d1%81-%d0%b6%d1%8b%d0%bb-%d0%b1%d2%b1%d1%80%d1%8b%d0%bd-%d0%b0%d0%b9%d1%82%d1%8b%d0%bb%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d3%99%d0%bd/
Бөлісу:

6 пікір

TOTY
Мына суретті көріп есіме түсіп кетті, дәл осы «значоктар» менде сақтаулы, кейін бір блогыма ілмесем деген ой туып отыр енді..:)
asaubota
:) солай өтірік айта беретінбіз пионер әндерін :)
alisha
Менің інім Алланың «Позови меня с собойын» Пазабина насыбай деп қойып баса беретін еді;) Шынымен де, әйтеуір дыбысталуы үйлессе әндете беретін ек, шамасын келтіріп;)
Abilakim
Сол замандарда ауылдық мәдениет үйінің (клуб)жанындағы бағанада радио сампылдап тұратын
sammita
бастауыш мектепте концерттер мына әндерсіз өтпейтін: «Ел жатқанда жатпаған… (Ақ мамам әні)», «Аппақ, аппақ жапалақтап» (ЖЖ), «Кіршіксіз жүрегіндей жас баланың» (8 наурызда), «В лису радилась йолычка;)» (ЖЖ). т.б. Ұлттық мейрамдар егемендік алғаннан кейін ғана тойлана бастады дейді. Онысын білмедім, біздің ауылда Наурыз толық тойланатын. Биік бағанаға өрмелеп сыйлық алу, алтыбақан құру, ұлттық ойындар, Наурыз көже. Әбіләкім айтқандай сампылдаған радиодан ән айтылып жатады. Мамырда қағаздан көгершін жасап, пластмасса гүл, жалауша, шар ұстап шығамыз көшеге тізіліп, мектеп формасымен. Қазір еске түссе кәдімгідей сағынасың.