Хуснизан мен Суизан
… Ол “Музыканың барлық түрі харамға жатады. Ымырасыз!” деген пәтуамен жүретін. Менің сірә өзгелерде шаруам шамалы…
… Жұмысқа әдеттегідей жаяу келе жатқан бетім. Құлағымда наушник. Күртемнің бас жапқышын киіп алғам. Артымнан келіп амандасқанын қапелімде көрмедім де, естімедім. Үңілгеннен соң ғана құлағымдағын шешіп, амандастым. Алғашқы сөзі “Музыка тыңдап келемісің?” болды. Сасып қалдым да “Жоқ! Уағыз…” дедім. Одан әрі бір-екі ауыз тілдестік те, ол өз алдына мен өз жайыма кеттім. Әңгіме осымен аяқталды.
Кешкісін жұмыстан шығып, үйіме бара жатқанда таңертеңгі оқиғаны есіме алып, езу тарттым. Былай қарағанда қарапайым, күнделікті, екі адамның арасындағы диалог. Бірақ ойланып қарасаң… Екеуміз де қателік жасадық.
Исламда “Хуснизан” және “Суизан” деп аталатын екі термин бар. Онда да өте маңызды терминдер. “Хуснизан” деп өзге мұсылман бауырың туралы жақсы ойда болу. Оның Исламға жат әрекет жасағанын көрсең де, өзгелерден ол туралы жағымсыз хабар естісең де ол туралы жақсы пікірде болу. “Мүмкін емес, бәлкім ол былай жасағысы келген болар? Оның жаман пиғылы болмаған шығар?” деген секілді ойда болу. Ардақты болған Пайғамбарымыздың (алейхи уассалату уассалам) сахабалары тұсында осы тақырыпқа қатысты мынадай оқиға орын алыпты:
Қателеспесем, алғашқы халифа Әбу Бәкір (р.а.) заманы. Елде бұрын-соңды болмаған қуаңшылық. Бір үзім нан табу қиынға айналған кез. Осы сәтте саудагерлікпен айналысып жүрген, жағдайы өзгелерден көш ілгері хазіреті Осман (р.а.) (кейін үшінші халифа болады) Сириядан жүз түйенің жүгіндей мөлшерде астық алып келеді. Бұл бидайды сатып алу үшін сахабалар оның қасына жүгірісіп келеді. Қанша саудаласып, алушылар астық құнын ең қымбат бағаға алмақ болса да Осман (р.а.) көнбейді. Оларға “Cіздерден жақсы, сізден мол ақы беретін алушым бар” дейді. “Мына аштық жағдайында саудасын жүргізіп қалмақшы” деп сағы сынып, ұнжырғасы түскен сахабалар бұны Әбу Бәкірге (р.а.) жеткізіп, Османның (р.а.) бұл әрекетіне реніштерін білдіреді. Әбу Бәкір (р.а.) хазіреті Османды (р.а.) бәрінен жақсы танығандықтан, оларға:
-Ол Расулалланың күйеу баласы болу арқылы құрметке ие болды. Жәннатта да – Оның (алейхи уассалату уассалам) жолдасы. Сіздер оны қате түсінген боларсыздар. Жүріңіздер, бірге барып жағдайдың анық-қанығын өзінен сұрайық,- деді.
Халифа Әбу Бәкір (р.а.) хазіреті Османға (р.а.) барып:
— Ей, Осман, сахабалар сенің сөздеріңе ренжіпті. Олардың меселін неге қайтардың?- дегенде, Осман (р.а.):
— Ей, Расулалланың халифасы! Олардан жақсы алушым бірге жеті жүз береді. Мен де бидайды бірге жеті жүз берушіге саттым,- деді.
Осман Зун-нурәйн (р.а.) бұл сөздерімен керуендегі мал-мүлкін Аллаһ жолында садақа қылып бергендігін айтқан еді. Аз уақыттан соң жүз түйеге артылған астықты Мәдинадағы пақыр сахабаларға тегін таратып жіберді. Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) бұған қатты қуанып, Османның (р.а.) маңдайынан сүйді.
Бұл жердегі “бірге жеті жүз беруші” деп атағаны – Аллаһ Тағала болатын. Яғни, хадистерден білетініміздей, Ұлы Жаратаушы өз құлының істеген бір сауапты ісіне жеті жүз есеге дейін сауап жазады.
Өздеріңіз байқандарыңыздай, оқиға орын алған кезде Осман (р.а.) арамза саудагерге ұқсағанымен, Әбу Бәкір (р.а.) бұл жерде мәселені хуснизан, яғни өз бауыры туралы жақсы ойлау арқылы шешеді.
Ал “Суизан” дегеніміз, “Хуснизанның” антонимі. Дәлірек айтқанда, өзге бауырың туралы жаман ойда болу. Ол туралы хабар естігенде, оны сан-саққа жүгіртіп, қалайда кемшін тұсын табу. Егер сізде осындай қасиет болса, онда шаруаңыздың біткені! Тез арада емделіңіз. Дауасы – жаман ойлағыңыз кеп тұрған кісінің күнәларын кешіруін өтініп, оған жар болуды өтініп, Аллаға ол кісінің атынан дұға ету. Сол кезде ғана екі мұсылманның арасын айыруды, екі мұсылманды бір-біріне жау қылып көрсетуді армандайтын Шайтан (лағнетуллаһ) сізден түңіліп, берекесі қашады. Демек, Аллаға бір табан жақындайсыз.
Енді әңгіменің ауанын менің жағдайыма бұралық. Оның қатесі – ол өзі музыканы харам деп білетін болғандықтан, менің наушникпен келе жатқанымды көріп “Музыка тыңдап келе жатыр. Болмайды ғой олай. Харам ғой” деп ойлады да менен “Солай ма?” деп дереу сұрады. Осы күні біреу наушник тақса, міндетті түрде музыка тыңдап келе жатыр деудің жаңсақ пікір екенін білмеді. Менің қателігім – екеу. Біріншіден, “Жоқ…” деп ақталдым. Ал Исламда ақталу жоқ! Ешқашан “Пәлен де түген, солай да былай” деп ақталуға болмайды. Бұл туралы, бір күндері тоқталмасам, ұзаққа кетуіп қалуым мүмкін. Екіншіден, “Уағыз тыңдап келемін” деп жауап беру арқылы рия жасадым. Ал “рия” өз кезегінде кіші ширкке (Аллаға серік қосу) жатады. “Рия жасадым” деу себебім, уағыз тыңдап, Алланы еске алу да ғибадатқа жатады. Ал Алла разылығы үшін жасаған ісіңді өзгелерге айту, мақтан етіп, кеуде керу, өзгелер сенің жасаған ғибадатыңды “көрсін, білсін” деп ойлау – рияға апарады. Мұсылман үшін бұл да өте қауіпті.
Бұл жазбаны оқыған кейбіреулер “Сонда ойлануға да болмай ма?” дер. Ойлаған көп жағдайда ештеңе емес. Жаңылыспасам, Пайғамбарымыздан (алейхи уассалату уассалам) “Менің үмметім жаман ойлағаны үшін оны әрекетке айналдырмайынша жауап бермейді” деген хадисі бар. Сондықтан, тек жаман ойыңыз туралы айта көрмеңіз.
Ендеше, Тимур саған айтамын, нәпсім сен тыңда, абай бол!
timurrr.co.cc
Бір білгіштен сұрап едім сенің қаты кеткен жерің «Алаға келіп-кетер ештеңе жоқ» дегеніңде деді.Екеумізде жетіспедік.Бірақ әлгіндей жариялаудың қажеті жоқ шығар?