Азиада алауы!


Көптен күткен ҮІІ қысқы Азиаданың салтанатты ашылуы да келіп жетті. Кеше кешкісін миллиондаған жанкүйер халықтың бірі есебінде үш сағат бойы тапжылмай теледидар алдында отырдым. Ашылу Рәсімінің бағдарламасы, қатысқан баленбай мың әнші, биші т.б. өнер иелері көрермендеріне сүйсінтерлік қойылым көрсетті. Шындығында, кезіндегі Қытай елінің ашылуынан аспаса, кем түскен жоқ деуге болады. Сонау көк Тәңірден бері тарих қойнауының төрт бұрышын қамтыған бейнекөріністер, қосымша пайдаланған экрандар, жарқырауықтар, сомдалған образ-бейнелер көздің жауын алды. Қойылым барысында операның жезтаңдай әншісі Нұржамал Үсенбаева, эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева мен Батырхан Шүкеновтің әндеріне де тәнті болдық.
Әдеттегідей қатысушы спортшылардың шеруі де әсерлі өтті. Шерудің соңғы қатысушысы дәстүр бойынша, жарыстар өткізуші ел — Қазақстан болды.
Рәсім барысында Азия Олимпиадалық Кеңесінің (АОК) туы көтерілгені де тамаша берілді. Туды танымал спортшылар мен бапкерлер алып шықты.
АОК туын көтермес бұрын спортшылар мен төрешілер салтанатты түрде ант бергенін де айта кетейік. Аталмыш шара соңы Азиада Алауын жағумен аяқталды. Алауды отандық спорт шеберлерінің әр түрлі буын өкілдерінен ең танымал 7 спортшысы тұтатты.
Айтпақшы, бір қуантарлығы Ашылу рәсімі тек екі тілде өтті. Қазақ және шет тілінде. Анау-мынау жиынды аға тілсіз өткізе алмайтын, жалтақтап үйренген ағайындармыз ғой, кешегі Рәсімде мемлекеттік тіліміз тек шет тілге аударылып жатқаны көңіл қуантты. Есесіне, ол қуанышымызды миллиондаған халық алдында шолушы /комментатор/ болып отырғандар су сепкендей басты. Жүргізу барысында олардың бағдарламамен жетік таныс еместігіне көзіміз жетті. Не қазақ, не орыс тілінде тақырыпқа сай еркін көсіліп әкете алмады. Сөздері өте шашыраңқы шығып отырды. Блогшы Амангелді Құрмет өткенде бір жазбасында атап өткендей, сол шолушылардың мемлекеттік тілде қанша минут сөйлегендерін санап отырмағаныма өкіндім. Есесіне, Ресейлік телеарнада қосарлана беріп отырған шолушы жалғыз өзі дүйім жұртты баурап отырғанын көрдік.
Айтпақшы, сараптама байқаудан өткен Ескендір Хасанғалиевтің әнұраны қашан шырқалады деп тосқанымызды да жасырмайын…
Сонымен, «Тойдың болғаннан боладысы көп» демекші, ашылуды да өткеріп тастадық. Алдағы аптада Азиадаға қатысушы отандық спортшыларымызға табыс тілейміз. Алға, Қазақстан!
Бөлісу:

11 пікір

asaubota
енді осының арқасында үлкен жарыстарды алуға шанс болса болды ғой. ал былай спорттан хабары бар адамға белгілі нәрсе ғой Азиаданың не екені :) Азия, қыс, қысқы ойындар…
TERISKEI
Назарбаев Жак Роггемен болған кездесуде 2022 жылғы қысқы Олимпиада туралы сөз қозғапты, бұйыртса «біздің ауылда да мұнан да үлккккккккккен той» болар!!!
monti
туды кішкентай бала көтеріп шықты ғо. батыр деп, 5 жасар баланы құтқарып қалған деген. малдес… батыр! ол бала кім? неге аз инфо?

Шындығында, былтырғы Қытай елінің ашылуынан аспаса, кем түскен жоқ деуге болады. // қай ашлуд айтыңыз? 08.08.08 бе. қытай мықт еткен!!!
мүмкін түзеп қоярсыз Ванкуверден кем түскен жоқ деп! ;)
alisha
Алматы облысы, Райымбек ауданынан деді, шынымды айтсам, бірінші рет естідім.
saken
Гуанчжоуда өткен Азия ойындарының ашылуын айтқан болар?)))

жалпы қай Олимпиадалық шараның ашылуынан кем болса да ренжудің реті жоқ. Олимпиада ол Олимпиада, ол жақта үлкен ақшалар. Азиада деңгейіне есептегенде керемет болып өтті деп есептеймін.
alisha
Біздің үйдегілер субтитрлардың ағылшын тілінде берілгеніне бұлқан-талқан болды, қасына қазақшасын бере қойса, нелері кетті десіп. Жалпы шара расымен әсерлі болды. Сол салтанатты көзбе-көз тамашалағандарды қайдам, өзім көк шабаданның ар жағында отырып-ақ ғаламат әсер алдым. Режиссурасы керемет!
saken
… Біздің үйдегілер субтитрлардың ағылшын тілінде берілгеніне бұлқан-талқан болды, қасына қазақшасын бере қойса..
Бастысы дыбыс қазақ тілінде ғой? Бастан аяқ қазақ тілінде!!!
alisha
Соған желпініп мәз болып отырғанда, титрлардың өзге тілде жазылғандығы қытықтарына тиіп кеткен де ендеше…
asaubota
көре алмай қалғандар болса:

1 бөлім — kiwi.kz/watch/twgjunddyji5/
2 бөлім — kiwi.kz/watch/6qqdoiyt0uyc/
3 бөлім — kiwi.kz/watch/tus705jq5o0i/
4 бөлім — kiwi.kz/watch/0m3k5tdcdh45/
5 бөлім — kiwi.kz/watch/pgkc95tmlyoe/
Nurgisa
Ох, рахмет админ! Кеше жолда едім, бүгін қарайтын екен. Егер, әрине, тележәшік алда-жалда көрсетіп қалмаса :)
sozak
Маған ұнамаған тұстары көп болды. Ұнамағаны адамның миына симайтын аңыз әңгімелердің кеңінен көрсетілуі. Жұмытрқаны жарып тәңірі шықты деген(Сұмдық ай).