Батыс жастарды неге үйретеді?

Еліміздің егемендік алғанына жиырма жылға жуық уақыт болды десек те, батыстан үйренуімізді қоймай келетініміз тағы бар. Бүгінгі күні жастарды қойғанда, қарттарымыздың да еліктейтінін қайтесің?! Бір қарттарымыз үйінде отырып тырнағын жасатуға маман шақыртып жатса, енді біреулері уақытының көп бөлігін көшеде семішке сатумен күнелтуде. Ата-аналардың баласын қалайда өсірем, жеткізем деген ойын іске асыру мақсатында, отбасындағы бала тәрбиесіне айтарлықтай көңіл бөлуге уақыты да жоқ. Сонда жастар тәрбиені көгілдір экранның бетпердесіне айналған батыстан алмағанда қайдан алсын… Бұрынғының заманы емес деп, бағалы салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды тұншықтырып, көштен қалмаудың амалын іске асырудамыз. Алайда, сол заманауи батыстың тәлім-тәрбиесі бізге жеткілікті пайда әкеліп жатыр деп те айта алмайсың. Адамдардың арасында мейірім-шапағат қалмаған. Бір-біріне қайырым жоқ заманда әркім өзінше өрге ұмтылса, оның зардабы кімге тиетіндігі ешкімнің де ойына кіріп жатқан жоқ. Қара нан мен қара суды қанағат тұтып отырған ауылдағыларды ұрлаған малы үшін 10 жылға соттап жатса, халықтың кедейленуіне бірден-бір себеп боп жүрген шенеуніктер халық қазынасын тонағанда шара қолданып жатқан бірде бір үкіметтік органды көрмейсің. Санамызда батыстан қалмауымыз керек деген пікір мықтап бекіп алған. Батыс мәдениетінің ұлттық менталитетімізге жат тұстарын сіңіріп, керісінше, үлгі алатын тұсына келгенде ақсап жататынымыз тағы шындық. Бала тәрбиесі бесіктен дегенмен, сол бесікке баласын жатқызуға намыстанатын өз қазақ ағайындарымыз болып тұрған жоқ па… Өскелең ұрпаққа үлгі болатын бұрынғының қарттары қайдасыңдар деп аһ ұрасың. Жастар – еліктегіш, толық бекімеген жаңа буын. «Аш қасқырдың ауызы жесе де қан, жемесе де қан,»- демекші, бұл құбылысты жастардың тарапынан жиірек көріп жататындығы шартты нәрсе. Қазіргі жастар бізді тыңдаудан қалды дейтіндер де бар, сонда жастар бұл ұлтымызға жат қылықты қайдан алады деп ойлайсың-ау… Шын мәнінде, барлығы да отбасынан басталатынын бәріміз де жақсы білеміз. Батыс, батыс дей бермей, ең бастысы: «Ел боламыз десек, бесігімізді түзейік!».
Бөлісу:

5 пікір

Nurgisa
Әдемі әдеби тілмен өрілген шығарма. mikazhan, сол көп жастың бірі ретінде сені де бұл мәселе қатты алаңдататын ұқсайды ғой, жалпы соны ұққандай болдым…
Abilakim
Баяғыда «Шығысым Батыс болып кетті деген» абай, қазір «Батысым шатыс болып кетті» дер ме еді, кім білсін?!
asaubota
1992-ші жылдарда басталды ау деймін осы тақырып, классика!
qisyq
«шкімнің де қыртына кіріп жатқан жоқ.» — қыртына деген не? Қырт дегенді білемін, бірақ оның мағынасы онша келмейтін сияқты.
Erbol
Орынды мәселені көтеріпсің.Негізі батыста біздің менталитетке сай емес дүниелер көбі рас. Бірақ патшамыздан бастап батысқа бет бұрған (Еуропаға жол" бағдарламасын меңзеп отырмын) заманда, тем более жаҺандану заманында батыстан басымызды ала қашсақ та оның бергенінен құтыла алмаймыз.Құтылудың бір жолы бар. Ол өзің жазған «Ел боламыз десек, бесігімізді түзейік!».