“ЖУСАН ИІСІ”. САЙЫН МҰРАТБЕКОВ
Өз блогымдағы ескі жазуларды қарап отырып, мына жазуға ұшырастым… Сайын ағамыздың осы бір әңгімесін қайта қайта оқи бергім келеді… Кітап дүкендерінде бұл кісінің кітаптарын көрмедім, әлде байқамадым ба екен… келесі жолы дүкенге барғанда сұрап көру керек екен…
Ал мынау әңгімеден қысқаша үзінді, төмен жақта да түсіріп алу сілтемесі тұр..:)
********
“Қызық еді Аянның мінезі. Бірде, түн ортасында, дәл ұйқыға жатардың алдында далаға шыққам. Көшеде сырғанақта біреу зулатып шана теуіп барады екен. Жым-жырт айлы түнде әлгі бір ғана шананың өзі гүрілдеп, жер көшіп келе жатқандай дүбір шығарады. Шыдай алмай, жүгіріп сырғанаққа бардым – міне қызық, шана теуіп жүрген – Аян екен. Ай жарығында анық көрінді: жүзі жайнаң қағып, екі иінінен алқына дем алады. Тонының екі етегі далпылдап шананы көшенің басына қарай сүйрете жүгірді. Мені көріп бұрылды да:
– Жүр, ойнайсың ба! – деп дауыстай сөйледі.
– Қойшы, түн жарымында есі дұрыс адам ойнай ма?
– Ойнағанда қандай. Түу, сен өзі мынадай айлы, жарық түнде шанамен сырғанаудың қандай керемет екенін білмейді екенсің ғой. Айлы түнде шанаға сиқырлы қанат бітеді… – деді де Аян жүгіре жөнелді. Сәлден кейін көшенің басына шығып ап тағы да жер көшкендей ғып бүкіл ауылды жаңғырықтыра гүрілдетіп шанамен төмен қарай жұлдыздай ақты. Дәл мен тұрған тұста кішкентай төмпешік бар болатын, зулап келген шана әлгі төмпешікке жеткенде есік пен төрдей жерге бір-ақ ырғыды да, табанынан от жарқ етіп өте шықты.
Аян қолын көтеріп:
– Ур-ра! – деп айқайлады.
Маған шынында да ол теуіп жүрген шанаға сиқырлы қанат біткендей көрінді. Жүгіріп үйге келдім де қараңғы ауыз бөлмеден бос тұрған шелек, легенді даңғыр-дұңғыр еткізіп шанамды іздей бастадым.
– Үйбай, ұры ит кіріп кетті ме! – деп үйден апам шыққан. Менің шанама жармасқанымды көріп. – Сенбісің?! Нені қиратып жүрсің?! – деді таңырқап.
– Апа, шана тебем.
Апам шошып кетті.
– Тәйт әрі, осы жеті түнде шанасы не-ей, мынаның. Бірдеңе көрінер мынаған, елден ерекше, – деп ұрсып берді.
– Иә-ә… әне, Аян сырғанап жүр ғой.
– Аян… О, желкең қиылсын сенің. Аян дейді ғой. Аян дейді… Таста әрі!.. – Апам шананы әрі түкпір бұрышқа қарай итеріп тастап, мені желкемнен бір түйді. – Жат төсегіңе! Ертең де күн бар.
Мен сүмірейіп кеп, төр алдына атаммен қатарласа салынған төсегіме жаттым. Көпке дейін ұйықтай алмадым. Көшенің басынан аяғына дейін зырқыраған шананың дүбірі дәл біздің үйдің іргесінде жүргендей, жерді солқылдатып естіліп тұрды. Сол күні қанатты шанамен ылди, өрге бірдей зулата сырғанап жүрген Аян түсіме де кірді.”
Бұл Сайын Мұратбековтың “Жусан иісі” атты әңгімесінен бір үзінді… Сонау соғыс жылдарындағы кішкентай бір ауылдағы балалардың бастан кешкен оқиғасы, көрген ауыртпашылықтары, жаңа ғана оқып бітірген осы бір әңгімеде өте жақсы жеткізілген екен. Бұл әңгіме алтыншы сынып оқушыларының әдебиет пәніне енгізілетін болыпты..Өз басым осындай әңгіменің қазіргі жас буынның оқып біле жүреріне дән риза болып отырмын…
Әңгіменің толық нұсқасын осы жерде өздеріңізбен бөліскім келіп отыр..Қабыл алыңыздар, он сегіз беттік әңгіме бір демде оқылады…
МЫНА жерден түсіре аласыз…
Жақсы шығарма. Айкона атап өткен «Жабайы алмасыда» керемет.
Ғабит Мүсіреповтың "Қазақ солдаты" да жақсы кітап еді… кезінде бас көтермей оқыған едік…
М.Мағауиннің «Шақан сері», «Сарықазағы» киноға сұранып тұрған дүниелер ғой…