Торап әдебиеті еріккенің ермегі емес

Торап әдебиеті – көкейтесті ойлар айтылатын тілі орамды, дәл, көркем, бейнелі, жанды, көп өнер тоғысқан жазба әдебиеттің қоқсығынан ада таза әдебиет. Әдебиет – тумысынан жаңашыл жанр, жалпылық жанр екені торап әдебиетінде тіпті де сәулеленеді. Торап әдебиеті – информациялық қамытымы ең мол әдебиет. Торап әдебиеті – қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен ауыз әдебиетіне жан бітіреді! Торап әдебиеті — өміршең әдебиет. Бәлкім, қажет кезінде өшірем деп өшіре алмауың да мүмкін. Егер торап әдебиетімен айналысқыңыз келсе жазба әдебиеттің былықпа – былжырағын көтеріп келмеңіз. Торап әдебиеті – шындықты, нақтылықты сүйеді. Торап әдебиетіндегі шығармалар жақсы болсын, жаман болсын өзіңе және ұлтқа уәкілдік етеді. Сол үшін өзіңізге ерекше қатаң талап қойыңыз.
Торап әдебиеті сіздің азаматтығыңызды сынайды, қиқағыңызға көнбейді. Ағайын, торап әдебиетін бастаған екенбіз, жақсы шығарма беруге күш салайық. Шайналып ақ жем болған ой-пікірлер, қасаң көзқарастар, ұйқас қуалаған атаққұмар, обыр пиғылдан туындаған өлеңдер ешбір аброй әкелмейді. Жаңа пікір, тың ой, белсенді позиция бәрінен маңызды. Торап әдебиеті жалпылық ұғым, кең мағынадан жалпы торап жазбаларын қамтиды, тар мағынадан – тораптағы әдеби туындыларды қамтиды. Шетелде немесе қытайларда торап әдебиеті жөнінде қандай өлшем-талап барлығын білмеймын. Бізде енді басталды. Торап бекетін немесе аялдамасын қалай құру, торап әдебиетімен қалай шұғылдану өзімізге қатысты.
Торап әдебиеті еркіндікке, теңдікке, әділеттілікке бастайтын, ақыл-ой бұлағын аршитын жанр. Сол үшін әр автор өз жазғанына жауапкер болсын дегеннен басқа нені айтамыз. Торап әдебиеті деген атау кең мағынада жалпы жазба дүниені қамтиды, тар мағынада қазіргі қара сөз, қара өлең, айтысты қамтиды.
Торап әдебиеті қазақ қаламгерлерінің тың өрісі. Торап әдебиеті – үлкен кеңістік, нағыз майдан! Бұл әдебиетте өзіндік орын алуы керек. Бұл әдебиет көріністе сондай еркін, ешкім ие болмайтын сияқты болғанімен сондай қатігез екенін ұмытып қалмайық. Мұны алдымен торап ашқан(сайт құрған) азаматтар дұрыс шешуі керек екен, әйтпесе оның ашқан торап аялдамасы қоқсық сандығы сияқты боп қалуы ғажап емес.

Мәдениет Мұқатайұлы, әдебиет сыншысы, ақын
Бөлісу:

6 пікір

monti
торап деген не сөз?
alisha
мақалада осыны барынша тәптіштегендей болыпты, бірақ…
ken
бірақ мыжып жіберген ба?
asaubota
торап — сеть. яғни интернет.
alisha
солай делік, бірақ онда әлгі сан алуан анықтамасының бір сыпырасы «репрессияға» кетіп қалмай ма?