«Атаманның ақыры» фильміне 40 жыл!

Шытырман оқиғалы фильм Қазақстанда 1920 жылы орын алған шынайы тарихи оқиғалардың негізінде түсірілді. Жаркенттік ТК ақ гвардияшы атаман Дутовтың бандасын жою туралы операция дайындайды. Оны орындау чекист Шадияровқа жүктелді. Ол атаманның штабына еніп, әбден оның сеніміне кіріп алып, өз өмірін қатерге тіге жүре берілген тапсырманы орындап шығады.

— «Атаманның ақыры» фильмінің сценарлық жобасы бекітілген кезде мен Сұлтан Ходжиковтың «Қыз Жібек» фильміне түсіп жүрген болатынмын. Дегенмен де, «Атаманның ақыры» фильмін түсіру жұмысы біркелкі әрі тиянақты болғандықтан, оның түсірілімі «Қыз Жібектен» бұрын түсіріліп бітті. Образды сомдауым, менің ойымша, Шәкен Кенжетайұлының көңілінен шықты. Бірақ, өкінішке орай, ол көрерменнің пікірін білмей-ақ кетті. Амал қанша, көп ұзамай бақилық болды ғой.»
— деп, фильмде басты рөлді сомдаған актер Асанәлі Әшімов фильм жайында, режиссер жайында еске алды.

Бұл көркем туындыны жасауда сол кездегі отандық кинематографтардың үздіктері, майталмандары жұмыла кірісті. Фильмнің режиссері Шәкен Айманов сынды мықтының бірі болса, Андрей Михалков-Кончаловский мен Эдуард Тропин сценарийдің авторлары болды. Сонымен қатар, Асанәлі Әшімов, Виктор Авдюшко, Генадий Юдин, Юрий Саранцев, Владимир Гусев, Владислав Стрельчик, Борис Иванов, Нұрмұхан Жантөрин, Алтынай Елеуова, Нұржұман Ықтымбаев, Зайнуллат Сетеков, Алина Немченко, Олег Ли сынды талантты актерлер өнерлерін ортаға салды.

Қазақ халқының біртуар азаматы, талантты актер Асанәлі Әшімов: «Бұл фильм Шәкен Аймановтың соңғы фильмі. Былайша айтқанда, жан айқайы, десе де болады. Мен үшін бұл тарихи кезең, өйткені, фильм Шәкен Аймановтың өзі бастаған үздік шығармашылық топтан құралды, әрі актерлік құрамның өзі бір төбе жоғары тұрды. Сол уақытта әріптестеріммен басталған достығымыз күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Олардың әр қайсысы да абыройы мен беделі биік тұлғаларға айналды. Бұндай оқиғалар мыңжылдықта бір болады. Себебі, киностудияның өзі 70-жылдары қайта өрлеу кезеңін кешкен болатын. Ренесанс кезеңі болды десем, артық айтпаспын», — деген ойымен бөлісті.

Фильмнің тұсаукесер рәсімі 1970 жылы болды. Ал 1972 жылы фильм Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Сонымен қатар, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын фильмнің сценарий авторлары Андрей Михалков-Кончаловский пен Эдуард Тропин, актер Асанәлі Әшімов ие болды.

«Атаманның ақыры» фильмі — тыңшы Шадияров туралы фильмдер жинағының алғашқысы. Кейіннен 1977 жылы «Трансібір экспресі», ал 1989 жылы «Манчжурлық нұсқа» фильмдері көрермен назарына ұсынылды.

2010 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «ИЗАРУС-фильм» кинокомпаниясымен бірлесе отырып, «Сіз кімсіз, Ка мырза?» атты фильмнің тұсауын кесті. Аталған фильм атышулы «Трансібір экспресі» мен «Атаманның ақыры» фильмдеріне қайта оралтады. «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмі аты аңызға айналған тыңшы Шадияров жайындағы фильмдердің тақырыптық жалғасы. Оқиғалар желісінің уақыт алшақтығына қарамастан, үш бірдей фильмде актер Асанәлі Әшімовтың сомадауындағы басты кейіпкерлерге тән ортақ қасиеттерді бір арнаға тоғыстырады. Заман өзгергенімен нағыз тұлғаның образын қалыптастыратын ар мен намыс, рух пен абырой сынды қасиеттерінің өзгермейтіндігін дәледейдін сыңайлы.

www.kazakhfilmstudios.kz
Бөлісу:

1 пікір

Abilakim
«Атаманның ақыры» фильмі- сөз жоқ шоқтығы биік туынды. Бұл фильмді бала кезімде бір көріп (1-2 класс кезі)түсінбеген едім.Кейін көріп, өте жақсы фильм екеніне көз жеткіздім. Асанәлі ағаға келетін болсақ, мықты актер.Голивудтық актерлерден кем емес.