Көк індет

  • Автор
Ақ өлім, сары ауру, тіпті қызылша. Бізде адам басына келетін дерт-нәубеттерді белгілі бір түске шырмап қою сирек кездесетін жайт емес. Бірақ бүгінгі біздің тақырыбымыз, көк індет — негізінен, адамның өз еркімен таңдап алатын құбылысы. Сондықтан індет делінуі шартты да шығар.
О, жоқ, жоқ, үркімеңіздер. Көк індеттің көгілдірлерге тікелей түк қатысы жоқ. «Көк індет» деп ғылымда татуировкаларға құмарлықты айтады. «Коловрат» тобының әнінде шырқалып, таралып кеткен бұл тіркестің мәнін, яки денесінің әлем-жапырақ суреттеріне психологиялық тәуелділікті қазақша бұған дейін тәржімалау кемшін-тін, сондықтан көк індет деп шартты түрде атап алайық. "Синяя болезньді" көк ауру емес, көк індет деп аударуыма түрткі — дыбыс үндестігі ғана, айыпқа бұйырмассыздар.
Көк індетті пациент деп ең әуелі, шағын, бәлкім, елеусіздеу татуировкадан бастап салдырып, кейін денесін безендіруді жалғастыруға араны ашылып тұратындарды атауға болады. Асқынған жағдайда бұндай адамның денесі бірнеше жылдың ішінде түрлі шеберлер қолымен түрлі тақырыптарға салынған, біртұтас композицияны құрамайтын әртекті суреттерге толы болып шыға келеді.
Блог - Medium: Көк індет
Татуировка — теріні арнайы тесіп зақымдай отырып, астындағы ұлпаға бояулы пигменттерді енгізу арқылы денеге тұрақты сурет салу процесі, қыналы сурет, боди-артпен салыстырғанда қайтырымы қиын не мүмкін емес перманентті дене модификациясы. Татуаж – жалпақ тілмен айтсақ, тұрақты макияж, әйелдер арасында кең танымал татуировканың косметологиялық бағыты. Таити тілінен енген "тату" сөзі «сурет» деген мағына береді, татуировкалардың өзі маорилардың көне дәстүрінен бастау алады. Ұқсас салттар басқа елдерде де болғандықтан, тіпті дін атты маңызды фактор көп жағдайда қолдамағанның өзінде кең таралуы аса қиын бола қойған жоқ. Оның үстіне, адам психологиясы мен тәніне тән (тавтология — амалсыз) жылтырақ дүниенің көпшілігі қай заманда да қолдау тауып отырғаны рас қой. Сөйтіп, ол өткен ғасырдың ортасындан сән әлемінің ерекше бір бөлшегіне айналды. Ал көк індет, яғни тату-тәуелділік деген…
Блог - Medium: Көк індетСауалды тереңірек қаужау үшін "Өз ісінің мамандарымен кеңеспесем болмас" деген менің қаладағы танымал (өз шеңберінде, әрине) тату-салондардың бірі — «Адреналинге» жолым түсті. Мұнда жұмыс жасайтын мамандар орыс жігіттер екен. Менімен мылжыңдасу үшін аздап үзіліс жасап алды.
Василий — татуировка салушы шебер, Олег Доктор — салынған дүниені жоқ қылып, терінің сәби (жарайды, сәби емес енді, бірақ суретсіз) сипатын қайта қалпына келтіруші маман. Александр — суретші-эскизші. Андрей деген де мықты «тәтөйірөпшік» бар мұнда, бірақ қазір еңбек демалысында жүр.
Жігіттердің көбі «Адреналинде» 5-6 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ең әуелі жай ғана бейнелеу өнеріне қызығып, кейін осы салаға келген десе де болады. Олардың айтуынша, шеберге тату салу өнерінде жолы болып, жақсы ұстаз кезіксе де, біреуден арнайы үйренсе де, түбінде шеберлік шыңына өзі итшілеп жетуі керек. Қателіктер, тәжірибе арқылы…
«Адреналинге» клиент келерден бұрын әуелі консультация алуы тиіс. Себебі, терінің әлпетін өзгерту — өмір бойына, кейін жылаңқыланып жүргені бұларға да керек емес. "Әрине, адам бұған дайындалып келуі қажет. Консультация береміз, ауру-сырқауы жоқ екеніне кепілдік аламыз, тату салып болған соң антибиотик, алкоголь деген нәрседен қашық жүруін ескертеміз" дейді шеберлер. Блог - Medium: Көк індет"Бастысы, келешек кескінінің эскиздерін ұсынып, кеңесіп аламыз. Өзінің дилетант ойлары болса, бас тартуға үгіттеп, клиент көңілінің қошын табатын сурет жобасына келісеміз. Шағын татудан бастап тұтас жон арқаны жабатын үлкен сызбаларға дейін жасаймыз. Оның эскизінің бәрін бізде арнайы шебер салады".
Расымен де, бұ кез Сашаның ешкіммен шаруасы жоқ, кезекті бір тапсырысты кескіндеп отырған сәті-тұғын. Эскиздері — сапалы, клиенттер тапсырысына сай ұсынған кезде, олар көбіне бірден құп көреді екен. "Негізі, жалпы, теріс іс дейік, оң дейік, бірақтіпті осының өзінде-ақ, эскиз таңдауда адамның өзі таңдау жасағаны дұрыс-ау… Әйтпесе, әлеуметтік ортаның талабы, қоршаған социумның қысымы, адамдардың талабымен салынатын татулар да онша алыс емес жерлерде жасалып жатқан жоқ па екен?..." деп ойланып қалдым мен.
Негізі, Астанада, Алматыда өзге облыс орталықтарында тату жасату біз ойлағандай таңсық дүние емес. Келетін клиенттің жасы кәмелеттен асқан, яғни 18-ге толуы шарт. Бірақ ата-анасы бүлдіршін баласын әкеп, тату салғызатын да оқиғалар кездесіп жатады. Отбасымен тату жасататындар бар. Салондарда ниеттілердің аз еместігіне, әрі тату жасату ұзақтығы алуан болуына орай, график бойынша журналға тіркелу қарастырылған, клиенттер тіпті өз кезегін біраз күтіп те қалуы мүмкін. Оған қай кезде бос уақыт бар екені хабарланады. Клиент дегенде де жастары алуан жандар кеп жатады. Жақында Василийге 78 жасар шал келіп кетіпті. Креатив ата! Көк індет жас та, әлеуметтік статус та, тіпті дін мен саяси көзқарас та таңдамайды.
Блог - Medium: Көк індетСұрақ — сұрағымен, өзіміз жасап алған үзіліс бітіп, Василий де кезекті Владимир есімді клиентіне қызмет қылуды жалғастырды. Бірақ әңгімесін тыйған жоқ:
— Сен психологиялық тәуелділік дейсің, тату жасаушы шебер өзі психолог болуы тиіс. Бір ұнатқан клиент өз шеберіне қайта-қайта барады да тұрады. Өз шеберін тапты дейді мұны.
Яғни, клиент шеберге сенімді болуы керек, толығымен сенуі шарт. Мен, мәселен, жұмыс кезінде өзімнің бір бөлшегімді беріп кеткендей боламын. Өз шеберін тапқан клиент, әдетте, тіпті онымен дос болып та кетіп жатады.

Үнсіз тыңдап отырған Владимир осы жерде:
— Рас-ей...-деп құптап қойды.
— Мына татуыңа қанша ақша кетеді?-деймін мен.
— Білмеймін, әлі сұраған жоқпын. Маңызды емес ол...
Василий:
— 40 мың болады ғой. :) Ал жалпы, біздің салонда орташа баға 20 мыңдай болады. Жылдап салынатын татуировкалар бар ғой — олар да сәйкесінше бағаланады. Сондай-ақ, интим жерлерінде жасатқан адамдар болды, әрине. Оны біз қыздарға ғана жасаймыз. :)
— Клиенттер арасында рецидив қанша пайыз деп ойлайсың?
— Көп. 90 пайыз бар-ау

Техас университетінің профессоры Мирна Л. Армстронг бұл сан 40 % екенін айтады. Қалай болғанда, екінші қайтара келуге құмартып тұратындар өте көп.
Блог - Medium: Көк індет — Жалпы, сендердің блогосфераларың секілді бізде де бас қосатын фестиваліміз өтіп тұрады. Қозғалыс енді дамып келе жатыр, негізінен, Астана, Алматы, Қарағандының кәсіби шеберлерінің мұрындық болуымен ұйымдастырамыз. Арнайы бір ұйым, федерация деген жоқ. Соңғы фестиваль 2014 жылы өтті. Әмбебап шеберлер кем де кем, көбіне әркім өз бағытына қарай маманданып жатады.
— Володя, ауырып жатыр ма?
-деп дігерлеймін мен.
— Әрине, ауырады. Бірақ үйреніп кетесің. Сенімен сөйлесіп, көңіл аулап отыруым да сол.
— Алда тағы да тату салдырасың ба?
— Келесісін бе? Ойша жоспарлап қойғам баяғыда-ақ.
— Яғни, сенде көк ауру, психологиялық тәуелділік екенін білесің бе?
— Солай шығар, оны жоққа шығармаймын да. Маған керек ол. Білмеймін, қалай айтайын, өзімнің бақытым. Неге? Бұл қоғамның көзіне түседі, коғам назар аударады бұған.
Әркімнің салу мақсаты әртүрлі. Біреулер естелікке салады, басқалардан ерекшеленгісі келеді. Менікі, мысалы, білектегі тыртықты жабу үшін. Мен оның үстіне өзім тату салып қойып, былықтырғаным бар. Соны әспеттеп, үстінен жаңаша бастырып отырғаным. Бұған дейін андай-мындай татулар болған, кәсіби сапалы тұңғыш татуым осы.
Неге қасқыр салдырып жатырмын? Мені көргенде, адамдарда мынадай: «Е, мұның бір жұлып жейтін қасқыр ғой!», «Арлан жігіт бұл» дегендей сезім болуы керек.

Владимирдің білектегі тыртығы тегін емес көрінді. Ауыр естеліктің салдарын көркем дүниемен жапқысы келгендей ме…
Блог - Medium: Көк індетОйымды Вася шебердің "Болдық!" деген сөзі бөлді. Володя мәз!
Қасқыр шынымен сұсты, рухты шығыпты. Білегінің дөңгеленген қос қары арланның жақ сүйегі секілді көрініп, үйлесім таба қалыпты.
— Вася, ал мына қалған құрал-сайманды не істейсіңдер?
— Лақтырамыз. Әр клиентке жаңасын ашамыз.
— Бояу толып тұр ғой әлі, жалғастырып пайдаланса ше?
— Оған ине батырдым ғой. Оны қай бетіммен келесі адамға пайдаланам?

Дилетант сұрағыма ұялып қалдым. Жалпы, тату салушы шебердің ең басты серіктері — ине, машинка, бояу. Және, әрине, эскиз. Вася айтпақшы, "Желательно, осылармен бірге клиент те болғаны жөн". Қазақстандағы тату-салондар құрал-сайман, шикізат өнімдерін тапсырыс арқылы Ресей, Еуропа, АҚШ-тың арнайы зауыттарын алдырады.
Блог - Medium: Көк індет
Қараймын, Олег пен Василий де өздеріне татуировка жасатқан. "Маман униформада жүруі керек, ал біздің формамыз әркез өзімізбен бірге" деп жымияды. Бірақ мен білетін шеберлердің ішінде өзіне ине жолатпағандар да бар. Мысалы, бір таныс шымкенттік татушы шебер қанша жылдан бері өз денесіне әйелінен басқа ештеңе тигізбей келе жатыр. :)
Ал жалпы, татуировканы түбегейлі кетіруге бола ма? Осы сұрақ мазалап кетті.
— Болады, әрине… Тек ол қиынырақ, сосын оған тату жасаған кездегіден әлдеқайда көбірек уақыт кетеді. Қай жерде де сол емес пе? Түзету әркез күрделірек. Әрі тері дәл сол баяғыдай қалпына келе қоймайды. Жалпы, мен айтайын, бізді, адреналиндік шеберлерді неге жағалайды? Себебі, бізді бағалайды. Басты құндылық — кәсібилік,-дейді Олег.
… Осы уақытта Олегке бір қазақ қыз келді. Олег екеуі салған суретті сылатын арнайы басқа бөлмеге кетті. Ол арумен сауалдасуға батылым жетпеді. Себебі…
Себебін кейін Олег айтып келді. Мен ойлағандай екен. Баянсыз махаббатың салдарын жоюға келген екен. Ойын картасындағы түйе даманың суретін құртуумен айналысыпты.
Жалпы, татуын жоюға тырысатын адамдар аз емес. Оның да бірнеше себебі бар.
Біріншіден, әуелгі тату сәтсіз салынған жағдайларда. Салушы шебер болмай, сурет ұсқынсыз болса. Оны бірақ қайтадан өңдеп, татудың модификациясын да жасауға болады.
Екіншіден, жастық шақтың қателіктері. Құр ырбыңмен жүріп сор болған «гараж арты» туындылыры, ақаңа тойып алып жүріп, жасатып қойған кездер.
Үшіншіден, өмірдің сезімдік өрнектері айғыздалған тұстар. Махаббат сөніп, достық суып, естелік еңсені түсіргеннен өзге еш реакция сыйламаса…
Төртіншіден, дененің түрленуі. Семіру, ауыру, кәрілік… Дәрігер түсініксіз жазумен, түсінікті тілмен кескінді жоқ қылуды талап етсе. Немесе, әлдеқайда ирониялы — мойындағы Рэмбоның беті әжімделіп, белдегі Сталин ыржия күле бастап, төстегі көбелек қарындағы гүлге қона бастаған сәттер… :)
… Көпшіл жігіттермен жылы қоштастық. Қайтадан қарбалас жұмыстарына кірісіп жатты. Соңғы айтқан сөздері:
Инеден қорықпауға өсиет бар, теріде кеңейетін қасиет бар (Иглы вообще не стоит бояться, кожа имеет свойство расширяться). Сауларға жақсылап ойланыңдар дейміз, ал тәуелділерге ештеңе айтпаймыз. Айтқаннан пайда жоқ,-болды.
Тәуелділер мен тәуелсіздер. Өліарадағылар… Володяның жайы түсінікті. Бірақ әркімнің себебі әртүрлі ғой. Біразы ашылып айта қоймайды да, себебі суретінің өзіне ғана мәлім сыры бар. Дегенмен, тату жасатып көрген, бірақ басқа статустағы, басқа қаладағы адамдар татуировкаға әуестік жайлы не дейді екен?
Блог - Medium: Көк індетСлава, Алматы, ұлты кәріс:
— Алғаш Алматыда 19 жасымда бір шеберге тату жасаттым. Бірінші кезекте, бұл, әрине, сәнге еру болу болды, оған бір айдай дайындалдым. Оным бір өмірімді жақсыға өзгертуге бағытталған тілек-тотем сияқты болды…
Ал екіншісі 28 жасымда ғана жасалды. Кейін екі жыл сайын тағы біреуден жасатып, қазір барлығы 5 сурет шықты. Екінші сурет — жақын адамым жайлы естелік, үшіншісі — алдыңғыларға эстетикалық әлпет беру үшін, симметрия, сұлулық деген сияқты… Қалғаны — тап-таза көк індет…
Сәтсіз татуым жоқ деп ойлаймын, екіншісінен бастап тұрақты шеберім бар. Тату салу барысындаға сезім әртүрлі болады, көңіл-күйге, тату күрделілігіне байланысты. Мұның барлығы — бір үлкен нәрсенің бөлшектері, әлі аяқтағам жоқ. ойлаған нәрсенің бәрін жасатқам кезде — қоямын. Құдайға шүкір, теріс тұстарын көргем жоқ. Тіфәй-тіфәй.

Рүстем, Павлодар, фотограф/видеограф:
— Тұңғышым 23 жасымда жергілікті шебердің қолынан шықты. Д.Левин деген маманның жұмысы жайлы клип түсірген едім, жарты жылдан кейін өзіме де бір сурет бұйырарын білмеппін ғой…
Сол қолымда микрофон, одан төмен кубик-рубик, сосын фотоаппарат бейнеленген. Блог - Medium: Көк індетМикрофон мен фотоаппарат — менің өмірлік серіктерім, менің жеп жүрген наным, ал кубик менің идеалға ұмтылған жан-жақтылығымды сипаттайды.
Мен бұларды жастығымның естелігі ретінде, өз өмір сүру салтымды, өзімді айшықтау үшін салдым. Менің тарихымның бөлшегі…
Салған кезде ауырады, сосын аздап жағымды да сияқты, бірақ кейін тағы қатты терлегенше ауырады.
Алда тағы татулар салдыратыным сөзсіз. Бір супер тату жасатып көрсеңіз, сіз де түсінер едіңіз… Жалпы, теріс тұстарын көрдім, бірақ тек — қоғам тарапынан. Халқымыздың менталитеті сол — оларға бұл теріс ағым сияқты, нашақор бәле деп ойлап қалады. Ал, іс жүзінде, одан аулақ екеніміз түсінікті емес пе?

«Татудың сыры иесіне мәлім». Мен жігіттердің айтқан себептерін салмақты аргумент деп таптым. Сонсоң «Көк індет» деп ақыртып жазбаның атын қойғаныммен, мені таңғалдырғаны — олар бұл шартты түрдегі аурудан бас тартпай, тіпті сондай екенін құптап отырғандары. "Індет, тәуелділік" деген жалпы жағымсыздау сөздерден қашқақтамайды. «Ауруын жасырған өледінің» кері емес, олар мұнысын тіпті ерсі көрмейді, қалыпты жүріп, тіпті мақтан тұтады. Ешқандай да қорқынышты індет емес сияқты бұл… Бұл — өмір сүрі салты. Кімге музыка, кімге темекі, кімге блог жүргізу, кімге татуировка салдыру… Ал терісінің сипаты әркімге әртүрлі әсер еткенмен, түптің түбінде, дене — өздеріне ғана тиесілі, басыбайлы жеке меншігі.Блог - Medium: Көк індет
Жалпы, әлемде тату жалғыз жүрмейді. Белгілі бір қоғамдық-рухани төңкеріске құмарлық (асауботалық?), ерекше болудың сакральді сыры жастар арасында субмәдениеттер мен мэйнстримдерді таратты. Бірақ жалпы массалық сипат алған нәрсе өз әсемдігінен де айрылып қалатыны сөзсіз. Қалай болғанда да, фриктер, рейверлер, панк, т.б. татуды айрықша асқақ қолданып келеді. Тетелес татудың сыралғы сырластары — пирсинг, сырғалар, шалбарға арналған шынжырлар, қарғыбаулар, браслеттер, тату-жеңдер, мойынға тағатын шынжырлар, тұмарлар, темір тырнақтар, сақиналар, брелоктар қозғалыстардың айшықты белгілеріне айналып кетті.
Блог - Medium: Көк індетИә, дегенмен, асқан бір энтузиазм алғашқы негатив салдарға дейін екенін де жақсы түсініп тұрмын. Жалпы, бір анығы — әлемде татуға арналған бояу өндірісін жіті бақылап отырған органы бар мемлекет жоқ. Ғалымдар татуировка бояуының құрамындағы түрлі заттар, мысалы, мышьяк рак аурына әкеп соғуы мүмкін екенін айтады. Жалпы бояуда денеге үнемі жағымды әсер ете бермейтін химиялық элементтердің біразы бар. Оларды СПИД-тен бастап, гепатитке дейінге бәленің біразына септеседі дейді білетіндер. Жалпы, аллергиясы бар теріге оны жолатпау керегі саналы адамның өзіне де түсінікті болса керек. "Құланнан құлан туады, жыланнан жылан туады, індеттен індет туады" деген осы. Егер мына бір Лаки Даймонд Рич бауыр сияқты иммунитет пен бассыздығыңыз болмаса, қашыңыз одан, қашыңыз!
Ал құрал-сайманының қаупі оны пайдалануға байланысты. Яғни, сұлулық сыйлайтын темір-терсек те жұқпалы аурулар тасымалдығышы есебінде де қызмет атқарып қалатын жайлар кездесіпті. Тату қондыратын жерді (денедегі деген мағынада айтып тұрмын, сондай-ақ, қаладағы да келе береді) де жөн таңдау онсыз да қысқа фәниіңізге оң әсер етуі мүмкін. Мысалы, мең-қал орналасқан тұсқа Джолидікі болса да сурет салғызбай-ақ қойған жөн.
Татумен тату жандар, әдетте, қан тапсырмайды, органдарын донорлыққа тастап кете алмайды. Бірақ саф терілі кісілердің де осы шаруаны қарық қылып жүргенін көрмеппін. Ғалымдар пациент денесіндегі татуды зерттеу арқылы шизофрениялық аурулардың диагнозын қойып, дауасын табуға ұсыныс тастап үлгеріпті. Бұл жерде — татуировканың пайдалы жағы секілді ғой, тек өзі сол ауруды тудыруға ықпал етпесе болғаны… Аһ, егер өліп қалып жатсаңыз, полиция бөлімшесінде не моргта мәйітті тануға жақсы көмектеседі дейді. Тамаша емес пе? :)
Тағы бір құлаққағыс: елдегі соңғы жаңалықтарға сүйенсек, кекілі ұзын, жеңілтек киінген, пирсинг, ерекше ірі татуаж және жүзіне тату салдырған жандарға құжаттарға суретке түсу де қиындап кетіпті. Мемлекет әлгілерін түзетпейінше, шартты түрде төлқұжатсыз не жүргізуші көлігінсіз қалдыруы мүмкін.
Негізі, татуировкаларға деген тәуелділіктің басқа да себептері бар. Мысалы, адреналині ұрып тұрған ләззат алу, рақаттану сезімі. Тату салып жатқан кездегі эмоциялық сілкіністің қасында қиындықтар пілдің қасындағы қанден секілденіп кетеді. Татуына ұйыған жан өзін «жаңа адам» сезінеді, өмірінде жаңа белестерді оңай бағындырардай болып қалады. Уақыт өте, эмоция суып, өткірлік өшкен кезде, сол сезімді қайта сезінуге құмарлық оянады.
Блог - Medium: Көк індетЖоғарыдағы жігіттер айтқандай, көп жағдайда тату — өз ортасынан ерекшеленіп, өзіндік «менін» (Мағауин детектед) ұлықтау көрінісі. Киім, аксессуралар, макияж, шаш үлгісі секілді назар аударту құралы. Оның үстіне, статистика деген псевдоғылым (бірақ жиі сеніп тұрамыз) денедегі кескінді көбіне амбициясы жоғары жандар салдырады дейді. Мүмкін, шығармашылық адамдарының, жұлдыздардың ішінде жаңашылдыққа оңай бара алатындардың болуы да заңды шығар. Мысалы, Қазақстанда Илья Ильин, Мақпал Исабекова, Луина, Дилани, Тұрал, Шамси (соңғыларын танымайды екем, шынымды айтсам) деген танымал жандардың денесі бүлінген.
Жалпы, адамның қоғамға ықпалынан бөлек, жеке, ішкі жан дүниесіне үңілсек. Кез-келген өнер түрі адамға психологиялық әсер ететіндігі сөзсіз. Ал өз денесіндегі живопись тіпті ерекше әсер етіп кететін тәрізді. Сондықтан да тіпті бұл істің өзінде эстетикалық жағын тұнық алып келу үшін, мамандарға жүгінеді. Саналы түрде жасалған тату адам денесіндегі өзіндік резюмесіне айналады. Американдық психолог Маховер салынған татудың жеке ерекшеліктері, сурет иесінің дәрежесі мен сурет қасиеттерін зерттеп, белгілі бір заңдылықтар қалыптастырып шығарды. Тіпті қай мүшесіне салынғанына дейін символикалық мағынасы ашылса, салынған суреттің не екеніне орай Х.Э. Кэрлоттың «Символдар сөздігімен» қауыштыруға болады. Арқаға салдыру — алпауыт күшті білдірсе, оған салынған, мысалы, бүркіт рух бекемдігін білдіреді. Осындай-осындай әр бейнеден және оны қай жеріне салдырғаннан астарлы мағына шығарып отырады…
Әрине, татудың өзі де жыныс таңдайды. Ер адамдар көбіне қаһарлы символикалық суреттер, қару-жарақ, мығым адам бейнесі, жыртқыш, әккі не жүйрік аң-құс, т.б. салып жатады. Әйелдер әлдеқайда нәзік символдар, адам бейнелері, сезімдік дүниелер, нәзік жануарлар, ою-өрнек, гүл, жеміс-жидек, т.б. салып жатады. «Ағайын ТАТУ болса — ат көп, абысын ТАТУ болса — ас көп» деген нақылға жаңа дем бердім бе, қалай?
Блог - Medium: Көк індетЖарайды, мұның бәрі символизм.Әлемде денесіне өз пір тұтар жұлдыздарын, яғни кумирлерін бейнелеу кең таралған. Біздің елде де соңғы кезде Сталин мен Ленинділер азайып, төл тарихи тұлғаларымызды әр жеріне салу жақсы жайылып келеді. Абай, ана кісі, сонсоң қазақ жерін біріктіруші Абылай хан (ұлтшылдар қалай қарайды екен осыған? :) ). Әсіресе, Абылай ханды көбірек салушылар тұлғаның тарихтағы рөлін мойындаған болса, екінші жағынан, соларға ұқсағысы келіп, өмірлік жолын үлгі тұтады. Солар секілді рухы бекем, сөзі өтімді болғысы келеді-мыс. Бірақ оларға ұқсағысы келсе, олар өздеріне тату салдырмағанын білмей ме екен…

Әрине, көк індет ұрынбаудың ең дұрыс жолы — осы мақаланы оқып болып, жалпы тату жайлы ұмытып кете салу, ешқашан тату жасатып көруге ұмтылмау. Егер жасатып көру бақыты (соры?) бұйырған болса, ең мықты, кәсіби шеберлерге бару, консультациясына жүгіну. «Көп ұсақ суреттен бір ірі тату дұрысырақ» дейді олар. Ал егер мүлдем прагматикалық жолға салсақ, онда жазбадан қорытынды шығарып, тату жасату қымбат екенін, дін онша ұната қоймайтынын, қоғамдағы сізге деген көзқарасқа (меніңше, ең әлсіз аргумент), мансабыңызға теріс әсер етуі ықтимал екенін, ине сұғу қатты ауыртатынын, жалпы оның салдары түрлі ауыр дерттерге алып келуі мүмкін екенін естеріңізге салғым келеді.
Блог - Medium: Көк індетp.s. Егер мұны індет деп қабылдайтын болсақ, онда өз басымызға мәселе тудырмай-ақ қойған дұрыс болар. Ал егер адам таңдауымен тоғысқан өмір сүру стилі (бәрібір ауру ұғымына қайшы бола алмай тұр) дейтін болсақ, онда ақылды адамдарды тыңдап, сұлулық пен қауіпсіздік шегіндегі дүниені таңдап алған жөн. Әйтпесе, кейде өмірде таңдаусыз-ақ, табиғаттың (жоғарғы күштердің, Құдайдың — қажетін белгілеп алыңыз) қалауымен болатын нәрселер бар. Суретте — найзағай соққаннан кейінгі адам денелері. Бәрібір табиғаттан асқан суретші жоқ.

Medium

02/10/2016. Екінші жартылай финалға бардым. Қазылар Қармақшыны құлақтан тартып, финалға шығарды деп санаймын.
Олар бір де бір сайыста «Фемидадан» басым түскен жоқ, кемі екі сайыста (көрініс, бейнебаян) сылбырлау болды деп есептеймін.

    Ұқсас посттар

    10 пікір

    asaubota
    хочу Абылайхан, хочу 1465! ;)
    patick
    Мәтінді тұтастай оқымадым, сондықтан сұрағым қайталанып жатса кешірерсің: кейін татуды кетіруге бола ма?
    Marco
    Мен де соңына жете алмай қалдым, сұрағым Патиктікімен бірдей)
    Medium
    Иә, жалпы алғанда болады дейді
    merekeee
    Болады, әрине… Тек ол қиынырақ, сосын оған тату жасаған кездегіден әлдеқайда көбірек уақыт кетеді. Қай жерде де сол емес пе? Түзету әркез күрделірек. Әрі тері дәл сол баяғыдай қалпына келе қоймайды.
    — дейді Олег.
    Соңы түгілі ортасына да жете алмай қапсыз ғо )
    Basic
    Менің қасым тату. Қан тапсырғам. Бірнеше рет.
    ken
    Köbine tatuwdı aynalasındağılarğa buzıq bala/qız bop köriniw üşin jasatatın siyaqtı.
    Basic
    Тайландта жүргенде қатты қызықтым. Бірнеше рет оқталып салонда сурет таңдадым. Бірақ жасатуға келгенде жүрексініп кетіп қалдым. Сөйтіп уақытша татуға ғана жүрегім дауалады))
    Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.