20 жыл бұрын тұрған үйге оралғың келе ме?

Өмір бойы бір үйде тұрған адамдарға қызығамын. Сен жыл ортасында күнделік бастаған оқушы, балалық шағының фотоальбомын жоғалтып алған адам немесе мұздеген фотосы, мыңдаған лайктары бар аккаунты блокталған лайкоман да емессің. Сенің балалық шағыңда ойнаған аулаң, бойың өлшеніп, жазбалары қалған үйің бар. Күшті. Ал біз 4-5 рет көштік. Астанадағы сығандық өмірді қоспағанның өзінде. Әр үйде естеліктерім шашырап қалып қойды. Жезқазғандағы Советская 7 көшесіндегі үй… Есік алдындағы бала-бақшам. Қояндары бар баба Нина. Есіктің алдындағы көк беседка. Дәл осы жер у-шу болып жататын қысы-жазы. Үйдің жанындағы пединституттың жатақханасы. Жатақханада пианино тұратын еді. Даңғыр-дұңғыр еткізіп жатқанда не вахтер, не студент қыздар ештеңе демейтін. Кешке жігіттерге 306-дан Гүлзираны шақырып берген үшін 3 тиын, 411-ден Мариямды шақырып берген үшін 5 тиын алып газвода сататын автоматқа зытасың. Ақтоғайдағы жер үй ше? Үйден шықсаң оң жағыңда тау, сол жағыңда ауылдың бас трассасы. Көрші Шәріптің қызы қайда жүр екен? ПТУдың ар жағында тұратын Әсияға барып келейін бе әлде. Қора жақтан жүгіріп келе жатқан Лион. Қазір беті-қолымды жалап, аяғыма оралып жол бермейді. Мына далиған огородқа қанша фляг су тасығанымды айтсайшы. А, жоқ. Соншалықты далиған емес екен. Құттай ғана бақша екен ғой. Көп болса 1,5 сотық шығар. Алматыдағы Алатауды көрген соң маған биік болып көріген Шатырша тау емес, жота екенін түсіндім. Мирадағы 5 қабатты үй ше? бесінші қабаттағы балконға шығып алып астына қарайтынмын. Биіктен қорқамын. Бірақ жүрегімді дүрсілдетіп әдейі қараймын. Сырт қарағанда қарапайым көрініс. Мен үшін американские горкиден кем түспейтін. Біздің пәтердің номері 45 еді. Жеңіл жылымен ассоциациялаушы едім. Ішімнен 41-пәтерде емес, 45-пәтерде тұратынымыз қандай күшті деп ойлайтынмын. Кейде түсімде де көремін сол үйлерді. Тіпті қоңыр диван, залдағы сервант көзге түсіп қалады. Мүмкіндік болса оралар ма едім ескі үйге? Жоқ шығар. Менің қиялымдағы жылы, әдемі үйім кеңестік кездің ең қораш пәтерінің көрінісіне тап болып, күл-талқаны шығатын шығар. Қызығым басқаларға… Бала кезінен қалған әдемі үйде тұратындарды айтам.
Бөлісу:

6 пікір

asaubota
37 жыл бұрын дүниеге келген үйіме барғым келіп тұрады. біздің ауылдың дым ерекшелігі жоқ. су да жоқ, тау да жоқ, дым жоқ. бірақ ауылға барған кезде туған үйімнің іші, ауласы, сырты қызық бір сезім береді. әлемдегі ең қауіпсіз жер болып көрінеді сол жер
assar
Мен ауылымда ең көп тұрған үйімде 13 жыл тұрыппын. Бала күнімізде болашағымды да сол үймен елететіп жүрдім. Келешек мынадай саламын есік алдына, мына жерін өзгертемін шатырын ауыстырамын тсс. Кейін көшіп кеттік ауылдан аудан орталығына. Қазір ол үйде туыс ағам тұрады. Кейде үйге барған кезде дым бұрын тұрған үйім емес басқа үйге келгендей боламын. Өйткені есік алды, үйдің іші, шатыры ауласы бәрі өзгеріске ұшыраған. Тек бір сарай бар еді, сол ғана орнында тұр көзге оттай басылады.
Basic
Екқдай сезім билейтін шығар. Кейде мен де ауылдағы детскийдің терезесінен қарағым келіп тұрады. Қыста тпудың шыңы ғана қарауытып кқрініп тұратын. Ал үйілген қар терезеге дейін жететін. Кейде асып түседі. Қазір жай ғана сол терезеден тауға бір рет қарағым келеді. Басқа ештеңенің қажеті жоқ…
Basic
Қазір онда кім тұрады?
merekeee
Төретамда, 5 қабатты 4 подъез дом, 2-қабатта тұрдық. Біздің тамның жан-жағындағылардың біразы қаңырап тұратын, терезелері қаңылтырмен жабылған, сол кездері халық о жақтан үдере көшті, біздікінің қазіргі халі қандай деп қарап көргім келер еді әйтпесе ешқандай сағыныш ностальгия жоқ сияқты. 2019 ж тура 20 жыл болады екен көшкенімізге )
MickThatsMyNick
Көп көше берген жаман, сары майдай сақтап келген заттарың жоғалады не бүлінеді..(