Аршат Оразов: Танымал ақпараттық сайттардың жазатыны – өсек-аяң, масқара-сұмдық

Оның есімі ғаламтор пайдаланушылары арасында жақсы таныс. Ол — виртуалды әлемнің қыр-сырын меңгеріп, қазақтілді контенттің дамуына қомақты үлес қосып жүрген азамат. Ол еліміздегі бірнеше интернет жобалардың авторы, IT саласының маманы, блогер, фанат, спорт шолушысы, медиа-дәріскер, фрилансер, бүгінде жеке кәсіпкер. Ол –“Жігер. Абырой.Сана” қоғамдық қорының jas.kz жаңалықтар сайтының бас редакторы Аршат Оразов.

Блог - asaubota: Аршат Оразов: Танымал ақпараттық сайттардың жазатыны – өсек-аяң, масқара-сұмдық

Аршат, сізге телефон шалғанымызда, Алматыда тауда тренингке қатысып жүрмін дедіңіз. “Алатаудың басында” өтіп жатқан ол қандай тренинг? Бізге қызықты болып тұрғаны…
Жыл сайын ҚазҰУ-дың журналистика факультеті қыста және жазда студенттерге арналған медиа-тренингтер ұйымдастырып жүр. Негізгі тақырыптары: интернет журналистика, жаңа медиа, әлеуметтік желі, ақпараттық қауіпсіздік және жалпы журналистика саласы. Оған тек ҚазҰУ емес, еліміздің басқа өңірлерінен де студенттер қатысады. Осымен екінші рет медиа-дәріскер ретінде қатысып, ақпараттық қауіпсіздік тақырыбында сабақ бердім. Бір жағынан тренинг, бір жағынан демалыс. Жалпы осындай кабинеттен тыс, табиғат аясында өтетін тренингтер көп болса, жақсы болар еді деп ойлаймын.

Медиа дәріскер ретінде студенттерге сабақ беремін дедіңіз. Еліміздің ЖОО-ғы интернет журналистиканың оқытылуы қандай деңгейде? Кемшін тұстары бар ма? Семинар-тренингтер өз жемісін беруде ме? Ақтөбедегі интернет журналистиканың дамуына қандай баға берер едіңіз?
Шыны керек, интернет-журналистиканы толыққанды оқытып жатқан университеттер саны саусақпен санарлық. Жаңа медианы мойындап, жастарды соған қазірден дайындамаса болмайды. Интернет-журналистиканың бөлек кафедра болғанын қалар едім. Қазіргі танымал ақпараттық сайттарды қарап көріңізші. Не шығарып жатыр? Сары басылым жаңалықтары, өсек-аяң, масқара-сұмдық, инстаграмнан алынған шоу-бизнес жаңалықтары, тексерілмеген дезинформация. Жаңалық оқуға қорқатын болдық. Мультимедиа қолданатын редакциялар саны өте аз. Бірнеше жылдан кейін жағдай қандай болмақ? Қазірден бұл сала қолға алынбаса, нәтижесін болжау қорқынышты. Біз өткізетін семинар-тренингтер тек 1-2 күндік курс ғана. Бұл жетпейді. Тұрақты, жүйелі оқытылып, сонымен бірге практика да өткізіліп отырылуы тиіс. Интернет-журналистиканы оқытып жатқан және жеке инициативамен бөлек клуб құрып, айналысып жатқан ЖОО-лар бар. Мысалы, олар студенттерге арнап сайт ашып, үйреткен нәрселерін сол сайттарға жариялатуда. Басқаларға үлгі боларлық нәрсе — бұл. Ақтөбеде журналистика бұрыннан мықты. Бірақ интернет тұрғысында олай айта алмаймын. Өкінішке қарай, интернет-журналистика саласында Ақтөбе бойынша танымал автор жоқ.

Ақтөбеден Астанаға қызмет ауыстырып кеткеніңізге алты жыл болыпты. Ақтөбені сағынған жоқсыз ба?
Қолдан келгенше жылына бір рет келіп тұрамын. Барлық ағайын-туыс Ақтөбеде болса да, Астанада кішігірім “Ақтөбеміз” бар. Ақтөбеліктер болып жиі жиналып тұрамыз, “Ақтөбенің” Астана және жақын қалалардағы матчтарына да барамыз.

Мачт демекші, өзіңіз спорт шолушысы ретінде танымалсыз. Фанатсыз. Отандық футбол командаларының сайттары қаншалықты даму үстінде?
Тек қана “Ақтөбенің” фанатымын. Қазақстандық футбол командаларының сайттары өздерінің футболдағы деңгейлеріне пара-пар. Сайттардан гөрі желідегі топтарында ақпарат көбірек. Футболды дамыту күштерінің бірі – медиа. Сондықтан Еуропа деңгейіне жету үшін сайттарды да сол деңгейге көтеру керек. Мысалы, ойыншылар туралы толық мағлұмат болса: биографиясы, статистикасы, суреттері, видеолары. Болатын матчтарға алдын ала толық превью-шолулар жасалуы тиіс. Әлеуметтік желідегі аккаунтарының сүйемелдеуімен бірге клуб жаңалықтары жиі жарияланғаны дұрыс. Әр матчтан кейін сапалы фотолар мен видеолар салынып отыруы керек. Онлайн трансляцияның видеосымен қатар мәтіндік нұсқасы да керек. Жанкүйерлер үшін онлайн билет сатып алу және клуб атрибутикасы сатылатын онлайн фан-шоп та — маңызды нәрселердің бірі.

Кезінде Ресейдің “Мой мир”, “Одноклассники” сияқты әлеуметтік желілеріне ұқсатып, “Кездесу.кз” жобасын жүзеге асырғаныңызды білеміз.
Ол бұдан 8 жыл бұрын болған еді. Иә, ол кезде әлеуметтік желілер әлі дамымаған, саны да аз болатын. Сол кезде техникалық мүмкіндіктер аз болса да, қазақша әлеуметтік желі жасап көрдім. Кейін оны блог-платформаға айналдырдық. Осылайша бірнеше жыл тұрып қалған бұрынғы жобам “Керек Инфоны” қайтадан құрдық. Сіздің газетпен аттас болуын осы жерде айта кетейін. Газет ашылар кезде досым Жаңалық Ахаш жаңа газет үшін жабылып қалған бұрынғы сайтым “КерекИнфоның” атын сұрады. Сайт ол кезде жабық болғасын, қарсы болмадым. Бірақ бұрынғы қолданушылар сол жобаны жаңғыртуымды өтінген соң, жаңа концепциямен қайтадан аштым. Осылайша қазір Қазақстандағы ақпарат айдынында екі “КерекИнфо” бар.

Ол жобадан бөлек алғашында “Ақтөбе” газетінің сайтын, “БАҚ.кз” сияқты үлкен жобаны жасап шықтыңыз. Бүгінгі күнге дейін тағы қандай ірі жобалар іске асырдыңыз? Туризм мамандығын игерген студент қалай сайт жасаушысына айналды?
Иә, ол екеуінен басқа “Егемен Қазақстан” газетінің сайтын да жаңадан жасадым, оған түрлі қосымшалар қостық, латын және төте жазу нұсқалары да ашылды. Одан кейін “Нұр Медиа” холдингінің “Munara.kz”, “Kaharman.kz” жобаларын жасадым. Өзіме ұнайтын жобаларымның бірі — Қазақ хандығының 550 — жылдығына арналған “1465.kz” сайты. Жалпы мен жасаған сайттардың басым көпшілігі — ақпараттық сайттар. Мені интернетке қызықтырған журналист әрі нағашым — Қуат Ақмырзаұлы. Ол да Түркияда оқыған еді. Алғаш рет интернетпен таныстырып, қызықтырып жіберді. Кейін қолдануды үйреніп алғаннан кейін, мұның қазақшасын жасауға болмас па екен деп зерттеп, үйрене бастадым. 1998 жылдар болатын. Ол кезде әлі оқулықтар да аз. Форумдардан, түрікше, ағылшынша кітаптардан үйрендім. Басында қызығушылықпен басталған нәрсе кейін кәсібіме айналып кетті.

Алғашқы боп блог ашқандардың бірісіз. Қазақша блогосфераның кешесі мен бүгініне үңіліп, салыстырып көріңізші. Азаматтық журналистика деуге бола ма?
Қазақша блогосфера 2007-2008 жылдары жақсы дамыды. Сол кезде біраз блогтар ашылды. Кейін 2010 жылдары “КерекИнфо” сияқты қазақша блог-платформалар пайда бола бастады. Бірақ 2012-2013 жылдары “Facebook” танымал бола бастаған кезде блогосферадағы белсенділік азайып кетті. Қазір әлеуметтік желіден жалыққан жұрт қайтадан блогтарына орала бастады.Бұрынғыға қарағанда контент сапасы да анағұрлым өсті, әлбетте. Өйткені блогтарда қолданылатын мультимедиа құралдары көбейді. Жалаң мәтін емес, қазір түрлі мультимедиа элементтерін қолдану — тренд.

Блогерлердің жазбаларымен қоғам, мемлекет қаншалықты санасып отыр? Ақпараттық қауіпсіздік туралы да айтып өтсеңіз.
Қазір блогта айтылған нәрселерге көңіл бөлінеді. Түрлі қоғамдық мәселелер шешіліп те жатыр. Соған қарағанда, желі белсенділерінің ықпалы бар деп айтуға болады. Әлбетте тапсырыспен жазылатын посттар және жарнама сипатындағылар да бар. Жалпы халыққа дұрыс ақпарат жеткізіліп жатыр дей аламын. Ақпараттық қауіпсіздік тақырыбы да — блогерлер үшін маңызды тақырыптардың бірі. Ақпаратты дұрыс тексеру, негатив ақпаратпен күрес, желідегі лента тазалығы — негізгі ұстанымдарымыздың бірі.

Интернеттегі жаңа тренд деп айтуға болатын шығар. “Klout.com” туралы толығырақ айтып өтіңізші?
“Klout.com” — әлеуметтік желідегі ықпалдылықты 100 баллдық жүйемен есептейтін жүйе. Соңғы 90 күндегі қолданушының посттарына жиналған лайк, пікір, шейр саны және меншн (тегтеу) есепке алынады. Шетелде “Klout” ұпайына қарап түрлі компаниялар жеңілдіктер ұсынады, түрлі презентацияларға шақырту жібереді. Әлемде қазір бірінші орында 99 ұпаймен АҚШ президенті Барак Обаманың аккаунттары тұр. Ал, Қазақстанда көш басында 77 ұпаймен Есен Елеукен және Мұхамеджан Тазабек. Бұл рейтингке қарап жарнама берушілер желі белсенділерін түрлі акцияларға шақыра алады, жарнамалық посттарға тапсырыс береді.

Жалпы қазақ интернетінің дамуы қандай деңгейде? Көршілерге ілестік пе? Артта қалушылық бар ма? Қазақтілді сайттардың алдында тұрған қандай мәселелер бар?
Желідегі белсенділер арасында қоғам қайраткерлері, блогерлер, журналистер бар. Жалпы өз ойларын, жаңалықтарын желіде жиі бөлісетін адамдар. Сондай-ақ өзекті тақырыптарды, жаңалықтарды көпшіліктің талқысына ұсынатын адамдар. Сондықтан да басқаларға қарағанда ұпайлары жоғары болуы заңды. Қазақ интернеті өзінің деңгейінде деп есептеймін. Тек интернет емес, басқа салалардың да дамуына халық санының көп болуы өте маңызды. Ал, біз ондай көрсеткішпен мақтана алмаймыз. Көп нәрсе шыны керек, тұтынушы санына байланысты. Яғни, сұраныс көбейген сайын, сапа да жақсарады.

Сізді соңғы кездері интернетке, әлеуметтік желіге байланып қалған жастар алаңдата ма? Бұл қаншалықты қауіпті? Қалай арылуға болады?
Иә, қоғамдағы дерттердің бірі — онлайн өмірге тәуелділік. Оффлайн тірліктен оқшау қалу психологиялық және денсаулық мәселелерін тудырады. Түрлі ағым, ұстанымдарға еріп кететіндер де осындай топтардан шығады. Алдын алу үшін, нақты шешім айту қиын. Әркім өзінен, өз отбасынан бастағаны дұрыс деп ойлаймын.

Интернетке қызығып, болашақта сайт ашқысы келетін адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?
Сайт жасау қиын емес, оны жүргізіп алып кету қиын. Қазіргі уақытта идея өте маңызды. Жақсы идея болса, табыс табуға да болады. Сондықтан бар нәрсені қайталамай, ерекше идея, тың ойлар табуға тырысу керек.

Біраз жерлерде жұмыс істеп үлгердіңіз. Бүгінде немен айналысып жүрсіз? Отбасыңыз туралы айта отырыңызшы?
Еркін фрилансер, жеке кәсіпкермін. “Жігер.Абырой.Сана” қоғамдық қорының jas.kz жаңалықтар сайтының бас редакторымын. Сайттарға техникалық қолдау көрсету, кеңес беру, жоба жүргізу, жарнамалау, тренинг өткізумен айналысамын. Үш ұлым бар. Үлкен ұлым қазір жеті жаста. Ол дизайнер болғысы келеді. Болашақтағы көмекшілерім – ұлдарым.

Өзекті өртеген өкінішіңіз бар ма? Жақсыдан бөлек қандай жаман қасиеттеріңіз бар?
Еш нәрсеге өкінбеймін. Қателікті келесіде қайталамас үшін, әр нәрседен қорытынды шығаруға тырысамын. Болған оқиғаны, өтіп кеткен уақытты кері қайтара алмасаң, жалпы өкінгеннен не пайда? Сондықтан ондай бос ойлардан аулақ болуға тырысамын. Жаман қасиетім ұмытшақтығым және ұнамаған, интеллектісі төмен адаммен сөйлескім келмей қалатыны шығар?! Жалпы аз сөйлеймін, телефонмен ұзақ сөйлесе алмайтыным үшін де ұяламын кейде.

Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Гүлсаян Ыбырай
Ақтөбе қаласы
Керек.info газеті
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше