Муха Мухырлыч. "Мразь"

Тарихқа сенім жоқ. Тарихшы сәбидей бейкүнә болуы мүмкін, бірақ ол жазған, түзеткен, күзеген тарих бәрібір сайқалданып, қысқа күнде өңі қырық құбылып, я тұрысатын жері жоқ, я нық сеніммен берген бәтуасы жоқ бірдеңе. Тарих «сықылды-тәрізді» деген тұжырымдарға көнбейді дегенімізбен, тамыры бәрібір сол — «сияқты-шығарлармен» тұр.

Әйтпесе осы күні барлығымыз басымыздан кешіп отырған мына бір ыңғайсыз, сұмдық дейін бе әлде, жәйтті алайық.
Кеңес елі күйрегесін мұрағаттарға шөлден келгендей лап қойдық қой. Біреулер ел ардақтысын іздесе, біреулер өз атасын іздеді. Ал енді біреулер бай-манаптардың бабасын іздеуге көмектесті. Көмектескенде, бұл өзі қызық көмек. Бабасы пәлендей іс бітірді деуге келетін байшыкештің табалдырығында мөлиіп тұрасың. Кімсің өзі деуі хақ. Орынбор мұрағатын жағалап бара жатыр едім, сіздің бабаңыз туралы да қарап келейін деген ниет бар дейсің. Сондағың, жол-пұлымды көтере салар ма екен деген есекдәме-дағы. Кейбіреулері өзінің бабасы туралы сенен бірінші рет естіп тұрса да, зайырлы ортаның әдебімен шай-пұлдық қыстыра салады. Жексұрын көрінбейін дегені де.

Орынбор асып, бабасы туралы папкелерді көтеріп жағаңды ұстайсың. Сөйтсең, кешегі ауыл, одан қалды ел ардақтысы Бәленбайеп төртәріптерде де сыйлы кісі болғанға ұқсайды. Сілімтіктерді, көненің құйыршықтарын, контраның арампиғылды элементтерін қырағы көзі жазбай танып, сақ құлағы дөп естіп, тізімді төртәріптерге зытырады да отырады екен. НКВД-ға бұл жағыпты. Бас аяғы елу түтін ауылдан — жүзге тарта халық жауы шыққаны қызылжағалыларды тіпті таң қалдырмапты. Бәленбайеп, маладесcің деп, қолпаштай берген екен. Бір маладесті — орден, бір маладесті — жоғары қызмет түрінде алыпты. Ақымақ басым-ай, бес-он тиын үшін нем бар еді қазбалап деп өкінесің. Дегенмен, Кісілік Арыңды байшыкештің жемін ақтау үшін қоя тұрасың енді. Бабасының тек қызметі мен жетістігін жазып, күлім қаққан жайдары бір екі потосын және алып, Байшыкешке әкеп бересің. Арқаңнан қағып, жасыл қағаздан және қыстыруы мүмкін. Егер әлі бай болса. Егер әлі қызметте болса. Кейде сен Ресей айналып келем дегенше, түрмеде жатуы да кәдік. Ондай да боп тұрады.

Енді бар ғой, шай-пұлдық жасауға икемі жоқ, сондықтан ба, ел ардақтыларының көлеңкелі тұстарына амалсыз маманданатын қиямпұрыс мұрағатшылар да бар арамызда. Колхоздандыру тақырыбын күйттеп жүріп, айта жүруге, жұртты қоздырып отыратын бірдеңе тағы іле келейін дейтіндер. Сондайлардың бірі өткенде мұрағатшылап жүріп, қызыл заманның құрбаны, талай ән-әңгімеге арқау болған алаш ардақтысының көлеңкелі тірліктерін көріп, жағасын ұстапты-мыс. Бәйтерегіміз кәуділгі қара ағаш екен сөйтсек. Оның үстіне, тамырдан шіри бастаған. «Мразь, настоящий мразь!» дейді ондайда мұрағатшы, мұрағат шырақшысы орысты орысшадан таң қылып. Сосын елге құстай ұшады. Колхоз тақырыбы екінші орынға түсіп қалады. Ендігәрі тірлігі — бәйтерек деп жүрген кісінің арамшөп екенін жария қылу. Енді ол жалақыдан жалақыға секіріп күнелтіп, диссертация тақырыбына дірдектеген мүсәпір емес. Енді ол — ТАРИХШЫ! Себебі ол енді осы уақытқа дейін ел мақтап келген кісінің төсек тірлігін біледі! Оу, жол ашыңдар, былай тұрыңдар, кешегі мұрағатшы, бүгін тарихшы болып қалған ТҰЛҒА сөз алып жатыр!

— Тарих бұл өзі, тезістері ұдайы қайта қаралып отыратын, мәңгі жас ілім, — деп бастайды Мұрағатшы сөзін мінберден, — кешегі мен бүгінге тиісті бағасын беріп отырмасақ, келешегіміз келелі болмас.

Сосын басты жаңалығына көшеді:
— Мисале, өзіміздің Бәйтеректі алайық. Бәріңіз білесіздер ғой Бәйтеректі?

Білетіндер де, білмейтіндер де білеміз деп жамырасады, ал есімін тіпті естімегендер мұндай дөрекі сұраққа тіпті ренжіген кейіп танытуы мүмкін.

— Ендеше Омбыдан әкелген деректеріме көз жүгірте қойыңыздар! (салтанатпен). Мынау, Бәйтеректің басқа бәйтеректің үстінен жазған арызы. Ал мынау, Бәйтеректің еменнің үстінен жазған домалақ шағымы. Ал мынабір жерде қарағайды нақақтан күйдірген! Ну не мразь разве, а, сендердің Бәйтеректерің!

Осы жерде мәссаған күтеді Мұрағатшы. Ел қиқулап атып тұрып, Бәйтерек атындағы көшедегі тақтайшасын қиратып, музейін өртеп жіберсе екен дейді. Бірақ елде үн жоқ. Ұзақ күнде елу-алпыс реттен көт ашылып-жабылып жататын ақпарат айдынында сенделген қоғамның анау айтқандай жаңалыққа еті өліп кеткен.

Оның үстіне, мынау мұрағатшының тірлігі де балалық қой. Ау, бүйректен керзімен екі тепсе, төбеңді күрзімен ойса — домалақ арызды кім жазбайды? Тіпті үшбұрыш, төртбұрыш арыз жазып бересің. Қыл бұрау салып шыңғыртса, арызың домалақ болмай, өз аты-жөніңді жазып беруден тайынбайсың. Сүйектен өтетін қорлықты былай қойғанда, әлдекімдердің әншейін телепонмен жасаған қоқан-лоқысына зәре-иманың зәр түбіне жетіп жатады. Ал енді тісіңді бұрғылап, тырнақ астына ине жүгіртсе — қандай кемел-кемеңгер болсаң да қирап түсесің.
Кемеңгер Мұрағатшы енді елден қолдау күтіп, залға жарамсақтана қарайды.
— Мразь...- дейді бір топ, Бәйтеректің иттігіне иланып.
— Мразь...-дейді екінші топ, Мұрағатшыға бірақ…

Осылай жүріп жатырмыз…

Бұдан бұрын — Мерзавец. | Бұдан кейін — Подхалим
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше