Муха Мухырлыч. "Мерзавец"

  • Автор
Осы шалды мен былай елестетуші едім: ауылда түбіреткіде күнге қыздырынып, өткен-кеткенге жөнді-жөнсіз әлей болсын, бәлей болсын деп жармасып отырады. Жүйкесі қайыстан өрілген адам аз қазір. Сондықтан біреу болмаса біреу жөніңе отыршы деуі мүмкін. Міне, шалың дәл осы сәт үшін отырады! Осы кезде шалың өршеленіп, абалап, түнімен «мен бүйдегенде, бәлен бүйдесе екен, сонда мен оны бүйдеп қатырам!» деп елестеткен арманын іске асыруға кіріседі. Үрім-бұтағыңды тізіп келіп, ата-бабаңның адамгершілігін еске алады және есіңе салады. Әрине, жаман жағынан. Сосын ғана бәйбішесі шақырған ас есіне түсіп, үйіне қуана-қутыңдап кіріп, дастарханға іс бітіргендей міндетси жайғасып, қорп-қорп етіп сүйек мұжып, аяқ босатады.

Жорамалым қате де, дұрыс та боп шықты. Қатем — шалым қалада тұрады екен. Ауылдыққа балатқан шляпесі мен май тартқан кір пенжегі ғана екен. Ал енді мінез-құлқын дөп басыппын. Күнұзақ кеңсе аралап, көрінгенмен жағаласу — зейнеттегі хоббиі екен.

Алматы ауыл емес қой бәрібір. Ауылында мұндай дүмбілез мінезі үшін сөз естіп, тіпті таяқ жеген де шығар. Бірақ қалаға шалың уақытында келіп тұр. Себебі мұнда ауызбастырлық беру салты дара көріністен дәстүрге айналған кездер еді. «Айыбыыый, өправленнің бастығы сен бе? Партияға жазып жіберсем кәні, төртінші үйдің апта бойы ыстық сусыз отырғанын, ә?» дейді мысалы ол, шаруашылық басқармасына барып. Құбырдан кертіп, шатырдан шертіп жеп жүрген басқарма бастығы үшін — өзінің үстінен арыз тұрмақ, партияға есімі естілгені өліммен тең. Оның партияда, партияның онда шаруасы жоқ, және бұл жәйт басқарма бастығына кәдімгідей жағады. Сондықтан басекең шалға реті келсе қызылқұйрық он сом қыстырады. Реті болмаса, кірпіш, балшық береді. Бергенімен қоймай, рахмет айтады. Ал ішінен: «Мерзавец!» деп кіжінеді.
Мерзавецтің бұл визитінен кейін төртінші үйде ыстық су бұрқ-сарқ қайнап сала береді демеңіз. Шал ол үйде тұрмайды. Шал Талғарда тұрады. Ал төртінші үйдің мұңын автобуста қауқылдасып отырғандардан құлағы шалып қалған.

Мерзавецтің көзіне түспе. Ол үшін үлкен-кіші мекеме қалмаған. Ол — совет адамы, ендеше барлығы советтерше шешіледі. Арызбен немесе ауызбастырлықпен. Мерзавец ел қатарлы таң ата газет алғанға, рухани жағынан әлі үміт бар демеңіз. Ол газетті емле қатесінен бастап, саяси ағаттығына дейін теруге алады. Құдай соғып, Брежневті СОКП төрағасы деп қалмағын, бейшара! Ол СОКП Орталық Комитетінің төрағасы! Бұл қылмысың үшін жиырма сом бермесең — редактордың басы қашан төрде боп еді — есіктегі басыңды аулаға сүйрейді шал. Ойбай, ауызекі тілде жаза беруге болады деп ештеңе дәлелдей көрмегін сен шалға! Училище түлегіне өзіңнің алматылық жоғары біліміңді қарсы қойма! Өйтсең сен — жұмысшыны менсінбей тұрсың. Айыппұлыңа тағы бес сом қосылып кетуі мүмкін.

Бір жағынан, Мерзавец қоғамның санитары. Әлгі, ішіп-жеп жүрген пысықайларды ең болмаса, осылай, көлеңке тұстан пісіп қоймаса, баршылық пен тоқшылықтан тіпті жынданып кетер ме еді. Шалдың арқасында алаған қолдары береген болып, өмірде тегін ештеңе жоқ екенін осылай болса да түсініп жүр емес пе.

Бүгіндері көзі жоқ шығар ол шалдың, бірақ өзі тірі болар. Қырағылықтан қалған болар. Себебі Мерзавецтің бүгінгі ізбасарларды тіпті басқаша әрекет етуі керек және әрекет етіп жатыр. Другой калибр адамдар керек бүйткен іске. Алабайы абалаған аулаларды баяғыша еркін аралау қайда. Әкімді есік алды тұрмақ, өзі шақырған кездесуде кездестіре алсаң жақсы. Кездестірсең, сөз ала алсаң жақсы. Ұрлық-қарлық көбейгенімен, Мерзавецің ұстай алмас енді. Қазір басқа, другого калибра мерзавецтер керек деймін мен саған, ата…

Бұдан бұрын — Ублюдок | Бұдан кейін — Мразь
satibaldi

Рухани қайтыс болдым. Тәнімді кездестіргендерден оны күштеп көмуін сұраймын.

    Ұқсас посттар

    0 пікір

    Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.