Конвергентті журналистика дейсің бе? Иә, бар!

Блог - Marco: Конвергентті журналистика дейсің бе? Иә, бар!
Конвергентті журналистика әлдекімдердің ғылыми атақ қорғау үшін ойлап тапқаны. Сізге мұндай ой келіп көрген жоқ па?! Тақырыпқа алғаш көз салғанда қолды бір сілтегім келді. Жоқ, шынымен ше, өндірісте жүрген журналист көп нәрсенің конвергенция екенін білмей-ақ та жапырып жүр. Әлгі, «Қазақтар наурыз көженің жеті ингредиенттен тұратынын бұрыннан білген, тек ингредиенттің не екенін білмепті» дейтін әзіл еске түсті бар ғой.

Конвергенция, қарапайым тілмен түсіндірсек, бір күнде туа қалған дүние емес. Біреу тұрып, «Ал бүгіннен бастап конвергентті болайық» деген жоқ. Бұл кәдімгі эволюциялық процесс. Дарвин теориясына сай өліп тынбаудың амалы бейімделу, яғни даму болса, журналистика да қоғамның өзге институттары секілді өзгеруі тиіс еді. Өзгерді де. Заман осыны талап етті.

Блог - Marco: Конвергентті журналистика дейсің бе? Иә, бар!Мердок Макленнан Британдық «The Telegraph» медиа тобын 2004 жылдан бері басқарады. The Telegrapһты құр газеттен радио, ТВ және уеб-сайты бар алып медиа торапқа айналдырды. Бұл үшін тіпті жүздеген қызметкерді қысқартуға мәжбүр болды. Өз кезегінде бұл өзгерістер ғасырдан астам тарихы бар газеттің авторитетін еселендіре түсті.

Мердок Макленнан, «The Telegraph» медиа тобынын жетекшісі:
«Жұрттың бұқаралық ақпарат құралдарына деген талабы өзгерді. Оларға құр газет емес, түрлі ақпарат көздері арқылы таратылатын контент қажет болды. Және олар контентті күніне 24 сағат, аптасына 7 күн қатарынан қажет етті».

Демек бір нәрсені түсіндік – конвергенция журналистиканың кезекті даму сатысы. Ендеше посттың басындағы тұжырымнан осы жерде-ақ бас тартайын. Конвергентті журналистика әлдекімдердің ғылыми атақ қорғау үшін ойлап тапқан термині емес. Ғалымдар шокта.

Бұл термин қашан пайда болды, алғаш кім айтты, нені білдіреді деген баланың әңгімесін айтып, миды ашытқым келмейді. Сондықтан бірден summa rei.

Өз басым конвергенттілікті үш үлкен сатыға бөліп қараймын. Төмендегі сурет интерактив, ақпарат ішінде жасырулы тұр.


Өз сөзіне өзі қарсы шықты деп сөкпеңіз, алайда жоғарыда келтірілген үш сатыдан өзге бөлек айтуға тұрарлық бір конвергенция бар. Мұны мен жанрлар конвергенциясы деп атар едім. Мүмкін, мұндай термин бар да шығар, қазір өзім шығарғандай күпініп отырмын.

Жанрлар конвергенциясын Еуразия бірінші арнасының «Басты жаңалықтарында» сәтті қолданып жүрмін деп есептеймін. Біздің хабарымыздың уақытының басқалармен салыстырғанда кештігі жаңалықтар форматын өзгертуге мәжбүр етті. Байқадыңыз ба, конвергенцияға тағы да объективті фактор себеп болып отыр. Біз эфирге шығам дегенше көрермен күннің басты жаңалықтарынан хабардар болып үлгереді. Сондықтан рейтингтерді жоғалтып алмау үшін біз бұрын басы қосылмаған жанрларды біріктіруге тырыстық.


Сонымен, конвергентті журналистика деген бар құбылыс. Бір күнде пайда болған жоқ және оны бір керемет етіп қабылдау да қажет емес. Ол журналистиканың даму барысы ғана.

Қазір конвергентті журналист қандай болу керек деген сұрақты көп естиміз. Жауап айқын – үнемі ізденісте болып, үйрену керек. Өзгеруден, өзгертуден қорықпаған жөн. Жазу қазіргі журналистен талап етілетін жалғыз білік емес.

Хош, бәрі дұрыс қой, бірақ мына интерактив суреттер не істеп тұр деуіңіз де мүмкін. Контекстен бөлектеніп, иә әрі емес, иә бері емес әсер беріп те тұрған шығар. Бірақ осы посттың басынан бергі месседжім де осы ғой. Конвергенттілігіме енді интерактивті фотолар жасау функциясы қосылды.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше