Жан-жақты журналистика


Эпиграф эпиграфымен, әрине. Бірақ сол кеңістікті толтыру құдіретіне ие адамдар оны қалай толтыруы керек?
«Конвергентті журналистика» дегенді алғаш естігенімде басымда когнитивті диссонанс орнады. Басқаларда «когнитивті диссонанс» дегенді естігенде де когнитивті диссонанс орнайтынын ескерсек, бұл үшін бізді сөге қоюға болмас. Әйткенмен, үзік-үзік бір дүние білетінім ақиқат болса да, бұл тақырыпты сізбен бірге қаужауыма тура келді.
Бұл ұғымның термин ретінде, жалпы мазмұндық құрылым мен механизм есебінде де шетелден енгені белгілі. Яғни ол бір америкалық кәсіпкердің екі арна мен бір газет қожайыны болуға мүмкіндігі пайда болған кезден бастау алады деседі. Іскер бір журналист анда да, мында да жаза алатындай редакция жасап көрген-мыс. Дегенмен, журналистиканың өз ішіндегі айырмашылығын аңдау үшін сөздердің түбіріне назар аударсақ та жеткілікті.
Әуелі, негізгі субъект — бұқаралық ақпарат құралдарын алайық. Мұндағы «ақпарат» ұғымы – дерек, мағлұмат, мәлімет беруді білдіретінін еңбектеген балаға дейін біледі. Сөйте тұра, мұнда ақпарат ағыны бір векторлы, бағыты жалғыз боп топшыланады. Қандай да бір жауап реация күтілмейді. Ал, мысал үшін, бұқаралық коммуникация құралдары делік – бұл ұғымда, әрине, екіжақты, мүмкін, көпжақты қатынас бар.
Біз «Mass media», «media» түсініктерін БАҚ деп аудару арқылы, бәлкім, кеңес дәуірінен қалған идеологиялық әфсананы қолданғандаймыз. Яғни, ақпарат таратылады, оны сіңіреді, осыған халық тоюы тиіс. Ал батыс журналистикасында мұндай терминге саятын ұғым мүлде жоқ екені белгілі.
Енді "Құралдар" ұғымына келейік. Құрал деп, мәселен, әдістерді, тәсілдерді, амалдарды, вариацияларды, жолдарды, механизмдерді атайды. Қош делік.
«Бұқаралық» деген сөз қалды. Бұқара – халық, орысша тәржімасы – масса. Екі жағдайда да аудиторияның ауқымы, көлемі беймәлім, яғни саны қанша екенінің маңызы жоқ тәрізді.
Сөйтіп, БАҚ деген бізде не боп шықты? Ол — деректерді бұқараға жеткізу механизмдері, қалың массаға мәлімет жеткізу жолдары, қайнар көзден көпшілік адамға, кең аудиторияға деректер жеткізу құралдары. Және аудиторияның өзі бұл жайлы не ойлайтыны онша маңызды емес екен.
Ал шетелдіктер қолданатын «Медиа» ұғымының бұдан айырмашылығы көпе-көрінеу байқалып тұр. «Медиана» — үшбұрыштың төбесін қарама-қарсы жатқан қабырғаның ортасымен қосатын сызық. «Медиатор» — дауласушы тараптарды бітістіретін бейтарап тұлға.
Және, о рухтар, Медиум! Медиум – қос әлемнің арасын жалғайтын, тірілер мен әруақтарды байланыстыртын тұлға. Рақмет, рақмет.
Яғни, медиа – ортадағы көмекші, дәнекерлеуші, байланыстырушы, жалғаушы ұғымымен парапар. Бұқаралық ақпарат құралдары және медиа ұғымының айырмашылығын ұқтыңыз ба?
Тағы бір айырмашылығын діттеу үшін өткенімізге үңілейік. Қазақстанның тұңғыш газеті – «Түркістан уәлаяты», Түркістан генерал-губернаторының ресми органы. Тек қазақ тілінде емес, жалпы Ресей империясының қол астындағы барша түркі халықтарының тілінде шыққан алғашқы мерзімді басылым еді ол. Патша үкіметінің шешімі бойынша жергілікті әкімшіліктің бақылауымен және қаржыландырумен шыққан ресми газеттің мақсаты бесенеден белгілі. Саяси насихат, идеология. «Дала уәлаяты» немесе «Ұшқын» газеттерінің де көксегені сол. Басқа мүдде болса да, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының негізі осыған саяды. Бұл факттер БАҚ-тың біздің орыстармен ортақ тарихымызда саяси насихат құралы ретіндегі ғана рөлін айшықтай түседі.
Жалпы, «Бұқаралық ақпарат құралдары» ұғымының сала мамандарының түсінігіне етене енуі заңды. Мұнда бір үлкен мәселе бар дей алмаймыз. Бірақ байланыс векторы бір бағытты болуына орай, әлі күн олар аудиторияға не керек екенін өзіміз білеміз деп ойлайды. Ал батыста мұны аудиториядан сұрайды. Полилог кезеңі – коммуникация кезеңінде барлық адамдар араласа алуы тиіс журналистиканың мәні жөнінде блогиада авторларының бірі өз кітабында жақсы жазыпты деседі. Бірақ оқыған жоқпын, шыны.
Жалпы, біздің санамыздағы БАҚ пен батыстың меңзеген медиасындағы айырмашылықтар мұнымен ғана шектелмейді.
Блог - Medium: Жан-жақты журналистика
Коммуникациялық мағынада бұл екеуі сахнадағы балет пен көшедегі би кеші cекілді. Бірінде — назар тек сахнада, тура мағынасында тыңдаушылар бір-бірінің желкесінің шұқырын ғана көріп отырады. Екіншісіне кез-келген адам қосылып кете алады.
Бір жағынан, кірпияздар болса, бұл аналогияның екінші категориясынан сәл әуесқойлық, жабайылық байқап қалуар еді. Кейде бұл сипаттама шынымен тән тәрізді.
Себебі, қазіргі кезде ақпаратты сөзбен әспеттеп, әдемілеп беру үрдісі маңызды емес те секілді. Бүгінде ақпарат тарату үшін маңызды критерийдің бірі — жылдамдық, мобильділік. Ұшақ апаты болған езде «РИА-Новости» агенттігі хабар күтіп мыжып отырмай, «Осындай да осындай ұшақ құлады» деп бір ауыз сөз ғана жазды. Немесе, басқа критерийлерге басы ауырмайтын шағын редакциялар: олар ақпарат тарату жылдамдығы жолында грамматикалық қате жіберсе, ешкімге сөгіс бермей, кейін бір қолданушысының айтуымен түзей салады.
Сосын мына дүние әсер етпей қоймайды. Бүгінгі күні технологиялар дамып жатыр, тоқтаусыз дамып жатыр. Орта ғасырларда отбасылар шетелде рояльдың маңына, бізде дастархан басына жиналды. Одан кейін фонограф пен граммафон пайда болды. Кейін радио хабар таратты. Бұдан соң отбасын ортақ жинап алатын құралдың рөлін теледидар атқарды. Кейін ол теледидар әр бөлмеде біреуден болса да таңғалмайтын болдық.
Ал қазір… мобильді құралдар. Технологиялық буктар, гаджеттер, смартфондар. Әркім өзіне керегін қарайды, тыңдайды, оқиды (кеше, мысалы, Чемпиондар лигасын ұялы телефон арқылы онлайн режимде көрдім). Отбасын біріктіріп, ұйыстыру, отбасы мүшелерінің отырып сырласуы жөнінде «пашти» қоғамдық мәселе туғаны осыған байланысты шығар. Бірақ менің айтайын дегені ол емес.
Біздің әлемде осыншама жылдам даму кезеңі болып көрген жоқ. Ғалымдардың айтуынша, ақпараттық-технологиялық кеңістіктің тығыздығы сондай — ХІХ ғасырдан бері ақпарат әр 50 жыл сайын екі еселеніп келді. 90 жылдан кейін әр жыл сайын екі еселенген екен. Және мен өзімнің ата-анам игерген ақпараттан әлдеқайда көбірек ақпаратпен жұмыс жасап жүргенімді білемін. Менің баламның одан да көп дүниемен алысатыны да анық.
Сондықтан қазігі кезде ақпаратты үнемдеп жұту, уақытты құр жібермеу аса маңызды. Бұл кір жуғанда құлаққаппен бірдеңе тыңдау, тамақ ішкенде телефон шұқу секілді екіұдай нәрселерді де тудырды.
Немесе, керісінше. Өмір сүру стилі ақпарат алуға ықпал ететіндігі де шын сияқты. Автомобильдегі шөпір жол кептелісінде іші пысып, радио қосады. Мен қоғамдық көлікке мінем де, лентаны шарлаймын. Трафик (ақша деп оқыңыз — ред.) жоғалтпас үшін адамдар офистерден қарайды, тыңдайды, пікірлейді. Замананың интерактивті болғаны сол — қазір тіпті ақпар, пост оқу үшін іздемейтін де сияқтыі. Лайктау үшін іздейтіндей. Және адамдардың нені, қалай лайктағанына қарап та пікір қалыптастыратын деңгейге жеттік. Блог - Medium: Жан-жақты журналистика
Яғни, қалай болғанда да, қоғам ақпаратты түрлі формада алғанды қалайды. Замана дамыған сайын әдемі нәрселердің арасында өмір сүріп үйренген біз медиадан да жылтырақтықты талап етеміз. Клиптік сана, дискретті қабылдау жүйеміз әртүрлі түрде ұсынатын ақпарат көздерін іздегенде, ең бірыңғай, жинақы деп интернетке шоғырлана бастадық. Ол жақта форма алуан, сондықтан ақпарат сіңімдірек.
Соның арқасында біз ақпаратты жеке-жеке ала алатын дәуірге жеттік. Әр адам — өз-өзіне ақпарат мұнарасы © болды. Әлеуметтік медиаға байланысты достар да тамаша ақпарат көзіне айналды. Мобильді блогтар, агрегаторлар жаңалықтарды кім өндіргенін де маңызсыз қылды. Юзер-дженерейтед контент, яғни қолданушылар ақпарат орналастыратын сайттар, видео-ресурстар (Youtube қой), фото, блогтұғырнамалардың пайда болуы дәстүрлі БАҚ-ты жан-жақты болуға итермелейді.
БАҚ-ты жан-жақты журналистикаға итермелейтін тағы бір тарап – ол блогинг. Бұл ұғымның енуімен бірге тұғырнама, жеке блог не тіпті әлеуметтік желідегі белсенді жазбагердің рөлі қатты күшейді. Яков Федоров немесе Әлішер Елікбаев сияқтылар көтерген мәселелердің жалпы резонанс тудырып жататыны да рас. Әліби ісі, Кинотеатрдағы тепкі, т.б. жағдайлардың қоғам назарында болғанының өзі де осы тараптан бастау алғаннан болды дей аламыз.
Білесіз бе, атақты біреу, немесе бір саяси «шишка» автомобиль апатына ұшыраса, келген МАИ-дің бірінші істейтіні видеоқуғынбайлардан үркіп, нөмірін шешіп алады. Әлбетте, осы сыңайдағы оқиға орын ала қалса, ұялы телефондарын алып шыға келетін ағайын қазір көп. Оның плюсі де, минусы да бар, бірақ мобильді журналистика, тұтынушы журналистикасы дейміз бе, жаңа бір үрдіс қалыптасып келе жатқаны анық.
Осылардың бәріне балама, тіпті жақсырақ вариация ұсына алмаса, онда БАҚ-тың қадірі қайсы?
Ақпарат алмасу процесінде технологиялық байлық титімдей болса да тиімділік ұлғайтатын болса, оны пайдаланбау да ерсі. Осы орайда, «Медиа фаст фуд есебінде» тұжырымын атап өтейік. Фастфуд дегенде не еске түседі? Ыңғайлы, ықшам, дәмді, жылдам, унификацияланған. Зиян дерсіз сіз. Ол да жоққа шығарылмас.
Сондықтан да бүгінгі заманда журналистика жан-жақты болуы керек болатын болса, ақпарат тарататын журналисттің өзі де әмбебап болуы тиіс. Тура мына роликтегідей. Қазіргі дигитализация кезеңінде, яғни цифрлау, цифрлық форматқа көшуде көп деректі үлкен қашықтыққа жіберу мәселе емес. Әлгінде атап өткен тараптардың бәрі бәсекелес болып қолданып отыған технологиялық мүмкіндіктер видеороликте жақсы көрсетілген.
Жан-жақты журналистика деп отырғаным да осыған саяды. Роликтегі конвергенттік журналистика дегендегі конвергенцияның өзі — өзара ену, өзара ұқсауды білдіреді. Биология, ай-ти, физикада да бар термин.
Қазіргі кезде конвергенция үрдісі — коммуникациялық технологиялардың, нарықтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өздерінің, техника мен технологиялардың ортақ дүниеге бірігуі болып отыр. Массачусетс технологиялық университетінің профессоры Итьел де Сол Пул: «Телефон, пошта, телеграф, секілді өзара коммуникация құралдары және пресса, радио және телеарна секілді бұқаралық ақпарат құралдары, яғни жалпы медианың арасындағы шекараның жойылуы» дейді оны.
Ол холдинг шеңберінде болса, ортақ редакция бір холдинг астында бірін-бірі қолдайды. Редакция шеңберінде болса, мультимедиялық алуандылықты талап етеді. Конвергентті редакция өз бойына газет журналистикасының тереңдігін, видеоның эмоциялылығын және онлайнның интерактивтілігін жинақтаған толыққанды материал әзірлеуге мүмкіндік береді. Оның ішінде тікелей араласқан формалар болуы мүмкін: онлайн газет, интернеттегі радио, веб-телеарна, видеорадио (радиохабар кезінде камера қою). Осы орайда, инфографика туралы айту керек – ол, бірінші кезекте, иллюстрация да емес. Бұл жанр да журналистиканың батыстағы бір саласы – деректер базасы журналистикасынан туды.
Сонсоң конвергенциялық журналистика кезінде нарықтардың да бірігуі жүреді — өңдеу, өндіру, тарату секілді үрдістердің бәрінен ортақ бір нарық қалыптасады. Үнемі қолданушылармен кері байланыс ұстап отыратын конвергентті журналистика иілімді. Мысалы, мұндай үрдіс жұрттің пікірін тікелей салып жіберетін, кейін талап етсе жедел өшіре салатын сайттардың әрекеті секілді.
Яғни, журналистиканың ғылым ретінде өзін сақтауы үшін, тіпті ақтауы үшін мамандар қолынан мултимедиялық журналистиканың барлық алғышарттары келетіндей болып түлеп шығуы керек. Мультимедиялық журналистика деп мультимедиялық материал өндірісін атауға болады. Конвергентті журналистика дегеннің бір діңгегі осы.
Барлық медиа түрлері жаңа технологияларға байланысты болып отыр. Жаңа технологиялар жаңа байланыс түрін, сәйкесінше жаңа өркениетті тудырады. Канадалық ғалым Маршал Маклюен:
1 деңгей: табиғи медиа – жазу, жест, сөз, интерперсонал байланыс;
2 деңгей: масс медиа – технологиялық құралды қажет ететін медиа;
3 деңгей: мультимедиа – 1+2 =3 болатыны секілді тез өзара байланысты да + технологияны да қосатын медианы көрсетеді.
Интернет — ең интерактивті орта, конвергентті болу жолында оған түрлі БАҚ қосылып, өздерін сынап көреді. Мультимедиялық журналистика ене бастаған кезеңде газеттер өздерін сақтағысы келіп, сайттар ашып, пдф форматындағы материалдарын салды. Сонан соң сол редакциялар адамдар үймелемегеніне таңғалып еді. БАҚ – өз сайттарына бұрынғы аудиторияны жинай алмайды, себебі, бұл ортаның қағидаттары басқа, адамы бөтен, механизмі бөлек.
Зерттеуші С. Уразов (А. Оразовпен шатастырмаңыз!) конвергентті үрдістердің пайда болуына қатысты себеп-салдарлық байланысты былай көрсетеді:
— Мономедиалық ортаның мультимедиялық ортаға ауысуы;
— БАҚ-тардың БКҚ-ге трансформациясы негізіндегі медианың классификациялық атауының өзгеруі;
— Интерактивтілік — байланыс формасы ретінде;
— Және жаһандану процессі сандық технологиялардың дүмпуімен ақпараттық өнімнің таратылу ретін өзгертед
і.
Технологиялық, формалық таңдау жасаған кезде, әрине мағыналық негізін білу қажет. Мәселен, "Қазақстандық кей саяси қайраткер ағайын қырғыз саунасында ұсталып қалды" деген жаңалық таратқанда, аудиторияға не керек? Әрине, видео.
Осындай нюанстарды түлек боп ұшқаннан біліп шығу — білім беру жүйесінің іргелі мәселесі деп ойлаймын. Журналистика деген сала қоғам ұғымында жаза білу өнері деп қабылданып кеткендігі жалған емес. Жалпы жаза білу үшін 4 жыл оқудың мәні бар ма? Жоқ, жақсы жазған жақсы, жақсы ойлана білген одан да жақсы. Яғни, бұл тенденция оны дәстүрлі филологияға жақындатады, филфак бітірген ағайынның журналистиканы жағалап кететіні де сондықтан болар. Нағыз журналистер – батыста мұрағатты ақтарып-ақтарып, өзінен тіпті түк жазбауы да мүмкін – факттерді ретімен қойып қана бәріне түсінікті қылуы да ықтимал (деректер базасы журналистикасы дегеннің не екенін еске түсіреміз — ред.).
Конвергентті журналист тәрбиелеуде, әрине, біз бұған дейін де соншама көксеген коммуникацияның маңызы жоғары. Оқытушы мен студент, маман мен тыңдаушы. Әйтпесе, біздегідей патерналистік оқыту жүйесінде мұғалімнің аузына қарап қана қойып, ЖОО бітіріп шығатындар көп.
Жалпы, журналисттерді дайындауда оларды бірден конвергентті журналист қылып шығару жүйесін қолға алса игі еді. Мүмкін, сонда мына анимациялық фильмдегі ару секілді түлектер салаға жаңа толқын боп қосылар. Қазақстандағы конвергентті журналистиканың жай-күйі жайлы да осы түлек қыз айтып береді.Қалай болғанда да, конвергентті журналистикаға көшу — аудиториямен бірге өзгеру болып отыр. Ол маманның да, ұжымның да, технология мен форманың да, тарату арналарының да, материал мен құрал-сайманның да жан-жақтылығын талап етеді.
Мына жазбамда да бірыңғай емес түрлі-түрлі формалар пайдаланылғанына таңғалған шығарсыздар. Конвергентті журналистика, мырзалар.
Әрі қарай

Конвергентті журналистика дейсің бе? Иә, бар!

Блог - Marco: Конвергентті журналистика дейсің бе? Иә, бар!
Конвергентті журналистика әлдекімдердің ғылыми атақ қорғау үшін ойлап тапқаны. Сізге мұндай ой келіп көрген жоқ па?! Тақырыпқа алғаш көз салғанда қолды бір сілтегім келді. Жоқ, шынымен ше, өндірісте жүрген журналист көп нәрсенің конвергенция екенін білмей-ақ та жапырып жүр. Әлгі, «Қазақтар наурыз көженің жеті ингредиенттен тұратынын бұрыннан білген, тек ингредиенттің не екенін білмепті» дейтін әзіл еске түсті бар ғой.
Әрі қарай