Бейсенбі

Бейсенбі көзін тырнап ашты. Алагөбе таң бозара атып келеді екен. Бірден жұқа көрпесін сілкіп тастады. Сонсоң түнде жартылай сау баспен оқып бітірген, иығында қалып кеткен кітапты сол ашық күйінде жанындағы сөреге қойып, басын ұстап үнсіз отырды. Әрине, үнсіз; ояна салып, өзімен-өзі бірдеңе деп сөйлеп кеткені қызық болар еді.
Бейсенбі асықпай басып, балконға шықты. Арзанқол темекісін сіріңкемен тұтатты да, құшырлана сорды. Кешегі күннен бір белгі – алкоголь аңқыған (иә, сасыған емес, аңқыған) ауызына салыстырмалы түрде тың иіс енді. Ұртында — екі зұлматтың аралас қоймалжыңы; айғыз әйнек пен тор матадан тып-типыл аулаға үнсіз қарап тұрып қалды.
… Бейсенбі – жасы отыздың сегізін алқымдап қалған жібі түзу жігіт. Ешкімге зияны да, пайдасы да жоқ. Тура атына заты сай. Ішеді, шегеді дегендерің қазір қайбір кемшілік болған? Фөй, әдеттегі жайт. Ішіп алса да, есін біліп, көркем әдебиет оқитын бұл сияқты қайсың бар, ал? Керісінше, момын, сауатты, дін исламнан хабары бар, қызметін жақсы білетін жігіт. Қызметін жақсы білуін біледі-ау, бірақ қысқарып қалғанына екі айдай уақыт болды. Бұрынғы бастығының сөзінше, бір ұйымда екі мал дәрігерін ұстау – қазіргі кезде «не рентабельно».
Шамасы, келіншегіне де жұмыссыз еркекті ұстау «не рентабельно» болған шығар. Оның үйден кеткеніне де бір айдай уақыт болды. Жоқ, жалғыз осы оқиға ғана ықпал еткен жоқ. Дәлірек айтсақ, бұл жығылған үстіне жұдырық, тіпті тай боксының тепкісі болды. Онсыз да ырың-жырыңы, қабақ шытысы көп болып жүрген. Доллармен алған ипотеканы тірнектеп төлеп жүргенде, той, киім деп, тағы бір шығындарды үймелетіп құлағын жейтін. Шүкір, заттарын жинап ол кеткенде, балалар ауылдағы ата-әжесінде каникулда жүрген еді. Брр, бірақ мұның бәрін қазір несіне ойлап тұрғаны түсініксіз.
… Таңғы сегіз жарым болыпты. Кешегіден қалған бірдеңе бар ма деп, әмиянына көз салмай-ақ саусағының ұшымен шұқылап қарап еді, бір қағаз, бірнеше ірі тиындық ілікті. Сонда да қарамай, жауып тастады. Сәттілікке! Сосын кешегі көше шетіндегі дәмханаға беттеді. Әдетінше, пәтердің есігі алдындағы алашаға кілт тастағалы жатты да, тұрып қалды. Кімге?
Сыртында бояуы ескірген «Дәмхана» деген жазуы болғанымен, іс жүзінде бұл бір арақхана еді-тын. Таңғы сегізден бастап аша беретін. Ағаш есігін жартылай ашып, Бейсенбі ішке енді.
Буфет басындағы семіз қатын мұны кіржие қарсы алды. Көзқарасынан «Тағы келдің бе?» деген сыңай аңдауға болады. «Жоқ, несін бұлданады, тегін құйып беріп отырғандай?..» — ал бұл Бейсенбінің ішкі уәжі.
Жігіт асай-мүсейімен қосқанда екі жүз граммнан екеуіне тапсырыс берді де, шеттегі үстелге барып отырды. Тұздыққа балық сұраған, семіз қатын «Бұл саған СССР емес, четверг сайын балық болатын. Овощной салаттан ал!» деп жекіп тастады. Сондықтан, барымен — базар.
Бірден байқамапты, екі үстелде бұдан ертерек келіп алып отырған алғырлар бар екен. Міне, біреуі тіпті бас изеп амандасқансыды да, сенің құрметіңе дегендей рөмкені мұның бағытына ұсынып, тартып жіберді. Көзілдірікті, арық, шашы өсіп кеткен мұжық.
Бейсенбі теріс айналды. Бұның да «қазынасы» келіп қалыпты. Біреуін ұрттады. Бірақ бүгін сондай бір зауқы жоқ секілді. Қиярдың бүйірін тескілеп, шала-жансар мыжып, жеп отырды. Сонсоң басқа тіршілік қалмағасын, тағы бір ұрттады.
— Можно сесть?
Бейсенбі селк етті. Басын көтеріп қараса, бір ақсары өңді тәлпек кісі тұр екен. Залда да адам қарасы көбейіпті.
— Отыруға бола ма?
— Отыр.
Шақырылмаған қонақ үнсіз жайғасты. Өзіне сиқырлы сусынымен тамақ-самақ алдыртып жатты да, бұған:
— Сізге бірдеңе керек пе? деді.
— Жоға, бәрі бар.
Сондағы бәрі дегені – ақаң, қияр, қызанақ, нан.
Қонақ өзінен-өзі:
— Осы ғой… Не болып кетті, иә?-деді.
— Нені айтасың, бауырым?
— Жалпы өмір деймін де…
Бейсенбі үндеген жоқ. Бұлардың үстеліне ащы қияр, сало, қымбатырақ салаттармен бірге қымбатырақ арақтан да әкеле жатыр екен.
— Менің атым Рашид болады.
— Бейсенбі.
Төртінші сөз алмасу. Үстелдестер есімдерін атауды енді ғана жөн көргендей. Бірақ бұларда бір қасиет бар – бір-бірін ұзақ жатырқап отырмайды.
— Өзің не істейсің, Бейсен, қайда, че по чем дегендей…
— Негізі, ветеринармын.
— О, базар жоқ. Мен осында, қалада бір ұйымда істеймін. Тура сенің атың сияқты!
— Бейсенбі деген бе?
— Пачти. Сенің атыңды бейсенбіде туғасын қойған ба?
— Жоқ, мен тіпті қай күні туғанымды білмеймін. Фторник ау дейм. Мені Бейсенбі деген бидің құрметін қойған.
— Ммм, ол кім тағы?
— Бейсенбі деген би болған біздің руда, кароче. Бейсенбі Дөненбайұлы. Бірақ Алтай жақта, Қытайда өмір сүрген би.
— Ммм, әйтпесе, сені біздің ұйымның тағдырласы, тура таңба салынған кісі деп жатыр едім. Ал, давай, таныстық үшін алып жіберейік!
Бейсенбі тартынған жоқ. Арақтың да сапасы білінеді-ау, мынау енді өзінікінен басым әсер етті. Сонсоң кешегіден қалып, бетіне су себілген винегреттен асап жіберді де, сөзге ашыла түсті:
— Во-о-от, бидің атында. Сол би… Уак, Абақтың арасында «Көкбестінің дауы» деген жүйрік тұлпарға қатысты дау шығып, оған Маман деген би қасына 13 жасар жаңағы баланы ертіп бармай ма? Сонда Бейсенбі би 97 жасар Ер Көкшенің көзінше 13 жасында билік айтады ғой, представь! Қайран бабам-ай десейш… Өй, сен өзі қазақсың ба?
— Жоға, татармын. Бірақ мықты екен.
— Ол биің еще күйші, батыр, құсбегі болған. «Кеңес» күйін шығарған. Талант!
Екеуі кілт қарады. Көрші үстелдегі көзілдірікті арық бұларға қарап, тыңдап отыр екен. Тағы бір рөмкесін көтеріп, енді екеуіңнің құрметіңе дегендей сілтеп жіберді. Блог - Medium: Бейсенбі
Рашид бір ауыз сөзсіз, қолымен бұлғап, әлгіні үстелге шақырып алды. Анау сүйрелеңдеп келіп, татардың жанына жайғасты.
— Елбек болады есімім, жігіттер.
— Мына быратың тегін адам емес екен, Елбек. Бейсенбі дейді атым. Бидің тұқымымын дейді. Кел, бәрі құрсын, тағы біреуден, бұл жолы сенің келуіңе,-деп мырс-мырс күлді Рашид. Бірден меймілдете құйылып, рөмкелер сыңғыры естілді. Сонан кейін үйірге тың қосылған айғыр:
— Ал енді толығымен: кіші ғылыми қызметкер Елбек Ерсінов собственной персоной. Временно безработный,-деп ыржиды.
— Ооо, білімді кісілер бізге керек. Бізге де керек, қоғамға да керек, жалпы бәріне керек. Мен бір шетелдік компанияда істеймін. «Бейсенбі куәгерлері» деген. Соған сендер сияқты мамандар артықтық етпейді.
— Определенно, діни бағыттағы ұйымсыңдар,-дейді одан сайын ыржиып Елбек. Интеллигент, қайтесің, ештеңе жасыра алмайсың!
— Иә, ол жағы да бар. Бірақ ақшаның иісі шықпайды ғой. Ақша табуға тамаша жер… Қарындас, тағы біреуінен қайталаш!
Рашид сөзін жалғады:
— Мысалы, сенің атың Бейсенбі болуы тегін деп ойлайсың ба? Ұлы четверг дегенді білесің бе?
Бейсенбі иығын қиқаң еткізді. Масаң адамдардың дін жайлы әңгіме айтқаны тамақ ішіп отырған өзгелерге құр ақаңның салдары ғана секілді көрінді.
Елбек басын қолына қойып, әлі қаусаған адамның сипатынша жатып қалды. Бірақ Рашид тіпті мас емес секілді.
— Ұлы, таза бейсенбі — Пасханың алдындағы уважаемый күн. Қара тұз, бейсенбінің тұзы деген ем жасайды бұл күні. Ана әулие-әмбиелердің Тайная вечеря деген жасырын отырыстың құрметіне. Әнебір суретті білесіңдер ме?
— Леонардо да Винчи бабамыздікі!-деді басын көтерместен Елбек.
— Иә, уопшым, бұл күні біздің күнәларымыз жуылып, кешіріледі.
— Біздің отырысымыз да бір тайная ғой. Күнәларымыз кешіріле ме?-деді сығырайып Бейсенбі.
— Әрине, кешіріледі! Ей, сен тіпті бейсенбі күні Исаның көкке көтерілген күні екенін білесің бе? Пасхадан кейін қырық күннен кейін келеді ол күн.
— Ей, қойшы-ей, мен атымның қадірін сол Пасхасыз да асырам ғой. Мен мұсылманмын ғой.
— Уот, мұсылманмын дейді. Уақақақа! Бейсенбі! Сен бейсенбіде не істейсің ал? Мұсылмандардың қадірлі күні – пятница!
— Иә, дұрыс-дұрыс, жұма. Бірақ соған дайындалатын күн ғо. Баяғыда, әйелім барда, әр бейсенбіде бейсенбілік дұға бағыштайтынбыз. Қайтқан туыстардың құрметіне. Білмеймін, бәрі жұмада, ал бізде солай еді. Четвергтің түс кезінен кейінгі уақыт қасиетті пятницаға өтеді деген намекпен. Таза күн дейсің. Бізде де таза күн! Дегенде де тырнақ алған адамның ауруы кетеді. Әрбір нәрсе осы күннің шарапатынан ауруға шипа болады.
Сосын бейсенбі күндері ораза ұстаудың үкімі – сүннет дейді ғо, яғни пайғамбардың істеген іс әрекеті. Бұл күні істеген істер Аллаға,- осы жерде Бейсенбі саусағын көкке қаратты. — ұсынылады… Мен өз атым туралы білмейді деп пе ең?
— Өй, қойшы, білгішсінбей. Сен мұсылман болсаң неге намаз оқымайсың ал? Неге ішіп отсың қазір? Ислам саған ішуге рұқсат бере ме не?
— Бермейді.
— Вот именно! Ал бізде рұқсат береді. Сен бізге келсең, сразу авторитет болып кетесің мұндай атыңмен. Діннің бәрі бір емес пе? Анда да таза күн, мында да таза күн. Вот, Елбек уже бізге келдім деп отыр,-деп, Рашид шынтағымен шала ұйқыдағы Елбекті түртіп қалды.
Анау басын кілт көтерді де:
— Бейсенбі деген шынымен мықты күн. Юпитер, Зевс, Тор сияқты басты құдайлардың күні, кәліндәрдің бірінші аптасында әбізәтелні болуы тиіс күн,-деп, қайта қылжия қалды.
— Өй, мынауың бір… Тұр, ей, Елбек, тағы біреуден, құйып қойдық уже…
Ғалымсымақ басын қайта көтерді. Сыңғыр-сыңғыр, бір айналым тағы кетті.
— Сен мені бәрібір дұрыс түсінбедің. Бейсенбі деген нешінші күн ал?
— Төртінші.
— А вот и нет! Бесінші күн. Сенде метка бар деймін. Бесінші күні, бейсенбіде Құдай не істегенін білесің бе?
— Не?
— Бұл күні киттер, балықтар, жын-жыбыр, мақұлық-мал, аң-құсты жаратқан. Тіпті сенің ветеринар екенің де Құдай жолындағы таңбаң емес пе? Сен жаратпасаң да, қайта өмір беріп жібересің, емдейсің.
— Сен мас болып қалдың ғой деймін. Мені қасиетті қылғаның енді… Ей, Елбек!
Елбек тағы да басын көтерді де:
— Рас айтад, четверг – уважаемый күн. Вот, британдықтар билік сайлауын всегда бейсенбі өткізеді,-деп ықылық атып, көзілдірігін шешпеген күйі қайта жатты.
— Мұнда нең бар? Жата берсін…
Үстелдегілер мылжыңдасып ұзақ отырды. Әңгімесінің бәрі бейсенбіге, не Бейсенбіге, не «Бейсенбіге» тіреле берді.
— … Уопшым, бізге келсейш! Сені несін үгіттейін, уже өзіміздің жігітсің ғой. Міне, визиткамды да ал.
Визитка! Салиқалы ұйымның кейпін салғандағы түрі. Елбектің басы мен қолының арасына да біреуін қыстырды.
— Счетты жауып тастайық. Сыртқа шығып темекі шегейік. Елбек, шегетінің бар ма ед?
Анау бұл жолы тың факт айтпақ түгілі, қимылдаған да жоқ.
— Счёт, қарындас!
Семіз қатынды қарындас деуге қиғаны — енді не әсіре мәдениет, не екіжүзіділік. Дегенмен, буфетші келді де, бір жапырақ қағазға 8400 деп жазып беріп кетті. Рашид иығын қомдап қойып:
— Өзім жігіттер, өзім!-деп қолын сілтей берді. Содан кейін қағазды оқыды да:
— Қатын ей, бұл қалай? Ішіп-жегеніміз максимум 5000 теңгенікі ғой. Әлде мені раасценкаларыңды білмейді дейсің ба?-деп дүр сілкінді. Жаңағы қарындас дегені тіпті болмағандай.
— Қатын деме маған! Ол — бұрынғы баға! Қазір басқаша! Теңгенің құлағанын білмейсің бе? Девальвация, ал!
— Қайдағы девальвация? Ипотекам бар еді,-Бейсенбі сау адамша байсалданып кетті.
— Қаралы четверг! Біз Нью-Йорктамыз, 29 жыл!-деп сөйлеп жатты Елбек.
Семіз әйел:
— Кәдімгідей, бүгін ғана болған, долларың 255-тен. Соны қарамай, сендер сияқты ішіп отырды деймісің? Ақшаларыңды төлеңдер де, құрыңдар бар!-деп тіксінді. Тек Рашид қана әлдеқайда болмыстық-тұрмыстық мәселені қаужай берді:
— Жігіттер, онда бәріміз собраз жасап… Бірақ сен бәрібір ертең кел бізге…
… Бейсенбі есігінен кіргенін ғана біледі. Қабырғадағы шегеге дұрыс ілінбеген кілт шылдыр етіп, еденге түсті. Кеш әбден қарайған. Оған мезі етер мезеттердің не басы, не соңы осы кез секілді көрінді.
Дәрігердің үйі ғой, ас үйден аптечканы оңай тапты. Бір дәрінің құтысынан алақанына толтыра салып, сумен ішіп алды. Сосын үнсіз ғана орнына жатты. Демалу керек. Кім біледі, ертеңгі күн жарқын бола ма, жұмысқа шақырған жері де бар. Нендей дәрі екенін де кім біледі…
Таңертең жаңа күннің атары анық. Атпасы да ықтимал. Қалай болғанда да, оның өмірінің бар болғаны ортасына, яғни бейсенбісіне ғана келгені ғана хақ.
Сөреде Г.К. Честертонның «Человек, который был четвергом» деген кітабының соңғы беті ашық тұрған еді.
Бөлісу:

7 пікір

ken
өз атыңмен-ақ жаза беруің герегед
Boribay_Bekarys
Дұрыстап жазыңдарсиш :) :) :)
MERmukhanov
Бейсенбі — керектің күні!
Basic
өлді ме сонда байғұс?
MERmukhanov
автордың ойында не барын...
Мен де анық 100 пайыз түсіне алмадым. Жұмбақ күйінде қалды.
MERmukhanov
Әңгімесінің бәрі бейсенбіге, не Бейсенбіге, не «Бейсенбіге» тіреле берді.

лібә, тығыздағанда да тығыздаппын