Бұл жерде өлім өмірге қызмет етеді
Түнек, бар болғаны, жарықтың жоқтығы. Суық жылу жоғалғанда ғана пайда болады. Жамандық жақсылық түгесілген жерде туады. Бір болмыс туу үшін екіншісі өлу керек. Ал өлім болса — өмірдің жалғасы. Рух жаратушының әмірімен жер бетіне түскен кездегі пәктігінен жұрдай болып, қайта көкке көтеріледі. Оның әлі тазарудан үміті бар. Ал күнә біткеннің бәріне куә болған ет пен сүйек Жер Анасының қойнына оралып, шіріп кетуі керек. Бірақ, әрдайым олай бола бермейді. Мәйітке де жаңа миссия жүктелетін кездер бар. Оны білуге дайын болсаңыз, кеттік.
Өмірдің өзі өлімге қарыз болған жерді көру үшін Астана медицина университетіне аттандым. Көздеген нысанам — Оперативті хирургия мен анатомия кафедрасы.
Таныс болыңыз: Кафедра меңгерушісі, Медицина ғылымдарының докторы Әшім Болатұлы Әубәкіров. Ақ халаттың иығынан түспегеніне қырық жыл болған. Университетте оқып жүрген студенттің қай-қайсысы да Әшім Болатұлын ешқашан ұмытпасы анық. Өйткені анатомияның қызық та қорқынышты әлеміне жолсерік болатын осы кісі.
Студенттердің мәйіттермен танысуы мұражайдан басталады. Беті қайтып қалмауы үшін ақырындап бой үйреткен абзал. Дегенмен, моргқа алғаш рет кірген студент есінен танып құлайды деген әңгіме – миф. Әшім Болатұлының тәжірибесінде ондай болып көрмеген. Қазіргі студенттер тіпті ештеңеден қорықпайтын көрінеді. Таңданатын түк те жоқ. Қан-жоса қырғынға толы фильмдер мен компьютерлік ойындар заманында көп нәрсеге көз үйренген. Десек те, мұражайдың өз аурасы бар. Мұндағы экспонаттардың ішінде қолдан жасалғаны жоқ, бәрі де бір кездері тірі болған.
Бас, алақан және жүрек. Жоқ, бір адамның мүшелері емес.
Бұл мәйіттің болашақ дәрігерлерге қызмет етіп келе жатқанына қырық жыл болыпты. Әлі тың. Тың болғанда, енді, әлі де іске жарамды дегенім ғой. Оның кім екені, қайдан келгені бүгінде беймәлім. Кім біліпті, ол да бір кездері өзінше бақытты өмір сүрген шығар.
Мына суреттегі шарананың тағдыры тумай жатып қиылған. Бұл үш айлық эмбрион. Жоқ, анасы түсік жасатпаған, қайтыс болыпты. Әйелмен бірге іштегі бала да о дүниеге аттанған.
Мүмкін, мұным күпірлік болар, бірақ бұл баланың дүние есігін ашпағаны да дұрыс болған сияқты. Оның миы дамымай қалған. Туғанда да адам боулы екіталай еді. Жә, біз негізгі тақырыптан ауытқып кеттік.
Бұл Болат Сағдатұлы Хамидулин. Медицина ғылымдарының докторы. Бүгін студенттерге адамның ас қорыту жүйесі туралы дәріс бермек. Шүкір, көрнекі құрал жеткілікті. Мәселен, анау ілулі тұрған сіз бен біз сияқты homo sapiens-тің ішек-қарны.
«Ет тарту». Бұл суретті түсіріп жатқанда-ақ ойыма осындай атау оралды. Мойындаңызшы, репортаждың не туралы екенін білмесеңіз, бұл жігітті аспаз деп ойлар едіңіз ғой.
Шындығында, адамның дене мүшелерін, әсіресе ішкі құрылысын мұндай күйде сақтап қалу қиын жұмыс. Астана медицина университетінде полимерлі бальзамдау әдісі қолданылады. Неміс анатомы фон Хагенстің әдісі ТМД елдерінде тек екі жерде пайдаланылады екен. Бірі, өзіңіз түсініп отырғандай, Астана, екіншісі — Петербордағы әскери-медициналық академия.
Хагенс әдісі ағзаның кез-келген мүшесін спирттемей-ақ ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Оны студенттер қолымен ұстап, кесіп, тігіп тәжірибе жасай алады. Қолдан істелген ойыншық бұйымдардың ешқайсысы мұндай әсер бермейді.
Медицина унверситетіне түскен студенттердің ешқайсысы моргқа соқпай кетпейді. Фармацевт те, офтальмолог та, терапевт те мәйітпен жұмыс істеп көруге міндетті. Оның үстіне, студенттер негізгі мамандығын соңғы курстарда таңдайды. Оған дейін, мархабат, моргтың есігі ашық.
Алайда, кейінгі жылдары мәйіт табудың өзі қиын жұмысқа айналған. Денсаулық кодексіне сәйкес, іздеусіз қалған өліктер медициналық оқу орындарына берілуі керек. Бірақ, бұл талап орындалмайтын көрінеді. Мәселен, Астана медицина университеті өткен жылы тек бір мәйітке әрең қол жеткізіпті.
Болашақ дәрігер үшін мүрдемен жұмыс істеп, шыңдалу өте маңызды. Егер ол мұндай тәжірибеден қағылса, ертеңгі күні тірі адаммен эксперимент жасауына тура келеді. Иә, айтпақшы, қателескен жоқсыз, суреттегі ми.
Ал мына ыдыстың ішінде жатқан адамның түрлі ішкі мүшелері. Аш ішек, тоқ ішек, өкпе-бауыр, бүйректер. Әнекей, әріректе жаңағы ми да көрініп тұр.
Адамның тұтас денесі де арнайы ыдыста, арнайы сұйықтықтың ішінде сақталады. Мынау екеудің жатқанына бір жылға жуықтаған. Егер мұнда түскен мәйіттің бәрі бірден сойылып, парша-паршасы шығады деп ойласаңыз, қателесесіз. Алғашқы қырық күндікте өліктер пышақ тимеген күйі тоңазытқышта жатады. Туыстары табылып, алып кетуі мүмкін ғой. Егер ешкім келмесе, сойылып, тағы бір жылға мына ыдысқа тоғытылады. Бұл уақытта да ешбір жақыны табылмаса, студенттердің көрнекі құралына айналады. Иә, бұл жерде де адамдар жұмыс істейді.
Мына кейуана төрт күн бұрын ауруханада қаза болған. Ауырып жатқанда ешкім іздеп келмепті. Моргқа жіберілген кезде ғана туыстары табылған. Енді алып кеткелі жатыр. Әжейдің бір бөлмелі пәтері бар екен. Кімге қалдыратынын жазбапты. Жаңағы туыстары жерлеп, қандас екенін дәлелдесе, соларға бұйырады. Әй, қу тірлік-ай!
Қырық жыл бойы мәйіттердің арасында жүрген Әшім Болатұлы бір нәрсені анық ұққанын айтады. Өліктен емес, тіріден қорқу керек. Өліктен зиян жоқ. Керісінше тап осы жерде, олар тірілер үшін өлшеусіз еңбек етуде. Иманды болсын!
Сұмдық ащы пост.
Кіріспесін жынды бастапсың — қысқа да нұсқа, мәнді.
негізі мұндай жерде суретке түсірмек түгілі бола алмайтын едім сол үшін үлкен плюс
Четь түсме енетін болды енд
Ал өлгеннен кейін сүйекті мұрагерлікке тастау ужсс сияқты, донорлық та сондай сияқты көрінеді маған
негізі, бар ондай суреттер, бірақ, жұрт мынаның өзінен шошып отыр ғой)))
Дәл осы жері өтірік деп ойлаймын, менің бір нағашым қайтыс болған, араға бір күн салмай-ақ барғанда пышақ тиген болатын.
Ана әжейдің қолына (ұстағанына )қарасаң, бұл жалғанда ешкімі, яғни сүйенер жанашырының жоқтығы байқалады.
Жаратқан Аллам, ит-құсқа жем қылмай, қабірге 12 мүшемізбен бүтін кіруді жассын…