Иттің жүні, ешкінің сүті...

Ұмытпасам бұл оқиға 2009-шы жылдың қысының аяғында не көктем мезгілінің бас жағында болды. Әйтеуір үстімізде қалың киімнің бары рас. Отбасылық өмірге ептеп болса да төселіп қалған кезіміз. Ұлымыз Ринаттың алты-жеті айлық кезі. Бір күні баламыздың мазасы қаша бастады. Дәрігерге көрсетіп едік «Қызуы көтеріліп тұр, бірер күнде қайтады» дегендей бірдеңелер айтып шығарып салды. Айтылған бірер күні өткен кезде Ринаттың көзі кіртиіп, еңбегі түсіп кетті. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деген рас екен. Бала ауырғаннан бергі үшінші күні ауылдан жеңгем келе қалды. Ринатқа қарады да «Мынаған ит тиген» деген диагноз қойып берді.
«Ит тию» деген аурудың барын бала кезімізден білеміз. Баланың тілі итке өз еркімен «Кет» дейтін жасқа жеткенше ауыратын ауруы. Барлық бала ауыра бермейді әрине. Оған түрлі себеп бар. Иттен қаймығу, баланың кәкәсін ит жеп қойса да ауырып қалады деген сенім бар. Ауылдық жерде шешелеріміз «Ит тиген» баланы өлген иттің бас сүйегімен жуындырып, иттің өлексесінің орнына аунатып, ем-дом жасап жататын. Қасқырдың өтін іздестіріп жатқан үлкендерді де көргенбіз. Қалада ондай мүмкіншілік жоқ.
Әбіләкімнің  ауылы: Иттің жүні, ешкінің сүті...Жеңгем, «Маған иттің бір уыс жүнін әкеліп бер. Мен сонымен ұшықтап жіберейін» деді. Есіме бірден түскен адам әлде ит көрші подъездегі сабалақ жүнді иті бар жалбыр шаш орыс болды. Салып ұрып жетіп барып, соның есігін қақтым. Жаман орысшаммен итінің бір уыс жүнін қиып беруін өтіндім. «Не, дружище, не могу. Я с этим другом уже 15 лет живу, не могу» дейд әлгі атаңа нәлет. Ол кезде әскери қызметтемін. Бір басыма жететін орысша-қазақша боқтықтың багажы әжептеуір болып қалған. Боқтап-боқтап шығып кеттім. Иттің жүнін іздеген бірінші күнім осылайша сәтсіздікпен аяқталды.
Екінші күні жұмыста қарамағымдағы жауынгерлерге ит аулатайын деген ойым болды. Біріншіден казарма маңынан, техника паркінің маңынан ит өтпей қойды. Екіншіден, біздің әскери бөлімде ит жоқ. Жұмыстан соң қоқыс төгетін жәшік жақты аңдыдым. Өзімше келген иттерді жүнінен бір қармап қалу. Ауылда «кәһ-кәһ» десең кез-келген көршіңнің иті құйрығын қылмыңдатып жетіп келеді ғой. Бұл жақта адамдармен қатар иттер де қатыгез екен. Екінші күнім де сәтсіздікпен аяқталды. Көңілге қуаныш ұялатып тұрған бір ғана нәрсе жеңгемнің әлі бір күн қонатыны.
Итшінің үшінші күні. Есіме, әжемнің жер үйде тұратын туыстары түсе кетті. «Жазған құлда шаршау жоқ». Аман нағашымдікіне келдім. Мені есіктің арғы жағындағы шынжырда тұрған қартаң ит қарлығыңқы дауысымен үре қарсы алды. Аман нағашымның өзін көргендей қуандым әлгі итті көрген кезде. Бір мезгілде үйден жөткіріне Аужекең де шықты. Әшейінде келе қоймайтын менің келіп тұрғаныма таң қалса керек. Ауызы ашыла сәл тұрды да үйге өтуімді сұрады. Обалы не керек нағашым, асты-үстіме түсіп күтіп жатыр-ақ. Мен қыпылдап асығып отырмын. Тамақ үстінде бұйымтайымды сұрады. Мен иттің бір уыс жүні керек екенін айттым. Көрші подъездегі орыстың бір уыс жүн бермегеніне Аужекең таңдайын тақылдататып алды. Содан не керек, ауылдан көшерде қимай алып келген кәрі иттерінің жүнінің өзі бір кәдеге жарады. Осы сәтте есіме түсіп отыр. Оқиға көктемге салым болған екен. Себебі, иттің түлей бастаған кезітін. Әйтеуір, қайшымен қимай-ақ жон арқасының, кеуде тұстарының жүні уыстап-уыстап алынды. Үйге кішкене салафан қалташаға толтырып иттің жүнін әкелдім. Жеңгем, бір уыс жүнді тұтатып, жүннен қалған күйелерді бірдеңелерді күбірлеп балаға жағып жатыр. Сол күні бала ептеп болса да жақсы ұйықтады. Ертесі жеңгем ауылға кетті.
Бірінші қабатта подъездің жуып-сүртіп тұратын татар кемпір бар еді. Жұрттың бәрі «Баб Паша» дейді әлгіні. Сол баб Паша маған іш тартып тұратын. Аздаған ақшасын уақытылы беретініме әлде, ішіп-тышпай тыныш жүретініме сүйсінеді ме кім білсін… Үйден шығып келе жатсам баб Паша әдеттегідей есік алдында тұр. Өзі менің кішкентайымды қатты жақсы көретін. «Ринатик-Ринатик» деп біз әрлі-берлі өткен сайын мұрнынан шымшып қалатын. «Күн жылы ғой, баланы далаға шығарып алмайсыңдар ма? Кейінгі кезде көрінбей кеттіңдер» деп жанашырлық танытып жатыр. Ринаттың ит тиіп ( дұрыс-бұрысын білмеймін әйтеуір иті бар болған соң «Рахит» деп жібергенім есімде) ауырып қалғанын, кеше жақсы ұйықтағанын айттым. «Алла жазса бірер күнде шығармыз» деп қоям өзімше. Баб Паша баланы көру үшін тәпішкесін сүйрете біздің қабатқа қарай көтерілді. Ринатты көрді де ешкінің сүтін ішкізту керек екенін айтты. Тіпті, ешкі сауатын құрбысының бар екенін, оған менің баратынымды ескертіп қоятынын айтып, әлгі жан падружкісінің мекен-жайын берді. Баб Паша айтқан «Козье молоконы» ішімнен мың қайталап Сұрыптау (Сортировка) елді мекеніне тарттым. Майқұдықтан жарты сағаттық жер. Іздестіріп жүріп, межелі жеріме де жеттім. Барсам, орыс кемпір бар шаруамнан «в курсе» екен. Күніне екі-үш мәрте ішкізсек, бала бір-ақ күнде шауып кететінін айтты. Алмаймын дегеніне қарамай қазақтың жоралғысы деп қалтасына аздаған ақша тастап кеттім. Негізі, осы Сұрыптау ауылының әйелдерінің көбі сүт өнімдерін сатып ақша табатынын білемін. Майқұдықтың базарындағы қолдың сүтін, ірімшігін сатып тұратын негізгі сатушылар осы Сұрыптаулықтар мен Көкпектіліктер. Сонымен, ол да риза мен де риза. Үйге келдім. Ешкінің сүтін пісіріп, балаға ішкіздік. Ертесіне Ринат ауруынан құлан-таза айығып кетті. Сәйкесінше біздің жүзімізге де күлкі үйрілді. Ринаттың жазылуына иттің жүні әсер етті ме, әлде, ешкінің сүті әсер етті ме білмеймін. Білетінім, айналамдағы адамдардың шынайы ықыласы мен ниеттерінің арқасында құлан-таза айығып кетуі.
P.S. Содан бері кішкентай баланың памперс-мамперсін, жаман киімдерін салафан қалтаға орап, қоқыс жақта өрттеп жіберетін болдым.
Ешкінің сүті керек болса, міне
Бөлісу:

16 пікір

zholantai
дұрыс-бұрысын білмеймін әйтеуір иті бар болған соң «Рахит» деп жібергенім есімде
ужс,
Abilakim
Әйтеуір, рахитпен жас баланың, оның ішінде емшектегі балалардың ауыратынын білетінмін ол кезде. Содан айтқан болармын деп ойлаймын қазір…
sammita
рахит күн сәулесінің жетіспеуінен болады, сондықтан қараша-наурыз аралығында туған балаларға кальций ішкізеді міндетті түрде. Яғни, күн сәулесінде болатын витамин жетіспесе, сүйек-буыны дамымай қалады. Бұрын ондай балалар көп болатын. Баланың еңбегінің өлшемімен де анықтап жатады оны.
Ешкінің сүті қазір сатылады, мысалы «Астана Өнім» ЖШС шөлмекпен шығарып жатыр. Ешкінің сүті ем деген рас екен.
Abilakim
Кеше осы оқиғаны келіншегім екеуміз қайта еске алдық. Сөйтсем менің миымда қалып қойған «Рахит» сөзін бізге дәрігер айтқан екен. «Бала рахит» дегендей әңгіме айтқан екен.
Arys_arlany
Қойдың сүті қорғасындай ауыр деп, балаларға ешкінің сүтін ішкізетінін білем
patick
Бір деммен оқып шықтым.
neoaskar
«Не, дружище, не могу. Я с этим другом уже 15 лет живу, не могу» итімен қосып бір ағашқа байлап кетпедің бе? өмір бойы тұрыңдар деп. иттің баласы екен. бере алмаймын дегені несі. итін етінен кесіп беретіндей.
Бала ауырмасын. общым балалар ауырмасын.
Бірде шымқалаға барғанымда біздің балаға көз тиді. енді оның ит тигенмен айырмасын білмедім. бірден ойнап жүрген бала (6 айлық) жылады да қалды. жылай береді жылай береді. бір кісінің үйінде отыр едік сол кезде. мен дереу кетеміз дедім. қатын қайда дейді. қой медресеге барайық, сонда қонамыз деп ертіп кетіп қалдым. балаға сол үйдің егесінің көзі тигенін біліп отырмын (қарауы жаман еді, сол үйге келгенше сап-сау еді). содан медреседегі ұстаздар мен шәкірттерді шақыртып алдым (таныстарым ғой). 6 жігіт алты жағынан отырып «Ясин» сүресін оқи бастады. Тоқтамай оқып жатыр. бір жиырма минуттай оқыды. сәлден кейін бала өз-өзіне келіп ойнап кетті. Міне, Құранның құдіреті. Алла шипасын берді.
ken
иттер 15 жыл өмір сүре ме?
Abilakim
Менің бір итім болған. Мен бірінші класқа барарда аудан орталығында тұратын әкемнің інісі әкеліп берген. Неміс овчаркасының күшігі деді. Онысын ауданда тұратын немістен алғандығымен дәлелдегені және есімде. Сонымен, бір-екі жыл өткен соң әлгі ағама күшігім үлкен ит болып кері қайтты. Үйіндегі мал-жанын күзетіп тұру үшін керек болыпты. Айтып-айтпай не керек әлгі ит мен әскерге кететін жылы тірі болды. Бір-екі рет алыс жақтарға апарып тастаған екен. арып-ашып қайтып келіпті. Ит ататындар атып тастамағанда әлгі ит мені әскерден күтіп алар ма еді… Шыны керек мен әскерге кетерде байғұстың қауқайған басы ғана қалғантын…
SaryQazaQ
«Ринаттың жазылуына иттің жүні әсер етті ме, әлде, ешкінің сүті әсер етті ме білмеймін»
Қорытындысы сұрақ белгісімен аяқталыпты
Aya
а Ринат қазір дәу жігіт болған шығар
KazNU
Менің інімнің де (ағамның баласы) осы сиякты ауырғаны есімде-тін. Мамам «ит тиген» деп бірден айтқан, ит тисе бала ит сиякты іитиіп қалады екен. Ит баланы иіскеп кетсе де солай ауырады екен. Бірақ мамамның қалай емдегні есімде жоқ.
KazNU
Аман нағашымның өзін көргендей қуандым әлгі итті көрген кезде.
Adiletshu
Бір класстасым балам ауырып қалды, детсадқа апарғам, сонда көз тиіп қалды ғой дейм, молда, тәуіп, орыс, түрік бабкалардың қайсысына апарып оқытқан дұрыс дейді. Поликлиникаға апарғаның дұрыс болады дедім