ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫ. 1/8. БАРСА VS МАНСИТИ
Футбол десе, қатынын төркініне жіберетін жанкүйерлер, атша шауып жүрмісіңдер?! Қалай, мониторға сәл еңкейіп, сол қолмен жақтарыңды таянып, ыңғайланып отырсыңдар ма? «Кім не жазды екен, ә?» миықтарыңнан мырсылдап. Футбол үшін көп сөздің қажеті жоқ, көпәріп деп ешкім оқымайды. Барынша қысқа етіп жазайын. Біршама уақыттан бері ештеңе жазбай кеттім. Жалпы, Керекинфоның «белсендісі» емеспін ғой. Менің Барсаға көкбауыр тұсымның бұратындығы жасырын емес-ті. Чемпиондар Лигасының 1/8 финалында Мансити футбол командасымен ойнайды. Жеребе осылай түсті. Бұл команданы зерттеуге тырысып көрдім. Мықты тұсы, әлсіз тұсы қайсы. Сұрақтарыма жауап іздедім. Біраздан бері Манситидің ойындарын әр жерін көріп жүргенмін, былай жақсы команда. Топтық кезеңде Мюнхен-Аренада Байернді ұтты. Кеше Мансити-Ливерпуль ойынын төреші «ойын басталды-ойын аяқталды» деген белгіні білдіретін ысқырық шалған кездерінен, яғни, басынан аяғына дейін көрдім. Команданы бір ойынына қарап, «пәлен екен, түген екен» деген таяз ойлылық пен футболдық мағынада дүмшелік болар. Манситидің бюджеті қомақты, футболшылары шебер. Бапкері — Пеллегрини деген азамат. Бұл азамат Испания футболымен етене таныс, талай жыл Ла Лиганың бірнеше командасында бапкер болған. Барсаны жақсы біледі. Командалары Каталония шеберлерімен сан мәрте кездескен. Манситидің ең мықты тұсы — қос қапталдағы жартылай қорғаушылар мен шабуылшылар. Испания футболымен таныс — испан Силва (Бұрынғы командасы «Валенсия»), Навас (Бұрынғы командасы «Севилла» — испан акцентімен), Негредо (бұл да «Севилладан»), ЯЯ («Барселона») және Серхио Агуэро. Коларов, Джеко, Фернандинио, Насри секілді футболшылар бар. Мықты әрі әлсіз тұсы — орталық қорғаушылар: Компани мен Лескотт. Қарсылас команданың шабуылшыларынан әр ойында кемі екі-үш рет «көз жазып» қалатын әдеттері бар. Қателіксіз адам болмайды. Есесіне, осы қорғаушылар қарсылас команданың айып алаңындағы стандарттар кезінде басып-жаншып, баспен гол соғып кетуге қауқарлы. «Зік» еткізеді, болды, доп қақпада! Барсаның шағын денелі шабуылшылары осы екі азаматты әбден терлететін түрі бар. Қақпашы Хартты Барса сынап көреді. Көбіне, қақпашылар жайлы көп айтылмайды. Ойын барысына қарай, дәлірек айтсақ, бабы мен бағына қарай жұмыс істейді. Ал, көрер қызық көбейсін! Әдемі футбол көру бұйырсын!
16 пікір