Әрқалай жағдайларға мидың берген 5 жауабы
Әрқандай боп жатқан құбылысқа, ырым-тыйымдарға ғылыми түсінік іздеп, түртіншектеп жүріп, «неге бұлай» деген сұрақтарымның үшеуіне жауап тауып алдым. Күнделікті ит тірлікте кездесетін жағдайлар ғой.
Жайдан-жай ерігіп отырып, миымызды төртөлшемді гиперкубтар, кванттық механика немесе қай-қайдағы шексіз қосындылар туралы ойлануға мәжбүрлесек, ол бүлік шығара бастайды. Және оның осылай дүрбелең салуы заңды. Өйткені, сұр түсті қойыртпақ- оңайға әдеттенгендіктен, күрделі басқатыруларға дайын емес. Күнделікті тұрмыста кездесетін мәселелерге ғана үйреніп қалған. Әйтсе де, соның өзінде миға тежеу салып, адастырып кететін қарапайым жағдаяттар да кездесіп жатады. Мәселен:
Есіктер
Басқаны қайдам, менде көбіне бөлмеге бірдеңе аламын деп кіріп, не үшін барғанымды ұмытып қалатын жағдай жиі боп тұрады. «Не үшін келдім ей, мұнда» дегендерді де көп естимін. Бұл еш алжи бастағандықтың белгісі емес. Бар құпия есікте жатыр.
Чикагоға таяу маңдағы Нотр-Дам Университетінің психологтары анықтағандай, есіктен есікке өткенде санада арнайы механизм іске қосылады, оны шартты түрде «оқиағалар шекарасы» деп атайды. Мида ұқсас ойлар жинағы мен естеліктер өзара бөлініп «орналасады». Кинодағы эпизодтар сияқты ғо.
Ми автоматты түрде алдыңғы бөлмедегі ойды «мұрағатқа жібереді» де, жаңа бөлмеде болатын жағдайларға деп өз санасын тазалап қояды.
«Оқиғалар шекарасы» әдетте өз ойларымыз бен естеліктерімізді реттеуге мүмкіндік береді, себебі қозғалыстағы дене үнемі мекен ауыстырып, тапсырмадан тапсырмаға алмасып отырады.
Адам не мақсатпен келгенін ұмытып қалғанда, еске түсіруге тырысады. Міне, осындай кезде миға салмақ салынып, күрделі қиындықтарға тап боп қалады.
Дыбыстық дабылдар
Оятардың шырылы, кептелісте тұрған кездегі автокөліктердің бипылы немесе қуаты таусылғанын білдірген ұялы телефонның шиқылы және т.б осыған ұқсас дыбыстардың қайсысы жыныңызға тиеді? Ешбірі де құлаққа майдай жағып, рахат күйге бөлей қояды деп ойламаймын. Менде солай. Бұл дыбыстық дабылдардың барлығы заманауи өмірдің саундтректеріне айналып үлгерді, сонда да жынды қоздырады. Оған себеп: осы бір дыбыстардан мида қозғау жасалады.
Адамның эволюциялық дамуы мұндай дыбыстық дабылдарды қабылдауға бейімделмеген, сондықтан да ол дыбыстар сана арқылы қабылданады. Табиғи дыбыстар қуаттың берілуі арқылы жасалады. Мысалы, барабанды алалық. Барабанды соққан кезде, дыбыс пайда болады. Ол дыбыс таралады, бірте-бірте сейіледі, жәйлап барып бәсеңдеп, тынышталады.
Біздің ақпаратты қабылдау жүйеміз ненің үні шығып жатқаны, неге шыққанын түсіну үшін дыбыстың бәсеңдеуін пайдаланады. Ал, қазіргі дыбыстық дабылдар- сағатына 60 миль жылдамдықпен жүріп келе жатып, лезде тоқтаудың орнына, қабырғаға барып соғылған автокөлік сияқты. Өзгермейді, бәсеңдемейді, өшпейді. Міне, сондықтан да ми: не боп жатқанын, қайдан шыққанын түсіне алмай, дал болады.
Фотосуреттер
Интернетті пайдалануды үйренгенімен де бейімделе алмаған қарт адамдар сияқты ми да фотосуреттегі адамдарды немесе нысандарды саналы түрде шынайылықтан ажырата алмайды.
Мысалы: Егер адамның қолына дротик беріп, фотосуреттегі өзің танымайтын адамға қадап бер десе, дөп тигізу ықтималдылығы аз болады. Ал, сол фотосуретте Гитлер, не тағы сол сияқты ата жауы көрініп тұрса, қақ маңдайына қадау мүмкіншілігі ұлғаяды.
Егер де адамның алдына өзінің балалық шағынан хабар беретін фотосуреттерді қойып, қидалап кесіп бер десе, ол адам қиналып, терлеп-тепшуі мүмкін. Мұны жүргізілген ғылыми зерттеулер көрсеткен.
Өткен өмірімізде миллиондаған жылдарға созылған тәжірибе болмағандықтан, ми да көрген дүниесін шынайылықтан айырып алуға қабілетсіз.
Телефондар
Қалтадағы телефон дірілдеп, вибрация ойнағандай сезіледі. Жалма-жан қалтаға қолды жүгіртіп, суырып алғанда ештеңе де болмаған. Қоңырау шалмаған, хат келмеген, бірді-бір құлақтандыру жоқ, үнсіз. Бірақ дірілдегендей болды. Мұндай жағдай уақыт өткен сайын қайталана берсе, бұл «елес дірілдер» деп аталатынын білген жөн. Өмірдегі бей-берекеттікті, хаосты реттеу үшін кей кездері ми қате шешімдер жасайды.
Байғұс ми үнемі сырттан келген әралуан ақпарлардың шабуылына ұшырап отырады. Сондықтан да ол, кеп жатқан ақпараттарды сүзгіден өткізіп, қажетсізін наққа жіберіп, маңыздыларын жіліктеуге тырысады. Біздің дәуірімізге дейін мекендеген адамдар қисық бұтақтар көрсе үнемі жылан деп қабылдаған.
Бүгінде бас сүйектің ішіндегі қойыртпақ: айналадағы киімнің сыбдырынан бастап іштегі сылдырға дейін қате түсініп, телефон шалғандай, не смс хабарлама келгендей етіп хабарлауға тырысады. Телефон вибрациясына ұқсас жағдай ғой.
Доңғалақ
Өзгені қайдам, менде жиі қайталанады: кино көріп отырғанда, ондағы автокөліктердің доңғалағы кері айналып жатқандай көрінеді. Мұның себебі: камералар жылжымайтын кескіндерді белгілі бір жиілікпен жазып алады, ал ми болса кескіндердің аралығын өзінше толтырады. Яғни, ұқсас кадрлардан үзіліссіз қозғалыстағы тұтас көрініс жасап алады, осылайша иллюзия пайда болады. Егер де доңғалақ бір кадрдан екінші кадрға өту аралығында көп айналатын болса, онда ми кадрлардың бір-бірінен айырмашылығы мейлінше аз деп ұйғарғандықтан, кері айналып жатқандай қабыл етеді.
Алайда, «кері дөңгелеген доңғалақтар эффектісі» шынайы өмірде де боп қалуы мүмкін. Мұны түсіндіретін негізгі теория былай дейді: ми доңғалақтың қозғалысын, камера сияқты, бірізді тұрақтылықтағы кескіндер деп түйсінеді.
Айтпақшы:
Таңертең 1 стақан анар шырынын сіміріп жіберсе, тәулік бойына сексуальды белсенділік жоғарылайды. Өйткені, анар шырыны ағзадағы тестостерон гармонының бөлінуін жақсартады, жеделтетеді, көбейтеді. Зерттеулер көрсеткендей, анар шырынын ішкен адамдардың денесіндегі тестостерон деңгейі 16-дан 30-ға дейін жоғарылағаны байқалған. Сондай-ақ, анар шырыны — адамды жер тарпыған айғыр, не бұлаңдаған байтал етіп ғана қоймай, көңіл-күйді көтеріп, жадты жақсартып, сынақ тапсыратын, не сахнаға шығатын және т.б осыған ұқсас сәттерде болатын қысқа мерзімді толқыныс, күйзелістерді жоюға сеп болады.
Бірақ, былай байқап көрсеңші, қалай екенін айтсаңшы
Әйтпесе, құрдан босқа қышқылға асқазанымды ойғызғым келмей тұрғаны.
мына жердегі «не» деген шылау екі объектінің былай тең дәрежелі екендігін көрсетіп тұр да.
оразасыз бапартнерсіз??? Жолик сенен мұндайды күтпедім