Ертең…
Бірде үйге көкемнің кіші қызы, яғни қарындасым кіріп келді. Жүзінде ыстық қуаныш пен бір күлкінің белгісі ойнаған. Жексенбіні пайдаланып ұйқымен ерте қоштасқым келмей, жастығымды жарымдай қып құшақтап жатқан мен оянып кеттім. Қарындасым маған амандасқаннан кейін, «Біздің әке арақты қоям деді»-деді күтпеген жерден. Мен де іштей қуанып,қарындасыма күліп қараған күйім де ойланып кеттім.
Кішкентай болса да отбасының берекелі болғанын қалайтын оның сәби жүрегіне қызықтым. Арада бірнеше айлар өтті. Әлгі арақты алысып жеңіпті деген «батыр» көкем, тағы да ащы суды төбесіне көтеріп, белгілі мұңдас, сырлас кейін соңында жекпе-жектегі қарсыласына айналатын адамдарымен үйінде отыр екен дегенді естідім. Өзі құмары қанғанша ішкені ештеңе емес,үйдегі тірліктің тұтқасы жеңгеме де тиісетінді шығарыпты. Жұмыстан шаршап келген жеңешеме «қасымда отырасың, ас пісір» деп түн ортасында тұрғызып алады екен.
Ертегідегі бір ұйықтаса отыз күн ұйықтайтын батырлар секілді, көкем де бір ай тоқтамастан түбін түсіретін әлгі шөлмектің.Қалада жұмыс істеп жүрген жалғыз ұлы осындай жағдайларды естігенде бойын намыс пен ашу кернеп үнемі асқар тауына балайтын әкесіне ренжіп жүретін. Бірақ оған қарайтын кісі қайда, азаптан құтқарушы деп бағалайтын шайтанның шырынын сіміре беретін.
«Мас адам не демейді?» демекші құтыдағы «қымызға» тойып алған қара күш көкем,қырымның қырық батырын іздеген батырдай көше кезуге шығады. Ондағы келетіні бірінші біздің үйдің босағасы. Талай түнде тәтті ұйқысынан оятып атам мен әжемнің мазасын алып, тіпті балағат сөздерді де бетіне бажырайып айта беретін. Әжем байғұс «Осыған ақыл кірмеді!» деп жанарының жасын жаулығына сүртіп жылайтын. Ол ішкен күн мен әр тостағанның өзі тарих секілді есте қала беретін, себебі сылқиған сәттегі көкемнің «керемет» сөздері есте қалмақ түгілі, жүрегіңде жарадай пайда болып, жатталып қалатын. Кейде ішіп ап шешендігі мен көсемдігі қатар келе қап, ауызымен айды алып, жұлдыздарды жинастырып тастап армандап қоятын. Әрине оның ең соңы әлгі еріншек жақсы көретін «ертең» деген сөзбен аяқталатын. Ал жеңгемнің еңбегі ұшаң-теңіз. Сімірген суынан ауру пайда болса қасына әйелін шақырып, кешегі батырлығын ұмытып талай түнде бір дәрінің күшімен өлімнен қалды.Тіпті жүрегінде тастаймын деген сенімі жоқ «сері күйеуін» арақты мүлдем ауызына алдырмас үшін талай тәуіптерге де бармақ болды. Бірақ оның бәрін «жарайды, ертеңнен бастап бас тартам арақтан»деген көкемнің сөзі басып тастайтын. Қарындасымының қуануы сол себепті екен, түнде көкем «ертеңнен бастап арақты қоямын»деген екен. Ай, кішкентайым-ай, сен алғаш естігеніңмен бұл «ертең» деген сөзді сенің анаң жиырма жыл бойы естіп келе жатыр ғой, тіпті санынан шатасқан да болар….
Қазір балалығымның бал шақтарын өткізген қара шаңырағымды тастап қала тұрғынына айналып ақылы түрде университет қабырғасында білім ап жатырмын. Көкемді де көрмегелі көп болды, бірақ ең сорақысы көкем сияқтыларды бұл қаладан күнде көремін. Бір қызығы қалалық «батырлар» бұл жақта бір топ боп жүреді екен, жиылатын жерлері жылу жүйесінің қасы,қоқыс жәшігінің «жылыжайы», байлыққа толы базардың маңы. Бірде алаңсыз ой үстінде отырған мені, бір адамның сөзі бөліп жіберді. Қарасам,үсті-басы кірқожалақ әкеммен жастағы жігіт алақан жайып жиырма теңге сұрап тұр. Оны мен түгіл «соқырдың» өзі танитын шығар бір көргеннен ішетін адам екенін. Араққа пайдаланатын білгендіктен бес тиын да бермей «жоқ» дей салдым. Ол жөнімен кетті. Мен отыра қап ойландым. Тепсе темір үзетін жігіттеріміз бен ауыздықпен алысатын арыстарымыз арақтың «адал» досы боп бара жатырғанына жүрегім қан жылады. Сол сәтте қарындасымның қуанған сәті түсті есіме. Иә бәлкім әлгі меннен ақша сұраған ағамды үйінде босағаға телміріп, «әкем келеді» деген үкілі үмітін үзбей балалары мен жұбайының жағдайына күйінген жары күтіп отырған шығар. Ол да көкем сияқты ертең келем деп кеткеннен үйіне оралмай жүрген болар. Кім білсін?!
Ерболат Қарақойшиев. ЖасPress-жастар баспасөзі
«Тек солтүстік қазақтары ғана арақ ішеді» деген жоқ сияқты едім.
Ал егер сен «Оңтүстік қазақтары арақты қатты ішеді» деп отырсаң, онда мен емес, қайта сен қыртып отырған болып шығасың.
Сөз жоқ, мұндайлардың талайын көрдік. Көріп те жүрміз әлі.
Айтпақшы, Аллен Каррдың арақты тастау туралы да кітабы бар сияқты.
Өздері кінәлі деп оларға суық қарау дұрыс емес. Әрине, өздері кінәлі, бірақ сонда да.