"Сырттай қарағанда сектаға ұқсайсыңдар!.."



… Бұрынырақта мен блогты өміріме соншалықты бір ықпалы бар нәрсе деп ойламадым. Иә, энтузиаспын, алғашында блогты өз қызығушылығыммен жүргіздім. Ал, жастары алпыстан асқан ата-анам блогтың жайын тіпті де түсінбейтін. «Алматыда блогқұрылтай өткіздік. Астанадағы блогқұрылтайда өз презентациямды жасадым» деген жаңалықтарымды олар жайбарақат қана қабылдайтын. Бәрі осылай жалғасып кете берер ме еді, егер мына оқиға болмағанда…
Анам былтыр жұмыс бабымен Астанаға барды. Сонда мені 15 жылдан бері көрмеген Айгүл есімді тәтем анама «Розка бой жетті ғой. Қазір қандай қыз болды екен?» деп, менің ғаламторда электронды поштам бар-жоқтығын сұрайды. Анам менің поштамды қайдан білсін, «Білмеймін, әйтеуір, ғаламтордағы атым – Розатай» деп Алматы мен Астананың арасында шауып жүр ғой» дейді. Айгүл дереу айпадын ашып жіберіп, іздеу желісіне «Розатай» деп тергенде, блогыма топ ете қалады. Содан не керек, тәтем қызды-қыздымен анама менің біраз жазбамды оқып береді. Оның ішінде анама арналған «Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін» деген жазбам бар еді. Ол өзі бір сағынышқа толы пост болатын. Дәл соны оқып бергенде, анамның көңілі босап, ағыл-тегіл жылайды. Оны үйдегілер «Тәйт әрі, аман-есен жер басып жүрген қызының жазғанына сонша жылағаны несі? Баяғы «балмұздақ» кезінде сені сағынып жазғаны ғой» деп тыйып тастайды. Анам осыдан кейін менің блогымның нөмірі бірінші оқырманына айналды. Қазір әкем екеуі ел-жұртқа «Біздің қыз — блогшы» деп мақтанатын болды. Құдай біледі, ата-анамның қатарластары олардың осы мақтанышын түсінбейтін де шығар…

Бірде маған блогкеңістіктің ішкі «кухнясын» білмесе де, блогшыларды сырттай бақылап отыратын байқампаз бір ағам «Сендер сырттай қарағанда сектаға ұқсайсыңдар!» деген еді. Бұл сөзге кәдімгідей ойланып қалдым. Расында, біз блогтың және блогқұрылтайлардың арқасында арамызда сондай бір жылы атмосфера орната алдық. Ең алғашқы блогқұрылтайдағы бәріміздің шай мен көже тасып, қағаздарды түгендеп, келген жұртқа құрақ ұшып қызмет қылған күнімізден бастап тонның ішкі бауындай араласып кеткенімізге кәдімгідей қуанамын. Бір-бірімізбен кездескен жерде шүйіркелесе қаламыз. Жиі-жиі бас қосып тұрмасақ, көңіліміз алабұртып, «біртүрлі» боп жүретін дертке ұшырадық. Қай жерде болмасын, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, тілекші боламыз. Туған күнді бірге тойлаймыз, біреудің жақыны қайтса, бәріміз көңіл айтамыз. Қазіргідей суыққанды заманда өзіңе жанашыр, қолдаушы орта табу да оңай шаруа емес. Бұл жағынан, біздің (блогшылардың) жолы болды деп есептеймін. Құрылтайларды ұйымдастыру кезінде «Блогқұрылтайға ешкім шақырылмайды, тек құлақтандырылады» деген ереже бекітілген-ді. Шара өткізілген күндерде де «хан мен қарашаның» дәрежесі тең болған-ды. Сол кезде қалыптасты ма екен, қазір де блогшылардың ортасында шеніне, жасына, біліміне, бой-сойына қарап бөліну деген түсінік мүлдем жоқ. Бұл жерде риясыз көңілдер мен достық рәуіштегі қарым-қатынастарға ғана басымдық беріледі.
Сөзім салмақты болуы үшін мысал ете кетейін, бірінші курста бойымдағы жалыным тасып жүріп, баркемпке қатысқаным бар еді. Сонда сөзі де, ісі де орысшалау ұйымдастырушылар мені жылы қарсы алып, «Ұялмаңыз, ішіп-жеңіз, презентацияларға қатысыңыз» деп асты-үстіме түсіп, бәйек болғанымен, ол жерде өзімді қолайсыздау сезінгенмін. Ол кезде менде тіпті блог та болмаған еді. «Шіркін-ай!» дегем сонда «Өзім көсіліп сөйлеп, ойымды батыл білдіре алатын, мына жердегі қатысушылардан әлдеқайда қазақы ортаға тап болсам ғой!» (Осындайда қазақ не деуші еді, «Құдай тілегін қабыл қылды, періштелер әумин деді» дей ме?) Менің арманым бір жыл өткен соң орындалды: Біз ең алғаш қатысқан блогқұрылтай! Танымал болуыңа блогтың ықпалдылығы мұнша жоғары болар ма, алғашқы блогқұрылтайда жан-жақтан жиналған блогшылар өзара әңгімелескенімізде, біреулердің «Сен Розатаймысың?» деп сұрағанының өзіне марқайғаным бар. Сол кезде бірінші рет тізе қосып, шараларды ұйымдастырған алматылық блогшы қыздар Астанадағы екінші блогқұрылтайда да қарап қалмады. Бұл жолы да келген жұртқа қағаз-қалам таратып, жөн сілтеу біздің міндетіміз болды.
Енді «Блогқұрылтай бізге не берді?» деген сұраққа жауап іздеп көрсем:
Дәстүрлі басқосулар;
Шетелдік қандастармен дидарласу, сұхбат құру;
Креативті кездесулер (Алматылық блогшылар арасында екі мәрте кинопати ұйымдастырылды. Астаналық блогшылар бірнеше рет «Домбыра-пати» өткізді);
Презентация жасауды үйрену (ділмарлық, шешендікті дамыту, көпшілік алдында қысылмай сөйлеуге әдеттену, білгеніңмен бөлісу);
Ұйымдастырушылық қабілетті арттыру (тізе қосып жұмыс істеу, ортақ идеялардың, ортақ мүдденің пайда болуы);
Бейресми кездесулер (Блогшылардың аяқ астынан кездесіп, шұрқыраса қалуы);
Туысқандарды тауып алу (Блогқұрылтайда біреудің ағасымен, біреудің жеңгесімен, енді біреудің жездесімен табысуы;
Ыстық ықылас (Емен-жарқын әңгімелесу, риясыз күлкі. Достық, кейде тіпті махаббатқа ұласатын сезімдер);
Папарацци (Блогшылардың ортасында бірін-бірі кез келген жерде, тіпті жерасты өткелінде де суретке түсіріп, әлеуметтік желіде, блог бетінде жариялау әдетке айналған).
Егерде менде блог болмаса, блогқұрылтайларға қатыспасам, менде жоғарыда аталған артықшылықтар (блогқұрылтайдың бізге бергені) болар ма еді? Әй, қайдам!..
Бөлісу:

22 пікір

AKY
Ай, Розка, маладес!
kokbori
Бәрекелді, Розатай! Менің ойымдағыларды айтып сапсың
Korkem
Қызыға оқитын пост)
Erkekyz
Galaxy tab Розатайдікі. Қандай жақсы жазылған!
ushkin
Розкабай, мынауыңды оқып отырып, екі блогқұрылтай көз алдымнан зулап өтті. Лайық!
mankobai
Қызыға оқыдым. Керемет!!!
asaubota
шынымен солай ә? блогерлік арқасында біраз нәрсе үйрендік, үйреттік, біраз адаммен таныстық.
TOTY
Нағыз блогшының стилі! Жазбаңды түн жарымында оқып...«көзге жас келді...»!
Шындығында, блог жазу адамды жан-жақтылыққа икемдейді. Блогтың арқасында достарың да көбейеді. Қазақ блогосферасының іргесінің жылдан-жылға беки түсуіне де, биылғы өткелі отырған үшінші басқосу дәлел!
AKA
Үздік жазба, лайықты!
Aikona
Күшті сол сектамыз аман болсыншы, өзіме ұнайды. Жарайсың Розка!
aikarakoz
Ата-анаңның мақтанышы боп жүре бер, Розкабай)
Сектамыз маған да керемет ұнайды))
monti
тематикалық патилер керемет, и очм кездесулер керемет, күліп/күліп, ой түйіп қайтасың, көп кездеспесең, сағынып қаласың
ии сандары-ай
temir1986
Айтарым жоқ. Тамаша.
asaubota
ау, Ойылдың баласы, келшиш сен де құрылтайға.
temir1986
Қалай еді әлгі? Түзге шықсам батырмын. Үйге келсем қатынмын. Қатын ауру, бала жас. Тары түйіп жатырмын дейме.
asaubota
онда бұйырса ауыл жаққа барғасын кездесерміз. жазда барып қайтам ғо.
temir1986
Ойылға қарай шыққанда хабарлас. Мен Екпеталдамын.
Gulistan
Сурет сәтті таңдалған. Шынымен «секта» дейтіндей