Құлшылыққа құлшыну – құтылу 5
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!
13 – Сақал мен хиджаптың не қажеті бар?
Біріншіден, көп адамдар сақал мен хиджапты көретін болса ала көздерімен қарап, шошып, мұсылман бауырларымызға түрлі сөздер айтады. Алайда, осы жерде бір сұрақ туады, әрі оны қоймау мүмкін емес: Хиджап пен сақалдың қандай проблемасы бар? Мысалы, менің сақал өсіргенімнің, немесе әйелімнің хиджап кигені сізге («екі туып, бір қалған» емес бір кісіге) не зияны бар? Сіз тамақ ішіп жатқаныңызда ешкім сақалын ыдысыңызға батырып жатқан жоқ қой! Онда несіне біреудің сақалына ашуланасыз?
Мүмкін сіз: «Сен әлі жассың ғой. Сақалды шал болғанда өсіресің», — деп айтарсыз, онда біз жауап ретінде: «Сіз үлкен кісі болдыңыз ғой, неге әлі күнге дейін сақал өсірмедіңіз? Көрдіңіз бе, мәселе жаста емес ғой, демек сіздің жас адамның сақалына қарсы болуыңыздың басқа себептері бар. Ал менің жастығым туралы айтар болсақ, онда не үшін сақалым қартайғанда өспей, дәл қазір өсіп жатыр? Не үшін? Оны қырып тастау үшін бе?» — дейміз.
Мүмкін сіз: «Сақалың түк те жараспайды ғой өзіңе, қарағым», — деп пікіріңізді айтарсыз, ал бірақ: «О вкусах не спорят (Талғам жайында тартыспайды)», немесе: «На вкус и цвет товарища нет (Әркімге әр нәрсе ұнайды)», — деген мәтелдерді ұмытуға болмайды ғой. Егер сіздің ойыңыз бойынша менің сақалым маған жараспайтын болса, онда менің ойымша — жарасады, ол маған қатты ұнайды. Егер мен сізге: «Сіздің киім үлгіңіз маған ұнамайды. Сіздің шашыңыздың түсі сізге жараспайды», — десем, сіз бұған қалай қарайтын едіңіз?.. Келіссеңіз пікірімді қабылдайсыз, ал сөздерім ұнамаса: «Өзім білемін!» — дейсіз ғой.
Осы «өзім білемін» деген сөзді сіздің: «Намаз оқыма!.. Ораза тұтпа!.. Арақ іш!.. Сақалыңды қыр!.. Орамалыңды шешіп таста!..» — сөздеріңізге жауап ретінде айтса, не болар еді. Ашуға берілетін едіңіз ғой! Сіз шындық пен өтірікті ажыратып, бәрін әділ шешуге келісетін бе едіңіз? Бірақ еститініміз тек: «Сен бе мені туған?! Сен кімсің маған олай сөйлейтін?!» және т.с.с. сөздер ғана…
Бір ақын былай деп жазған:
Рас, сіз менен гөрі дұрыстаусыз,
Сүрудесіз өмірді ұрыс-даусыз.
Менен артық жаратқан Аллаңызға,
Сәжде жасап қоюға тырыспаусыз.
Менен гөрі қамқорсыз, бауырмалсыз,
Түтіні түзу ұшқан ауылдансыз.
«Шүкірліктің үлкені – намаз» деген,
Қалайша шүкірі жоқ қауымнансыз?
Дәуірлеп тұрған жансыз баста бағы,
Армандарға жеттіңіз асқаралы.
«Құдай деп жүрміз!» — деген құрғақ сөзбен,
Тәкәппарлық тұмауы басталады.
Тәңіріне тәжімін тәрк еткендер,
Тереңіне Тозақтың тасталады.
Сондай сойқан сұмдыққа жетпесе деп,
Шырылдасам – көзімнен жас тамады.
Сізге әлбетте сүйкімсіз көрінеді,
Біздей бейбақ жөн айтып қақсағаны.
Құнды кеңес айтсақ деп құлшынғанда,
Бір бұл емес жақсының жат санауы.
Ала көзбен атпаңыз алаңдасақ,
Алла алдында болса деп жақсы амалы.
Ал енді хиджап туралы айтар болсақ, онда оны жақтырмайтындардың мынадай шағымдары бар:
«Не керегі бар жап-жас қыздың үсті-басын қымтап алғаны?!.. Жүрегі таза болса болды ғой, көзбояушылықтың қажеті не?!.. Менің әжем де намаз оқыған, жұмыста да түрік бір қыз бар намаз оқитын, бірақ олар хиджап кимейді. Не, олардың өздері — ақымақ, ал істегендері дұрыс емес пе?!.. Арабтардың салтына еліктеу ол!...»
Міне осы шағымдар мен айыптауларға қисынды жауап беріп көрейік, иншааллаһ!
1) «… Не керегі бар жап-жас қыздың үсті-басын қымтитып алғаны?!...»
Жауап:
Аллаһ Тағала былай деді:
«(Әй, Мұхаммед!) Иман келтірген әйелдерге айт: (бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ, зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (яғни, беті мен алақандары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін. Бірақ: күйеулеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңідерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй иман келтіргендер, түгел Аллаһқа тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар». (Нұр сүресі, 31-аят)
Не үшін екені осы аяттан түсінікті болған шығар. Аллаһ Тағаланың осы бұйрығына қандай қарсылық білдіруге болады екен, уа, мұсылмандар?!
Оранудың не керегі бар екенін түсінбей қойғандардан сұрайық: Ол керек болмаса, онда не керек? Мини юбка кигені керек болып тұр ма? Зейнеттерін жылтыратып жүргені керек болып тұр ма?
2) «… Жүрегі таза болса болды ғой, көзбояушылықтың қажеті не?!...»
Жауап:
Біріншіден, жүрек таза болса жеткілікті деген сөз қате болып табылады. Біз мұны жоғарыда баяндап кеттік.
Екіншіден, көзбояушылық – бұл адамның ниеті. Ал ниет жүректе болады. Сіз хиджап киген қыздың ниетін қайдан біліп қойдыңыз?! Керісінше, өзіңізді көзбоуяшылықпен айналысып жүр деуге болады. Ал егер сіз: «Сонда сен менің жүрегіме кіріп шықтың ба? Ниетімді қайдан білдің?» — деп сұрасаңыз, біз: «Жүрегіңізге кірген жоқпыз. Сіз өзіңіз айтасыз ғой үнемі: «Менің жүрегім таза. Сол жеткілікті!» — деп. Солай мақтана берген соң білдік!» — деп жауап береміз. Ал егер сіз қарсыласып: «Ей, балам, мен мақтанған жоқпын, Құдай сақтасын, мен жәй ғана Аллаһқа сенетінімді түсіндіргім келді», — десеңіз, онда біз: «Дәл солай, орамал таққан қарындасыңыз да, мақтанып та, көзбояушылықпен айналысып та жүрген жоқ. Ол – тек Аллаһтың бұйрығын орындап жүр!» — дейміз.
Үшіншіден, Ислам дінінде хиджаптан басқа да сырттай жасалатын құлшылықтар толып жатыр. Мысалы, намаз оқу, мешіт салу, құрбандық шалу және т.б. Сонда сіздің ойыңыз бойынша, бұлардың барлығы көзбояушылық па?
3) «… Менің әжем де намаз оқыған, жұмыста да түрік бір қыз бар намаз оқитын, бірақ олар хиджап кимейді. Не олардың өздері — ақымақ, ал істегендері дұрыс емес пе?!...»
Біріншіден, Аллаһ Тағала әйел адамға беті мен қолдарынан басқа жерлерін жабуды бұйырды. Ал сіз Аллаһты қойып, әжеңіз бен түрік қызға ересіз бе?
Екіншіден, әлгі түрік қыз үлгі болатындай кім? Мүмкін, ол «хизбут-тахрир» сектасының өкілі шығар. Көрінген адамды үлгі тұтуға бола ма екен?!
Үшіншіден, егер әжеңіз намаз оқыған болса, сіз неге намаз оқымайсыз? Хиджап кимеді деп оны үлгі етсеңіз, неліктен: «Ол намаз оқыған ғой, мен неге намазға салғырт қараймын», — деп ойланбайсыз. Сонда әжеңіз, өзіңіз сұрағандай-ақ, ақымақ болған ба?
4) «… Хиджап – арабтардың салтына еру...»
Біріншіден, хиджапты Аллаһ әмір етті. Оның арабтардың салтына не қатысы бар?! Мүмкін ертең, намазды да арабтардың салты деп кетерсіз, Аллаһ одан сақтасын?!
Екіншіден, «шығыс биі» деген — арабтардың салттарындағы нәрсе, енді хиджаппен сол биді билеп жүрген қызды елестете аласыз ба? Ол би үшін басқа киім кию керек. Сонда арабтардың салты хиджап па?! Ал егер сіз: «Жоқ! Ол киімді олар билегенде ғана киген. Ал хиджапты арабтар күнделікті өмірде киіп жүрген. Ол жақтарда күн ыстық, сол үшін толығымен оранып алады», — десеңіз, онда біз сізден сұраймыз: «Егер айтқаныңыз рас болса, неге жаз мезгілінде хиджаптағы қызды көріп: «Осындай қапырықта неге оранып алған?!» — деп таң қаласыз?».
Үшіншіден, жастардың батыс мәдениетіне еріп, арақ, сыра ішіп, немесе темекі шегіп, немесе жартылай жалаңаш жүргенін, немесе көшеде көрер көзге құшақтасып тұрғанын көріп, үндемейсіз, ал ұятты жерлерін көрсетпей жүрген қызға, арабтардың дәстүріне ерген деп айқайлайсыз. Бұл дұрыс па? Бұл әділдік пе?
Бір ақын былай деген:
Айтпа дейсің орамал жайлы мүлде,
Қымтанған болып еді қайғы кімге?
Тақымын көріп епті жігіттердің,
Талай қыз үйретілген тай күнінде.
Көзге ұрып тұрса ашық құлын мүсін,
Дәметіп қарар небір зұлым кісің.
Жалаңаш жарнамаға көз үйреніп,
Арсыздық жайлап, елім, бүлінді ішің.
Қызыңда қызғанатын не қалып ед,
Ұяты он жасында жоғалып ед.
Намысы он бесінде тоналып ед,
Оңаша қалып бөтен бозбаламен,
Үйіне түнделетіп оралып ед.
Кісіге тік қарамас ұятты қыз,
Нұрымен сүйсіндірер шуақты жүз.
Қорғаған абыройын ару көрсек,
Біз надан сұмпай көрген сияқтымыз.
Байыпсыз байбаламын салады ақыр,
Дінменен бір келердей заман ақыр.
Ашық қыз көшеде өскен жеміс сынды,
Көрінген қолын созып ала алатын.
Санасы кім бар бүгін уланбаған,
Қурап бір қалатындай қу болмаған?
Қызыңның бетін сүйіп белін ұстар,
Суық қол су жыландай сумаңдаған.
Көп қазақ хиджап көрсе қапаланар,
Күйініп, отты көзбен атады олар.
Аңырар ақыретте азап көріп,
Қыздарын қызғанбаған ата-аналар.
Құранға қарсы шығып халқым оңбас,
Өзен боп жанарлардан сарқырар жас.
Орамал тарту – жат ел дәстүрі емес,
Алланың бұйрығы бұл талқыланбас.
Қазағым, қашан сенің ойының оңған?
Ойнасты дәстүр қылдың айнығаннан.
Жездесі балдызының төсін мыжып,
Жеңгесі қайындарын қойнына алған.
Жексұрын мінезің көп, ырбаңдайтын,
Нәпсіңе кезің бар ма құл болмайтын?
Құрдасың әйеліңе қол жүгіртіп,
Құдасы құдашадан құр қалмайтын.
Байқап ал байлайтынын кім бағыңды,
Бұрған жөн жақсылыққа тіл-жағыңды.
Біл, қазақ, орамалды сөккеніңде,
Шайтанның сөзін сөйлеп тұрғаныңды.
Жалғасы бар…
Пікір жоқ әзірше