Қашқын екеудің хикаясы

Бір кездері ел ішінде беделі асқақ, сөзі өтімді бір саясаткер мен оның жанындағы блогер досы өмір сүріпті. Бірі мінберден түспесе, екіншісі интернетті шулатып жүріпті. Тендер, тапсырыс, айыптау, мақтау – екеуінің де күнделікті нанына айналған екен.

Күндердің күнінде ел ішінде үлкен шу шығып, екеуінің де бетпердесі ашылады. Елден қашып, шетел асуға мәжбүр болады. Жинаған қаражаттары той-томалақ пен сән-салтанатқа кеткен екен, көп ұзамай қалталары да жұқарады.
Әрі қарай

Astana.Live - жаңа блог-платформа

BlogCamp: Astana.Live - жаңа блог-платформа

Қазақ блогосферасына жаңа блог-платформа қосылды — Astana.Live

Astana.Live — Астаналық блогерлерге арналған блог-платформа.

Түрлі тақырып, айдарларда Астана қаласындағы жаңалықтар, мақалалар, афишалар, мультимедиа (фото, видео, аудио) жарияланады.

Кез келген пост түріне сауалнама қосуға болады және тіпті 1 сауалнама емес, бірнеше.

Қолданушылар барлық посттарға пікір жаза алады. Пікір жазу үшін тіркелу қажет.

Қолданушылар әр постқа баға бере алады. Үздік посттар, яғни 8+ алғандар автоматты түрде алғашқы бетке шығады.

Бір постты бірнеше айдарға салуға болады. Ол үшін алдымен өзне қажет айдарларға (блогтарға) қосылу керек.

Жеке немесе корпоративтік блог ашуға болады. Яғни Астанадағы мекемелер өз жаңалықтарын өз блогтарына жариялай алады.

Астаналық блогерлерге түрлі конкурстар ұсынылатын болады. Белсенді блогерлер сыйлықтармен марапатталады.
Әрі қарай

Қазақ киносценариінің жаңа таланты!

Блог - nurbolkarataev: Қазақ киносценариінің жаңа таланты!Бұл Мұрат Есжан! Хабар арнасының журналисті. Бүгінде Болашақ бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Калифорния штаты, Сан-Франциско қаласындағы Academy of Art Univercity студенті. Болашақ Магистрант. Мұрат Есжанды бұрын Хабар арнасындағы «Таразы» бағдарламасы арқылы танитынмын. Кейін Әлеуметтік желідегі жазбаларын оқып, онлайнда араласып жақыннан тани түстім десем болады.
Мұхит асып, Американы ішінен таныстырып, көргенін видеоға түсіріп, әлемжеліде қажетті жазбаларымен бөлісіп жүреді. Ақындық өнері бар, өнер емес Алланың берген дарыны десем болар. Ол жазған өлеңді бүгінде Елге танымал әншілер орындап жүр.
Бұдан басқа блогер, видеоблогер депте айтуға негіз бар. You Tube-те өзінің жеке арнасы бар. Сол жерден сапасы жақсы, деректі фильмнен еш кем түспейтін видеоларды көруге болады. Оскар иеленген, әкелі балалы Джейден мен Уилл Смиттер түскен, Голливудтың әйгілі The Pursuit of Happyness киносына породия жасаған. Бұданда басқа көптеген пайдалы әрі қызықты видеоларды көресіз.
Ағылшын тілін үйренуге арналған кеңестері де керемет. Ағылшын тілінің мамандарынан артық болмаса, әсте кем емес.
Асыл арнаның "Үлкен Үй", «Мұнаралы Америка», «Көке» кино жобаларының сценарий авторы. Оқып жүрген мамандығыда осы киносценарии саласы.
Өлеңде келетіндей өзі актер, өзі сценарист, өзі режиссер, өзі ақын, өзі блогер, өзі, өзі… қысқасы сегіз қырлы, бір сырлы, бес аспап жігіт.
Егер қызықты әрі қажетті ақпаратты оқығыңыз келсе, әлеуметтік желіде Мұрат Есжанды оқи жүріңіз!
Әрі қарай

КерекИнфоның тұрақты блогері болғым келеді

Көктемнің жылылығы әлі сезілмей тұрғанда осында тіркеліп едім. Бұл жерде еркін пост жазуға толықтай мүмкіндік бар екенін көргенде он саусағым еріксіз қозғалып 3-4 пост жазып едім. Кейіннен сабақ қарбаласып компьютерге қарайтын уақыт болмай кетті. Міне, жазғы демалысымның бір айы да өтіп кетті. Қолым қалт еткенде «Вконтакте» желісіне пост жазып отырамын. Бірақ, мен де осындағы аға-әпкелерім тәрізді блогер болғым келеді. Әлеуметтік желідегі өзіммен қатар жастардың ойланбай айтқан сөздерінен гөрі, мұндағы үлкен азаматтардың ақылын тыңдағым келеді. Жасым 14тен енді асып жатса да әдебиетті егіз еттім. Мен де осындағы блогерлер сияқты көптеген пайдалы посттар жазып, пікір алмасып, қаламымды ұштағым келеді. Жазамын десем қолымды ешкім байламайды ғой. Мақсатым журналистика болмаса да, өзім зерттеу жүргізіп, хабар дайындап, арнайы тапсырмалар орындау арманымның бірі. Бірақ, мамандық екеу бола алмайды ғой. Мен осында мықты блогер болғым келеді. Мұнда есімде қалғаны АсауБота. Ол кісі менің әр постымда маған қолдау білдіріп отыратынын байқағанмын. Мен де сол кісі сияқты мықты блогер болғым келеді. Ал, мен бүгіннен жаңа парақшада, жаңа бетпен жаңа посттармен қайта келдім. Маған сәттілік тілеңіздер!
Әрі қарай

Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)

Тарихқа тұнған Тараз
Негізі Таразда ең алғаш рет 2007 жылы болдым. Сонда жы әрпін джы деп айтатын тұрғындарға таң қалғанмын. Ол кезде қала мен тарихи орындар туралы танысуға уақыт болмады. (Бұл да тарих)
Араға тоғыз жыл салып, Тараздың топырағына қайтадан табан тиді.
Блог - FarhadAbzhapparov: Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)
Блогқұрылтай деп Сыр елінен салып-ұрып келдік. Сөздің шыны, бізде әлі блогер ұғымға қатысты толықтай түсінік қалыптаспай жатыр. Интернетте отырып, бір-екі оқыс оқиға мен биліктің «қоя салшы» деген жұмыстарын сынайтындарды блогер деп атап жүргені сол. (Орыс тілінде жазып жүргендерді айтпағанда)(Артық кетсем айып етпеңіздер...)
Блогер дегеніміз кімдер?
Олардың мақсаты не?
Блогер қандай болуы керек?
Блогерлер қай салада жазады?

Иә, қоя берсең сұрақ таусылмайды.
Осыған орай блогқұрылтай болады дегеннен Қызылордада қазақ тілінде сапалы дүниелер жазатын блогерлер қауымын іздестіре бастадым. Сыр елінен 8 болып, Таразға жол тарттық. Арамызда Сыр елінің жыр елі екенін сездіретін, сезіндіретін жыршы Күнсұлу қарындасымыз бар.
Блог - FarhadAbzhapparov: Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)

Еліміздегі ең тарихи қала қай қала?

Блог - FarhadAbzhapparov: Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)
Бәріміз біздің бабаларымыздың бабалары туылмай тұрғанда өмір сүрген грек ғалымы Геродотты тарихтың атасы ретінде жақсы танимыз. Алайда бұл сұрақтың жауабын ол кісіден сұрау үшін кешігіп қалғанымыз белгілі. Сол себепті аталмыш сауалға жауап беру біздің мойнымызда. Бұл үшін бүгінде Жерұйықты іздеген Асанқайғыша арып-ашып жүрудің қажеті шамалы. Бар болғаны, жасы үлкен, тарихи жәдігері мол, көп оқиғаға куә болған шаһарды таңдап алу қажет.
Меніңше, Қазақстандағы ең «көпті көрген» қала ол – Тараз. Алдын-ала айтып қояйын, блогқұрылтайға бармасам да, дәл осы пікірімнен танбас едім. Әркімнің өз жеріне тартып, «бізде де осындай бар, осындай бар...» деп айтатындай жөні бар. Алайда…
Блог - FarhadAbzhapparov: Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)

Фирдоусидің өзі

«Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген өлкенің екі мың жылдан аса тарихы бар.
Ал еліміздегі қай шаһар осынша жас жасаған? Ешқайсысы. Одан бөлек, екі ғасыр деген уақытпен ешкім санаса алмайтын шығар.
Айтқандай ең бастысын жазуды ұмытып барады екенбіз, Қазақ Хандығына 550 жыл толған былтырғы жылы Тараз қаласының атауы ауызға жиі ілікті. Неге екенін де, жақсы білесіздер. Сонау 1475 жылы Керей мен Жәнібек хандарымыз осы өлкенің Қозыбасы деген жеріне ту тіккен. Сондықтан да өткен жылғы ат шаптыртып, алыстан адам ағылтқан, «Абылайхан асындай» болған айтулы шара осы шаһарда өтті.
Блог - FarhadAbzhapparov: Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)
Жасырмаймын, бұрындары Тараз қаласының тарихи жәдігерлері туралы аз-кем білетінім болмаса толыққанды таныс емеспін. Айша бибі, Бабаджа Хатун секілді кесенелердің атын оқығаныммен, аңызға айналған тұлғалардың қандай жағдайда бибі, хатун атанғанын білмейтінмін. Бұл кесенеге тоқталмай өтсем Ұлттық Бірыңғай Тесттілеуге қатысушы түлектер мені кешіре қоймасы анық. Олай дейтінім тарихы тереңде жатқан өлкеміздің жас ұрпаққа берер мол қазыналы тарихы бар. Сол себептен бітіруші түлектерге өз жерінің тарихи жәдігерлері жайлы — сынақта міндетті түрде сұрақ болып келеді.
Сонымен өз естіп-білгенімді сіздермен де бөлісе отырайын.

Блог - FarhadAbzhapparov: Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)
Айша Зеңгі бабаның қызы болған деседі. Сөйтіп жылдар өте бой жеткен қыз қасиетті Түркістан жеріне жолы түсіп, сонда Қарахан батырмен жолығады. Қыз бен жігіт ретінде кездеседі, сөз байласады. Жаугершілік заманда елінің басына қара бұлт үйірілгесін Қарахан еліне барып бір шаруаны тындырып қайтуы керек болады. Айшаны айттыруға кейін келетінін айтып, кете барады. Арада біршама уақыт өтеді. Болмаған соң, Айша Қараханды іздеп оның еліне баруға бел байлайды. Қасына Бабаджа Хотунды ертіп алады. Екеуі осылайша күйеужігіттің еліне сапарға аттанады. Алайда әкесі қызына «әу» бастан қарсылық білдіреді. Алдыңнан қырық өзен шығар, соның 39-ынан өт те, біреуінен өтпе деп теріс батасын береді.
Соған қарамастан, қызметшісі екеуі күн демей, түн демей жүріп, ұзақ жолды артта қалдырады. Бір кезде Қарахан тұратын қаланың төбесі көрінеді. «Жақындап қалдық қой, жетерміз» деп жолаушылатқан екеу аяқ суытады. Қызметшісі ас-ауқаттың қамына кіріссе, Айша өзен суына қарай сүңгиді. Сол өзеннің жағасында оны улы жылан шағады. Ажал болып келгенге жыланға Айша бірден бой бермейді. Өзі қиналып, о дүние мен бұ дүниенің ортасында жатып, Қараханды шақыртады. Бұны естіген батыр дереу емшілерін ертіп, жетіп келеді, алайда одан еш пайда жоқ-тұғын. Сертке адал, сезімге адал Қарахан сол уақытта молдаға Айша екеуінің некесін қидырады. Сөйтеді де, сүйген жарының құлағына «Енді сен бибісің, бибісің, бибісің» деп үш рет сыбырлайды. Ал Бабаджа Хатун кесенесі Айша бибі қызметшісінің құрметіне арналып салынған.
Блог - FarhadAbzhapparov: Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)
Міне осылайша бір дәуірде өмір сүрген үш адам тарих кейіпкерлеріне айнала шықты. Бұл оқиға біздің заманымыздан әрігерікте болған. Тап осы Таразда берігеректе болған тағы бір махаббат хикаясын естеріңізге салайын.
Айтқандай алдын ала анонс. Бұл хикаяны сіздер естіп қойған да боларсыздар, блогқұрылтайдан кейінде, дейінде түрлі сайттарда бірінен-бірі көшіріп жатты. Сонымен...
Ақтөбелік Айнұр мен тараздық Болат «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Кардиф университетінде бірге оқыған. Екеуінің сөздері жарасып, кейіннен отау құруды ойлаған. Олардың таныстары махаббаттарына қызыға да, қызғана қараған. Бірде олар қайғылы оқиғаның құрбаны болды.
Елге келе жатқан бойда Ақтөбеге Баку арқылы ұшатын әуе кемесіне отырған. Ондағы ниеттері Жаңа жыл қарсаңында ата-аналарынан үйлену тойларына рұқсат алу. Алайда олар ақырғы армандарына жете алмады. Ұшақ апатқа ұшырап, жолаушылар қаза тапты. Құтқарушылардың бір аңғарғаны, Айнұр мен Болат о дүниеге құшақтасқан күйде аттаныпты.
Олардың нәзік сезімдері достарын да, ата-аналарын да бейжай қалдырмаған. Тіпті олардың жанкешті махаббатарынан көпшілік те құлағдар.
Блог - FarhadAbzhapparov: Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)
Сол себепті Тараздың орталығынан екеуінің құрметіне «Махаббат» монументі бой көтерген. Ең қызығы, олардың ата-аналары әлі күнге дейін құдандалы болып араласатын көрінеді.
Міне арада сан жылдар өтсе де Айша бибі мен Қарахан махаббаттарының көрінісін Болат пен Айнұрдың бастарынан өткен жағдайдан көруге болады.
Одан әрі әңгімені соза берудің қажеті шамалы. Тараз қай жағынан алып қарасаң да, тұнып тұрған тарих. Былай қарасаң Тектұрмас кесенесі, Мәмбет батыр, тағы бір көз жүгіртсең Дәуітбек кесенелері алдыңнан жарқырай шығады.
Блог - FarhadAbzhapparov: Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)
Ұмытып барады екенмін қала сәулетінің сәнің келтірген жаңа құрылыс жанынан, тарихтан сыр шерткен Аспан асты мұражайы орналасқан.
Иә шынымен таң қалдым, тұнған тарихқа көзім жетті.
Мұнда көне Тараздың сол дәуірдегі сәулет өнерінің ізі болған қала құрылысының орны жатыр. (Қала әкімшілігіне алғыс. Осындай құнды тарихи жерде бұрын базар болып тарихымыз сол базар астында бірге өшіп бара жатырған жерінен сақтап қалған.)
Блог - FarhadAbzhapparov: Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)
Блог - FarhadAbzhapparov: Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)
Блог - FarhadAbzhapparov: Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)
Блог - FarhadAbzhapparov: Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)
Блог - FarhadAbzhapparov: Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)
Блог - FarhadAbzhapparov: Мен тамашалаған Тараз! (Тарих)
Міне, біз барған Тараздың сыр-қыры. Бұдан да көп дүние жазуға болады әрине.
Бірақ оны оқуға сіздердің уақыттарыңыз тапшы ма деймін.
Жалғасы бар…
Әрі қарай

Блогер деген кім, Блог-Құрылтай деген не?

BlogCamp: Блогер деген кім, Блог-Құрылтай деген не?

Таразда Блог-Құрылтай атымен өткен іс-шарадан кейін кей түсініктерді қайтадан қарау керек деген ойға келдім. Жиын өтті. Жақсы өтті. Бірақ, формат басқа, қатысушылар басқа, блогерлер аз. Неге бұлай болды, бізден қандай қателер кетті, енді не істейміз деместен бұрын алдымен негізгі терминдерді бір шолып шығайық.

БЛОГ
Адамның интернеттегі жеке күнделігі, түрлі тақырыптарда ойларын жазатын алаңы. Бұл алаңқай дербес стенделон домендегі блог немесе КерекИнфо, Массагет, Айтабер, Блогтайм, Wordpress.com, Blogspot, ЖЖ, Ювижн сияқты блог-платформаларда ашылған блог. Әлеуметтік желілердегі жеке апарақшалармен шатастыруға болмайды. Ол әр адамның виртуал әлемдегі паспорты. Ал, блог — күнделігі, дәптері.

БЛОГЕР
Алдыңғы пункттен түсінгеніңіздей Блогер — блог жүргізетін адам. Оны стилінен, никнеймінен, тақырыптарынан көпшілік онлайн немесе оффлайн танитын адам. Көбіне блогер бірнеше жерде емес, тек бір платформада жазады.

БЛОГГИНГ
Блог жүргізу, пікір жазу, блогосфера өміріне белсене қатысу.

БЛОГОСФЕРА
Блогерлердің тіршілік аймағы. Блогерлер ортасы. Блогерлер жиыны, түрлі іс-шаралары.

БЛОГКЕМП
Блогерлер жиналатын қала сыртындағы лагерь жиыны. Түрлі мастер-класстар және демалыс. Еркін форматта пікірталас. Негізгі мақсат — блогерлерді бір жерге жинап, һәм дәріс, һәм демалыс өткізу. Қатысу үшін жарна төленеді.

БЛОГ-ҚҰРЫЛТАЙ
Жылына бір рет өтетін кең көлемдегі жиын. Мақсат — танысу, білісу, тәжірибе алмасу, бірге қыдыру, қаламен танысу. Қатысу үшін жарна алынбайды, шығындары демеушілер тарапынан жабылады, сәйкесінше олардың да талаптары орындалады. Мысалы блог-турлар, экскурсиялар, пиар мақалалар, репортаждар арқылы.

БЛОГ-ТУР
Блогерлер арқылы жарнама жасауды көздейтін экскурсия түрі. Тапсырыс беруші жақтың талаптары бойынша блогерлер көрген білгендерін репортаж, сұхбат форматында жазады.

БЛОГИАДА
Берілген тақырыптар бойынша арнайы жүлде үшін жазылатын посттар жарысы.

Енді бастапқы тақырыпқа оралайық. Тараздағы Құрылтай Жамбыл облысы әкімдігінің демеушілігімен өтті, ұйымдастыру да олардың мойнында болды. Біз тек қонақ қатысушы ретінде бардық. Сондықтан қонақ «дастарханын» сынап кетуден аулақпыз. Тек блогерлікті өмір стилі ретінде ұстанатын топ ретінде негізгі түсініктердің өзгеруі, негізгі форматтан алшақтануы әлбетте жанымызға батты. Бұлай бұларын алдын ала білдік те. «Бұл кең көлемдегі соңғы құрылтай болуы мүмкін» деп жаздым да. Бірақ, бардық, көрдік, өз ортамызда жиналдық, өз құрылтайымызды да өткіздік. Бұл тұрғыда өте жақсы жиын болды. Көптен көрмеген достармен бас қостық, тәжірибе бөлістік, білмегенімізді үйрендік, бірге қыдырдық. Біздің негізгі мақсат та осы еді.

Жанымыз ашитыны — блогерліктің сөз ретінде де, іс ретінде де қадірі кете бастағаны. Ойлап қарасақ шын Құрылтай 2011, 2012 жылдары Алматы мен Астанада ғана өтіпті. Блогерлік те осы жылдардан кейін ұйқыға кете бастады. Басты себеп ретінде әлеуметтік желілердің танымал бола бастауын айтамыз. Сол жылдары Твиттерге тіркеле бастаған саясаткер, қоғам қайраткерлеріне блогер аты беріле бастауы осы үрдістің басы болды. Блогосфераны жандандыру мақсатында 2014, 2015 жылдары Блогиада жарысы өткізілді. Бірақ, бұл да тек уақытша нәтиже берді. Жарыстан соң қайтадан сылбырлық басталды. Керісінше адамдар тек ақшалай мотивация болмаса жазғысы келмейтіндей болып қалғандай болды.

Бірақ, бәрі өз қолымызда. Блогосфераны қайтадан тірілту үшін бір әрекеттер жасауымыз керек. Ең алдымен мына постта жазған негізгі түсініктерді өз орындарына қойып, әр нәрсені өз атымен атау керек. Блогерлікті қайтадан тренд, престиж ұғым қылуымыз қажет. Блогерлік өлді, бұрынғылар енді жазбайды, қазір жазатындар жастар деген оймен келіспеймін. Керісінше блогерлік 30 жастан кейін басталады деп ойлаймын. Адамның ойы да, тәжірибесі де қалыптасқан кез. Нағыз сапалы мақала, тұшымды ой жазатын кез. Ендеше не тұрыс? Кеттік, блогтарымызды қайтадан қолға алайық!
Әрі қарай

С.Камиев: Мені Нәзидің тағдыры қызықтырды

Блог - rakisheva: С.Камиев: Мені Нәзидің тағдыры қызықтырды
Сәуір айының 16 мен 17-ші жұлдыздары Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында режиссер Сайлау Камиевтің «Жекпе-жек» мелодрамасының премьерасы өтуде.
Блог - rakisheva: С.Камиев: Мені Нәзидің тағдыры қызықтырды
Аталмыш туынды қырғыз драматургы Мар Байжиевтің «Дуэль» шығармасының желісі бойынша сахналануда. Оны қазақ тіліне аударған қойлым режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері — Сайлау Камиев.
Блог - rakisheva: С.Камиев: Мені Нәзидің тағдыры қызықтырды
Жалпы бұл драматургияның қазақ тілінде аудармасы бар. Мен оның 1-2 нұсқасын оқып көрдімдағы, сахналайтын болғандықтан өзімнің аударғаным дұрыс болатын шығар деп ойладым. Мар Байжиевтің өзінің тұпнұсқа тілі орысша екен. Содан мен түпнұсқаға жақын, автордың өзінің стилін, драматургияның өзінің жазылу тілін сақтай отырып аударайыншы деген ой болды. Аудармамды жасап көргеннен соң біраз адамдарға оқытып көрсем жаман емес деген пікірлер алдым. Содан өзімнің аудармамды қоямын деп шештім. Бұл материал біздің Қазақстанның сахналарында жүріп жатыр, бұрын да қойылған, алдағы уақытта да қойлатын шығар, — деді С.Камиев.

««Жекпе-жек» деп автор қандай жекпе-жекті суреттеп отыр?», «Пьесаның атауын неге «Жекпе-жек» деп қойды?» деген сұрақтарға шығарма желісінен қысқаша мәлімет берер болсақ…
Блог - rakisheva: С.Камиев: Мені Нәзидің тағдыры қызықтырды
«Жекпе-жек» мелодрамасы екі адамның махаббат жолындағы қақтығысын суреттейді. Бас кейіпкер Нәзи көңілдесі Ескендірмен теңіз жағасына демалысқа барғанында өмірінің күрт өзгеріске ұшырайтынын үш ұйқтаса да түсіне де кірмейді. Ескендір-Нәзи-Әзиз арасындағы орын алған махаббат хикаясы спектакльдің басты оқиға желісі болып табылады.

Бұл пьесадан басты кейіпкер Нәзи деген қыздың тағдыры мені қатты қызықтырды. Сол бойжеткеннің тағдырына азамат ретінде, ер адам ретінде қарадым, көрдім және дәл сол тағдырды мен сахнаға алып шыққым келді. Қазір ол өзекті тақырып. Себебі қазіргі уақытта өзіне «дос», «демеуші» тапқысы келіп сондай өмірді аңсап жүрген қыздар да баршылық. Кейбіреулер «дос», «демеуші» тауып алғаннан кейін басқа тығырыққа тығылғанда неге ғана осылай істедім екен деп өкініп жүргендері де бар. Былай қарасаң бұл қазіргі жан-жағымызда болып жатқан дүниелер ғой. Азамат ретінде өзімнің көзқарасымды білдіргім келді. Және де ешуақытта өмірді қайта бастау, өмірде қателескен кезде, адасқан кезде психологиялық дағдарыстардан шығу, шыға білу, жеңе білу және сол көп жеңілістің артында үлкен бір жеңістің шығатынын, көкжиектің артында да көкжиек бар екенін халыққа көрсеткім келді. Бұл жерде Нәзи деген қыздың тағдыры баяндалады. Ол қыздың ұлты жоқ. Ол тек қыз бала. Ал қыз баланың тағдыры ұлтқа, ұлысқа қарамай ұқсас болып келеді, — деді режиссер.
Блог - rakisheva: С.Камиев: Мені Нәзидің тағдыры қызықтырды

«Жекпе-жек» қойылымының 16 сәуірде болған премьерасында бас кейіпкерлерді Нартай Сауданбекұлы, Алтынгүл Серкебаева, Олжас Жақыпбек ойнады.

Нәзиді сомдаған Алтынгүл Серкебаева өте жас актриса, әрі осыған дейін үлкен рөлдерде ойнамағандығын айтқан Сайлау Камиев:
Алтынгүл театрға өткен жылы ғана келген. Онымен осы қойылым барысында көп сөйлестік, көп пікірлестік. Барымша сол қыздың пікірін тыңдап, табиғатынан шығуға тырыстым. Көбінесе оның бойындағы бар адами қасиетін, актерлік патенциалына көбірек қарадым. Бұл жерде режиссер екенмін деп диктатор болмауға тырыстым. Өйткені мен режиссер ретінде өзімнің мақсатымды білдім. Музыканың өзін таңдаған кезде Алтынгүлдің талғамымен ақылдаса отырып, арасындағы драматургиядан бөлек детальдарды сахналамас бұрын әңгімелесіп көріп шығарып жаттық. Ол қыздың жастығы, таланттылығы, дарындылығы әрине ол өз алдына бір төбе. Маған дәл сол қыздың тап келгеніне өте қуаныштымын, — деді.

Мелодраманың 17 сәуірдегі қойылымында бас кейіпкерлерді Қаллеки театрының әртістері Мейрам Қайсанов, Ержан Нұрымбет, Нартай Сауданбекұлы ойнайды.
Блог - rakisheva: С.Камиев: Мені Нәзидің тағдыры қызықтырды
Мен осыған дейін Қ.Қуанышбаев театрының сахнасында «Қыз Жібек» драмалық трагедиясын қойған болатынмын, одан кейін «Бейбітшілік пен келісім» сарайында «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» мюзиклн қойдым. Менің негізгі мамандығым музыкалық театр режиссері. Ал бұндай драмалық дүниеге бірінші рет келіп отырмын. Бұл дүниеме өнер ортасында жүрген достарым ашық пікірлерін білдіріп жатыр, ал әлеуметтік желідегі пікірлер әзірге жаман емес. Мен бірақ та сол күні көрермендер арасында театр сыншылары да болғандығын байқадым. Журналистер көргенін жазып, ақпарат тарата бастайды ғой. Ал театр сыншыларынан қорқу керек. Олар мүмкін бүгін екінші құрамды көруге тағы келетін шығар. Кейбір театр сыншылары қойылымды 5-6 рет көргеннен кейін барып сын жаза бастайды. Сондықтанда менде қазіргі уақытта сондай бір кереметтей пікірлерге мен күшті етіп жасадым деген көңіл-күй ешқашан болмайды. Мен қашанда шығармашылық ашпын. Әсіресе мен енді бастап жатқаннан соң жоспарларым өте көп, — деп режиссер Сайлау Камиев ағынан жарылды.
Блог - rakisheva: С.Камиев: Мені Нәзидің тағдыры қызықтырды
Айта кетейін, Мар Байжиевтің «Жекпе-жек» туындысы – бірнеше тілге аударылып, Қазақстан, Болгария, Венгрия, Германия, Польша, Швеция, Аустрия, Румыния сынды бірнеше елдерде сахналанған танымал туындының бірі. Шығармада әр заманның өкілдерінің шынайы бейнесі суреттелген. Бүгінгі ұрпақ рухани құндылықтан ажырап, азып-тозып бара жатқан жоқ па… Мар Байжиевтің «Жекпе-жек» пьесасы әр заман ұрпағының, ішкі көзқарас тартысы арқылы адами құндылықты іздеуге шақырады…
Блог - rakisheva: С.Камиев: Мені Нәзидің тағдыры қызықтырды
Әрі қарай

Кім білген?

Суреттер сөйлейді: Кім білген?
Осыдан біраз уақыт бұрын Эльвира Ерғалинаның интернетті шулатқан біраз суреттерін көріп «Не болып қалды?», «Не болды?», «Бұл не?» деп біразыңыз басыңызды ауыртқан едіңіздер… Кейінінен оның Эльвираның жаңа жұмыс орны, яғни «Жетінші арнадан» басталғалы жатқан «Кім білген?» жобасынан үзінділер екенін біліп, «Кім білгенді» күткенімізде өтірік емес.
Жарты жылға жуық уақыт көрермендерді түрлі салалар бойынша ақпараттандырып, таңқалдырған бағдарлама әне-міне дегенше алдағы аптаның ішінде аяқталғалы жатыр. Осы жұма «Кім білген?» бағдарламасының жүргізушісі Нуриддин Бидосовпен кездесіп, әңгімелесудің сәті түскен еді. Әңгімелесу барысында Нуриддиннен «Кім білгеннің» қалай дүниеге келгендігі туралы, «Кім білгенді» кімдер жасайтындығы және әрі қаратай жалғасы түсіріледі ме деген сынды сұрақтардың астына алған едім…
Суреттер сөйлейді: Кім білген?
Мен саясаттанушы болғым келмейді!

Суреттер сөйлейді: Кім білген?Мен журналистикаға келемін деп ойлаған емеспін. Бір күні үйде теледидар көріп жатсам «Облыстық телеарнаға жүргізуші қажет» (Шымкент облысы – авт.) деген хабарландыруды көріп телеарнаға кастинге бардым. Барсам 50 шақты адам жүр. Біреуі өлең, біреуі мәтін жазып келген, қызу дайындық үстінде. Мен олай келу керек екенін білмеймін… Сол жерде сөреде жатқан газетті алдым да менің кезегім келгенде хабарландыруларды оқыдым. Соны оқып, әйтеуір телевидениеге өтіп кеттім. Бірақ 3 күн тәжірибеден өткеннен кейін мені шығарып жіберді. Кастингтен екі жігіт өткен едік. Менімен бірге өткен жігіт бұрын радиода істеген еңбек өтілі бар жігіт екен соны жұмысқа алды. 3 айдан кейін ол аяқ астынан жұмыстан шығып кетіп, мені қайта шақырды. Сөйтіп телевизияның қызып жатқан қазанына түсіп кеттік…

Өмірімде тележүргізуші боламын деп ойламағаннан кейін басында өте қиын болды. Жұмыс істемей-ақ қоямын бааа деген ойлар жиі келіп жүрді. Сонда әке-шешем «Жақсы жұмыс қой істей бер, оның үстіне ұлымыздың бүкіл облысқа жаңалық оқығаны бізге де абырой» деп өз оймынан айнығанмын. Бүгінгі күні осы салада жүргеніме 15 жылдай болды. Өзімнің негізгі мамандығым саясаттанушы. Өз мамандығым бойынша жұмыс істеп көрген емеспін. Шынымды айтсам істегім де келмейді (күлді-авт.).

«Аян. Дала аңыздарының» жаңа маусымы болмайтын болғаннан соң сол ұжымыммен «Кім білгенді» алдым.

Суреттер сөйлейді: Кім білген?
Мен 10 жылдан аса уақыт тек жаңалықтарды жүргізген адаммын. Бұрындары да «Аян. Дала аңыздары», «Кім білген?» деген сынды жеке жобаларды жүргізуге ұсыныстар болған, бірақ ол уақыттары келіспеген едім. Былтыр Әлия Баймұхамедованың ұсынысымен «Аян. Дала аңыздары» жобасын бастадым, содан кейінгі екінші жобам осы «Кім білген?» болды.
«Кім білген?» жобасын да жүргізуді ұсынған Әлия Баймұхамедова еді. «Аян. Дала аңыздарының» кезекті маусымы аяқталғаннан кейін, сол кезде әрі қаратай жалғасы болмайтының білгенде осы ұжыммен «Кім білгенді» алайық деп шештім.

Суреттер сөйлейді: Кім білген?
«Кім білген?» ерекше бағдарлама.
Кез-келген арнада арнайы репортаждар болады. Бірақ «Кім білгенді» ерекше деп айтуға толық құқым бар. Өйткені біз кез-келген тақырыпты көрерменнің көңілінен шықсын деп оқиғаны арасында ойнатып, кейде күлдіріп, кейде жылатып жеткізіп жатамыз. Ондағы ойымыз көрермен біздің хабарды көрген кезде камераның арғы жағында оператор емес өздері болып, оқиғаны көріп, мәтінін жазған журналист емес өздері сонда тұрғандай сезінсін деген ой болды. Одан кейін кез-келген тақырыпты ол ауыр тақырып болсын, жеңіл тақырып болсын адамды терең ойландырып жіберетін емес, кез-келген дүниені жеңіл қабылдап, тез қорытып, ішінен өзіне қажеттісін сіңіріп алсын деген ой болды. Соның арқасында болар басшылар біздің ұжымның жұмысын жоғары бағалап, «Кім білгеннің» екінші маусымына тапсырыс беріп отыр. Құдай қаласа келесі жылы жаңа 31 серия түсіргелі жатырмыз. Осы жерде көрермендерімізге өздерін қызықтыратын тақырыптар болса бізге телефон, электоронды почта, хат арқылы хабарласып жатса, біз оны түсіруге өте қуанышты болатындығымызды айта кеткім келеді. Сонымен қатар, келер жылы көптеген көрермендеріміздің сұрауы бойынша «Аян. Дала аңыздарының» үшінші маусымын түсіру ойымызда бар. Әзірше ол қалай болады, қайда түсіріледі белгісіз. Тағы да көрермендерімізге осы «Аян. Дала аңыздарының» үшінші маусымын қандай етіп көргілері келетіндігін хабарласып, өз ұсыныстарын айтса деген тілегіміз бар екендігін айта кеткім келіп отыр.

Біздің ұжымда 14-ақ адам бар.
Суреттер сөйлейді: Кім білген?
Біздің ұжым үлкен емес. Небәрі 14 адам «Аян. Дала аңыздарын», «Кім білген?», «Выход есть» деген жобаларды алып жүрміз.
«Кім білген?» жобасының идея авторы Әлия Баймұхамедова, тақырыптарды ұжым болып отырып талқылап, бекітеміз. Ал сценариін жазатын редакторларымыз Саида Елшібаева, Нұртілек Риянбекқызы, Эльвира Ерғалина болды. Арасында мен де өз тарапымнан айтатын дүниелерім болса толықтырып отырдым.
Кез-келген жұмыста, кез-келген бастамада қиындықтар болады. Бірақ Аяна Койчиманова, Райса Мукуева, Елдар Курманбаев деген продюсерлердің арқасында алдымыздан шыққан барлық қиындықтардан қиналмай шығамыз.

«Кім білгеннің» кейбір бағдарламалары 2-3 ай түсірілді.
Суреттер сөйлейді: Кім білген?
«Кім білген?» небәрі 30 минуттай ғана болса да үлкен еңбекті талап ететін жоба. Кейде бір хабарды түсіру барысында бір апта толықтай кетіп қалады. Менің стэндаптарымның өзін жазу кейде екі күнге шейін созылса, сценариді жазып, оны келістіруге 2-3 күн кетеді. Оның ішінде түсірілім өтетін алаңдарға рұқсат алу, реквизиттерді дайындау бәрі-бәрі уақыт алады. Тіпті кейде бағдарламаны ұжымның жұмыста қонып жасайтын кездері де болады… Кейбір серияларын түсіруге 2-3 ай кетті. Яғни бір оқиғаны түсіреміз деп бастаймыз да, оның басын түсіріп қоямыз ал соңы бірнеше айдан кейін болатын оқиғамен байланысады.… Сол сынды ұзақ түсірілген серияларымыздың бірі "Қазақстандық шоу бизнес еді". 30 минут қана болғанымен, «Кім білген?» ол үлкен ұжымның жұмысы екендігін ұмытпау керек!

«Кім білген?» мені бір сатыға өсірді.
Бүгінгі күні біздің өміріміздегі ең басты дүниелердің бірі ақпарат қой. Ақпарат деген жан-жақтылық. «Аян. Дала аңыздары», «Кім білген?» жобалары арқылы дүниетанымым кеңейді, көп нәрседен ақпарат алдым, көп адамдармен жақын таныстым, журналистикалық бағыт бойынша өстім, жаңа бір сатыға көтерілдім деп айта аламын. Ең бастысы өзіме ұнатын ұжыммен бірге жұмыс істегеннен рахат таптым.
Суреттер сөйлейді: Кім білген?
Келер жылы «Кім білген?», «Аян. Дала аңыздарының» жаңа маусымдары, күнделікті жаңалықтарым бар. Осыларды Алла сәтін салып барлығын уақытылы түсіріп, тапсырып жатсам өзге жобаларға да дайынмын. Тіпті киноға шақырып жатса, кино, телехикаяларға да түсуге қарсы емеспін (күлді – авт.).
Суреттер сөйлейді: Кім білген?

P.S. «Кім білгеннің» 1 маусымының қорытынды, әрі жаңа жылдық бағдарламасы 28 желтоқсан күні сағат 20:30-да «Жетінші арнадан» көрсетіледі. Нуриддиннің және «Кім білген?» жобасының ұжымының айтуы бойынша бұл бағдарлама жаңажылдық ең ерекше бағдарламалардың бірі болмақ :)
Әрі қарай

#ББББ. Нағыз инвестициялық шолу

Инцес… Инфоцессс… Инвестициясы несі, а? © Қалдыбек
Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Нағыз инвестициялық шолуБала туғалы жатқан қатынның соңғы серпінінің алдындағы бір күшенуі секілді, блогиаданың жетінші туры да қылаң берді. Бұл жолғы тақырып, әй жоқ, шәй жоқ, «Инвестиция» деп былш етіп түсті-ау жарықтық. Біз секілді қарабайыр, қос дәрет арасындағы ажалды оқырман үшін тым күрделі тақырып болғанымен, оны да оқып көрмекке бел буып, құйрық тіреп, қол босаттым.
Уа, гений және сіредний, суфий және сүкий жамағат! Мен бұл тақырыптан гөрі Дженна Хейздің туындыларын көбірек білем, сіз де аса қатты файнаншел-білгір емессіз-ау. Алайда әлеуметтік маңыздылығы, мемлекеттік өзектілігі де ықтимал, сарабдал тақырып екенін мойындаймын. Сондықтан, рұқсат етсеңіздер, байсалды бағыттағы блогерлер жазбасына бір уақ "өз кәйпімнен" тыс шығып, ми салып оқып көрейін. Рұқсат етпесеңіздер де — кеш, бастап кеттім.
Маралбек Сағынғанов үлестік инвестициялық қорлар жайлы жазыпты
Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Нағыз инвестициялық шолуЖазыпты дегенде, әуелгі скриніңізді айтам. Маған да мұндай жанашыр бауырлар/сестралар жиі жазып тұрады. Әрине, спам, тіпті боттар жазып жатыр ма деймін, ол да мүмкін. Бірақ осылай негізгі тақырыпқа өтудегі мағыналық линиясы тірі блогерлік әдіс екенін атап өту қажет.
Жазба тілі жетік, грамматикасы — ретімен. Безендіруі бірыңғай. Оқырманға түсінікті жеткізілгенімен, сюжеттік бояуы тым терең қаузалмаған. Механизмдік сауалдар туған оқырманға ары қарай жітірек өздерің зерттеңдер деген ниеттегі бағыттық пост болып шыққан. Танымдық, өзіндік жазбагерлік жүйе бар, «Серъезность бар. Бірақ кішкене құрғақтау екен» деген қазының сөзінде гәп бар ғой.
Тақырып ҮИҚ болғандықтан, қордың үш түрі аталған шақта кірішкесіз һәм кіршіксіз көңіліме сол үштіктің барлығы жайлы көбірек ақпар берілуі тиіс секілді көрінді. Сіз екі қор жайлы «Интервалдық қорларда мұндай операцияны нақты белгіленген уақыттарда ғана жүзеге асыра аласыз. Ал, үшіншісіне қор құрылып жатқанда ғана кіріп, нақты белгіленген уақыт мәресіне жеткенде ғана шығып кете аласыз. Оның үстіне интервалдық және жабық қордан үлес сатып алу тым қымбат» дегеннен аса қоймадыңыз. Оның себебі — бұл екі қаржылық жолдың оқырманға қымбаттығы мен механизмдік қолжетімсіздігі деген аргументтерді айтқаныңызды ескере отырып, бұл жағдайда жалпы жазба атауы/тақырыбы — «АҮИҚ» болуы қисындырақ еді. Қалған екеуі сонда жалпы кіріспе бөлімшенің бөлшегіне айналмақ керек, шамасы.
«Хижра бойынша 1425 жылдан бері.»дегеніңіз ұнады. Оу, е, баламалы ойлау мысалы!
«Неғайбіл» сөзі осылай жазылмайды-ау буын үндестігіне орай. Әлде мен шатасып отырмын ба?
Танымдық ақпарат… Әрине, әйтпесе, Маралбек болармысыз?..
Міне, соңына да келіп қалдық. Жалпы, қарапайым идея ұтқыр жеткізілген. Аяқталуы басталуымен байланысты, сондықтан қисынды, тапқыр. Трольшық! Спамның күні спаммен деген осы!
Әйгерім Кеулімжай, "Инвестиция". Қаржыны қайда құям?
Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Нағыз инвестициялық шолуӘйгерім Кеулімжай, ҰҚК мен өсекшілердің соңғы мәлімет бойынша, берекең кіргір БӨРІБАЕВА, әңгімесін «Маңдай термен тапқан артық ақшаны қайда құюға болады?» деп бастайды. Ашығын айтайық, маңдай термен таппаған қаржыны да құя беруге болатынын біздің елдің әккі мырзалары біліп қойған…
Жазба қызық, тақырыпқа орай әдіс-түрлерінің біразы/бәрі қамтылыпты. Суреттер сирек, ой жинақы.
"Қазақстаның депозиттерге кепілдік беру қоры" — Менің Қазақстаным, сенің Қазақстаның. :)
"… төмендетілмейтін қалдықтың аз болуы" тіркесін басым әлі қақпай отыр. Жарайды, назар аудармаңдар маған. Оқи түсейін, түсініп қалармын.
«Мәдина, тәуекел-менеджер» — ықықы. Тәуекел-менеджер! Ықықықы. Көне қазақ жазбалары Тәуекелдің (1583 — 1598 ж.ж. билеген) шынымен тәуір менеджер болғанын растайды.
«Дегенмен, Қазақстанда ҮИҚ – тиімсіз болып табылады» — Маралбе-ек??? :)
Жазбаңыз ұнады, тіпті шадыман көңіл «Мәдина там, Мәдина здесь» деп әндетуге бейіл.
Кеттім. Тағы бір шиша алуға. ©
Асқар Базарбайдың атауы ұзақ тағы бір шағын шедеврін оқуды бастадым
Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Нағыз инвестициялық шолуОй, оқу деп қоямын. Анимация! Маған жұмысты жеңілдеткеніңіз, бір жағынан, қандай жақсы!
Посттың тілі даусы… Ақақақақақақақақа, дауыстар, дауыстар менің басымда! GoAnimate-ті пайдалануды бастаңдар, креативбектер!
Фантастика! Ана бала кәмелетке толмағандығымен де фантастика. :)
Эх! Иә, сосын Дубля*ж дегендегі жұлдызшаны байқаған жалғыз мен бе? :)
Жюридің пікірін шолдым. Неге жюриді біркелкі, бірсарынды қылудан шаршамайсыз? Маған да шолу жасауға аса қатты маневр қалдырмадыңыз. Жалпы, анимациялық фильмнің өз ішінде, фильм есебінде конструктивті сын жасауға болар еді, бірақ тақырыптық көзқарас пен шешімнің шогы оған мүмкіндік бермей отыр.
Сонда да бір далбаса жіліктейін бе?
«Менің балмұздағым жақсы, себебі ол басқалардікімен салыстырғанда, ерімейді» — бұл тіркес Асқардың посттары жайлы.
«Сау бол, балақай!» — ал бұл қарсыластарға айтылған «давайдасвитания».
«Басы артық ақшамды енді қалай пайдаға асырсам екен?» — дейді Асқар өз даусымен миллион алған соң. Болды.
Мөлт еткен мульт. Бәрекелді-і-і! *Мұрынды қысып тұрып оқу керек*
Эльвира Ерғалина үйге инвестиция салу жайлы қалам тербейді
Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Нағыз инвестициялық шолуЖазба қызық, өзекті. Тап-тұйнақтай пост. Жеңіл оқылады. Суреттер… жәрәйді енді. Тақырып желісі жеке көзқарасқа негізделген, бірақ блогерге абсолют объективтілік қажет емес. :)
Мына бір жерде: "өзің үйде «потологқа түкіріп жатасың»" — Өзің үйде сексапотолоГқа түкіріп қойып жатасың. :)
Одан бөлек, маған артықшылықтары мен кемшіліктерінің салмақ категориялары "үйірейіп" тұрып болмаса да, аздап әртүрлі секілді көрінді. Басқа айтарым жоқ. Сапалы!
p.s. Сіздің жазбаңыз арқау болып, уа, Эльвира ханым, мен анекдот ойлап таптым:
Алматыдағы жер сілкінісі пәтер деген мүліктің сондай бір жылжымайтын емес екенін дәлелдеп берді. :)

Осымен, тәмам. Жазбаларда ешкім мазмұндық жаңалық ашпаған, оған тақырыптың тартыныстылығы да, жаңалық ашу қажеттілігінің жоқтығы да себеп шығар. Айқын ойды әдемі, шым-шытырықты, әртүрлі алып келуге болады. Бірақ қазы келіншектің «кэптей» беруінің де гәбі мен діті бар-ау.
Жаңалық ашпағанда, технологиялық-көрнекі жаңалық, әрине, болды. Анимациялық фильм. Мен соңғы турда да посттардан көзімнің майы құрғайды деп сенемін.
Сондай-ақ, айтып кетейін: блогтарда пунткуациялық ақаулар болып тұрады енді, оны бірақ ешкім оқып отырмайды ғой. Оның үстіне, олар жай «ачепятка», әйтпесе, шынымен білмей жазады дегенге мен де, Назгүл ханым да Ctrl+Хтамайды екенбіз.
Жалпы, #ББББ бойынша, тұғырдың екінші сатысы үшін айқас соңғы турға қалып отыр. Қанды қоймалжың арпалысты жақсы көрем өзім. Гызляр, сәттілік!
Иә, әнебір сайтта блогерлерді бағалаған жюри саны бірдей емес. Қане, қане, табыңдар, қай жазбагерді бәрі жапа-тармағай бағалап тастады? :)
Қорыта отыра, соңғы турға кіріспе тастай келе, тақырып жөнінде мынаны айтқым келеді. Блогиадашылар! Сіздердің жыл бойы іздеген қазбаларыңыз бен жазған жазбаларыңыз, төккен тер мен кеткен шер, ой мен дене еңбегінің барлығы — қазнеттің ертеңіне салған инвестицияларыңыз. Тек, бұл ұзақ мерзімді инвестициялар жалғыз сіз үшін ғана салынған салым емес. Нағыз инвестициялар. Сондықтан да менің шолуым — нағыз инвестициялық шолу.
Жарайды, жаңа жыл жуық, блогиада бітпек. Сіздердің құрметтеріңізге де, өзіме де жұмыстан демалыс беріп, тойлауға кеттім. Батылдық үшін салафизмнен басқа да нәрсе қабылдауға болатынын дәлелдеп қайтайын. Жеңісті күндерде жуысқанша!

p.s. Айтып жіберіңдерші, кісінің туған күніне сыйлық алу үшін сол кісінің өзінен қарыз алу инвестиция болып санала ма?…
Әрі қарай

#ББББ. Соңғы шолу: Фенита ля блогиада

Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Соңғы шолу: Фенита ля блогиада
Блогиада!
Бұл да бітті. Бұл да қу жалғанның мини-баламасы. Сондықтан басы бар, аяғы бар. Тек фәнидің фәнита кезінде ешкім миллион бермейді, ә?
Иә, сонсоң мини-баламаның өзінің мини-баламасы бар екен ғой. :)
Мен бәйгелеріңе кеш қосылдым. Бәйге — сіздердікі, менікі үлкен жолдың жанындағы шағын сүрлеумен жай қастарыңызда желіп жүру ғана ғой. Әйтпесе, шолудан ары аспаған мен шын аламанның ішкі күйінің қандай екенін қайдан сезінейін?
Блогиадада соңғы турдың тақырыбы — Блогиада. Болжанатын, күтілген тақырып. Қисынды бірақ.
Бүгін жай ғана оқып шығып, қисық тіл, қыңыр сөзсіз қоштасайын (шама келгенше). Онсыз да дұрысты-бұрысты сын айтып, мақтап-даттап, үтіріне дейін қаузаған кезіміз аз болмаған секілді.
Маралбек Сағынғанов, "Ойды ой қуады"
«Аса көп жазып қойдым-ау» деп тым асыра айтып қойған секілдісіз. Ұзақ емес, тиянақты пост, сілтемелі «Кешеңізді» зер сала оқыдым. Тәлімді, пікірлі. Десе де, жалпы ойдың сүдіні лаңкестерге қарсы тұру, қоғамның қауіпсіздігі жайлы болғаны әдіс ауқымынан тыс біртүрлі қабылданады. Бірақ тек блогиада жайлы бұлай жазып шығу мүмкін емес шығар, сондықтан «Ойды ой қуады» деген атау дөп қойылған. Аса кең маневрге мүмкіндік береді. Класс!
Осы шолуда сіздің әдісіңізді пайдаланамын деп шештім. Күллі блогиада мүддесі үшін. :)
«Ендеше, шапшаңдық танытқан блогерге тақырып та ертерек берілгені жөн.» — Ух сен! Марко-ми!
«Бұл блогиада тым ұзаққа созылды. Қатысқаныма өкінген сәттерім де көп болды. Басындағы бірнеше турдан соң көп адамның тайқып шыққанына да осы себеп секілді. Ендеше марафон қажет емес. Керек тілші сияқты бір айлық спринттер әлдеқайда тиімді болады» — Өзіміз қатыспағасын біз түсінбейміз. Мәйегі бар. Әйтсе де, бір айлық спринтте миллион тігілсе, анық әділдікпен қазыларға анықтап шығу ұзақ аламанды бағалағаннан гөрі қиынырақ болары сөзсіз.
Өз ойыңызды шынайы, тіпті біршама эмоциямен жеткізіпсіз. Көп жерлерімен келісуге болады. Жазба оқудан кейінгі кермек дәм кішкене мұңды ма, қалай?..
Маралбек, мықты адамсыз. Ал мықты блогер деген жай бонусыңыз ғана.
Асқар Базарбай блогиада туралы естеліктерін ұсынады
Мәтіндік естелік жазба, бұл доданы чемпион классикамен аяқтағаны да жөн шығар. Мазмұндық не құрылымдық жағын жіліктеп қайтейін (қазір блогиадада оған кілтипан қалдыратын блогер қалды ма өзі?), оқып шықсам да жеткілікті емес пе?
«Олар (иттер — ред.) қазанның қақпағын да ашып алып кете береді ғой» — уақақа! Келіншегіңізге дұғай сәлем айтыңыз!
«Иә, оны қазір мойындаудың реті бар шығар, атышулы диванымды мен тақырып берілмес бұрын жөндеп қойған болатынмын. Тақырып берілгенде көрнекілік үшін диванның тысын қайта шешіп алып, бүкіл процессті қадам-қадамымен қайта суретке түсіріп, симуляция жасаудың реті келді» — Ах сұмырай! :)
Диванға қатысты оқиғаңыз да, синемология жапсары да «Далбаса» ғо, бәрі «Далбаса». Ештеңе етпейді. Енді қазір оның еш маңызы жоқ.
Генератор жар болғыр сол бір кезеңде тіпті пост жасалмай қалғанда да, бәрібір блогиаданың жеңімпазы сіз болар едіңіз. Сіз секілді таланттар ертегіге сенбейді, оны өздері жазады.
Эльвира Ерғалина, "Қош, Блогиада немесе Ең, ең, ең…"
Естеліктер. Бұл да бір блогер тарапынан блогиада қиыны мен қызығы жайлы деректер.
"Қазылар алқасы Әйгерімге жоғары балл қойып, маған төмен ұпай бергенде түңіліп кеттім. Екеумізге бірдей баға қояды деп күткем" — Жеткізу түк рөл ойнамайды деген тұжырым ұстанғандай боп қалдыңыз ғой. :) Бұл да сынақ, гүлім.
«Көңілі көтеріңкі болса, бағаны үйіп-төгетін, мазасы болмаса, ұрысып тастайтын Ерлан Оспанға;
Қатені тізіп жазып, түзеу керек жерді бетіме басып тұрып көрсететін Асхат Еркімбайға;
Қанша қатал боп көрінсе де, ең жұмсақ, жекеде «Блогиададан кетем» деп жылағанымды сабырға шақыратын Тимур Бектұрға;
Қолы ашық, ең мейірімді жюриіміз Нұрғиса Асылбековке;
Менен 6-сы мен 7-сін аямаған, жазбам жәй ғана ұнамай қалатын Назгүл Қожабековаға АЛҒЫС АЙТАМЫН! Сіздердегі қаталдық менің блогерлік тұлғамды қалыптастырды, ізденімпаздыққа әкелді.
Ұйымдастырушы Аршат Оразға, демеуші Азаматхан Әміртайға рахмет!»
— Сөйлемнің анықтауыштарын қайдам, жеке сипаттауыңыз ғой, жалқы есімдеріне қос қолдап, бір шишалап қосыламын. Қазақтың тұңғыш блогиадасына үделі үлес қосқан осы шеберлерге шыныменен алғыс айтайық.
Эльвира ханым, осынау теориялық тармақты трасса тұйықталған сәтте, сіздің шыдамыңыз бен жігеріңізге тәнті, оның үстіне, сіз, қалай көзқарас білдірсек те, шынайысыз деп айтқым келеді. Классикалық блогер образы десе, сіз елестей бересіз.
Әйгерім Кеулімжай блогиадашылар әнін ұсынады
Әнмен аяқтайық, иә? Тіпті гимн боп кете ме барлық блогиадаларға?
Мағыналы өлең, сөздері дөп, оны менен гөрі сіздер әлдеқайда тәуір түйсінесіздер. Басқа несін шолайын…
Ал видеосы… Көркемдік жағын қаузап отыруға шама бар ма? Хнык-хнык. Жарайсыздар!!!
Әйгерім, сіз ерекше жансыз! Егер Қазақстанда 50 шақты Кеулімжай болса, біз ең кемел елдердің ондығына оңай кірер едік.
Блог - Boribay_Bekarys: #ББББ. Соңғы шолу: Фенита ля блогиада
Бұл блогиада ең талантты, не ең ойлы блогерді анықтап берді деп айқын тұжырымдай алмаймыз. Олай болуы да шарт емес шығар. Бірақ талантқа қоса тиянақтылық, ұқыптылық, бірбеткейлік пен тұрақтылық та ұзақ мерзімді аламанға қажет қасиеттер екені айқара анық болды. Осының бәрі тағы жүздеген қабілет пен қасиетке қосылып, ең мықты блогерді анықтайды. Бүгінде ол — Асқар Базарбай. АСҚАР БАЗАРБАЙ. Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік, қырықтан қазанат.

«Менің жазбагерлігім аса кең ауқымды, алуан бағытты: Мен кейде дін жайлы жазам, кейде дін жайлы жазбаймын» депті баяғыда біреу. :) Ал блогиада сан алуан мәселені көтеріп, қырғын тақырыпты егжеді.
Блогиаданың «Блогиадамен» аяқталуы заңды да шығар. Бірақ қалай басталып еді? Реттілігін сақтай отырып, Маралбек-стайл жасасам, ілкі блогердің күллі жазбасын тағы бір шолып, өзіңіз ұнатқанына қайта телміре қалмайсыз ба? Бәлки, қайта емес, тұңғыш рет…
Бәрі көктемде басталды. Ел жүдеңкіреп, денсаулығын нығайтуды ойлайтын кез еді ғой. Аузынан сүті кеппеген жас балалардай, мұндай жобаны алғаш көрген болгерлер әу бастан еркін суреттеп, көсіліп кетті де дей алмайсыз. Дей тұрғанмен, ақшаның буы ұрмай қоя ма, жазбагерлер халықты біраз қызық туындымен сусындата бастады. Бәріне бірдей Феттель қайда, біреулер соңғы келген көліктей қатардан шыға бастады. Біреулер ойнаған ойынының қызығы кеткен баланың кейпін киді ме, бәзбіреуге негізгі кәсібі кедергі болды ма, әйтеуір ақырғы әндері ерте шырқалғандар болғанын айтам да. Бұл да, ұзақ жолдық мініске шыдау — блоггингтің заңы шығар.
Блогиаданың ырғағына үйреніскен, қалған ділмәрлар шығармашылық қиялға ерік беріп, өзекті тақырыптарды көтеріп, елге еркін сауалдар тастай бастады. Тұрақты оқырмандары пайда болып, кәнігі кино жұлдыздары секілді ел танып, мойындай түсті. Жазбалар, әрине, әлеуметтік желілер арқылы да кең тарады.
Үшінші кезеңде іріктеліп қалған блогерлер өз дерегін таныстырып та, салыстырып та бере білетін. Интернет-журналистиканың тарландары «Бастан құлақ — садақа» деп, көсіле-көсіле тіпті құлақ кескен хардкор-ужастик те түсірді. Хехе, әзіл ғой. Дегенмен, жалпы қалыптасқан таптаурындарды бұзып шыққан жазбалар жиілей бергені рас. Мәселен, математикалық фоторепте сан алуан бағытты жазба болды. Кісі азайып, жартылай финалистер ұшқыр, дәмді, еркін жазатын, бұл бір секс кезең еді ғой, секс! Жазбалар бір қауіпсіз фастфуд секілді ерекше, яки жай кездесе бермейтін, таптырмайтын, тартымды да дәмді дүниелер еді!
Киім тақырыбының айналасында жеңімпаз анықталғандай көрінді де, сайыс тек рейтингтің екінші сатысын анықтауға жалғасқандай болды. Қалай болғанда да, тұтас жазба, күллі пост үлкен блогиадалық Ұлттық қорға айналып, қазнетке салған ең мығым инвестиция болғандығы жайлы өткен шолуымда да айтып едім. Бар болғаны осы ғана. Осындай жол. Қалай, оңай ма екен?
Талай тарлан блогердің туындысын оқыдым. Бірақ шолу жасамадым. Блогиадаға кеш келгесін, әрине. Бірақ, бұл да бір ми еңбегі, бұл да уақыт, сондықтан кеш келгенім де жөн болыпты деп ойлап қоямын. Иә, жалпы, қаласаңыздар, Бөрібай Бекарыс деген оралманның басқа шолуларын сол жақ, жоғары беткейге өтіп барып, сілтемелері арқылы оқып алуларыңызға болады.
«Фейк деуге тұра ма, ойлаңдаршы,
Оригинал артында сөз қалдырған?!». Мен де шама-шарқымша оқырман пікірін сарапшы ойымен тоғыстыра беруге тырыстым. Енді сіздермен бірге блогиада аспанынан жоғалмақпын.

Блогиада, осымен оның блогы ада. Қатысушылардың сыры мен мұңы, шері мен тері талай таңдақтарда қалып жатыр. Соңғы турда тек бір бөлшегі ғана шым-шымдап шықты.
Біле-білгенге, оқырман құқайы мен қазылар ұпайы да ауыр сын. Өзара талай оқиғалар болған шығар. Оның бәрі — кешегі күннің еншісі. Ал қазір — той. Қалай болғанда да, ең маңыздысы — жазбагерлердің бірін-бірі қолдау, алысқан аламанның соңында да ынтымақта ортақ қуанышты тойлау. Қазақ блогерлерінің адами қатынасы пәстенбесін. Блогерлердің бірлігі — сапалы контенттен де маңыздырақ. Бөлінгенді Бөрі жейді. :)
"Қазының жақсысы — тоңазытқышта" десек те, жюри болу оңай дүние емес екені белгілі. Ең бір мейірімсіз, бағаланбайтын жұмыс. Сондықтан, әлгіндегі Эльвира жазған қауымға алғыс айтып, береке тіледік. Биылғы жюри — әртүрлі, біріне-бірі ұқсамайтын өкілдерден тұрды. Біріккенде тәуір бір жүйеге айналды ғой деймін.
Иә, сосын жоба менеджерлері мен демеушілеріне (реттілігі дұрыс емес-ау дейм, ә?) құлақшынымды шештім. 30 градус аяз болса да.
Ал, құрметті оқырман! Келесі жылдың үздігі, бәлкім, сіз болып қаларсыз! Ағыстан қорықпаңыз, оған бір кірсеңіз, өзі-ақ иірімдеп ала жөнеледі. Тек жағаға ерте шығуға ұмтылмасаңыз, өзі-ақ жететін жерге жеткізіп тастайды. Секіретін трамплин — мына жерде.
Блогиада-2015 қатысушысы, жазбаңызды әркез фэньшуй бойынша орналастыруға жазсын! :) Сәттілік!



Бұл — БЛОГИАДА!

Суреттер Медет Жансанов, Қоңырбай Қазақ және Бөлтірікбек Алшынның ортақ еңбегінің арқасында жарқын дүниені көріп отыр
Әрі қарай