Жарияланымдар

Менің алғашқы оразам

Әлі есімде 8-ші сынып болатын. Ол кезде ондай дүниелерді түсінбейтінмін. Парыз деген не, ораза туралы, ол қалай орындалады?!.. Дым түсінбейтінмін. Тіпті, ол жайлы ойламайтынмын. Ол кезде негізі барлық бала оразаны ескермейтін.

Бір күні қалада оқитын егізім хабарласты: «Сико, бүгін кешке ораза дейтін басталайын деп жатыр екенғо. Оны ұстағандарды жұрттар үйіне шәйға шақырады екен. Рақат қой. Шәй ішесің. Құрт жейсің. Ұстаймызба?!» деді. Әлгінің сөзінен кейін, оның үстіне құртты айтқасын «давай» деп келісе кеттім.

Біздің ауылда Самат деген бай кісі тұратын. Анау-мынау адамның қолынан келмейтін бизнесі бар. Этаж үй жалғыз соның басында. Үйінің сырты әдемі. Шарбағында күшті-күшті гүлдер өсетін. Дизайн, әсемдікке қызығатын мен, оның үйінің ішін қатты көргім келетін. Сол үйге кіру арманым еді. Сөйтіп, «Самат ағайда шақырады» деп ораза ұстамақ болдым.

Кестесін тауып алдым. Уақыттарын білдім. Таңда 4.00 де ауыз бекіту керек екен. Күні бойы ойнап, одан қалса қораның төбесінде «концерт» қойып, шаршап, сеспей қатып, ұйықтап қалыппын. Манағы ауыз бекітуімді ұмытып кетіппін. Жазда ауыл сәкіде далада жатады. Таңғы 5.00 дегі әтештің айқайынан оянып, ораза ұстайтыным есіме түсіп, жүгіріп барып құрмамен ауыз бекіттім. Өлгенше су ішіп алдым. Шөлдемейін деп.

Енді, қырсық. Ертеңіне қойкезек. Біздің үйдің кезегіне кеп тұр екен. Әжем ұрысып жүр: «Қайдағыны қайдан шығарады осы қыз» деп. Жаныма суын байлап, нанымды беріп, атам койкезекке шығарып салды. Өзімше тырыстым. Оразамды бұзбауға. Ешкім көріп тұрған жоқ қой деп анда-санда судан жұтып қоямын. Су ішпеуім керек деп тежеп қоям. Ондағы ойым «жұрттың шәйі» еді. Кешке келдім тілім салақтап. Содан әбден зорығып, мұрнымнан қан кетіп, 3 күн ауырдым.

Осылай ұстаған оразам быт-шыт болды. Балалықпен істеген осы ісімді Аллам өзі кешірсін. Келесі жылы дұрыстап ұстадым. Міне, сол үрдіспен бұйырса биыл да ұстаймын! Қолымыздан келетін мұсылманның бес парызының бірін өтей алатынымды үйдегілер де түсінді. Мен де сауабы мол Рамазан айының қадірін енді түсініп жатырмын.

Пы.Сы: Әлгі үйден ақыры шәй іше алмадым. Бірақ, толық түсініп ұстаған жылы (10 сынып болу керек ) шақырды.Блог - Sikosha: Менің алғашқы оразам
Әрі қарай

Белгісіз

Бір аға бар. Өмірде таныс емеспіз. Тіпті, офлайнда да танымаймыз. Жекеде хат жазыспаймыз. Салған суретіне, жазған жазбасына қараймын. Менен едәуір үлкен. Қайда жұмыс істейді?! Қайда тұрады?! Әлде, ол тролльме екен? Белгісіз бір «аға».

Мен оны оффлайн болса да іздеймін. Себебін, өзім де білмейм. Махаббат дейін десең… Бұл басқа әңгіме.

Патриот екенін білемін. Өйткені дәлелдеп жүр. Түрлі жерде өткізген шараларынан, айтқан сөздерінен қазақылықтың иісі шығады. Иісі тіпті «мұрыныңды жарады». Фотолары ғой көргенім. Патриот бір «аға».

Жазған әр жазбамның астына коммент қалдырады. Нағыз қазақ жанашыры. Менің биікке шыққанымды қалайды. Әр қадамымды аңдып отырады. Репост жасайды. Әр комментінде айтар ойын жазып-жазып «Сен орында осыны!» деп аяқтайды. Бірақ, бетіне бұйырып ешкім сөйлемеген қызға мұндай комменттер ұнамайды. Модератор өзім болғаннан кейін өшіріп тастаймын ондайларын. Қалқаман ақынның «Оқырман қызы» секілді. Өмірде алыспыз. Бейтаныс бір «аға».

Бірақ, мен ол кісіге таң қаламын?! Неге мен?! Басқа қыз көөөп қой. Жазып жүрген. Жазайын деп жүрген. Себебін талай рет білгім келді. Хат жазуға оқталдым да. Қарындасы екенімді білсем де, намысым жібермеді. Ұят қой. Қалай бастайсың? Не дейсің? Намысшыл бір «қыз».

Сөйттім де… Ойланып. Толғанып. Ол кісіні өшіріп тастадым. Бітті. Ауыр жүктен құтылғандай боп жүрмін. Бірақ, бұл аға мені ол сияқты тағы қаншама адам тығылып оқып отырғанына көзімді жеткізді. Рахмет, сізге! Ехх… Әйтеуір, сендер аман болыңдаршы «ағаларым»!

P.S: Вконтактеде жазып едім. Бұл жерге қатысы жоқ негізі.
Блог - Sikosha: Белгісіз
Әрі қарай

Уақыт - алтыннан да қымбат!

«Уақытым жоқ!» Бұл қазіргі кездегі қоғамның көрінісі. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін осы сөзбен өмір сүріп келеді. Жиі ауызға алады. Уақыт деп жиі күрсінеді. Шын мәнінде, уақыт дегеніміз не?! Оның жеткізбейтін қандай құдіреті бар?!

Француз зерттеушісі Мишель Сифр 1960 жылы тәжірибе жасап көріпті. Ол күн көзі көрінбейтін, жарығы мен сағаты жоқ үңгірге кіріп екі ай өмір сүріпті. Нәтижесінде, 4-5 сағат болмаса, әдеттегі 24 сағаттан жаңылмаған. Яғни, уақыттың ақырын немесе жылдам өтуі тек өзіңізге байланысты екенін дәлелдеді. «Уақыт-керемет ұстаз, алайда шәкірттерін өлімге қиятыны жаман» деп күрсініпті бір ғалым. Енді бірі: «Уақыт алақанымызға құйып алған су секілді, шөлімізді қандырып үлгеруге тиіспіз» дейді.

Демек, жасын да, жасамысын да өз дегеніне көндіретін уақыттың «жұлдызы жанған» нақты анықтамасы жоқ. Тек бір білетініміз өмірдің бір орында тұрмайтындығы. Ағын судай екпіндейтіндігі. Уақыт, өмір туралы ойлағанда, Ұлықбек Есдәулетов мына өлең жолдары еріксіз ойыма оралды:
Асықпайтын уақытта асығамыз,
Ақиқатты несіне жасырамыз.
Жолға шықсақ жетуге асығамыз,
Жете салып кетуге асығамыз.
Таңда балабақшаға асығамыз,
Түсте алар ақшаға асығамыз.
Мүлт кеткенді тергеуге асығамыз,
Біреу өлсе жерлеуге асығамыз.
Таныса салып дайынбыз достасуға,
Амандассақ даярмыз қоштасуға.
Үйлене сап жатамыз ажырасып,
Асығамыз болуға тағы ғашық.
Жағаласып, сандалып, сабылысып,
Жүгіреміз қашанда асығысып.
Төзім құрып қалған ба, тағат тозып,
Әлде жүрегіміз кеткенбе сағатша озып.
Уақыт жоқ деп, уақытқа бас ұрамыз,
Осы біздер қай жаққа асығамыз?!..

Пы.Сы: Мына өлеңді Күләш Ахметованыкі дейді бір жолдасым. Кім жазса да, жақсы жазған. Осы өлеңмен түйіндегім келді.
Әрі қарай

Ол – сондай жігіт!......

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой қазақ. Мақтайын деп отырғаным жоқ. Мақтанғым келіп отыр. Көзінше емес. Оның стилімен жазғым келді. Мүмкін түсінбейсіздер. «Не жазған» деп. Кекетерсіздер. Оқымассыздар. Медуана жегем жоқ. Тек жазғым келді. Ол – сондай өмір. Ол – сондай қазақ.

Жаспыз ғой. Өмір алда. Бірақ, тірісінде сыйлайын. Кім біледі… Жә, жамандық шақырмайын. Том – том қылып кітап жазғаның не керек?! Өлгеннен кейін. Одан да тек құрметтей білсек. Бірдеңе айтқым келген. Соған қарай беттеп барамын.

Бала дейінші. Бірақ, сәби емес. Сәби дегенде сол балалық елестейді. Алаңсыз ойнаған күнімізді сағынамыз. Келмесін білеміз. Аңсаймыз. Еске алып, тәтті естеліктер жазамыз. Газет бетінде. Ол – сондай өмір. Ол – сондай қазақ.
Мен оны сәбиге теңеймін. Түрін емес. Бойын емес. Балалығын. Сол нәресте кезден қалған аңғал мінезіне тәнтімін. Арамдығы жоқ. Ол – сондай бала.

Ойнап сөйлейді. Ойланғаны да қызық. Сөз ұқпайтын тентектеу дейміз. Ниеті түзу. Маужырап жүргенін көрмеймін. Біледі. Ерте тұрған еркектің ырысының артықтығын. Сабаққа бірінші келеді. «Мейлі»-мен жүреді. Құлақта наушник. Ол – сондай жігіт.

Кейбір жігіттер сияқты екі сөйлемейді. Айтқан сөзінің атылған оқ екенін біледі. Өзге жігіттер сияқты міндетсінбейді. Жәй ғана өтініп сұрайды. Басқа жігіттер сияқты ез емес. Қазақ үшін жанын береді. Кеуде соққан патриоттар қасында ойнап қалады. Бағамдай біледі. Саралай алады. Ол – сондай ұл!

Мұғалімдерге сұрақ қояды. Білмегенін сұрау үшін емес. Сөйлетеді, пікірін біледі. Мұғалімдердің білімін тексеру үшін емес. Лекция жазбау үшін. Апайлар да мәз, біз де мәз. Сабақта ол болғанда. Атын атап, түсін түстеуді ұмытып барамын. Ол – менің группаласым Елдос Жандосұлы.

Айтпақшы, қалып барады. Ол әдетінен жаңылмады. Айналасына тағы да қуаныш сыйлады. Студентпін деп бір тортпен құтылмады. Мерекеміз ғой. Қыздарға «Базар жоққа» билет сыйлады. Құттықтап, тіпті, смс жазбайтындарға бұл – үлкен үлгі. Жақсылар жақсымын деп айта алмайды. Біз онымен мақтанамыз. Кейбір ұлдар сияқты… Жә, жарар. Тағы кетіп барамыз ба. Қысқасы, ОЛ – СОНДАЙ ЖІГІТ!
Әрі қарай

Жаңа жылдық қолдан жасалған дождик..

Жылдың аяғы, жұмыста болсаңыз отчеттар, студент болсаңыз сессия алқымыңыздан алып, мұрыныңыздан шаншылып жүрсізбе?! Қолыңыз тимей, жаңа жылға да үйді безендіріп үлгермеген боларсыз?! Бірақ, қам жемеңіз, көңіл күйіңізді түсірмеңіз! Шыршаны не үйді (ойыншық, дождик сатып алмай-ақ) өз қолыңыздан жасаған дүниемен сәндеуге болады. Бар-жоғы 7 минут уақытыңызды алады. Бұған керек заттарды да сатып алмайсыз. Ал, кеттік…
Әрі қарай

Жаңа жыл жайлы жаңа жыр

Уақыт таппай бір мезгіл АЛЛАға біз,
Артық болды-ау кәпірден қалған аңыз.
Жаңа жыл деп жүгіріп, қарсы алуға,
Көктен Иса түсердей қамданамыз.

Адасқанды түзетер айлам бар ма,
Алысқан ғой олармен Пайғамбар да.
Мәңгүрт қазақ мәз болар мәнін ұқпай,
Қағбаны емес, шыршаны айналғанға.

Ойлануға ерініп милы адамдар,
Жасалуда қисынсыз қилы амалдар.
Ағыл-тегіл шашылар тойлатуға,
Құрбан айтқа тоқтысын қимағандар.

Шырша болып сол тойдың нақ талабы,
Балталылар орманға аттанады.
Зәм-зәм берсең зәресі кететіндер,
Шампан ішіп ол күні шаттанады.

Жаңа жылға жұмсалып қолда бары,
Жын ойнаққа айналар ордалары.
Сөйтуіне ұлықсат беріп қойған,
Аяз-ата дейтұғын молдалары.

Әрбір тойы болатын мағыналы,
Өткен күнді көңілім сағынады.
Аят айтып көрмеген ауыздары,
Тост айтқанда тосылмай ағылады.

Құлдық ұрып АЛЛАға тұрса адамдар,
Жасалмас ед тозақтық мұнша амалдар.
Баспанасыз адамды ойласын ба,
Мұзқалаға миллион жұмсағандар.

Арман Бердалин
Әрі қарай

Плеоназм немесе плеонастикалық тізбек

Мемлекеттік тіліміз қазақ тілінің қолданыс аясы күннен-күнге артқан сайын оған деген қажеттілік те өсіп келеді. Қазақ тілін дамыту бағыты оның мемлекеттік мәртебесін іске асыру қажеттілігімен айқындалады. Қазақ тілін ғылыми салада дамыту үшін іске асып жатқан шаралар жеткілікті десек те, әлі толыққанды шешілмеген мәселелер де бар. Соның бірі плеоназмдық тізбек.

Ол не нәрсе? Қайдан шықты? (немесе, мынау не дейд?)– деген сауал баршаңызды мазалап отырған болар. Ия, атын естігеннен кейін, аты қабағының астымен қараған, беймәлім плеоназм тіркесінің қараңғылығынан сәуле іздеу қызығушылық туғызды. Сүйенішіміздей көретін, қабырғадағы қанатымыз интернеттен де тұшымды жауап болмағаннан кейін, кісі бетіне күліп қарап көрмеген ғылым саласы ма деп ойладым. Айтушы ердің ұстасы болған ғаламтордың етінен ет кессем де мыңқ етпеді.(өләәә) Сөйтіп, қазақ тілінің қайнарынан қанып ішкен, айтулы ғалым-көкжалдарымыздың еңбектерін ақтардым. Сонымен, күннен аптаға созып, қыры жар берместей көрінген плеоназмдық тізбектің сырына жеттім. Құлақ түріңіздер. (тыңдасаңыздар да болады)

Қай тілдің болмасын, тіл байлығының көрсеткіші, сөздік қорының алтын сандық, асыл қазынасы синонимдер екені белгілі. Ана тіліміздің де байлығы мен оралымдығы, көркемділігі мен бейнелілігі, алымы мен кең тыныстылығы синоним сөздердің молдығымен көрініс тапқан. Ғылыми анықтамасына тоқталатын болсақ, синонимдер дегеніміз тұлғасы басқаша болғанымен, мағынасы бір-біріне жуық, бірінің орнына бірі қолданыла беретін лексикалық бірлікті атаймыз.

Синонимдерді зерттеген ғалым Әсет Болғанбаев олардың қолданылу жағдайларын атап көрсетті.(өтеее көп) Солардың бірегейі плеоназмдық сөз қолданысы.

Плеоназм н/е плеонастикалық сөз тіркесі (грек. Pleonasmos-артықшылық, шамадан тыс) қабаттасып қатар қолданылу нәтижесінде бір мағынаны білдіріп, қалыптасып кеткен екі сөз. Өзара мағыналас екі сөз плеоназм әдісімен ұдайы айтыла келе бір сөз есебінде қолданылады. Мысалы, зәулім биік үй, кең-байтақ ел, айдын шалқар көл, қырмызы қызыл жібек, заңғар биік тау, жайдары жарқын мінез, орасан зор жұмыс, құр бекер жүріс, нән семіз жылқы, қызыл жоса қан, кәрі шал, суық аяз, кіршіксіз таза т.б.

Лингвистикада «Плеоназм» терминін түсіндіруде біраз қайшылықтар бар. Бұл мәселе І.Кеңесбаев, Ә.Болғанбаев, К.Аханов, Г.Әжібекованың еңбектерінде (менің блогымда) біршама қарастырылған.

Синонимдерді жекелеп, жалғыз-жарымдап жұмсаудан гөрі плеонастикалық тәсілмен жұптап қолдану әлдеқайда мәнерлі болып ұғынылады. Мәселен, «байтақ жер» дегенннен гөрі «ұлан байтақ жер» деп айту күштірек мән туғызады. Сол сияқты «ғажайып оқиға» дегеннен «таңғажайып оқиға» дегеннің мәні басымырақ түседі.
Қорытынды. Қазақ лексикологиясы қай жағынан болсын нәтижелі еңбек пен атқарылған іс-шаралар нәтижесінде едәуір биікке көтерілді деуге болады. Дегенмен, басы ашылмаған, сараланбай, жүйеге түспей жатқан дүниелер әлі де көп. Тек қана ерінбеген арыстанның аузындағысын алатынын есте шығармайық.

ПыСы: Мұның бұл жерге өтпейтінін білем. Бірақ, өліп қалған өтірік жазбалардан гөрі, миларыңызға құнды бірдеме болатын жазба деп ойлаймын. Айтпақшы, ізеп сарылып жүргендер, рефераттық нұсқасы керек болса жекеге хабарласыңыздар…
Әрі қарай

Мен де бір перзентімін туған жердің...

Туып-өскен, кіндік қаны тамған жері дегенде кім-кімнің де жүрегі елжіремей, қобалжымай қоймайды. Кім тебіреніп, кім толғанбайды?! Мен де туған жерім Маңғыстаудың бір перзенті ретінде, осы бір ғажап жер туралы, мүмкіндігімше сіздерге сыр шерткім келеді.
Маңғыстау өз тарихы өзгеге ұқсамайтын бет-бейнесі бар өлке, елге аңыз боп тараған шежірелі өлке. Бір сәт мынау талай сырды ішке түйіп, тым-тырыс жатқан құпияға толы далаға көз салыңызшы!.. Алыстан адассаң дұрыс жөн сілтер Бекет Ата, күнді сүйген Қаратау жоталары, қарт Каспийдің көгілдір толқыны… Бәрі де керемет емес пе?! Осынау керемет өлкенің мен де бір куәгері.
«Маңғыстау» деген сөз қазақтың «мың қыстау» деген сөзінен шықса керек. Бұл сөздің мағынасы-бұл аймақтың табиғат жағдайы ықтасындары мол, таулы жерлері мал қыстауға ыңғайлы болуында. Міне, сондықтан да бұл алқап – мың қыстаулар мекені.
Маңғыстау — өлең сөздің өрен жүйрігі – Қашағанның, «Атыраудың ақиығы» атанған Нұрымның, «Досан батыр» дастанын жеткізуші Сәттіғұлдың кіндік қаны тамған жері.
Мен қазір Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқып жатырмын.
Қазақта: «Адам өмірге келген соң, ең әуелі анаға, содан соң туған жерге борышты»,-деген қанатты сөз бар. Болашақта қалаған маман иесі болып, туған жерге деген борышымды өтегім келеді.
Атырауға асқақ арманым жетелегенде, туған жерге деген қимастық сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Борпылдаған топырағында жалаңаяқ жүгірген, құмды, шыңы бораған, жазы ыстық, қысы қақаған Маңғыстауды сағынып жүрмін…
Әрі қарай