Уақыт - алтыннан да қымбат!
Француз зерттеушісі Мишель Сифр 1960 жылы тәжірибе жасап көріпті. Ол күн көзі көрінбейтін, жарығы мен сағаты жоқ үңгірге кіріп екі ай өмір сүріпті. Нәтижесінде, 4-5 сағат болмаса, әдеттегі 24 сағаттан жаңылмаған. Яғни, уақыттың ақырын немесе жылдам өтуі тек өзіңізге байланысты екенін дәлелдеді. «Уақыт-керемет ұстаз, алайда шәкірттерін өлімге қиятыны жаман» деп күрсініпті бір ғалым. Енді бірі: «Уақыт алақанымызға құйып алған су секілді, шөлімізді қандырып үлгеруге тиіспіз» дейді.
Демек, жасын да, жасамысын да өз дегеніне көндіретін уақыттың «жұлдызы жанған» нақты анықтамасы жоқ. Тек бір білетініміз өмірдің бір орында тұрмайтындығы. Ағын судай екпіндейтіндігі. Уақыт, өмір туралы ойлағанда, Ұлықбек Есдәулетов мына өлең жолдары еріксіз ойыма оралды:
Асықпайтын уақытта асығамыз,
Ақиқатты несіне жасырамыз.
Жолға шықсақ жетуге асығамыз,
Жете салып кетуге асығамыз.
Таңда балабақшаға асығамыз,
Түсте алар ақшаға асығамыз.
Мүлт кеткенді тергеуге асығамыз,
Біреу өлсе жерлеуге асығамыз.
Таныса салып дайынбыз достасуға,
Амандассақ даярмыз қоштасуға.
Үйлене сап жатамыз ажырасып,
Асығамыз болуға тағы ғашық.
Жағаласып, сандалып, сабылысып,
Жүгіреміз қашанда асығысып.
Төзім құрып қалған ба, тағат тозып,
Әлде жүрегіміз кеткенбе сағатша озып.
Уақыт жоқ деп, уақытқа бас ұрамыз,
Осы біздер қай жаққа асығамыз?!..
Пы.Сы: Мына өлеңді Күләш Ахметованыкі дейді бір жолдасым. Кім жазса да, жақсы жазған. Осы өлеңмен түйіндегім келді.
Пікір жоқ әзірше