Жүктіліктің 1-аптасы. Жүктіліктің алғашқы белгілері

Сәлем, достар! Бұл сайтта менің бірінші мақалам. Сол үшін барлығыңызбен танысқаныма қуаныштымын. Мен акушер болып жұмыс жасаймын. Соған байланысты жүктілік жайында ютуб канал ашып оны дамытып келемін. Сонымен, менің бірінші тақырыбым жүктіліктің 1 аптасы жайлы болмақ.

Жүктіліктің алғашқы белгілері көбінесе байқалмайды. Әйел адам өзінің жүкті екенін тек уақыт өте келе ғана біле алады. Белгілер өзі екіге бөлінеді. Күмәнді және нақты белгілер.

Күмәнді белгілерге: бас айналу, өзін ерекше сезіну, ай сайын келетін әйел адамға тән қонақтардың тұрақсыздығы және циклдың бұзылуы жатады.

Нақты белгілеріне анық байқалған токсикоз, әлсіздік, шаштың түсуі және бел омыртқасының ауыра бастауы.

Толығырақ мына видеода қарай аласыздар.

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы

Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес.



Шын мәнінде, немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамасына көз жүгіртсек, олардың мыңдаған жылды қамтитын төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатыстылығы жөнінде сұрақ туындайтыны орынды.  Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш. Сол сияқты, ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бір бөлшегі. Полиэтникалық бай мәдениеті бар ежелгі Үндістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үздіксіз дамып  келе жатқан бірегей өркениет ретінде қарастыруға болады.



Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады.



Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті.



Біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр.



Екіншіден, біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды.



Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.



Тіпті, қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ.



Сонымен бірге ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын атап өткеніміз жөн. Бұл – түрлі этностардың көптеген көрнекті тұлғалары өз үлестерін қосқан бүкіл халқымызға ортақ тарих.



Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек.



Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.



Сонымен, Ұлы даланың жеті қырына тоқталайық.



 



І. ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ



Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді.



 



1. Атқа міну мәдениеті



Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.



Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының  тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.



Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.



Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.



Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі.



Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі.



Біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз.



Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды.



Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ.



Сонымен қатар бүгінгі етіктердің барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктің «мұрагерлері» екені белгілі.



Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді.



Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды.



Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тайпалары ойлап тапқан тағы бір технологиялық жаңалық – қылыш. Оның оқтай түзу немесе иілген жүзі – ерекше белгісі. Бұл қару ең маңызды әрі кең таралған соғыс құралына айналды.



Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпенділерінің айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті.  



 



2. Ұлы даладағы ежелгі металлургия



Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады.



Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді.



 



3. Аң стилі



Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды.



Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған.



Олар жыртқыштардың, негізінен мысық тұқымдас аңдардың суретін көбірек қолданған. Егемен Қазақстанның символдарының бірі – жергілікті жануарлар әлемінде сирек кездесетін тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес.



Бұл ретте, аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген.



Жалпы, «аң стилі» феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады.



 



4. Алтын адам



Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам».



Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті.



Дала халқы өз көсемдерін осылайша ұлықтап, оның мәртебесін күн секілді құдірет деңгейіне көтеріп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен де мол хабар береді. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі.



 



5. Түркі әлемінің бесігі



Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды.



Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды.



Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан.



 



6. Ұлы Жібек жолы



Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды.



Бұл жол халықтар арасындағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшін орнықты платформа болды.



Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды.



Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Түрік империяларының аумағын қамтыды. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді.



 



7. Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны



Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта  теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды.



Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады.



Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы». Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі.



***



ІІ. ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ



Көтерілген мәселелер жан-жақты  ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты.



Бұл жұмысты бірнеше ірі жобалар арқылы бастауға болады деп ойлаймын.  



 



1. Архив – 2025



Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр.



Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын. 



Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек.



Қай жағынан болсын, бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауға тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет.



Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады.



 



2. Ұлы даланың ұлы есімдері



Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады.



Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр.  



Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді.



Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек.



Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет.



Сондай-ақ бұл жерде классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге, шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартқан жөн.



Үшіншіден, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет.



Бұл бағытта қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылатын халықаралық көпбейінді ұжым құруға болады. Нәтижесінде, біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шет елдегілер де білетін болады.



 



3. Түркі әлемінің генезисі



Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты.



Осыған байланысты, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатынТүркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, Википедияның үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да маңызды.  



Сонымен қатар жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет.



Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады.



 



4. Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі



«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін – аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақтауға болады. Онда Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экспозициялары қойылады. Бұл заттар тарихи дәуірлердің қандай да бір кезеңіндегі әртүрлі шаруашылық салаларының даму үдерісін көрсетеді.



Сонымен қатар «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізуге болады. Бұған қызығушылық білдірген адамдарды тарта отырып, осы тақырыптар аясындағы жұмыстарды бір мезгілде жүргізуге болады.



Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ.



Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет.



 



5. Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы



Бұл жоба  аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады.



Сонымен қатар қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет.



Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңызды.



Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз.



Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек.



Атап айтқанда, көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттерімен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға болады. Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылады. 



Сонымен қатар фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет. 



 



6. Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі



Қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады. 



Сондықтан тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек.



Аталған жобалар кең халықаралық ынтымақтастық аясында отандық және шетелдік үздік сценаристерді, режиссерлерді, актерлерді, продюсерлерді және заманауи кино өндірісінің басқа да мамандарын тарту арқылы жүзеге асырылуға тиіс.  



Қызықты әрі мелодрамалық сарындармен қатар, көрермендер үшін танымал фэнтези және шытырман оқиғалы блокбастерлердің элементтерін қоса отырып, жаңа тарихи теле-кино туындылардың жанрларын барынша кеңейту қажет.



Осы мақсатпен Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалануға болады. 



Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек.



Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар.



 



ҚОРЫТЫНДЫ



Осыдан бір жарым жыл бұрын менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалам жарыққа шықты.



Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын.



«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді.



Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.



Астананың 20 жылдығына арналған интеллектуалдық сайыс өтті

Астана қаласының 20 жылдығына арналған интеллектуалдар сайысын Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Астана Интеллектуалдар Клубы бірлесіп өткізді.

18 команда, 72 адам қатысқан сайыстың басты тақырыбы Астана қаласының 20 жылдығы болды. Қатысушыларға Астана тарихы және қазіргі кезіне байланысты 20 сұрақ қойылды. Сайысқа мемлекеттік қызметкерлер, БАҚ өкілдері, студенттер, блогерлер және түрлі сала өкілдері қатысты. Тартысты өткен сайыс соңында үздік 3 команда мүшелеріне бағалы сыйлықтар берілді.

Шараны ашқан Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп «Астана қаласының әкімдігі, оның ішінде Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік тілдің әлеуетін көтеру, ұлттық құндылықтарды нығайту бағытында бірқатар маңызды әлеуметтік жобаны қолға алып отыр. Бүгінгі шара да осының айғағы. Осы сайыс көпшілік арасында кеңінен танылып, сұраныс артып жатса алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырамыз деген жоспарымыз бар» деді.

«Мұндай сайыстарды 2 жылдан бері өткізіп келеміз. Басты мақсатымыз – Астана қаласында интеллектуал орта қалыптастыру, жастардың логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру және тілдің дамуына үлес қосу. Астана тақырыбына арналған ойынға қатысушылардың дені жастар болғанына қуаныштымыз», деді интеллектуалдық сайыс ұйымдастырушысы Аршат Оразов.

Астана қаласында интеллектуалдық жарыстарды тұрақты өткізу алдағы уақытта да жалғасын таппақшы. Жарысқа қатысушылар ауқымын кеңейту де негізгі жоспарлар қатарында. Бұл бағыттағы жұмыстар болашақта да жалғаса бермек.


«Елорда Жастары Премиясы» байқауы басталды

Өтініштерді қабылдау 1 қарашаға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.


Астана әкімдігінде «Елорда Жастар Премиясы» байқауының басталуына арналған брифинг болып өтті. Аталған жастар байқауы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде өтеді.


Шараның мақсаты – талантты жастарды мемлекеттік деңгейде ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметте қолдау және жастар ҮЕҰ арасында бірлесіп әрекет жасау, табысты жас қазақстандықтар идеалын қалыптастыру. 


Премияға астана тұрғыны, Қазақстан Республикасының 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтары таласа алады. Бұдан басқа, кандидаттың түрлі салада көрнекті жетістіктері болуы керек.


Биыл жалпы номинация саны 20-ға дейін ұлғайтылды. Оның арасында: ғылым, заманауи шығармашылық, журналистика, қоғамдық қызмет, спорт, театр, кинофестиваль, эстрада, ҮЕҰ (жастар саясаты саласындағы).


Сонымен қатар әлеуметтік және өнер саласындағы жұмысшы, үздік өнеркәсіп жұмысшысы, жыл студенті, жыл волонтері, үздік мемлекеттік қызметкер, өнерге қосқан үлесі үшін жыл жаңалығы, жас кәсіпкер, үздік SMM-менеджер иегерлері анықталатын болады.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау заманауи Қазақстанның бейнесін ары қарай қалыптастыратын жас қазақстандықтарды көруге көмектеседі.


«Жастар байқауының негізгі мақсаты – өз саласындағы үздіктерді анықтау. Өткен жылы «Жыл студентіне» ең талантты студенттер бақ таласқандықтан, жеңімпазды анықтау қиынға түсті, сол себепті біз осы жылы қоғамдық онлайн дауыс беруді қостық.  Яғни кандидаттарды іріктегеннен соң біз онлайн-дауыс беруді жариялаймыз, онда кез келген адам қатысушыға дауыс бере алады», — деді «Астана жастары» КММ басшысы Үкібай Нұрпейісов.


Баспасөз конференциясында «Елорда Жастары Премиясы» байқауын ұйымдастырушылар «Астана дарыны – 2017» конкурсының былтырғы жеңімпаздарымен бірлесіп жұмыс жасап жатқаны туралы айтты.


«Бұл туралы жобаны мен біздің «Арман/Когда ангелы спят» фильмі шыққаннан кейін білдім. Маған осы конкурсқа қатысу үшін құжаттар өткізуімді ұсынды. Осы байқаудан кейін ерекше шабыт алдым. Мені түрлі жерлерге шақыра бастады. Қазір тележүргізуші болып істеймін. Меніңше бұл да жетістік. Жастарымызға үндеу жолдағым келеді. Ұялмаңыздар! Тек қана алға басыңыздар!», — деді «Астана Дарыны – 2017» байқауының «Кино» номинациясының жеңімпазы Жұлдыз Абдукаримова. 


Жеңімпаздарға сертификаттар мен бағалы сыйлықтарды қазақстандық эстрада жұлдыздары табыс етеді.


Айта кетейік, толығырақ ақпаратпен танысып және қатысуға тілек білдіргендер үшін www.elordapremiasy.kz сайтына кіріп өтініш жолдай алады. 


Қарағандыда дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерін даярлау және қайта даярлау курсы өтті

2018 жылдың 5 қазанында Қарағанды қаласында (Қазақстан Республикасы қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты аясында) «Парасат» кеңес беру-әдістемелік орталығы» мекемесі ұйымдастырған «Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерін даярлау және қайта даярлау жұмыстарын ұйымдастыру» гранты аясында ақпараттық-түсіндіру топтарының әр түрлі деңгейдегі мүшелерін оқыту курсы аяқталды.
Курсқа Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының ақпараттық-түсіндіру топтарының 100 мүшесі қатысты. Сертификаттар мен ҚР Қоғамдық даму министрлігі қоғамдық келісім комитетінің «Өңірлік дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі» деген арнайы куәлігін Қоғамдық келісім комитетінің басқарма басшысы М.Қарабаева табыстады. Барлығы 37 курс тыңдаушысы куәлік иегерлері атанды.
Арнайы куәлікті иелену талаптары:
өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамында 1 жылдан 3 жылға дейінгі жұмыс тәжірибесінің болуы;
жергілікті құзырлы мемлекеттік органның ұсынысы;
аттестациялық тестілеудің қорытындысы;
курс барысында тәжірибелік жұмыстарын тыңдармандар мен сарапшылардың бағалауы;
Келесі аймақтық курс 2018 жылдың 22-26 қазан аралығында Орал қаласында өткізілуі жоспарланған. Бұл курсқа Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері шақырылады.

Ұстаздар күнінде ұстаздарды ұлықтаған жолдау

5 қазандағы Жолдауға ең көп қуанған ұстаздар болар? Желіде қолданушылар бұл туралы не айтқанын қарайық.

Есен Елеукен:
Елбасы Н.Назарбаевтың жолдауын тыңдадық. Жылдағыдан өзгеше. Елбасы Жолдауды оқып, оны түсіндіріп қана қоймай бұған дейінгі атқарылған жұмыстарды, берілген тапсырмалардың қалай орындалып жатқанын министрлерден бастап әкімдерге дейін тік тұрғызып, бүге-шігесіне дейін сұрады. Жиын осынысымен де ерекше болды. Жолдаудағы нақты тапсырмалардың халықтың әл-ауқатын көтеруге, елдегі нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталып отырғаны қуантты. Ұстаздардың мәртебесін арттыру туралы Заң қабылданады. Демек енді ұстаздар қауымына деген көзқарас өзгереді. Олар «қолбала» тірліктен құтылып тек бар күш-жігерлерін ұрпақ тәрбиелеуге арнайды. Қуанарлық жағдай. Сондай ақ, дәрігерлердің жалақысын көтеру жөніндегі айтылған пікір де өте орынды. Полиция мен сот қызметін жетілдіру қажет. Бірінші кезекте адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету деп сіз бен біздің ұйқымыз тыныш болуын да баса айтты. Жолдауда ауыл да ұмыт қалмады. Елбасы «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет» деді. Бұйырса енді «Ауыл — ел бесігі» атты жоба жүзеге асады. Тағы бір жаңалық Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл біз үшін аса қуантарлық жаңалық.

Ақберен Елгезек:
Биылғы Жолдау абстрактілі дүниелерге емес, халықтың әл-ауқатын көтеруге, елдегі нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталып отырғаны көңілге сенім ұялатты. Ең ұнағаны «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау жөніндегі бастама, сондай-ақ дәрігерлердің жалақысын көтеру жөніндегі ұсынысы, полиция мен сот қызметін жетілдіру, адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен мемлекеттік қызмет көрсету ісін дамыту туралы нақты тапсырмалар бергені қуантты.

Бақытжан Тұрсынов:
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жылсайынғы Жолдауын тыңдадым. Президент Қазақстанда болып жатқан өзгерістерді ары қарай дамытып, оларды тың толықтыруды көздейтіндігін білдірді. Білім беру саласының қызметкері ретінде Ұлт көшбасшысының жастарға деген көзқарасы ұнады. Бүгінгі күні жастардың арасында диплом үшін оқып, қоғамға ешқандай пайдасын тигізбей жүргендер бар. Бұл өте өзекті проблема деп есептеймін. Елбасы халықаралық дәрежедегі түрлі әдістемелерді қолданып жатқан Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім бағдарламасын орта мектептерге енгізуді ұсынды. Осы мектептің мұғалімі ретінде қазір біз балаларға озық үлгілі әдістемелер арқылы білім беріп жатқанымызды айта аламын. Әлемге әйгілі Оксфорд, Кембридж сынды университеттермен әріптестік жасаймыз. Ұстаздардың статусын көтеру – маңызды мәселелердің бірі. Мұғалім – тек білім бері үрдісіне қатысы жоқ жұымстарға тартылмауы тиіс. Осы сала мамандарының жалақысының көтерілетіндігі мені де, барлық ұстаздар қауымын да қуантқаны белгілі.

Аршат Оразов:
Бұл жолдауға ең көп ұстаздар қуанған болар? Елбасы айтпаса бұрынғыдай қағазбастылықтан құтылмай, үгіт-насихат сияқты басқа істерден босамас еді. Енді тек негізгі жұмыстары білім берумен айналыспақ. Сондай-ақ мемлекеттік мектептерде жеке мектептердегі әдістемелер мен стандарттар қолданылатыны қуантты. Білім саласында реформалардың болмауы оқытушыларға да, оқушыларға да жақсы болмақ.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2018 жылғы 5 қазан

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ



 



Құрметті қазақстандықтар!



Біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқардық.



Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік.



Сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргіздік.  



Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткіздік.



Біз өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты әрі қалаулы халықаралық серіктес ретінде танылдық.



Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасынан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу үшін әлемдік қоғамдастық таңдап алған бірінші мемлекет болды. 



Біз Еуразия өңірінің қаржылық, іскерлік, инновациялық және мәдени орталығы ретінде қалыптасуын қамтамасыз етіп, жаңа елордамыз – Астананы салдық.



Халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті.



Біз берік экономикалық негіз қалыптастырдық. 



Соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды.



Экономиканы өркендетудің негізі саналатын шағын және орта бизнес нығайып келеді.



Дүниежүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-шы орынға көтерілді.



Біз әрдайым сыртқы сын-қатерлерге дер кезінде назар аударып, оларға дайын бола білдік.       



Соған байланысты, мен елімізді жаңғырту жөнінде қажетті бағдарламалық бастамалар жасадым.



Олардың жүзеге асырылуы табысты дамуымыздың негізгі факторына айналды. 



Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу.



2014 жылы еліміздің инфрақұрылымын жаңартатын «Нұрлы жол» кешенді бағдарламасын іске асыруды бастадық.



Үш жыл бұрын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жарияладық.



Содан кейін еліміздің Үшінші жаңғыруына кірістік.



Оның басты міндеті – Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру.



Еліміздің орнықты дамуы өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға деген зор сенім ұялатады.



Біз жаңа міндеттерді атқаруға дайынбыз.



Құрметті отандастар!



Соңғы кездері әлемдік саяси және экономикалық трансформация үдерістері күшейе түсті.



Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді.



Мызғымастай көрінген жаһандық қауіпсіздік жүйесінің тұғыры мен халықаралық сауда ережелері бұзылуда.



Жаңа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру еңбек ресурстарына және адам капиталының сапасына қатысты талаптарды күрделендіруде.



Қаржы жүйелерінің мүлде жаңа архитектурасы түзілуде.



Бұл орайда қор нарықтары кезекті қаржы дағдарысына алып келуі мүмкін жаңа «сабын көбігін» үрлеуде.



Бүгінде жаһандық және жергілікті проблемалар тоғыса түсуде.



Мұндай жағдайда сын-қатерлерге төтеп берудің және мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі болып отыр. 



Үкімет, әрбір мемлекеттік органның, мемлекеттік компанияның басшысы жұмыс тәсілдерін өзгертуі қажет.



Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі  басты басымдыққа айналуға тиіс. 



Мен лауазымды тұлғаның жеке тиімділігін және қызметке лайықтылығын дәл осы өлшемге сәйкес бағалайтын боламын.



* * *



Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты.



І. ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ ӨСУІ



Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады.



Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз.



Біріншіден, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын.



Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды.



Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. 



Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда  республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек.



Осыған орай, енді, ең төменгі жалақы  ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. Ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналады.



Төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бұл бастаманы ірі компаниялар қолдайды деп сенемін.



Екіншіден, бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек.



Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі.



БІРІНШІ. Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске қостық.



Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім.



Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек.



Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет.



Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді.



ЕКІНШІ. Экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек. 



Коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық емес.



Монополистердің инвестициялық міндеттемелеріне тиімді мониторинг пен бақылау жүргізілмей отыр.



Үкімет 3 ай мерзім ішінде осы мәселемен айналысып, бәсекелестікті қорғау функциясын елеулі түрде күшейте отырып, монополияға қарсы ведомствоның жұмысын реформалауы керек.



Бұл – маңызды мәселе, ол бизнес үшін кететін шығынның артуына, адамдардың нақты табысын азайтуға әкеп соқтырады.



ҮШІНШІ. Бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсу керек.



2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырамын.



Сондай-ақ, негізгі міндеті көлеңкелі экономикамен күрес болуға тиіс Қаржы мониторингі комитетіне функцияларын бере отырып, Экономикалық тергеу қызметін қайта құру қажет.   



Біз «қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұруымыз керек.



Мұнда жазалаушы ғана емес, сондай-ақ бизнестің қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынталандырушы құралдарға да сүйенген жөн.  



Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелер интеграциясының аяқталуы әкімшілендірудің ашықтығын арттырады.  



Үкімет үш жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс.



Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын.



ТӨРТІНШІ. Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуға тиіс.



Үкімет өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруі қажет.  



Біздің сауда саясатымызда селқостық болмауға тиіс.



Оған біздің тауарларымызды өңірлік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат дарыту керек.



Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажет.   



Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды.



Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. 



Басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырамын.



Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, осы қаражаттың көзделген мақсатқа жұмсалуын қатаң бақылауды қамтамасыз етуі керек.   



Ірі әрі серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторлармен бірлесіп инвестиция салу қағидаты бойынша жұмыс істейтін Шикізаттық емес секторға бөлінетін тікелей инвестиция қорын құру мәселесін қарастыру қажет.



Сондай-ақ, көлік-логистика және басқа да қызмет көрсету секторларын ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жандандыру керек.



Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Үкімет қысқа мерзімде салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдауға тиіс.    



БЕСІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек.



Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту.



Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет.



Біз икемді әрі ыңғайлы стандарттарды енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделді шетелдік мамандарды – «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек.



Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн.



Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын. 



АЛТЫНШЫ. Инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше көңіл бөлген жөн.



Ең алдымен, «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын ілгерілетуді қамтамасыз ету қажет.



Еліміздің жаһандық әлемдегі орны мен рөлі келешекте нақ осыларға байланысты болады.



Үкіметке Назарбаев Университетімен бірлесіп, нақты жобаларды анықтай отырып, әрбір бағыт бойынша арнайы бағдарламалар әзірлеуді тапсырамын.



Университет базасында жасанды интеллект технологиясын әзірлеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институтын құру сондай жобалардың бірі бола алады.



ЖЕТІНШІ. Нақты экономиканы өркендету үшін қаржы секторының рөлін күшейтіп, ұзақ мерзімді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет.



Бағаның өсуі, қаржыландыруға қолжетімділік, банктердің орнықтылығы – міне, осы мәселелер көбіне қазір жұрттың қызығушылығын тудырып отыр.



Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, қаржы секторын және нақты секторларды сауықтыру, инфляцияға қарсы кешенді саясат жүргізу мәселелерін жүйелі түрде шешуді бастауы керек.



Қалыптасқан жағдайда экономиканы, әсіресе, өңдеу секторы мен шағын және орта бизнесті несиелендіруді ұлғайту өте маңызды.



Сондай-ақ, зейнетақы активтері мен әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ресурстарын басқару тиімділігін арттырып, баламалы қаржы құралдарын – құнды қағаз нарығы, сақтандыру және басқа да салаларды нақты дамыту керек.



Бизнесті шетел инвестициясымен, капиталға қолжетімділікпен қамтамасыз ету ісінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқаруға тиіс.



Біз жеке сотты, қаржы реттеуішін, биржаны арнайы құрдық.



Барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар осы алаңды белсенді пайдаланып, оның тез қалыптасуына және дамуына атсалысуы керек.



* * *



Аталған шаралардың тиімді жүзеге асырылуы жалақының өсуі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы есебінен қазақстандықтардың табысын арттырады.



Бұл үдерістер әрдайым Үкіметтің басты назарында болуға тиіс.



II. ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ



Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы.



Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты.    



Осыған орай, Үкімет әлеуметтік секторға, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға мән бере отырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарауға тиіс.



БІРІНШІ. 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет.  



Қаржыландыруды халыққа қызмет көрсету сапасын елеулі түрде арттыруды қамтамасыз ететін тиісті реформаларды жүзеге асыру үшін бағыттау керек.  



ЕКІНШІ. Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек.



Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады.    



Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда.



Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет.  



Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, биыл тиісті «Жол картасын» әзірлеуі керек.



ҮШІНШІ. Орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн. 



Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады.



Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс.



Орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды.    



Бұл оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.



Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын.  



Білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған  өңірлер үшін Үкіметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын.



ТӨРТІНШІ. Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын.



Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен  тыс функциялардан арашалауға тиіс.   



БЕСІНШІ. Жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі.



Біз гранттардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді.



Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы.



Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажет.



Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс. Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңызды.



Қазіргі білім инфрақұрылымының базасында Назарбаев Университетінің үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын құру қажет деп санаймын.     



АЛТЫНШЫ. Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. 



Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет.



Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын.  



Осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінеді.  



2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс.



Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.



Осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керек.    



Осылайша біз көптеген адам өмірін сақтап қаламыз.



ЖЕТІНШІ.  Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет.



Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын.



Сондай-ақ, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет.



СЕГІЗІНШІ. Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы. Бұл – қазақстандықтар сапалы азық-түлікті пайдалануға тиіс деген сөз.



Бүгінде халықты сапасыз әрі денсаулыққа және өмірге қауіп төндіретін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерден қорғайтын тұтас саясат жоқ.



Үкіметке шаралар қабылдауды және осы жұмысты ретке келтіруді тапсырамын.



Келесі жылдан бастап Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті жұмысын бастауға тиіс.



Оның қызметі, ең бастысы, азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, ауыз суға, балалар тауарына, медициналық қызмет көрсетуге сараптама жүргізуді қамтитын болады.  



Бұл үшін заманауи зертханалық базаны қамтамасыз етіп, білікті мамандар штатын қалыптастыру қажет.



Бұл орайда, тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық ұйымдарды институционалды тұрғыдан күшейтіп, оларды белсенді пайдаланған жөн.



Біз әрдайым бизнеске көмек көрсетеміз, бірақ адам, оның құқықтары мен денсаулығы маңыздырақ.



Мемлекет әкімшілік кедергілерді азайту барысында көптеген тексерістен, рұқсат беру және басқа да рәсімдерден бас тартты.



Сондықтан, ұсынылатын тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі үшін бизнес қоғамдастығы да жауап береді.



Жалпы, бизнес пайда табуды ғана емес, сондай-ақ, мемлекетпен бірлесіп азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз етуді де ойлауы керек.   



* * *



Халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуге тиіс.



III. ӨМІР СҮРУГЕ ЖАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ



Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы.



БІРІНШІ. Сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй.



Бүгінде біз тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асырудамыз.



Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды.



Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын.



Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қол жетімділігін арттырады.



Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет.



Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.



Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді.



ЕКІНШІ. Еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдер енгізуді қамтамасыз ету қажет.



Бүгінде жетекші елдердің экономикасы, көбіне, жаһандық қалалар немесе мегаполистер арқылы танылады.



Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 70 пайыздан астамы қалаларда түзіледі.



Біздің өз тұрмыс салтымыз тарихи қалыптасты, моноқалалары мен шағын облыс орталықтары бар аграрлы экономика басымдыққа ие болды.



Сондықтан 18 миллион халқы бар ел үшін миллионнан астам тұрғыны бар 3 қаланың болуы,  соның ішінде 2 қаланың тәуелсіз Қазақстан дәуірінде осы қатарға қосылуы  – үлкен жетістік.



Астана мен Алматы еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 30 пайыздан астамын қазірдің өзінде қамтамасыз етіп отыр.



Бірақ, қалалардың инфрақұрылымы кәсіпорындар мен тұрғындардың жедел өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне сай бола бермейді.



Соңғы жылдары біз «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық маңызы бар инфрақұрылым қалыптастырдық.



2015 жылдан бастап 2400  шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді. Бұл жұмыстар жалғасуда және 2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға беріледі.



Енді өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытқан жөн.



Осы мақсатқа орай биыл қаржыландыру көлемі арты: жергілікті маңызы бар жолдарға 150 миллиард теңгеге дейін, ауылдық  жерлерді сумен қамтуға 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінді.



Әкімдер осы қаражаттың есебінен өңірлердегі мейлінше өткір проблемаларды шешуге күш жұмылдыруы керек.



Үкімет бұл міндетті жүйелі қолға алып, қосымша инфрақұрылымдық мәселелер тізімін жасап, жобаларды бағалап, оларды қаржыландыру көздерін іздеп табуы қажет.



Жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар құрылысын елді мекендерді дамыту жоспарларымен ұштастыру қажет, сондай-ақ, бұл секторға жеке инвесторларды тарту үшін жағдай жасаған жөн.



Сонымен қатар, «инфрақұрылым адамдарға» моделінен «адамдар инфрақұрылымға» моделіне бірте-бірте көшу қажет.



Бұл елді мекендерді ірілендіру ісін ынталандырып, бөлінетін қаражатты пайдалану тиімділігін арттыратын болады.



Әрбір өңір мен ірі қала бәсекеге қабілеттіліктің қолда бар басымдықтарын ескеріп, өзіндік орнықты экономикалық өсу және жұмыспен қамту моделіне сүйене отырып дамуға тиіс.



Осыған орай, тірек саналатын ауылдардан бастап республикалық маңызы бар қалаларға дейінгі түрлі елді мекендер үшін өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеу керек.



Бұл стандарт әлеуметтік игіліктер мен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізімі мен қолжетімділігінің, көлік, мәдени-спорттық, іскерлік, өндірістік, цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілудің нақты көрсеткіштерін және басқа да мәселелерді қамтуға тиіс.



Экологиялық ахуалды жақсарту, соның ішінде зиянды заттардың таралуы, топырақтың, жердің, ауаның жағдайы, қалдықтарды жою, сондай-ақ онлайн түрінде еркін қолжетімді экологиялық мониторинг жүргізу жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет.



Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс.



2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатын Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеуді тапсырамын.



Практикалық шараларды жүзеге асыру үшін нақты іс-шараларды, жобаларды және қаржыландыру көлемін көрсете отырып, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.



Өңірлік дамудың аталған аспектілері іске асырылу мерзімдері 2025 жылға дейін ұзартылуға тиіс «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларында ескерілуі керек.



Біріншісі көлік инфрақұрылымын дамытуға, екіншісі – коммуналды және тұрғын үй құрылысындағы міндеттерді шешуге бағытталуға тиіс.



Бұл бағдарламалардың «екінші тынысын» ашу керек.



ҮШІНШІ. Құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет.



Қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі болып саналады.



Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыспен күресте «алдыңғы шепте» жүріеді, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайды.



Сонымен қатар, қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отыр.



Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырамын.



Реформалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастауға тиіс.



Біріншіден, Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет.



Үнемделген қаражатты полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттаған жөн.



Екіншіден, полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керек.



Қызметкерлердің бәрі қайта аттестациялаудан өтуге тиіс. Тек үздіктері ғана қызметін жалғастырады.



Үшіншіден, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерткен жөн.



Полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру қажет.



Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек.



Қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажет.



Қазақстанның бүкіл қалаларын қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықтау керек.



Қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері болуға тиіс.



ТӨРТІНШІ.Сот жүйесін одан әрі жаңғырту.



Соңғы жылдары көп жұмыс атқарылды, дегенмен, басты міндет – соттарға деген сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету шешімін таппай отыр.



Сонымен қатар, құқық үстемдігі – біздің реформаларымыздың табысты болуының негізгі факторы.



Біріншіден, сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгізуді жалғастырған жөн.



Жыл сайын 4 миллион азаматымыз  сотта қаралатын іске қатысады.



Бұған қаншама күш пен қаражат жұмсалады!



Уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететін артық сот рәсімдері қысқаруға тиіс. Бұрын адамдардың жеке өздерінің келуі талап етілсе, қазір оны алыстан жүзеге асыруға болады.



Екіншіден, сот жүйесінің сапалы дамуын және кадрларының жаңаруын қамтамасыз етіп, үздік заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау керек.



Үшіншіден, әсіресе бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сот арқылы шешілетін дау-дамайды қарау кезінде түсінікті әрі болжамды сот тәжірибесі керек, сондай-ақ судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою қажет.



Жоғарғы сотқа Үкіметпен бірлесіп, жыл соңына дейін тиісті шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын.



* * *



Кез келген реформаларды іске асыру барысында өзінің барлық іс-қимылын халықтың әл-ауқатын арттыруға арнайтын жинақы әрі тиімді мемлекеттік аппарат маңызды рөл атқаратын болады.



IV. АЗАМАТТАР СҰРАНЫСЫНА БЕЙІМДЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ



Жаңа кезең жағдайында мемлекеттік аппарат қалай өзгеруге тиіс?



БІРІНШІ. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру.



«Сапа» – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға тиіс.



Жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс.



Бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелері қызу талқыланып, жұртшылыққа түсіндіріледі.



Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев Университетімен бірлесіп, «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын және басшылық қызметтерге тағайындау кезінде арнайы қайта даярлаудан өткізетін курстар әзірлеу қажет.   



Үздік шетелдік компанияларда жұмыс тәжірибесі бар немесе әлемнің жетекші университеттерінде білім алған жеке сектордағы кәсіби мамандарды тарту маңызды. 



Биыл біз 4 мемлекеттік органға жалақы төлеудің жаңа моделін енгіздік.



Барлық пилоттық жобалар жақсы нәтижелер көрсетіп отыр.



Мемлекеттік қызметке қызығушылық артты, әсіресе өңірлік деңгейде оның өзектілігі жоғары.



Тиімсіз шығындарды оңтайландыру және басшылық құрамын қысқарту есебінен төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысы 2 — 2,5 есе өсті.



Кадрлардың жұмыстан кетуі 2 есе қысқарды.



Беделді жоғары оқу орындарын бітірген түлектерді қоса алғанда, біліктілігі жоғары кадрлардың жеке сектордан келуі 3 есе артты.



Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде орталық аппаратқа арналған конкурс бір орынға 28 адамға дейін, ал өңірлік құрылымдарда бір орынға 60 адамға дейін өсті.



Маңғыстау облысының әкімдігіндегі 1 бос орынға енді 16 адам, ал Әділет министрлігінде орта есеппен 13 адам үміткер болып отыр.



Астанада мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылып жатқан жобаларды қаржыландыруға қатысты жаңа тәсілдер есебінен ғана 30 миллиардтан астам теңге үнемделді.



Еңбекақы төлеудің жаңа моделіне көшу үшін мемлекеттік органдардың басшыларына «бюджеттік-кадрлық маневрді» жүзеге асыруға құқық бердім.



Олар үнемделген қаражатты қызметшілердің жалақысын арттыруға бағыттау мүмкіндігін алды.



Қазіргі уақытта көптеген мемлекеттік органдар жаңа модельге көшуді қалап отыр.



Ең бастысы – олар мұны тек жалақыны көбейту ғана емес, бәрінен бұрын, жұмыстарының тиімділігін арттыру деп түсінуі керек.



Еңбекке төленетін қаржының өсімі бюджет шығысын, соның ішінде  бағынышты мекемелердің шығыстарын оңтайландыру және үнемдеу есебінен өтелуін бақылауда ұстауды тапсырамын.  



Бұл жерде аталған жобаның беделін түсірмес үшін формализм мен теңгермешілікке жол бермеу қажет.



ЕКІНШІ. Осы күрделі кезеңде бөлінетін әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу керек.



Тексерістер нәтижелері айқындап отырғандай, құрылыс құны кей жағдайда жобалық құжаттар әзірлеу кезеңінде-ақ арттырылып көрсетіледі.



Соңына дейін жеткізілмейтін немесе перспективасы жоқ екені әуел бастан белгілі болған жобалар бар.



Егер жүктелген іске жауапкершілік танытатын болсақ, бюджеттің жүздеген миллиард теңгесін үнемдеп, тұрғындардың нақты қажетіне бағыттауға болады.



Үкімет тиімсіз әрі уақтылы емес шығындарды болдырмай, шығыстарды оңтайландырып, қаражатты үнемдеу үшін жүйелі шаралар қабылдауы қажет.



ҮШІНШІ. Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады.



Біріншіден, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткізген жөн.



Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердің бірі болып саналады.



Бұл салада ашықтық жоқ, халық пен бизнес ақпаратқа толық қол жеткізе алмай отыр.



Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын.



Осы мәселе бойынша тәртіп орнатып, жерді нақты инвесторларға беру керек!



Бұл – бір ғана мысал.



Жұрттың және бизнес қоғамдастығының наразылығын туғызатын басқа да бағыттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізу керек.



Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс.



Сол үшін Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңды жедел жаңарту керек.



Екіншіден, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет.



Сонымен қатар, адал жұмыс істейтін қызметкер тексерушілерден қорықпауға тиіс.



Үшіншіден, «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін тарату керек.



ТӨРТІНШІ. Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың жұмысында формализм мен бюрократияны азайту қажет.



Соңғы кездері Үкіметтегі, мемлекеттік органдардағы ұзақ отырыстар мен кеңестердің саны еселеп артып, сондай-ақ құжат айналымы елеулі түрде көбейді.   



Үкімет әкімдердің және олардың орынбасарларының қатысуымен күніне 7 кеңес өткізетін кездері де болады.



Олар қай кезде жұмыс істейді?



Мұны доғарып, бұл мәселені ретке келтіру керек.



Өздеріне нақты міндеттемелер алуға  және солар үшін жария түрде есеп беруге тиіс министрлер мен әкімдерге шешім қабылдау еркіндігін ұсыну қажет.



Еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарының әзірленген көрсеткіштер картасы бұған негіз болуға тиіс.



БЕСІНШІ. Қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін реформалардың жүргізілуіне бақылау механизмдерін күшейту қажет.



Үкімет пен мемлекеттік органдар жыл соңына дейін дамудың аталған барлық мәселелерін қамти отырып, нақты индикаторлар мен «жол карталарын» әзірлеуге тиіс, сондай-ақ реформаларды іске қосу үшін қажетті заң жобаларының бәрін Парламентке уақтылы енгізуі керек.



Өз кезегінде, Парламент оларды сапалы әрі жедел қарастырып, қабылдауға тиіс.



Реформалар мен негізгі стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізіп, бағалау үшін қажетті өкілеттіктер бере отырып, Президент Әкімшілігінде Ұлттық жаңғыру офисін құруды тапсырамын.



Бұл офис статистикалық көрсеткіштерге мониторинг жүргізуден бөлек, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесіне сәйкес, тұрғындар үшін өзекті мәселелер жөнінде халық пен бизнес өкілдері арасында тұрақты түрде сауалнама жүргізуді қамтамасыз етеді.



Офис әрбір бағыт бойынша қалыптасқан  жағдай жөнінде маған үнемі баяндап отырады.



Үкіметтің әрбір мүшесі, мемлекеттік органдар мен компаниялардың басшылары алға қойылған міндеттердің орындалуына дербес жауап беретін болады.



V. ТИІМДІ СЫРТҚЫ САЯСАТ



Қазақстанның табысты жаңғыруын қамтамасыз ету үшін бастамашыл белсенді сыртқы саясатты одан әрі жүзеге асыру қажет.



Біздің бейбітсүйгіш бағытымыз бен осы саладағы нақты айқындалған қағидаттарымыз өзін-өзі толық ақтап отыр.



Қазақстанның Ресей Федерациясымен қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстардың эталоны болып саналады.



Толыққанды интеграциялық бірлестік әрі әлемдік экономикалық қатынастардың белсенді мүшесі ретінде қалыптасқан Еуразиялық экономикалық одақ табысты жұмыс істеуде.



Орталық Азия өңірінде өзара ықпалдастықтың жаңа парағы ашылды.



Қытай Халық Республикасымен жан-жақты стратегиялық серіктестігіміз дәйекті түрде дамып келеді.



«Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы Қытаймен қарым-қатынасымызға тың серпін берді.



Менің қаңтар айындағы Вашингтонға ресми сапарым және Президент Дональд Трамппен жүргізген келіссөздерім барысында Қазақстан мен АҚШ-тың XXI ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық серіктестігі жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.



Біз сауда және инвестиция саласындағы ірі серіктесіміз – Еуропа Одағымен қарқынды ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз.



ТМД елдерімен, Түркиямен, Иранмен, Араб Шығысы және Азия елдерімен өзара тиімді екі жақты қатынастар дамып келеді.



Ақтау қаласындағы саммитте қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция Каспий маңы елдерімен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.



Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі миссиясын абыроймен аяқтап келеді.



Сирия жөніндегі Астана процесі бейбіт жолмен реттеу және осы елдің дағдарыстан шығуы жөнінде тиімді жұмыс жүргізіп жатқан бірден-бір келіссөздер форматына айналды.



Сонымен қатар, қазіргі күрделі жағдайда Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты бейімделуді және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарына сәйкес ілгерілетуді талап етеді.



* * *



Барлық кезеңде де табысқа деген нық сенім мен халықтың бірлігі ғана ел тағдырын шешкен.



Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз ұлы асуларды бағындыра аламыз.



VІ. ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ЕЛІМІЗДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР ҮДЕРІСТЕРІНЕ АТСАЛЫСУЫ



Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс.



Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды.



«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді.



Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет.



Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс.



Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек.



Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын.



Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет.



Бұған арнайы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді.



Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек.



Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн.



«Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек.



Бүгінде халықтың әлеуметтік көңіл-күйін айқындайтын негізгі салаларда теңдессіз шаралар ұсынылып отыр.



Бастамалардың қаржылық көлемі
1,5 триллион теңгеден асады, ал жиынтық әсері одан да көбірек. Бұл халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға зор серпін береді. 



Бұл – ең сенімді әрі тиімді инвестиция.



Қымбатты қазақстандықтар!



Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты.



Біз қашан да заман сынына тегеурінді іс-қимылмен төтеп беріп келеміз.



Бұл – ең алдымен, ел ынтымағының арқасы.



«Ынтымақты елдің ырысы мол» дейді халқымыз.



Бүгінгі кезеңнің де талабы оңай емес.



Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды.



Мен әрбір жолдауымда халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келемін.



Қазіргі «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту.



Қазақстанның бағындыратын биіктері әлі алда.



Осы жолда халық сенімі рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытады.



Сол сенімді ақтаудан артық мұрат жоқ!

«Астанаға тарту» жас ақындар мүшәйрасы жарияланды

Астана қаласының Қоғамдық даму істері басқармасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мен елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған «Астана — жастар жүрегінде», «Астана — жиырмадағы жас қала» және «Еркін тақырыпта» жас ақындар мүшәйрасын жариялайды.


Мүшәйраға 16-28 жас аралығындағы барлық жас ақындар қатыса алады. Жеңімпаз ақындарға бағалы сыйлықтар қарастырылған:  1 орын — 1 адам — 300 000 теңге, 2 орын — 2 адам — 200 000 теңге, 3 орын — 3 адам — 100 000 теңге, «Ең үздік 4 жас ақындар»  50 000 теңге.


Ең үздік 30 ақынның өлеңдері жинақталып кітап ретінде шығарылады және жоба соңында қорытынды марапаттау концерті өтеді.


Мүшәйраға қатысуға өтінімдер мен өлеңдерді 2018 жылдың 14 қазанына дейінгі аралықта http://jasaqyn.kz сайтына тіркеліп, (jasaqyn.kz@mail.ru) және (jasaqyn.kz@gmail.com)  электрондық пошталарының біріне өлеңдерді жіберу қажет.


Қосымша ақпаратты (Instagram (@jasagyn.kz) және (Facebook (jasagyn.kz), (VK (jasagynkz), парақшаларынан алуға болады.


«Жүз жаңа есім» жобасының екінші кезеңіне өтініш қабылдау басталды

«Жүз жаңа есім» жобасының мақсаты – табысты, бәсекеге қабілетті болу, прагматизм мен білім культі идеяларын Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың тарихын үлгі ете отырып насихаттау.

Қызмет саласы бойынша ұйымдар тобының кеңінен таныстырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтық бастамаларды насихаттау мақсатында, жобаның жаңа үміткерлерін таңдау институционал әдістермен жүргізіледі.

Әр қоғамдық ұйым, бірлестік ерекше тарихы мен кәсіби жетістіктері бар үміткерлерін ұсына алады. Сонымен бірге, үміткерлер өзін ұсынуға мүмкіндігі бар.
Үміткерлерді таңдау критерилері:

  • үміткердің кәмелет жасқа толған болуы (18);
  • қызмет саласында елдің жағымды имиджін қалыптастыруға үлес қосқан айрықша жетістіктерінің, қатысушы имиджін дамытуға ықпал ететін тұлғалық қасиеттерінің болуы;
  • үлгі алуға лайық, жастарды патриоттық және туған жерге адалдық рухында тәрбиелеуге, еңбек культін қалыптастыруға ықпал ететін қоғамдық-саяси және еңбек қызметінің болуы;
  • Қазіргі Қазақстанның дамуына қосқан нақты үлесінің болуы.
  • Қазіргі Қазақстанның, оның табыстары мен түрлі саладағы жетістіктерінің жарқын үлгісі бола алатын тұлға;



Өтініш беру үшін мына жерді басыңыз

Астана қаласының әкімі кубогы үшін жайдарман ойындары өтті

Астана жаңалықтары: Астана қаласының әкімі кубогы үшін жайдарман ойындары өтті

15-і қыркүйек күні «Бейбітшілік және Келісім сарайында» Астана қаласы әкімдігінің Жайдарман ойындары арқылы жастарды қолдауға бағытталған дәстүрлі "Әкім кубогы" республикалық жобасы өтті.

Осымен тұп-тура 10 жыл қатарынан өткізіліп, биылғы жолы Астана қаласының 20 жылдығының аясында ұйымдастырылған шараның мақсаты Астана қаласының дәрежесін көтеруге өз үлесін қоса отырып, мемлекеттік жастар саясатына атсалысу болатын.
Сондай-ақ − «Мәңгілік ел» Жалпыұлттық патриоттық идеяның, Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясы және оның құндылықтарын, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерге өз үлесін қосу және насихаттау болып табылады.

Барлығы 17 команда қатысқан «Әкім кубогы» өз мақсатына жеткендей. Өйткені екінші жыл қатарынан шараға шетелдік командалар қатысты. Биыл Қырғызстандық «Алатоо» командасы сайыстың маңызын арттырды.

Жайдарманшылардың өнеріне баға берген қазылар алқасының құрамында: «Қазақ радиолары» ЖШС басшысы Мәди Манатбек, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, сатирик Көпен Әмірбек, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бахтияр Мәкен және Астана қаласы қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин болды.

Астана жаңалықтары: Астана қаласының әкімі кубогы үшін жайдарман ойындары өтті

Астана жаңалықтары: Астана қаласының әкімі кубогы үшін жайдарман ойындары өтті

Астана жаңалықтары: Астана қаласының әкімі кубогы үшін жайдарман ойындары өтті

Астана жаңалықтары: Астана қаласының әкімі кубогы үшін жайдарман ойындары өтті