Дайджест: Младич және Мьянма туралы. Апиын алқабындағы бомба. ИМ балалары және Қытай белдеуі

Блог - TalgatBukharbayev: Дайджест: Младич және Мьянма туралы. Апиын алқабындағы бомба. ИМ балалары және Қытай белдеуі
Младич түрмеде, қалғандары ше?

«Үшінші Рейхтен кейінгі Еуропадағы ең қаныпезер генерал Ратко Младич қалған өмірін түрмеде өткізеді. Гаага трибуналының бұдан басқа кез келген шешімі орынсыз болар еді", деп есептейді Ед Вуллиами. Бұрынғы Югославиядағы соғыс туралы кітап авторы бұл пікірін The Guardian газетінде жариялаған мақаласында. Младич бостандықта жүрмеуі тиіс, оның орны түрмеде. Бірақ қалған күш иелері жасаған қылмыстары үшін жауап бере ме?

Ед Вуллиами бұл ретте Нобель сыйлығының лауреаты, Кейптаун архиепископы Десмонд Тутаның бұрынғы британ премьері Тони Блэр мен АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Бушты Ирактағы әскери науқан үшін сотқа тартуды ұсынғанын еске салды. Сириядағы соғысқа қатысты Асад пен Путинге немесе «Ислам мемлекетін» қаруландыратын, Йеменде жарылыс жасаған Сауд Арабиясы жүйесіне қатысты әділдік орнай ма? Адам құқығы үшін қозғалыстың бұрынғы белсендісі Аун Сан Су Чжиге үкім шыға ма? – деген сауалды The Guardian газетінде жарияланған мақала авторы қойды.

Мьянмада этникалық тазалау жүріп жатыр ма?

Құрама Штаттар алғаш рет Мьянма әскерін Ракхайн штатында мұсылман рохинджаларға қатысты «этникалық тазалау» жүргізді деп ашық айыптады. Әскери репрессия кезінде 600 000 адам үйлерінен қуылды, деп жазды Le Monde. Басылым БҰҰ-ның 11 қарашада Мьянма билігін рохинджаларға көрсеткен қорлығы үшін айыптады. бірақ сол кезде Вашингтон бұл терминді қолданудан бас тартқан.

«Мұндай қатыгездік үшін қатаң жаза қолдану керек», деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон. Ол бұл сөзін Мьянма қарулы күштерінің бас қолбасшысы аға генерал Мин Аун Хлайнмен және азаматтық әкімшілік басшысы Аун Сан Су Чжимен кездесуі кезінде айтты. «Күрделі талдаудан соң Ракхайн солтүстік провинциясында рохинджаларды этникалық тазалау жүргізілгені анықталды, мұндай қатыгездікті ештеңе ақтай алмайды, деген Рекс Тиллерсонның сөздерін Le Monde келтірді.

Апиын алқабындағы бомба

АҚШ-тың Ауғанстандағы апиын алқаптарын жоюға қатысты жаңа майданы жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын келтіруі мүмкін, деп жазды The Times of India. Басылым сарапшыларға сілтеме жасаған. АҚШ әскери әуе күштерінің озық ұшақтары мен ұшқышсыз ұшақтарының бір бөлігі Сирия мен Ирактағы әскери операция аяқталған соң Ауғанстанға көшіріледі. «Америка өзінің технологиясын нысанаға дәл тигізеді деп мақтайды. Бірақ әуеден соққылардың жиілеуінен бейбіт тұрғындар көп зардап шегіп, содан АҚШ жау ретінде санап кетеді», деді Хьюман Райтс Вотчтың вашингтондық директорының орынбасары Андреа Празов (Andrea Prasow) газетке берген сұхбатында.

Бірақ ұлттық мәселелер жөніндегі бұрынғы кеңесші Джон Ханна «Талибан» қозғалысының «есірткі империясын» жою қажет деп есептейді. "Әрбір стратегияны аяғына дейін жеткізу үшін нық шешімдер қабылдануы керек, қарсыластың негізгі табыс көзін жою қажет", деді Джон Ханна Франс-Пресс агенттігіне.

ИМ балаларының тағдыры

Германияның федералдық үкіметі «Ислам мемлекеті» тобындағы неміс содырларының балаларын елге қайтарғысы келеді, деп хабарлады Frankfurter Allgemeine Zeitung. ГФР сыртқы істер министрлігі Ирак үкіметіне шығып, ИМ содырларының жетім балалары тұратын орталықтарға дипломаттарды жіберуін сұрады. Неміс ақпарат құралдарының мәліметі бойынша, неміс содырларының жесірлері мен алты бала Иракта тергеу орталықтарында отыр.

Бұл уақытта, Конституцияны қорғау жөніндегі басқарма басшысы Ханс-Георг Масзен ИМ содырларының есейген балаларынан қауіптену керектігін ескертті. Оның пікірінше, бұл балалар «жиһадшылардың» идеологиялық ықпалында болған. Олардың оралуы елде «жиһадшылардың» жаңа ұрпағын өсіріп шығаруы мүмкін, деп ескертті Ханс-Георг Масзен.

Қытай белдеуінің түсі қандай?

The Nation басылымы Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі (CPEC) жобасы туралы жазды. Пекиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында 63 млрд доллар қаржы бөлінген. Авто және темір жолдар арқылы пәкістандық Гвадар портты қаласы мен қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы жалғасады.

«Бір белдеу — бір жол» ауқымды жобасы аясында "Қытай — Орталық Азия дәлізі" жобасы жүзеге асырылады. Бұған дейін аймақта Қытайдың қатысуымен ірі жобалар қағаз жүзінде қалып келді, деп жазды The Jamestown Foundation сараптама орталығы. Мысалы, 2002-2013 жылдары Қытай Қырғызстанмен темір жол құрылысы жөніндегі екі жобаны талқылап келді. Бірақ тараптар ақыры бір келісімге келе алмаған. «Пекин бастамаларының аймақтағы экономикалық интеграцияға ықпал ететінін немесе оның Орталық Азия республикаларында геостратегиялық теке-тіреске алып келетінін болжау қиын», деп жазды The Jamestown Foundation.
Әрі қарай

Келесі аптада өтетін спорттық іс-шаралардың афишасы

Астана жаңалықтары: Келесі аптада өтетін спорттық іс-шаралардың афишасы

Астана әкімдігінің медиа орталығы 1 желтоқсан ҚР Тұңғыш президенті күніне орай, 27 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өтетін спорттық іс-шараларды хабарлайды.

27 қарашада «Сарыарқа» велотрегінде 2019 жылы болатын әлем чемпионатына «Қазақстан-Ирак» арасында баскетболдан біліктілік турнирі өтеді.

27-29 қарашада «Дәулет» СК мерекенің құрметіне ҚР Жоғары басқолбасшысының кубогына арналған ерлер арасындағы қоян-қолтық ұрыс бойынша ІІІ республикалық ашық турнир өтеді.

27-30 қарашада «Толқын» СК 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында бокстан Астана қалалық біріншілігі өтеді.

1 желтоқсанда шаңғыроллер тас жолында барлық шаңғышылар жарысқа жиналады.

1-3 желтоқсанда «Дәулет» СК теннистен ҚР чемпионатының VI ашық чемпионаты өтеді. 2-3 желтоқсанда – «Дәулет» спорткомбинатының жүлдесі бойынша теннистен балалар турнирі өтеді.

3 желтоқсанда «Барыс арена» мұз сарайында 2017-2018 «Барыс – Металлург Мг» КХЛ чемпионатының маусымы.
Әрі қарай

Алдағы аптада болатын мәдени жаңалықтар легі

Астана жаңалықтары: Алдағы аптада болатын мәдени жаңалықтар легі

Астана әкімдігінің медиа орталығы 27 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өтетін мәдени бағдарламаларды ұсынады.

27 қараша «Астана» концерт залында Астана мемлекеттік академиялық филармониясының рухани оркестрінің «Ел мен құрлық бойынша» XVI концерттік маусымның ашылуы болады.

28-29 қарашада «Жастар» сарайында "Үмітпен болашаққа" қайырымдылық концерті өтеді.

29 қараша «Астана» концерт залында көрермендерді «Жайдарман» көңілді тапқырлар клубы қуантады.

30 қараша мен 1 желтоқсанда ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған бірнеше іс-шаралар болып өтеді.

Тәуелсіздік сарайында мерекенің құрметіне орай фотокөрме ашылады. Ал қыстың алғашқы күні «Астана» концерт залында «Елімнің жүрегі — Астана» атты патриоттық әндер шырқалатын эстрадалық концерт болады. Сондай-ақ, қала алаңында қазақстандық эстрада жұлдыздары сахнаға шығып, өнер көрсетеді.

2-3 желтоқсан аралығында А стана циркінде "Ұлы орыс циркі" шоуы қойылады, ал М.Горький атындағы театрдың актерлері А.Касонның «Дикарь. Третье слово» мелодрамасы мен Н.Садурдың «Панночка» триллерін ұсынады.
Әрі қарай

Астанада үш күннің ішінде 251 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Елорда полициясы жедел-профилактикалық іс-шара өткізу барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 284 фактісін анықтаған, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Астаналық полицейлер Елорда аумағында жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізудің үш күндігінде көші-қон заңнамасын бұзудың 284 фактісін анықтаған. Атап айтқанда: ҚР-да болу ережесін бұзғаны үшін 251 шетел азаматы, шетелдiктерді қабылдаушы тұлғаның бекітілген ережені бұзғаны үшін ҚР-ның 27 азаматы, шетелдiк жұмыс күшiн пайдалану ережесін бұзғаны және шетелдіктердің еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін ҚР-ның 6 жұмыс берушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Шығару туралы соттың шешімін орындамағаны, атап айтқанда ҚР ҚК 393-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 13 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Қазақастан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен 42 шетел азаматы елден шығарылған.

118 шетел азаматына қатысты ҚР аумағында уақытша болу мерзімі қысқартылды, жеке басын анықтау үшінқабылдап-тарату орнына ТМД 47 азаматы жеткізілді. Үш күннің ішінде 884 910 теңге сомасында айыппұл салынып, оның ішінде 510525 теңгесі өндірілген.

Астана қаласы ІІД көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Еркетай Туткушевтің айтуынша, жыл басынан бері елорда аумағында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 11 275 шетелдік және азаматтығы жоқ тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды, оның ішінде 1674 шетел азаматы ҚР-нан шығарылды. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 139 қылмыстық іс қозғалды. Шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін бұзғаны және шетелдіктердің заңсыз жұмыс істегені үшін 147 жұмыс беруші әкімшілік жауапқа тартылды.
Әрі қарай

Балмұздақ (балалар мен жасөспірімдерге арналған проза)

Еріні мен мұрынының ортасындағы бір елі кеңістікке айғыздала жұққан шырышты абайлап анда-санда бір жалап қойып балмұздақ туралы таңғажайыпты айтып отырған Еркеш бәрімізді өзіне үйіріп алған:
-Айтып тұрмын ғой, дәміне тең келер тәтті жоқ. Тіліңді тигізсең мұздай болып ауызыңа төгіледі. Содан соң таңдайыңды тоңдырып барып, өңешіңе өтеді, кеудеңде сап-салқын болып жүгіріп отырып ішіңе кетеді.
Күнге тотыққан қара күйелеш қолымен өңешінен бастап ішіне дейін сызып көрсетті. Балмұздақтың дәмін дәл Еркештей сезе алмағанымызға өкініп, мұңға толы қарашығымыз оның қолымен бірге жүгіріп, ішін сызып өтті.
Езуіндегі балмұздақтың шырышын тауысып алмайын дегендей тілінің ұшын ғана тигізіп, көзін жұмып тамсанып алды да:
-Дәмін-ай… деді.
Қиялдағы балмұздақты былай қойып, Еркештің мұрының астындағы шырыштың өзіне тамсана қарадық. «Қалаға барсам, балмұздақ толы дүкенде жалғыз өзім қалсам ғой» деген бір-бір қиялды көңілге қонақтатып үйге қайттық.
Дәмді тамақ жеген сайын балмұздақ бұдан да дәмді ме екен деген салыстырмалы сұрақ көкейден кетпей қойды.
Қаладан келген қонақтарға қарап отырып: «Балмұздақ жеген бақыттылар ғой» деп пәлсапа қорытып та үлгердім.
Ертең әкеммен қалаға баратын болдым. Кішігірім ақ түйенің қарынын жарып, қыш құмыраны сындырып, жинап жүрген тиындарымды шығарып алдым. Қапасқа түскен кейбір тиындар тотығып та үлгеріпті. Түкті кілемге ысқылап отырып, оларды жылтыратып тазалап алдым да қалтама бастым. Мақсат біреу – балмұздақтың дәмін көру.
Бауыры жер сызған кәрі автобус ыңыранып келіп жолаушыларын қала шетіндегі базарға әкеліп бір-ақ төкті.
Кіп-кішкентай қолым әкемнің алып алақанында терлеп кетті. Менен ажырап қалмау үшін барынша нығыздап ұстап алған. Жан-жағыма алақ-жұлақ қарап келемін.
Базар дегенің қызылды-жасылды той алаңы емес, өңшең алақан жайған қайыршы, жүк көтерген құлдарға толы екен, ентігіп жоғын іздеп жүрген бір адам.
Базардың жиегін кемпірлер жайлап алыпты. Гүлді ормалының түсі күнге оңып, кір сіңген мына қазақ кемпір тұзды құрт сатып отыр. Адамдардың табынан ұшқан шаң-тозаңға дорбадағы аппақ құрттар да көміліпті. Басындағы орамалы сияқты сатып отырған тауарын кір шалған.
Одан кейінгі ірлегес сатушы – орыс кемпір кептірілген балық сатып отыр. Ара-арасында қонған шыбындарды қолындағы желпуішімен үркітіп қояды. Шыбындарды қуғанымен, өзі де оларға іштей бауыр басып алғандай, бұлар болмаса жүрмей қойған саудадан зерігіп кетер ме еді?
Сабағы нәзік, күлтесі әдемі гүл сатып отырған әйел де өткен-кеткеннің бетіне үмітпен қарайды. Құмыраға егілген әдемі гүл — бұл базардағы әзірге мен көрген әдемілік осы болып тұр. Әлсіз желмен дір-дір еткен күлтесі көз арбайды. Сығылысқан адамдардың біреуінің аяғы тиіп кетті де құмыра жерге құлады. Сатушы әйел шашылған топырақты тез-тез жинап құмыраға кері салды да гүлді кері көме қойды. Гүлдің тамыры жоқ екен…
Қалтамдағы тиындарымды ойша есептеп, екі балмұздақтың құны бар шығар деп ойлап та қойып едім. Әкемнің ақшасына ортақтасуға болмайтынын білемін. Үйден шығарда шешем қажетті заттарды қағазға тізімдеп, тиынына да дейін есептеп берген. «Иығымызға жаңа көйлек тимегеніне бес жыл болды, бұл көк машинаң ай сайын темірін ауыстырады» деп шешем күңкілдесе де әр жерін майлап-сылап, темірін ауыстырып, көлігін әлпештейтін әкемнің артытылып қалған ақшасына қосалқы темірлер алмақшы ниетін өзі айтпаса да сезіп келемін.
Жайма базардан өтіп, балмұздақ сататын жерге де жақындап қалдық. Бұл уақытта әкем керек заттарын біртіндеп алып, жоғын түгендеп те үлгерген.
Бет-ауызы әжіммен аяусыз айғыздалған мүгедек қайыршы балдағына сүйеніп алақанын жайды. Әкем бір-екі тиынын тастады. Көзіне жылт-жылт еткен үміт оянып, алғысын жеткізді. Екі балмұздақ жемей-ақ біреуін жесем де жарар еді деп ойладым, аз-кем тиынымды садақаға беріп, мүсәпір жанның көзіндегі қуанышты еселеткім келді.
Алақанымдағы термен буланып жатқан тиындардың біреуін ғана тастамақ болғанмын, салдырлап төрт-бесеуі түсіп кетті. Қайыршының қорабынан кері еңкейіп тиынымды алуға жүрегім дауаламай тұрғанда бір қолымнан жетектеп алған әкем дедектетіп тоқтауға мұрша бермей, бір-бірінің өкшесін басып ентелеген адамдардың ортасына сіңіп кете бардық. Менің қайыршыға тиын тастағанымды әкем тіпті байқап та үлгермеген болса керек. Енді қайтемін?
Ызадан жылайын деп келе жатырмын. Көзіме толған ап-ащы жасты білдірмей оңды-солды сүртіп тастасам да, балмұздақтың өкініші ішімнен ып-ыстық запыранды қайтадан шығарып, көзіме үйіріп әкеле береді.
Көзім бұлдыарп, жүрісімнен жаңылыса бастадым. Жетегінде бір өзгерісті байқады ма әлде шаршады ма әкем аздап дамылдады. Қызарып тұрған көзіме түсінбей қарап еді, «Балмұзда-аа-ақ» дедім өксіп. Бағадан бері шаршағаным бар, оның үстіне іштегі ызам бар — екі көзден жылғалап ағып бұлақ кетті.
Бұдан да зорлау бір күдікті күтіп тұрса керек, әкем немқұрайлы ғана: «Әәә, балмұздақ па?» деп күлді де үлкен ақ тоңазытқыш жанындағы сатушыға қарай бұрылды.
Талай күн арман болған, аздап өкініш пен мұңға бөлеген, ауылдағы кейбір балаларға әлі аңыз болған – балмұздақтың осыншама қолжетімді боларын кім білген? Біреуін емес, үшеуін сатып алдық. Семіз беліне алжапқышын керіп байлап алған сатушы әйел сондай мейірімді екен, балмұздағы болса ғажап. Өксігімді жиып, әкеме қарам жымиып қойып балмұздақ жалап тұрмын. Дәл Еркештің суреттеуіндегідей – тәп-тәтті болып таңдайыңда ериді.
Базар тарайтын шақта біз де қайтар жолға шықтық. Есік алдыннан таныс қайыршыны көрдім, бірақ бұл жолы қол-аяғы сау, қолдың кірінен майланып кеткен ағаш балдағын қолтығына бос қыстырып алыпты.
Кекіріп қойып, газды сусын ішіп тұр екен…
Әрі қарай

Астана әкімдігінде Жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өтті

Астана жаңалықтары: Астана әкімдігінде Жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өтті

Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А.Оралов ағымдағы жылы жастар саясаты саласында атқарылған жұмыс туралы баяндады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың төрағалығымен Жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өткізілді. Аталмыш Кеңес отырысына мемлекеттік органдар мен жастар үкіметтік емес ұйымдарының басшылары, шығармашылық жастар өкілдері, елордалық ЖОО, колледждердің Жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары және мектеп көшбасшылары қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес бірінші жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А.Оралов ағымдағы жылы жастар саясаты саласында атқарылған жұмыс туралы баяндап, келесі жылға жоспарланған жобаларды атап өтті.

Оған қоса, аталмыш кеңес отырысында 2018 жылға арналған кеңес жоспарының жобасы талқыланды. Жоспар жобасына жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетудің жаңа механизмдері, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастар арасында суицидтің алдын алу шаралары сияқты өзекті мәселелер енгізілді. Жастар істері жөніндегі кеңестің жаңа құрамы қарастырылып, онда Астана қаласының Мәслихат депутаты С. Батпенов, халықаралық гроссмейстер, ЮНИСЕФ ерікті елшісі Д. Сәдуақасова, Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының төрағалары Ф. Ахметова мен Р. Валеев және басқалары енді.

Отырыс барысында «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Е. Елеукен басқарма қолдауымен «Жайдарман» ойындарының Жоғарғы лигасын халықаралық деңгейде өткізу мәселесін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, «Selfmade» жобасының авторы және жүргізушісі А.Жұманбаева аталған жобаны отандық телеарналарда жарыққа шығаруды ұсынды. «Selfmade» жобасының мақсаты жетістікке жеткен тұлғалармен сұхбат арқылы жастарды ынталандыру.

Аталған ұсыныстар назарға алынып, Кеңес жұмысының барысында қарастырылатын болады. Жалпы күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылау кезінде жастар белсенді түрде ат салысып, өз пікірлерімен бөлісті.
Әрі қарай

Астананың ең үлкен ашық мұз айдынына кіруге жеңілдік жарияланды

Астана жаңалықтары: Астананың ең үлкен ашық мұз айдынына кіруге жеңілдік жарияланды

Қараша айының 25-26 күндері астананың ең ірі ашық мұз айдынына отбасыңызбен немесе достарыңызбен демалуға келуге болады – кіру билетіне 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.

Жұмыс кестесі: жұмыс күндері сағат 12.00-ден 23.00-ге дейін, демалыс күндері – сағат 10.00-ден 23.00-ге дейін.

Қосымша ақпарат және билеттер туралы www.kassir.kz сайтынан біле аласыздар.
Әрі қарай

Қоңыр қошқар (балалар мен жасөспірімдерге арналған проза)

Блог - BakytgulSarmek: Қоңыр қошқар (балалар мен жасөспірімдерге арналған проза)
Тамыздың ортасы болып қалған кез. Далада жалаңаяқ жүруді сиретіп, күнге тотыққан денемізді қалыпқа келтіріп сабаққа дайындала бастадық. Каникулға шыққалы қағаз, қаламның қайда кеткенін де білмейміз, бір жапырақ қағаз таба алмай әуре болып, үнді шәйінің босаған қатты қағазының теріс жағына жаңа оқу жылында керек болады деген киімдердің тізімін жасауға кірісіп кеттік. Киім алуға, оқу құралдарын алуға ақша керек.
Ертеңіне папам мал алатын саудагерді ертіп келіп қораға кіргізіп жіберді. “Қой сатамыз” деген сөзді естісімен інім де елеңдеп қораға қарай келе жатыр. “Қоңыр қошқарымды сатып жібермесін бұлар” деп күңкілдеп қояды.
Май басқан құйрықтары дір-дір етіп, өздеріне қадалған сұқ көздерден жасқанған он шақты қой жапа-тармағай қораның бір бұрышына тығылып алған. Құйрықтарын уысына толтырып қысып-қысып қарап жүрген саудагер қоңыр қошқардың жанында ұзақ тұрып қалды. Ініме қарадым, екі көзі алақандай, бір сұмдықтың боларын сезіп тұрғандай.
-Осыны аламын!-деген саудагердік сөзін толық естіртпестен қораны басына көтеріп азынады-ай келіп. “Менің қошқары-ыы-ым, алмайсың, бермеймін!” Інім екі қолымен қошқардың жүнінен бүріп ұстап алған, айырылар емес. Шуаш сасыған қоңыр-қызыл жүнінің ортасына бетін басып алып, еңіреп жылап ажырамай жатқан інімді папам көтеріп алып кеткісі келіп белінен құшақтап алды. Аяқ астынан шыға келген абыр-сабырдан қойдың өзі қорқайын деді ме, қарлыққан дауысымен маңырай жөнелді.
-Новый крассовка аласың ертең, қойсайшы жыламай!-деп жұбатып тұрмын. –Керек емес,- деп ол жұбанар емес. Көзінің жасы мен терден ылғалданған бетіне қоңыр қылшықтар жабысып қалыпты.
Қоңыр қошқар сатылды. Саусағының ұшын түкірікпен сулап ақша санап мамам отыр. Бұрышта бүк түсіп өксігін баса алмай інім жатыр. Киімдердің тізімі жазылған шәйдің қатты қағазымен бетімді желпіп мамамның қасында мен отырмын.
Қыркүйекте жылтыраған былғары қоңыр туфлиін киіп інім келе жатыр мектепке. Қоңыр қошқардың қайғысы аздап сейілсе керек, достарының бойы өсіп кеткен шығар деп күлімдеп әңгіме айтып келеді.
-Туфлиіңнің түсі күшті, жылтырап тұр, өзі қоп-қоңыр, сенің сатылып кететін қоңыр қошқарыңмен түстес екен,-деймін мен де жайыма қарап тұрмай. Қоңыр қошқарды сағынды ма, қабағын түйіп, терең күрсініп алды, екі көзін аяғынан алмаған күйі жүріп келе жатты.
Әрі қарай

Ырым (балалар мен жасөспірімдерге арналған проза)

Блог - BakytgulSarmek: Ырым (балалар мен жасөспірімдерге арналған проза)
Көрші үйде тұсаукесер той болып жатыр. Қағаз ақшалар мен карта тасталған кілемнің шаңын бұрқырата соғып, ер адамдар карта ойнауда. Құс жастықты шынтағына басып, ойыншылар шеңберінен қалыс отырған папам жымиып анда-санда жанындағыларға қызығушылықпен қарап қояды. «Ол неге ойнамай отыр екен? Ақшасы жоқ па екен? Өскен соң көп ақша тауып беремін, ол да мына ағалармен бірге карта ойнайтын болады» деп ойладым. Осыған ұқсас інімнің сөзі есіме түсіп кетті. Былтыр күзде бір тойда арақ ішкендер төбелесіп, «мөлдір су» жүрген жерден құр қалмайтын әкем сол төбелесте еріні қанап қалған. «Өскенде каратист боламын. Сосын папамды ұрғандарды аямай тебемін» деп еді ол.
Карта ойнынының қызығы біткен соң ас үй жақта жүрген мамамның жанына бардым. Қазандағы қайнаған сорпа буының арасынан бастары қылтиып-қылтиып дабырласып жүрген бес-алты әйелдің әңгімесі бүгінгі бесіктойға келмей қалған Сұлушаш туралы екен.
-Былтыр қоңыр пальто, биыл қаракөк пальто киіп жүрген. Ақшаны қайдан табады десек, тірліктері белгілі екен ғой.
-Ұрлықпен келген ақша не қайырын берсін?!
-Дастарханында үнемі алма-кәмпит тұрады.
-Неше жылға сотталыпты?
-Білдей бір мекеменің ақшасын жымқыру дегенің оңай шаруа емес. Кемі он жылсыз шыға қоймас.
Әңгімелерінен түсінгенім Нұрдәулеттің әкесі ақша ұрлап түрмеге түсіпті. Дөңгелектерін тот баспаған су жаңа велрсипедімен мақтанып үй алдынан күніне екі-үш рет өтетін. Қазір жағдайы қалай екен?
Тұсау кесу рәсімі басталды. Балақайдың аяғына ала жіп байланып, тақия киген атай күміс қайшымен тұсау кесті.
-Ала жіптен аттама! Қадамың шалыс басылмасын. Ер жет!-деп тілек айтып жатты жамырасып отырғандар.
Жанымда отырған мамамнан:
-Мама, ала жіптен аттама деген не сөз? деп сыбырладым.
-Ұрлық қылма, біреудің тапқан еңбегіне ортақтаспа деген сөз. Адал болып өсуі үшін жасалатын ырым,- деді.
Есіме жаңағы Нұрдәулеттің түрмеге жабылған папасы түсті де:
-Сонда Нұрдәулеттің папасын кішкентай кезінде ала жіппен тұсауын кеспеген болып тұр ғой?- дедім.
Ойланып жауап беруден гөрі өзіме ескерту жасағанды жөн көрді де:
-Келесіде үлкен апалардың әңгімесін тыңдама, ұят болады, — деп құлағымды шертіп жіберді.
Қонақтық біткен соң үйге келе жатып Сұлушаш апаны көрдік. Түгі жылтыр қызыл кілемді далаға жайып қойып, қағып жатыр екен. Әншейінде әдемі дүние көрсе көзі қызатын мамам бұл жолы қызыл кілемге мән бермеді. Сұлушашқа көзімен ғана амандасқандай ырым жасады да өтіп кетті. Өзін жаңа ғана өсектегенін сезді ме немесе көңіл күйі жоқ болды ма ол бізге бұрылып қарамастан кілемді құлашын кең жайып тұрып ұра берді. Біраздан кейін де сапалақ тиген кілемнің дауысы жаңғырып біздің үйге дейін естіліп тұрды.
«Тұсауды ала жіппен кесу керек еді» деген ой басымнан шықпай қойды.
ІІ

Қыс түскенде папам ауылдың жігіттерімен қосылып теңізден балық аулайды. Ауланған балықтарды сатып ақша табады. Ақша көп болған күні дүкеннен бізге тәттілер алып келеді. Әкелген тәттілерді балық құралдары, қажетті заттары бар сумкасына салып алады ма, әйтеуір балықтың дәмі шығып тұратын. Мамамның алақанына қыстыратын ақшаның шетіне кейде балықтың қабыршақтары жабысып қалатын.
Соңғы кездері папам тәттілер әкелуін сиретті. Қармағына балық түспей жүр екен. Ырымшыл мамам «Қолыңа көз тиген» деді де, қармағына қызыл жіп байлап берді. «Дорбаны да жаңалап ауыстыру керек. Келетін пайданың көзін байлайды» деп балықтың шылымымен қаудырлап, әбден ескірген дорбаны пеште жанып жанған отқа тастап жіберді.
Бірінші сыныпта кітап салған қызыл сөмкем бар еді. Мамам соны сандықтан алып шықты да:
-Қызыңның «беске» толған сумкасы ғой. Жақсы ырым шығар. Осыны ұста. Сырт жақта кім мән беріп қарасын, бәрібір ғой,- деді.
«Бестікке» толы деген атынан гөрі, көз тиюден қорғайтын қызыл түсіне көбірек мән бергенін сезіп те отырмын. Папамның алпамсадай арқасында менің қызыл сумкам оймақтай ғана болып қалды.
-Құтты дорба болсын,- деді мамам күбірлеп.
Менің қызыл сөмкемнің арқасында кешке тәтті жейтінімізге сенімді болып, ініме қарап жымың- жымың етіп қоямын.
Кешке балықтан келген папам қызыл сөмкені елеусіз табалдырыққа қоя салды. Балықтың шылымы жұқпаған, тап-таза күйінде тұр екен. Демек қармаққа балық түспеген…

ІІІ

Құрылысқа жұмысқа тұрған папам соңғы кездері жұмыстан мас болып келуін жиілетті. Жұмыс басында кешке таман шаршағандарын басу үшін арақ ішеді екен. Мамамның күрсінісі көбейді. Мотоциклдің алдына отырғызып қыдыртудан қалған папам үшін інім де мұңайып жүр. Туғаннан музыкаға қабілеті жоқ папамның «Ахоуу, бұраң бел, Қамажай» деп түсініксіз сөздермен барылдап ән айтатыны менің де жүйкеме тиіп жүр. Ауладағы дос балалардан ұят.
Сау болған күндерін зерттеп, есептеп жүрген мамам мынандай қорытындыға келді:
-Байқаймын, әкелерің көк көйлегін киген күні мас болып келеді. Соны кимеген күндері ішпей келіп жүр екен.
Әйтеуірі бір шарасы болу керек деген үмітпен бар кілтипанды көк көйлектен көрдік.
Ертеңгі күні жұмысқа кеткелі жатқан папамның жанында қипақтап тұрдым да:
-Пап, мына көк көйлекті кимей-ақ қойшы… — дедім міңгірлеп.
-А?
-Сол!
Мамама қарап едім, актрисаларға еліктеп қара қарындашпен сызып алған қасын жиырып-жазып көк көйлектен айырылма дегендей ым жасап тұр екен. Қасын қай уақытта бояп үлгерген деп ойланып жатуға уақытым жоқ, көк көйлектің бір жеңі киіліп қойды. Көк көйлекті киіп кетсе мамамның да қабағынан қар жауып, ашуын бізден алатынын да сезіп тұрмын. «Шешуші сәт таяп қалды" дедім іштей, мынадай көркем сөзді қайдан жаттап алғанымды есіме түсіріп жатуға да уақыт тапшы. Көйлектің киілмеген бір жеңінен тартып шешіп алдым да, сыртқа қарай жүгірдім.
-Өй, өй… Не болды мынаған?- деп тұтығып жатқан папамның сөзін аяқтатпастан, есікті тарс жауып сыртқа қарай жүгіре жөнелдім. Тілі салақтап Ақтөс менімен ілесе шапты.
Ызаланып жылап келемін. Үйдегі салқындыққа кінәлі көк көйлекпен көзімнің жасын сүртіп алдым. Көйлектен тер мен арақтың иісі шығады екен. Шамалы уақыт өткен соң үй жаққа жақындап едім, боз көйлегін киген папам ұзап барады екен.
Кешке жақын папаның арақ ішіп келмейтінін, бізбен бірге дастарханда отырып күліп- ойнап әңгіме айтатынын, бізді мотоциклмен қыдыртатынын ойлап көңілім жадырап жүр. Мамамның да қабағы ашық, бауырсақ пісірді, жер үстелдің дастарханын ауыстырды. Қонаққа жайылатын оюлы көрпешені жайды. Ыңылдап әндетіп жүріп, інімнің тырнағын қиды, мұрынын сулы шүберекпен сүртіп тазалады, кекілін қайырып қойды. Батып бара жатқан күннің сәулесіне боз көйлегі оттай боялып келе жатқан папамды алыстан көрдім. Жақындаған сайын жүрісінің шалыс екені байқалды. Тағы да мас болып келе жатыр екен. Бізге боз көйлек те көмектеспеді…
Әрі қарай

КерекИнфо «Шынайы өмір» аталымы бойынша үздік!

Блог - asaubota: КерекИнфо «Шынайы өмір» аталымы бойынша үздік!

Назарбаев орталығында ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Қорының сыйлығына Үздік қазақтілді интернет сайт байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқау осы жылы үшінші рет өткізіліп отыр. Байқауды ұйымдастырушылар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры және Мемлекеттік тілді дамыту қоры.

Марапаттау рәсіміне ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан АЙТЖАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек СМАҒҰЛ, «ҚазИнформ» халықаралық агенттігі бас директорының кеңесшісі Махат САДЫҚ, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат ШАУЕЕВ, сонымен қатар қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың және БАҚ-ның өкілдері қатысты.

Байқау мақсаты – интернет жүйесіндегі үздік қазақтілді ресурстарды анықтау мен насихаттау және интернет ресурстардың саны мен сапасын жақсартуға үлес қосып жүрген отандық қазақтілді сайттарды қолдау.

Байқауға ғаламтор кеңістігіндегі тәжірибесі кемінде бір жылды құрайтын, қазақ тілінде ақпарат тарататын үкіметтік емес, тәуелсіз қоғамдық сайттар қатысты. Қазылар алқасы сайттарды мазмұны, қызмет бағыты, интерактивтілігі, қазақ тілі мен ұлттық құндылықтардың дәріптелуі, патриоттық тақырыптардың үздіксіз көтерілуі, көркемдік жағы, идея ерекшелігі, тартымдылығы секілді талаптар бойынша саралады.

Байқауға республиканың әр түрлі аймақтарынан 33 өтінім түсті. «Өткір тіл» — аталымы бойынша zheruiyq.kz порталы, «Рухани азық» – аталымы бойынша qamshy.kz порталы, «Терең ізденіс» — аталымы бойынша 247media.kz сайты, «Шынайы өмір» – аталымы бойынша kerekinfo.kz сайты, «Спорт тынысы» — аталымы бойынша ulttyqsport.kz және alzhan.kz сайттары, «Білім бұлағы» — аталымы бойынша kaz-tili.kz және qaztest.kz сайтттары, «Жастар әлемі» — аталымы бойынша zhasatyrau.kz порталы, «Ойын- сауық» — аталымы бойынша baribar.kz жеңімпаз болып танылды.
Әрі қарай