ІV Халықаралық РR Көктемгі мектебі өңірдегі медиасауаттылық жүйесін дамытуға арналды

Талдықорған қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы облысы Ішкі саясат басқармасы, Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Тұрақты даму мақсатындағы коммуникация және медиа» атты ІV Халықаралық РR Көктемгі мектебі өткізілді.
Көктемгі мектеп қазақстандықтардың сандық жүйені қолданудағы сауаттылығын арттыруға және білім беру, медиа ақпараттық сауаттылық жүйесін дамытуға арналды.
Адамзаттың жаһандық дағдарыстан шығудың жолдарын іздестіруі заңды. Жалпы әлемдік қауымдастық мойындаған дағдарыстан шығудың негізгі жолы – тұрақты даму. Оның басты идеясы – ысырапқа жол бермеу, ресурстарды әділетті әрі тең бөлу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы үдерістердің барлығында маңызды рөл ойнайтын, дамудың негізгі факторы — ғылым және білім беру екендігі дау туғызбайды. Тұрақты даму тек экономикалық өсу, инновация және өнімділік қана емес, әлеуметтік даму мен тұрақтылықтың іргелі міндеттерін де қарастырады. Тұрақты дамудың 17 мақсаты бар. Соның 4-ші мақсаты – сапалы білімге қолжетімділік және өмір бойы оқуға (үздіксіз) мүмкіндік беру. Өңірлерде тұрақты инфрақұрылым қалыптастыру қажет. Сол себепті аймақтарда тұрақты даму мақсатындағы семинар-тренингтердің өткізілуі қажеттілік.
Тұрақты даму теория мен практиканы ұштастыруды, яғни дуалды оқытуды талап етеді. Университеттер енді тек оқу бағдарламаларымен ғана айналыспайды, қала, өңір, ел деңгейіндегі өзекті мәселелерді шешуге де белсене қатысады. Яғни, университеттердің қызметі өңірлердегі тұрақтылықты нығайтуға бағытталған ұлттық және халықаралық бағдарламалармен тығыз байланысты болуы тиіс. Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» Жаһандық хабына жетекшілік ету мерзімі 2020 жылға дейін ұзартылуы оқу орнына зор жауапкершіліктер жүктейді. Қазіргі таңда Қазақстанның 25 жоғары оқу орындары БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасына қосылған.
Көктемгі мектепте «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғ. Әженова, белгілі PR маманы Қ. Домбай, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы қоғамдық қорының президенті Е. Кәпқызы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Б. Әшірбаев, Factcheck.kz редакторы Д. Смақов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Телерадиокешенінің директоры Д. Мұхамеджанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, ф.ғ.к. А. Рожков, «Medianet» Халықаралық журналистика Орталығы, Factcheck.kz сайтының журналисі Ж. Тлеухан шеберлік сыныптарын өткізді. Қазіргі таңдағы медиакеңістік пен РR нарығындағы өзекті мәселелер ортаға салынып, шешілу жолдары көрсетілді.
Көктемгі мектептегі алғашқы шеберлік сыныпты «Рухани жаңғыру және ұлттық журналистика» тақырыбымен Б. Әшірбаев жүргізді. Ол заманға сай жаңғырудағы отандық мәдениеттің алатын ерекше орнына тоқталып, Қазақстанның бірегей тарихи және мәдениеті бар ел ретіндегі әлемдік дидарын айқындау, ұлттық бренд қалыптастырудағы қажеттілікті және ұлттық журналистикаға жүктелетін міндеттерді, Рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы ұлттық журналистика көтеретін тақырыптарды сараптады.
Бедел – материалдық болмағанымен, жеке адам үшін де, бүтіндей ұжым үшін де аса маңызды актив. Қазіргі заманда беделді басқаруға болады. Бұл ұзақ мерзімді стратегия – бедел менеджменті деп аталады. Белгілі PR маманы Қ. Домбай абырой-бедел менеджменті тақырыбына тоқталып, компания беделін қалыптастырудың жолдарын баяндады. Компанияның нарықтағы дұрыс позициялануы, ақпараттық кеңістіктегі тиімді іс-әрекеті дәрістің негізгі өзегін құрады. PR саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар маманның: «Компанияның құнына беделі де кіреді. Беделді компанияның бағасы да жоғары. Олай болса, бедел қаржымен өлшенеді. Көп жағдайда компанияның беделін басшысы емес, қызметкері қалыптастырады», — деуі көңілге қонымды. Қ. Домбай шеберлік сыныбы тыңдаушылардың қызығушылығын туғызып, аудитория тарапынан қойылған сауалдар көп болды.
Д. Мұхамеджанов қазіргі таңдағы заманауи технологияларға тоқталып, мектеп қатысушыларын хабар жасаудың қыр-сырларына қанықтырды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ телерадиокешенінің мысалында студенттік телевидениенің ақпарат берудегі ерекшеліктерін сипаттады.
Factcheck.kz редакторы Д. Смақов пен осы сайттың журналисі Ж. Тлеухан жалған ақпаратты анықтау, тексеру, нақты дереккөздерін білу, фактілермен жұмыс істеу тәсілдерін көрсетіп, ақпаратты тексерудің теориялық және практикалық әдістері туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Тыңдаушыларға: «Әрбір адамның шындыққа таласы бар. Сіздер ақпараттағы нақты фактілерге назар аударып, қаншалықты тексерілгенін, қандай дереккөздерге жүгінгендігін, ақпараттың әлеуметтік маңыздылығын анықтай білулеріңіз керек. Әрбір мақаланы тексеруден қорықпау керек. Айтылған пікірді ресми, ашық ресурстар арқылы тексеруге болады», — деген кеңестер айтты.
Көктемгі мектептің екінші күні мазмұнды дәрістермен жалғасты.
Ғ. Әженова медиамәтіндердегі қорлау мен жала жабуға тоқталып, бейнесюжеттерді мысалға келтіре отырып, тыңдаушыларға мол ақпарат берді.
Е. Кәпқызының жасырын камераны пайдалану туралы ұтымды кейстері аудиторияға өте қызықты болды. Ақпаратты дереккөзден, ашық ресурстардан алу әдістері, сенімділігіне көз жеткізу, ақпаратты заңсыз және алдау арқылы алмау, жасырын камераны пайдалануға мәжбүрлейтін жағдайлар, қоғам білуі тиіс ақпаратты тарату және ақпараттың қайнар көзін көрсету қажеттілігі, ақпараттың жеке адамдарға зиянын тигізбеу мәселелері жан-жақты талқыланды. Е. Кәпқызы өзінің шеберлік сыныбын: «Жасырын камераға бару үшін, ол ақпараттың қоғамға қаншалықты пайдалы екендігін екшеп алуымыз керек. Яғни, ақпарат алу біздің шындық принципімізбен сәйкесуі тиіс», — деген пікірмен аяқтады.
А. Рожков тыңдаушыларға жаңа медиаға арналған коммуникативтік форматтар туралы ақпарат берді. БАҚ-тың қоғамға ықпал ету әдістері, ақпаратты қабылдаудың жаңа формалары, сторителлинг, PR-дың дәстүрлі және инновациялық құралдары туралы шеберлік сыныбы да қызықтылығымен ерекшеленді.
Интерактивті форматта өткен Көктемгі мектеп қатысушыларға мол ақпараттар беруімен, практикалық тренингтер өткізуімен құнды болды.
Қоғамды ақпаратты ақ-қарасын айырып, дұрыс қабылдауға, сұрыптауға дағдыландыруды мақсат еткен Көктемгі мектеп соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ
филология ғылымдарының докторы
Назгүл Шыңғысова
Әрі қарай

1 мамырда Қазақстан халықтары бірлігі күніне орай өтетін велошеру өтеді



1 мамырда Қазақстан халықтары бірлігі күніне орай өтетін велошеруге байланысты Достық, Қабанбай батыр, Қонаев және Түркістан көшелерінде жол қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Спорттық іс-шара Астананың 20 жылдығын тойлау қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жыл толу құрметіне арналады.

Мұның алдын, 1 мамырда Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығына арналған «Достық шеруі» атты велошеру өткізілетіні хабарланған болатын. Жарыс «Бәйтерек» монументінің алдында сағат 13:00 басталатыны, ал қатысушыларды тіркеу таңғы сағат 11-де өтетіні жоспарланған. Веложарысқа қатысатындардың жолы елорданың басты символы – «Бәйтерек» монументінен басталып, сол жағалау бойынша өтеді.

Велошеруге танымал, әлемдік деңгейде елдің атын танытып жүрген велошабандоздар, атақты спортшылар, Қазақстан халықтары ассамблеясының жастар қанатының өкілдері және де Астана қаласының 12 жастан асқан тұрғындары мен қонақтары қатысады.

Велошеруге өзге қатысушылармен бірге «Astana Pro Team» кәсіби командасының танымал велошабандозы Дмитрий Груздев те қатысады. Спортшы Қазақстанның үш дүркін чемпионы және жеке жарыста Азияның екі дүркін жеңімпазы.

Жаппай велошеруді Астана қалалық Мәдениет және спорт басқармасы Қазақстан халықтары ассамблеясы хатшылығымен бірлесіп өткізуде. Велошеруді қалалықтардың өмірін белсенді саламатты өмір салтына топтастырып, велосипедті күнделікті өмірде пайдаланудың пайдасын танымал ету мақсатында ұйымдастырды.

Астана жаңалықтары: 1 мамырда Қазақстан халықтары бірлігі күніне орай өтетін велошеру өтеді
Әрі қарай

Отбасы деген

Блог - Aygaya: Отбасы деген

Бір күні үйге азық-түлік толы, қара зіл пакеттерді сүйреп келдім. Жігітімнің үйде жатқанын білемін. Мұрнынан суы ағып, салқын тиіп жатқан еді.

Кіреберістен дауысымды қаттырақ шығарып: «Мына пакеттерді алшы» дедім.

Ол болса көрпеге оранып алған, ыстығы басылмай, терлеп-тепшіп жатыр.

«Менімен осы еш жұмысың жоқ иә сенің?» деп, зекіп қалды.

«Ауырып жатқан адамды мазалаудың не керегі бар? Шеш те аяғыңды, апара салмай ма соларды асүйге» деп ойласа керек.

Мен болса сол кірберісте әлі тұрмын. Реніштен өкпем жарылардай, көзіме жас та толып қалды. Еркек дегенің ауырса да еркек болып қала беруі керек емес пе? Ыстығың көтеріліп тұрса да, жұбайыңа көмектесіп, жүкті қолынан алудың несі қиын сонша? Мен бір рояльді тасы деп те жатқаным жоқ. Бар болғаны пакеттер. Бар керегі бір минут уақытың.

Сол күні қатты керісіп қалғанымыз есімде. Екеуіміздің де өз шындығымыз, өз ақиқатымыз бар. Дұрыс екендігімізді дәлелдеу отбасымыздың берекесінен маңыздырақ еді.

Бұл бір 14 жылдай уақыт бұрын болған жәйт еді. Жаспыз, әрқайсысымыз отбасы ұғымындағы сөзіміз жүрер аумақтың кеңірек болуына шайқасып жүрген кездер…

Жігітімнің көлік айдауды енді-енді үйреніп жүрген кезі. Әлі де бойында күмән менен қорқыныш бар.

Мен бір концертке кеттім. Концерт біткенде, сағат тоғызға таяу ең жақын метроның маңайыан алып кетуін өтіндім.

Концертім он жарым дегенде бітіп, жігітім сол метроның жанында екі сағат күтіп қалды. Залдан шығып, метроның әлде де алыстау екендігін, және мына аяқ киіммен жеткенімше кемінде тағы жарты сағат өтетінін ұқтым.

Жігітіме қоңырау шалып, концерт залының дәл алдына қалай жету керек екендігін түсіндіре бастадым. Ол кездері навигатор деген жоқ. Кәдімгі қағаз карталар заманы. Инструкторсыз көлік айдап жүргеніне бір-ақ апта болған жігітім, қайда қалай бару керек екенін түсіне алмай қойды.

Метроға қарай беттедім. Дала қараңғы. Аяқкиімім ыңғайсыз. Жеткенімше аяқтарым қажалып-күстеніп, «бірден келе қоймады, алдымнан шықпады» деп ашуға булығып жеттім.

Жігітім болса маған ызалы. «Осы әйелдер өздеріне не керек екенін де білмейді» десе керек.

Сол күні қатты керісіп қалғанымыз есімде.

Екеуіміздің де өз шындығымыз, өз ақиқатымыз бар. Дұрыс екендігімізді дәлелдеу отбасымыздың берекесінен маңыздырақ еді.

Отбасын құрғанымызға біраз жыл болды.

Кеше кешкісін басымның сақинасы ұстап қалды. Дәріні сіміріп алып, көрпенің астына тығылдым. Балалардың ойнап-күлгендегі шуы шыдаттырмастай қинап барады. Бірақ, балалы үй базар ғой. Екіге енді толған қызым қайдан түсіне қойсын. Қайта-қайта құшағыма еніп, ойнағысы келеді. Басымның ауырғаны сонша, қиналғанымнан тіпті ыңырсып жаттым.

Қалай ұйқыға кеткенімді аңғармай қалдым. Жігітім балаларды далаға серуендеуге алып кеткен екен. Ауа райы серуендейтіндей болмаса да, бір жарым сағаттай жүріп келді. Жел уілдеп, жаңбыр себелеп тұрған. Олар оралғанда мен оянып кеттім. Басымның ауырғаны да басылғандай.

Жігітімнің де жағдайы оңып тұрмаған екен. Бірнәрседен уланған-ау шамасы мазасы болмапты. Бірақ, екі аурудың біреуі өзін қолға алып, екіншісіне оңалуға мүмкіндік беру керек екендігін түсінген еді.

Әрине, ол да жатып алып, екеулеп ыңырсудан жарыс өткізсек болар еді. Бірақ ол даланың райына қарамастан, мені құтқарар серуенге балалармен бірге кетуді ұйғарды.

Ал, өткен аптада, ол ауырып жатқанда, мен де жігітім үшін дәл осылай істеген едім. Дұрысы – өзім үшін. Себебі оның тезірек сауыққаны маған да керек.

Осыдан үш жыл бұрын, жүкті кезімде той атқарып жүрдім. Тапсырыс берген той иелері «тек қана сен» деп, қандай да бір бөлмеге менен бұрын кіріп жүрген қарныма мән бермеген еді.

Той болар күні жігітім де корпоративке баруы керек болды. Сол жерде марапаттау кеші өтіп, оған да алғыс хаты табысталатын болған. Таңертең көйлеген үтіктеп, галстук таңдап қойдым.

Кешкісін жастармен тұрған суретімді жібердім. Боянып, сыланып, әдемі көйлегімді киіп алғанмын. «Қара, жаным, қарны қампиып тұрса да, қандай әдемі иә сенің әйелің» дегендей.

— Биік өкшелі аяқ киім кигенбісің? — деді жігітім. Жүктіліктің соңғы айларында аяқтарымның тым қатты ісініп ауыратынын білуші еді.

— Иә, енді бұл той ғой. Тәпішке киіп, қолыма капельница іліп жүрмемйн ғой, енді, — дедім мен.

— Өкшесі жоқ аяқ киім ала кеттің бе? Әлде ауыстырар ештеңе жоқ па?

— Жоқ, ала шықпаппын, — деп күрсіндім. Осындай күнделікті заттарды ойлай бермеймін. Ауыстырар аяқ киім алуды ұмытқан екенмін.

Екі сағаттан кейін, корпоративін тастап, үйге соғып, жеңіл аяқ киім тауып, маған әкеліп тұрған жігітімді көрдім.

Дәл сол сәтте аяқтарым әбден ісіп, жаным қиналған еді. Жігітімді көргеннен қатты қуанып кеттім.

Аяқ киімімді ауыстырып отырып: «Мараптың ше?»- деп сұрадым. Күйеуімнің маңызды іс-шараны өткізіп алатынына алаңдаған едім.

— Міне менің марапатым! – деді ол, басымен ішіме сілтеп.

Отбасы дегеніміз – жарыңның қажеттіліктерін өзіңдікінен маңыздырақ көре білуіңде, және бұл ұстанымыңның саған ешқандай жайсыздық тудырмауында.

Әр қайсысымызда әлі де өз шындығымыз, өз ақиқатымыз бар. Бірақ оны бір-бірімізге тықпыштауды доғардық. Себебі біз үшін бақытты болу дұрыс болудан әлдеқайда маңыздырақ.

© Ольга Савельева
Әрі қарай

Шарапхана ауылына жолайырық керек

Республикалық маңызы бар «Алматы-Термез» автожолының Қазығұрт ауданындағы Шарапхана ауылы тұсынан Жаңабазар ауылына бұрылатын үлкен жолайырық (развязка дорог) керек.

Блог - saken-d: Шарапхана ауылына жолайырық керек

Аталған автожолға Шарапхана тұсынан қосылатын облыстық маңызы бар «Шарапхана-Бірінші мамыр» автожолы бағытында (Шарапхана, Қарабау, Алтынтөбе, Жаңабазар, Көкібел, Жігерген ауыл округтерінде жалпы) шамамен 60-70 мың халық тұрады. Осыншама халықты және олардан шығатын көлік нөпірін ескеріп бірде-бір жолайырық салынбаған. Бұл – үлкен проблема. Әсіресе, Шарапхана ауылы жағынан республикалық маңызы бар жолға көліктердің Ташкент пен Қазығұрт бағытына шығуына және Шымкент бағытынан келген көліктердің Шарапханаға кіруіне дұрыс мүмкіндік қарастырылмаған (немесе, елді-мекен ішімен кемінде 5-6 шақырым артық жол жүруді талап етеді). Бұл – өз кезегінде, жолаушыларға да, елді-мекен тұрғындарына да қиындық туғызады.

Қазіргі таңда мұндай жолайырық қызметін Шарапхана ауылы тұрғындарына арналған мал айдау өткелі атқарып отыр. Көлік нөпірі тар мал айдау өткелінен кезектесіп өтуге мәжбүр.
Блог - saken-d: Шарапхана ауылына жолайырық керек
Блог - saken-d: Шарапхана ауылына жолайырық керек

Осыған байланысты, аталған проблеманы шешу үшін Шарапхана ауылы тұсынан, «Шарапхана-Бірінші мамыр» автожолын «Алматы-Термез» автожолына (754-ші шақырым) жалғайтын үлкен жолайырық салуды ұсынамыз. Бұл жоба – Шарапхана ауылының ішкі жолдарындағы көлік нөпірін азайтып, елді-мекен тұрғындарына да, жолаушыларға да қолайлы болмақ.
Блог - saken-d: Шарапхана ауылына жолайырық керек
Әрі қарай