Астана және адреналин

Астана ауа-райы да, адамдары да суық, жұмыс пен үйдің арасындағы жалықтыратын, қажытатын қала дегенді құлағым жиі шалады. Бір қарағанда солай да сияқты. Кеңсеге лайық киінген, қабағы қату, түрі сұсты адамдар жұмысқа асығып кетіп бара жатады, асығып қайтып келе жатады. Бірақ жұмысбасты қаланың да қыдыратын кезі, көңіл көтерін сәті, қызық іздеп, қорқыныш құшағына сүңгитін мезеттері көп.

Адам адам болып жаратылғандықтан да өзіне өзі бір челлендждер ойлап тауып, оны еңсергеннен рахат тауып өмір сүрмей ме?! Әрине актив демалысты жұмсақ диван немесе салқын сыраға өлсе де айырбастағысы келмейтіндер де мыңдап табылады. Бірақ бұл пост ондайларға арналмаған. Бұл пост — адреналиннің порциясы болмаса, бесінші нүктесі тыныш таппайтын, жүрегі соқпай, миы істемей қалатын энерджайзерлерге арналған.

Астана әлем картасында құр әдемі қала ғана емес, тұрғындары әрі білімді, әрі мәдениетті, ештеңеден қорықпайтын, бар нәрсеге ашық шаһар ретінде белгілі болғанын қалар едім. Шүкір, елордамыз жылдан жылға оған да жақындап келе жатқан сияқты. Әрісі қаланың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасын былай қойғанда адреналин іздеген адамдарды қанағаттандыратын қызықтарымен де мойындалаған озық шаһарларды өкшелеп келеміз.

Сонымен адреналиннің кезекті порциясы керек болғанда қайда барған жөн. Астанадан алысқа кетпейтін бес түрлі вариантты қарастырып көрейік.

5. Марафон, дуатлон, триатлон
Байқасаңыз соңғы жылдары Астанада жүгірушілер, жүзушілер және велошабандоздар саны күрт артты. Мақтанып қояйын — біреуі мен. Әдепкіде екі шақырымнан кейін өкпесі қысылып, бүйірі шаншып, тізесі қақырап қалатын Маралбек қазір біреулерді вокзалға апарып салып, тура он шақырым жердегі үйіне 50 минутта қиналмай жүгіріп келе алады. Енді адреналин қайда дейсіз ғой. Адреналин жарыста. Әрине, ресми жарыста жүлдеге іліну мүмкін емес, бірақ әр жаңасы сайын, тіпті әр жаттығу сайын бұрынғы жетістігіңді жақсарта түсу адреналинді де, эндорфинді де көбейтеді. Қысқасы, кемі бір ай тұрақты жүгіріп көрмейінше түсінбейтін де шығарсыз. Ал бір бастасаңыз тоқтай қоюыңыз екіталай.

Блог - Marco: Астана және адреналин

Астана марафоны, Ironman секілді жарыстар қатыссаңыз орасан адреналинге көміп тастайтыны хақ. Мен де әлі қатысып көргем жоқ. Бірақ жоспарда бар.



4. Картинг
Келісем, жүгіру біреуге ит әуре болып көрінуі де мүмкін. Адреналин деп жүріп, сағаттап жүгірудің не қажеті бар дерсіз. Жақсы. Онда картингке бара қойыңыз. Отырып алып, кайф алатын тамаша вариант.

Блог - Marco: Астана және адреналин

Астанада мен білетін екі карт трек бар. Мұндағы машиналардың жылдамдығы сағатына алпыс шақырымға дейін жетеді. Бұрылыстарда 45 шақырым. Машина айдайтын болсаңыз, жылдамдықты шамамен түсініп отырған шығарсыз. Оның үстіне бұл жерде де сіз біреумен жарыса аласыз. Ал кез келген жарыс, әсіресе жеңіс адреналинді еселей түседі. Ал бағасы 1500-5000 теңге арасы.



3. Авто/мото спорт
Картинг баланың ойыншығы деп ойласаңыз, әлдеқайда салмақты сынға қалай қарайсыз? Мотоцикл немесе автомобиль айдау былай да оңай емес, ал мотокросс немесе дрифтке қатысатын болсаңыз ұмытылмас әсерге тойып алатыныңыз сөзсіз.

Блог - Marco: Астана және адреналин

Астана көшелерінде жүйткіп жүрген автомобильдерден tri-mira.kz деген лейблдарды көрдіңіз бе? Осы фирма қалада мото және автоәуесқойлардың (профилердің де) жарыстарын өткізіп тұрады. Ралли, драг-рейсиң, дрифт, джимхана… жарнасын төле де таңдағаныңа қатыс. Бірақ көлік өзіңнен. Бұл жағы аздап қиындық тудырады. Сылтау іздегендер «Машинаны қайдан алам»,- деп жатқан диванында әрі аунап түскен шығар. Құрығанда видеосын қарап көр.



2. Роуп Джампиң
Бұл жерде машинаның керегі жоқ. Батылдық болса жеткілікті (ауылда "*өтің тұрса" дер еді).

Блог - Marco: Астана және адреналин

Роуп Джампиң деген арқанға оранып алып, биіктіктен секіру. Астанада 45 метрден төмен құлдилайтын мүмкіндік бар. Аса биік емес. Бірақ жүрегің аузыңа тығылатындай қобалжуды сезінетініңізге кепілдік менен. Осыны жазып отырып-ақ, табаным мен алақанымның ылғалданып бара жатқанын сезіп отырмын. Есіңізде болсын, бұл қауіпті іс, сондықтан сыраны да, басқа алкогольді де қоя тұруға тура келеді. Кеше ішсең де, бүгін секіртпей қоюы мүмкін.



1. Парашют
45 метр дегеніміз 15 қабатты үй. Ондай биік сияқты емес пе? Онда 800 метрге қалай қарайсыз?

Блог - Marco: Астана және адреналин

Астананың іргесінде Северный деген аэродром бар. Ал онда Астана парашют спорты федерациясының базасы бар. Салмағы 45 пен 90 келінің арасындағы жасы 18-ден асқан кез келген адам сол жерге барып, парашютпен секіре алады. Алдымен екі сағат дайындықтан өтесіз. Қалай секіру керек, негізгі парашют ашылмай қалса не істеу қажет, қалай қонған жөн, парашют сүйреп кетсе не істейсіз… шындығында бұл жерде сұрақ та, күдік те, қорқыныш та көп. Инструкторлар осының бәрін түсіндіреді, арнайы платформадан секіртеді. Содан кейін ұшаққа отырғызады да, 800 метрге жеткен соң шығуды бұйырады. Білесіз бе, әуеге ұшақпен көтеріліп, өз аяғыңмен қонғанның әсері бөлек екен. Бәріңізге бір рет көруге кеңес берем.


Астананың өзі секілді Астанадағы эктрим спорт түрлері де даму үстінде. Бірақ бізде бір үлкен артықшылық бар. Ол баға. Қай қайсысының да құны салыстырмалы түрде шетелдегілерден әлдеқайда арзан. Бұл біріншіден өзімізге, екіншіден Астанаға келген шетелдіктерге жақсы мүмкіндік. Біз де, олар да жаңа тәжірибе, жаңа эмоция жинай аламыз. Ол өз кезегінде Астананың адамзат санасындағы, әлем картасындағы орнын бекіте түседі.

Инстаграм өрнектеген Астана

Инстаграм өміріздің бір бөлшегіне айналғалы қашан. Барымызды сонда салуға, естелік ретінде сақтап қоюға тырысамыз. Астана суреттері менің парақшамның ең көп салынатын тақырыбы екен. Осы жылы біраз өзім үшін ерекше суреттер түсірген екенмін.


Кемпірқосақ. Бұл суретті көліктің ішінде түсірген екенмін.


Алтын. Жазда осы көрініс бірнеше рет қайталанды. Өкініштісісол кездері қолымға фотоаппарат болмады. Соткамен түсіруге тура келді.


Бұл Астанадағы мен жақсы көретін ерекше орындардың бірі. Осы жерде бірнеше влог түсіріп үлгерген екенмін.



Ең биік ғимараттар. Осы жылғы өзгерістердің біразы осы ғимараттарға кіргеннен кейін басталыпты. Сосын шығар ыстық сурет :)


Бұлт. Кешкі көрініс.


Бұл жаздағы ерекше орынның бірі осы алаң болды.


Наурыз көже ішіп тұрған әжелер.


Ақшаға суретке түсетін «мыстан»


Осы жылы Астана жүгірушілері мен велошыларына жақсы жағдай жасалды. Соның әсері болса керек, жүгірумен тұрақты айналысатын достарым көбейген екен.


ЭКСПО алаңында өткен 91 тобының концерті басталар жатқан сәт.


Көпір үстіндегі жұмысшы Ақордаға қарап ойланып отырған.

Елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына!

Астана жаңалықтары: Елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына!

Астана қаласының Ішкі істер департаменті елорданың 20 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралардың аясында 16 жасқа толмаған азаматтарды «Қазақ елі» монументінің алаңында өтетін гала-концертке бармауды, кішкентай сәбилері бар ата-аналарды сол концертке балаларын ертіп келмеуін сұрайды.

Жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тәртіпсіздікке жол бермеу мақсатында жоғарыда аталған санатқа жататын азаматтар гала-концерт өтетін аумаққа кіргізілмейтін болады.

Сондай-ақ, көліктердің көптеп жиналуын, кептелістерді болдырмау үшін Астана қаласының ІІД азаматтарға қоғамдық көлікте жүруге кеңес береді. Гала-концерт көрермендерін елорда әкімдігінің ұйымдастыруымен арнайы автобустар белгіленген орынға жеткізетін болады. Қоғамдық көліктер мына нысандарға аялдайды:

1)«Жастар» сарайы (Республика даңғылынан)

2)«Қазақстан» спорт сарайы (Қажымұқан көшесінен)

3)Елорда циркінің Қорғалжын тас жолы көшесіндегі тұрағы

4) Достық көшесіндегі «Нұр Астана» мешітінің тұрағы

Жол ақысы – 90 теңге, жол жүру билеттері – жарамсыз.

Сонымен қатар, «Қазақ Елі» монументі алаңының ауданына қызмет көрсететін қалалық он бағдардың жұмысы түнгі сағат 2-ге дейін ұзартылатын болады.

Бұдан бөлек, елорда тұрғындары мен қонақтарына сағат 18:00-ден гала-концерттің соңына дейін М-1 көпірінен Аманжолов көшесінің аралығындағы Байтұрсынов көшесінде, Байтұрсынов пен Нәжімеденов көшелерінің аралығында жатқан Аманжолов көшесінде, М-3 көпірінен Аманжолов көшесіне дейінгі аралықта жатқан Нәжімеденов көшесінде, Қошқарбаев пен Нәжімеденов көшелерінің аралығындағы Тәуелсіздік даңғылында (қоғамдық көліктерден басқа) көлік құралдарының қозғалысына шектеу қойылады.

Аталған ауданға сапарлауды жоспарлайтын азаматтарға өз қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз.

Көлікті қоюға ұсынылатын орындар:

— Оқушылар сарайының Б. Момышұлы даңғылындағы тұрағы

— «Astana Music Hall» мейрамханасының Б. Момышұлы даңғылындағы тұрағы

— «Нұр Астана» мешітінің Достық көшесіндегі тұрағы

— «Жетісу» саябағының Сарайшық көшесіндегі тұрағы

Гала-концерт аяқталған соң, Астананың триатлон саябағы, Есіл өзені жағалауы, Нұржол желек жолы аумағынан мерекелік от шашуды тамашалауға болады.
Әрі қарай

Астана Күнінде қайда баруға болады?

Астана жаңалықтары: Астана Күнінде қайда баруға болады?

Тәуелсіздік сарайында бірден бірнеше көрме өз жұмысын бастады. «Astana Evolution» фотокөрмесі 8 шілдеге дейін өз келушілерін күтеді. Келесі күні С. Мүсіреповтің «Жаңа бастау» жеке көркемсурет көрмесі аяқталады. Астана қаласының «Жастар – Астана болашағы» жастар бірлестігімен бірлесе өткізілетін көрме 15 шілдеге дейін жалғасады.

«Моя любимая столица» көрмесі

1 шілде күні «Жастар» сарайында өз жұмысын бастаған «Моя любимая столица» көрмесі 6 шілдеге дейін өтеді. Еске салайық, фотоконкурсқа ниет білдіргендердің барлығы қатыса алды. Қорытынды көрмеге қойылатын еңбектерді арнайы конкурстық комиссия іріктеді. Үздік суреттердің авторларына Елорда күні естелік сыйлықтар мен марапаттар табысталады.

«ASTANAAROUNDUS» фотоөнер фестивалі

4 шілдеде сағат 17:00-де «Нұржол» сулы-жасыл желекжолында елордалық «ASTANAAROUNDUS» фотоөнер фестивалі ашылды. Қатысушылардың еңбектерін 31 шілдеге дейін көруге болады.

«Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалі

4 шілдеде сағат 16.00-де Астаналық циркте «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалі басталды. 6 шілдеге дейін жалғасатын екі конкурстық бағдарламада әлемнің 12 мемлекетінен келген 60-тан аса цирк артисі өнер көрсетеді.

6 шілдеде сағат 11.00-де фестивальдің ең жарқын бөлігі – оркестрлер шеруі өтеді. Шараға қатысушылар Республика даңғылының бойымен Әскери-тарихи музейден «Жастар» сарайына дейін жүріп өтеді. Осы күні сағат 17.00-де ұжымдар қалалық алаңда өтетін қорытынды плац-концертте өнер көрсетеді.

«Шаттық» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі

4-6 шілде аралығында осы алаңда «Шаттық» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі өтеді.

Караокеден «Бәрі де ән салады» ашық қалалық чемпионат

5 және 6 шілдеде «Жастар» сарайының жазғы сахнасында Астана қаласы әкімінің кубогына караокеден «Бәрі де ән салады» ашық қалалық чемпионаты өтеді.

«International Street dance Session in Astana» халықаралық көше биі фестивалі

Мұнымен қоса, қалалық алаңда «International Street dance Session in Astana» халықаралық көше биі фестивалі ашылады. Қатысушылар 6 шілдеге дейін өнер көрсетеді.

«Елорда жүрегімде» концерттері көпшілік назарына ұсынылады

Әдеттегідей, мереке күндері қалалық саябақтар да белсенді жұмыс істейді. 6 шілдеде сағат 13.00-де және 7 шілдеде сағат 13.00-де және 20.30-да Студенттік, Жерұйық саябақтарында «Елорда жүрегімде» концерттері көпшілік назарына ұсынылады.

«Әзіл әлемі» әзіл-сықақ кеші

Сонымен қатар, 6 және 7 шілдеде елорда тұрғындары мен қонақтарын Nomad city hall сарайына «Әзіл әлемі» әзіл-сықақ кешіне шақырамыз.

«Spirit of Astana» халықаралық фестивалі

Шілденің 6-8 аралығында «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда «Spirit of Astana» халықаралық фестивалі өтеді. Үш күн бойы сахна төрінде 18 ұжым, яғни 120-дан аса музыкант өнер көрсетеді. Биыл фестивальге әлемнің 20 мемлекеті қатысады.

Бибігүл Төлегенованың Астанаға музыкалық тартуы

6 шілдеде «Астана» концерт залында КСРО халық артисі, Социалистік еңбек ері, академик Бибігүл Төлегенова Астанаға мерекелік музыкалық тарту жасайды. Аңызға айналған әншінің жеке концерті кешкі сағат 18.00-де басталады.

«Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда Гала-концерт өтеді

Астананың 20 жылдығы орайластырылған іс-шаралардың шарықтау шегінде «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда қазақстандық және шетелдік артистердің қатысуымен Гала-концерт өткізіледі. Бессағаттық музыкалық шоу ашық аспан астында өтеді және оны көрем деушілерге есік ашық. Қайрат Нұртас, Мәдина Сәдуақасова, Қарақат Әбілдина, Ардақ Балажанова, Қайрат Баекенов және «Формат» тобы және басқалары Астананы туған күнімен құттықтайды. Кеш хэдлайнерлері – қазіргі заманғы музыканың К-поп бағытының жарқын өкілдері Ninety One және оңтүстіккореялық Boyfriend топтары. Сондай-ақ, елорда тұрғындары мен қонақтары 1998 жылы Қазақстанның жаңа елордасын барша әлемге таныстыру рәсіміне қатысқан «На-На» тобының өнерін тамашалайды. Бұдан басқа, концерт көрермендері мерекелік отшашу тамашалайды. Биыл отшашу 6 шілде күні Бейбітшілік және келісім сарайы аумағында болады. Гала-концерт пен мерекелік отшашу «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде трансляцияланады. Басталуы сағат 20.00-де.

«Музыка энергиясы» концерті

7 шілде күні сағат 19.00-де қалалық алаңда италиялық «FORWARD» джаз квартеті өнер көрсетеді. Бір сағаттан кейін осы жерде «Музыка энергиясы»концерті өтеді. Аталмыш шара 8 шілде күні де осы уақытта осы жерде өтетін болады.

«FOTOfest.KZ» халықаралық фестивалі

Шілденің 10-ымен 30-ы аралығында «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда ІІ «FOTOfest.KZ» халықаралық фестивалі жұмыс істейді.

Оқ атудан Астана қаласының ашық чемпионаты

4-9 шілдеде «Алау» мұз айдыны сарайы аумағында оқ атудан Астана қаласының ашық чемпионаты өтеді.

Бәйгеден «Астана кубогы» жарысы

6 шілдеде сағат 14.00-де «Қазанат» атшабарында бәйгеден «Астана кубогы» жарысы ұйымдастырылады.
Әрі қарай

Астанада Жібек жолы бойындағы қала мэрлерінің I халықаралық форумы өтіп жатыр

Астана жаңалықтары: Астанада Жібек жолы бойындағы қала мэрлерінің I халықаралық форумы өтіп жатыр

2-3 шілде Тәуелсіздік сарайында I халықаралық «Global Silk Road» Жібек жолы бойындағы қалалар мэрлерінің форумы өтуде. Форумға қатысушылар «Белдеу мен жол» жобасында аймақтағы экономикалық байланыстың жаңа тетіктерін, осыған тартылған елдердің экономикалық дамуын, мәдени салада және басқа да бағыттарда ой алмасу, әлемге тұрақты дамуға сеп болу.

Іс-шараға әлемнің 60 елінен 3 мыңнан астам делегат тіркелген. Жібек жолы бойындағы қалалардың 73 басшысы, 30 саяси көшбасшы, 200-ден астам ірі сауда палаталары мен трансұлттық компаниялардың өкілдері, 150-ден астам шетелдік спикерлер мен модераторлар бар.

Шараның ерекше қонағы – гонконгтық «Hanson Robotics» компаниясы әзірлеген София есімді гиноид. Ол адамдармен қарым-қатынасқа бейім және түрлі халықаралық шараларда танымал қонақ. 2017 жылдың қазан айынан бастап София Сауд арабиясының азаматы және ол қандайда бір елдің азаматтығын алған алғашқы робот.

Форум аясындағы бір сессияның бірінде «Қазақстан-Қытай бизнес лидерлері 10+10 әріптестік форумында» Қазақстан даму банкінің төрағасы Болат Жәмишев Қазақстан мен қытайдағы үкімет бағдарламаларын жүзеге асыруда жеке бизнес рөлін атап өтті. «Қазақстан-қытай бағдарламасы шеңберінде 55 ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, оның едәуір бөлігіне жеке бизнес бастамашылық жасаған», — деп айтты Жәмишев.

Айта кету керек, форумға қатысушылар «ақылды қала» жаңа технология жүйесіне басым назарын аударған. «Astana Innovation» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев шетелдік әріптестеріне Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Смарт сити тұжырымдамасы туралы айтты. «Смарт Астана» концепциясы» 6 бағыт бойынша жүзеге асырылуда: «ақылды» басқару, «ақылды» экономика, «ақылды» көлік, «ақылды» қоршаған орта, «ақылды» қоғам, «ақылды» өмір салты. Тұжырымдама экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көгалдандыруды дамыту, қалдықтарды басқару, «ақылды аудандар» құрылысын салуды қамтиды», — деді Сартаев.

Сонымен қатар, Жібек жолы елдерінің өңірлік интеграциясы және бизнестің өзара іс-қимылының перспективаларын талқылауға арналған панельдік сессия жұмысы барысында, «GrottBjorn» қаржы ателье директоры Виктор Лебедев атап өткендей, ислам (МАИБ) халықаралық қауымдастық интеграторы болып табылады, ТМД елдерінің инновациялық ынтымақтастық форматындағы өзара тиімділікті қамтамасыз ететін алаң. «Қазірдің өзінде Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан банктері мен компаниялары биржалық сауданың тиімді тұстарын айтуда. Бұл елдерді мәдени-экономикалық байланыстар және этикалық принциптер біріктіреді», — деп атап өтті Виктор Лебедев.

Сонымен қатар, әлемге танымал қытай архитекторы Шу Юннің «Жібек жолының Алтын көпірі» архитектуралық кешенінің іргетасын қалау тарихи оқиға болмақ. Ескерткіштің ұзындығы 28 метр болмақ. Ол жаһандық қоғамдастықтың ортақ тағдыр, ортақ мүдделері мен ортақ жауапкершілігін құру туралы арманын бейнелейді.

Сондай-ақ, шара аясында мэрлер мен губернаторлардан құралған құрама мен әлемдік футбол ардагерлерінен жасақталған құрама арасында футболдан достық кездесу өтеді.

Форум қорытындысы бойынша Жібек жолы бойындағы елдердің қалалары мэрлерінің клубын, кәсіпкерлер, университеттер, журналистер, ақындар қауымдастығын, сондай-ақ, әйелдер мен жастар ұйымдарының платформасын құру жоспарлануда.
Әрі қарай