Батысқа еліктеу "трендке" айналуда

«Мейнстрим», «Хайп», «Жиза», «Лойс»…
Бұл не деп ойлап отырған шығарсыздар?!
Біле білсеңіздер, бұл қазіргі жастар қоғамында кеңінен таралған түсініктердің атауы. Сіз бен біздің балаларымызды, іні-қарындастарымызды, еліміздің ертеңін елеңдетіп жүрген «трендтегі» сөздер.
Тамыры тереңде жатқан тарихымызға бір сәт көз жүгіртіп қарасақ, кешегі хан-батырларымыздың ерлігі, тіпті бертін келе «Алаш» азаматтарының да аңсағаны еліміздің егемендігі еді. Ал енді, ел болып өз еліміз бен дініміздің тізгіні өз қолымызға берілген уақытта мәдениетіміздегі жабайы көріністердің себебі неде?
Осы сұрақтың жауабын іздеп көруге тырыссаңыз «ХХІ ғасыр», «Заман талабы», «Дамып жатырмыз» деген ақталушылық жауаптарды естисіз. Бірақ, бәрінің түпнегізінде «еліктеушіліктің» жатқаны бәрімізге мәлім.
Сан ғасырлар көлемінде қалыптасып, ақын-жазушылардың шығармаларынан оқитын мәдениетіміз, салт-дәстүріміз басқа халықтардан жоғары десек те, өресі күннен-күнге тарыла түсуде. Қоғамымыздың бір бөлігі қазақ тілін, мәдениетін ұрандатып жүрсе, енді бір бөлігі жат елдің мәдениетін жарыса кіргізіп жатыр. Батыс басын айналдырған жастар үшін қазақ мәдениеті ескінің қалдығы ретінде қабылданатыны жаныңды қынжылтады. Бірақ, бұл да тарихи оқиғалардың екпіні болу керек. Қазір де, бірнеше жыл бұрынғыдай, орыс не ағылшын тілінде сөйлеу мықтылыққа теңестіріліп, қоғамдағы беділіңді асырады. Біз де қалмайық деп шет тілдерге тілімізді сындырып жатамыз. Жо-жоқ, тіл білуді жаман демеймін. Керісінше. Тек, қазақ тілінің солардың көлеңкесінде қалып қоятынына қарным ашиды.
Жастардың арасында қарапайым қазақ баласына гөрі, орысша сөйлеп, жұлмаланған жыртық шалбар кигендердің беделі бір елі жоғары тұрады. Заманауи тілмен айтқанда, екіншісі «крутой». Артынан ергендер сол «крутойдың» орнына ұмтылып, шала-пұла орысшаларын шүлдірлетіп, қазақтың тілі мен мәдениетіне менсінбеушілікпен қарай бастайды. Ал туған тіліңе, дініңе, мәдениетіңе деген бұндай қарым-қатынастың нәтижесі неге алып келетіні жайлы айтып та қажеті жоқ шығар.
«Батыс, батыс» дегенге олардағының бәрі жаман деп ойлап қалмаңыздар. Керісінше, білім де, ғылым да, мәдениет те, даму да соларда. Мәселе, біздің «мәдениетін аламыз» деп, мәдениетсіздігіне ұмтылып жатқанымызда. Мұхтар Шаханов атамыз айтқандай: «Цивилизация каналына қосыламыз деп, канализация каналына қосылып кеттік.» Әйтпесе, бағандан бері сөз болған «Батыстан» үйренеріміз де көп. Бастысы, жақсы мен жаманын саралай білсек болғаны. Еліктеудің де естісі бар, есері бар…
Жоғарыда айтылған сөздер жастарға қатыста болса да, түзетудің төркінін жоғарыдан бастау керек. Қазақша екі сөздің басын дұрыс қоса алмайтын билік өкілдері мен «Эщкере» деп ән салған «мәдениет өкілдерін» дұрыс жолға сала алмай, керісінше қошеметке бөлеп отырсақ, жастардан не сұрай аламыз?!

Авторы: Советқан Гүлім
«Тұран» университеті «Журналистика» мамандығының 3 курс студенті

Мемлекеттік оркестрдің классикалық музыка кеші өтті

1 қазан — Халықаралық музыка күні. Бұл күні Мемлекеттік «Солистер академиясы» оркестрі «Солистер парады» сериясынан музыкалық қойылымдар ұсынды, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты. 


Кеш қонақтары түрлі аспаптарда ойналған виртуозды классикалық туындыларды сүйсіне тыңдап шықты. Оркестрдің құрамында халықаралық бағдарламалар мен мемлекеттік сыйлықтың иегерлері классикалық әуендерді бағалаушыларға өнерлерін паш етті. Музыканттар өздерінің шеберліктерін оркестр артисі ретінде ғана емес, өздіктерінен солист бола алатындарын да көрсете білді. Дирижерлік пультті маэстро Михаил Киргхофф басқарды.


Концерт 27-ші Мемлекеттік камералық оркестрінің ашылу маусымына орай өткізілді. Оркестрді Қазақстан халық әртісі Айман Мұсаходжаева басқарады. Шара «Қазақстан» орталық концерт залының сахнасында өтті.

Астана «Салауатты қала» ғаламдық қозғалысына кіруге ынталы

Бұл ортаға кіру ел астанасын қаланың инфрақұрылымын жақсарту бойынша үлкен жұмыстар жүргізуге міндеттейді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты қоғамдық денсаулық сақтау бармасына сілтеме жасап.  


1 мен 4 қазан аралығында Солтүстік Ирландияда ( Белфаст қаласы) «Салауатты қала» ғаламдық қозғалысының құрылғанына 30 жыл толуына байланысты халықаралық конференция өтіп жатыр. Бұл ауқымды шараға Париж, Мәскеу, Нью-Йорк, Стамбұл, Амстердам және басқа қалалардың мэрлері және саяси көшбасшылары қатысуда. Олардың қатарында Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы да бар.  


Шара барысында ведомство басшысы Қамалжан Надыров Астана қаласы да «Салауатты қала» қозғалысына қосылуға ниетті екендігін жеткізді. Бұл ортаға кіру ел астанасын қаланың инфрақұрылымын жақсарту бойынша үлкен жұмыстар жүргізуге міндеттейді. Ол жарақаттануды, жол-көлік оқиғаларын төмендету, тұрғындардың салауатты әдеттерін қалыптастыру, зиянды шығарындылардың деңгейін төмендету, ауыз судың сапасын жақсартуға, сондай-ақ «жасыл технологияларды» дамыту.  Бір сөзбен айтқанда қаланың инфрақұрылымын барынша жайлы, ыңғайлы және қауіпсіз жасау.


«Салауатты қала» жаһандық қозғалысы қалалық билік алдында денсаулық мәселелерін, әлеуметтік, экономикалық және саяси дамытуды күн тәртібі қатарына қояды. «Салауатты қала» қозғалысы осы 30 жыл аралығында 100 қаланы және 30 ұлттық ұйымды өз қатарына біріктіре алды.


Бүкіл әлемде «Салауатты қала» қозғалысына мың муниципалдық құрылымдар кіреді, осындай сан түрлі ұйымдар оны ерекше мықты етеді. Мұндай конференциялар 5 жылда бір рет өтеді және әлемнің түрлі қала өкілдеріне бір-бірімен пікір, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.


Халықаралық іс-шараның алғашқы күні қоғамдық денсаулық сақтау бармасының басшысы Қ. Надыров сөз сөйлеп, біздің қаламызды таныстырды.  


Бұл жолы Белфасте (Ирландия) өтіп жатқан іс-шараның 4 күндік бағдарлама аясында жаһандық тәжірибені тарату үшін кең мүмкіндіктер көздейді. Пікірталастарға саясаткерлер, қалалардың жоғары басшылығы және техникалық сарапшылар қатысты.


Көмір сатып алуға әлеуметтік көмек кімдерге беріледі

Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы қатты отынды сатып алуға әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын болған жағдайда басқа тұрғын үйі жоқ, жергiлiктi (пештік) жылытатын жеке тұрғын үйде тұратын, оның жеке меншік иесі (жалға алушысы) немесе жеке меншік иесінің отбасы мүшелері (жалға алушысы) болып табылатын жасы бойынша зейнеткерлерге, мүгедектерге және мүгедек балаларға жүргiзiледi, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Өтемақы жылыту маусымына 8 айлық есептiк көрсеткiш көлемінде жүргiзiледi ( 19 240 теңге).


Қатты отынды сатып алуға өтемақы алуға құқығы бар бiрнеше адам бiр жекеменшiк тұрғын үйде тұрған жағдайда, өтемақы тек қана бiреуiне берiледi.


Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші жылыту маусымы кезеңінде (15 қазаннан бастап 30 сәуірге дейін) Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына Достық көшесі, 13 «Нұрсая»-2 ЖК, телефон 55-68-22, 55-68-45, 55-68-34  мекенжайы бойынша өтінішке қоса төмендегi құжаттарды ұсынады:


1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;


2) мекенжай анықтамасы;


3) осы Қағидаға 3-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтер;


4) Жиынтық табысын есептеу қағидасына сәйкес адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер;


5) зейнеткерлiк куәлiгiнің көшірмесі – зейнеткерлер үшін, мүгедектiгi жөнiндегi анықтамасының көшірмесі – мүгедектер үшін;


6) Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң аумақтық органы берген жылжымайтын мүлiкке тiркелген құқығының болмауы (болуы) жөнiндегi анықтама.


7) банктік шот туралы мәлімет.


Құжаттардың түпнұсқалары және көшiрмелерi салыстыру үшін ұсынылады, одан кейін түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.


Айта кетейік, 2017 жылдың жылыту маусымы кезеңінде әлеуметтік көмекті 8573,3 теңге жалпы сомасында 422 өтініш беруші алды.


«Балалар жол-көлік оқиғасына қарсы» акциясы басталды

Акция 2-6 қазан аралығында өтеді, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.


Акцияның мақсаты – жолдарда болатын балалар жарақатына қоғамның назарын аудару, сондай-ақ балаларды жол қозғалысы ережесін сақтап жүруге үйрету.


Бүгін № 56 мектеп-лицейдің жас жол қозғалысы инспекторлары (ЖҚИ) Астана ІІД ЖПҚ қызметкерлерімен бірлесіп «Балалар жол-көлік оқиғасына қарсы» атты ерекше акция өткізді. 


«Балалар көбіне өтуге болмайтын жерлерден жолды кесіп өтеді. Таңертең мектепке асығып кетіп бара жатып, жан жағына да қарамайды. Сол себепті, кәмелет жасына толмаған жеткіншектердің қатысуымен болатын ЖКО жиі кездеседі. Осыған байланысты, біз «Жас инспекторлар қозғалысымен» бірге акция өткізуді ұйғардық. Бүгінде акцияға 7-ден астам мектеп қатысуда», — деді Астана ІІД ЖПҚ ювеналдық полиция бөлімінің инспекторы Айымгүл Валеева.


Шара барысында ЖИҚ отрядының оқушылары жадынамалар мен кітапшалар таратты, ол кітапшаларда көшеден қалай дұрыс өту керектігі, негізгі ЖЖЕ, ата-аналарға арналған жадынамалар қарапайым түсінікті тілде жазылған. Одан басқа, жас инспекторлар дыбыс ұлғайтқыш құрылғы арқылы жүргізушілерге арналған ЖЖЕ сақтау туралы ұрандарды дауыстап оқыды.


Айта кетейік, жыл басынан ҚР ӘжҚБ туралы заңының 593 бабын бұзған (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) 4000-нан астам құқық бұзушылық әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Астанада жыл сайын шамамен 15 мектеп салынуы тиіс

2017 жылы Астанаға аймақтардан шамамен 80 мың адам көшіп келген, оның 17 мыңы балалар. Бұл әлеуметтік жүйеге және мектепке қосымша жүктеме түсіріп отыр. Осы мәселені шешу үшін Астанаға жыл сайын шамамен 15 мектеп салынуы тиіс, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Бұл мәселені 2015-2017 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасының «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту» бағытын жүзеге асыру бойынша республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан бөлінген қаражатты мақсатты игеруге арналған «Нұр Отан» фракциясының жанындағы жиында талқылады.


Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың айтуынша, үш ауысымды мектептердің пайда болуы ол демографиялық және көші-қон мәселесіне байланысты.


«Қазақстандағы халық санының өсімі жыл сайын 230 мың адамды құрайды. Оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент және Алматы мен Түркістан облысындағы табиғи және көші-қон мәселесіне байланысты жыл сайын халық өсімі 40-50 мыңды құрауда. Сол себепті, әлеуметтік инфрақұрылым осы шараларға үлгермеуде. Өйткені, елімізде жыл сайын республикалық бюджет есебінен 10 мектеп салыну керек, ал Астанада 15 мектеп», — деді ол.


Осы жерде ол инвесторларды мектеп салуға ынталандыру керек деді.


Үшжылдық бюджет шеңберінде жеке секторға білім беру объектілерінің құрылысы бойынша, студенттік жатақхана құрылыс жобасына ұқсас өтемақы төлемдері көзделеді.


«Қазір барлық аймақта мектеп салуға қызығушылығы бар бизнесмендер бар, біз осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз», деді Б. Асылова.


Халық шеберлеріне құрмет көрсетілді

Өткен аптаның демалыс күндері ҚР Ұлттық музейінде республикалық Қазақстан қолөнершілерінің «Шебер-2018» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Астанада жыл сайын Шебер байқауы өтіп тұрады, мақсаты – Қазақстанда қолөнер индустриясын дамыту, ұмыт болған халық қолөнерін қайта жаңғырту. Осы жылы байқауға 76 өтініш беріліп, 100-ден аса жұмыс ұсынылды. 27 шебер финалға өтті. Қолөнер туындысының көп бөлігін еліміздің әр аймағындағы шеберлер жасаған.


«Республикалық байқауға қатысу шеберлердің шығармашылығы мен туындысын дамытып, дәстүрлі мотивтің қатарына және қалыптасқан техника бойынша заманауи шешім мен жаңа қадам жасауға алып келеді. Шеберлердің арқасында біз негізгі мақсатымызға қол жеткіздік, ежелгі қолөнер түрін заманауи түрде дамытып, Қазақстандағы халық көркем қолөнерін қайта жаңғырттық», — деді ҚР қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова. 


Байқауға келіп түскен жұмыстарды өнертанушылар, суретшілер, бизнес өкілдерінен құралған сарапшылар комиссиясы бағалады. Әділқазылар құрамының арасында Германиядан келген халықаралық зергер Мартин Демпф те бар. Шеберлерге 7 номинация бойынша марапаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ал ең басты марапат «Хас шебер – 2018» күміс медалін — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі, музыкалық аспаптар дайындау бойынша мектептің авторы Жолаушы Тұрдығұлов жеңіп алды. Ол оның 6-шы марапаты.


Сонымен қатар, басқа да жеңімпаздар Таиландта өтетін халықаралық World Ikat Textiles Symposium – 2018 фестиваліне қатысатын жолдама алды.


Астанада аулаларды абаттандыру жұмыстары жалғасуда

Қыркүйек айында А. Кравцов көшесі үйлердің аулаларында жаңа балалар алаңдары, спорттық тренажерлар орнатылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Жалпы бұрынғы Целинный шағын ауданында 5 аймақта көріктендірілу жүрді. Олар: А. Кравцова 3, 7, 7/1, Пушкина 1 және Пушкин 3/1 мекенжайында орналасқан үйлердің жанында. Балалар алаңы жасанды көгалдармен жабылған.

Айта кетейік, Астанада мыңнан астам аула ішілік аумақ бар. Осы жылы 400 аула абаттандырылды. Оның ішінде Алматы ауданында – 203, Байқоңыр ауданында – 73, Есіл ауданында -10, Сарыарқа ауданында — 100. Онда балалар алаңдары, тренажерлер, шағын сәулет нысандары пайда болды.

Астанада ерекше балаларға арналған алғашқы инклюзивті алаң ашылды


«Kunshyaq» инклюзивті платформасы әкімдіктің және «Ротари-клуб Астана» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен құрылды.


29 қыркүйекте астанада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын алаңы ашылды. Ол «Қазақстан» спорт кешені ғимаратының алдындағы алаңда орналасқан, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Жоба үшін арнайы 1382 шаршы метр алаң аумағы бөлінді. Алаңда 42 түрлі құрал-жабдық бар. Мұнда арба-орындығымен  бірге шыға алатын мүмкіндігі бар ойын кешендері, қауіпсіз әткеншектер, лайықталған құм-орындықтар, арнайы тактильді панельдер орнатылған.


Алаңның салтанатты ашылуына астана әкімдігінің өкілдері, «Ротари-клуб Астана» қоғамдық бірлестігінің президенті Ләззат Алшынова, АҚШ және Норвегия елшілігінің өкілі, «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының және ДЦП балаларды оңалтудағы мамандандырылған орталықтың  президенті Гүлмира Әбелдинова қатысты.


 «Астана қаласы әкімдігінің атынан осы алаңның ашылуына қатысқандардың барлығына алғысымды айтқым келеді. Алаң өте ыңғайлы және қала үшін өте қажет орын. Мұндай жобалар қалада әлі де көбейе түспек. Қалада тек қауіпсіздікті ғана қамтамасыз ететін емес, біздің барлық тұрғындар үшін де арнайы бағдарламалар бар. Бұл жоба көзге айтарлықтай түседі деп ойлаймын. Біздің балаларымызды әкімдік дайындап отырған тағы бір сыйлық күтіп тұрғанын хабарлай кеткім келеді», — Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.


Қазақстандағы зерттеулерге қарасақ, мүмкіндігі шектеулі балалар өзінің қатарластарынан медициналық көрсеткіш бойынша емес, әлеуметтік жағынан кенже қалып қойған, яғни белсенді түрде айналысу, қарым-қатынас және қозғалыс ойындары жоқ. Демек, инклюзивті ойын алаңын құру – ерекше күтімдегі балалардың игілігі үшін жасалған кезекті қадам.


«Кәдімгі алаңдарда арбаға таңылған балалар әткеншек пен сырғанақ ойындарын пайдалана алмайды. Ойнағысы келеді, бірақ мүмкіндігі шектеулі. Ал мұндағы әткеншекке арбасымен отырып, өздігінен тербеле алады. Барлығы тамаша жасалған. Барлық балалар үшін осындай жобалар ашылып, бүлдіршіндер әрдайым қуанып жүрсе екен. Себебі, ең бастысы – баланың бал күлкісі», — дейді ерекше баланың әжесі Дария Рахимова.


2 қазанда балабақшаға 300-ден аса жолдама беріледі

2 қазанда келесі мектепке дейінгі мекемелерде электронды жолдама беру басталады: № 95 «Almaty balabaqshasy» (Алматы к, 4) және№ 54 «Нұр-ай» (Қарқабат к, 15), деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Өз уақытында құжат тапсырған ата-аналар және орын алғандарға смс-хабарлама келеді. Балабақшаға берілетін жолдаманы анасы немесе әкесі ЭЦҚ-кілті арқылы E.ASTANA.KZ сайты арқылы алады.


Жолдама қазақ және орыс топтарына беріледі.


Айта кетейік, жоғарыда көрсетілген балабақшадағы орынды үш күннің ішінде (2, 3 және 4 қазанда) таңдауға болады. 5 қазан таңертеңнен бастап сұраныс болмаған орындар қолжетімді бос орындарға жүктеледі, яғни оны келесі кезектегілер алады.


Астаналық білім басқармасы астана тұрғындарына электронды кезекке қою туралы сұрақтар бойынша консультация күндері болатынын тағы да еске салады. Ол әр сәрсенбіде сағат 9-дан 18.00-ге дейін барлық мектепке дейінгі мекемелерде өтеді.


Толық ақпаратты мына телефондар арқылы алуға болады: 55-68-73, 55-68-83.


Айта кетейік, 2017 жылдан бастап 55 мың орын электронды жүйе арқылы берілді.