Қарағандыда дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерін даярлау және қайта даярлау курсы өтті

2018 жылдың 5 қазанында Қарағанды қаласында (Қазақстан Республикасы қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты аясында) «Парасат» кеңес беру-әдістемелік орталығы» мекемесі ұйымдастырған «Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерін даярлау және қайта даярлау жұмыстарын ұйымдастыру» гранты аясында ақпараттық-түсіндіру топтарының әр түрлі деңгейдегі мүшелерін оқыту курсы аяқталды.
Курсқа Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының ақпараттық-түсіндіру топтарының 100 мүшесі қатысты. Сертификаттар мен ҚР Қоғамдық даму министрлігі қоғамдық келісім комитетінің «Өңірлік дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі» деген арнайы куәлігін Қоғамдық келісім комитетінің басқарма басшысы М.Қарабаева табыстады. Барлығы 37 курс тыңдаушысы куәлік иегерлері атанды.
Арнайы куәлікті иелену талаптары:
өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамында 1 жылдан 3 жылға дейінгі жұмыс тәжірибесінің болуы;
жергілікті құзырлы мемлекеттік органның ұсынысы;
аттестациялық тестілеудің қорытындысы;
курс барысында тәжірибелік жұмыстарын тыңдармандар мен сарапшылардың бағалауы;
Келесі аймақтық курс 2018 жылдың 22-26 қазан аралығында Орал қаласында өткізілуі жоспарланған. Бұл курсқа Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері шақырылады.

Жыл басынан бері астаналық клиникаларға 62,1 млрд теңге төленді

Жыл басынан бері «ӘМСҚ» Астана қаласы бойынша филиалы медициналық мекемелерге тұрғындарға көрсеткен қызметтері үшін 62,1 млрд теңге төледі. Бұл сома кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде қызмет көрсету туралы жалпы құны 86,6 млрд теңгеге бекітілген келісімшарттар сомасының шамамен 72%-ін құрайды.


 Қазіргі таңда қалалық филиалдың медициналық қызметтерді жеткізушілер тізімінде 82 мекеме бар, олармен стационарлық көмек, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, консультативті-диагностикалық көмек, жедел жәрдем, жоғары технологиялық медициналық қызметтер және тағы басқа қызмет түрлері бойынша 115 келісім шарт бекітілген. Жеткізушілер тізіміндегі 46 медициналық ұйым — жекеменшік. Өткен жылмен салыстырғанда жекеменшік емханалардың саны тағы 10-ға артты. Ал үш жеке меншік медициналық ұйыммен келісімшарт бұзылды. Барлық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі. Астаналық жеткізушілердің толық тізімі Қордың fms.kz сайтында орналасқан.   


«ӘМСҚ» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Н.Кабдықапаровтың айтуынша, медициналық ұйымдарға ақы төлеу кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медициналық ұйымдардың операциялық шығындарын өтеуге, оның ішінде қызметкерлердің жалақысын төлеуге жеткілікті.


«Қор апта сайын стационарлық және стационаралмастырушы медициналық көмек көрсететін ұйымдардың қызметтерінің сапасына электронды басқару жүйесі арқылы мониторинг жүргізеді. Айта кетерлігі, мониторинг жүргізу халық арасында сұранысқа ие медициналық қызмет түрін анықтауға да мүмкіндік береді», — дейді Н. Қабдықапаров.  


Медициналық қызметтерді пайдаланушылар тарапынан жеткізушінің қызметіне немесе көрсетілген қызмет сапасына қатысты арыз түскен жағдайда, филиал қызметкерлері жоспардан тыс мониторинг өткізеді.


Естеріңізге сала кетсек, медициналық сақтандыру Қоры тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері және үкімет белгілеген шеңберде тұрғындар үшін қызметтерді сатып алушы қаржы операторы болып табылады.


 


Биыл Астанаға 600 млрд инвестиция тартылды

Осы жылдың 8 айы ішінде инвестиция көлемі 598 млрд теңгені құрады, оның ішінде 158 млрд шетелдік инвестиция. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда үш есеге көп, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сондай-ақ ішкі инвестицияның да үлесі 10,2-ден 26,5 % дейін өсті. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 1 трлн теңге тарту жоспарланып отыр.

«Өткен жылы инвестиция көлемі рекордтық көрсеткішке жетті, яғни 957 млрд теңге. Оның 200 млрд теңгесі – шетелдік инвестиция. Бұл 2016 жылға қарағанда үш-төрт есеге көп көрсеткіш», — деді бюджет, экономика, өнеркәсіп пен кәсіпкерлік мәселесі бойынша Астана қалалық мәслихатының комиссиялық отырысында қалалық инвестиция және кәсіпкерлікті қолдау басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина.

Ал мәслихат депутаты Гайдар Касенов заманауи технология саласындағы жобаларды, өндірістік секторларда қызмет көрсету саласы мен сауда қатарларын дамыту қажеттігін айтып өтті.

"Ай мен Айша". Қыз бала шашын неге жерге тастамау керек?

Шерхан Мұртазаның шоқтығы биік туындыларының бірі — «Ай мен Айша» романы. Шығармадағы ананың кешкен күнінен сол заманғы қасіретті, қиындықты, әділетсіздікті көресіз. Көре отыра бір-бірін көре алмайтын аз-ақ қана қазақтың осы бір керітартпа қасиетіне нағлет айтасыз. Сол заманғы тұрмысты Айшаның күнделікті күйбелең тірлігі арқылы-ақ оқырманға жеткізе білген Шерхан Мұртазаның шерлі шығармасын оқымасаңыз, атаулы кітапты табуға асығыңыз. Тіпті болмаса, елден қалмай электронды нұсқадағы кітапты ақтарыңыз. Аймен сырласқан Айшаның өмірін көз алдыңызға елестете отыра, осы мақаланы бейбіт заманда оқып отырғаныңызға шүкіршілік айтарыңызға сенімдіміз. Осы бір шығарманың іші қызықты-қызықты қысқаша қазақ дәстүріне, тарихына, ырым-салттарына негізделген оқиғалармен толыққан. Айшаның толқындай қолаң шаштарының өзі осы туындының 4 бетін өзіне арнатыпты. Осы жолдардың қысқаша мазмұнын назарларыңызға ұсынамыз.

Мұртаза қайтыс болғаннан кейінгі Айша өзгелер үшін өн бойын өрнектемейтін болды. Жарының көзі тірісінде Әйнек әжей Айшаның шашын тарасып, бұрымын өріп, шолпысын тағып беретін. Соңғы жылдары Әжей де қартайыңқырап, Айшаның шашын бес күн тарап, он күн өретін заманға сағынышпен қарайтын болды. Жалғыз басты әйелге күнделікті күйбің тіршілік айна алдында сыланып отыруға мүмкіндік бермейді. Қораздың айқайынан оянып жаңа күнге, ескі қара жұмысқа кеткеннен кеш жарымда бірақ оралатын Айша ұзын қалың қара шашына қараудан қалды. Тілерсекке түскен қос бұрымға қызылшада жүріп тікен жабысып кейде тіпті киіздей болып сіресіп қалады. Бір күні жұмыстан ерте оралған Айша қара шашын жумаққа қамданып қара қазанға су ысытты. Үш баласы үш жақтан жабылып жүріп аналарының қолаң шашын тарқатып, бірі су құйып, бірі су жылытып, бірі жер сүйреген қара шашты ұстасып Айшаның қияметті жұмысын жұмыла бітірді. Мүйіз тұмсық тарақпен қалың шашты тарау да қиын жұмыс. Бір бұрымын Айша, екінші бұрымын қызы Құрмаш екі жақтап тарап жатып, қалың шашқа шыдас бермей мүйіз тарақтың тістері де бырт-бырт сынап жатыр. «Құдай маған осынша шаш бергенше, бармақтай бақ берсеші» деп өткен өкініштерін еске алып тараққа оралған өлі шашты шүйкелеп орап жатыр. Алақанда айналдырып, жерде бір шаш қалдырмай дөңгелеткен Айша бір уақытта босағаның маңына жарты сапты пышақпен шұқыр қазып, түйенің құмалағындай көлемді өзінің өлі шашын жерге көмді. Анасының бұл қылығын түсінбеген балалар, бұның сырын білмекке сұрақ қойды. Ал, Айшаның жауабы мынау:
— Менің сендерден де басқа балаларым бар ғой. Үшеуі де нәресте кетті. Құттыбай, Елтай, Сәткүлді айтам. Әйел баласы шашын беталды тастамас болар. Тарақтан түскен шаш әлдеқалай отқа күйсе, о дүниеде балалары шырылдайды дейді. Анасының шашының отқа күйген иісін танып қояды екен де: «Анамыз тозақ отына түсіп кетті-ау!» деп шыр айналып шырылдайды екен. Тозақ отына анасын құтқарып алмақ болып, өздері де сол тамұқ өртіне түсіп кете жаздайды екен. Қыз баласы шашты тараған сайын аяқ астында қалдырудан сақтанғаны дұрыс. Өлі шашты жинап алғаннан кейін, шашыңыздың өртенуінен барынша сақтанған дұрыс. Айшаның заманындағы нанымды бүгінгі тұрмыс еріксіз бұрмалары анық. Десек те, барынша шашты аяқ астында қалудан сақтаған дұрыс болар.

massaget.kz/layfstayl/debiet/proza/50329/
Massaget.kz сайтынан

Үш тұғырлы тіл XXI ғасыр талабы



Қазақ тілі үш тұғырлы тілдің
біреуі болып қалмайды.
Үш тілдің біріншісі, негізгісі,
маңыздысы бола береді.
(Н.Ә.Назарбаев)

Әрбір тіл өзінің халқы үшін – ұлы. Тіл-халықтың тарихы. Тіл- ұлттың дәстүрі. Тіл- әр перзентің махаббаты. Мен де сөзімнің басын тіліме деген махаббатымнан туған мына өлең жолдарыммен бастағым келіп отыр:

Туған тілім тарихымның бастауы
Туған тілім болашағым аспаны
Туған тілім таза болған жүрегім
Туған тілім мәдинетім тілегім.

Тілім менің ешқашанда өшпейді
Заман маған латынға көш дейді
Назарбаев атамыз үш тілмен
Алға қарай қадам басып өс дейді

Ана тілім абыройым тірегім
Аямаспын ештеңемді ар үшін
Үш тілдікті қолдағанмен жүрегім
Латынға жібермей тұр намысым

Ол таңбамен мен алғаш жазғанмын
Алғаш рет анамның айтқан арманын
Әке деп айтып қуантқан менің әкемді
Сол тілімді құртпаса екен арманым

Үш тілділік заманымның талабы
Латын деп заман қайда барады
Ренішті бұл ұрпақтың бір ойын
Қабылдаса жасаған сол амалы.

Қай кезде болмасын көп тілді меңгерген мемлекеттер алдыңғы қатарда болып көш бастап тұрған болатын. Мысалы, ежелгі Мысырда көп тілді еркін меңгерген мамандар иеархиялық сатымен жоғарлап, салық төлеуден босатылып отырған. Қазіргі Қазақстан саясаты секілді. Бәсекеге қабілеттісіңба, заман ағымымен жүр да, керегіңді ал. Қазіргі таңда алпауыт мемілекеттер көп тілді, әсіресе халқаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санап отыр. Осы орайда бәсекеге қабілетті ел болу мақсатында сол бағытқа көшіп отырған біздің мемлекетті асыра сөгудің осы орайда қажеттілігі жоқ. Себебі, үш тілді білу заман талабынан туып отырған қажеттілік.
Бүгінде ағылшын тілі бастауыш сыныптардан бастап оқытыла бастады. Бұл, өте дұрыс нәрсе. Себебі, бала жастайынан тілді базалық деңгейде білсе, болашақта кәсіби деңгейде үйреніп алуына мүмкіндік туады. Сонымен қатар, ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылғаны құптарлық дүние. Қазіргі кезде мектеп бағдарламасынан ағылшын тілін еркін меңгерген көптеген бітірушілер шет елдерде білімін дамытып, тәжірибесін молайтуда. Осы тұста түсініспеушілік орын алуда.Бала санасын жастайынан улау, немесе қазақ жастарының шет ел асып кетуі, ұлтын сатуы деген секілді.
Үш тілді білу дегенді ұлттық тілімізді өшіру деп түсініп жүргендер саясатты толық түсіне алмай жүргендер немесе қалған тілдерді меңгеруге ерініп жүргендер деп түсінсем қате пікір болмас. Себебі, сіздер айналаңыздағы адамдармен танысу, ортаңызды қалыптастыру арқылы, көзіңізді аша салып көрген ата-анаңызды ұмытып куетпейтініңіз секілді, қосымша тіл білуіңіз анаңыздың сүтімен берілген ана тіліңізді артқа ысырып тастай алмасы анық. Осы тұста барлық адамның қабылдауы бірди емес деп пікір білдіретіндерге айтарым барлық адам өз санасын өзі басқарады. Түсінгенге.
«Үш тұғырлы тілдің», шын мәнінде, мемлекеттік тілге мүлде зияны жоқ. Бұл жерде мәселе сол стратегияны, сол саясатты дұрыс жүргізуде, жарқын болашақта нәтижесінің оң болуын қамтамасыз етуде болып отыр. Мәселен, Орыс тілі мен ағылшын тілін оқытатын мұғалімдер міндетті түрде қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді өте жақсы білуі тиіс. Жоғары оқу орнында да ағылшын мен орыс тілін қазақ тілімен біріктіріліп ғана оқытылуы керек. «Үш тұғырлы тілді» тек мәдениетаралық қатынас негізінде қарап, ақпарат алмасу, білім үйрену, тәжірибе жинау үшін үйретіледі. «Үш тұғырлы тіл» саясатын дамыту үшін қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді мемлекет тарапынан ең бірінші орынға қойылып жатқаны да көзі ашық адамдарға шындық. Соңғы санақ бойынша, Қазақстан халқының 93,5 пайызы өз ұлтының тілін — ана тілі деп санайды. Ал, 74 пайызы қазақ тілінде ауызша сөйлей алады, түсінеді. Сонымен қатар 94,5 пайызы орыс тілді болса, 15,4 пайызы ағылшын тілін толық меңгергендер. Демек, 130-дан астам ұлт пен ұлысқа қызмет етіп отырған еліміздегі орыс тілінің қазығы әлі де мықты. Саны бойынша 3/2 құрайды, бұл бізді бір жағынан үлес салмағы жағынан құтқарып та отыр. Бұл статистикаға қарап, «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүргізудің нақты уақыты екенін, яғни темірді қызған кезінде басатын кез екенін атап өту керек. Егер, «Үш тұғырлы тіл» саясатын кейінге қалдырсақ, онда дамудан тоқтап қаламыз.
Кейде есіңе мектептегі ұстаздар сөзі еріксіз оралады. « Тіл білмесең даклада қаласың». Расыменде қазір орыс, ағылшын тілін білмесеңіз ана тіліңізді білгеніңіздің бес тиындық құны жоқ. Көрдіңіз бе, сіздің сауатсыздығыңыз ана тіліңіздің құнын түсірді. Өзге тілдің бәрін біліп тұрсаңыз, өз тіліңізді өзіңіздің қастерлегеніңізбен қоймай, өзгеге де қадірін арттырарыңыз анық.
Ұлым тіліңді жаман сөзден, көзіңді жамандық бағудан сақта. Ұлым, сөзіңді жүрегіңмен тербеп, содан соң айт, бұлай етсең баршаға сүйкімді боларсың. Ұлым, біреуден жаман сөз естісең, оны жүрегіңнің жеті қарыс түкпіріне тұт, оған жаман болар, саған жақсылыққа қайтар», — деп дана Хикар ұрпағына осы бір даналық сөзді жадымызда мәңгі ұстап өзге тілдерді еркін меңгере отырып, өз ана тілімізді сақтап, айтар сөзімізді өз орнымен пайдалана білейік!

"Жасыл елдіктер" Астанада 100-ден астам ағаш көшетін отырғызды

9 қазан күні «Жасыл ел» студенттік құрылыс және еңбек жасақтары Ш. Қалдаяқов көшесі бойындағы Президент саябағы аумағында «Қазпошта» АҚ қызметкерлерімен бірге ағаш көшеттерін отырғызу акциясын өткізді.

Акция «Қазпошта» АҚ 25 жылдық мерейтойы мен Астана қалалық «Жасыл ел» жобасының ХІV еңбек маусымының жабылуына орайластырылды. «Жасыл ел» сарбаздары пошта қызметкерлерімен бірге 100-ден астам ағаш көшеттерін отырғызды.

Биыл Астана қалалық «Жасыл ел» сарбаздары жыл басынан бері 350-дей ағаш отырғызып, қала аумағындағы жасыл желектерге өз үлестерін қосты. Қазан айының ортасында 2019 жылғы еңбек маусымының салтанатты жабылу рәсімі өтетін болады.

Астанада «Автобус» жедел-профилактикалық шарасы өтуде

9-нан 13 қазанға дейін Астанада «Автобус» жедел-профилактикалық шарасы өткізілуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Шараның мақсаты – қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын ЖКО алдын алу. Жергілікті полиция қызметкерлерінен, әкімшілік полиция қызметкерлерінен және «Астана LRT» ЖШС алдын ала жұмылдырылған 10 топ қоғамдық көліктегі жүргізушілердің жұмысын бақылайды.

ІІД қызметкерлерінің айтуынша, мұндай шаралар жол қозғалысы ережесін бұзудың алдын алу мақсатында тұрақты түрде өткізіліп тұрады және жолдардағы қоғамдық көліктердің жүргізушілерінің тәртібін қадағалайды.

2019 жылы Белградта Астана күндері өтеді

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов пен Белград мэрі Зоран Радойичич 2019 жылы Белградта Астана күндерін өткізуге келісті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Қос ел астаналарының басшылары екіжақты қарым-қатынасты кең көлемде дамытуда және бекітуге келісіп, Қазақстан және Сербия елдері астаналарының арасында комюникеге қол қойып, достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға келісті.


Бұдан бөлек, қала басшылары сауда-экономика саласын, гуманитарлық және ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытуға келісті. Сондай-ақ, сауда, инвестиция, инновация, туризм, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларында тәжірибе алмасуға келісті.


Астана мен Белград қаласының басшылары екі астананың атқарушы органдары арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру мақсатында бірлескен жұмыс тобын құру және оның тұрақты, тиімді қызметін қамтамасыз етуді шешті. 


Астаналық мектеп медбикелері шұғыл көмек көрсету мастер-класынан өтті

№ 9 қалалық емхананың базасында автоматты дефибрилляторды қолданып жүректің кенеттен тоқтауы кезінде алғашқы көмек көрсету бойынша 84 мектептің медициналық қызметкері үшін шеберлік-сыныбы өткізілді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Оқу кезінде және дене шынықтыру сабақтарында оқушылар кенеттен қайтыс болған бірнеше қайғылы оқиғалардан соң, Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қоғамдық орындарда алғашқы көмек көрсетудің халықаралық стандарттарына сәйкес, «Ақ Жүрек» қоғамдық қорының ұсынысымен әрбір мектептің медициналық пунктіне автоматты дефибриллятор орнатып жатыр.


«Жалпы мектеп медбикесі, мұғалім оқушы есінен танған және тыныс алуы тоқтаған сәттегі 2 минут ішінде келіп көмек көрсететін болса, жүректі қайта соқтыра алады және біз осыған жағдай жасауымыз керек», — деді «Ақ Жүрек» қоғамдық қорының директоры Руслан Масхутов.


Мастер-классқа қатысушылар зардап шегушіге алғашқы көмектің қаншалықты уақтылы және дұрыс көрсетілуін практикалық тұрғыда көрді.


«Жалпыға қолжетімді ZOLL AED Plus автоматты дефибрилляторының жанама жүрек массажының сапасын бақылау сездіргісінің көмегімен мектептің медициналық қызметкері, ұстаз немесе басқа да адамдар жүрегі тоқтап қалған зардап шегушінің тіршілік функцияларын медициналық қызметкерлер келгенге дейін үзбей сақтап тұра алады. Басты жауапкершілікті басқаға артпай шұғыл алғашқы көмекті өзі көрсетуі керек. Әр адам өзіне «Шұғыл жағдайда мен біреудің өмірін сақтап қала аламын ба?» деген сұрақты қоюы керек. Себебі, сіздің қолыңызда ол адамның өмірі», — деді Р. Масхутов.


Енді бізде «Қауіпсіз мектеп, қауіпсіз ЖОО» жобасының арқасында адамдарды құтқару мүмкіндігі бар, шараға қатысушылар дәрігерлер мен медбикелер осындай курстардан өтіп, қолдарында сертификат болуы керек деген ойға тоқтады, Ал ұстаздар мен оқушылар курстардан өтіп алғашқы көмекті өздері көрсете алулары керек.  


 


«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау басталды

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде Астана қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар тіркеуіндегі кезектілер үшін құжаттарды қабылдауды жариялайды.


Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 маусымдағы № 372 қаулысымен  «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілген. Осы бағдарлама шеңберінде халықтың барлық санаттарына арналған «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының тұрғын үйі  бағыты бойынша тұрғын үйлерді жүзеге асыру қарастырылған.


Астана қаласының әкімдігі мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы арасында Астана қаласында №№ 23-31, 23-16, 23-17, 23-30, А98 (жобалық атаулар) көшелері қиылысы ауданында көппәтерлі тұрғын үй кешенінде орналасқан 4-ші класты жайлылықты, тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 120 теңге болатын 21 пәтерді сату бойынша 2016 жылғы 26 шілдеде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған. Оның ішінде:


3 – 39,4-тен – 42,48-ге дейін ш.м бір бөлмелі пәтер;


15 – 57,59-дан – 58,43-ке дейін ш.м екі бөлмелі пәтер;


3 – 76,97-ден – 78,06-ға дейін ш.м үш бөлмелі пәтер.


Тұрғын үй өз қаражаты немесе тұрғын үй құрылыс жинағынан, несие есебінен тікелей сатып алу арқылы жеке меншікке беріледі. Төлем қабілеттігі расталмаған жағдайда тұрғын үй 8 жылдан аспайтын мерзімге сатып алумен жалға беріледі.


«ҚТҚЖБ» АҚ тұрғын үй» бағыты бойынша бағдарлама шарттарына сәйкес, Астана қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар (кезектегілер) мына санаттар бойынша қатыса алады: жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне және қатысушыларына теңестірілген тұлғалар, жасына қарай зейнеткерлер, оралмандар, толық емес отбасылар, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері.


Құжаттарды қабылдау өтініш берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасын қолданумен, e.astana.kz веб-порталы арқылы ғана жүзеге асырылады, «ҚТҚЖБ» АҚ тұрғын үй»  жүйесінде — 2018 жылғы 10 — 12 қазан аралықтарында (қоса алғанда). Порталдың жұмыс істеу уақыты – тәулік бойы.


Тұрғын үйді алуға үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар:


    1) Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе оралман мәртебесінің болуы;


    2) өтініш берген күнге соңғы екі және одан да көп жыл Астана қаласында тұрақты тіркеуде болуы;


    3) Бағдарламаға қатысушының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің (жұбайының, кәмелеттік жасқа толмаған балаларының), сондай-ақ отбасы құрамына кіретін және өтініште көрсетілген отбасының өзге де мүшелерінің:


    әрбір отбасы мүшесіне пайдалы алаңы 15 шаршы метрден кем болатын жатақханадағы бөлменің болуы;


    осы тұрғын үйдің орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы органның тиісті анықтамасымен расталатын құлау (қирау) қаупі бар авариялық жағдайдағы балшықтан құйылған және қаңқалы-қамысты тұрғын үйлерді қоспағанда Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында (ортақ бірлескен меншігі, осы тармақшада көрсетілген тұрғын үй бірлігі ретінде өзге отбасы мүшелерімен ортақ бірлескен (үлестік) меншігін құрайтын үлестік меншіктегі үлесі);


    4) Бағдарламаға қатысуменен және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің (жұбайының, кәмелетке толмаған балаларының), сондай-ақ отбасы құрамына кіретін және өтініште көрсетілген отбасының басқа мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 5 (бес) жыл ішінде тұрғын үйді ауыстыру немесе өзіне меншік құқығында тиесілі тұрғын үйді иеліктен шығару арқылы тұрғын үй жағдайларын әдейі нашарлатуы фактілерінің болмауы;


    5) сатып алу құқығымен және сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үйді іске асыру шарттары бойынша тиісті кірістерімен міндеттемелерді орындау мүмкіндігін растау (төлем қабілеттілігін бағалау).


Бағдарлама шеңберінде құжаттарды қабылдау мерзімі ішінде өтініш тек бір рет берілуі мүмкін.


Өтініш коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған кезектегі адамдар беруі тиіс.


Егер, өтініш беруші кезектегілер тізімінде болмаса, өтініш жойылады. Өтінішті портал арқылы толтырмас бұрын, өтінішті беру нұсқаулығымен танысу қажет.


Тұрғын үйлерді алуға үміткерлер мынадай құжаттарды ұсынуы қажет:


    1) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;


    2) өтініш берушіні және онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерін тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мекенжай анықтамасы;


    3) неке қию/некені бұзу, жұбайының/зайыбының қайтыс болуы, балалардың туу туралы куәліктері, өтініш берушінің некеде тұрмайтындығы туралы нотариат куәландырған өтініш;


    4) өтініш берушінің және онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша меншік құқығындағы үйінің немесе сатып алумен жалдамалы тұрғын үйінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама;


    5) жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және оның техникалық сипаттамалары (балшықтан құйылған және қаңқалы-қамысты тұрғын үйдегі, жатақханадағы бөлмеде үлесі болған кезде) туралы анықтама, сондай-ақ аталған жағдайларда меншік құқығының туындауын растайтын құжаттар;


    6) өтініш берушінің басқа адамдарын отбасы мүшелері ретінде тану туралы сот шешімі;


    7) жалақы туралы анықтама;


    8) жұмыс орнынан анықтама;


    9) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 67-бабында айқындалған санаттарға өтініш берушінің қатысын растайтын құжаттар.


Қажет болған жағдайда, азаматтар «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерімен қосымша құжаттар ұсыну немесе өтініш иесімен берілген мәліметтерді анықтау үшін шақырылуы мүмкін. Отбасы құрамы (отбасы мүшелерінің саны) талап етілген пәтердің алаңына әсер етпейді, үміткерлер өз қалауы бойынша пәтер түрін көрсетеді.


Өтініш берушілер арасында алдын ала іріктеу Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Тұрғын үй комиссиясымен (бұдан әрі – Комиссия) «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйге мұқтаждыларды есепке қою тізімдеріне және сол кезекке тұрған күніне сәйкес жүргізіледі.


Өтініш берушілердің төлем қабілеттіліктеріне іріктелген бағалау жүргізгеннен кейін Комиссия Астана қаласы әкімдігінің интернет- ресурстарында жарияланатын бағдарлама қатысушылардың түпкілікті тізімін бекітеді.


Бағдарлама шеңберінде бағдарламаның барлық бағыттары және Қазақстан Республикасының барлық өңірлері бойынша 1 бірліктен аспайтын тұрғын үйді жеке меншікке сатып алуға немесе сатып алу мүмкіндігімен жалға беруге болады.


e.astana.kz веб-порталы арқылы өтініш беру кезінде толығырақ ақпарат алу немесе техникалық ақаулар болаған жағдайда, Астана қаласы әкімдігінің iKomek бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді.