Мұқтаж жандар көмек көрсету туралы өтінімді онлайн бере алады

Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы қолдауға және көмекке мұқтаж астаналықтардың тізімін қалыптастырды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Енді қаладағы көмекке мұқтаж кез келген жан көмек көрсету туралы онлайн өтініш жасай алады. Қазір «Жақыныңа көмектес» бағыты бойынша әлеуметтік мәселе бар. Кәсіпкерлер өтінішке жауап қата алады. Сайтта көмек сұрап өтініш қалдырған жандарға кәсіпкерлер немесе көмек берем деген ниетті жандар тарапынан қайта хабарласуға арналған тетік бар. Тізім ашық болады, көмектесуге ниетті кәсіпкер қол жеткізу үшін.

«Қазіргі күні кәсіпкерлердің міндеті тек жұмыс орындарын құрумен және пайда табумен шектелмейді. Өз ісінде белгілі бір жетістіктерге жеткен соң бизнесмен басқа да мақсаттар қояды. Бизнес ашық болған сайын оның қаладағы әлеуметтік өмірге қатысуы маңызды», деді Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының ди⁠ректоры Ален Түлкібаев әкімдікте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне арналған жиында.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда қалада мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 7 млрд теңге сомасына балабақшалар салу бағытында 6 шарт жасалған. «Ақылды жарықтандыру құру және пайдалану» жобасы бойынша 3 млрд теңге сомаға конкурс жарияланған, сонымен қатар «амбулаториялық-емханалық көмек беруге арналған Отбасы орталығын құру бағытында» 46 млн теңгенің жобасы. Сонымен қатар, ол осы жазда Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы базасында бейімдеу және оқыту, жаңа қызметкерлерді оқыту, кадрлар ағымын төмендету және кадр әлеуетін дамыту бағытында тәлімгерлік мектебі ашылған. «Тәлімгерлерге өздері жақсы білетін саланың қыр-сырын өзгеге үйрете білу керек. Қазір қоғамдық тамақтану және құрылыс салалары бойынша 47 тәлімгер оқудан өткен. Жылдың соңына дейін өндіріс саласы бойынша 100-ден астам тәлімгерді оқыту жоспарланып отыр», деді ол.

Ол бизнеске моральдық қолдау білдіру арқылы мотивация беру жағын да айтты. «Парыз» байқауының талаптарын жаңалауды ұсынды, мысалы мынадай көрсеткіштермен халықаралық стандарт, ол кейіннен кәсіпорындардың әлемдік тауар нарықтарына шығуына жәрдемдесетініне сенімді және әлеуметтік мәселерді шешуге көмектескен кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында «Ең үздік әлеуметтік кәсіпкер» аталымын қосу. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, қайырымдылық қызмет процесінде олар құрған әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне жеке кәсіпкерлер есімін беру ұсынылды.

Елорда ұстаздарына латын әліпбиінің емле ережесін түсіндіруге арналған семинар-тренинг өтті

Семинар-тренингті Тілдерді дамыту және архив ісі, Білім басқармалары және Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірлесіп өткізуде, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» іске асыру мақсатында Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі, Білім басқармалары және Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірлесіп, «Латыннегізді әліпби және емле ережесі» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Семинар-тренингке Астана қаласының мектептерінен бастауыш сынып мұғалімдері қатысты.

Аталған іс-шарада жаңа емле ережесінің жобасы таныстырылып, кейбір дыбыстарға, шет тілінен енген сөздердің жазылуына қатысты пікірлер тыңдалып, сауалнама, сондай-ақ диктант жазу арқылы латын графикасын жазуда кездесетін кедергілерді анықтау жұмыстары жүргізілді.

«Латын әліпбиіне көшу «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы және сол бағдарлама аясында өткізіліп отыр. Қазір латын ғарпінің емле ережесінің жобасын дайындаған Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жоба үлгісін талқылауға салып жатыр. Осы мақсатта жалпы Астана қаласында медицина, білім салаларында және жалпы халықтық талдау үшін латын әліпбиі бойынша түсіндірме жұмыстары, ережесін талдауда үлкен жұмыстар жүріп жатыр», — деді Астана қаласы Тілдерді дамыту жəне архив ісі басқармасының тілдерді дамыту, талдау жəне ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрзила Қасқатаева.

Осындай семинар-тренинг 19 қазан күні мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар аудармашыларының қатысуымен өтеді. Негізінен халық арасында латын әліпбиінің емле ережесін түсіндіру жұмысын басқарма 10-шы қазан мен 19 қазан аралығында ақпараттық күндер жоспар негізінде атқаруда. Тіл мамандары баспа мамандарымен, газет, журнал корректорларымен кездесу өткізуді де жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар болашақта да жалғаса бермек.

Ел ертеңін бірге қамтамасыз етейік!

Күніне неше адам түрлі қылмыс жасайды? Жұмыс беруші сіздің танысыңызға жалақысын бермей қойды ма? Жас бала неліктен толық жұмыс уақытын өтеуі тиіс? Қылмысты кім және не үшін жасайды? Біз тәртіпті қалай орнатамыз? Осы сұрақтар күнделікті сіз бен біздің мазамызды алады. Уақыт өткен сайын адамдардың ақыл-ойы санасы дамып келеді. Шығыстың ұлы ойшылы, әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби «тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы» деген болатын, демек тәрбие мен тәртіп болмаған жерде шектен тыс ақылдылық қоғамға қауіп тудырады. Заман мен ғалам қатар дамыған сайын, қылмыс түрлері де, оны жасаушылар да көбейді.Олай болса қылмыс деп нені атаймыз?!
Қылмыс — қылмыстық кодекс бойынша жазалау мүмкіндігімен тыйым салынынған, қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік. Қылмыс — бұл құқық бұзылушылықтың бір түрі. Ал мұндай қауіпті істі конституциялық тұрғыда әшкерелеумен әрі жазалаумен әрбір адам айналыса бермейді. Оны тек заң саласында қызмет ететін азаматтар ғана біледі және содан туындайтын мәселелерді шешеді. Егер сіздің ойыңызда отанға деген борышты өтеу үшін заң жолымен тәртіп орнату көзделсе, бірінші дұрыс «иммунитеті» мықты жерден білім алған дұрыс. Бұл атқа меніңше, еліміздегі ұлттық оқу орындары рейтингісінде көш бастап тұрған әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әбден лайық.
1955 жылы Алматы заң институтының негізінде Қазақстанда ең алғашқы заңгерлер дайындайтын мемлекеттік жоғары оқу ордасында заң факультеті құрылды. Ол қазіргі заманға сай әдістерді қолданып, жоғарғы деңгейдегі заң мамандарын даярлады. Заң факультеті өзінің 63 жылдық тарихында 35 мыңға жуық құқық саласындағы маманды, яғни сот, прокуратура, ішкі істер органдары мен мемлекеттік қауіпсіздіктің жоғары білікті жауапты қызметкерлерін, нотариустарды, адвокаттарды, заңгерлерді дайындап шығарды. Факультетте ҚР ҰҒА академигі, з.ғ.д., профессор С.С. Сартаев; з.ғ.д., профессор Д.Л. Байдельдинов, з.ғ.д., профессор А.Н. Ағыбаев, отызға жуық доктор мен профессорлар, 80-тен астам ғылым кандидаты мен доценттер, 12 PhD докторы, оқытушылар жұмыс жасайды. Сонымен қатар ҚР Парламентінен, ҚР Конституциялық Кеңесінен, ҚР Жоғарғы Сотынан, ҚР Президенті Әкімшілігінен, ҚР Бас Прокуратурасынан, ҚР Үкіметінен және құқық қорғау органдарынан жоғары кәсіби тәжірибелі мамандар ашық дәріс сабақтарын өткізіп тұрады. Білімді тек кітаптан емес, практик мамандардан қатар алатын заң факульететінің студенттері қай кезде болмасын сұранысқа ие болды. Ірілі ұсақты компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар үшін заңгер маманы аса маңызды, сол себепті де дарынды маман иесі ешқашан есік аузында қалмас.
Заң факультеті нарықтық экономика жағдайында демократиялық құқықтық мемлекетті қалыптастыруға қабілетті, жоғары білікті кадрларды дайындау бойынша жалпыға бірдей тапсырмалар енгізілді.

Астана климат жөніндегі Париж келісімінің міндеттерін орындауға кірісті

Елорда Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы жүзеге асыру, сонымен қатар атмосфераға парник газының шығарындылар көлемін төмендету бойынша жол картасын бекітті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Климат жөніндегі Париж келісімінің міндеттерін орындау мақсатында Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы Қазақстандағы экологиялық ұйымдар ассоциациясы, Азиялық даму банкі, Қайта жөндеу және даму Еуропалық банкі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасымен бірге «2030 жылға дейін Астана қаласының төменкөміртекті даму стратегиясын» әзірлеу басталды.

«2030 жылға дейін Астана қаласының төменкөміртекті даму стратегиясын әзірлеу бойынша» жол картасы бекітілді, ол бес бөлімнен және 21 іс-шарадан тұрады. Аталмыш стратегияны әзірлеу үшін 13 адамнан құралған сараптау тобы құрылды.

Бүгінгі таңда сараптау тобымен елорданың қазіргі экологиялық жай-күйі бағаланды, Астана қаласын дамыту бойынша стратегиялық құжаттар талданды және Астана қаласының жанар-жағармай энергетикалық және көлік саласындағы энергоресурсты тұтыну бойынша техникалық ақпарат базасын жинау жүргізілді.

ЕРКЕК-БАС,ӘЙЕЛ МОЙЫН

Әйел затының жалпы қыз-келіншектердің өмірде алар орны ерекше. Қазақта қыз балаға қатты мән берген.Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма-деген сияқты сөздерді қыз баласының құлағына құйып, мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеген. Барған жерде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Сондай-ақ қыз баласы үлкен өмірге қадам басып, отбасын құрып, ана атанған сәттен бастап, өзінің тәрбиесін балаларына көрсетеді.
"Әйелдің қырық жаны бар" демекші әйел заты бір қолмен бесік тербетсе, екінші қолмен әлемді тербететін жаратылыс иесі. Әйел адам өте нәзік жанды келеді. Сол нәзіктігімен, еркелігімен, сабырлығымен, батылдығымен қоса ол барлық ауыртпашылықты, қиыншылықты жеңіп шыға алады. Ер адамға қарағанда қаншалықты, көп сөйлесе соншалықты уайымшыл келеді. Біздің халқымызда "Қыз" деген сөздің өзі әдеміліктің, әдептіліктің, сұлулықтың символы ретінде қолданылады.
Сондықтан да бұл нәзік жандылардың қоғамдағы ерекше орны бар, отбасының бір бөлшегі, алтын қазығы екендігін нақты айта аламын. Ақылды, инаббаты, шынайы, қарапайым қыздарымыз көбейсе ұлттың болашағы да жарқын. Өзінің қоғамдағы орнын жоғалтпай, ата-бабаларымыздың көрсеткен сый-құрметін сақтап, өскелең ұрпаққа үлгі болса, ертеңгі қазақтың дана анасына айналары сөзсіз.

«ҚТҚЖБ» АҚ тұрғын үйі» және «ҚИК» ИҰ» АҚ тұрғын үйі» бағыттары бойынша Бағдарламасына қатысушылардың келіп түскен өтініштер тізімі

Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық ұйымы» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының тұрғын үйі бағыты арқылы пәтер алуға өтініш білдірген азаматтардың тізімін жариялады.

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі 2018 жылғы 31 шілдедегі № 540 бұйрығымен бекітілген «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде жеке құрылыс салушылар салған және (немесе) олардан сатып алынған тұрғын үйлерді іске асыру қағидаларына сәйкес халықтың барлық санаттары үшін Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы «Қазақстандық Ипотекалық Компания» Ипотекалық ұйымы» АҚ және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы арқылы сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй алу бағдарламасына қатысушылардан түскен өтініштер тізімін жариялайды.

Халықтың барлық санаттарына арналған «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ тұрғын үйі» бағыты бойынша Бағдарламасына қатысушылардың келіп түскен өтініштерінің тізімі

«Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ тұрғын үйі» бағыты бойынша Бағдарламасына қатысушылардың келіп түскен өтініштерінің тізімі


Үйден мектепке дейіңгі жол... (немесе бала махаббатқа саяхат)

Әдеттегідей ерте тұрдым. Анамның дайындап қойған шәйін ішіп отырмын. Екі көзім сағатта. Келісілген уақыт 8:10. Сағат тілі 8:05 соққанда менің жүрегім сағат тіліне ілесе бірге дүрсілдей соғатын. Күнделікті әдетім бойынша ағаммен бірге мектепке қарай аяңдадым.

Ол тұратын бұрылысқа да жақындадық. Иә, қара торы, бойы ұзын, үстінде өзіне арналып тігілгендей әдемі, өңіне одан ары әр беретін қара кастюм шалбары бар, қолына мен оқымыстымын дегендей менмұндалап тұратын қоңыр партфельін ұстаған менің махаббатым күтіп тұр.

Сол бұрылысқа дейін ағасының мазасын алып ойнап келетін ерке тотай, ақымақ қыз бұл жолда мүлдем басқа. Биязы мінез, сабырлы келбет, әдемі күлкі жайғана қарапайым қыз бейнесі іске қосылады дерсіз. Алыстан нұрлы жүзіне ұрлана қарап мені көзіңнің жанарымен баурамашы дегендей ағамның артына тығыла қасына жақындайтынмын. Ең өкініштісі не екенін білесізбе, менің махаббатым ағамның жақын досы және сыныптасы болғаны. Ағаммен амандасып болғаннан кейін қызараңдай маған қарап, демін ішіне тартып, даусын баяу шығарып «Сәлем» дейтін. Сол сөзінің өзі менің бір күндік азығым десем асыра сілтеуім емес болар. Менің ағам әкеме тартқан мінезі тік, артық қимылы жоқ қабағына қарап қалауыңды ұмыттыратын жан еді. Менің достарының қасында жүргенімді қаламайтындықтан ба, әлде әңгімемізді естіп қояды дегендіктен бе белгісіз « Алдыға түсіп кете бер, артыңнан барам »,- дейтін. Махаббатты жасыру қандай қиын десеңізші өзім қаламасам да, қимасам да, жанынан ажырағым келмесе де алдыларына түсіп мектепке қарай аяңдай басатынмын.

Артыма бұрылып қарайын десем жанары мен жанарым түйісіп қалама деп уайымдайтынмын. Сол уайым ойымнан шықпай, артымнан қадала қарап келе жатқан махаббатымның қарасы маған алыстан сезілетін. Алақаным терлеп ішімнің жыбырлағанын бұлай қойғанда басымда сан түрлі ойлар өз ара арпалысып жататын. Не ойлап келе жатыр екен, менің қарағанымды күтіп келе жатырма екен, жотам дүңкиіп тұрған жоқпа екен, жүрісім дұрыс па екен, басымдағы бантигім түзу тұрма екен, ағаммен қандай тақырыпта әңгіме айтып келе жатыр екен деп бәрін ойлайтын едім.

Мектепке жете беріс тұстағы дөңнен менің жақын досым шығатын. Соны күткенсіп ақырын артыма бұрылып тұра қалатынмын. Ағам « кешігіп қалмай тез сабағыңа кір» ,-деп қасымнан өте шығатын. Артынан екі езуім екі құлағыма жетіп, істеген әр қимылын бағып, жүрген сайын бірге қозғалып бара жатқан толқын шаштарына қызыға қарап мен тұратынмын. Менен сәл алыстағаннан кейін бар батылдығын жиғандай артына жалт бұрылатын. Өзімді қоярға жер таппай кірпіктерімді тез-тез қағып жерге қадала қарап тұрып қалатынмын. Қос жанарын менен тайдырды ау дегенде артынан қайта қарап, неге менде қарамадым екен, неге жымиып күлмедім екен күткенім сол емеспе еді деп өзімді жегідей жеп тұрып қасыма дос қызымның келгенінде байқамай қалатынмын. Екеуміз амандасып мектепке беттеймін дегенше қоңырау да соғылатын. Менің махаббатым болса ол кезде мектепке кіріп кеткен де екен.

Тіл экологиясы

Кез келген тілдің лексикасы әдеби және бейәдеби болып екіге бөлінеді. Осы бейәдеби тілге жастардың жаргондары мен сленгтерін жатқызуға болады. Жаргон сөздер – белгілі бір әлеуметтік немесе қызығушылығы ортақ топтардың басқаларға түсініксіз құпия түрде сөйлесуі. Сленг деп белгілі бір ортада қолданылатын, қалыпты тілден ауытқыған, мысқылды сөздерді атайды [1, С. 220]. Бүгінгі жастар сленгтер мен жаргондарды әр түрлі себептерге байланысты қолданады:
• әсер қалдыру үшін,
• елден ерекше болу,
• өзгелер түсінбеу үшін,
• белгілі бір әлеуметтік топқа жататынын көрсету үшін,
• әзіл ретінде де қолданады.
Осы аталған бағаналардың Тұрсынбек əзілдерінен бірінші жəне бесінші бағандарын кездестіруге болады. Мысалы: «Қазір бəрінің жоғарыда крышалары бар, бір званокпен шешіп отыр ғой бəрін» (Т. Қабатов)
Мұндағы «крышасы бар» сөзі «қолдау көрсететін ағасы бар» деген сөз мағынасында қолданылып тұр. Əзіл көпшілікке түсінікті, қабылдауға жеңіл, жету жылдамдығы жоғары болғандықтан осы сынды жастарға кеңінен түсінікті сөздер қолданылады. Ондай сөздер қазіргі таңда өлең сөздерінде, əзілдерде, əлеуметтік желідегі бейнежазбаларда кеңінен қолданылып жүр.
Егер осы сөйлемді əдеби нормаға сай жазатын болсақ: «Қазіргі таңда барлығының билік басында отырған қолдау көрсететін ағасы бар. Бір телефон қоңырауымен мəселелерін шеше алады» деген сөздері өзгертілгенімен, түпкі мағынасы сол қалпында қалған толық мағыналы сөйлем шығады. Егер осы нұсқасын қолданатын болса, онда əзіл емес, саяси үгіттеуге көбірек ұқсап кетер еді.
Келесі үзіндіні оқиық: «Өсіп, үлкен жігіт болғаннан кейін каким-то образом левыйды ойлап тұрасың» (Т.Қабатов).
Мұндағы «каким-то образом», «левый» сөздері тура мағынасында емес, жанама мағынасында, бағытталып отырған аудиториясына жетіп, өтімді болу үшін үстеме мағына беру мақсатында қолданылған. Əдеби нормаға сəйкес «каким-то образом», «қандай да бір жолмен», ал «левый» тура мағынасында «сол жақ» деген мағынада болса, берілген мысалда «өз табысына қосымша табыс табу» мағынасында жұмсалған.
Тұрсынбек əзілдерінде тағы бір кездесетін дүние – паразит сөздер. Паразит сөздер – қарым-қатынас кезінде адамның кей сөздерді қайта-қайта айту əдеті.
Ауыз екі сөйлесу тілінде, сөйлемдер арасын байланыстыру мақсатында, қатты қобалжу байқалғанда, ойын жинақтай алмағанда, орыстілді сөздерді қайталай қолдану немесе жаңағы, əлгі, яғни, мына, мысалы, негізі, шын мəнінде, не ғой, аты не еді, ы-ы-ы (і-і-і), ал, жалпы, қысқасы, барғо т.б сөздерді қолдану жатады.
Орыстілді сөздер й (и) – және, и-то – оның өзі, и-щө (еще) – тағы, дажы (даже) – тіпті, тожы (тоже) – да, де, вапше (вообще) – тіпті, псегда (всегда) – әрқашан, хөть (хоть) – еш болмағанда, пастаянно (постоянно) – үнемі, мәләдес (молодец) – жарайсың, давай (давай!) – кеттік, бастайық, как раз (каз раз) – тура сондай, дәл, кәнешнө (конечно) – әрине, әлбетте, па любому (по любому) – қалайда болғанда, как сказать (как сказать) – қалай айтсам екен, не может быть – (не может быть) – мүмкін емес, между прочем (между прочим) – айтпақшы, айтқандай, міне кәжится (мне кажется) – меніңше, менім ойымша, кароче (короче) – қысқасы, қысқаша айтқанда, типа (вроде) – сықылды, сияқты, тәрізді, ал давай (давай!) – ал, кеттік!, ал, бастайық, имею виду (имею в вилу) – деп ойлаймын, ну впринципе (в принципе) – асылында, непатеме (не по теме) – мағынасыз, может быть – (может быть) – мүмкін, на-при-мер (например) – мысалы, псе рабно (все равно) – бәрібір, паходу (по ходу) – бара-бара, никагда (никогда) – ешқашан, сразым – (с разу) – бірден, харашо (хорошо) – жақсы, тышто (ты что) – қой, ей, у-же (уже) – әлдеқашан, у-жас (ужас) – сұмдық, точьно (точно) – дәл, білин (блин) – әттең, так (так) – сонымен, ой – әттеген-ай. Күнделікте өмірде тіл мәдениетін бұзатын бұл бөтен сөздер бір қырынан қазақтың құлдық психологиясын көрсететін белгілердің бірі. Елден ерекше, өзінше болып (немесе “блатной”), қазақша айтқанда тәкаппарлана сөйлеуге тырысудан шығатын жаман әдет. Ал кей жерлерде қазіргі жастардың сөйлеу стилі ретінде еніп кеткен [2].
Тұрсынбек əзілдерінде «жаңағы, барғо, никогда, даже» паразит сөздерін жиі қолданады. Мысалы: «Жатсаң оң жағыңмен жат дид жаңағы, біреуді жұмысқа кіргізсең оң көзіңмен қара дид жаңағы. Сол жақ қызықтырып тұрады барғо, қарағың келіп, бұрын тек оң қол болған қазір сол қолы да бар басшылардың барғо..» [3].
Мұндағы «жаңағы» сөзі он үш минуттық сөзінде 11 рет қолданылса, «барғо» сөзі 12 рет қайталанған.
Кей сөздер паразит сөздерге емес, диалектіге көбірек келеді. Мысалы «өлə» сөзі.
Ал енді «апашка», «ағашкаларың» бұлар паразит сөздер емес. Бұлар варваризм сөздер деп аталады және оның ішінде шала «варваризмдер» деп атар едік. Жартысы орысша болады да, оған жалғанған қосымшалар қазақша болып кетеді. Бұл сөздерге орыс тілінің «уменьшительно-ласкательный суффикс» дейтін қосымшалары қосылған.
Тіл – адам қатынасының, ойлаудың, мәдениеттің аса маңызды құралы, өмірдің ұлы қаруы. Қарым-қатынас майданына түскен сайын бұл құралдың икемділігі артып, шындала береді. Бірақ тілдің мұндай қасиеті оның қызмет етуіне, жетілуі мен дамуына айырықша көңіл бөліп, шынайы қамқорлыққа алып отырудың барысында ғана ерекше жандана түседі.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Слова, с которыми мы все встречались. Толковый словарь русского общего жаргона. 1999.
2. Хорошева Н.В. Русский общий жаргон: к определению понятия. — Пермь, 2002.
3. Тұрсынбек Қабатов бейнежазбалары / / You Tobe

№ 1 перинаталды орталықта айына мыңға жуық ана босанады

Астана қалалық № 1 перинаталды орталығы Бас дәрігерінің орынбасары Ербол Аубакиров оталық жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Бүгінде елімізде демографиялық өсім байқалуда. Халық өсімі – мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан да демографиялық ахуалды тұрақты зерттеп отыру болашақ үшін өте маңызды. Осыған сай елімізде заман талабына лайықты перинаталды орталықтар санын арттыру жүзеге асып жатыр. Қазіргі күнде Астана қаласында үш перинаталды орталық бар және барлығы заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған.


Астана қаласы әкімдігіне қарасты № 1 перинаталды орталығы еліміз бойынша босандыру, акушерлік және гинекологиялық көмек көрсететін ең үлкен орталықтардың бірі. Орталықтың қабылдау бөліміне күніне 70-ке таяу жүкті әйел қаралады. Соның 50-ден астамы қабылданып, қалғаны өзге орталықтарға жіберіледі немесе кеңес беріліп үйлеріне қайтарылады. Ал орталықта жылына шамамен 12 мыңға таяу ана босанады.


«Былтыр орталығымызда 11 300 ана босанған, ал биыл тоғыз айда 8100 ана босанды. Орталықта орташа есеппен күніне 28-30 сәби дүниеге келеді, ал ең максималды көрсеткіш осы жылғы жаздың басында тіркелді, онда бір тәулікте 54 нәресте дүниеге келді», — дейді Астана қалалық № 1 перинаталды орталығы Бас дәрігерінің орынбасары Ербол Аубакиров.


Оның айтуынша, босанып жатқан келіншектердің ішінде тек 5 пайызының денсаулығы жүктілік кезінде де, босанғаннан кейінде еш патологиясыз болады, ал қалған 95 %-ның денсаулығында бала кезден немесе жасөспірім кезден басталған созылмалы ауру түрлері, жүкті болған соң анықталатын ауру түрлері жиі кездеседі екен.


«Жүкті әйелдің және құрсағындағы шарананың денсаулығы жіті бақылауда, мысалы, біздің орталыққа күніне 50-ден астам жүкті әйел қабылданса, соның 20-25-і өз күшімен босанады, 8-9 келіншекке кесарь тілігі жасалады, ал қалғандары жүкті әйелдер патологиясына жатқызылып ем-домын алады», — дейді дәрігер.


Мысалы, № 1 перинаталды орталық моно қалаларда орналасқан орталықтардың бір жылда орындайтын жүктемесін бір айда орындайды.


Астана тұрғындарының саны жыл сайын емес, тіпті күн сайын өсуде. Халық саны артқан сайын емханаларға, ауруханаларға, перинаталды орталықтарға түсер салмақ арта бермек.



Жылу маусымы штаттық режимде өтуд

Энергия көздерінің отын қоры жылуды үздіксіз беру үшін жеткілікті мөлшерде, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.


Астанада жылу маусымы 4 қазан 2018 жылы басталды. Бүгінде жылу жабдығына 2412 көппәтерлі тұрғын үй, 36 денсаулық сақтау объектісі, 13 мәдени нысан, 168 білім беру объектісі қосылды.


Қалада 2 энергия көзі бар (ЖЭО-1 және ЖЭО-2) және қуаты 100 Гкал дейін автономды қазандық бар. ЖЭО-1 қуаты 710,7 Гкал жылу энергиясы және 15,6 МВт электроэнергиясы, ал ЖЭО-2 бойынша 1800 Гкал жылу энергиясы және 460 МВт электроэнергиясын құрайды. 


Көмірдің қоры 317 782 тоннаны құрайды, оның ішінде ЖЭО-1 – 55 065 тонна және ЖЭО-2 – 262 717 тонна. Мазуттың қоры 5154 тоннаға тең, оның ішінде ЖЭО-1 2865 тонна және ЖЭО-2 – 2289 тонна. Сонымен қатар мазуттың қосымша резервтегі көлемі 5382 тоннаны құрайды.


 «Нормативтік 20 тәулік ішінде ЖЭО-1 бойынша көмір қоры 36140 тоннаны құрайды және ЖЭО-2 – 185420 тоннаны құрайды. Энергия көздерінің отын қоры жылуды үздіксіз беру үшін жеткілікті мөлшерде», — деп хабарлады Астана отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы.


Халықты қатты отынмен қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласының әкімдігі тұрақты түрде көмір жеткізудің мониторингін жүргізіп тұрады. 12-15 қазан аралығында астанаға 100 вагон (6938 тонна) көмір келіп түсті, оның:


— 41 вагоны (2841 тонна) «Шұбаркөл» маркасы;


  — 33 вагоны (2296 тонна) «Майкөбе» маркасы;


  — 25 вагоны (1732 тонна) «Қаражыра» маркасы;


 -  1 вагон (69 тонна) «Богатырь» маркасы.


 «Көмір сататын жерлерде» қатты отынның жалпы қоры 17 қазан бойынша 11 мыңнан астам тоннаны құрайды.


 «Нарықтағы көмір ахуалы тұрақты бақылауда. «i-Көмек 109» қызметінің базасында халыққа арналған жедел желі құрылды. Халық арасында айқай-шуды төмендету мақсатында және көмір нарығындағы жағдайды тұрақтандыру  үшін әкімдік көмір жеткізушілермен бағаны өсірмеу туралы меморандумдарға қол қойды, сондай-ақ халық арасында көмірді ертерек сатып алу туралы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Бұдан басқа, теміржолдардағы көмір сататын орындардың бары туралы күн сайын мониторинг жүргізетін мобильді топ құрылды.


 «ҚТЖ» ҰК» АҚ тасымалдаушыларымен, өкілетті министрліктермен, жүк арту және көмірдің жеткізілуі бойынша ақпаратты дер кезінде бөлісу, халықты күн сайын БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы ақпараттандырып отыру үшін жедел жұмыстар жүргізілуде», — делінген ведомствода.