Қосшығұлұлы көшесінде жолдың жаңа бөлігі пайда болды

«Қосшығұлұлы көшесінің жалғасы ретінде жолдың жаңа бөлігі пайда болды. Халық арасында Жаңа Сейфуллин көшесі деп аталатын көше ұзарып, тұрғындар үшін ыңғайлы бола түсті.

«Сәкен Сейфуллин көшесінің құрылысы» жобасының автокөлік жолдарын дамыту бағдарламасы аясында №167 және Земляничная көшелерінің аралығына жол төселді», – деп жазды Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек өзінің Facebook-тегі парақшасында.

«Сарыарқа» ауданының әкімі, сондай-ақ №167 және Қосшығұлұлы көшелерінің қиылысында бағдаршам, жол белгілері мен таңбаларымен жабдықталғанын атап өтті.

«Жолдардың пайда болуымен құрылыс та қарқын алды. Сол себепті осы аумақтағы жер учаскелерін игеретін кез де алыс емес», – деп уәде берді аудан әкімі.

Астанада балалар шығармашылығының конкурсы басталды

Бүгін Оқушылар сарайында балалар шығармашылығының «LAULA -2018»  халықаралық байқауы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты білім басқармасына сілтеме жасап.


Конкурстың мақсаты — шығармашылық әлеуетті дамытуға жағдай жасап, балалар мен жасөспірімдер арасындағы дарынды орындаушыларды анықтау.


Халықаралық байқауға қатысамын деушілер өз арыздарын бір ай көлемінде 1 қарашаға дейін жолдай алды.


Сайыс жеңімпаздары «Халық әні», «Эстрадалық ән», «Аспаптық өнер», «Халық аспаптары», «Эстрада – джаз аспаптары», «Балалар биі», «Эстрадалық би», «Халық биі» сынды аталымдар бойынша анықталмақ.


Байқауға 5-тен 17 жасқа дейінгі жеке орындаушылар мен шығаршылық ұжымдар қатысады. 

Астанада алғашқы халықаралық энергия үнемдеу форумы өтеді

Форум Қазақстандағы энергия үнемдеу күнінің он жылдығына орай өткізіліп отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

2018 жылдың 9 қарашасында Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі БҰҰ-ның Даму Бағдарламасымен бірлесіп, Астанада энергия үнемдеу бойынша бірінші халықаралық форумын өткізеді. Шара мақсаты – энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша ашық демонстрациялық диалог алаңын құру.

«Форумға мемлекеттік органдар, бизнес құрылымдар, халықаралық, қоғамдық ұйымдар мен шетелдік сарапшылар қатысады», – делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Басқосуда, сондай-ақ, энергияны үнемдеудің өзекті мәселелері талқыланады деп күтілуде. Атап айтқанда, өнеркәсіп, қалалық қоршаған орта және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен стандарттау мәселелеріндегі энергия тиімділігі жан-жақты сараланып, «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының заң жобасы» түсіндіріледі.

«Алай Базарында» 3 қараша мен 3 желтоқсан аралығында күн сайын "Алтын күз" атты әлеуметтік азық-түлік жәрмеңкесі өтеді

Павлодар мен Ақмола облыстарының шаруа қожалықтары жәрмеңкеде ет және сүт өнімдерін, сондай-ақ көкөністер, жемістер мен жармалар ұсынады.

Қой етінің бағасы 1230 теңгеден басталса, жылқының еті 1400-ге дейінгі аралықта сатылады. Әлеуметтік жәрмеңкеде картоптың бағасы келісі — 55 теңге.

Айта кетейік, Павлодар облысынан 150 тонна картоп жеткізілген. Сондай-ақ сәбіздің бір келісін 45 теңгеге ала аласыздар. Ақмола облысынан 30 тонна ірі қара мал мен 7 тонна қойдың еті жеткізілді. Ірі қара малдың еті келісіне — 1300 теңге. Ал қой еті — 1250 теңге. Жұмыртқаның бағасы С-1 санаттық — 23 теңге, С-2 — 24 теңге. Сонымен қатар, мұнда кондитерлік және макарон өнімдері, шұжық пен бал да ұсынылған.

Жәрмеңкенің мекенжайы: Алаш тасжолы, С 316 көшесі, 5-ші ғимарат, «Магнум» гипермаркетінің артында.
«Алай базарына» № 39, 41, 53, 307 және 317 автобустары баратынын естеріңізге саламыз.
Анықтама телефондары: +7 (7172) 738087, +7 771 180 0006, +7 702 000 0390.

Онлайн-форум қорытындысы: Елорда тұрғындарын не толғандырады

E.gov.kz электронды үкімет порталында Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен өткен интернет-конференция қорытындыланды, деп xабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


 Онлайн-форум барысында қатысушылар келесі мәселелерді талқылады: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша қабылданған шаралар», «Мемлекеттiк қызметкерлердiң жалпыға бірдей моральдық-этикалық нормаларын сақтауы», «Құрылыс индустриясын дамыту және Астана қаласының архитектуралық келбеті», «Жолаушылар тасымалы мәселелері мен автокөлік жолдарының жай-күйі», сондай-ақ «Жергiлiктi бюджет пен елорданың коммуналдық меншiгі».


Қала тұрғындары «Абу Даби Плаза» көпфункционалды кешені құрылысының аяқталуы, аумақтарды көгалдандыру, «жылы аялдамаларды» орнату, нөсерлі кәріз желісін жаңғырту, жылдам тамақтану дүңгіршектерін орналастырудың заңдылығы мәселелеріне қызығушылық танытты.


Форумға қатысу e.gov.kz порталына (электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы «Ашық диалог» – интернет-конференциялар бөлімі) өту арқылы мүмкін болды.


Келіп түскен өтініштерді талдау барысында төмендегі мәселелерді айрықша атап өтуге болады. Көлік және жол инфрақұрылымы бойынша — 19, құрылыс және тұрғын үй — 10, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы — 3, кәсіпкерлік — 3, Астана әкімдігінің қоғаммен байланысы — 3, сәулет және жер қатынастары — 3, мәдениет — 3, денсаулық сақтау — 1, экономика — 1, мемлекеттік қызмет бойынша – 1 сұрақ келіп түскен.


Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен өткен алғашқы интернет-конференция алты сағатқа созылды. Барлығы 47 сауал келіп түсті. Олардың барлығына мардымды жауап беріліп, мәселелердің мән-жайы түсіндірілді.


Құтқарушылар «Донор күні» акциясын өткізді

Астаналық ТЖ департаменті мен Өрт сөндіру қызметінде «Донор күні» акциясы өтті. Акция қан тапсырып, өзгелердің сауығып кетуіне көмек бергісі келгендерді жинады, деп хабарлайды елорда әкімідігінің ресми сайты қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы  қызметкерлері ТЖД және Өрт сөндіру қызметінің қызметкерлерінен донорлық қан алды. Акцияға барлығы 50-ге жуық адам қатысты.


Қан тапсырып, көмек беруге Департаменттің және Өрт сөндіру қызметінің басшылығы мен жеке құрамы келді.


«Азаматтық міндеттерін орындауға тәжірибелі құтқарушылардан басқа Өрт сөндіру қызметінің жас қызметкерлері де келді. Олардың басым бөлігі алғаш рет қан тапсырса да, бұл іске жауапкершілікпен келген. Барлығы медицина қызметкерлерінің ұйғарымына сәйкес қан тапсыруға дайындықпен келіп отыр» – делінген хабарламада.


Елордада студенттер арасында шығармашылық байқау басталды

Астанада «Жаңа белес» атты жастарға арналған байқау-фестивальдың ашылу салтанаты өтті. Шара елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.


Фестивальдің басты мақсаты – студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, жастардың бос уақытын ұйымдастыру мен оның сапасын жақсарту, мәдени тәрбие берудің деңгейін жоғарылату.


ҚР Қарулы күштері Бас штабының басшысы Бахытжан Ертаев, ҚР еңбек сіңірген мәдениет және өнер қайреткері Сұлтан Оразалы, «Астана жастары» орталығының жетекшісі Үкібай Нұрпейісов, сондай-ақ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских салтанатты кештің құрметті қонағы атанды.


«Бүгін Астана қаласы студенттерінің арасында алғаш рет «Жаңа белес» фестивалі басталды. 6 күн ішінде колледждердің мыңға тарта студентінің арасында  «Хореографиялық өнер», «Авторлық оқу», «Вокалдық өнер», «Фокуста» және «Ең ақылды» сияқты бес аталым бойынша үздіктер анықталатын болады», — деп атап өтті «Астана жастары» ресурстық орталығының жетекшісі Үкібай Нұрпейісов.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау жеңімпаздарының есімдері 10 қарашада жарияланбақ.

Дәрігерлер тегін кеңес бердi

MEGA Silk Way сауда орталығында дәрігерлер «Біздің таңдауымыз денсаулық» атты мәдени-сауықтыру акциясын өткізді, деп xабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Келушілер сауда орталығының алаңында үздік жалпы тәжірибе дәрігерінен, педиатрдан, терапевттен тегін кеңес алды. Сондай-ақ, қан қысымын өлшеу, бой, салмақ, қандағы қант пен xолестеринді анықтау сынды диагностикалық рәсімдерден тегін өтті.


Флюорографиялық талдаудан өткісі келгендерге арнайы флюрокөлік қызметі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жедел-жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетуден арнайы шеберлік сыныбын өткізді.


«Адамдарға алғашқы көмек көрсету өте маңызды. Мұндай іс-шаралар жағдайың нашарлаған сәтте өзіңе-өзің жылдам көмек көрсету үшін пайдалы», — деп атап өтті сауда орталығына келуші зейнеткер Зәуре Амангелдіқызы.


Іс-шара соңы концерттік бағдарлама мен әлеуметтік медициналық сақтандыру тақырыбындағы викториналарға ұласты. Белсенді қатысушылар сыйлықтарға ие болды.


Еске салайық, сауықтыру шарасын елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің МӘМС бойынша жобалық кеңсесімен бірлесе отырып өткізді.


Жолақысын төлемеген 5 мыңнан астам жолаушыға айыппұл салынды

Астанада қоғамдық көлікте жолақы төлемеген 5658 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Есжанов мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Бүгінгі таңда жолаушылардың жол ақысын төлеуден жалтаруы бойынша бұзушылықтар жиілеп кетті. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі уақытқа дейін 5658 азаматқа жалпы сомасы 27 млн 214 мың теңгені құрайтын айыппұл салынды. Біз бұл жұмыстарды Астана қаласы ПД-нің жергілікті полиция қызметімен бірлесе атқарып жатырмыз. Жолаушыларға қолданыстағы заңнаманың барлық талаптарын орындап, жолақы төлеуден жалтармауларын сұраймыз», – деді «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Есжанов.

Елордада кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндер саны артты

ҚР Ұлттық банктің мәлімтіне сәйкес, 2018 жылдың қаңтар-қазан айларында Астана қаласының экономикасына 662 972 млн. теңге несие берілді, оның ішінде шағын кәсіпкерлік нысандары 105 293 млн теңгеге несиелендірілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің сайты.

«2018 жылдың екі тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндердің саны 335 832-ні құрады, ол 2017 жылдың баламалы кезеңімен салыстырғанда 6% артық», — делінген Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ақпаратында.

Бұған қоса, елордада ШОК нысандарымен тауар шығару көлемі (жұмыс, қызмет көрсету) артып, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 2 167 715 млн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,9 % артық. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 2018 жылдың қаңтар-маусым айларында жасаған ЖӨӨ-дегі жалпы қосылған құнының үлесі 58,5% құрап, 2017 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 11,0 %-ға артқан.