«Астана Опера» камералық залында «Би ырғағында» концерті өтеді
Көктемгі сәуір айында әсем мэнует, жеңіл вальстерден ширақ регтаймға, екпінді тангоға дейін алуан түрлі би әуендері елорадалықтардың назарына ұсынылады. «Астана Опера» камералық залында 7 сәуірде «Bel Canto музыкалық салоны» абонементінің аясында «Би ырғағында» концерті өтеді.Отандық және шетелдік композиторлардың музыкасын белгілі опера әншілері орындайды — Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ғалия Байғазинова, Қазақстанның құрметті қайраткері Айгүл Ниязова, Халықаралық конкурстардың лауреаттары Айзада Капонова, Елена Низамутдинова, Роза Нұркей, Әсем Сембина, Азат Мәлік, дарынды скрипкашылар Майя Бекназар, Шынар Барлықова және т.б.
«Вальс королі» Иоганн Штраустың, «қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқов туындылары, С. Джоплиннің «Рэгтаймы», А. Пьяццолланың «Либертангосы», Л. Делибтің «Испан әні», Ш. Лекоктың «Мадам Анго қызы» опереттасынан «Гавот», Н. Достальдың «Моника» опереттасынан Моника вальсі, Ф. Легардің «Көңілді жесір» опереттасынан Ганна мен Данило дуэті және т.б. орындалады.
Сопрано Елена Низамутдинова Дж. Россинидің «Музыкалық кешінің» циклынан «Неаполитанская тарантелланы» орындайды.
— Дж. Россини — сүйікті композиторларымның бірі, оның шығармашылығына тәнтімін. Адамның көңіл-күйін ерекше сезімге бөлейді. Сонымен бірге, Имре Кальманның «Королева чардаша» опереттасынан Сильваның ариясын орындаймын, — деді Елена Низамутдинова.
Фортепиано партиясында — халықаралық байқаулардың лауреаттары Раушан Бескемпірова, Меруерт Жекенова.
Концерт 19:00 басталады, билет құны — 2000 теңге.
ҚазАқпарат

Бүгін Астанада қазақша күрестен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңі өтеді.




Өмірде қуаныш пен қайғы, жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Бірде айың оңыңнан туып, тасың өрге домаласа, енді бірде сағың сынып, жігерің жасиды. Себебі бұл — өмір. Бірде төбең көкке жеткендей қуансаң, бірде көңілің қоңыр күздей құлазиды… Өйткені ол — тағдыр. Өмірдегі осындай түрлі оқиғаларды қозғайтын «Астана» телеарнасындағы «Сырты бүтін...» отбасылық драмасы көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Деректі драманың ерекшелігі – шынайы оқиғаларға негізделуінде. Әр адам драманы көре отырып, өз өміріндегі күрделі мәселенің шешімін таба алады. Қанша қиындық кездессе де, одан шығар жол қашанда болады. Телехикаяның кейіпкерлері – қиындықты жеңе білген жандар, тағдыр тауқыметіне мойымағандар. Бағдарламаның көздеген мақсаты да – осы. Адам бар жерде проблема болмай тұрмайды: кесір келін мен мазасыз ене тартысы, ағайындылар алауыздығы, өгейлікпен өткен өмір, баласына қадірі қалмаған қария мен отбасының берекесін кетірген абысындар араздығы — қоғамның өзекті мәселесі. Жылдарға жалғасқан қоғамның кикілжіңін тоқтатуға кім дəрменді!? «Сырты бүтін...» отбасылық драмасы тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның проблемасына айналған осы және басқа да тақырыптарды қозғай отырып, өз кезегінде түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға тырысады. Ендеше, 3 сәуірден бастап «Астана» телеарнасында «Сырты бүтін...» отбасылық драмасының жаңа маусымын тамашалаңыздар! Шынайы оқиғалар тізбегі — өмір драмасы, өмір драмасы — сіздің өміріңіз!