Астанада «Оқушылардың денсаулығын сақтайық!» акциясы өтті

Мектеп жасындағы балаларға медициналық көмекті интеграциялау бойынша Жол картасы шеңберінде және мектеп медицинасын Денсаулық сақтау Басқармасының құзіретіне өткізу науқанына дайындық мақсатында елордада «Оқушылардың денсаулығын сақтайық!» кең көлемді акциясы өтті. Оған мектеп оқушылары және олардың ата-аналары — 4000-нан астам тыңдаушы қатысты.

Акция барысында «Сау тамақтану алиментарлық-тәуелді аурулардың алдын алу ретінде», «Фастфудтың денсаулыққа зияны туралы», «Оқушының тамақтануы», «Газдалған сусындардың және энергетиктердің қаупі» тақырыптары талқыланды.

Акция барысында медициналық қызметкерлер ата-аналарға және оқушыларға мектеп медицинасын Денсаулық сақтау басқармасының құзіретіне беру оқушылар денсаулығының жағдайын бақылауға мүмкіндік беретінін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, бұл медициналық және дәрігерлік қызметті уақытында көрсетуге жағдай жасайды. Және балаларды сауықтырудың қолжетімділігі мен уақыттылығының өзектілігін анықтауға, оқу процесін сауатты ұйымдастыруға көмектеседі, балалардың физикалық денсаулығын арттыруға мүмкіндік беріп, оқушылардың сау тамақтануын қамтамасыз етеді.

Еске салсақ, мектеп медицинасының білім жүйесінен денсаулық сақтау мекемесіне өтуі 2017 жылы іске асады.
Әрі қарай

Елордада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне арналған қысқы Универсиаданың жалауы көтерілді

Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне орайластырылған 2016-2017 жылдарға арналған қысқы Универсиаданың салтанатты ашылуы өтті. Бағдарламаға шахмат, тоғызқұмалақ, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, шағын футбол және т.б. спорт түрлерінен жарыстар кіреді.

Маусым бойы Астананың алдынғы қатарлы жоғары оқу орындарының студенттері өзара сайысқа түсетін болады, бұл жастарды белсенді өмір салтын ұстануға, оларды спортқа тартуға ықпал етеді. Универсиаданың ұйымдастырушылары: Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Астана қаласының спорттық-бұқаралық шараларды өткізу дирекциясы.

Студенттердің арасында шахматтан жарыстар өткенін атап көрсету керек, онда елордадағы жеті ЖОО-ның командалары шеберлік байқасты. Сайыста Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ студенттері жеңіске жетті. Сондай-ақ, аталған шараның шеңберінде 2015-2016 жж. Универсиадасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, ол «Спорт — өмір көркі» ұранымен өтіп, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған болатын.
Әрі қарай

«Отан» кәсіптік-техникалық орталығы үздік автомектеп деп танылды

Астанада «Қауіпсіз жол қозғалысы апталығы» республикалық шарасы аясында автомектептер арасында конкурс өткізілді. Үш кезеңмен өткен конкурста курсқа қатысушылар сайысқа түсті: жол қозғалысы ережелерін білу, көлік жүргізу, жол көлік оқиғасы кезіндегі алғашқы медициналық жәрдем көрсету.

Конкурс қорытындысы бойынша Астана қаласының«Отан» автомектебінің курсанты Пфальсграф Ирина топ арды. Жеңімпазға «В» санатындағы жүргізуші куәлігі табысталды. «Нұр авто» автомектебінің курсанты Жәлімхан Абай 2-орын алды.

Еске салайық, 14 қарашада басталған «Қауіпсіз жол қозғалысы апталығы» республикалық шарасы жолдарда апаттар мен жарақаттануға назар аударуға, жолдағы қауіпсіздік ережесін сақтауға, жүргізушінің мәдениетін арттыруға, сондай-ақ жол апаттарының алдын алуға бағытталған.
Әрі қарай

Астанада «Қыс - 2016» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті

17 қарашада Астанада «2016-2017 жылдардың қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша әрекеттерге басқару органдары мен азаматтық қорғау жүйесінің мемлекеттік күштерін дайындау» тақырыбында «Қыс-2016» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.

Оқу-жаттығудың мақсаты қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін қалалық азаматтық қорғаныс жүйесінің дайындығы мен мүмкіндігінің деңгейін арттыру болып табылды.

Шара 5 оқу алаңында өтті. Ең бірінші оқу алаңы «Қаланың авариялық-құтқару қызметтері мен жасақтарының сап түзеуі» болды. Астана қаласының жедел әрекет ету жасағы апаттардың салдарын жою, жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетуге және Астана қаласының аумағындағы төтенше жағдай орындарынан оларды қауіпсіз жерге бір сағаттың ішінде көшіру үшін арналған. Астана қаласы ТЖ департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Б.О.Дұзақбаев қызметтер техникасы мен қызметкерлерінің дайындығын өзі тексерді.

Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес, екінші оқу алаңында құтқарушылар алдында Көкшетау-Астана сапарлы автобусының жолаушыларын ЖКО салдарынан авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында қауіпсіз жерге шығару міндеті тұрды. 112 құтқару қызметіне Көкшетау-Астана бағдарындағы автобус жолаушыларынан 39-шы шақырымда қалың қардың құрсауында қалғандары туралы қоңырау келіп түседі.

Үшінші оқу алаңында «Қарлы боранда азаматтарды іздеу» жоспарына сәйкес, төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері қарлы бораннан жапа шеккен, адасқан адамдарға кинологтар көмегімен жәрдемдесті. Құтқарушылар жапа шеккендермен бірге «Қабылдау, жылыту және медициналық, психологиялық көмек көрсету пунктерінің дайындығы» деп аталатын оқу-жаттығудың төртінші алаңына барды.

Оқу-жаттығуға 37 техника және жеке құрамнан 120 адам жұмылдырылды.
Әрі қарай

Тазының өлімі немесе ол сенің сенімді серігің...

Тазының өлімі
Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» атты шығармасын оқыған боларсыздар. Мен сол хикаяны оқып, соның әсерімен осында бөліспекшімін. Және өмірде болған оқиғамнан бір үзік сыр шерткім келіп отыр. Себебі, бұл шығарма есіме көп нәрселерді салды.

Хикаяның соңына келгенде суреттелгендей Лашынның өлімі көз алдыма елестеп, жанарыма жас келді. Асыл тұқымды жануардың соңына дейін талпынғаны, берілмей аш қасқырлармен алысқаны, жаралы аяғына қарамастан барынша күрескені — тектілігінің нышаны болды. Тіпті, бұл өмірде адамдардың өзі болмашы бір қиындыққа төзе алмай беріле салып жататындары бар ғой. Оның қасында Лашынның бұл әрекеті ерлікпен пара-пар болды. Қақпанға түссе де жанталасып, бар күшін жинап иелеріне белгі бермекші болды. Қатты ұлимын деп, торуылдап жүрген аш қасқырларға тап болып қалды. Бірақ,қорықпады да.

Иелеріне адал иттер туралы біраз фильмдер қарадым. Қай жылдары екені есімде жоқ «101 Далматтықтар» деген фильм болған. Мүмкін көрген де боларсыздар))) Өздеріңізге белгілі «Хатико», менің сүйікті актерларымның бірі Ричард Гир түскен фильм, Блог - AyazhanMuhatai: Тазының өлімі немесе ол сенің сенімді серігің...
одан соң қателеспесем жапон елінің бір фильмін көрдім (дәл қазір есіме түспей тұр атауы). Екеуінде де жыладым.Біріншісінде, иесіне берілгендігі сонша тіпті ол бұл өмірден кетсе де Хатико күтті, соңғы демі қалғанша күтті. Екіншісінде, күшік кезінен асыраған балаларға көмектесіп, көзі көрмей, жанары су алғанша жауыздарға қарсы тұра білген еді. Егер көрмесеңіздер Сіздерге де рекомендеймін.

Үзік сыр…

Бала кезімнен еміс-еміс есімде қалған, түр-тұлғасы да аттары да әлі күнге дейін жадымда қалып қойған екі төбетіміз бар еді. Үлкенінің аты Журикболды. Суреттегі ит типтес, шамалы тұлғасы ірілеу, жүні қалың еді.
Осы типтес төбет болды. Блог - AyazhanMuhatai: Тазының өлімі немесе ол сенің сенімді серігің...

Павлодардан көшетін кезде жоғалып кетті. Әлі есімде екі итті де қатты жақсы көрдім. Мойындарынан құшақтап, бірге жарысып жүгіретінім кеше болғандай көз алдымда. Жүктеріміз артылып бітуге жақындағанда тауықтар мен үйрек-қаздар торларға қамалып, сиырлар бөлек камаздарға артылып, екі итті де өздерінің торларына қамамақ болып Журикті іздедік. Ешкім көрмеген һәм білмейді. Жалғыз Рекс қана жанымызда жүрді. Шыдай алмай іздеймін деп жүгіріп кеттім. Шақырдым, айғайладым, бірақ таба алмадым. Ұзақ жыладым. Тым болмаса соңғы рет көргім келді. Ақыры, Рексті ғана алып таң азанмен жолға шығып кеттік. Қазіргі мекен-жайымызға келгеннен кейін Рекс үйренісе алмады,үре берді, бізге ол Журикті іздеп тұрған секілді көрінетін. Өйткені екеуі ылғи бірге жүрді.

Шамамен екі жылдан соң, бір күні сабақтан келсем есік алдында Рекс көрінбеді, үйде анам да, ағамның көңіл-күйі жоқ отырғандарын байқадым, әкем жұмыста тұғын. Не болғанын сұрадым, ойымда ештеңе жоқ. Сөйтіп, ағам иттің шешіліп кеткенін, таңертеңнен келмегенін айтты. Киімімді ауыстыра сала сыртқа шығып, айналаны, жақын көшелерді, барады-ау деген жерлерді қарап келдім, таппадым. Ертеңіне ит ататындардың атып кеткенін естідік. Көршіміз көріпті. Ауылдың шетінде жатқан жерінен әкем әкеліп, алыстау жерге апарып көміп тастады. Солайша, туысымыздан да жақын болып кеткен екі бірдей төбеттерім жемтіктерін көрсетпей көзден ғайып болды.

Блог - AyazhanMuhatai: Тазының өлімі немесе ол сенің сенімді серігің...

Рекстің тұқымы неміс овчаркасы болды. Оны бізге Павлодарда көшеміздің бас жағында тұратын неміс берген дейді. Ол кезде орыс пен неміс көп болды біздің ауылда. Рексті күшік кезінен асырапты, бірақ мен оны үлкейгенде ғана көрдім.

Тазының өлімін оқып отырып осы екі итім көз алдыма келе берді. Еріксіз аққан жасымды әзер тыйдым. Кешірерсіздер, негатив болып кеткен болар. Бірақ көңілді етіп жаза алмадым. Себебі, шығарма қатты әсер етті. Содан бері әлі күнге дейін ит асырамадық. Бірнеше рет ағаларым әкелген еді өліп қала берді, көпке шыдамайтын тұғын. Сондықтан керек емес деп шешті.

Шынында, ит адамға нағыз досың бола алады екен. Кейде, жаныңдағы адамның адамға лайық емес істер жасайтындарын көргенде, ит артық екен деген ойға қаласың. Сіздердің де адал иттеріңіз болған шығар?! Ой бөлісе отырыңыздар. Келесі жолы негатив болмайды деп ойлаймын. Рақмет!
Әрі қарай

Панфилов ауылында 300 бала футболмен шұғылданбақ

Блог - asaubota: Панфилов ауылында 300 бала футболмен шұғылданбақ
18 қараша күні Қазақстан футбол федерациясының міндетін атқарушы Сейілда Байшақов Панфилов ауылындағы ҚР Қорғаныс Министрлігінің Орталық әскерилер спорт клубының оқу-жаттығу орталығының оқушыларымен кездесті. Жас футболшылар мәртебелі мейманның алдында өздерінің шеберліктерін көрсетті.
Сейілда Икрамұлы мектептің ғимараты мен жаттығу базасын қарап шығып, балалар футболына баса назар аударылатынын атап өтті:
— Футбол ауыл балалары үшін «әлеуметтік саты» болуы мүмкін екенін барлығы түсінуі қажет. Біздің міндетіміз ауылдарда футболды дамытып, бұқаралық футболдың деңгейін көтеру. Сол арқылы ғана осы тамаша ойында өзіміздің «жұлдыздарымызды» тәрбиелей аламыз. Балалар футболы — біздің басым бағыттарымыздың бірі. Федерация оны дамытуға көп көңіл бөледі.
Сонымен қатар, Сейілда Байшақов мектеп жетекшілерімен кездесу өткізіп, аудандағы футболды дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Айта кетейік, Асхат Қадырқұлов, Дмитрий Бяков, Евгений Тарасов, Данияр Кенжеханов, Асхат Борантаев және басқа да белгілі ойыншылар оқу-жаттығу орталығының түлектері саналалы.
Орталық жетекшісі Константин Муратидидің айтуынша, оқу-жаттығу орталығын Қорғаныс министрі Сәкен Жанұзақов пен ҚФФ президенті міндетін атқарушы Сейілда Байшақов аралағаннан кейін әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында біздің балалар және жасөспірімдер базасында спортты, оның ішінде ауыл футболын дамыту шешімі қабылданды. Біз қазір ауылдағы балаларды жинап, жұмысты бастауға дайынбыз. Болашақта орталықта 300-ге тарта бала дайындалмақ.
Кездесу соңында Сейілда Байшақов осындай кездесудің аудандар мен ауылдарда жиі өтетіне тоқталды.
Әрі қарай

Алдағы бес жылда апатты тұрғын үйлердің тұрғындары үшін 1386 пәтер салынады

2017-2022 жылдар аралығында Астана қаласында апатты үйлерді бұзу бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде 635 мың м2 тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл — 10 000-нан астам пәтер.

Апатты үйлердің иелерін көшіру үшінтапсырылатын үйлердің жалпы көлемінен ауданы 63мың м2 болатын 1 386 пәтерді ақысыз негізде коммуналдық меншікке өткізу жоспарланған. Еркін нарықта ауданы 408 мың м2 болатын 8 010 пәтерді сату есебінен пилоттық жобаны қайта инвестициялау жоспарланып отыр.

Бұл туралы бүгін Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесі бойынша құрылыс компанияларымен кездесуі барысында белгілі болды.

Анықтама үшін:

2017 жылдың соңына дейін елорданың тұрғын үй басқармасы апатты және ескі үйлерді бұзу бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде 111 үй құрылысын бұзуды жоспарлап отыр.

2013 жылдан 2017 жылға дейін салынған мерзімі 1940 — 1970 жылдар аралығына жататын, негізгі құрылыс конструкциялары мен инженерлік желілерінің тозу пайызы жоғары 228 апатты үй құрылысын (3 367 пәтер) бұзу жоспарланған. Бұл — онда тұрып жатқан адамдардың өміріне және денсаулығына қауіп төндіретін үйлер.

Бүгінгі күні 117 апатты үйдің (1 555 пәтер) тұрғындары жайлы пәтерлерге көшірілді.

Қалған 111 апатты үйдің тұрғындары жоспарлы көшіру мерзімдері туралы ақпараттандырылды, оларды көшіру жұмыстары 2017 жылдың соңына дейін жүргізіледі.

«19 жыл ішінде Астанада 17 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылы біз тағы 2 миллион м2 астам баспананы тапсыруды жоспарлап отырмыз. Тұрғын үй құрылысы көлемінің жыл сайынғы өсім қарқыны Мемлекет басшысы халықты тұрғын үймен қамту бойынша берген тапсырмалардың шеңберінде мемлекеттік қолдау бағдарламаларын іске асырудың арқасында сақталып отыр. Біз әлемнің жаһандық қалаларының даму тәжірибесін зерттеп, алдағы перспективаларының және негізінен қаланың бағдарламалық құжатында іске асыру жолдарының кешенді көрінісі әзірленді. Қаланың келешектегі дамуы экологиялық таза технологияларды және қоғамдық кеңістіктерді үйлесімді абаттандыруды өзара байланыстыру арқылы қарастырылуда», — деп атап көрсетті Астана әкімі Әсет Исекешев.
Әрі қарай

Елордада 21 қарашада Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдау басталады

2016 жылғы 21 және 25 қарашада Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының тұрғын үйі» бағыты бойынша құжаттар қабылданады.

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру шеңберінде Астана қаласының әкімдігі және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы арасында Астана қаласы, Есіл өзенінің оң жағалауы, № 23- 31, 23-16, 23-17, 23-30, А98 көшелер (жобалық атауы), Лот 15 мекенжайы бойынша орналасқан көп пәтерлі тұрғын үй кешенінен тұрғын үйдің 1 шаршы метрі үшін құны 120 мың теңге болатын 125 пәтерді сату жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, оның ішінде: ауданы 34,36 шаршы метр бір бөлмелі 3 пәтер; ауданы 57,68 шаршы метрден 60,69 шаршы метрге дейін екі бөлмелі 64 пәтер; ауданы 72,76 шаршы метрден 78,82 шаршы метрге дейін үш бөлмелі 58 пәтер.

Құжаттарды қабылдау 2016 жылдың 21 және 25 қараша (қоса алғанда) аралығында e.astana.kz веб-порталы арқылы өтініш берушінің электрондық цифлық қолтаңбасын қолдану арқылы жүзеге асырылады.

Порталдың ашылу уақыты 2016 жылғы 21 қарашада сағат 9.00-де, жабылу уақыты 2016 жылғы 25 қарашада сағат 24.00-де. Порталдық жұмыс істеу уақыты – тәулік бойы.

Бағдарламаға сәйкес аталған бағытта мына санаттар бойынша Астана қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған (кезектегілер) азаматтар ғана қатыса алады:

жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары (Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары; жасына қарай зейнеткерлер; оралмандар; экологиялық зiлзалалар; табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар; көп балалы отбасылар; толық емес отбасылар);

мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері.

Бағдарлама талаптары бойынша бұл бағытты іске асыруда тұрғын үйге мұқтаждар есебінде мына санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтар қатыса алмайды: Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары; 1 және 2-топтағы мүгедектер; Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн аурулар тiзiмiмен бекітілетін кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар; мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары; жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар.

Бағдарлама аясында құжаттарды қабылдау мерзімі кезінде өтініш бір рет қана берілуі мүмкін. Бұл ретте өтініш тікелей коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегінде тұрған адамнан ғана берілуі керек. Егер өтініш иесі кезекте тұрмаса, онда өтініш жоққа шығарылады. Портал арқылы өтініш толтырар алдында өтініш беру бойынша нұсқаулықпен танысу қажет.

Өтініш беру үшін:

өтініш иесінің ЭЦҚ куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сұранысын;

неке қию (некені бұзу) туралы куәліктің (2008 жылдың 1 маусымына дейінгі), отбасы мүшесінің қайтыс болуы туралы (2007 жылдың 13 тамызына дейін), балалардың туу туралы куәліктерінің (2007 жылдың 13 тамызына дейін) электрондық көшірмесін;

өтініш иесінің жұмыс орнынан анықтамасының электрондық көшірмесін;

өтініш иесінің жұмыс орнынан табыс алатындығын растайтын анықтаманың электрондық көшірмесін ұсыну қажет.

Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурс болып табылатын мынадай құжаттар мәліметін өтініш беруші мемлекеттік органдардың уәкілетті тұлғасының ЭЦҚ куәландырылған электрондық құжаттар түрінде тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйесінен алады:

өтініш иесі тұлғасын куәландыратын мәлімет;

неке қию немесе некені бұзу туралы (2008 жылғы 1 маусымнан кейінгі), қайтыс болуы туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейінгі), балалардың тууы туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейінгі) мәлімет;

өтініш иесінде және онымен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында немесе кейіннен сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі бар немесе жоқ болуы туралы мәлімет;

өтініш иесі және онымен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің Астана қаласында тұратындығын растайтын тіркеу туралы мәлімет;

отбасы мүшелерінде мүгедектің бар болуын дәлелдейтін мәлімет;

Бағдарламаға қатысуға өтініш берген кезде кезек нөмірін көрсетумен тұрғын үйге мұқтаждар кезегінде тұрғаны жөнінде мәлімет.

Қажет болған жағдайда «Астана қаласының Тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) қызметкерлерімен азаматтар қосымша құжаттарды ұсыну үшін немесе өтініш иесімен берілген мәліметті анықтау үшін шақырылуы мүмкін.

Отбасы құрамы (отбасы мүшелерінің саны) өтініш берілген пәтер ауданына әсер етпейді, үміткерлер өз қалауы бойынша пәтер түрін көрсетеді.

Қатысушылар арасындағы алдын ала іріктеу Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Тұрғын үй комиссиясымен (бұдан әрі – Комиссия) тұрғын үйге мұқтаждар есебі тізіміне және сол кезекке тұрған күніне сәйкес жүргізіледі.

«ҚТҚЖБ» АҚ-мен іріктелген өтініш иелерінің төлем қабілеттілігін бағалауы өткізілген соң, Комиссия Бағдарламаға қатысушылардың нақты тізімін бекітеді, олар Астана қаласы әкімдігінің және Басқарманың интернет-ресурсында жарияланады.

Бағдарлама шеңберінде жеке меншікке Бағдарламаның барлық бағыттары және Қазақстан Республикасының барлық өңірлері бойынша кейіннен сатып алу құқығымен 1 ғана бірлік тұрғын үй сатып алуға немесе жалға алуға болады.
Әрі қарай

2017 жылы елордалық колледждерде 6 жаңа мамандық ашылады

Өнеркәсіп, байланыс және коммуникациялар, сервис және қызмет көрсету, медицина және білім салаларында кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты келесі жылдан бастап колледждерде алты жаңа мамандық ашылады («Автомобиль көліктеріне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша мехатроник», «Көпірлер және көлік тоннельдері», «Электр станцияларының және желілердің құрал-жабдықтары», «Өнеркәсіптегі электр-механикалық құрал-жабдықтар», «Медициналық техниканы монтаждау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Кітапхана ісі»).

Астана қаласы Білім басқармасының хабарлауынша, осының алдындағы жылмен салыстырғанда сұранысқа ие техникалық мамандықтарға мемлекеттік білім гранты 10 пайызға артты. Үстіміздегі жылы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 4025 орын бөлінді. Салыстыру үшін: 2015 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 3636 студент білім алған.

Сондай-ақ, елордада қазір жұмыс істеп тұрған төрт ресурстық орталыққа тағы жаңа үш ресурстық орталық қосылады: 1) «Ингри Қазақстан» ЖШС-імен бірлесіп тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс, коттедждік және аз қабатты құрылыс салаларында мамандар дайындау бойынша; 2) «Техно Николь» — құрылыс инновациялары» ЖШС бірлесіп өнеркәсіптік едендердің құрылыс технологиясы, бетон жөндеу және құрал-жабдықтардың гидрооқшаулау бойынша; 3) «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-ымен бірлесіп токарьлық іс және металл өңдеу бойынша. Бұдан өзге, «Софи-Дент» стоматологиялық емханасымен бірлесіп медициналық және фармацевтикалық білімі бар кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша оқу орталығы ашылады.

Педагогтар жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін Еуразиялық гуманитарлық институттың (ЕАГИ) негізінде «Мектепке дейінгі тәрбие және оқу» мамандығы бойынша сырттай оқу факультетінде бір топ (25 адам) ашылды.

ЭКСПО-2017 көрмесі үшін кадрларды дайындау мақсатында сервис және қызмет көрсету мамандықтары бойынша оқыту жүргізілуде.
Әрі қарай

Астана - таза қала

Елорда әлі ұйқыда болғанда, қала тұрғындары әлі төсекте жатқан уақытта бұл адамдар үшін жұмыстың нағыз қызған шағы. Олардың еңбек күні таңғы сағат бесте басталады. Дәл осы сағатта «Астана Тазарту» ЖШС-інің паркінен көліктер керуені шығып, елорда аумағы бойынша кетеді. Таңертең қоқыс контейнерлері бос, ал қала таза әрі жинақы болуға тиіс …

***

«Астана Тазарту» ЖШС — қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинау және тасымалдау бойынша елордадағы ірі кәсіпорын, ол 24 учаскенің 23-іне қызмет көрсетеді. Тәулік бойғы режимде 57 дана техника біздің аулалардағы қоқысты жинайды.

Далада 25 градус аяз. Бұл ашық ауада жұмыс істеу үшін қолайлы күн емес. Алайда «Астана Тазарту» жұмыскерлерінің айтуынша, ауа райынан гөрі оларға тәртіпсіз тұрғындар көп қиындықтар тудырады: кейбіреулер контейнерлердің маңына құрылыс қоқыстары салынған қаптарды үйіп қойса (бір күні біреу осындай 100 (!) қап қалдырып кеткен), енбі біреулері ескі жиһаздарын шығарып қояды. «Астана Тазарту» серіктестігінің міндетіне кірмесе де, осындай ескі-құсқы да шығарылады.

Айта кетейік, осындай заңсыз қоқыс шығарғаны үшін салынатын айыппұл көлемі өте аз…

Бірақ ең өзекті мәселе – қоқыс контейнерлеріне өту. Жолдың онсыз да тар екені аздай, жәшіктерге өтетін жолды тұрғындар автокөліктерімен бөгеп тастайды. Бұл «Астана Тазарту» жұмыскерлерін бір алаңға 2-3 реттен кіруге мәжбүрлейді. Сондықтан, ауладағы қоқыстың уақытында шығарылмауына қатысты қалалықтардың шағымдануларына таңданудың қажеті жоқ. Бұған көбінесе тұрғындардың өздері кінәлі…

«Астана Тазарту» ЖШС-індегі жұмыс денсаулыққа зиян еңбек түріне жатады. Қауіп төндіретін жалғыз еңбек ету жағдайлары ғана емес (қоқыспен жұмыс істеу, ыстықта да, суықта да еңбек ету), кәсіпорын қызметкерлеріне тұрғындар да шабуылдайтын оқиғалар болып жатады. Жүргізушілер көліктерін басқа жерге қоюдан бас тартады, дау шығарады, кейде кәсіпорын жұмыскерлеріне жұдырық ала жүгіреді. Ал қатты ашуланған бір әйел кірпіш лақтырып, «Астана Тазарту» көлігінің терезесін сындырған.

«Біз өзіміз қақтығысқа бармаймыз, контейнерлердің қасына көлік қоюға болмайтынын түсіндіруге тырысамыз. Біреулер түсінеді, басқалары — жоқ», — дейді кәсіпорын жұмыскерлері.

Қоқыс жинау жұмыстарына ерлер ғана тартылады. Жұмыстың спецификасы сондай, бұл жерде қара күш пен төзімділік қажет. Қоқыс тасушы көліктің жүргізушісіне артылған жауапкершілік зор – ол кедергілерді орағытып жүріп, тұрған көліктердің ортасынан ақырындап өтіп, кейде жұмыскерлерге контейнерлерді босатуға көмектеседі.

«Қоқыс тасушы машинаның жүргізушісі болып жұмыс істегеніме 12 жыл болды. Аулаларда түрлі қиындықтар кездесіп жатады. Бірақ жұмысқа жақсы көңіл-күймен шығуға тырысамын, ал ауысым аяқталып, жұмыс күні сәтті өтсе, екі есе қуанамын», — дейді «Астана Тазарту» ЖШС жұмыскері Айдар Телғазиев.

Астанада қоқыс шығару үшін адам басына орта есеппен 260 теңгеден төлейді. Тарифтің өзгермегеніне бес жыл болды. Кәсіпорын жұмыскерлерінің жалақысы орта есеппен 165 мың теңгені құрайды. Ұжымдық келісімге сәйкес, жұмыскерлер ауқымды әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген. Сыйақылар, демалу, сауықтыру жәрдемақылары қарастырылған, қызметкерлердің балалары жазғы демалыстарын лагерьлерде өткізеді. Жұмыскерлер жуу құралдарымен, арнайы киіммен міндетті түрде қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, оларға сүт беріледі.

Жұмыстың жақсы жақтары да жетерлік. Мысалы, кәсіпорынның бір жұмыскері контейнер алаңының қасынан ішінде қомақты көлемде ақшасы бар сөмке тауып алыпты.

«Сөмкені иесіне қайтарғанымызда, ол әйелдің қалай қуанғанын көрсеңіздер. Шексіз алғысын айтты», — дейді «Астана Тазарту» ЖШС-інің Алматы ауданы бойынша аға инспекторы.

Қала тұрғындарының олардың жұмысына көңілдері толса, «Астана Тазарту» қызметкерлері үшін зор қуаныш.

«Жақсы жинайды, менің осы ауданда тұрғаныма көп болды, күнде келіп, жинап кетеді, жас жігіттер, солардың арқасында ауламыз таза, жинақы», — дейді қала тұрғыны Галина Гребнева.

Елордадағы ПИК-тер де бригадалардың жұмысын назардан тыс қалдырмайды.

«Таңертең жұмысқа келсем, қоқыс алаңдары тап-таза, бәрі жиналған, қоқыс шығарылған. Қашан үлгеретіндерін, түсінбеймін! – дейді «Ақмола» ПИК-інің төрайымы Любовь Примачок – Әрине, өз тарапымыздан жігіттерге көмектесуге тырысамыз, автокөлік иелерімен сөйлесіп, машиналарын дұрыс қоюларын сұраймыз».

«Біздің кәсіпорын – Қазақстандағы бірегей кәсіпорын, біз қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша толық циклды орындап отырмыз. Қала аумағынан жиналатын қоқыс өңдеу кешеніне шығарылады. Жыл сайын зауытқа 200-ге жуық рейс жасалады. Бұл жерде тікелей сұрыптау, өңдеу, брикеттеу процесі өтіп, еуропалық технология бойынша полигонға көміледі», — дейді «Астана-Тазарту» ЖШС-інің бас директоры Иван Лавриненко.
Әрі қарай