Вупи ПАЙ тортын 30 минутта дайындауға болады!

Вупи пай — өте дәмді торттардың бірі. Оны дайындауға 1,5 сағатын сарп етіп жүрген ханшайымдарға бұл мәзір ұнауы тиіс. Өйткені бүгін біз Вупи пай тортын 30 минутта дайын етуді үйренеміз.

Қажетті өнімдер:
1. 3 дана жұмыртқа
2. 80 гр. какао
4. 420 гр. қант
5. 200 гр. сары май
6. 150 гр. сүт
7. 2 шай қасық қамыр қопсытқыш
8. 0,5 шай қасық ас содасы
9. 0,5 шай қасық тұз
10. 1 шай қасық сірке суы
11. 600 гр. қаймақ

Дайындалу тәсілі:
1. Қаймақ қосылған вупи пай тортын өте қою етіп дайындау қажет. Сондықтан да қаймақты дәкеден жасалған қалтаға құйып, артық сары суын шығарып алу керек. Осы керекті заттардан 4 дана тәтті нан шығуы тиіс. Болмаса екеу пісіріп, ортасынан дөңгелектеп кесіп, төрт тәтті нан орнына пайдаланасыз.
2. Ең алдымен құрғақ қоспаларды араластырып аламыз: ұн, ас содасы мен тұзды, 2 шай қасық қамыр қопсытқышты, 80 гр. какаоны араластырамыз.
3. Бөлек табаққа 3 жұмыртқаны салып, араластырамыз да, қант қосамыз. Осы араласпаға 150 гр сүт пен 1 шай қасық сірке суын құю қажет. Сосын араластыруды тоқтатпаймыз.
4. Осы сұйық араласпаға енді құрғақ араласпаны жайлап салып, араластырамыз.
5. Дайын қамырды пергамент қағазы салынған формаға құйып, тәтті нандарды 180 градусқа қыздырылған пеште кезек-кезек пісіріп аламыз. Пісіп шыққан тәтті нандар суығанша кремін дайындау қажет.
6. 600 гр. қаймаққа 200 гр. қантты салып, блендермен жақсылап араластырамыз. Содан соң дайын кремді кондитерлік қалташаға құйып, тәтті нанның арасына тамшының формасына келтіріп құйып шығамыз. Осылайша айналдыра тамшыларды құйып, ортасына кремді тұтастай жаға салуға болады. Енді тәтті нанның екіншісін кремнің үстіне қойып, оған да дәл осылай тамшылар жасайсыз. Ал, торттың беткі қабатын өз қалауыңызша әсемдесеңіз болады. Ал, жалқауланып тұрған болсаңыз, осы кремді беткі қабатына да тамшылатын құйып шығыңыз. Сонда өте дәмді әрі әдемі Вупи Пай торты да дайын! 7. Тортты 2-3 сағат тоңазытқышқа салып қойған дұрыс. Сонда крем тәтті нандарға сіңіп, дәмі кіре түседі.

Дайындаған: Құрманкүл Әти, ERNUR.KZ

15 минутта дайын болатын шелпек .

Шелпек пісіруге көп уақытыңызды жоғалтпайсыз. Мынадай 15 минуттық шелпек рецептін біліп алсаңыз тез-ақ дайындауға болады.

Қажетті өнімдер:
1. 2 стақан ұн
2. 200 гр. қаймақ
3. 2 ас қасық май
4. Жарты шай қасық ас содасы
5. Қант
6. Тұз

Салмаға:
1. 100 гр. брынза
2. 3 дана жұмыртқа
3. 4-5 тіс сарымсақ
4. 2,5 ас қасық майонез.

Дайындалу тәсілі:
1. Алдымен табаға қаймақ пен майды құйып, тұз, қант қосып, араластырыңыз. Сосын осы араласпаға аз-аздан ұнды салыңыз. Сөйтіп қамыр илеңіз.
2. Енді салманы дайындау қажет. Ол үшін жұмыртқаны қайнатып, суытып алыңыз. Қабығын аршып, тураңыз да, үккіштен өткізілген брынза, майонез, майдалап туралған сарымсақпен араластырасыз.
3. Қамырды 4 бөлікке бөліп, жаясыз. Жайылған шелпектің арасына брынза салмасын салып, қамырды біріктіріп, дөңгелек шелпек формасына келтіресіз. Сосын қолмен басып жайып, қызып тұрған майға салып қуырады. Шелпектердің екі жағын бірдей қызарта қуырып, қалған қамырлардан да дәл осындайшелпектер жасау керек.

Сүтке иленген шелпектер

Қажетті өнімдер:
1. 500 гр. ұн
2. 25 гр. ашытқы
3. ½ стақан сүт
4. Азырақ тұз
5. 2 ас қасық қант
6. 7 ас қасық өсімдік майы қажет.

Себелеу үшін:
1. 200 гр. сыр
2. 3-4 тіс сарымсақ
3. 5 ас қасық май
4. Азырақ насыбайгүл мен бұрыш.

Дайындалу тәсілі:
1. Кастрөлге сүт құйып, тұз бен қантты салыңыз. Бір қайнатып, суытасыз да жылыдай ашытқыны саласыз. Ашытқы көпіршігенше күте тұрыңыз. Оған дейін сырды үккіштен өткізіп, сарымсақты майдалауға болады. Сөйтіп маймен араластырып қойыңыз.
2. Енді қамырды илеп, бірнеше бөлікке бөлесіз. Әр қайсысынан шелпектер жайып, арасына май жағамыз да, сарымсақты сырды себелеп, қамырды бір-біріне жабыстырыңыз. Сөйтіп қолменшелпек жасап, пеште, немесе майда пісіріп ала бересіз.

Дайындаған: Құрманкүл Әти, ERNUR.KZ

КӨК ШАЙДЫ варикозы бар жандарға ІШУГЕ БОЛМАЙДЫ

Түк зияны жоқ, қай жағынан болса да тек пайдалы азық-түлік болмайды.

Деннің саулығын ойлайтын қаqсыбір жан болмасын, мұны білгені жөн. Жер бетінде ешбір зияны болмайтын, тек пайдалы ғана жағы бар азық-түлік болмайды. Бүгін осы жайында ақпарат беріп өткен артық болмас.

Көк шай
Көк шай – ең пайдасы мол азық-түлік қатарына кіреді. Жер бетінде адамзат пайда болғалы және шайдың қасиетін білгелі бұл көк шай әлем елдерінде пайдалы жағынан танымал. Ас қорытуды жақсартады, ыстық мезгілде құтқарушы, микроэлементтерге бай. Соынмен қатар, дәрумендер мен антиоксиданттар да құрамында көп. Бірақ, кемшілігі де жоқ емес. Яғни, зияны да бар. Көк шайдың құрамындағы К про-дәрумені ағзада артып кетсе, көктамырларда тромбоздың асқынуына апарып соғады.

Кімдерге ішуге болмайды?
Варикозы бар жандар көк шайды мөлшермен ғана тұтынуы керек. Ал көктамырда тромбозы бар жандарға мүлде ішуге болмайды.
ҚАН ҚЫСЫМЫ: қандай кезде адам АЖАЛ құшуы мүмкін?

Сарымсақ пен пияз
Иә, сарымсақ пен пияз өте пайдалы. Суықтауда керемет көмекші, жүрек ауруларында да пайдасы орасан. Тіпті, қатерлі ісіктің кейбір түрлерін емдеуде де өзіндік қосар үлесі бар. Айта берсек, ұзыннан-ұзақ мақала шығады.

Кімдерге жеуге болмайды?
Сарымсақ пен пияз бүйрек ауруларында, өткір және созылмалы гастритте, асқазан жарасы мен он екі елі ішек ауруларында қарсы көрсетілімі бар. Сонымен қатар, антикоагулянттарды қабылдап жүргенде сарымсақ пен пиязды жеуге мүлде болмайды. Себебі, ол қанды сұйылтады.

Теңіз балығы
Дәрігерлердің өзі теңіз балығын аптасына 1 реттен артық жемеуге ұсыныс жасап отырған көрінеді. Себебі сол – бойында минералды заттар мен дәрумендердің, сондай-ақ, жартылай қаныққан май қышқылының көптігі.
Дегенмен, теңіз балығының құрамында болатын қауіпті зат туралы өте аз айтылады.
Ол – сынап.
Иә, соңғы кездегі теңіз бен мұхиттың ластануы артып бара жатқандықтан теңіз балығы да адам денсаулығына қауіп тудырып отыр. Десек те, қолдан, арнайы хауыздарда өсірілген балықтар бұл кемшіліктен таза деуге болады.

Теңіз қырыққабаты
Йодтың көзі болып табылатын теңіз қырыққабаты да денсаулық үшін аса қажетті тағам. Бірақ, теңіз қырыққабатынан келетін қауіп те бар. Ол өзінің бойына ауыр металдарды жинайды.
Бүгінде теңіз қырыққабатының «тазасы» — қолдан, арнайы таза суларда өсірілгендері ғана болып отыр. Ендеше, теңіз қырыққабатын сатып алғанда абай болған жөн.

Бал
Балдың пайдасы жөнінде жазылған трактаттар жетерлік. Иммунитетті күшейтетіні, құрамы пайдалы заттарға аса бай екені де рас. Күніне бір қасық бал жеген адамның көптеген аурулардың алдын алатыны да шындық. Бірақ оны зиянды етіп алатын өзіміз екен. Сондықтан да оның пайдасынан зияны басым болып кететін көрінеді.
Егер балды 42 градустан жоғары қыздыратын болса, ол барлық пайдалы қасиетінен ажырап, өте зиянды азық-түлікке айналады. Себебі, құрамында оксиметилфурфурол түзіледі. Бұл зат адам ағзасында жинала келіп, бас ауруы, бастың айналуы, жүрек айну мен құсу сияқты белгілерге апарып соқтырады.
Ендеше, балды пісірмелер мен ыстық сусындарға қосарла бір сәтке ойланып алғаныңыз жөн.

Қорыта келгенде…
«Пайдалы екен» деп барлығын қатарынан бетіне қарамай жеп, қолдана беруге болмайды. Кез келген пайдалының арқасында зияны да бар екенін есте сақтаңыз. Азық-түлік қатары өте көп. Арасынан таңдау жасағанда және дайындағанда барлық ережелерді есте ұстауға тиіссіз. Сіздің денсаулығыңыз – тек Сіздің ғана қолыңызда!

Дайындаған: Ә.Уалиханқызы,ERNUR.KZ

Шалбармен колготка кигенді ұнатпайтын қыздарға арналған 4 лайфхак

Шалбардың ішінен колготка кию ыңғайсызды тудырады. Басқа қандай амалы бар?

Шұлық немесе гольф кию
Кашемирден тігілген шұлық, болмаса гольфті шалбардың ішінен кию ең оңай тәсілдің бірі. Өйткені ол жылы әрі колготка сияқты белі болмағандықтан ыңғайсыздық тудырмайды. Сондай-ақ кеңсеңіз жылы болса, шешіп тастауға да ыңғайлы.

Термо-леггинсы
Денеге жабысып тұратын мұндай шалбарлар суық күнде тоңбауыңызға кепіл бола алады. Күнделікті киіп жүруге арналған бұл киімнің матасы өте жұмсақ. Сол себепті ол мүсініңізді бұзбайды және қолайсыздық туындатпайды.

Жылуы бар джинсылар
Джинсы шалбардың қысқы маусымға арналған түрлері бар. Егер жұмысыңыз леггинсы киюге рұқсат етпесе, осындай джинс шалбарларға таңдау жасауға болады. Бұл шалбарлар суық желді өткізбейді, аяғыңызды тоңдырмайды.

Түкті матадан тігілген шалбарлар
Табиғи материалдардың жылуы жақсы болатыны белгілі. Осы себептен де әр қыз баланың гардеробында кашемир мен түкті матадан тігілген шалбар болуы керек. Бірақ бұл маталар теріге ыңғайсыздық тудырады, сол үшін астары барын таңдаңыз.

ERNUR.KZ

Корей қыздарының шаш күтіміндегі құпиясы

Соңғы жылдары кореялық күтім жүйелері бізде трендке айналғаны белгілі. Олардың бояуы, жуынатын заттары, маскалары тағысын тағылар дүкен сөрелерінде толып тұр. Ал бүгін біз корей қыздарының шаш күтіміндегі құпияларына тоқталамыз.

Бас терісіне массаж керек
Кореяның сәнқой қыздары шаштың әдемі болуы үшін, бас терісінің күйі жақсы болуы керек екеніне сенімді. Өйткені массаж арқылы қан айналымы дұрысталып, шаштың да өңі кіреді.

Сульфат және парабені жоқ сусабын
Қолданатын сусабынның құрамында сульфат пен парабеннің болмағаны жөн. Бұл заттар шаштың құрғап кетуіне әсер етеді. Сонымен қатар, әйел денсаулығына айтарлықтай зияны бар. Мүмкіндігінше химиялық элеметтері аз сусабындарды таңдаңыз.

Шашқа арналған маска
Кореялықтардың «тканевый маска» дегенін естуіңіз бар шығар? Бұл маскаларды қап сияқты болады, оны басыңызға киіп аласыз. Оның құрамында шашты нәрлендіретін түрлі дәрумендер бар. Нәтижесінде шашыңыз жұмсақ жібектей болып, ұшталмайтын болады.

Шашты қорғау
Кореялық сұлулар шаштарын күннен, зиянды сәулелерден қорғау үшін арнайы спрейлер мен қоспалар қолданғанды дұрыс көреді. Әрі оны барлық қыздарға ұсынады. Өйткені экологиядағы зиянды сәулелер шаштың көркін кетіреді-міс.

ERNUR.KZ

​Есте сақтау қабілетін жақсартатын емдік сусындар

Есте сақтау қабілетіңіз нашарласа, өмірде көп нәрсе жоғалтасыз.

«Бір сағаттан соң есіме салшы», «Қайда қойғанымды ұмытқаным-ай...», «Есімнен тарс шығып кетіпті» деген сөздерді сіз де жиі айтып жүрсіз бе? Бұл есте сақтау қабілеттің нашарлағанынан дерек береді. Мамандар есте сақтау қабілеттің нашарлауына:

1. Мидағы ақпараттың көптігі;
2. Дұрыс тамақтанбау;
3. Ұйқының қанбауы;
4. Бір орында отырып жұмыс істеу;
5. Жағымсыз әдеттер;
6. Стресс пен күйзеліс себеп болады дейді.
Демек, өміріңізге көп кедергі келтіретін емнен тезірек арылуға кірісіңіз. Ол үшін үйде мына сусындарды дайындап ішсеңіз болғаны.

1. Күніне 3 рет 1/3 стақан қияр сусынын ішіңіз. Бұл есте сақтау қабілетіңізді артырады.
2. Жарты стақаннан қияр мен қызанақ сусынын араластырыңыз. Оған 1 шай қасық сарымсақ сусынын қосып ішесіз. Бұл емдік сусынды күніне екі рет таңертең және кешке қолдану керек. Емді үзбей 1 ай жүргізсеңіз, оң нәтижесін байқайсыз.
3. Жарты стақаннан сәбіз бен қызылша шырынын араластырып ішіңіз. Емді күнде таңертең ашқарынға қабылдау керек.
4. Қаражидек көздің көру қабілетін жақсартатынын білесіздер. Мұның есте сақтау қабілетті арттырып, мидың жұмысын жандандыратын да қасиеті де бар екен. Ол үшін күніне 2 рет жарты стақан қаражидек ішіңіз. Емді таңертең және кешке жүргізу керек.
5. 2 дана ірі пиязды еттартқыштан өткізіп, сүзіп алыңыз. Оған сондай көлемде бал араластырып, 1 ас қасықтан қабілдайсыз. Емді күніне 3 рет қабылдау керек. Емделу мерзімі – 2 апта.
6. Жарты стақаннан грейпфрут пен алма шырынын араластырып ішсеңіз деесте сақтау қабілетіңізді жақсартады.

Ескерту! Халық емін қолданбас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесіп алыңыз.

Ләззат АХМЕТОВА, ERNUR.KZ.

Көлікті дұрыс жуып жүрсіз бе? (кеңестер)

Бүгін біз Сіздерге көлікті қалай жуу керек екені жайлы тәжірибелі жүргізушілер айтқан кеңестердің жиынтығын ұсынамыз.

Көлік жуу туралы не білесіз? Иа, көлікті жуып, тазалап жүрген жақсы. Бірақ оның да кесірі тиеді, өйткені дұрыс жумау көліктің сыртқы көрінісіне теріс әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, жүргізушілер арасында көлік жууға байланысты көптеген заңдылықтар бар.

Көлікті тым жиі жуу зиянды
Көптеген автокөлік иелері: «Жиі жуу көліктің сыртқы келбетін (кузов) бұзады деп санайды. Сонымен қатар, кейбіреулер машинаны сатып алғаннан кейін біраз уақыт жууға болмайды, өйткені бояу қабаты қорғаныш қасиеттерін жинау үшін уақыт қажет», — дейді. Бұларды шындық деп сеніммен айта аламыз. Әрине көлікті сатып алған күні жууға болады, бірақ сізге пайдасы көп болмайды.

Есіңізде болсын! Көлікті қажетсіз кезде жуудың өзіндік зияны бар!

Қолмен жуу – ең қарапайым әдіс
Көлікті қолмен жуу – кірден тазартудың ең оңай жолы. Ол үшін жүргізушіге келесі құрал-жабдықтар қажет: шелек, майланған немесе түкті матадан жасалған сүрткіш, көлік жууға арналған щетка, жұмсақ губка, дөңгелек дискілерін тазалауға арналған щетка, көп мөлшердегі жылы су және көлік жууға арналған сусабын. Ең бастысы су таза болу керек.

Көлікті қолмен жуу өте қарапайым, әрі артық шығын да болмайды!

Арнайы техникалық құралдар пайдалану
Жоғары қысымдағы су пайда болатын құралдың көмегімен жуу тиімдірек. Дәл осы тәсіл арқылы қолмен жуу кезінде қалып қоятын кейбір кірлерден тазартуға болады. Бірақ, су қысымын жабысқан кір қабатының қалың-жұқалығына қарап қою керек. Өйткені, қысыммен тиген су бояу қабатына зиян тигізеді!

Тоннельде жуу
Шын мәнінде, көлікті бұлай жуу адамдар орындайтын қарапайым жуудан кем емес. Себебі, қазіргі заманғы тоннельдерде қолданылатын щеткалар ешқандай із қалдырмайды.

Суға ыдыс жууға арналған сұйықтықты қосуға бола ма?
Кейбіреулер автокөлікті ыдыс жууға арналған сұйықтық қосылған сумен жууға болады деп ойлайды. Дегенмен, Сіз бұлай жасау арқылы кейбір қатып қалған дақтарды ғана кетіре аласыз. Ал, басқа жағдайларда мұндай құралды қолданудың тиімділігі аз, кейде өте қауіпті, өйткені сұйықтықтың құрамына кіретін кейбір ингредиенттер бояу қабатын зақымдауы мүмкін, оны қалпына келтіру үшін Сіз қаржылай шығынға ұшырайсыз.

Ыдыс жууға арналған сұйықтықтан басқа мүлдем қолдануға болмайтын құралдар: құрамында сілті бар құралдар, кір жуғыш ұнтақтар, еріткіштер және т. б.!

Жаңбырдың зияны
Көптеген көлік жүргізушілері жаңбыр жауғанда көлікті жуудың қажеті жоқ деп санайды.Бірақ, олай емес. Арнайы құралдарсыз сіздің автокөлігіңіз таза көрінбейді. Өйткені, жаңбыр ары кетсе шаң мен лайды кетіреді. Сондай-ақ, жаңбыр суы көптеген зиянды қоспаларды алып келеді, бұл ақыр соңында сіздің темір тұлпарыңыздың бояу қабатына зақым келтіреді!

Жаңбырдан қалған көлшіктерге жуу
Кейде жаңбырдан кейін көшеде көлшіктер пайда болады. Сондай-ақ, сол көлшіктерді кешіп, көлігін тазалайтындар да бар. Ол дұрыс емес, себебі мұндай әрекеттен кейін көліктің астыңғы бөлігі және дөңгелектері шіри бастауы мүмкін.

Кез келген матамен сүрту
Көлікті жуғаннан кейін, кейбір жүргізушілер кептіру үшін ескі жейделерді, майлықтар және басқа да қатты маталарды пайдаланып жатады. Бірақ, бұлай жасау зиянды! Себебі, мұндай маталар кірден қалған қалдықтарды жабыстырып алып, бояу қабатына сызықтар түсіреді.

Ең жақсысы – түкті мата немесе арнайы көлік сүрткіштерін (губка) пайдалану!

Көлікті күн ашық кезде жуған жақсы ма?
Әрине, ашық ауа райында көлік жуған барлығына ыңғайлы. Алайда, бұл жерде де мәселелер бар. Өйткені, судан қалған тамшылар күн ашық кезде кеуіп қалады да, даққа күн түскен кезде шағылысу пайда болады.

Кеңестер:
1. «Кузов» салқындағанша көлікті жууға болмайды. Себебі, су қызған кузовпен жанасқан кезде химиялық реакция пайда болуы мүмкін, ол кейіннен тотығуға әкеледі.
2. Егер «кузовтың» бетіне қосымша бояу жағылса, көлікті жуу кезінде су қысымын ең аз мөлшерге қою керек. Өйткені, жоғары қысыммен тиген су бояуды ұшыруы мүмкін.
3. Автокөлікті арнайы жуу құралдарымен айына 1-2 рет қана жуыңыз, өйткені олар да бояу жабынына теріс әсер етеді.
4. Көлік жуған кезде салонға, қозғалтқышқа, құлыптарға су кіріп кетпегені дұрыс.
5. Көлікті қысқы уақытта жабық үй-жайда жуу керек. Әрине, автокөлік иелері өз көліктерін күтіп ұстауды қалайды. Егер Сіз өз автокөлігіңізді жуғыңыз келсе, онда бояу жабынын қалпына келтіруге артық ақша жұмсамас үшін біздің жазғандырымызды есте сақтауға кеңес береміз.

Дайындаған: Б.Ерман, ERNUR.KZ

​«Жол беру» дәстүрі жайлы не білеміз?

Нағашыларды оң қанатқа отырғызады.

Анамның «Ер кісінің алдын кесіп өтпе» деген ескертпесі өмір бойына азық маған. Ер адамнан бөлек, үлкен әже-апалардың да алдын кеспейтінді әдетке айналдырғам. Бірақ жақында қызық жағдай болды. Осы әдетімнен аспай жолда келе жатқан әжені күтіп тұрғанмын. Ол мені көрген бойда дереу тоқтай қалып, «өте бер қызым, ізеттілігіңе рахмет. Өсіп-өн» деп батасын берді. Сонда да жүріп кетуді жөн көрмедім. Мұны байқаған әжей: «Жүкті екенсің қарағым, құрсағыңдағы алтын асықтай ұл болар. Ел тізгінін ұстаған көшбасшы болар. Енді ғана дүниеге келетін болашақ ел азаматының алдынан мен кеспейін» деп маған жол берді.
Әже екеуміздің арамыздағы кішкене ғана сұхбат маған көп жайтты аңғартты. Демек, жол беру тек үлкендерге ғана тиесілі құрмет емес екен. Қазақ халқы «Жол беру» дәстүріне үлкен құрметпен қараған.
Мәселен, үйге қонақ шақырылғанда ауылдың ақсақалдары төрден орын алады. Ал егер көрші ауылдан жасы кіші қонақ келсе, өздері төменге ысырылып, қонаққа төрден орын береді. Сонымен қатар, бата-тілекті де айту алдымен қонаққа ұсынылады. Егер ол жасына қарай үлкен кісілерге бұрса, ел қариялары батасын береді.
Тойға келген қонақтарды дастарқанға шақыратын кезде асабаның сөзіне құлақ түрсеңіз, «нағашылар оң қанатқа, құдалар сол қанатқа жайғасыңыздар» дегенді естиміз. Бұл да жол беру дәстүріндегі қағидалар болса керек-ті.
Қызды да төрге отырғызу қазақ халқында қатаң сақталған дәстүр. Үйге келген қызды «төрге шық, босағамыздан байлық пен береке кетпесін» деп ырымдап жоғарыға отырғызады. Қыздағы құт пен берекені бағалауды пайғамбарлар да ұрпаққа аманат еткен.

Нұх пайғамбар дәуірінде де қыз балаға жасалатын құрмет пен жол беруге ерекше ден қойған.
Нұх пайғамбардың Хам, Сам, Жаппас деген үш ұлы және Уәсила деген қызы болыпты. Пайғамбар үнемі қызына құрмет көрсетіп, оған мүлде дауыс көтермейді екен. Қызы да әкенің қалауын қабағынан түсінетін сұңғыла болып өседі. Нұх дастархан басында отырғанда үнемі қызын үш ұлынан жоғары, төрге отырғызады екен. Бұл үлкен ұлы Самның көңіліне күдік салыпты. «Уәсиланың жасы бізден кіші. Неге менен жоғары отыруы керек. Әкеміз бізді алалайды-ау» деп ойлайды. Бір күні дастарханда отырғанда: – Әке, Уәсила кіші болса да, неге бізден жоғары отыруы керек? Ұлдың мәртебесі әрқашан биік емес пе? – дейді. Нұх: – Біздің ырзық-несібеміздің көп болуы Уәсилаға байланысты. Құт қызды жағалап жүреді. Оны босағаға отырғызсаң, шамданады. Төрге шығарсаң, қуанады. Орны жайлы болса, дастарханнан ас-тағамды үзбейді. Тұрмысыңды түзейді, – депті. Содан бастап Нұхтың үш ұлы қарындасын төрге шығарып, құрмет көрсететін болыпты. Үш ұлынан өрбіген ұрпақ бұл жоралғыны сақтап, берік ұстайды. Қазақ арасында «қызыңды төрге отырғыз», «қызды босағаға отырғызба» деген талап-ырымдар осыдан шыққан екен.
Амандасу салтына келгенде де кішілер үлкендерге алдымен сәлем беру керек. Кей кездерде жасы кіші болғанымен атасы не әкесі үлкеннің жолы үлкен болады.
Жеңгенің жасы кіші болса да күйеуіне байланысты жолы үлкен болады. Кейде жасы кіші болса да қызметі, білімі атақ-абыройы үлкендердің қатарына қосады. Жол беру – кішірею емес, керісінше құрмет пен ізгіліктің белгісі. Жол беру – әдептілік пен көрегенділіктің нышаны. Бүгін осы ізеттіліктен аттамасаңыз, ертең сіздің алдыңыздан ешкім кеспейтін болады.

Ләззат АХМЕТОВА, ERNUR.KZ.

ЖАҚСЫ ЕНЕнің 15 әдеті

«Келінімнің мен «мама» деп атағанын қаламадым. Өйткені, анасы жалғыз, ене ешқашан ананың орнын баса алмайды. «Келінді де қызымдай көрем» деп шатаспау керек, келін келін болғаны секілді, ене де ана болмайды, ене болып қала береді».

Біреудің үкілеп өсірген қызы келін етіп алғаннан соң, аяқты созып, қолды жылы суға малып отыруды қалайды енелер. «Бір отбасы мүшелерін отырғызып қойып, барлығын өзі істейтін, зыр жүгіріп аяғы жерге тимейтін» келінді тек ертегіден ғана еститін шығармыз.
Сондықтан, енелер мен болашақ енелер өмірге шынайы көзбен қарағаны дұрыс шығар.
Себебі, ұл сіздікі болса да, оның өмірі сіздікі емес.
Отбасындағы тыныштықты қалайтын, ұлының бақытты өмір сүргенін қалайтын бір ананың қолданған 15 түрлі амалын сіз де қолданып көріңіз, бәлкім пайдасы тиер…

1. Сананы шарлап кететін түрлі жаман ойларға жол бермедім. Құрбыларым, абысындарым өздерінің келіндері жайлы айтқанда салқынқанды қалпымнан таймадым. Олар өздерін келіндерінің ұнатпай жүргенін айтып налығанда көңіл жұбатарлық сөздерімді айтқаныммен, оларды азғырмадым, келіндерін өздеріне қосыла жамандамадым. Өйткені, бір-біріне бөтен адамдар (алғашында ене мен келін бір-біріне бөтен болмай ма? Жылдар өте олар бір-бірінен жақын адамды таппайды) бірден қалай бір-бірін жақсы көріп кете алады? Құрметтеуді, иілуді, тіпті, қорқынышын түсінуге болады, бірақ, адамға бауыр басу үшін уақыт керек. Мен сол үшін келінімді келген күннен бастап мені жақсы көруін талап етпедім.
2. Келінімнің мен «мама» деп атағанын қаламадым. Өйткені, анасы жалғыз, ене ешқашан ананың орнын баса алмайды. «Келінді де қызымдай көрем» деп шатаспау керек, келін келін болғаны секілді, ене де ана болмайды, ене болып қала береді.
3. Ұлымның махаббатын, көңіл аударуын келініммен таласып талап етпедім. Отбасының әуелгі анасы менмін, сондықтан, ұлымның келінімді менен жоғары ұстамайтынына сендім. Екіншіден, ұлымның ақыл-парасаты бұл мәселеге жетеді. Ананы қалай сыйласа, жарына да қамқор болуы тиіс деп ұқтым. Ол ешқашан мені ренжітпейді, отбасын да, сүйген жарының да көңілін таба алады. Үшіншіден, келінмен жағаласып, таласудан да басқа қызықтар бар бұл өмірде.
4. Келінімді «балам» деймін. Жағымпаздану емес, баламдай жақын болсын деген ниет. Өзін еркін сезінсін деген тілек. Өзімсінгенім, менікі екендігін сездіргенім.
5. Жас отаудың ішіне тұмсығымды орынсыз сұға бермеймін. Келін неше күнде төркініне бару керек, қанша жалақы алады (жұмыс істесе), тапқан табысының қаншасын менен жасырады деген секілді сұрақтарға басымды қатырмаймын. Мен балаларымды өсіріп-жеткіздім, ендігі кезек келінім де өз өмірін сүрсін, отбасының арбасын өздері сүйретіп үйренсін. 6. Ұлым бойдақ кезіндегідей ұзақ уақыт менімен әңгіме-дүкен құрып отыруын немесе жұмысына ерте тұрып кетіп бара жатқанда үстіне киген киімінің немесе галстугінің жарасып-жараспай тұрғанын сұрауын талап етпеймін. Енді ол менен басқа тағы бір әйелдің көңілін табуы, тыныш өмір сүруі қажет. Баламды қинағанда не ұтамын?
7. Өзі сұрамаса ешқашан кеңес бермеймін. Насихат айтпаймын. Осы кезге дейін айтылған насихатты санасына тоқып үлгергеніне сенімдімін. Егер анасымен ақылдасуы керек шаруалары болса өзі айтады.
8. Егер өзі мені қуантуға асығып, бір жерге ертіп барғысы келсе барамын. Ал, келінмен бірге оңаша қыдырып қайтқысы келсе жолын бөгемеймін. Өйткені, осындайда әңгімелесіп, сырласпаса қашан бір-біріне жақын болады?
9. Келінімді ешкімге жамандамаймын. Мейлі ол жаман бола қойсын, басқалар кемшілігін түзетіп берер ме еді?! Қолынан келсе, әркім өзінің келінін түзеп, тәрбиелеп алсын. Керек болса, өзім тезге салып аламын. Тек жылы сөзімен, жылы қабағымен ағайын-туғанға жақса болды.
10. Ұлымның отбасында шешімі табылмай тұрған мәселе пайда болса, бір бұрыштан қарап отырмай, көмек көрсетуге ұмтыламын. Келініме шұлығы, қол орамалы немесе жейдесі жуылмағаны үшін ұрысып жатса, тазасын шығарып беремін. Ұлымның да мейірімі артады, келінімнің де… Ең бастысы, жанжалдың алдын аламын.
11. «Ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түседі»… Егер де ұлым мен келінімнің бөлмесінен қатты дауыстар шығып жатса, теледидардың даусын көтеріп немесе көршінің үйінен шәй ішуге кетемін.
12. Ұлым мен келінімнің арасында сөз тасымаймын. Ешқашан ұлымнан естіген сөзді келініме, келінімнен естіген сөздерімді ұлыма айтпаймын. Әзірше, олар мені өздеріне сырлас адам деп біледі.
13. Екі жасты өзара жақындастырудың жолдарын іздедім. Отбасылық өмірдің кейбір тұстарында бір-біріне ренжіп, ол реніштерін маған айтып, мұңын шаққанда «сенікі дұрыс» деп соңына дейін тыңдадым. Соңынан ұлыма әйелдің көңілі нәзік болатынын, оның тілін таба білу керектігін, келініме ұлымның мінезін қалай етсе ыңғайластыруға болатынын айтып, бір-біріне жақындастыруға тырыстым.
14. Ең алдымен жүйке жүйемді, денсаулығымды ойлаймын. Келінімнің пісірген асы ұнамаса, жекіріп, айқайлап шаршамаймын. Оған жұмсаған энергиямды тез бірдеңе пісіріп жеуге жұмсамаймын ба? Қиналатын жұмыс жоқ, кірімді машина жуады, үйімді шаңсорғыш тазартады. Келін өз отбасын ептеп алса болғаны.
15. Немерелі болғанда «талай баланы өсіргенмін» деп әр нәрсеге кіріспеймін. Ол заманда басқа еді, қазір басқа. Бесікті тербетіп отыруым мүмкін, бірақ, бала сырқаттанып қалса «өзім-ақ емдеп аламын» демеймін. «Неге дәрігерге жүгіреді болмашыға?», «неге бағасы удай дәрілерді сатып алып, балаға беріп жатыр?» деген сұрақтармен басымды қатырмаймын. Өйткені, баласы үшін ненің жақсы екенін менен гөрі туған ата-анасы жақсы біледі.
Кейбір аналар ұлын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келеді, есесіне келін жәбір көреді. Ұл болса анасының «разылығы» үшін әйелін мазасыз күйге түсіреді, қорлаудан да тайынбайды.
Сондықтан, ұлының бақытты отбасы болғанының куәсі болған ана да бақытты екендігін естен шығармағаныңыз жөн.

Дайындаған: Г.ЖҰМАДІЛДАЕВА, ERNUR.KZ

Су болған аяқкиімді КҮРІШ пен ТҰЗ әп-сәтте кептіріп береді

Әрбір отбасының асүйінен табылатын тұз бен күріш, ас содасының тағамнан да өзге нәрселер үшін пайдасы орасан.

Биылғы ауа-райы қыстан гөрі көктем мен күздің жаңбырлы күндерін көбірек еске түсіріп тұр. Ал мұндай күндерде үстіміздегі киімнен бұрын аяқкиімнен бірінші су өтетіні сөзсіз. Сырт киімдердің су болғаны қорқыныш емес, өзгесін ауыстырып ала қоясың, ал аяқ киімнің бір маусымға екі-үш жұбын алып қоюға көпшілігіміздің шамамыз келе бермесі анық. Сондықтан су болған аяқ киімді тез арада кептіріп ала қою қажет.Ол үшін не істеу керек?
Мұның бірнеше ерекше тәсілдері бар. Соның ішінде аяқкиімді бүлдіріп алмай үй жағдайында қолда бар заттармен тез құрғатудың бірнеше құпиясын біле жүріңіздер.

Аяқ киімді дұрыс әрі тез құрғату үшін бірнеше кеңестерге назар аударған жөн.
1. Былғарыдан жасалған аяқ киімдер ылғалды көтере бермейді. Суға түсе берген соң олардың бастапқы қалпы тез өзгеріске ұшырайды. Сондықтан аяқкиім су болып, ішіне су кірген жағдайда бірден шешіп, құрғатқан жөн.

2. Аяқкиім бүлінбей ұзақ киюге жарау үшін, оны қоятын жер ауа айналатын болуы керек. Бірақ аяқкиім тұрған жердің ауасы тым жоғары болмағаны жөн. Себебі жоғары температурада аяқкиім тез бүлінеді. Бір жағы созылса екінші жағы тарылып қалады. Сондықтан ыстық пеш пен батареяның үстіне, жанына жаюға болмайды.

3. Кептіруден алдын ішіндегі ұлтарақты және бауы бар болса оны да шығарып, аузын барынша ашып қою керек. Ұлтарақ пен бауды батареяға жайып бөлек кептіріп алған жөн.

Газет пен ас содасы арқылы кептіру

1. Аяқкиімді ішінен тез кептіру үшін газет пен ас содасын пайдаланамыз. Мұндай тәсілден аяқ киім кештен таңға дейін-ақ кеуіп қалады. Ол үшін газетті түйіршіктеп аяқ киім ішіне салу керек. Мұндай газеттің беттері жылтыр болмағаны жөн. Газеттерді 3-4 сағат сайын ауыстырып отыру керек.

2. Ас содасын шұлықтың ішіне толтырып алып, аяқкиімнің ішіне салу керек және 3-4 сағат сайын ауыстыру қажет. Сондай-ақ ас содасы ішіндегі жағымсыз иісті де жояды.

Тұзбен құрғату

Ас тұзымен аяқкиім кептіру ерекше тәсілдердің бірі. Тұзды табаға салып орташа отта қыздырып капрон шұлыққа салу керек. Тұздың ыстық емес жылы болғаны дұрыс. Шұлықтың аузын жақсылап бекітіп, аяқкиімнің ішіне салып қою қажет. Егер тұз суып қалып, аяқкиім әлі де дымқыл болса, қайталап ысытып жіберу керек.

Күрішпен кептіру
Ылғалды жақсы тартатын заттардың біріне кәдімгі күріш жатады. Ол үшін қорапқа 3-4 см болатындай етіп күріш салынады. Аяқкиімнің табанын жоғары қаратып, аузын барынша ашып, күріш салынған қорапқа салу керек. Мұндай тәсілмен егер аяқкиім қатты су болмаса бөлме температурасында 3-4 сағатта-ақ құрғап қалады.
Сонымен бірге аяқкиім кептіруге арналған арнайы электр құрылғылары да бар. Олар кішкене кілемше және аяқкиімді іліп қоятын ілгіші бар ұзын түтікше түрінде болады. Бұл екеуін дүкендерден қолжетімді бағаға алуға болады. Электр тогы арқылы жұмыс істейді.

Тағы бір түрі — ультракүлгінді кептіргіш. Мұның бағасы сатылымда қымбат. Бірақ аяқкиім қандай ылғалда болса да 3-4 сағатта құрғатып береді әрі түрлі аяқ тері ауруларының болмауына септігін тигізеді.
Міне, кішігірім құпиялары осы. Аяқкиімдеріңізден су өтпесін! Әрдайым құрғақ та жылы жүргенге не жетсін?!

Дайындаған: Э.Базарбаева, ERNUR.KZ