Тобыр бүйдейді

Білім және ғылым: Тобыр бүйдейді

Үштілдік оқыту жүйесін енгізуге қатысты ФБде белсенді екі тарап пайда болғанын көріп жүрмін, немқұрайлыларды есепке алмағанда. Өзім дәл қазіргі уақытта ортада тұрмын, бірақ жақтамаушылардың жағына жақынырақ тұрмын десем болады. Оған себептер бар.

Министрдің осы мәселе бойынша интервьюлерін қарап шықтым, жақтаушы блогерлердің жазып жүргендерін де оқып жүрмін. Негізгілеріне тоқталып өтсем олар мынадай. Министр де, блогерлер де ағылшын тілінің әлемдік тіл екенін айтады, сөйтеді де ағылшын тілінің маңызын түсіндіруге тырысып, көптеген дәлелдер келтіреді. Бұл тіл қазақтарға үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, күллі әлемнің осы тілді үйреніп жатқанын айтады. Министр бір сөзінде «сонау дамып кеткен Францияның өзі мектептерінің оқу программасына ағылшын тілі пәнін қосып жатыр» деп француз елін мысалға келтіріпті.

Дұрыс қой. Негізі, ағылшын тілінің әлемдік тіл екеніне күмән келтіріп жатқан ешкім жоқ, меніңше. Оны үйренуге қарсы шығып жатқандар да жоқ. Енгізгелі жатқан жүйеге сенімсіздікпен қарайтындардың басым бөлігі ағылшын тілін оқытқанды/үйренгенді/білгенді қолдайды. Олардың уайымы жақтаушылар айтып жүргендей ағылшын тілін білуге қарсылық емес, қарсылардың уайымы мүлдем басқа, олар қазақ тіліне қатысты алаңдайды. Ал министр мен блогерлер үштілдік оқыту жүйесі туралы айтқан кезде бас салып ағылшын тілінің әлемдік ролін айта береді. Министр мен блогерлердің көпшілікке онысыз да белгілі нәрсені сол көпшілікке түсіндірмекке әлектеніп, әсіресе екінші аталғандардың «мыңмен жалғыз алысқан» адамдардай боп өздерімен-өздері шыж-быж боп жүргені қалай? «Ағылшын тілінен тек ақымақ қана бас тартады», «тобыр ғана ол тілдің маңыздылығын түсінбей, босқа ұрандай береді», «мен өз баламның ағылшын тілін білгенін қалайм, ал жалған патриоттар ұрандай берсін» дегенге саятын посттарды оқыдым. Сырттан қызық көрінеді, шынымен. Өйткені шындығында, айтқанымдай, ешкім ағылшын тілінен бас тартып жатқан жоқ, ол тілдің әлемдік роліне де ешкім күмән келтіріп жатқан жоқ. Бұл тілді бәрі үйренгісі келеді. Онда «тобырдың» үстінен күлулерін қалай түсінеміз? Бәлкім қара тобырмен алысқан данышпанның образына кіру арқылы іштегі «менін» қанағаттандыратын шығар, кім біліпті.

Сонымен Францияда ағылшын тілі пәнін оқытыла бастады дейді. Дұрыс-ақ. Бірақ осы айтылған жағдай, яғни Франция мектептерінде ағылшын пәнінің қосылғаны немесе пән сағатының көбейгені, бізде химия, физика пәндері ағылшынша оқытылуы керек дегенді білдіре ме? Францияны не үшін мысалға келтірді? Түсініксіз. «Француздар ағылшын тілі пәні сағатын көбейтіп жатыр, сондықтан біз химия, физикаларды ағылшынша оқытуымыз керек». Логика бар ма осы жерде? Мен көріп тұрғам жоқ. Ағылшын тілінің маңыздылығын көрсету үшін айтты дей салған күннің өзінде, жоғарыда жазғанымдай, ағылшын тілінің маңызы жөнінде және оны үйрену қазіргі заманның талабы екенін ешкім жоққа шығарып жатқан жоқ қой. Яғни ресми һәм бейресми жақтаушылардың дәл осы түсіндіруінде тұщымды дәйек жоқ.

Белгілі жағдай, біздің мектептердегі ағылшын тілі пәнінің оқытылу сапасы нашар. Әйтеуір өзім тек қана мектептегі программа арқылы (репититор мен арнайы курсқа барусыз) ағылшын тілін үйреніп шыққан адамды көрмеппін. Сонда, аталмыш жүйе енгізілгеннен кейін, қазіргі осы оқытылуы сапасыз ағылшын тілі пәнінің орны ертең химия, физика пәндерімен толықпайтынына қандай кепілдік бар? Әрине, мінбеде тұрып есеп бергенде бәрі әдемі естіледі, келісем – химия, физика мұғалімдері арнайы тіл үйрену курстарынан өтеді дейді. Алайда іс жүзінде шетел тілін үйренуге біреу табиғатынан епті боп келсе, енді біреу епсіз болады емес пе? Мәселенің осы тұсы ескерілді ме екен? Бұған мұғалімдердің айтқанды тез қағып алатын жасөспірімдік шақтан өсіп кеткенін қосыңыз.

Хош, мұғалімдер ағылшын тілін үйреніп шықты делік. Тіпті солай болған күннің өзінде (из области фантастики болса да), мен сіздерге айтайын, тілді білу мен сол тілде сабақ беру екеуі екі бөлек нәрсе. Мәселен, қазақ пен орыс тілдерін жетік білсе де дәрістерді тек қана қазақ тілінде беретін ЖОО оқытушыларын білуші едім. Орыс тілінде де дәріс берсе бұл оларға үлкен плюс болар еді, бірақ ондай мүмкіндіктері бола тұра олар одан керісінше ат-тонын ала қашатын. Неге? Өйткені тіл білу бір бөлек нәрсе, ал сол тілде оқушы мен студентті оқыту тіптен бөлек нәрсе. Шешім қабылдап жатқанда мәселенің осы қырлары ескерілді ме?

Келесіде, үштілдік жүйеге көшкен кезде қазақ тілі жаңа технологиямен оқытылады дейді. Қазақ тілін жаңа технологиямен үйрету үшін химия, физикаларды ағылшынға көшіру міндетті емес шығар. Осы екеуінің арасынан байланыс көріп тұрғам жоқ. Яғни бұл да аргумент емес. Ол ол ма, осы жаңа технологиямен оқытылады деген сөздер айтылып жатқан кезде министрдің өзі де сол кезде сұхбат берген екен. Соны кеше ғана қарап шықтым. Блогерлер жаңа технология деп жүрген технология шындығында әлі жасалмаған екен. Оны министр өзі айтып отыр, былай деп:
«… на сегодняшний день методику преподавания казахского языка надо радикально обновить. Работа идёт в двух направлениях: первое, мы разрабатываем новые технологии преподавания казахского языка, включая компьютеры, мобильные приложения для сотовых телефонов там и т.д. То есть когда всё это будет готово, мы покажем чтó будет в электронных учебниках там… Это — раз. И второе, мы собираемся подготовить десять, пятнадцать, может даже двадцать сильных методологов преподавания, и готовить их нужно за рубежом. У нас несколько глобальных центров таких методологов — Университет Гарварда, Гумбольда, университет в Израиле. Поэтому вот мы на сегодняшний день договариваемся, вот с некоторыми уже договорились, чтобы они наших молодых, талантливых методологов приняли на шестимесячные курсы, и после того как они вернутся, мы эти два направления соединяя, надеемся, что с 2017 года начнём в школах менять методику преподавания казахского языка и начнём это с русских школ".
Көріп отырғанымыздай, ешқандай методика да, технология да әлі дайын емес. Үштілдік жүйе арқылы (осыған дейін меңгерілмей келген) қазақ тілі енді меңгеріле бастайды, өйткені жаңа технология, анау-мынау деп, әлі жасалып шығарылмаған өмірде жоқ нәрсеге сенім арту, меніңше, орекеңдер айтпақшы паровоздың алдына түсіп жүгіруге ұқсап тұрған сияқты. Қалай ойлайсыздар?

Соңғы күндері кейбір блогерлер «үштілдік оқыту жүйесі болашақта орыс тілін ығыстыру үшін енгізіліп жатыр, ал соған қарсы боп жатқандар Ресейдің тапсырысын орындап жатыр» дегенді айта бастапты.

Жоғарыда ағылшын тіліндегі химия, физикалардың сапасы қандай болатыны жөнінде күмәнімді жазып кеттім. ШҚО, СҚО, Алматының орыстілді мектептеріндегі Марьванналардың ағылшын тілі курстарын өтіп алып, өз пәндерін енді ағылшынша оқытып жатқанын көз алдыма елестеткім-ақ келді, бірақ еш елестете алар емеспін.))) Меніңше, қағаз жүзінде, жоғарыға есеп берулерде «ағылшын тілінде оқытыбатырық» делінгенімен, іс жүзінде орысша жүреді ғой дейм. Ал қазақ тілінде оқытылатын тарих пәні болса, осы уақытқа дейін қағаз жүзінде оқытылып келген(!) қазақ тілі пәнінің қатарын толықтырады. Бұған күмәнім жоқ десем де болады, өйткені орыс мектептерінде Қазақстан тарихы пәні тіпті орыс тілінде де жақсы оқытылмайды, һәм орыс оқушылары да оны оқуға ынталы емес. Әрине, оқушылар барлық пәндерді дерлік оқуға ынталы бола бермейді деуге болады, алайда бұл жерде дәл Қазақстан тарихы пәнінің жағдайы өзгешелеу – әлгілер ол тарихты мойындамайды, ойдан шығарып жазылған деп біледі, өйткені бала үшін ата-аналардың әңгімелерінен естіген нәрселер, жалпы сол ортада айтылатын көзқарастар көп сенімдірек… («Оқымаса онда осы уақытқа дейін тарихтан емтихан, тестілерді қалай тапсырып келді?» дейтін шығар. Қазақ тілі мен ағылшын тілдерінен сүрінбей өтіп жатқанда, басқадан да солай өтуге болмайды дей аламыз ба?). Айтпақшы, мұғалімдерге ағылшынша үйрететін жаңағы курстарға қатысты мынадай ой кеп қалды. Ақыры курстар арқылы тілді басқа құйып қою мүмкін болса, ендеше орыстілді оқушыларды сондай курстардан өткізіп қазақ тілін бастарына құйып қоя салу әлдеқайда тиімді болмай ма?

Ұзын сөздің қысқасы, «осы жүйе арқылы ағылшын тілі орыс тілін ығыстырады» деп жүргендер негізінен қазақтар көп шоғырланған жерде өскендер ғой деймін, орыс психологиясынан хабарсыз адамдар. Орыстардың басым бөлігі қазақ тілін ешқашан үйренбейді – бұны оң құлақпен де, сол құлақпен де ұғып алғанымыз жөн. Мүмкіндік болса олар статус-квоны сақтап қалу үшін күреседі (бейбіт жолмен де, мүмкіндік туындап жатса(!) тіпті қарумен де). Ал ондай мүмкіндіктер жоқ болса, бұл елден не кетіп тынады, не қоғамнан оқшауланып өмір сүре береді. Мәселен, басқа ТМД елдерімен салыстырғанда Балтық елдерінде орыстілділердің (тілге, статусына қатысты) жағдайы әлдеқайда нашар – Латвия мен Эстонияда көбінің тіпті азаматтығы да жоқ, ал орыс тіліне біздің елдегідей статус берілмеген, және орыстардың басым бөлігі эстон мен латыш тілін білмейді. Сонда да олар ол елдерден көшіп кетіп жатқан жоқ. Соған қарағанда «елден кетіп тынуы» елдің экономикалық ахуалына тікелей байланысты ғой деймін. Жаңалықтардан оқып жатамыз, бізде соңғы жылдары орыстардың көшу қарқыны өскенін айтып жатады. Бұны экономикалық себептерден деп білемін. Ел ішінде тұрып жатқан орыстардың табиғи өсімі де қазақтардың табиғи өсім көрсеткіштеріне қарағанда төмен, қазақтардыкі жоғары. Және, өздеріңіз де білесіздер, туу көрсеткіші қазақтілділер жайласқан аймақтарда жоғары. Бұдан бөлек сырттағы қазақтарды қабылдап жатырмыз. Басқаша айтқанда, осы үрдіс жалғаса берсе болашақта тіл мәселесі өзі-ақ шешімін табар еді. Қазақшаға шорқақ қазақтар болса балаларын болашағы үшін қазақша оқытуға мәжбүр болады. Бәлкім мүмкіндігі барлары елден кететін де шығар. Бірақ ондай Тайчибеков сияқты «идейный мәңгүрттер» тым аз, яғни олардың үлесі роль атқармай қалады. Ал былайша, орыстілді қазақтардың басым бөлігі балаларының қазақ тілін білгеніне ынталы. Яғни осындай үрдістер бола тұра, ұсынылып отырған күмәнді эксперименттің қажеті қанша?

Жарайды, Марьванналардың буыны кетер, орнына ағылшын тілін білетін һәм сол тілде химия/физиканы оқыта алатын жаңа буын келер, сонда осы аралықта оқығандардың білімі не болмақ? Оны да қойшы, уақыт өте келе сапалы оқыту жүйесі қалыптасады дейік. Ол кезде оқушылар ағылшын тілін жетік біліп шығатыны сөзсіз. Министрдің айтып кеткені ақыры орындалар, қазақтардың ағылшыншасы жоғары деңгейге көтерілер. Ал қазақ тілінің жағдайы ше? Қандай болмақ? Химия, физика, бәлкім кейінірек тағы да сондай нақты ғылымдар ағылшын тілінде оқытылатын болар, сонда қазақтарда ғылым тілі дамуын тоқтатады емес пе? Қазіргі мүшкіл ғылым тілін ары қарай дамытудың орнына, бұл керісінше қылқындыру емес пе?

Жазба шашыраңқы боп кетті. Сонда да негізгі ойымды жеткізе алдым ғой деймін. Сонымен, «тобырдың» үштілдік оқыту жүйесін қолдамай отырған себебі осыда, құрметті элитный (хыхыхы) тобыр өкілдері.
Әрі қарай

Масқаралау мəдениеті һəм киберзорлық

Блог - Basic: Масқаралау мəдениеті һəм киберзорлық

Мен билегенді ұнатам. Кəдімгідей еш нəрсені ойламай, терлеп-тершіп. Тек музыка, ырғақ жəне сен. Керемет қой. Бірақ, соңғы уақытта билеуге қысылатын болдым. Ертең құтырған қазақ қыздары масқара болды деген видеоконтентке арқау болармын. Бақайларымды ғана жыбырлатып отырамын енді)))
Арасында бірдеңе жазып, сүйкеп тұрушы едім. Қазір… құрсын, жұрт менің не айтпағымды емес, қатемді іздеп отырады.
Меніңше, интернеттің, жаңа медианың,əлеуметтік желілердің дамуы бізді тым идеал етіп жіберді. Біз қателік жасаудан қорқамыз, өз пікірімізді ашық айтудан қорқамыз (тобыр демей-ақ қояйын, ағысқа қарсы келсең біттің), жалпы саналы ойлаудан қалып барамыз.
Nicolaus Mills айтқан «culture of humiliation» (масқаралау мəдениеті) біздің өмірімізге дендеп енді.
Шетелдік ғалымдар бұл мəдениет салдарының нəтижесі ретінде Тайлер Клементиді көп айтады. Қарапайым колледж студенті. 2010 жылы досымен интимді видеосы тарап, жұрттың масқарасына төзе алмай Вашингтон көпірінен құлап суицид жасаған. Ол кезде ол 18 жаста еді.
Һм, синий кит қорқынышты ма, желіде өлімтік іздеп отырған тобыр қорқынышты ма )))
Жақында желіге құқық қорғау органдары мен журналистердің əдемі ұсынуы нəтижесінде астаналық қыздың топлесс суреттерін, тіпті жеке құжаттарының деректерін біліп қалдық. Оған қарғыс жаудырмаған тобыр өкілі жоқ шығар. Оның қателік жасауға құқы жоқ. Ал біздің оны табалауға, қорлауға, масқаралауға құқымыз бар. Бірақ сол құқықты кім бергенін түсінбедім.
В контакте желісінде күнде болмаса да күнара жеке жазбадағы интим суреттер, скриндер "ұят трафигіне" айналып жатады. Тіпті бірнеше секунд аралығында ғана жарияланатын контентке арналған snapchatтың өзінен «масқаралар» лектеп ағылуда. Ал біз оны ашқарақтанып жұтып, құсып ары қарай таратудамыз.
Сіз бен біз олардың орнында болуымыз мүмкін бе? Ертең дəл сізді не мені жұрт масқаралап, рейтинг жинауы мүмкін емес екеніне сенімдісіз бе? Мен — жоқ. Мен де пендемін. Кейде жақын адамыма intimate суреттер жіберуім мүмкін ғой.
Сонда осы уақытқа дейін қасықтап жинаған абыройың адырам қалады. Білесіз бе, адамгершілікті контенттен гөрі осындай «сұмдық» контенттің таралу жылдамдығы да, географиясы да əлдеқайда ауқымдырақ. Сенбесеңіз дəл қазір бөлісіп көріңізші, бір дертке шалдыққан адамға көмек қажет деген сілтемені жəне əлгі жаға ұстатар топтағы кез келген масқараны. Бірінші контент бір күн салбырап екінші күні лента архивінде ғайып болады. Ал масқара,… ооо, масқараңызға бəленбай лайк басылып, шейр жасалып, дəл қазір оңтүстік мейлі солтүстік) жақта жұртты «о тобалатып» жатыр.
Түсінесіз бе, масқаралау мəдениеті бізді адамгершілік, аяушылық, жанашырлық дефицитіне апара жатыр. Басылған əр лайк, жасалған əр шейр сайын…
Француз психологы, əлеуметтанушысы Серж Московичидің «шағын топтың əсер ету теориясы» бойынша бірнеше адамның үйлескен əрекеті қалың тобырға қарсы тұра алуы мүмкін екен. Жұрт жабыла көміп, тас атқылаған бейбаққа жай жылы сөз жазыңызшы. Мүмкін дəл сіздің сөзіңіз оны суицидтен алып қалып, өмірдің бəрі «масқара» сəттерден құралмайтынын, адамзаттың бəрі тобырдан құралмайтынына сендірер.

Блог - Basic: Масқаралау мəдениеті һəм киберзорлық
Әрі қарай

БҰҰ-дағы ширек ғасыр

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғандығының 25-жылдығын атап өтті. 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Қазақстан әлем елдерінің ең ірі осы отбасына бірауыздан қабылданды.
Біздің елдегі БҰҰ-ның Тұрақты Үйлестірушісі Норимас Шимомураның атынан мерейтойлық күнге байланысты құттықтау оқылды. Құттықтау сөзінде өкіл республиканың барлық маңызды халықаралық бастамалардың белсенді қатысушысы және мемлекеттің ұстанған бағыты тұрақты дамудың мақсаттарына сәйкес екендігін атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев студенттердің, оқытушылардың, құрметті қонақтардың назарын ең беделді әмбебап халықаралық құрылым саналатын БҰҰ рөліне аударды. Университет БҰҰ «Академиялық ықпал» Жаһандық Хабын және Орталық Азиядағы Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО Аймақтық Хабын басқарады, ЮНЕСКО-ның журналистика және тұрақты даму бойынша екі кафедрасы жұмыс істейді. Ұлттық жоғары оқу орны жаһандық мәселелерді шешу бойынша халықаралық деңгейдегі көптеген бастамалар мен ауқымды жобаларды жүзеге асыруда ең белсенді әрі тиімді алаң болып табылады.
Университеттік салтанатты жиынның ең құрметті қонағы ҚР сыртқы істер экс-министрі, БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының бірінші тұрақты өкілі, Төтенше және Өкілетті Елші, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Арыстанбекова болды. А.Арыстанбекова ел тарихына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елдің Біріккен Ұлттар Ұйымына кіру міндетін орындаған тұлға ретінде енді. Осылайша біздің республикамызды әлем мойындады.
Ақмарал Хайдарқызы 1991 жылдың 16 желтоқсанынан – Тәуелсіздікті жариялағаннан бастап елдің ең ірі әлемдік бірлестік қатарына қабылдануына қатысты жұмыстарды күнделікті белсенді түрде атқарғаны туралы айтып қана қоймай, сол жылдардың бейнехроникасы бойынша көрсетті. Сол кезеңді еске ала отырып, БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының бірінші тұрақты өкілі жас тәуелсіз мемлекетке қолдау көрсеткен әріптестеріне, әсіресе, сол уақытта өз қызметіне кіріскен Бас Хатшы Бутрос Бутрос-Галиге алғысын әлі күнге дейін білдіреді. Қазақстанның БҰҰ құрамына енгеннен кейін туылған қазіргі студенттердің көбі Ақмарал Арыстанбекованың БҰҰ Бас ассамблеясы трибунасында алғаш сөз сөйлегенін, БҰҰ Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Қазақ ССР сол кездегі қызыл туының көтерілгенін көріп тарихи оқиғаларды біле алды.
1992 жылы Қазақстан ұйымның 168-ші мүшесі болды. Сонымен қатар, Ақмарал Хайдарқызы өзі мақтан тұтатын ҚазМУ химия факультетінің түлегі. Атаулы күнге орай ол біздің еліміздің БҰҰ мүшелікке кіру жолы туралы жан-жақты әңгімелеп берген «Страницы истории» атты кітабын жарыққа шығарды.
Бүгінде Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі. ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар бойынша елші Майнура Мұрзамадиева өз баяндамасында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ бірнеше рет, атап айтсақ, Бас ассамблеяның 50-ші және 70-ші сессияларында сөз сөйлегенін айтты. Қазақстанның ұсынған көптеген бастамалары қолдау тауып, жүзеге асырылуда. Біз 2017-2018 жылға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болдық, алдағы жылдың қаңтар айы барысында төрағалық жасайтын боламыз. Біздің елімізге әр жылдары БҰҰ Бас хатшылары Бутрос Бутрос-Гали, Пан Гимун, Антониу Гутерриш келген, ал ҚР СІМ қазіргі басшысы Қайрат Әбдірахманов ұзақ жылдар бойы БҰҰ ҚР тұрақты өкілі болған. Жаңа кезең – жасыл технологиялар бойынша БҰҰ орталығын құру жоспарланып отырған EXPO-2017 көрмесі аясындағы ынтымақтастық.
Ширек ғасырлық мерейтойға қатысты шетелдік өкілдіктер тарапынан көптеген құттықтаулар айтылды: Қазақстандағы РФ бас консулы Алексей Деминнен, АҚШ бас консулы Марк Мудиден, Қырғыз Республикасы бас консулы Алиясбек Алымкуловтан, ҚХР бас консулы Чжан Вэйден, Тәжікстан Республикасы бас консулы Акрам Акобировтан, Әзірбайжан Республикасы бас консулы Низами Рустамовтан.
БҰҰ қоғамдық ақпарат департаментінің директоры Властимил Самек халықаралық ұйымның барлық құрылымдары мен институттарының қызметі жер шарындағы серіктестікті нығайтуға, қауіпсіздікті күшейтуге бағытталғанын баса айтты.
Университет студенттері БҰҰ ресми алты тілінде және мемлекеттік тілде барлығын айтулы мерейтоймен құттықтады. Қонақтар БҰҰ 70-жылдығына арналған фотокөрмені қызығушылықпен көріп шықты.
Блог - aida-796: БҰҰ-дағы ширек ғасыр
Әл-Фараби ат.ҚазҰУ
Студенттік баспасөз Орталығы
Әрі қарай

ҰБТ дайындық кітапшасынан бір үзінді - Ермек Тұрсыновтың сұхбаты

Бүгін Ұлттық Тестілеу Орталығының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған дайындық тесттерінің бір үзіндісі желіге шығып, біраз жерде шу болды. Ешқандай негізсіз шу. Негізгі концепттен кесіліп алған үзінді. Тест тапсырып көрген кез келген адамға белгілі нәрсе — алдын ала бір мәтін беріліп, сол мәтін бойынша талдау сұрақтары беріледі. Бұл жерде мәтін берілмей, жалаң сұрақ сияқты болып берілген. Ақпаратты тексермей шығара беру, аяқ астынан шу шығара салу үйреншікті нәрсе болып кетті ғой. Осыған байланысты Фейсбукта өз ойымды білдірген едім:

Егемен Қазақстан газеті Ұлттық Тестілеу Орталығымен жақында серіктес болып, тест кітапшаларын жариялап отыратын болды. Жақсы нәрсе талапкерлер үшін. Бүгінгі бір сұрақ фрагментін көріп, у-шу не туралы екенін білгім келіп, газеттің сайтына кіріп, pdf нұсқасын қарадым. Өкінішке қарай сайтқа тест кітапшасы салынбаған екен. Берілген сұрақтың толық мәтінін оқығым келіп еді. Алдымен соны біліп алу керек сияқты, босқа шулағанша

Жаңа ғана Ұлттық Тестілеу Орталығынан жеке хабарласып, сұрақтардың толық мәтінін жіберді. Мінекиіңіз, шешіп көріңіз!

Білім және ғылым: ҰБТ дайындық кітапшасынан бір үзінді - Ермек Тұрсыновтың сұхбаты

Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінге берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз».

Қазақтың кино сүйер қауымына танымал кинодраматург, режиссер Ермек Тұрсыновтың телеарнаға берген сұхбаты ұсынылады

Бұдан кейін кино түсірем бе, білмеймін...

-Кино әлеміндегі алғашқы қадамдарыңыз қандай болды?

1.-1992- 93 жылдары Америкада жүргенімде режиссер ретінде алғашқы дебютім болды. АҚШ-тың Юта штатында Солт-Лейк- Сити деген қала бар. Сол жердегі кино мамандарына бірнеше сценарий жазып бергенмін. Бір күні кино түсіру алаңына келсем, режиссер жоқ екен. Стив деген продюсер бар еді, материалды өзімнен артық ешкім білмейтінін алға тартып, фильмді қолға алуымды сұрады. Қысқасы, кино алаңына итергендей етіп шығарды. Бұл кездейсоқ жағдай. Мен режиссер емеспін, негізгі мамандығым – кинодраматург. Сөйтіп басталып кетті. Бірнеше бейнеролик түсірдім. Олардың тапсырысымен әлеуметтік жарнама түріндегі екі фильм түсірдім. Алматыға қайтып келгеннен кейін де сценарий жазуды тоқтатқан жоқпын. «Мұстафа Шоқайды» жаздым. «Қазақфильмнің» президентінің орнына Анар Қашағанова келгенде Ақтан Арым Құбат деген қырғыз режиссеріне берген «Келін» сценарийі бойынша түсіруді «Материалды өзіңнен артық ешкім білмейді, әрі бастағаннан кейін аяғына жеткізу керек» дегенді айтып, кино түсіру алаңына итергендей етіп шығарды. Кейбіреулер режиссерлік үшін
күресіп жүрсе, мен мәжбүрліктен қолға алдым. Сөйтіп аяқ астынан режиссер болып шыға келдім.

–Режиссер ретінде өзіңізді қалай бағалайсыз? Сіздің бойыңызда режиссерлік қасиет басым ба, әлде кинодраматург ретінде мықтысыз ба?

2. –Драматург бола жүріп, көптеген сценарий жаздым. Режиссерге бересің. Кейін кино шыққанда қарасаң, көңілің толмайды. «Әттеген-ай!» дейтін тұстары көп болады. Сценарийді жазғанда бір киноны көз алдыңа елестетіп отырасың. Кино шыққанда қарасаң, сенің алдындағы суретіңмен сабақтаспайды, мүлдем басқа жаққа кетіп қалады. Ештеңе айта алмайсың. Өйткені, режиссердің көзқарасы басқа. Бірнеше рет сценарийлерім ойлағанымдай емес, мүлдем басқа кино болып шыққанда ішімнен өкініп жүрдім. Жалпы, режиссер ретінде біреудің жазған сценарийін түсіре алмаймын. Тек қана өзімдікін түсіремін. Егер бір жерден қате кетсе, тек өзіңнен көресің. Ең бастысы – жауапкершілік. Өзіңе, өз ісіңе деген жауапкершілік. Ешқандай тапсырыспен жұмыс істемеу керек. Жұмысты қолға алдың ба, оны жоғары кәсіби дәрежеде істеу керек. Өз шығармашылығыма баға бере алмаймын. Бірақ, кәсіби дайындықпен келгенім анық.

3. Жауапкершілік дегеннен туады, бір киноға шамамен екі жылдай уақыт кетеді. Бұл аз уақыт емес. Ал менің досым Тимур Бекмамбетов жылына төрт кино түсіреді. Тимурды жақсы көремін. Мәскеуде жүргенде жақын араласатынбыз. Өте дарынды, мықты жігіт. Бірақ, оның кинолары жеңілтек. Көбінесе компьютерге сүйене отырып жасалады. Бұл адамның интеллектісіне байланысты нәрсе емес. Мұнда техникалық, технологиялық интеллект басымдыққа ие болып тұр.

4. Қазір кино түсіру еріккеннің ермегіне айналып кетті. Жақсы кино көргенде адам қуануы керек. Ал қазіргі біздің киноларды көргенде қуана алмайсың. Өйткені, деңгей түсіп кетті. Еліктеу көп. Өз ойымыз жоқ. Жұртты күлдіргіміз келеді. Күлкінің өзі де түкке тұрмайтын болып шығады. Ойсыз. Күлкінің өзінің ар жағында ой болуы керек. Ал қазіргі кинолардағы күлкі – «аха-ха, иха-ха». Бұл дүниелер, яғни соңғы жылдары кино деп түсіріліп, кино ретінде көрсетіліп жүрген дүниелер – кино емес. Баян Есентаева, Нұртас Адамбайлардың түсіріп жүргендері кино деуге келмейді. Мейлі ғой, түсіре берсін. Бірақ, басын ашып алу керек, олардікі ешқандай да кино емес. Басқа нәрсе. Жанрын өзгерту керек шығар, бәлкім. Бұлардың ең басты ойы – ақша жинау. Ал нағыз өнер адамы ақша үшін жазбайды. Мұхтар Әуезов Абайды ақша үшін жазған жоқ. Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықовтар ақшаның құнын білетін, бірақ ақша үшін жазбайтын. Ал қазіргілер о бастан-ақ ақшаны бірінші орынға қояды. Қазіргі кинолардың кино дегеннен гөрі бизнес жобаға келетіні сондықтан болса керек. Киноның аты да өзгерді қазір. Кино түсіруге бел будың ба, бүкіл жан-дүниеңмен соған берілесің, үлкен дайындықпен кірісесің. Басында қорқасың. Ылғи сол. Ал кино біткеннен кейін ауырасың. Өзім әр кинодан кейін 3-4 айдай ауырамын. (500 сөз)

13. Отандық кино жағдайы туралы қай бөлімде ой қозғайды:

A) Төртінші
B) Екінші
C) Бірінші
D) Барлығы
E) Үшінші

14. 4-бөлімде автор кімге кино туралы ойын өзгерту керек деп кеңес береді?

A) Нұртасқа
B) Шәкенге
C) Сұлтанға
D) Абайға
E) Мұхтарға

15. Ермек Тұрсыновтың адами қасиеттері туралы қандай ой түюге болады?

A) Ол –отандық киноиндустрия саласын дамытуға күш салған адам.
B) Ол – жауапкершілігі жоғары және өз ісіне адал адам.
C) Ол – Америкада тәжірибе жинақтаған режиссер.
D) Ол – өз сценарийлеріне кино түсіріп жүрген танымал режиссер.
E) Ол – білімі мен тәжірибесін ұштастыра білген адам.

16. Қай жауап 1-бөліміннің мазмұнына сәйкес келіп тұр.

1. Ермектің режиссер болуына сценарийді өзі жазуы септік болды.
2. Ермектің режиссер болуына кездейсоқ жағдай себепкер болды.
3. Ермек Тұрсынов еркінен тыс режиссер атанды.

A) Үшіншісі
B) Екіншісі
C) Үшеуі де бұрыс
D) Үшеуі де дұрыс
E) Біріншісі

17. Ермек Тұрсыновтың айтуынша, неге кинодраматургтың дайын фильмге көңілі толмайды?

A) Себебі бар атақ режиссерге тиеселі болады
B) Себебі режиссер жұмысын өте жоғары бағалайды.
C) Себебі кинода режиссердің көзқарасы басым болады.
D) Себебі актерлердің ойыны ұнамайды.
E) Себебі драматургтің жауапкершілігі басым болады.

18. Сұхбат қандай мақсатпен алынды?

A) Ермек Тұрсыновтың кино туралы ойын білу үшін
B) Ермек Тұрсыновтың фильмдерін жарнамалау үшін
C) Ермек Тұрсыновты таныстыру үшін
D) Отандық фильмдерге талдау жасау үшін
E) Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайға сын айтқызу үшін

19. Берілген мақал-мәтелдердің қайсысы Ермек Тұрсыновтың айтқан сын сөзіне сәйкес келеді?

A) Жылтырдың бәрі күміс емес.
B) Ер сыншысы – елі.
C) Қорыққан мен қуанған бірдей.
D) Михнат болмай, рахат болмас.
E) Көз – қорқақ, қол – батыр.

20. 3-бөлімде Ермек Тұрсынов Тимур Бекмамбетовке қатысты не айтады?

A) алаңдау
B) күмән
C) мақтау
D) сын
E) ой-пікір
Әрі қарай

Әйелдер асыл жандар

«Еуразия» бірінші арнасының эфиріне сенбі күні 22:30-да шығатын «Кешкі кездесу» бағдарламасы құлпырған көктеммен бірге келетін 8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне арналады.
Мерекелік бағдарламаға өз саласында үздік атанып, топ бастап жүрген қыз-келіншектер қатысты. Бағдарлама қонақтары – отыз жыл бойы дәрігер болып қызмет атқарған Доғдыргүл Молдахалықова, полиция қызметкері Ләйлә Әріпбаева, өзі студент бола тұра, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасаумен айналысатын Торғын Асан, қырық жасында сегіз балалы, бір немерелі болып үлгерген Гүләйым Сағидолла.
Күлімдеген көктемнің өзіндей құлпырған аруларымызды төл мерекелерімен құттықтаймыз!
Әрі қарай

Адам өліп жатып бара не ойлайды ?

Мен дəрігермін. Жұмыс жасайтын бөлімім Анестезиология жəне Реаниматология деп аталады. Яғни жұмыс екіге бөлінеді анестезиология ол адамды дəрілер кушімен өлтіру (қорқпаныз уақытша) жəне реаниматология (өзі өліп бара жатқан адамды құтқару). Бүгін адам өліп бара жатқан кездегі хəлін жазайын.  Реанимация аты айтып тұрғандай адамдар соңғы сапарға (өлуге) келетін бөлім. Бізде адам реанимацияда қайтыс болса больница əкімішілігіне кешірімді болып саналады. Жұмыс болған соң тəулігіне бір екі кейде одан да көп өлімдер болып тұрады. Маған қызық сұрақтын бірі адам өлетінің білсе өлер алдында не ойлайды екен деп. Енді өзі өліп бара жатқан адамнан не ойлайсын деп сұрамайсын, жəне олардын ауыздарында жасанды тыныс аппаратымен байланыстыратын интубациялық түтік тұрады. Байқағаным жасы болсын кəрісі болсын нағыз өлім сағаты келгенде барлығы ана дүниеге асығады. Өлгім келмейді, аман алып қалындаршы деген ешкімді көрмедім. Тек туыстары ғана. Сағаттары санаулы қалғандарының өздері тек өлім сағатын күтіп жатады. Мүмкін Алланың жазғанына қарсы келмейтін шығар
Әрі қарай

Теодор Агриппа Д'Обинье (1552-1630)

Санасы аз болса, қашады ол бірден,
Азапты көреді — бостандық аңсаса.
Ғашықтық дегені — бақыт қой ең таза,
Сәтсіздік пен бопса — махаббатсыз жүрген.
Шаттықтың ұлығы — сұлуды тербеген,
Еркіндік, тыныштық емес пе тегін у?
Білгенге ырыс-құт — сезімге берілу.
Жүректің суығы — тірі өлгенге тең.


Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Теодор Агриппа Д'Обинье  (1552-1630)
Әрі қарай

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ЖАУАПКЕРШІЛІК / ЛАЙЫҚТЫ ЖАЗБАҒА ҒАНА "ЛАЙК" БАС

Инстаграмды ақпарат көзіне айналдырып алдық. Жаңа ән шықса да, бір жерде қар күрелмей жатса да тіпті, қай күні боран соғатынын да осы әлеуметтік желілер арқылы біліп отырамыз. Үлкен ата-әжелеріміздің өзі "Әй, анау интернеттерің не деп жатыр?!" дейтін болған.
Қазір, қолында смартфоны барлардың баршасы журналисттен кем емес. Бірдеңені естіп қалса бірінші болып жариялап, бөліскісі келіп тұрады. Өзіміз де ресми ақпараттан көрі осы WhatsApp немесе басқа да желіден қарай салғанды оңай көріп тұрамыз.
Бірақ, сол ақпаратты инстаграмға жариялап немесе WhatsApp арқылы бөлісіп жатқанда сол жазбамыз үшін қылмыстық жауапқа тартылуымыз мүмкін дегенді ойлай бермейміз. Ал, Сіз, ҚР Қылмыстық кодексіндегі «Жалған мәлімет тарату» деп аталатын бапта ең ауыр жаза ретінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылғанын білесіз ба? Нақтылап айтсам, әлеуметтік желілер арқылы өсек таратқан адамға 5 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу, бас бостандығынан 2 жылдан 5 жылға дейін шектеулі немесе бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мысалы: Сіздің WhatsApp-тағы «Ағайындылар» деген топқа бір туысыңыздан Шет ауданында «Сибирский язва» ауыруынан 5 адам ауыруханаға түсіпті. Ет жемеңдер" деген сияқты жалған, дәлелденбеген хабарлама келіп, оны Сіз "Өзіміз ғой" деген топқа жіберсеңіз, Сіз автоматты түрде «Жалған мәлімет таратушы» болып жазаға тартылуыңыз мүмкін. Өйткені, Сіз, дәлелденбеген ақпаратты халыққа таратып, халық арасында шу шығаруға жол беріп тұрсыз.
Сондықтан да, дәлелденбеген хабарламаны жарияламаңыз, әрі қарай таратпаңыз тіпті «Лайк» баспаңыз!
Блог - ErzhanKhamitov: ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ЖАУАПКЕРШІЛІК / ЛАЙЫҚТЫ ЖАЗБАҒА ҒАНА ЛАЙК БАС
Ғаламтор жат ағымдардың насихат ошағына айналып отырғаны жасырын емес. Діни танымнан хабары аз жастар осындай желілерге кіріп, байқамай біреудің қазған орына түседі. Жақында ғана Ақмола облысында бір жас азаматқа қатысты сот процесі басталды. Ол әлгіндей желіде отырып, жиһадқа үндейтін ақпаратқа «лайк» басқан.
Не үшін кінәлі дейсіз ғой? Жаңағы білместікпен басқан «лайк» сол желідегі жат ағымның насихатын тарату деп есептеледі екен. Себебі, ол өзі оқыған ақпаратқа «лайк» басып қана қоймай, оны өз достарына таратқан болып саналады. Демек, ол ғаламтордағы заңсыз ақпаратты таратушылардың бірі болып есептеледі. «Ол білмеді ғой» деген сұрақ тууы мүмкін. Есіңізде болсын, заңды білмеуіңіз сізді жауапкершіліктен босатпайды.
Жалпы, «лайк» басу деген сол жазып отырған адамның ойымен келісу дегенді білдіреді.
Сондай-ақ, «Vk» әлеуметтік желісінде де топтарға жазылмас бұрын оның жазбаларына мән беріңіз. 1 бет жазбаның 1 сөйлемінде ғана терроризмге шақыру туралы жазылуы мүмкін. Байқамай бөлісіп қойсаңыз немесе «лайк» бассаңыз Сіз де келіскен болып саналасыз. Ол туралы ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабында: терроризмді насихаттау немесе тер.актісін жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты көрсетілген мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату — мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сондықтан, әлеуметтік желіде (WhatsApp) бірдеңені жариялап, таратпастан бұрын ойланыңыз. Қажет па? Дәлелденген ба? деген сұрақтарға жауап іздеңіз.
Қолдан жасалған істің құрбаны болып кетпеу үшін аккаунттарыңыздың қауіпсіздігін қадағалаңыз (күрделі құпия сөз орнатыңыз, бөтен компьютерден желіге кірмеңіз.
Блог - ErzhanKhamitov: ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ЖАУАПКЕРШІЛІК / ЛАЙЫҚТЫ ЖАЗБАҒА ҒАНА ЛАЙК БАС
Әрі қарай

Маған ұнайтын футболшылар

Футбол — ол тек қана алаңдағы ойыншылардың бір доптың артынан қуып, жүгіріп ойнауы ғана емес. Ол- түсіне білген адамға нағыз эмоция, ең… ең… еееееееңң…
Сүйікті командаңа қолдау білдіріп қана емес, жеңілісіне қынжылып, жеңістеріне қуанау. %)
Уооот, әр футбол команданың «Жұлдыз» ойыншылары болады ғой. Барселонада — Месси, Реал Мадридте-Роналду, Атлетико Мадридтің шабуылдаушысы, Франция құрамасының жартылай қорғаушысы һәм шабуылдаушысы-Антуан Гризманн, болмаса Қазақстандық Самат Смақов немесе Бауыржан Исламхан секілді өз фавориттері бар.
Хош, бұлардан бөлек, команданың ішінде ойын кезінде де, ойыннан тыс уақыттарда да адамдарға жағымды, өзіндік орындары мен командасындағы өзіндік атқаратын зор миссиясы бар футболшылар бар. Мысалы, мен үшін Реалда өзіме ерекше ұнайтын бірнеше футболшылар: Марсело, Пепе, Бензема, Бэйл және жаттықтырушы Зидан ))) Бірақ, осылардың ішінде ерекше ұнайтын Марсело. Өткен Испанияныың Ла лигасында травмалар маршы көп болып, Марсело солардың қатарына кіріп кетіп еді.
Шынында, оларсыз матчтар қызықсыз өтті. Енді Чемпиондар Лигасының плей-оффында олай болмайды. Себебі, Бэйлдер қайтып оралды. Өздеріңіз көргендей 3 айдан кейінгі алғашқы матчтың 83' минутында өзінің керемет голын салып үлгерген Бэйл, алғашқы таймда гол салған Мората, гол салуға себепкер болған, әдемі пасстар жасаған Криштиано Роналдо мен Марсело сынды команда тұрғандааааа, Реал осы Лигада чемпиондықты алатынына сенім моооол;)
Блог - AyazhanMuhatai: Маған ұнайтын футболшылар )))
Расында, Мадридтік команданың матчтарын осы Марсело үшін көруге болады. Сырт көзге ерекше позитивті, ештеңе істемесе де бір қарап отырып күлкің келетін, сондай бір қызыыыық адам сияқты көрінеді. :J Әсіресе, шашы *lol* Құдай үйіп-төгіп бере салған ғой )))) Жә, соза бермей позитив ала отырыңыздар)))
Қазір сіздерге Марселоның алаңдағы және алаңнан тыс уақыттардағы қызықтарымен бөліспекшімін ))) Футболға деген, оның ішінде Реалға деген махаббатыңды арттыратыны сөзсіз. Видео Ютубтан алынды)

Әрі қарай

Алаяқтық синдромынан құтылудың 7 әдісі

Жоғары біліміңіз бар, жұмыс тәжірибеңіз де жақсы. Бірақ сізді мазалайтын кей ойлар бар. Өйткені бүгінге дейінгі жетістіктеріңізді бір сәттіліктің арқасында, сәйкестік нәтижесінде немесе басқа бір себепші арқылы болды деп ойлайсыз, кей нәрселерді тым оңай көріп, жұртты алдаған сияқты сезімде боласыз, бір күні жұрт біліп қалып, бетпердеңіз шешіледі деп ойлайсыз. Бұның аты — Алаяқтық синдромы.

Алаяқтық синдромы деген не?

Алдымен мына сұрақтарға жауап беріп көріңіз:

  • Жетістігіңіз сәттілік, дұрыс жер, уақыт немесе бір қателіктің арқасында болды деп ойлайсыз;
  • «Мен істей алсам, басқалар да істей алады» деп ойлайсыз;
  • Жұмысыңыздағы кішкентай кемшіліктерді қатты уайымдайсыз;
  • Кішігірім сынның өзін тікелей сіздің кемшілігіңіз ретінде қатты қабылдайсыз;
  • Тағы бір жетістікке, табысқа жеткен кезде, тағы да басқаларды алдағандай сезімде боласыз;
  • Бір күні басқалар сіздің жұртты алдап жүргеніңізді, негізінде соншама қиын жұмыс емес екенін түсініп қалады деп қорқасыз.

Алаяқтық синдромының бір қызық жері — сіз табысты адамсыз. Тек мұны қабылдай алмайсыз. Резюмеңізді қарап тым артық жазғандай көресіз, болмашы нәрселер жазғандай боласыз. Жұрт жақсылығыңызды айтып мақтаса, тым артық артқандай болады.

Бұл синдромның себеп-салдарын анықтап, құтылу жолдарын іздеп көрейік.

Неге бұлай?

Әлемдегі мәселелердің негізі — ақымақтар мен фанаттар өздеріне қатты сенімді, ал ақылдылар күман толы.
Бертран Рассел, ағылшын философы

Психологтардың айтуынша бұның бір себебі: Даннинг — Крюгер эффекті. Яғни ақымақтау адамдардың өз деңгейлерін шынайы бағамдаулары үшін тәжірибелері және біліктілігі жетіспейді. Сондықтан да олар өздерінің кереметтіктеріне аса сенімді, тіпті негізінде олай болмаса да. Ал тәжірибелі адамдар бұрынғы қателерін, кемшіліктерін білгендіктен, сараптай алу қабілеттері болғандықтан өздерінің мүмкіндіктерін төмен бағалайды, тіпті өздерінікі дұрыс болса да. Бәлкім осының салдарынан болар, төмен деңгейдегі немесе интеллекті төмендер жақсы жерде қызмет етеді де, ақылдылар оларға қызыға қарайды?

Жыныстық тұрғыдан қарайтын болсақ, синдром әйелдерде көбірек кезігеді екен. Мұның бір себебі — әйелдің өзін еркектен төмен көруі болуы әбден мүмкін. Бірақ соңғы зерттеулерге қарағанда, табысты еркектерде де бұл синдром байқалады. Өнер адамдарында, ғалымдарда, шығармашылық адамдарында жиі байқалатын құбылыс. Мысалы, Эйнштейн өзін алаяқ сезінген, «неге адамдар мені соншама қатты бағалайды, пәлендей қиын ештеңе ойлап тапқаным жоқ қой» деп.

Отбасы факторы да маңызды. Кішкентайынан ең мықты нәтиже көрсету талап етілген отбасының балалары есейген кезде өз жетістіктеріне сенбейді-мыс. Олардың ойынша біреудің көмегі, жақындардың қолдауы немесе сәтті оқиғаның арқасында болған нәрсе деп қабылдайды. Сондай-ақ кішкентайынан көп сыналатын балаларда да болады. Өскен кезде әр ісінің сыналуынан қорқатын болады.

Қалай жеңуге болады?

1. Мәселені түсініңіз
Алдымен сізде осындай мәселе бар екеніне көз жеткізіңіз. Алаяқтық синдромы байқалатын адамдармен сөйлесіңіз. Пікірталасыңыз. Қолдаңыз бір біріңізді.

2. Сараптама жасаңыз
Жетістік, табыстарыңызды саралап шығыңыз. Шынымен кездейсоқтық немесе сәттілік пе, әлде шынымен өзіңіз қол жеткіздіңіз бе? Ой елегінен өткізіңіз. Батыл болыңыз. Өзіңізге сеніңіз. Өз бағаңызды біліңіз.

3. Кәсібилігіңізді тексеріңіз
Өзіңізден тәжірибелі адамдармен салыстырудың қажеті жоқ. Жас мамандармен, жаңа түлектермен жұмыс істеңіз. Нені жақсы істей алатыныңызды, тәжірибеңізді байқай аласыз.

4. Перфекционист болмаңыз
Әр нәрсенің ең кереметін жасауға тырыспаңыз. Ең мықтысы сіз болу керек деген нәрсе жоқ.

5. Жетістікке қуаныңыз
Болмашы нәрсе, кішкентай жетістік демей әр табысыңызға қуаныңыз. Оны иемденіңіз. Атап өтіңіз. «Жуу» дәстүрін ұстаныңыз. Бұл маңызды!

6. Өзіңізді дамытыңыз
Біліктілігіңізді арттыратын дәрістер алыңыз. Өз салаңыз бойынша білім іздеңіз. Бір нәтижеге жету үшін емес, өзіңізді дамытуға тырысыңыз.

7. Бетпердеңізді шешіңіз
Алаяқ болмаңыз. Маскаңызды шешіп тастаңыз. Жалғыз сіз ғана мұндай емес екеніңізді біліңіз. Батыл әрекеттер қылыңыз.