Астанада Павлодар облысының мәдени күндері өтеді



Ауқымды іс-шара жан-жақты мәдени-сауықтыру бағдарламаларға толы.

19-20 тамызда Мұңайтпасов, 9 мекенжайындағы «Қазақстан» спорт кешенінің тұрақ алаңында Павлодар облысының тауар өндірушілерінің қатысуымен ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.

Онда өңірдің жүзге жуық өңдеу кәсіпорындары мен шаруа қожалықтары елорда тұрғындары мен меймандарына бағасы қолайлы азық-түліктің кең түрін ұсынбақ. Атап айтқанда: «Рубиком» ЖШС, «Жаңа Роса» АҚ, «КЭММИ» ЖШС, «Ақжар – Өндіріс» ЖШС, «РЭГТайм» ШҚ, «Крендель» ЖШС, «Зерноград» ЖШС, «Галицкое» ЖШС, «Шарбақты Құс» ЖШС, «Победа» ЖШС, «Ақтоғай Агро» ЖШС, «Байет және К» ЖШС. Астанаға барлығы 45 тонна ет және ет өнімдері, 200 тонна картоп, 90 тонна көкөніс және 100 тоннадан аса ауылшаруашылығы өнімі жеткізілмек.

19 тамыз күні сағат 18:00-де және 20 тамыз сағат 11:00-де «Қазанат» ипподромында аударыспақ, теңге алу, қазақша күрес, көкпар, тоғызқұмалақ, жамбы ату, тас көтеру сынды ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық-бұқаралық шаралар, сондай-ақ құсбегі және тазы көрмелері, сонымен қатар өңірдің шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасы өтеді.

19 тамызда «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде «Ертіс – қимақтар өзені» атты көрме ашылады. Елорда тұрғындары мен қонақтары 19-20 тамыз күндері сағат 11:00-19:00 аралығында көрме экспонаттарын тамашалай алады.

19 тамыз сағат 18:00-де М.Омаров көшесі, 47а мекенжайында орналасқан Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры Қ. Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы» атты лирикалық комедиясын қояды.

20 тамыз сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін павлодарлықтар Хан Шатырдың маңындағы Көшпенділер қалашығында «Дәуірлермен ұштасқан туған жер» атты фотожұмыстар көрмесін ұсынады. Чехов атындағы облыстық драма театры Желтоқсан көшесі, 72а мекенжайында орналасқан М.Горький атындағы Мемлекеттік орыс академиялық драма театрында Б. Сологубтың повесі бойынша «Беда от нежного сердца» спектаклін қояды.

20 тамыз сағат 18:00-де, 20 тамыз сағат 21:30-да EXPO аумағындағы амфитеатрда Павлодар облысының мәдениет күндеріне арналған гала-концерт өтеді. 21 тамыз сағат 19:00-де Д. Қонаев көшесі, 14 мекенжайындағы «Has Sanat» галереясында «Халық рухының жерұйығы» атты көрме ашылады. Көрмеге 23 тамызға дейін келуге болады.
Әрі қарай

Астана мешіттері «Мектепке жол» акциясын қолдайды

Астана жаңалықтары: Астана мешіттері «Мектепке жол» акциясын қолдайды

Елорда мешіттері 300-ге жуық оқушыны жаңа оқу жылына дайындап, 3 мыңға жуық әлеуметтік ахуалы төмен отбасыға жәрдемдесуді көздеп отыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

«Жыл сайын Астана қаласының мешіттері Құрбан айт мерекесі кезінде «Жетеудің бірі бол, Раббың үшін құрбан шал» атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырамыз. Шалынған құрбан малдың етін мешіттерімізге алдын ала түскен тізім бойынша әлеуметтік аз қамтылған, ахуалы төмен отбасыларға таратамыз. Бүгінде қала мешіттерінде 2-3 мыңға жуық отбасы тіркеуде тұр», — деді медиа орталықтың тілшісіне берген сұхбатында «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Марат Бектазинов.

Наиб имам берген мәліметке сүйенсек, Астана қаласындағы 8 мешіттің барлығы «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына жәрдемдесуді көздеп отыр.

«Мешіттердің барлығы бірнеше жыл қатарынан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысып келеді. Биыл да қатысуға дайын. 16 тамыздан бастап мешіттердің барлығы бекітілген тізім бойынша көп балалы, әлеуметтік ахуалы төмен, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, жартылай жетім және толық жетім балаларға қамқорлығы ретінде мектепке қажетті заттармен жәрдемдесетін болады», — деді ол.

«Нұр Астана» мешіті жыл сайын 200-ден аса оқушыны оқу құралдарымен қамтамасыз етіп келді. Мешіт биыл 300-ге жуық бүлдіршінді қамтуды көздеп отыр.
Әрі қарай

Астанада тұрмыс қалдықтарының апатты үйінділерін жою бойынша айлық басталды

Астана жаңалықтары: Астанада тұрмыс қалдықтарының апатты үйінділерін жою бойынша айлық басталды

15 тамыздан бастап 15 қыркүйекке дейін Астанада қала аумағында апатты үйінділерді жою бойынша Астана қ. ІІД жергілікті полиция қызметінің, экология департаментінің, әкімшілік және криминалдық полицияның қатысуымен айлық өткізілуде.

Шара барысында елорданың аумағында сенкцияланбаған үйінділерді болдырған азаматтарды заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту, анықтау және алдын алуға ерекше көңіл бөлінетін болады.

Айта кетейік, табиғатты қорғау инспекторларымен апатты үйінділерді жою мақсатында күн сайын қала аумағында рейдтік шаралар өткізілуде. Олар белгіленбеген жерлерде қоқыс тастайтын азаматтарды табуға бағытталған.

Жыл басынан белгіленбеген жерлерге қоқыс тастағаны үшін 41 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Оларға салынған айыппұл мөлшері – шамамен 2 млн. теңге. Лас суды белгіленбеген жерге төккені үшін 50 жүргізушіге 1 млн. 250 мың теңге сомасында айыппұл салынды.

Жалпы алғанда 2017 жылдың басынан ҚР ӘҚК-нің 505 бабы «Абаттандыру ережелерін бұзу» бойынша 15 500 бұзушылық анықталды.
Әрі қарай

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры тамыз айының 23-24 күндері сағат:19.00 «ЗЕРЕ» атты драманың премьерасын ұсынады.

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры тамыз айының 23-24 күндері сағат:19.00 «ЗЕРЕ» атты драманың премьерасын ұсынады.
Қойылым режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Нұрқанат Жақыпбай. Қоюшы суретшісі – Берік Бурбаев.
Қазақтың ұлт ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты -Ұлықбек Есдәулеттің драматургия бағытындағы алғашқы «Зере» атты пьесасы — Қаллеки театрының актрисасы, Қазақстанның Халық артисі – Гүлжан Әспетованың сахнадағы 50 жылдық шығармашылығына орай, актрисаның табиғи таланты мен ерекше болмысына арнайы жазылған туынды. Қазақ театрының киелі сахнасына 1967 жылы алғаш Қарагөз болып қадам аттаған актриса бүгін, 70 жылдық мерейтойында алғашқы Зере Ана образына жолын ашып, ғұмыр сыйламақ.
Драма кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты роман-эпопеясынан бек таныс классикалық кейіпкерлерді көрермен қауыммен қайта жүздестіреді. Алып — анадан туады. Абайдың әкесі Құнанбайдың ағасұлтан болмас бұрын, жас шағында дана, мейірбан анасы Зереден алған тәлім-тәрбиесі тектіліктің нышанына айналады. Зере – от басы, ошақ қасындағы өктем бәйбіше ғана емес, елінің мұң-мұқтажын, қайғы-қасіретін көре білетін дана, мейірбан ана.
«Қыз тәрбиелей отырып – ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін айтады. Спектакль қазақ қызының түптамырындағы тәрбиесін насихаттайды. Бүгінгі біздің қоғамда белең алған қазақ қыздарына жат мәдениетті бір сәтке ұмытуға ой салады.
Әрі қарай

Рухы мықты елдің еңсесі де биік

Астана жаңалықтары: Рухы мықты елдің еңсесі де биік

Әйгілі «Өркениеттер қақтығысы» теориясының авторы Самуэль Хантингтон «Өркениеттер тайталасында кімнің мәдениеті, иммунитеті басым болса, соның мерейі үстем болады» деп сәуегейлік танытады. Аумалы-төкпелі тарих толқынында жер жүзін жайлаған талай мемлекеттер құрдымға кетіп, өткеннің еншісінде қалғанын жақсы білеміз. Бүгінде ел боламын деген қауым әлемдік мәдениетті, адамзаттың озық жетістіктерін игеруге ұлттық сана иммунитетімен жол табады. Арнольд Тойнбише айтсақ «шақыру» мен оған «жауап беруден» тұратын өркениет өзгерісінде замана көшінен қалмай, уақыт талабының үдесінен шыға білген елдің ғана мерейі үстем болмақ.
Ғалымдар соңғы уақытта жаһандану үрдістерінің жаңаша қарқын алуын, ғылым мен білімнің дамуын, лаңкестік, ғаламдық жылыну, трансшекаралық сулар мен аумақтық даулар, азық-түлік қауіпсіздігі, әлемді жаулаған киберқылмыс түрлері, ұлттық құндылықтар тайталасының өріс алуын негізге алып, осынау сын-қатерлердің алдын алу қажеттігі туралы дабыл қағуда. Славян және қытай өркениетінің, ислам мен батыс өркениетінің тоғысында орналасқан Қазақ елінен бүгінгі заман талаптары нақты тәуекелдер, маңызды қадамдар күтуде. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстан 2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауында жан-жақты баяндалған.
Мемлекет басшысының аталған жолдаумен сабақтаса жазылған «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты бағдарламалы мақаласы Мәңгілік Ел болуды көксеген еліміздің тұғырын нығайтатын берік идеологиялық платформа. Елбасы өз мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деді.
Бұл заманда адам капиталына жетер құндылық жоқ. Сол үшін Мемлекет басшысы жастарға, білімге инвестиция салуға ерекше көңіл бөлуде. Енді білім мен ғылымға негізделген экономиканы, пайдалы өндірісті дамытуымыз қажет.
Елбасының мақаласында жазылған негізгі бағыттарды іске асыру бойынша ел көлемінде қызу жұмыстар атқарылып жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама негізгі 4 кіші бағыттан тұрады.
Олар: «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны».
Елордада «Атамекен» бағыты аясында «Жергілікті бастамалар картасы», «Жомарт жүрек» сынды жобалар қарастырылған. Бұл жобалар қала тұрғындары арасында ізгілік, қайырымдылық, мейірімділік сынды игі қасиеттерді сіңіруді көздейді. Атақты ұстаз әл Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында әрбір адам басқа адамның өмір сүруіне қол ұшын созып, өзара көмектесу арқылы бақытты болатындығы туралы өсиет еткен.
Қайырымдылық халқымыздың бойында бар асыл қасиет. Аталған қасиетті одан әрі жаңғыртуымыз керек. Осы мақсатта Елордадағы ірі кәсіпкерлердің басын қосқан демеушілер клубы құрылуда. Клуб құрамындағы қалталы кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қаладағы маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысына, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсететін болады.
Қазіргі таңда мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында үш бала-бақшаның құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге «Ардагерлерді аялайық», «Туған мекен», «ASTANA ART FEST» сияқты жобалар халықты мейірімділікке үндейтін іргелі жобалар.
Астанада осы уақытқа дейін «Астана – мейірімді қала», «Smile Astana» жобалары да қалың көпшілік тарапынан қолдау тапқан болатын. Осының бәрі халықтың тұрмысын, елдің еңсесін тіктейтін шаруалар ғана емес, адамдардың мінез-құлқы мен көңіл-күйіне әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан мұндай жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
«Рухани қазына» бағыты бойынша «Ұлттық мәдениет», «Дәстүр және құндылықтар», «Ішкі туризм», «Ел бірлігі», «Асыл ұрпақ», «Қасиетті Қазақстан», «Мәдени даму» сынды жобалар қарастырылған.
Елбасының мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі» деген жолдар бар. Осы ретте, «Рухани қазына» бағыты бойынша «Елорда мәдениеті» атты арнайы бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарлама бойынша елордалық өнерпаздар мен мәдениет саласындағы шығармашылық өкілдерінің тек республика көлемінде емес, әлемдік деңгейде танылуына ұлкен жағдай жасалмақ.
Сондай-ақ, «Сакралды Астана» жобасы аясында Елорда аумағында орналасқан 20 тарихи маңызды орындардың жаңғыруына жағдай жасалмақ. Оның ішінде «Бозоқ» қалашығын реставрациялау және оны музейге айналдыру жобасын ерекше атап өтуге болады. Бүгінде археолог ғалымдар Астана тарихының «Бозоқ» қалашығынан бастау алатынын дәлелдеді. «Бозоқ» қалашығы орта ғасырларда Дешті Қыпшақтың стратегиялық маңызды орталығы болған. Бұл Елорда тарихынының мыңжылдықтарға тартатынының дәлелі. Кез келген мемлекеттің тамыры тереңге тартқан сайын, оның рухани өзегі де кемел болмақ.
Алдағы уақытта Астанада «Алғыс айту» күніне орай «Қазақ еліне мың алғыс» монументі ашылады деп күтілуде. Бұл көпэтносты халқымыздың өткен өмірінен сыр шертеді. Қиын-қыстау сәттерде Қазақстанға депортацияланған көптеген ұлттарға жергілікті қазақ халқы бір үзім нанын бөліп беріп, ерекше қамқорлық көрсеткенін жақсы білеміз. Мұны барлық азаматтар білуі тиіс. Бұл ішкі татулығымыз бен бірлігімізді нығайтатын идеологиялық платформа.
«Тәрбие және білім» бағыты аясындағы шаралар өз кезегінде негізгі 4 идея төңірегінде топтастырылады. Олар: «Отаным – тағдырым», «Саналы Азамат», «Өлкетану» және «Кітап – білім бұлағы». Сондай-ақ, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, қазақ тілінде жүз жаңа кітап шығару мәселелері де осы бағдарлама аясында іске асатын болады.
Жастардың білім алуына, олардың өзара коммуникацияға түсуіне, ортақ мақсат пен елдік мүдде жолында жұмыла еңбек етуіне жағдай жасалуда. «Астананың дарынды балалары» фестивалі, «Тал күні» акциясы, «Менің Отаным – Қазақстан» атты слет, «Отбасы – бақыт мекені», «Жау жүрек мың бала» жобалары, мүшәйра сынды іс-шаралар Бағдарламаның табысты іске асырылуын қамтамасыз етеді.
«Ақпарат толқыны» бойынша атқарылып жатқан барлық жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланатын болады.
Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінен үш кезеңнен тұрады. Әр кезеңнің өзіндік сапалық және сандық индикаторлары бар.
Бірінші кезең – 2017-2020 жылдар аралығын қамтиды. Барлық қоғамдық, саяси, іскерлік, әлеуметтік институттары аталған бағдарламаны жүзеге асыруға жұмылдырылады. Бағдарламаны іске асыру бойынша нормативтік-құқықтық база қалыптастырылады. Жұмыстар қарқынды жүргізілетін кезеңі.
Екінші кезең – 2021-2025 жылдар аралығы. Бұл кезеңде негізгі жобалар аяқталады. Орташа мақсатты индикаторларға қол жеткізіледі. Бірінші кезеңдегі жағдаймен салыстырғанда айтарлықтай оң өзгерістер орын алады.
Үшінші кезең – 2026-2030 жылдарды құрайды. Бұл кезеңде «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім», «Қазақ тілін латын графикасына көшіру» жобалары толық жүзеге асырылатын болады.
Қорытындылай келгенде, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы руханиятымызды жаңғырту жолында атқарылуы тиіс дүниелер тізбегін нақты белгілеп берді. Мақсат айқын, құлшыныс зор.
Өткенге ретроспективті көзбен қарайтын болсақ, дүние ойшылдарының көпшілігі кемел адам, кіршіксіз қоғам болудың кілтін іздеген. Біздіңше, данышпан Абай өсиет еткендей өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік пен бекер мал шашпақтық секілді жаман әдеттен арылып, асық болуға шақырған талап, еңбек, терең ой, қанағат пен рақымға ұмтылуымыз керек. Оған Елбасы мақаласында жазылған сана ашықтығы, прагматизм, ұлттық кодты сақтау сынды құндылықтарды қосуға болады.
Сондықтан барша оқырмандарды барынша сергек болуға, ел игілігі жолында жұмыла еңбек етуге шақырамын.

Ерлан Каналимов
Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы
Әрі қарай

Астаналық Арбатта 500-ші қолөнерші тіркелді

Астана жаңалықтары: Астаналық Арбатта 500-ші қолөнерші тіркелді

Бүгінде елордалық Арбатта 500 қолөнерші еңбек етуде. Қолөнершілердің соңғы легі Алматы қаласынан өздерінің бірегей туындыларымен келді.

Әкесі мен баласы: Илья және Константин елордаға жаңа туынды — глюкофон музыкалық құрылғысын алып келді. Музыкалық құрылғының ерекшелігі мен бірегейлігі – музыкалық құрылғыда ойнаудан хабары жоқ кез-келген адам қолдана алады. Музыкалық құрылғыны қалай қолданса да, әдемі әуен шығады, нақты мына тетіктерді басу керек ереже жоқ. Арбаттың негізін қалаушы әрі идея авторы Арай Ордабаева ЭКСПО көрмесі басталғаннан бері елордалық Арбаттың жұмыс нәтижесі жөнінде баяндады.

«Біздің Арбат – шығармашылықтың еркін аумағы. Арбат шығармашылыққа ден қойған адамдардың ордасы, суретшілер, қолөнершілер, қолдан түрлі бұйымдар жасайтын шеберлер, бишілер мен музыканттар мекені. Қазірдің өзінде қолөнершілердің саны 500-ге жетті, олар Қазақстанның түкпір түкпірінен ағылуда. Біз сауда саттықтың 50-ге жуық нүктесін анықтадық»,- деді Ордабаева.

Естеріңізге сала кетейік, ЭКСПО көрмесі қарсаңында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің бастамасымен Есіл өзенінің жағалауында астаналық Арбат ашылған болатын.
Әрі қарай

Астанада азық-түлік өнімдерінің бағасы тұрақты – әкімдік



Қала басшылығы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тұрақтандыру бойынша мақсатты жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

-Бүгінгі таңда екі позиция бойынша бағаның төмендеуі байқалады: қырыққабат 36% және картоп 22%-ға арзандады, — деп хабарлады медиа орталық тілшісіне қалалық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина.

Елордада бір ай бұрын картоптың орта бағасы келісі 186 теңге болса, (09.07.2017 мәліметі бойынша), бүгін келісі 145 теңгенің шамасында, дейді ведомство мамандары.

Тамызда қырыққабат екі есе арзандады. Әлеметтік маңызы бар өнім елорда базарларында ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, келісі 85 теңге шамасында саудалануда. Бір ай бұрын (09.07.2017) көкөністің келісі 133 теңгеден сатылды.

-Жалпы, қала бойынша баға жағдайы тұрақты. Тұрақтандыру үшін ірі сауда нысандарына қарыздар берілді. Олар тауарлардың 10 санаты бойынша 49 атаулы азық-түлікке бағаларын бекітті, — деп ақпараттандырды Г.Ермолдина.

Тамызда қалада тауық жұмыртқасының (бірінші санаттағы) бағасы төмендеді. Нарықта жұмыртқаның 10 данасының орта бағасы 268 теңге: бір ай ішінде 0,7% немесе 2 теңгеге арзандаған.

Сұйық май 15 теңгеге немесе 3,6%-ға төмендеді: өнімнің бір литрі 405 теңгені құрайды.

-Бұдан бөлек, бүгінгі таңда қант бағасы тұрақталғаны байқалады. Бізде тұрақтандыру қоры құрылған. Қазіргі күні ірі сауда нысандарындағы 33 сауда орындарында тұрақтандыру қорынан алынған қанттың бір келісі 260 теңгеден сатылуда, — дейді. елордалық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.

Ет өнімдерінің бағасы тамызда сақталды. Сондай-ақ басқармадағылар жыл соңына дейін сақталуы тиіс деген болжам жасауда.

-Ірі отандық тауар өндірушілермен жасалған келісім аясында сиыр етінің сатып алу бағасы белгіленді. Қазіргі таңда алдыңғы сан бөлігі 1350 теңгені құрайды және жыл соңына дейін сақталады, — деп мәлімдеді Ермолдина.

Айта кетейік, ауылшаруашылығы басқармасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мониторинг жасаған. Бұл мемлекеттік органдар бақылауға тиіс және бағалары шарықтағанда шара қабылданатын өнімдер.

Қазіргі уақытта бұл тізімде азық-түліктің 19 атауы бар. Оған бірінші сұрыптағы бидай ұны, бірінші сұрыптан пісірілген нан, рожки, қарақұмық жармасы, күріш, сиыр еті, (сан, төс бөлігі сүйекпен) және тауық еті, (сан және жілік етімен) және тағы басқалар.

Көкөніс ішінен: картоп, сәбіз, асүй және ақбас қырыққабаты.

Бакалея өнімдері: қант, тұз, күнбағыс майы, сары май, (тұздалмаған, 72,5% кем емес, толтырғышсыз және өсімдік майынсыз) тағы да басқа өнімдер.
Әрі қарай

Алматы облысының ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері Елбасы мақаласын талқылады

Алматы облысының ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері Елбасы мақаласын талқылады
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының бағыттарын талқылау мақсатында Талдықорған қаласында дөңгелек үстел өтті. Оған Алматы облысының ішкі саясат басқарма басшысының орынбасары Сапарғалиев Ж., «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Идигов Атсалим және саяси партиялар, Үкіметтік емес ұйымдар мен тәуелсіз БАҚ өкілдері қатысты.
Елбасымыздың мақаласында ұлттық сананы жаңарту арқылы рухани жаңғырудың қыр-сыры тізбектеліп көрсетілген. Рухани жаңғыру – кезең-кезеңімен атқарылып жатқан елдегі реформалардың жалғасы. Технологиялық жаңарумен шектеліп қоймай, адамның сана-сезімін қатар жетілдіруге мемлекет баса мән берген. Елбасы ұлттық сана мен ұшқыр ой, білім мен бәсеке, прагматизм мен ұлттық бірегейлікті сақтау қағидаттарын мақаласында тізіп берді.
«Бұрын техника мен экономика бәрін шешеді деп ойлаушы едік. Қазір бәрі өзгеріп жатқан заманда ұлттық сана бірінші орында. Егер халық өте білімді болса, ол кез келген нәрсеге аз уақытта бейімделіп, өнеркәсіп, экономика, саясат жөнінен сауатты болмақ. Сондықтан бірінші жетістікке тез жететін экономика емес, ұлттық сана болады. Сонымен қатар, таяудағы он жылда өмір салты түбегейлі өзгереді. Елбасы бұған дайын болу керектігін айтып, жаңа тұрпатты жаңғыртудың ең басты шарты – сол ұлттық кодты сақтай білу керектігін баяндаған», — деді Әміре Әрін.
Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, жобаларға бастау болатын жаңа идеяларымен бөлісті
Әрі қарай

«Астана LRT» әуежайдағы көлікті тұраққа қоюда баға көрсеткішін түсіндірді

Астана жаңалықтары: «Астана LRT» әуежайдағы көлікті тұраққа қоюда баға көрсеткішін түсіндірді

Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайындағы көлік тұрағының баға көрсеткіші жөнінде бүгінгі баспасөз конференциясында «Астана LRT» директоры Рустам Халилев айтып берді.

9 тамызда әуежай аумағында Астана қ. көлік кеңестігінің бірыңғай саясатын іске асыру аясында 806 орынға арналған ақылы тұрақ бойынша пилоттық жобасы іске қосылған болатын.
Ақылы тұрақтың баға саясаты: тұрақ аумағында көлікті қою 30 минут- тегін. Әрі қарай: бірінші сағаты – 300 теңге, келесі сағат — 1500 теңге.

Бұл баға көрсеткіші қала тұрғындары мен қонақтарының қолайлығы үшін бос көлік тұрағын қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласының ескі теміржол вокзалының аумағында орнатылған.

«Астана LRT» ЖШС көлікті ұзақ уақытқа 266 орынға арналған тұрақта қалдыруға кеңес береді, онда бейнекамера орнатылған, тәулікбойы күзетіледі. Көлікті тұраққа қою бағасы 1 тәулікке 2000 теңге.

Оған қоса халықаралық әуежай аумағында жолаушылар өз көліктерін қалдыра алатын тегін тұрақ та бар. Көліктерін тұраққа қалдырып кеткені үшін бастапқыда жолаушылардан 57 мың теңге сомасында ақы талап етілген, кейін олардың бұл ақылы тұрақ екенін білмегені анықталды, осылайша баға саясаты ауысып, олардан небары 2000 теңге мөлшерінде ақы төледі. Осы жағдайға байланысты жолаушыларға әуежай аумағында көлік тұрағының баға саясаты жөнінде ақпарат берілді.

-Біз адамдармен түсіндіру жұмыстарын өткізу керектігін түсіндік, олар көлік тұрағына қатысты ақпаратпен таныс болғаны жөнінде құжатқа қол қойды. Нәтижесінде біз адамгершілік әрі түсіністік танытып, олардан небары 2000 теңге талап еттік. Адамдар әуежайды қайта қалпына келтіру кезінде көлік тұрағы тегін болғанына үйреніп қалған, — деді «Астана LRT» директоры Рустам Халилев

Алдағы уақытта көлік тұрағына кіріп, шыққаны үшін ақы төлеуге мүмкіндік беретін қосымша енгізу жоспарлануда, сондай-ақ абонементтік жүйені енгізу мәселесі де қарастырылатын болады.
Әрі қарай