Жыл басынан бері астаналық 153 мың тұрғын мемқызмет түрін алды

Астана жаңалықтары: Жыл басынан бері астаналық 153 мың тұрғын мемқызмет түрін алды

Ағымдағы жылдың қаңтар – қыркүйек айларында қалалықтарға 153 531 мемлекеттік қызмет көрсетілді деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Қалалық жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, жұмыспен қамту саласында 22079, көші-қон саласында 6406, әлеуметтік салада 12046 қызмет көрсетілген.

Сонымен қатар, әлеуметтік қолдауға 110 мыңнан астам адам ие болды. Әлеуметтік көмектің жалпы соммасы 4 млрд теңгеден асады.

Қазіргі таңда 2018 жылдан бастап жаңа форматта мекен-жай бойынша көрсетілетін әлеуметтік көмекті енгізу бойынша халықты ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғын үй кешендерінде, еңбек ұжымдары мен қала ұйымдарында 224 кездесу өтті.

Бүгінгі күнге дейін жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы 8 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматқа оңалту қызметтері көрсетілді.
Әрі қарай

Жауаптымын бәріне

Блог - quatadis: Жауаптымын бәріне

Егемен елімнің,
Кең байтақ жерімнің.
Орман, тау, көлімнің,
Жазира төрімнің.
Құм, дала, шөлімнің,
Иесі – өзіммін.

Көлдерім құрғаса,
Орманым сиресе.
Тауларым күңіреніп,
Жазирам қураса.
Мекені тарылып,
Аң-құсым шуласа.
Осының бәріне,
Жауапты – Өзіммін!
Әрі қарай

Бір сәттік қиял немесе параллель ғаламшарда

Yйде отыра беріп ішім пысып саяхатқа шықпақ болдым. Алдымен Жапонияға қарай жол тарттым. Төте жүріп отырып Токиоға бір ақ тоқтаппын.Көше толған абыр сабыр адамдар. Бәрі бір жаққа асығып бара жатқандай көрінді. Содан бір жапонды тоқтатып алып сұрадым.
Оу аға мына адамның бәрі қайда бара жатыр?
Ой ана бұрышта жаңадан Бешбармақ хаус ашылыпты соған кетіп бара жатырмыз. Тез бармасақ орын қалмай қалады. Бешбармағы керемет деп жеген адамдар айтып жеткізе алмай отыр. Ал мен асығыспын бауырым деді де ағаң алщаң басып кете барды.
Аа солай ма деп таңғалып тұрып қалыппын. Содан не болса да мен де барып көрейін деп қалың тобырға ілесіп кеттім.
Көп ұзамай ақ әлгі айтқан жерге келдім. Кезектегі адамдардың ұшы қиыры көрінер емес.Есік алдында ою кәзекей киген екі жапон жігіт қолдарында бір бір құман, келген қонақтарға саумайкім деп қолдарына су құйып ішке кіргізіп жатыр.
Қазақ болғанымның пайдасы тиіп кетті де баяғы қазақпыз ғой ға салып ішке кезексіз кіріп кеттім… Ойдоойт деген ай кең залда ине шаншып қоятын да жер қалмапты. Қалқада тұрған қос колонкадан Құрманғазының күйі құйылып тұр. Қос етек көйлек киген жапон қыздары ары бері жүгіріп жүр. Жапондықтар бес саусақтарынан аққан майды жалап жіберіп етті ұрып отыр. Тіпті қазақтардың қол жалайтын әдеттеріне деиін қалай үйреніп алған десейш…

Сөйтсем кәдімгі қазақтың бешпармағының ол жақта аяғы жерге тимей тұр екен. Жапондықтарың балықтарын бір шетке ысырып қойып, қазақтың майлы етін тұтынуды сәнге айналдыра бастапты. Инстаграмды ашып жіберсең екі жапонның бірі «Бүгін үйге доставкамен бешпармақ алдырдық. Besh.kz қа рахмет тез жеткізіп берді, сыйлыққа бір литр қымыз да бар екен» деп бір бірімен жарыса жарнамалап жатады.Көшеде кетіп бара жатқан жігіт жанындағы сүйіктісінен «Жаным бүгін не жейміз» деп сұрай қалса ,қыз наздана еркелеп « Беш жейікші» дейді.Көше тола арнайы бешпармақ дайындайтын мейрамханалар, не керек күнде біреуі ашылып жатады екен. Ірі қара малды қазақстаннан ұшақпен алдыру қолайсыз болғандықтан, жапондықтар жаңа мал өсіру шаруашылығын қолға алғалы жатыр екен.
Содан не керек Токионы аралап болып ендігі Кореяға қарай бағыт алдым.
Азын аулақ қолжүгімді қонақ үйге қоя салып, Сеул көшелерін аралауға шықсаааам…
Алдымда кездескен биік ғимараттың бір жақ бетіне тұтастай бетмай жарнамалап тұрған сұлу қыздың суреті жапсырылыпты. Қыз бір қарағанда көзге таныс ұшырады. Сөйтсем кәдімгі өзіміздің Баян Есентаева. Таңданысымды жасыра алмастан көзімді уқалап жіберіп тағы қарадым.Шатаспаппын… Келе жатып алдымда кезіккен ғимараттардың бәрінде өзіміздің қазақ жұлдыздары. Ерлерге арналған шаш өсіру су сабынын жарнамалап тұрған Лұқпан ағамыз, сақал мұрт қыратын ұстараны жарнамалап тұрған Нұрлан Абдуллин ағамыз, көзілдірік жарнамалап тұрған Қайрат Нұртас.Келе жатып мектептің қасынан өткен кезде үзіліске шыққан бір топ қыздың әңгімесін құлағым шалып қалғаны.
Төреғали оппаның жаңа әнін естідің бе?
Жоқ мен Қайрат оппаны ғана тыңдаймын, жақында киносы да шықты деп естігем енді бізге де тезірек келсе екен эх Қайрат оппа…
Қыздар 91 тобы жаңа ән шығарыпты тыңдап көріңдерші…
Ой қойшы сол 91 ді біздің Корей эстрадасына ұқсаған бәрі бір сарынды поп әндер, киімдері де бір стиль… Төреғали оппаның әндерін айтсаңшы шіркііінн, сахнаға оюлы киім киіп шығып жүрегім қазақ дегенінің өзі неге тұрады… Оқу бітіріп қазақстанға барам да Төреш оппаны тауып алып екінші әйелі болам осыдан қара да тұр…
Ой саған қарамайды ол
Неге?
Қазақ қызға үйленем деп өзі айтып жүрген жоқ па
Бірақ ия… эхх жаңа куәлік жасатам ба қайтсем екен…

Общым Корей елінде қазақ эстрадасы аспандап тұр екен. Біздің жұлдыздарды танымайтын адам жоқ. Интернет теледидар бәрінде жүр… Базардағы жұрт Ернар Айдар, Төреғалидің суреттері басылған плакат, футболка, жастық, саптыаяқ сатып байып жатыр… Корей әншілері әндеріне сұраныс азайып енді ол байқұстар қазақша әндерге кавер жасап айтудан басқа амал қалмапты…
Келесі бағыт сырға толы Индия елі болды. Дели қаласын күні бойы аралап, көрікті жерлерін көріп енді қонақ үйге қайтпақ болдым… Қап сайтан! Қас қылғанда қонақ үйдің әдресін ұмтып қалыппын… Енді қайттім? Салым суға кетіп селқос аяңдап келе жатырмын… Бір кезде бір үйдің жанынан өтіп бара жатып қыстыға жылаған әиел адамның даусы естілгендей болды. Басымды көтеріп көз салсам дауыс әргіректегі қарапайым үйден шығып жатыр екен. Жаздың ыстық күні есікке тұтқан жұқа пердені ашып қарасам ар жағындағы кішкене бөлмеде жалғыз әйелден басқа ешкім жоқ. Жылап отырған да сол екен. Байқұсты сонша мұңға батырған не болды екен деп барлап қарасам, көзім теледидарға түсті. Көгілдір экранда, Меруерт апам Өтекешова иең қайда ақбозат деп көз жасын көлдетіп жатыр екен. Сөйтсем қарапайым үнді әйелі біздің Қыз Жібекке қосылып көңілі босап отырған болды. Бір кезде мені байқап жалт қарады. Қорқып айқайлай ма деп күдіктеніп енді кете берген кезде, әлгі әйел тоқтатып алды. Аман саулық сұрасып жағдайымды айтып едім,қал қалдың астына салды.Құдайы қонақсың ғой деп қояды. Қазақша киноларды көп көреді екен. Қазақ дәстүрлерін бәрін біліп алыпты. Бұрын балам қаладан дискі әкеліп беруші еді, енді кабел телевидиние қостырып көрім болды,әлгі қазақстан телеарнасынан керемет телехикаялар береді деп әңгімесін айта жүріп қазанға ет салды.Менің атым қожа, Батыр Баян, Махаббат бекеті бәрін тегіс көріп тастапты.Бір кезде алдыма буы бұрқырап бір табақ ет келді. Соғымнан қалған ұзынсарыға сақтап қойған пілдің сүр еті шығар деп қоям ішімнен. Сөйтсем сауып, ой тойыс табынып отырған жалғыз сиыры екен. Қойшы сонымен қасиетті малдың етіне тойып алып, күрең масала шайдан сораптадық ау отырып. Таңертеңгісін апам сыбаға деп сыртында Ерке Есмахан суреті бар бір пакет етін беріп шығарып салды.Айтып тұрмын ғой дәстүр пәстүрдің бәрін біледі деп…
Ияя бұл менің қиялымдағы параллель ғаламшарда болған жағдай. Екі мың отызыншы жыл екен деп бір кездері Асылбек Боранбай ағамыз армандап жазған еді. Сол екі мың отызыншы жылға да таяп қалдық. Енді қалған 23 жылда өзгеріс бола ма екен. Қазақ өзін әлемге таныта ала ма екен. Әлем қазақты мойындай ма екен. Әлде сол бұрынғыша жаттың қаңсығын таңсық көріп өтер ме екен бұл қазақ…
Әрі қарай

Астана әкімдігінің екі басқармасы Blockchain технологиясын енгізуді жоспарлауда

Астана жаңалықтары: Астана әкімдігінің екі басқармасы Blockchain технологиясын енгізуді жоспарлауда

Астана қаласының инвестициялар және даму басқармасы мен жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы бірлесе отырып, Blockchain технологиясын енгізу бойынша BitFury салаcының жетекші компаниясымен үшжақты серіктестік меморандумына қол қойды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

«Біз мемлекетке деген сенімділікті арттыру мен анықтылықты қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қызметтер мен рәсімдер үшін жаңа регламенттерді енгізуді қалаймыз. Бұл мемлекеттік сатып алымдар, тендерлерге, жерге, тапсырыстарға қолжетімділік, құрылыс бизнесіндегі жаңа стандарттар мен регламенттер. Қазіргі таңда Астана қаласында ақылы түрде уақытша жерді пайдалануға құқықты сату бойынша аукционды өткізу үшін блокчейн технологиясын енгізу сынамалы жобасын іске асырып жатырмыз», — деді инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров меморандумға қол қою барысында.

Оның айтуынша, аталған технологияны қолдану арқылы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруға, салық және басқа қызметтермен үйлестіру жайлылығын қоса алғанда физикалық байланыссыз құжаттар айналымын электронды жүйеге ауыстыруға болады, нотариалдық қызметтерді қажет етпейді және де енгізілген деректер өзгертілмейді, мемлекеттік ақпараттық ресурстар анықтығына жәрдемдесуге және сыбайлас жемқорлықтын алдын алады.

Ал, жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Анзор Абаев: «Біз қазір бұл жүйенің жұмыс істейтініне сенімдіміз, болашақта аталған технологияны жылжымайтын мүліктің барлық нарығына енгізу мәселесін қарастыруымыз керек», – деді.

Блокчейн – бұл таратылған тіркеулердің технологиясы. Алғашында оны криптовалюталарды жасау кезінде қолданған. Қазіргі кезде Астана қаласының әкімдігі оны мемлекеттік басқару және басқа қызметтерге енгізу мүмкіндігін қарастыруда. «Жер учаскелерін иемдену құқықтарын тіркеу үшін Блокчейн технологиясын пилоттандыру – бұл Қазақстандағы жылжымайтын мүлікті цифрлық түрге ауыстыруға (сандық) тағы бір қадам», – деді Әлішер Әбдіқадыров.
Әрі қарай

Астана қаласында қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді

Астана жаңалықтары: Астана қаласында қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді

Қазан айының 28-29 аралығында Астана қаласында қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Қазақ күресінен өтетін жарысқа әлемнің 40 мемлекетінің спортшылары қатысады, олардың қатарында АҚШ, Қытай, Австралия, Үндістан, Литва, Ресей, Бельгия, Камерун және т/б бар. Қазақ күресі ежелгі спорт түріне жатады. Бүгінгі таңда оның күн өткен сайын танымалдылығы артып келеді. Тіпті, қазақ күресі түрлі той мен салтанатты іс-шараларда өткізіліп жүр. 2016 жылдан бастап ЮНЕСКО оны материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген.

Чемпионат сегіз салмақ дәрежесі және абсолютті дәреже бойынша өтеді. Қазан айынын 27 күні «Хан шатыр» ойын-сауық орталығында спортшылардың салмақ өлшеу және жеребе тарту шарасы өтеді. Ал, 28-29 қазан күндері «Барыс Арена» мұзайдын сарайында жарыс өтеді.

Сайыстың алғашқы күні спортшылар 55, 99, 100, 100+ және келесі күні 60, 66, 74, 82 және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды.

Іс-шараның басты ұйымдастырушысы ЗТБ «Қазақ күресі халықаралық федерациясы».
Әрі қарай

Астананың қай аудандарында жаңа мектептер салынуда (ВИДЕОГРАФИКА)



Осы жылы Астанада 9 900 орынға арналған 9 мектептін құрылысы басталды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Сонымен қатар, қалалық мектептердегі орын жетіспеушілікті жою үшін 2 600 орынға арналған бес жапсырмалы корпус қолданысқа берілді.
Әрі қарай

Әлеуметтік желі 2

Блог - nurbolkarataev: Әлеуметтік желі 2

Соңы. Басы алдыңғы блогта. Әлеуметтік желі жайлы блогымды осымен аяқтайын.

ӘЖ-де кімді оқимын? — деп бас қатырып жүрсеңіз, онда бұл жазбам сіз үшін.

Әр жазбасымен ерекшеленетін, тарихымен тереңнен қазып жазатын Өркен Кенжебекті оқыңыз. Әр жазбасымен ойландыратын, ой қозғайтын Мұрат Есжан, жолдасы Айсәуле Әбілдаеваны. Қыз келіншектер үшін Динара Болат, Марфуға Шапиян, Айна Досқызы. Осы үш сұлудың кітап құмар екенінде есіңізге сала кетейін. IT, SMM қысқаша айтқанда программист деп жалпақ тілде айтып жүрген, жаңа технологияның Джобсы Тимур Бектұрды. Бизнес бастап, тренингтерді тауысып жүрсеңіз Rumi-лік Қуаныш Шонбай мен Мейірбек Жұмабековтың жазбасын қарай жүріңіз. Ағылшын тілін еркін меңгерген, бүгінде журналистік зерттеу жасап кең көлемде сараптамалық мақала жазып жүрген Жолдас Өрісбаевті. Музей ісінің маманы Нұрсерік Жолбарысты. Рухани дүниеңіз шөлдесе, әсерлі жазбасымен Мұхамбетжан Тазабеков ағамды оқыңыз.
Ал әншілер мен сол айналада жүргендерді ешқашан оқуға кеңес бермеймін. Олардың орнына танымдық жазбасымен бөлісіп, ағартушылықты алғы орынға қойған тұлғаларды оқыңыз.
Әрі қарай

Жергілікті полиция қызметі жүргізушілерге ескерту жариялайды

Астана жаңалықтары: Жергілікті полиция қызметі жүргізушілерге ескерту жариялайды

Ауа-райының күрт бұзылуына байланысты Астана қаласының ЖПҚ көлік жүргізушілеріне жол жүру ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

«Жол жүру кезінде көлік апатының алдын алу мақсатында жүргізушілерге автокөліктің дөңгелегін жазғыдан қысқы дөңгелекке ауыстыруға кеңес береді», — делінген Астана қаласының ЖПБ таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары жүргізушілерге күн райының ерекшеліктерін ескеріп, жылдамдық режимін белгіленген көрсеткіштен асырмай, жол белгілеріндегі нұсқаулар мен көлік құралдарының тұрақтау ережелерін қатаң қадағалауға кеңес береді.

«Жаяу жүргіншілерге де жол жүру ережелерін сақтау керек. Ол үшін жолды тек рұқсат етілген жерден өтуі тиіс», — делінген хабарламада.

Астана қаласында температураның төмендеуіне байланысты көктайғақ болады деп күтілуде.

Бүгін Астанада күн бұлтты, жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болады. «Жел оңтүстік-батыстан, батыстан 15-20 м/с соғады. Температура күндіз және түнде +3...+5°С төмендейді», — делінген Қазгидромет хабарламасында.

Синоптиктердің болжамынша 25 қазан күні Астанада күн райы бұлтты, қар жауып, бұрқасын соғады. Жел батыстан, солтүстік-батыстан 15-20 м/с соғады. Түнде температура -3...-5°С, күндіз 0...-2°С.

Бейсенбі күні – көшпелі бұлт, түнде аздаған қар жауады. Жел солтүстік-батыстан 9-14 м/с соғады. Түнде температура -3...-5°С, күндіз — 0....-2°С.

Ауа райының төмендеп, суытуына байланысты көктайғақ болады деп күтілуде. Сондықтан, қалалықтар мен астана қонақтарына көшелерде абай болуын ескертеді.
Әрі қарай

«Қаллеки» театры жаңа маусымды «Абай» спектаклімен ашады

Астана жаңалықтары: «Қаллеки» театры жаңа маусымды «Абай» спектаклімен ашады

Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық театры 26 қазанда 27-ші маусымын жылдағы дәстүр бойынша «Абай» трагедиясымен ашады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Ал М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында 117-ші теарт маусымы аясында А. Пушкиннің «Евгений Онегин» спектаклінің тұсауы кесіледі деп күтілуде.

«Жаңа маусым Астана қаласының 20 жылдығына арналады. Оның шеңберінде біз көрермен қауымды премьералық қойылымдармен қуантпақпыз. Бұл: «Братья Карамазовы», «Лекарь по не воле», «Маленький принц» спектакльдері. Ал бүлдіршіндер үшін біз екі жаңажылдық ертегіні дайындап қойдық. Қайырымдылық таңертеңгіліктерді де өткізетін боламыз», — деп мәлімдеді бүгін жаңа театр маусымына арналған баспасөз маслихаты барысында М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Еркін Қасенов.

«Жастар» театрының биылғы маусымы ерекше. Театр ағымдағы жылы өз 10 жылдығымен қатар, театрдың негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбайдың 70 жылдық мерейтойын атап өтпек. Осыған орай, 25 қазан мен 1 қараша аралығында «Жанарымдағы жалғыз әуен» атауымен «Жастар» театрының үздік қойылымдар фестивалі өтпек.

«Біздің сахнамызда тек түрлі деңгейдегі байқауларда бас жүлдеге ие болған қойылымдар ғана қойылады. Фестиваль аясында біз елдің басқа өңірлерінен әртістерді шақырып, олар үшін кәсіби біліктілікті арттыруға бағытталған арнайы тәжірибелік шеберлік сыныптары мен семинарлар өткізіледі деп жоспарлануда. Бұл: актерлік шеберлік, сахна қозғалыстары, вокал сияқты сабақтар. Кешкі уақытта оқушыларымыз біздің спектакльдерді тамашалай алады. Бұл олар үшін үлкен мүмкіндік. Себебі «Жастар» театрындағы қойылымдар әлемдік стандарттарға сай» — деді «Жастар» театрының директоры Ернар Жұматаев баспасөз маслихатында.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 9 айында Астанада мыңнан астам спектакль көрермен назарына ұсынылды. Олардың 10-ы премьералық қойылым. Қойылымдар 200 мыңнан астам адамды қамтыған.
Әрі қарай

Астанада «Латын әліпбиіне көшу-ұлттық жаңғырудың ұйтқысы» атты жиын өтті

Астана жаңалықтары: Астанада «Латын әліпбиіне көшу-ұлттық жаңғырудың ұйтқысы» атты жиын өтті

Астана қаласында «Латын әліпбиіне көшу-ұлттық жаңғырудың ұйтқысы» атты ақпараттық-түсіндірме жұмысының отырысы өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Астанада қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында білім басқармасы мен №74-ші мектеп-гимназиясының ұйымдастырумен «Латын әліпбиіне көшу-ұлттық жаңғырудың ұйтқысы» атты ақпараттық-түсіндірме жиыны өтті.

Шараның мақсаты латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы терең мағлұмат беру, қоғамдық пікір қалыптастыру. Ата-аналар мен оқушыларға латын әліпбиінің Елбасына таныстырылған үлгісін Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-орталығының қызметкерлері таныстырды.

«Латын әліпбиіне көшуге байланысты ғалымдар мен IT мамандар өз нұсқаларын ұсынды. Оның алғашқы екі нұсқасы қоғамның талқысынан өтуде. Қазірші шарада сол екінші нұсқаны таныстырып, түсіндірмекпіз. Осы нұсқада отыз екі әріп бар. Бұл нұсқанын алғашқы нұсқадан ерекшелігі төл дыбыстарымыз негізгі әліпби қатарынан орын алды және дәйекше арқылы берілді», деп айтты Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-орталығының ғылыми қызметкері Алмажан Қадырханқызы.

Орталық қызметкерінің айтуынша, қазіргі таңда қоғамның 90% елбасына таныстырылған екінші нұсқаны қолдауда. Қазіргі күні латын әліпбиінің екі нұсқасы қоғам талқысынан өтуде. Және қоғам тарапынан ұсынылған ұсыныстар мен ескертпелерді біз ескелеріз деді.

«Бүгінгі іс-шараның өзектілігі латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы оқушылар мен ата-аналарға терең мағлұмат беру және талқылау», деп атап өтті №74-ші мектеп-гимназиясының директоры Жеңіскүл Нүсіпжан.

Шараға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Әрі қарай