Түрік әлемінің үздік математиктері Астанада бас қосты

Астанада түрік әлемінің математика қоғамының VI Конгресі өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Қазанның 2-5 аралығында өткен шараға 20 елдің 100-ден астам көрнекті ғалымдарын қоса алғанда, барлығы 500-ден аса адам қатысты.

Конгресстің ғылыми секциялары математиканың барлық негізгі бағыттарын қамтыды. Төрт күн ішінде ғалымдар алгебра және математикалық логика, геометрия және топология, функция теориясы, дифференциалды теңдеулер мен математикалық физика, ықтималдылық теориясы мен математикалық статистика, есептеу математикасы, басқару теориясы мен оңтайландыру әдістері, математикалық модельдеу, ақпараттық технологиялардың теориялық негіздері, түрік халықтарының математиканы оқыту тарихы мен әдістемесі сияқты бағыттар бойынша өзекті мәселелерді талқыға салды. Конгресстің жұмысына түскен 507 баяндаманың 320-сы тыңдалған болатын.

Конгресстің барысында «Functional analysis in interdisciplinary applications» халықаралық конференциясы, «Inverse and Ill-posed Problems and its applications» шағын симпозиумы, «Non-associative algebras and combinatorics» және «Mathematical Modelling» тақырыптарындағы семинарлар сияқты ерекше шаралар өтті.

Шараға төрағалық еткен Қазақстанның математика қоғамының президенті Бақытжан Жұмағұлов түрік әлемінің математика қоғамының VI Конгресі жұмысының жемісті болғандығын атап өтті.

«Бүгінгі таңда адамзат баласы математикалық модельдерді, ақпараттық технологияларды, компьютерлік, сандық жүйелерді өмірдің барлық салаларында дерлік кеңінен қолданып жүр. Біздің өміріміздің белсенді түрде сандарға айналуы математика ғылымының жетістіктеріне негізделеді. Бүгінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі математика ғылымының дамуына үлкен көңіл бөледі. Біз Конгресстің күн тәртібіне қойылған барлық сұрақтарды қарастырдық. Өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқыладық. Көптеген елдермен пікірімізбен, тәжірибелерімізбен алмастық. Аталмыш конгресс барысында шығарылған ортақ шешімдер түрлі елдердің ғалымдары арасындағы байланысты нығайтып, заманауи математиканың өзекті проблемаларын шешудің тиімділігін арттыратынына сенімдімін», — деді Бақытжан Жұмағұлов.

Сондай-ақ, Конгресс барысында түркітілді елдердің математикалық қоғамы басқармасының отырысы өтті. Онда қоғамның жаңа құрамы сайланған болатын. Қатысушылар бірауыздан түркітілді елдердің математикалық кеңесінің келесі мерзімге президенті етіп танымал ғалым-математик, академик Бақытжан Жұмағұловты сайлап, келесі Конгресстің өтетін орнын анықтады. Түрік әлемінің математика қоғамының VIІ Конгрессі Өзбекстанда өтеді деп шешілді.

Конгресс жұмысының қорытындысы бойынша математика ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан жетекші ғалымдар мен жас математиктер дипломдармен марапатталды.

Айта кетейік, түрік әлемінің математика қоғамының конгресстері 3 жылда 1 рет өтеді. Алғашқы Конгресс 1999 жылы Түркияда өткен болатын.
Әрі қарай

Астана қаласында ауа ластануы тіркелмеген

Астана жаңалықтары: Астана қаласында ауа ластануы тіркелмеген

Қаланың экологиялық интегралды көрсеткіші, ауа сапасы қалыпқа сай, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы Астана қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына сілтеме жасап.

«Жыл басынан бері атмосфералық ауаның тым жоғары ластануы тіркермеген. Егер басқарма атына «Қазгидромет» ШЖҚ-дан ауаның жоғары ластануы туралы ақпарат түссе, ластау ошағы анықталып, ауаны ластауды тоқтатуын талап ететін әкімшілік нұсқама беріледі»,- делінген ведомство мәлімдемесінде.

Қазіргі күнде Астана қаласы бойынша ауаның ластануын анықтайтын 7 бекет жұмыс жасайды.

«Қазгидромет» ШЖҚ-ның мәліметі бойынша тамыз айында ауаның жоғары ластануы тек №3 бекет маныңда тіркелген (Лесозавод аймағы). Оған себеп осы аймақта көліктің көп шоғырлануы», — деп түсіндірді Астана қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы.

Азот диоксидінің 1,5 есе жоғарылауы (орташа тәуліктік концентрация) бұл ауа ластануының бір айлық көрсеткіші, дейді экологтар.

«Қазгидрометтің метеорологиялық анықтамасына сәйкес, бұл жағдай желдің жоқтығынан және «Шапағат» сауда үйі мен Тұран даңғылы бағытында көлік ағынынын көптігінен орын алған. Жәнеде бұл ауа ластануының жоғары көрсеткіші болып саналмайды», — деп түсіндірді жауапты мекеме.

Астана қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сәйкес, Астана қаласында бірінші жарты жылдықта экологиялық көрсеткіш және ауа тазалығы нормативтік көрсеткішке сәйкес келеді.

«Астана қаласынның ауасы өмір сүруге қолайлы және жәйлі», — деп хабарлады басқарма.
Әрі қарай

Астанада жосықсыз үй салушылардың ісін қарастырудың жаңа алгоритмі қабылданбақ

Астана жаңалықтары: Астанада жосықсыз үй салушылардың ісін қарастырудың жаңа алгоритмі қабылданбақ

Шешуді талап ететін үлескерлік құрылысқа қатысушылардың бұл мәселесі сәрсенбі күні Астана қаласы прокуратурасының үйлестіру кеңесінде талқыланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Күн тәртібінде үлескерлік құрылыс саласында проблемалардың қалыптасуы, азаматтардың қаражатты жымқыру себептері, сондай-ақ осы санаттағы қылмыстық істерді тергеу кезіндегі мәселелерді шешу тұрды.

Отырысқа қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун, Астана қаласы ІІД басшысы Амантай Аубакировпен басқа да құзырлы мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.

Астана қаласының прокуроры Болат Дембаевтың айтуынша, соңғы жылдары жосықсыз үй салушылар мен алаяқтардың заңсыз әрекеттерінен 13,5 мыңнан астам азамат зардап шегіп, 53 нысанның құрылысы аяқталмай қалыпты.

«Қала прокуратурасының органдарымен үлескерлік құрылыс проблемаларына ерекше көңіл бөлінеді. Аталмыш проблемалар 2006 жылдан бастау алған. Бұдан кейін «Тұрғын-үй құрылысына үлескерлікпен қатысу туралы» Заң қабылданған болатын. Десек те, заңның қабылдануы ешқандай нәтиже берген жоқ. Үй салушылар оны айналып өтсе керек. Аталмыш мәселені шешу біздің жұмысымыздың басым бағыты», — деді Болат Дембаев.

Прокуратураның деректеріне сүйенсек, қолға алынған іс-шаралардың нәтижесінде жосықсыз 31 үй салушы сотталды. Құрылыс компанияларының 12 жетекшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Болат Дембаев үлескерлердің проблемалы сұрақтарына қатысты жағдай күн сайын мониторингтен өтетінін айтты.

«Прокуратура қызметкерлері күн сайын кеңес беру және заңды көмек көрсетеді. Олардың мүддесі үшін шағымдарды түсіреміз. Бүгінге дейін 4000 азаматтың мүддесін қорғайтын 24 шағым қанағаттандырылды. Бұл нысандар сот шешімімен тұрғын үй – құрылыс кооперативтеріне берілді. Қазіргі таңда олардың бірқатары бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. 7 шағым сот қарауында», — деп атап өтті қала прокуроры.

Айта кетейік, қала прокуратурасымен проблемалы нысандардың құрылысын аяқтай алатын әлеуетті кәсіпкерлер мен инвесторларды іздестіру бойынша түрлі шаралар өткізілуде.

«Құрылысты аяқтау мақсатында инвесторларды тарту бойынша шаралар қолға алынды. Астана әкімдігімен бірлесіп екі жәрмеңке өткіздік, 18 нысанның жобасы таныстырылды. Олардың 9-на инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Төрт нысан бойынша келісім-шарт жасалып, 5 нысан бойынша жобалық құжаттар зерттелу үстінде. Қараша айында үшінші жәрмеңке өтеді деп жоспарланды. Қазіргі таңда сот шешіміне сәйкес үлескерлерге жосықсыз үй салушылардың активтерін беру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді Болат Дембаев.

Прокуратурадағылардың пікірінше, мемлекеттік және құқық қорғау органдары арасындағы қарым-қатынастың жоқтығы құрылысшылардың заңсыз әрекеттеріне қатысты уақытылы шара қолдануға мүмкіндік бермейді. Осы орайда прокуратура МСҚБ мен қылмыстық қудалау органдарының арасында қарым-қатынасты орнатудың тәртібін өзгертуді ұсынды.

Астана қаласы прокурорының орынбасары Алмат Байшұлақов уақытылы әрі тиімді шара қолдану үшін аталмыш кезеңде құқық қорғау органдарында мамандандырылған бөлімшелерін немесе үлескерлердің мәселесін шешумен айналысатын топтарды құру қажет деп есептейді.

«МСҚБ-нан басқа да мүдделі тұлғалардан түсетін ақпаратты мұқият тексеру, үлескерлерді тарту бойынша заңсыз қызметті уақытында тоқтатуға мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды жағдай. Сараптаманы қорытындылай келе, біз үлескерлік құрылыста проблемалардың қалыптасуының негізгі себебі, баспананы мерзімінен бұрын сату болып табылады деген шешімге келдік», — деп түйіндеді Алмат Байшулаков.

Айта кетейік, прокуратураның бастамасымен тамыз айында ХҚК ғимараттарында үлескерлерді қолдау орталығы құрылған болатын. Онда мәселелер қаралып, заңды көмек көрсетіледі. Орталық жұмысын бастағаннан бері 190 азаматты қабылдады.

Елордада «қара тізімге» енген 50-ге тарта құрылыс компаниясы бар. Бұл бағытта әкімшілік жұмыстарды жалғасып жатыр. Бүгінде елорда билігі бақылауға проблемалы 53 нысанды бақылауға алды.
Әрі қарай

Астанадағы проблемалы нысандарда құрылыс қайта жанданады

Астана жаңалықтары: Астанадағы проблемалы нысандарда құрылыс қайта жанданады

Қазан айының басында Астанада құрылысы аяқталмай қалған нысандардың жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкені Астана қаласы әкімдігімен қалалық прокуратура бірлесіп өткізеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Осыған дейін өткен екі жәрмеңкеде проблемалы 17 нысан аукционға шығарылған болатын. Соның жетеуін жәрмеңкеге қатысқан құрылыс компаниялары алған. Яғни құрылысты жалғастыратын инвесторлар табылған.

Ал, осы жолы өтетін жәрмеңкеге тұрғын үй кооперативтері құрылысы тоқтап тұрған 13 нысанды шығарады. Олар: «Тұран Сығанақ», «Триумф Есиль», «Зере 2», «Магистральный», «АРАБИ 2», «Үміт Береке», «Аниса 2,3», «Мой мирный дом», «Жаңа Отан», «Ақниет Экспо», «Рур Нурхат», «Тамаша үй», «Успешный дом» нысандары.

Құрылысы аяқталмаған нысандар жәрмеңкесіне қатысуға 30 құрылыс компаниясы шақырылған.

«Біз проблемалы нысандарды жәрмеңкеге дайындаймыз, ал мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылыс компанияларын шараға қатысуға шақырады. Жәрмеңкеге қатысуға ниет білдірген компаниялар нысандар туралы жан-жақты ақпарат алып, өз шешімдерін айтады», — деп хабарлады «ОДА» үлескерлер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Татьяна Чурсина.

Қазір жәрмеңкеге шығарылатын 13 нысан бойынша үлескерлердің талап-арыздары қанағаттандырылған. Яғни бұл нысандар енді үлескерлердің өздеріне тиесілі. Бұл жұмыс қалай жүзеге асатыны туралы «ОДА» үлескерлер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Татьяна Чурсина айтып берді.

«Біз проблемалы нысандарды жәрмеңкеге шығарамыз, ал нысанға көңіл аударған құрылыс компаниялары қарастырып отырған нысан туралы жан-жақты ақпарат алады және өз ұсыныстарын айтады әрі келіссөз жүргізеді. Егер ниет білдерген құрылыс компания нысанның алғашқы жобалау үлгісін өзгерту, кеңейту, қосымша ғимарат жалғау бойынша ұсыныстар айтса, оны қарастырамыз. Оның барлығы үлескерлермен келісіп шешіледі. Үлескерлер инвестордың ұсынысын қабыл алуға ниетті болуы тиіс. Өйткені, бізге нысанның құрылысы жүріп, тездетіп берілгені жақсы», — дейді төрайым.

Айта кеткен жөн, мұндай жәрмеңке осымен үшінші мәрте өткелі отыр. Ал осыған дейінгі жәрмеңкеде инвесторлар алған нысандарда құрылыс жұмыстары қызу жүруде.
Әрі қарай

Бородюк: "Румындарға тосын тактикамыз дайын"

5 қазан күні Румынияның Плоешти қаласында алаң иелерімен ойнайтын Ұлттық Құрамамыз «Илие Онае» стадионында бүгін баспасөз мәслихатын өткізді.

Футбол, тек қана футбол!: Бородюк: Румындарға тосын тактикамыз дайын

Ұлттық Құрама бас бапкері Александр Бородюк:
— Екі команданың да өздерінше дәлелдейтін нәрселері бар. Румынияда жаңа бапкер, алғашқы ойыны. Әлбетте маңызды матч жеке ол үшін де. Қызық ойын болады деп ойлаймын.

КСРО кезінде Румынияға қарсы ойнадым. Әдемі естеліктерім қалды. Ол кезде мықты құрама болатын. Қазір де жаңа ұрпақ өсіп келеді оларда. Сондықтан екі жақ та өздерін барынша көрсеткісі келеді.

Біздің бірнеше ойыншымыз жарақаттарына байланысты ойнай алмайды. Бірақ футболда ауыстырылмайтын ойыншылар болмайды. Бұл бір жағынан басқаларға шанс. Сол шансты қолдана алулары керек. Өздерін көрсетіп, негізгі ойыншыларға айналуға тырысулары керек. Және жалпы тек өздері емес, өз елдері үшін ойнаулары керек.

Чемпионаттағы турдан кейін Ұлттық Құрамада дайындыққа, ойын философиясын сіңіруге 5-6 күн керек. Сол жағынан кемшілігіміз бар. Бірақ барынша дайындалдық.
Румын құрамасында жаңа бапкер, оның не дайындайтынын біле алмаймыз. Оларда да өзгерістер болатыны анық. Қауіпті ойыншылары көп, әр позицияда мықты ойыншылары бар.

Ертең өзгеше тактикамен ойнаймыз. Тактикалық схемамыз әзір, тосынсый жасауға дайынбыз.
Әрі қарай

Астанада бизнестің қай түрі бюджетке мол салықтық түсімдер кіргізеді?

Астана жаңалықтары: Астанада бизнестің қай түрі бюджетке мол салықтық түсімдер кіргізеді?

Бірінші орында сауда саласы тұр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Камералық бақылаудың көрсеткіші бойынша Астана қаласы қазынасына ең мол салықтық түсімдер қызмет көрсету саласынан түседі екен, себебі, көрсеткіш — 5,4 млрд. теңгеге жеткен.

Екінші орында — тамақтану саласы (салықтық түсім 1,7 млрд. теңге), үшінші орында — пәтерді жалға алу (0,8 млрд. теңге), ал төртінші орын — ойын-сауық және мекендеу саласына тиесілі (0,3 млрд теңге).
Әрі қарай

Астанада көмір тапшылығы жоқ – әкімдік

Астана жаңалықтары: Астанада көмір тапшылығы жоқ – әкімдік

Астана қаласының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, қаламызда қайдан отын сатып алуға болатының айтты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы БАҚ беттерінде және әлеуметтік желілерде Елордамызда көмір тапшылығы сезіліп жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Қазір кей БАҚ-ры мен әлеуметтік желілерде бас қалада көмір тапшылығы сезілуде деген ақпарат тарап жатыр және ол қатты отынның қымбаттауына себеп болуда. Айта кетейік, қазіргі таңда қала бойынша көмір тапшылығы жоқ және болуы да мүмкін емес», — деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығына қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.

Көмірді төмендегі мекенжайлар бойынша сатып алуға болады:

«Жылу НС 2030» ЖШС (Астана, Герцен көш, 6/1, тел.: 43 51 42; «Жылы Алем kz» ЖШС (Абая-Жұбанов қиылысы, Мясокомбинат аймағы); «Астана инвест» ЖШС (Придорожная-1 көш, Герцен көш, 6/2, тел.: 48 67 61); «Север энерго» угольснаб» ЖШС, (Литейная-1 көш); «Ұмар кз» ЖШС (Дулатов көш,182 (центр бетон).

Аталмыш кәсіпорындарға көмір мына кен орындарынан жеткізіледі: «Қаражар» (Шығыс Қазақстан облысы), «Богатырь» (Павлодар облысы), «Майкөбе» және «Шұбаркөл» (Қарағанды облысы).

Орта есеппен 1 тонна көмір 11 800 теңге тұрады.

«Қаламызда көмір жеткілікті және апта сайын толықтырылып отырады», — деп хабарлады Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.

Елордада кәсіпкерлікті дамытуға 476 млн теңге бөлінді



Отбасылық немесе кішігірім кәсіпті дамытамын деген кез келген адам «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында мемлекеттік қолдауға ие бола алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

«Бұл республикалық жаңа бағдарлама. Ол халықтың жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған бөлігіне арналған. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған кімдер? Олар жұмысты өздігінен тауып отырғандар. Көп жағдайда өз кәсібі шеңберінде жұмыс істеп отырған, отбасылық немесе басқа да бір істі жүргізіп отырған адамдар кіреді. Бұл мақсатта тұтас отбасы немесе көршілері, туыстары мен таныстары да жұмылдырыла алады», — деді медиа орталықтың тілшісіне берген сұхбатында Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жетекшісі Рысгүл Қауғабаева.

Спикердің сөзінше, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы аталмыш бағдарламаның екінші бағыты – микронесиелендіруді жүзеге асырады.

«Биыл бізге 476 млн. теңге бөлінді. Бағдарламаға төрт банк: «Халық банк», «АТФ банк», «Нұрбанк» және «Сбербанк» қатысады. Бүгінде бөлінген қаржы осы банктерге үлестірілді», — деді Р.Қауғабаева.

Бағдарлама шартына сәйкес, несиенің ең жоғары сомасы 8000 АЕК-тен аспайды. Жылдық пайыздық мөлшері — 6%. Сондай-ақ, қатысушы кәсіпкерлер өз ісін жаңадан бастаушылар және жұмыс істеп тұрғандар болып бөлінеді.

«Жаңадан бастаушыларға — кәсібінің басталғанына үш жылдан аспағандар саналады. Олар Кәсіпкерлер палатасында оқыту курсынан өтіп, одан соң Жұмыспен қамту орталығынан жолдама алады. Содан кейін банкке барады. Онда өтініш саудадан бөлек барлық сала бойынша қабылданады. Егер банк кепілдеме талап етсе, «Даму» қоры кепілдік бере алады. Кепілдіктің 15 % кәсіпкер, ал 85 % кәсіпкерлікті қолдау қоры өз мойнына алады. Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкер үшін кепілдік сомасы 50% құрайды», — деді кәсіпкерлік басқармасының басшысы.
Әрі қарай

Қазақстан Ұлттық Құрамасы Румынияға келді

Футбол, тек қана футбол!: Қазақстан Ұлттық Құрамасы Румынияға келді

Бүгін Алматы — Бухарест чартерімен Ұлттық Құрама ойыншылары және бапкерлер құрамы Румынияға жетті.
Бухаресттен 54 км қашықтықтағы Плоешти қаласында қонақүйге орналасқан құрамамыз ертең ашық жаттығу және баспасөз мәслихатын өткізеді.
2018 жылы өтетін Әлем Чемпионатына іріктеу кезеңіндегі сырт алаңдағы соңғы ойынын Қазақстан құрамасы 05 қазаннан 06-сына қараған түні Плоешти қаласындағы «Илие Оана» стадионында ойнайды. Матчтың басталу уақыты Астана сағатымен 00:45.

Румыния және Армения құрамаларына қарсы ойындарға шақырылған ойыншылар тізімі:

Қақпашылар: Давид Лория («Ертіс»), Стас Покатилов («Қайрат»), Александр Мокин («Астана»), Игорь Шацкий («Шахтер»);

Қорғаушылар: Дмитрий Шомко, Юрий Логвиненко, Абзал Бейсебеков (барлығы – «Астана»), Гафуржан Сүйімбаев, Елдос Ахметов (екеуі де – «Қайрат»), Темірлан Ерланов («Ордабасы»), Александр Марочкин («Оқжетпес»), Виктор Дмитренко («Шахтер»), Дмитрий Мирошниченко («Тобыл»);

Жартылай қорғаушылар: Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат, (екеуі де – «Қайрат»), Серікжан Мужиков, Асхат Тағыберген (екеуі де – «Астана»), Еркебұлан Тұңғышбаев, Азат Нұрғалиев (екеуі де – «Ордабасы»), Мақсат Байжанов («Қайсар»), Аслан Дарабаев («Ертіс»);

Шабуылшылар: Роман Муртазаев («Астана»), Таңат Нөсербаев («Ордабасы»), Алексей Щеткин («Тобыл»), Сергей Хижниченко («Шахтер»).

Қосалқы тізімнің ойыншылары: қақпашы — Марсель Исламқұлов («Қайсар»), қорғаушылар — Александр Кислицын («Ертіс»), жартылай қорғаушылар — Жақып Қожамберді («Тараз»), Мардан Төлебек («Ордабасы»), шабуылшы — Бауыржан Тұрысбек («Қайрат»).
Әрі қарай

Астанада жұмыссыздық деңгейі 4,5% дейін төмендеді

2017 жылдың екінші тоқсанында Қазақстан астанасындағы жұмыссыздық деңгейі болжанған 4,7% емес, 4,5 % құрады деп хабарлады еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасындағылар елорда әкімдігінің медиа орталығының тілшісіне.

Елорда, тіпті, жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейімен көш бастап келеді. Аталмыш көрсеткіш республикалық көрсеткіштен 0,4% төмен. Жастар арасындағы деңгейі (15-28 жас аралығындағылар) 4,5 % (болжанған деңгей 4,7%) және әйелдер арасындағы жұмыссыздық 4,6% (болжанған деңгей 4,9%) құрады.

Ағымдағы жылдың 8 айында мемлекеттік қолдау шаралары 20 219 адам қамтылды. Бұл өз кезегінде 93% құрайды.

11 536 адам жұмыс іздеп келсе, олардың 6 725-і жұмысқа орналастырылды (3882- тұрақты жұмысқа, 223-уақытша жұмысқа, 695-жастар практикасы бойынша, 186 – әлеуметтік жұмыс орындарына және 1739 – қоғамдық жұмыс орындарына).

Астаналық еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ақпаратынша, бос жұмыс орындары бойынша мәліметтер базасы күн сайын жаңарып отырады. Бұдан басқа, бос жұмыс орындары бойынша мәліметтер базасын толықтыру мақсатында жаңа жұмыс берушілерді тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Әрі қарай