Жапонияның бес танымал суретшісі ҚР Ұлттық музейіне туындыларын сыйға тартты

Астана жаңалықтары: Жапонияның бес танымал суретшісі ҚР Ұлттық музейіне туындыларын сыйға тартты
ҚР Ұлттық музейіне жапондық бес суретші өздерінің тоғыз картинасын сыйға тартты.

Бұл сый-сияпат 3-31 наурыз аралығында «Бес суретші — бес құбылыс: дәстүрлер мен жаңашылдық» көрмесі ұйымдастырылуына орай жапондық тараптың ризашылығымен табысталды.

Мията Рёхэй, Митамура Арисума, Сайто Норихико, Мизогучи Бодуко және Кавачи Кунпей секілді суретшілер елорданың өнер сүйер қауымының назарына 35 туындысын ұсынды.

Бұл көрмеде каллиграфия, нихонг көркем суреттерін, тушьпен салынған туындыларды, шағын мүсіндерді, сондай-ақ өзге де жапондық өнердің жетістіктерін байқауға болады.

ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай көрмеге Жапонияның өнердегі үздік шеберлерінің туындылары ұсынылған атап өтті.

«Бұл көрмені мәдени диалогтың бастауы, елдеріміз мәдениеттерінің жақындасуы ретінде бағалап отрымыз. Өз кезегінде Қазақстан да Жапонияның көрме алаңдары мен музейлерінде еліміздің суретшілерін таныстыра алады», — деді ол.

Сыйға тартылған 9 картинаның арасында жапондық ЖОО ректоры Мията Рёхэйдің де еңбегі бар. Сонымен қатар ол «Токио-2020» Олимпиадалық ойындары ұйымдастыру комитетіне басшылық етуде.

Айта кетейік, бұл көрмені ұйымдастыруға Жапон қоры, Суретшілердің Азия-Тынық мұхиттық қауымдастығы, Жапонияның Қазақстандағы Елшілігі қолдау жасады.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты жетім балалардың құқығын қорғады

Астана жаңалықтары: Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты жетім балалардың құқығын қорғадыАстана қаласының Сарыарқа аудандық соты азамат Д-ның төрт азаматқа және «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ-на, «Астана қаласының Білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қорғаншылық және қамқоршылық органына қатысты жекешелендіру шартын және сату-сатып алу шартын заңсыз деп тану туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.

Сот «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ әкімшілігі 1982 жылы өз жұмысшысы Р-ға үш бөлмелі пәтер түрінде тұрғын үй бергенін, ол үйді Р. кейіннен өзінің қызына, күйеу баласы мен жиендеріне тіркегенін анықтады.

Пәтер иесі қайтыс болғаннан кейін оның қызы мен күйеу баласы ата-аналық құқығынан айырылуына байланысты қарияның немерелері «Светоч» балалар үйінде тәрбиеленген. Заң бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, мемлекет қорғауына алынған балалардың өздеріне мұраға қалған тұрғын үйге меншік құқығы сақталады.

Жауапкерлер даулы пәтерді заңсыз жекешелендіріп, қайта сатып жіберген.

Сарыарқа аудандық соты істі талқылау барысында жауапкерлердің мәмілесімен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығы бұзылғанын, тиісінше жекешелендіру шарты мен сату-сатып алу шарты заңсыз болып табылатынын анықтады.

Сот мәміленің құқық тәртібінің негіздерін көрінеу бұза отырып рәсімделгенін және адамгершілікке қайшы фактінің орын алғандығын дәлелдеді, осыған байланысты талапкердің талап арызы қанағаттандырылды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

Стартап жобаларды қаржыландыру үлкен сұранысқа ие болады – Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы

Астана жаңалықтары: Стартап жобаларды қаржыландыру үлкен сұранысқа ие болады – Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы
Елордада кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге белсенді қолдау көрсетіледі. Бүгін жаңа жобаларды қолдау үшін қосымша шаралар қолдану туралы шешім қабылданды. Айта кетейік, Астана қаласының әкімдігі мен «Даму» қоры стартап-жобаларға 2 млрд. теңге бөлу туралы меморандумға қол қойды.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетовтің айтуынша, қаржы екі-үш айдың ішінде бөлінеді, бұл елордада енгізіліп жатқан жаңа жоба.

– Осындай қаржыландыру бағдарламалары бойынша Астана қаласы көш бастап тұр. Алдында жастарға арналған бағдарлама басталған. Оның алдында ритэйл, сауда саласына бөлінген бағдарлама бар. Осы бағдарлама елордада жақсы жүзеге асып отыр. Осы жаңа жоба Астанада ғана, ол стартап жобаларға арналған. Арнайы комиссияға шағым беріп, олар қарастырады. Басты ерекшелігі бағдарламаның Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы іріктейді, содан кейін жоғарыдан қаржыландырылады. Біріншіден банк, содан кейін комиссия қарайды. Түрлі салалардағы стартап жобаларды қолдау үшін беріледі. Банктер арқылы жүзеге асырылады, – деді Ғани Тасмағанбетов.

Жас кәсіпкерлерді қолдау туралы айдың басында қала әкімі Әділбек Жақсыбеков пен «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен Астана қаласы кәсіпкерлерінің үшінші конференциясында айтылған болатын.

«Қазіргі кезде осы келісім жүзеге асырылып жатыр», — деді Ғ. Тасмағанбетов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Кәсіпкерлер палатасы кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау шараларының спектрін, соның ішінде бизнес-жоспар мен сайтты тегін әзірлеу, бухгалтерияны жүргізу, мемлекеттік сатып алуларға немесе кедендік рәсімдеуге қатысу үшін практикалық көмек көрсету және т.б. жүзеге асыруда.

«Бірақ кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер жобаларды қаржыландыруға келгенде кедергілерге тап болады. Негізінде, екінші деңгейлі банктерден стартап-жобаларға қаржы алу қиын, олар көбіне өз ісі бар, кепіл қоя алатын кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді. Бұл қолында ештеңесі жоқ, бірақ өз ісін бастағысы келетін жас кәсіпкерлер үшін мәселе болып табылады. Сондықтан әкімдіктің осындай қолдауының арқасында бұл қаржы аса қажет, ал бағдарламаға қатысам деушілер көп болады»,- деді Ғ. Тасмағанбетов.

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры көшеде бөлшек сауда жасау үшін 1000 жер учаскесін бөлу туралы елорда әкімдігінің жобасын мысалға келтіріп өтті, қазіргі кезде сұраныс учаскелер санынан үш есеге артық болып отыр.

Елордада мемлекеттің қолдауының арқасында жас кәсіпкерлердің стартап-жобалары өз жұмысын бастады. Мысалы, стоматолог Серік Мұқашев стоматологиялық қызметтер ұсынатын жеке клиника ашуды армандаған.

– Бұл менің арманым, мен 1990 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Арманымды іске асыру үшін өз қаражатым жетпейді, ал Президенттің, әкімдіктің, «Даму» қорының арқасында арманым орындалды, қымбат қондырғы сатып алдым, жақсы мамандарды шақырдым. Біздің клиника екі ай бұрын ашылды, – деді Серік Мұқашев.

Кәсіпкер Гүлмира Шажанбаева ұлттық тағамдар әзірлейтін мейрамхана ашпақ болған, жақында оның идеясы жүзеге асты.

– Мейрамхана ашатын ойым бұрыннан бар еді. Мен үшін бұл мейрамхана ісіндегі стартап жоба, әрине, оны жүзеге асыруға шағын және орта бизнес субъектілерін өңірлік қаржыландыру бағдарламасы көмектесті, соның арқасында мен жобаға жұмсаған жалпы инвестицияның 25% алдым. Меніңше, осы қаржыландырудың арқасында біз жұмысымызды уақытында бастап кеттік,- деді Гүлмира Шажанбаева.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10227
Әрі қарай

Ақын болғым келмейді...

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Ақын болғым келмейді...
Ақын болғым келмейді, өлеңім бар,
Өлеңім бар, қажетті көлемін ал,
Адам болғым келеді, адам болғым,
Бұл жалғанға бір-ақ рет келемін-ау.

Арам болғым келмейді-ау, ұятым бар,
Кетсін әрмен отқа май құятындар,
Мен өлгенде тәнімді жерге көміп,
Қу дүние-ай, сый қылып ұятымды ал.

Бастық шықпас, болмаймын, бата алмаймын,
Мүдделесті «бақ» үшін сата алмаймын,
Кішілермен қырлысып қырық пышақ,
Үлкендердің «астына жата алмаймын».

Болса дағы жүрегі мейірімді,
Дәрігердің, байқасақ, күйі мұңды,
Сынған қолға ағаш сап, түзетсемде,
Жинай алман, өлген жан, киіміңді.

Өмірінде көрмеген жоқ саласы,
Журналистер қоғамның бейшарасы.
Көз алдында халықтың қорғаны ол,
Қолындағы биіктің гитарасы.

Кейін қарай, ей көңіл, тартасыңба.
Жоғалмаған қадір бар әр тасыңда.
Дүниенің халыққа бақ болуы,
Дөңгелеткен адамның арқасында
©Ернар Сейтахмет
Әрі қарай

Блогқұрылтай: жаңа жоспар

BlogCamp: Блогқұрылтай: жаңа жоспар

Алтыншы құрылтай да аяқталды.
Қарап тұрсаң, тәулік сайын ауысып, апта сайын түрленіп тұратын қазіргі заманда аз уақыт та емес. Ауыз толтырып айтатын жетістігіміз де жоқ. Сол, майда жеңіс(шік)тер. Ия, жастар көптеп тартылып жатыр, спикерлердің деңгейі өскен, құрылтайға министр келді… бірақ… жазбаның деңгейі өсті ме? Қай блогшы инфографиканы қатырып жасайды? Кім фотошедевр түсірді? Құдай ауу, видеоблогтың өзін күнделікті түсіріп жүрген адам таппайсың ғой..

,-деп жылап бастасаң постты :)
Кеше блог әлемінің ақсақалы бар, қарасақалы бар (Mikhael емес), Көкбөрісі бар ақылдастық. Отыра қалып биылға, келесі жылға жоспар құрып та тастадық. Келесі жылғы блогқұрылтайдың форматын да анықтап тастадық. Бұл мәселелерді негізі құрылтай кезінде (бәріміз бірігіп) айтылуы, талқылануы керек еді, алайда белгілі бір себептерге байланысты өтпеді. Сонымен…

ФОРМАТ

— Келесі жылы блогқұрылтай ақылы негізде өтеді.
Спонсорлар табамыз, қосымша қаржы табамыз, алайда символикалық болса да жарна төлеп келеді қатысушылар.
— Тек блогшылар ғана қатыстырылады.
Әлеуметтік желі мен интернет қолданушылардың жиылысы емес, блогшылардың шарасы болғандықтан, осы бастан блогқа тіркеліп жазба жазуды бастасаңыздар. Мүмкін шектеу де қоярмыз. Мәселен, блогыңызда кемі 20 жазба болуы тиіс деген секілді.
— Блогшылар арасында рейтинг жүреді.
Өзін-өзі мойындатқан блогшыларға артықшылықтар беріледі. Ол жарна төлемеу, жатын орынды ұйымдастырушылар көтеру, жол ақысын ұйымдастырушылар көтеру секілді тағы да басқа жеңілдіктер берілуі мүмкін.
— Үздіктер анықталады.
«Жыл блогері», «Жыл жаңалығы», "Үздік видеоблогер" секілді тағы да басқа номинациялар беріліп үздіктерді анықтап отырамыз.
— Қай өңірде өтетінін өзіміз анықтаймыз.
Әкімшіліктермен хабарласып, қай өңір қабылдауға дайын екені анықталған соң дауыс беру арқылы өңірді анықтаймыз. Әкімшілік спонсор емес, қолдаушы (орын, автобус т.б.) ретінде қатыстырылуы мүмкін.

Онан бөлек...
Блогкемп аясында тағы да 4 шара ұйымдастыруға тырысамыз.

BlogCamp: Блогқұрылтай: жаңа жоспар

Шара Астана қаласында мамыр мейрамдары кезінде өтеді. Әзірге 8-9 мамыр деп отырмыз, бірақ датасы өзгеруі мүмкін. Аты айтып тұрғандай тақырыптар видеоға арналады. Ішіне: видеоблог, сценарий, жарық қою, ютюб баптаулары, монетизация секілді көптеген тақырыптар кіреді.
Шара ақылы. Суммасы 5000 теңгенің жобасында болуы мүмкін. Онан асырмауға тырысамыз. Қатысушылар шектеусіз (яғни тек блогшылар ғана қатысады деген шарт жоқ).

BlogCamp: Блогқұрылтай: жаңа жоспар

Шара тамыз-шілде айларында Шымкент қаласында өтеді. Форматы былтырғы «Жазғы мектеп» секілді. Тақырып: мәтін. Яғни, мәтін жазу, тақырып қою, пост құрылымы, СММ тағы да басқа мәселелерге арналады.
Шара ақылы. Нақты сомасын қазір айта алмаймыз, бірақ 20-25 000 шамасында болады. Қатысушылар шектеулі. 50-60 адамнан аспауы тиіс. Бұл шараға да кез-келген адам қатыса алады. Тек қана блогшылар болсын деген шектеу жоқ.

BlogCamp: Блогқұрылтай: жаңа жоспар

Шара Алматы қаласында қазан айында өтеді. Фото түсіру, ракурс, фото жанрлары, жарық таңдау тағы да басқа мәселелерге арналады. Шара ақылы. Шамамен 5000-10000 жобасында болады. Бұл шараға да кез-келген адам қатыса алады. Тек қана блогшылар болсын деген шектеу жоқ.

BlogCamp: Блогқұрылтай: жаңа жоспар

Барлық шараның қорытындысы есебінде «Астана интернет форумы» өтеді. Бұл жерде тек қана блог емес, интернет мәселелері, ақпараттық қауіпсіздік, ІТ секілді көптеген мәселелерге арналады. Шара ақылы. Шамамен 5000-10000 жобасында болады. Бұл шараға да кез-келген адам қатыса алады. Тек қана блогшылар болсын деген шектеу жоқ.

Әзірге осы. Жаңалықтар болса хабарландырып тұрамыз ;)
Әрі қарай

"Алау" мұз айдынында конькимен жүгіруден Қазақстан чемпиондары анықталды

Астана жаңалықтары: Алау мұз айдынында конькимен жүгіруден Қазақстан чемпиондары анықталды
Бүгін Астанада конькимен жүгіру көпсайысы бойынша Қазақстан чемпионаты аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында Денис Кузин, әйелдер арасында – Екатерина Айдова чемпион атанды.

Үш күн бойы «Алау» мұзайдын сарайында өткен чемпионатқа сегіз аймақтан келген спортшылар қатысты. Жарыстар ересектер арасында да, жасөспірімдер арасында да ұйымдастырылды. Жалпы, 13 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

500, 1500, 1000 және 3000 метрге жүгіруде жиналған ұпай саны бойынша Екатерина Айдова көш бастады, Татьяна Климчук екінші, Мария Сизова үшінші орында.

Ерлер арасында барлық қашықтықтар бойынша жарыстарда Денис Кузин үздік болды, Дмитрий Морозов күміс, Александр Клиенко қола медаль еншіледі.

Жасөспірімдер арасында классикалық көпсайыстан Демьян Гаврилов, қыздар арасында Александра Примак топ жарды.

Конькимен жүгіру спортынан мемлекеттік бапкер Кенже Сәрсекенованың айтуынша, чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының алдағы маусымдағы құрамы анықталады.

– Біздің спортшылар үшін бұл маусым жақсы өтті. Жасөспірімдер резерві артып келеді. Мысалы, Станислав Палкин Әлем кубогының бірнеше кезеңінде, халықаралық жарыстарда бағын сынады, Әлем чемпионатында «еркін» сайыста жалпыкомандалық есепте 5-орынға тұрақтадық, Әлем кубогы кезеңінде Палкин қола медаль олжалады. Негізгі құрамаға тоқталсақ, спринттен Қазақстанда көш бастап тұрған Роман Креч биыл Әлем чемпионатында 500 м қашықтықта 5-орын алды. Келесі маусымда спортшыларымыздың үздік нәтижелерге қол жеткізетініне үміттенеміз, – деді мемлекеттік бапкер.

Келесі маусымда спортшылар басты жарыс – Алматы қаласында өтетін Универсиадаға дайындалатын болады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10226
Әрі қарай

Астана әкімдігі мен «Даму» қоры кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 2 млрд. теңге бөледі

Астана жаңалықтары: Астана әкімдігі мен «Даму» қоры кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 2 млрд. теңге бөледі
Бүгін, 30 наурыз күні, Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Қаныш Төлеушин шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасын іске асыруда ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында әкімдік пен «Даму» қоры салалық шектеусіз ШОБ саласында стартап-жобаларды қолдау жөніндегі жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға 2 млрд. теңге (әрқайсысы 1 млрд. теңгеден) бөледі.

Кәсіпкерліктің жоғары әлеуеті кез келген қаланың экономикасының ілгерілеуінің басты факторы болып табылады. Сондықтан Астана қаласы әкімдігі қызметінің басты міндеттерінің бірі бизнесті дамыту мен қолдау болып табылады. Жаңа Меморандумға Астана қаласы әкімдігінің және «Атамекен» Ұлттық Палатасының елордалық шағын және орта бизнесті қаржыландыру туралы алдын ала келісімі аясында қол жеткізілді.

Қалада кәсіпкерлік ортаны жетілдіру бойынша барлық қажетті жағдайлар жасалып жатыр және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік принциптерімен бизнес-климатты жақсарту бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні Астананың ЖӨӨ-дағы ШОБ-тың үлесі 61 пайызға жеткен. Бұл республикалық көрсеткіштен үш есеге артық. Астана несиелерді кепілдендіру бойынша республика бойынша бірінші орында, субсидиялау бойынша – екінші орында тұр. Сонымен қатар, кәсіпкерлік секторында салықтар есебінен түсетін түсімдер де оң нәтижесін беруде. Қазіргі кезде жергілікті бюджетке түсетін салықтың 65%-ынелордалық шағын және орта бизнестің үлесінде.

ШОБ саласында стартап-жобаларды қолдау идеясын Астана қаласының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткізген ІІІ Жыл сайынғы конференциясында елорда басшысы ұсынған болатын. Жаңа бағдарламаға қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін қызметі экономиканың басымды салаларының тізіміне енбеген кәсіпкерлер қатыса алады. Несиенің ең көп сомасы –50 млн. теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7,9%, несие мерзімі – 7 жылға дейін. Жобаларды іріктеуді өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырады.

Айта кетейік, қазіргі кезде елордада шағын және орта бизнеске қосымша қолдау көрсету және дамыту мақсатында «Даму» қорымен бірлесіп 29 жасқа дейінгі тұлғалар қатыса алатын жастар кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасы мен сауда саласын мақсатты несиелеу бойынша бағдарламалар жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламалар бойынша қаржыны игеру 100% құрады, оларды жүзеге асыру жұмыстары одан әрі жалғасады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10221
Әрі қарай

Астаналық өрт сөндіру бөлімі еліміздегі үздік бөлімдердің қатарында

Астана жаңалықтары: Астаналық өрт сөндіру бөлімі еліміздегі үздік бөлімдердің қатарында
«Қазақстан Республикасындағы 2016 жылғы үздік өрт сөндіру бөлімі» байқау-конкурсында Астана қаласы Өрт сөндіру қызметінің №8 өрт сөндіру бөлімі 2-ші орын алды.

Алғашқы ведомствоішілік кезеңде өрт депосы ғимаратының іші, өрт техникасы, байланыс құралдары, өрт сөндіру бөлімінің өрт-техникалық жабдықталуы бағаланды. Бұл кезеңнің қорытындысы бойынша Астана қаласы Өрт сөндіру қызметінің №8 өрт сөндіру бөлімі үздік деп танылды.

Конкурстың екінші кезеңінде нормативтік құқықтық актілерді білу бойынша тестілеу өткізіліп, қатысушылар әзірлеген рефераттар, фотоальбомдар, бейне материалдар, бірінші кезең бойынша бағалау ведомостілеріқаралды. Бұдан басқа, қатысушылардың дене шынықтыру дайындығын тексеру мақсатында биылғы жылы үміткерлер өрт-құтқару спорты бойынша келесідей нормативтерді тапсырды: оқу мұнарасының 4-ші қабатына шабуыл баспалдағымен көтерілу, 100 метрлік кедергісі бар жолды жүгіру мен қысымды ауа аппаратын тексеру.

Байқау қорытындысы бойынша, елордалық құтқарушылар 1274 ұпай жинап, екінші орынға тұрақтады. Өрт сөндіру бөлімі Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10220
Әрі қарай

Елорда көктемгі су тасқынына дайындалуда

Астана жаңалықтары: Елорда көктемгі су тасқынына дайындалуда
Көктемде елордада кейбір аудандарда су тасқыны болу қаупі туындап, су басуы мүмкін. Қазіргі кезде қаладағы су тасқыны болуы ықтимал учаскелердің картасы әзірленді. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті су тасқынын жою үшін 309 адамнан тұратын топ құрды, сондай-ақ, 49 бірлік техника, 12 жүзу құралы мен тікұшақ тартылмақ.

Жалпы, су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес, адамдар көп жүретін 266 нысанда қар тазалау жұмыстары аяқталды.

Астана қаласының Орталық өңірлік аэромобильді жедел құтқару отряды Есіл және Ақбұлақ өзендерінде мұз жағдайын бақылау және жағаны патрульдеу бойынша кезекшілік етеді.

Төтенше жағдайдың орын алу қаупі болған жағдайда қалалық коммуналдық қызметтерде, шаруашылық органдарда, тәртіпті қорғау органдарында бақылау бекеттерінде тәулік бойы кезекшілік пен бақылау мәліметтері мен ақпараттарды жедел түрде өңдеу, жағдайды бақылау және оның үрдісін болжау ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, су тасқыны салдарын жоюға қосымша 125 адамнан тұратын жедел әрекет ету отряды, 48 бірлік инженерлік техника (бульдозер, экскаватор, кран, тиегіш пен КамАЗ) тартылмақ.

Департамент қызметкерлері азаматтарды су тасқынының қаупі мен су басуға қарсы күрес шаралары туралы хабардар ету мақсатында рейдтер өткізуде. ТЖД су тасқыны кезіндегі әрекеттер туралы жадынамалар басып шығарды. Жедел ақпаратты тұрғындарға жеткізу үшін қалалық хабардар ету жүйесі дайындалды.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10219
Әрі қарай

Елордалық оқушылар қоғамтану-гуманитарлық пәндер бойынша олимпиадада үздік атанды

Астана жаңалықтары: Елордалық оқушылар қоғамтану-гуманитарлық пәндер бойынша олимпиадада үздік атанды
Петропавлда қоғамтану-гуманитарлық бағыттағы жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың Республикалық олимпиадасының ІV кезеңі аяқталды. Жарысты ұйымдастырушы – «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы. Елордалық оқушылар тоғызыншы рет жалпыкомандалық есепте бірінші орын алып, «Үздік команда» атанды.

Астана қаласының білім беру мекемелерінен олимпиадаға 34 оқушы қатысты. Бес күн бойы олар қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі, Қазақстан тарихы, құқық негіздері пәндері бойынша өз білімдерін сынады.

– Бұл 15 пән бойынша өткізілетін жыл сайынғы олимпиада. Оқушылар арасында іріктеу төрт кезеңмен жүргізілді. Финалға ең мықты 34 бала шықты. Жарыс қиын болды. Оған еліміздің үздік мамандандырылған мектептерінің өкілдері қатысты, дегенмен, біздің оқушылар тоғызыншы рет топ жарып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға қол жеткізді, – деді «Астана Дарыны» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыру-педагогика жөніндегі директордың орынбасары Әлия Аяпова.

Олимпиада нәтижесі бойынша Астана қаласы жалпы командалық І орынды иеленді және «Ең үздік команда» атанды. Олимпиадада 18 оқушы жүлдегер атанды. Үш оқушы бірінші, сегіз оқушы екінші және жеті оқушы үшінші орын алды.

Жарыста француз тілінен бірінші орын алған №3 мектеп-гимназиясының оқушысы Маргарита Данилова өз әсерімен бөлісті:

– Мұндай маңызды жарысқа алғаш рет қатыстым, бұл үлкен жауапкершілік, өйткені, мен мектептің ғана емес, тұтастай елордалық білімнің намысын қорғадым. Осындай үздік нәтижеге қол жеткізуге көмектескен барлық жандарға алғыс айтамын. Шет тілін білудің маңызды екендігін түсіндім.

Неміс тілі пәнінен жеңімпаз атанған №46 мектеп-гимназиясының оқушысы Әмина Мырзабек осы жарыстағы жеңістің оны одан әрі ынталандыра түсетініне сенімді.

– Мен өте қуаныштымын, алтын аламын деп ойламағам. Мен мақсатыма жеттім, мұнымен тоқтамаймын, алда бағындыратын талай шың бар. Бүгінде бәрі негізінен ағылшын тілін меңгереді, ал мен болсам, неміс тілін таңдағаныма еш өкінген емеспін. Болашақта аудармашы боламын деп ойлаймын, – деді ол.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10218
Әрі қарай