Тобыр бүйдейді

Білім және ғылым: Тобыр бүйдейді

Үштілдік оқыту жүйесін енгізуге қатысты ФБде белсенді екі тарап пайда болғанын көріп жүрмін, немқұрайлыларды есепке алмағанда. Өзім дәл қазіргі уақытта ортада тұрмын, бірақ жақтамаушылардың жағына жақынырақ тұрмын десем болады. Оған себептер бар.

Министрдің осы мәселе бойынша интервьюлерін қарап шықтым, жақтаушы блогерлердің жазып жүргендерін де оқып жүрмін. Негізгілеріне тоқталып өтсем олар мынадай. Министр де, блогерлер де ағылшын тілінің әлемдік тіл екенін айтады, сөйтеді де ағылшын тілінің маңызын түсіндіруге тырысып, көптеген дәлелдер келтіреді. Бұл тіл қазақтарға үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, күллі әлемнің осы тілді үйреніп жатқанын айтады. Министр бір сөзінде «сонау дамып кеткен Францияның өзі мектептерінің оқу программасына ағылшын тілі пәнін қосып жатыр» деп француз елін мысалға келтіріпті.

Дұрыс қой. Негізі, ағылшын тілінің әлемдік тіл екеніне күмән келтіріп жатқан ешкім жоқ, меніңше. Оны үйренуге қарсы шығып жатқандар да жоқ. Енгізгелі жатқан жүйеге сенімсіздікпен қарайтындардың басым бөлігі ағылшын тілін оқытқанды/үйренгенді/білгенді қолдайды. Олардың уайымы жақтаушылар айтып жүргендей ағылшын тілін білуге қарсылық емес, қарсылардың уайымы мүлдем басқа, олар қазақ тіліне қатысты алаңдайды. Ал министр мен блогерлер үштілдік оқыту жүйесі туралы айтқан кезде бас салып ағылшын тілінің әлемдік ролін айта береді. Министр мен блогерлердің көпшілікке онысыз да белгілі нәрсені сол көпшілікке түсіндірмекке әлектеніп, әсіресе екінші аталғандардың «мыңмен жалғыз алысқан» адамдардай боп өздерімен-өздері шыж-быж боп жүргені қалай? «Ағылшын тілінен тек ақымақ қана бас тартады», «тобыр ғана ол тілдің маңыздылығын түсінбей, босқа ұрандай береді», «мен өз баламның ағылшын тілін білгенін қалайм, ал жалған патриоттар ұрандай берсін» дегенге саятын посттарды оқыдым. Сырттан қызық көрінеді, шынымен. Өйткені шындығында, айтқанымдай, ешкім ағылшын тілінен бас тартып жатқан жоқ, ол тілдің әлемдік роліне де ешкім күмән келтіріп жатқан жоқ. Бұл тілді бәрі үйренгісі келеді. Онда «тобырдың» үстінен күлулерін қалай түсінеміз? Бәлкім қара тобырмен алысқан данышпанның образына кіру арқылы іштегі «менін» қанағаттандыратын шығар, кім біліпті.

Сонымен Францияда ағылшын тілі пәнін оқытыла бастады дейді. Дұрыс-ақ. Бірақ осы айтылған жағдай, яғни Франция мектептерінде ағылшын пәнінің қосылғаны немесе пән сағатының көбейгені, бізде химия, физика пәндері ағылшынша оқытылуы керек дегенді білдіре ме? Францияны не үшін мысалға келтірді? Түсініксіз. «Француздар ағылшын тілі пәні сағатын көбейтіп жатыр, сондықтан біз химия, физикаларды ағылшынша оқытуымыз керек». Логика бар ма осы жерде? Мен көріп тұрғам жоқ. Ағылшын тілінің маңыздылығын көрсету үшін айтты дей салған күннің өзінде, жоғарыда жазғанымдай, ағылшын тілінің маңызы жөнінде және оны үйрену қазіргі заманның талабы екенін ешкім жоққа шығарып жатқан жоқ қой. Яғни ресми һәм бейресми жақтаушылардың дәл осы түсіндіруінде тұщымды дәйек жоқ.

Белгілі жағдай, біздің мектептердегі ағылшын тілі пәнінің оқытылу сапасы нашар. Әйтеуір өзім тек қана мектептегі программа арқылы (репититор мен арнайы курсқа барусыз) ағылшын тілін үйреніп шыққан адамды көрмеппін. Сонда, аталмыш жүйе енгізілгеннен кейін, қазіргі осы оқытылуы сапасыз ағылшын тілі пәнінің орны ертең химия, физика пәндерімен толықпайтынына қандай кепілдік бар? Әрине, мінбеде тұрып есеп бергенде бәрі әдемі естіледі, келісем – химия, физика мұғалімдері арнайы тіл үйрену курстарынан өтеді дейді. Алайда іс жүзінде шетел тілін үйренуге біреу табиғатынан епті боп келсе, енді біреу епсіз болады емес пе? Мәселенің осы тұсы ескерілді ме екен? Бұған мұғалімдердің айтқанды тез қағып алатын жасөспірімдік шақтан өсіп кеткенін қосыңыз.

Хош, мұғалімдер ағылшын тілін үйреніп шықты делік. Тіпті солай болған күннің өзінде (из области фантастики болса да), мен сіздерге айтайын, тілді білу мен сол тілде сабақ беру екеуі екі бөлек нәрсе. Мәселен, қазақ пен орыс тілдерін жетік білсе де дәрістерді тек қана қазақ тілінде беретін ЖОО оқытушыларын білуші едім. Орыс тілінде де дәріс берсе бұл оларға үлкен плюс болар еді, бірақ ондай мүмкіндіктері бола тұра олар одан керісінше ат-тонын ала қашатын. Неге? Өйткені тіл білу бір бөлек нәрсе, ал сол тілде оқушы мен студентті оқыту тіптен бөлек нәрсе. Шешім қабылдап жатқанда мәселенің осы қырлары ескерілді ме?

Келесіде, үштілдік жүйеге көшкен кезде қазақ тілі жаңа технологиямен оқытылады дейді. Қазақ тілін жаңа технологиямен үйрету үшін химия, физикаларды ағылшынға көшіру міндетті емес шығар. Осы екеуінің арасынан байланыс көріп тұрғам жоқ. Яғни бұл да аргумент емес. Ол ол ма, осы жаңа технологиямен оқытылады деген сөздер айтылып жатқан кезде министрдің өзі де сол кезде сұхбат берген екен. Соны кеше ғана қарап шықтым. Блогерлер жаңа технология деп жүрген технология шындығында әлі жасалмаған екен. Оны министр өзі айтып отыр, былай деп:
«… на сегодняшний день методику преподавания казахского языка надо радикально обновить. Работа идёт в двух направлениях: первое, мы разрабатываем новые технологии преподавания казахского языка, включая компьютеры, мобильные приложения для сотовых телефонов там и т.д. То есть когда всё это будет готово, мы покажем чтó будет в электронных учебниках там… Это — раз. И второе, мы собираемся подготовить десять, пятнадцать, может даже двадцать сильных методологов преподавания, и готовить их нужно за рубежом. У нас несколько глобальных центров таких методологов — Университет Гарварда, Гумбольда, университет в Израиле. Поэтому вот мы на сегодняшний день договариваемся, вот с некоторыми уже договорились, чтобы они наших молодых, талантливых методологов приняли на шестимесячные курсы, и после того как они вернутся, мы эти два направления соединяя, надеемся, что с 2017 года начнём в школах менять методику преподавания казахского языка и начнём это с русских школ".
Көріп отырғанымыздай, ешқандай методика да, технология да әлі дайын емес. Үштілдік жүйе арқылы (осыған дейін меңгерілмей келген) қазақ тілі енді меңгеріле бастайды, өйткені жаңа технология, анау-мынау деп, әлі жасалып шығарылмаған өмірде жоқ нәрсеге сенім арту, меніңше, орекеңдер айтпақшы паровоздың алдына түсіп жүгіруге ұқсап тұрған сияқты. Қалай ойлайсыздар?

Соңғы күндері кейбір блогерлер «үштілдік оқыту жүйесі болашақта орыс тілін ығыстыру үшін енгізіліп жатыр, ал соған қарсы боп жатқандар Ресейдің тапсырысын орындап жатыр» дегенді айта бастапты.

Жоғарыда ағылшын тіліндегі химия, физикалардың сапасы қандай болатыны жөнінде күмәнімді жазып кеттім. ШҚО, СҚО, Алматының орыстілді мектептеріндегі Марьванналардың ағылшын тілі курстарын өтіп алып, өз пәндерін енді ағылшынша оқытып жатқанын көз алдыма елестеткім-ақ келді, бірақ еш елестете алар емеспін.))) Меніңше, қағаз жүзінде, жоғарыға есеп берулерде «ағылшын тілінде оқытыбатырық» делінгенімен, іс жүзінде орысша жүреді ғой дейм. Ал қазақ тілінде оқытылатын тарих пәні болса, осы уақытқа дейін қағаз жүзінде оқытылып келген(!) қазақ тілі пәнінің қатарын толықтырады. Бұған күмәнім жоқ десем де болады, өйткені орыс мектептерінде Қазақстан тарихы пәні тіпті орыс тілінде де жақсы оқытылмайды, һәм орыс оқушылары да оны оқуға ынталы емес. Әрине, оқушылар барлық пәндерді дерлік оқуға ынталы бола бермейді деуге болады, алайда бұл жерде дәл Қазақстан тарихы пәнінің жағдайы өзгешелеу – әлгілер ол тарихты мойындамайды, ойдан шығарып жазылған деп біледі, өйткені бала үшін ата-аналардың әңгімелерінен естіген нәрселер, жалпы сол ортада айтылатын көзқарастар көп сенімдірек… («Оқымаса онда осы уақытқа дейін тарихтан емтихан, тестілерді қалай тапсырып келді?» дейтін шығар. Қазақ тілі мен ағылшын тілдерінен сүрінбей өтіп жатқанда, басқадан да солай өтуге болмайды дей аламыз ба?). Айтпақшы, мұғалімдерге ағылшынша үйрететін жаңағы курстарға қатысты мынадай ой кеп қалды. Ақыры курстар арқылы тілді басқа құйып қою мүмкін болса, ендеше орыстілді оқушыларды сондай курстардан өткізіп қазақ тілін бастарына құйып қоя салу әлдеқайда тиімді болмай ма?

Ұзын сөздің қысқасы, «осы жүйе арқылы ағылшын тілі орыс тілін ығыстырады» деп жүргендер негізінен қазақтар көп шоғырланған жерде өскендер ғой деймін, орыс психологиясынан хабарсыз адамдар. Орыстардың басым бөлігі қазақ тілін ешқашан үйренбейді – бұны оң құлақпен де, сол құлақпен де ұғып алғанымыз жөн. Мүмкіндік болса олар статус-квоны сақтап қалу үшін күреседі (бейбіт жолмен де, мүмкіндік туындап жатса(!) тіпті қарумен де). Ал ондай мүмкіндіктер жоқ болса, бұл елден не кетіп тынады, не қоғамнан оқшауланып өмір сүре береді. Мәселен, басқа ТМД елдерімен салыстырғанда Балтық елдерінде орыстілділердің (тілге, статусына қатысты) жағдайы әлдеқайда нашар – Латвия мен Эстонияда көбінің тіпті азаматтығы да жоқ, ал орыс тіліне біздің елдегідей статус берілмеген, және орыстардың басым бөлігі эстон мен латыш тілін білмейді. Сонда да олар ол елдерден көшіп кетіп жатқан жоқ. Соған қарағанда «елден кетіп тынуы» елдің экономикалық ахуалына тікелей байланысты ғой деймін. Жаңалықтардан оқып жатамыз, бізде соңғы жылдары орыстардың көшу қарқыны өскенін айтып жатады. Бұны экономикалық себептерден деп білемін. Ел ішінде тұрып жатқан орыстардың табиғи өсімі де қазақтардың табиғи өсім көрсеткіштеріне қарағанда төмен, қазақтардыкі жоғары. Және, өздеріңіз де білесіздер, туу көрсеткіші қазақтілділер жайласқан аймақтарда жоғары. Бұдан бөлек сырттағы қазақтарды қабылдап жатырмыз. Басқаша айтқанда, осы үрдіс жалғаса берсе болашақта тіл мәселесі өзі-ақ шешімін табар еді. Қазақшаға шорқақ қазақтар болса балаларын болашағы үшін қазақша оқытуға мәжбүр болады. Бәлкім мүмкіндігі барлары елден кететін де шығар. Бірақ ондай Тайчибеков сияқты «идейный мәңгүрттер» тым аз, яғни олардың үлесі роль атқармай қалады. Ал былайша, орыстілді қазақтардың басым бөлігі балаларының қазақ тілін білгеніне ынталы. Яғни осындай үрдістер бола тұра, ұсынылып отырған күмәнді эксперименттің қажеті қанша?

Жарайды, Марьванналардың буыны кетер, орнына ағылшын тілін білетін һәм сол тілде химия/физиканы оқыта алатын жаңа буын келер, сонда осы аралықта оқығандардың білімі не болмақ? Оны да қойшы, уақыт өте келе сапалы оқыту жүйесі қалыптасады дейік. Ол кезде оқушылар ағылшын тілін жетік біліп шығатыны сөзсіз. Министрдің айтып кеткені ақыры орындалар, қазақтардың ағылшыншасы жоғары деңгейге көтерілер. Ал қазақ тілінің жағдайы ше? Қандай болмақ? Химия, физика, бәлкім кейінірек тағы да сондай нақты ғылымдар ағылшын тілінде оқытылатын болар, сонда қазақтарда ғылым тілі дамуын тоқтатады емес пе? Қазіргі мүшкіл ғылым тілін ары қарай дамытудың орнына, бұл керісінше қылқындыру емес пе?

Жазба шашыраңқы боп кетті. Сонда да негізгі ойымды жеткізе алдым ғой деймін. Сонымен, «тобырдың» үштілдік оқыту жүйесін қолдамай отырған себебі осыда, құрметті элитный (хыхыхы) тобыр өкілдері.
Әрі қарай

ҰБТ дайындық кітапшасынан бір үзінді - Ермек Тұрсыновтың сұхбаты

Бүгін Ұлттық Тестілеу Орталығының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған дайындық тесттерінің бір үзіндісі желіге шығып, біраз жерде шу болды. Ешқандай негізсіз шу. Негізгі концепттен кесіліп алған үзінді. Тест тапсырып көрген кез келген адамға белгілі нәрсе — алдын ала бір мәтін беріліп, сол мәтін бойынша талдау сұрақтары беріледі. Бұл жерде мәтін берілмей, жалаң сұрақ сияқты болып берілген. Ақпаратты тексермей шығара беру, аяқ астынан шу шығара салу үйреншікті нәрсе болып кетті ғой. Осыған байланысты Фейсбукта өз ойымды білдірген едім:

Егемен Қазақстан газеті Ұлттық Тестілеу Орталығымен жақында серіктес болып, тест кітапшаларын жариялап отыратын болды. Жақсы нәрсе талапкерлер үшін. Бүгінгі бір сұрақ фрагментін көріп, у-шу не туралы екенін білгім келіп, газеттің сайтына кіріп, pdf нұсқасын қарадым. Өкінішке қарай сайтқа тест кітапшасы салынбаған екен. Берілген сұрақтың толық мәтінін оқығым келіп еді. Алдымен соны біліп алу керек сияқты, босқа шулағанша

Жаңа ғана Ұлттық Тестілеу Орталығынан жеке хабарласып, сұрақтардың толық мәтінін жіберді. Мінекиіңіз, шешіп көріңіз!

Білім және ғылым: ҰБТ дайындық кітапшасынан бір үзінді - Ермек Тұрсыновтың сұхбаты

Нұсқау: «Мәтінді мұқият оқып, мәтінге берілген тапсырмаларға дұрыс жауап беріңіз».

Қазақтың кино сүйер қауымына танымал кинодраматург, режиссер Ермек Тұрсыновтың телеарнаға берген сұхбаты ұсынылады

Бұдан кейін кино түсірем бе, білмеймін...

-Кино әлеміндегі алғашқы қадамдарыңыз қандай болды?

1.-1992- 93 жылдары Америкада жүргенімде режиссер ретінде алғашқы дебютім болды. АҚШ-тың Юта штатында Солт-Лейк- Сити деген қала бар. Сол жердегі кино мамандарына бірнеше сценарий жазып бергенмін. Бір күні кино түсіру алаңына келсем, режиссер жоқ екен. Стив деген продюсер бар еді, материалды өзімнен артық ешкім білмейтінін алға тартып, фильмді қолға алуымды сұрады. Қысқасы, кино алаңына итергендей етіп шығарды. Бұл кездейсоқ жағдай. Мен режиссер емеспін, негізгі мамандығым – кинодраматург. Сөйтіп басталып кетті. Бірнеше бейнеролик түсірдім. Олардың тапсырысымен әлеуметтік жарнама түріндегі екі фильм түсірдім. Алматыға қайтып келгеннен кейін де сценарий жазуды тоқтатқан жоқпын. «Мұстафа Шоқайды» жаздым. «Қазақфильмнің» президентінің орнына Анар Қашағанова келгенде Ақтан Арым Құбат деген қырғыз режиссеріне берген «Келін» сценарийі бойынша түсіруді «Материалды өзіңнен артық ешкім білмейді, әрі бастағаннан кейін аяғына жеткізу керек» дегенді айтып, кино түсіру алаңына итергендей етіп шығарды. Кейбіреулер режиссерлік үшін
күресіп жүрсе, мен мәжбүрліктен қолға алдым. Сөйтіп аяқ астынан режиссер болып шыға келдім.

–Режиссер ретінде өзіңізді қалай бағалайсыз? Сіздің бойыңызда режиссерлік қасиет басым ба, әлде кинодраматург ретінде мықтысыз ба?

2. –Драматург бола жүріп, көптеген сценарий жаздым. Режиссерге бересің. Кейін кино шыққанда қарасаң, көңілің толмайды. «Әттеген-ай!» дейтін тұстары көп болады. Сценарийді жазғанда бір киноны көз алдыңа елестетіп отырасың. Кино шыққанда қарасаң, сенің алдындағы суретіңмен сабақтаспайды, мүлдем басқа жаққа кетіп қалады. Ештеңе айта алмайсың. Өйткені, режиссердің көзқарасы басқа. Бірнеше рет сценарийлерім ойлағанымдай емес, мүлдем басқа кино болып шыққанда ішімнен өкініп жүрдім. Жалпы, режиссер ретінде біреудің жазған сценарийін түсіре алмаймын. Тек қана өзімдікін түсіремін. Егер бір жерден қате кетсе, тек өзіңнен көресің. Ең бастысы – жауапкершілік. Өзіңе, өз ісіңе деген жауапкершілік. Ешқандай тапсырыспен жұмыс істемеу керек. Жұмысты қолға алдың ба, оны жоғары кәсіби дәрежеде істеу керек. Өз шығармашылығыма баға бере алмаймын. Бірақ, кәсіби дайындықпен келгенім анық.

3. Жауапкершілік дегеннен туады, бір киноға шамамен екі жылдай уақыт кетеді. Бұл аз уақыт емес. Ал менің досым Тимур Бекмамбетов жылына төрт кино түсіреді. Тимурды жақсы көремін. Мәскеуде жүргенде жақын араласатынбыз. Өте дарынды, мықты жігіт. Бірақ, оның кинолары жеңілтек. Көбінесе компьютерге сүйене отырып жасалады. Бұл адамның интеллектісіне байланысты нәрсе емес. Мұнда техникалық, технологиялық интеллект басымдыққа ие болып тұр.

4. Қазір кино түсіру еріккеннің ермегіне айналып кетті. Жақсы кино көргенде адам қуануы керек. Ал қазіргі біздің киноларды көргенде қуана алмайсың. Өйткені, деңгей түсіп кетті. Еліктеу көп. Өз ойымыз жоқ. Жұртты күлдіргіміз келеді. Күлкінің өзі де түкке тұрмайтын болып шығады. Ойсыз. Күлкінің өзінің ар жағында ой болуы керек. Ал қазіргі кинолардағы күлкі – «аха-ха, иха-ха». Бұл дүниелер, яғни соңғы жылдары кино деп түсіріліп, кино ретінде көрсетіліп жүрген дүниелер – кино емес. Баян Есентаева, Нұртас Адамбайлардың түсіріп жүргендері кино деуге келмейді. Мейлі ғой, түсіре берсін. Бірақ, басын ашып алу керек, олардікі ешқандай да кино емес. Басқа нәрсе. Жанрын өзгерту керек шығар, бәлкім. Бұлардың ең басты ойы – ақша жинау. Ал нағыз өнер адамы ақша үшін жазбайды. Мұхтар Әуезов Абайды ақша үшін жазған жоқ. Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықовтар ақшаның құнын білетін, бірақ ақша үшін жазбайтын. Ал қазіргілер о бастан-ақ ақшаны бірінші орынға қояды. Қазіргі кинолардың кино дегеннен гөрі бизнес жобаға келетіні сондықтан болса керек. Киноның аты да өзгерді қазір. Кино түсіруге бел будың ба, бүкіл жан-дүниеңмен соған берілесің, үлкен дайындықпен кірісесің. Басында қорқасың. Ылғи сол. Ал кино біткеннен кейін ауырасың. Өзім әр кинодан кейін 3-4 айдай ауырамын. (500 сөз)

13. Отандық кино жағдайы туралы қай бөлімде ой қозғайды:

A) Төртінші
B) Екінші
C) Бірінші
D) Барлығы
E) Үшінші

14. 4-бөлімде автор кімге кино туралы ойын өзгерту керек деп кеңес береді?

A) Нұртасқа
B) Шәкенге
C) Сұлтанға
D) Абайға
E) Мұхтарға

15. Ермек Тұрсыновтың адами қасиеттері туралы қандай ой түюге болады?

A) Ол –отандық киноиндустрия саласын дамытуға күш салған адам.
B) Ол – жауапкершілігі жоғары және өз ісіне адал адам.
C) Ол – Америкада тәжірибе жинақтаған режиссер.
D) Ол – өз сценарийлеріне кино түсіріп жүрген танымал режиссер.
E) Ол – білімі мен тәжірибесін ұштастыра білген адам.

16. Қай жауап 1-бөліміннің мазмұнына сәйкес келіп тұр.

1. Ермектің режиссер болуына сценарийді өзі жазуы септік болды.
2. Ермектің режиссер болуына кездейсоқ жағдай себепкер болды.
3. Ермек Тұрсынов еркінен тыс режиссер атанды.

A) Үшіншісі
B) Екіншісі
C) Үшеуі де бұрыс
D) Үшеуі де дұрыс
E) Біріншісі

17. Ермек Тұрсыновтың айтуынша, неге кинодраматургтың дайын фильмге көңілі толмайды?

A) Себебі бар атақ режиссерге тиеселі болады
B) Себебі режиссер жұмысын өте жоғары бағалайды.
C) Себебі кинода режиссердің көзқарасы басым болады.
D) Себебі актерлердің ойыны ұнамайды.
E) Себебі драматургтің жауапкершілігі басым болады.

18. Сұхбат қандай мақсатпен алынды?

A) Ермек Тұрсыновтың кино туралы ойын білу үшін
B) Ермек Тұрсыновтың фильмдерін жарнамалау үшін
C) Ермек Тұрсыновты таныстыру үшін
D) Отандық фильмдерге талдау жасау үшін
E) Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайға сын айтқызу үшін

19. Берілген мақал-мәтелдердің қайсысы Ермек Тұрсыновтың айтқан сын сөзіне сәйкес келеді?

A) Жылтырдың бәрі күміс емес.
B) Ер сыншысы – елі.
C) Қорыққан мен қуанған бірдей.
D) Михнат болмай, рахат болмас.
E) Көз – қорқақ, қол – батыр.

20. 3-бөлімде Ермек Тұрсынов Тимур Бекмамбетовке қатысты не айтады?

A) алаңдау
B) күмән
C) мақтау
D) сын
E) ой-пікір
Әрі қарай

Теодор Агриппа Д'Обинье (1552-1630)

Санасы аз болса, қашады ол бірден,
Азапты көреді — бостандық аңсаса.
Ғашықтық дегені — бақыт қой ең таза,
Сәтсіздік пен бопса — махаббатсыз жүрген.
Шаттықтың ұлығы — сұлуды тербеген,
Еркіндік, тыныштық емес пе тегін у?
Білгенге ырыс-құт — сезімге берілу.
Жүректің суығы — тірі өлгенге тең.


Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Теодор Агриппа Д'Обинье  (1552-1630)
Әрі қарай

Алаяқтық синдромынан құтылудың 7 әдісі

Жоғары біліміңіз бар, жұмыс тәжірибеңіз де жақсы. Бірақ сізді мазалайтын кей ойлар бар. Өйткені бүгінге дейінгі жетістіктеріңізді бір сәттіліктің арқасында, сәйкестік нәтижесінде немесе басқа бір себепші арқылы болды деп ойлайсыз, кей нәрселерді тым оңай көріп, жұртты алдаған сияқты сезімде боласыз, бір күні жұрт біліп қалып, бетпердеңіз шешіледі деп ойлайсыз. Бұның аты — Алаяқтық синдромы.

Алаяқтық синдромы деген не?

Алдымен мына сұрақтарға жауап беріп көріңіз:

  • Жетістігіңіз сәттілік, дұрыс жер, уақыт немесе бір қателіктің арқасында болды деп ойлайсыз;
  • «Мен істей алсам, басқалар да істей алады» деп ойлайсыз;
  • Жұмысыңыздағы кішкентай кемшіліктерді қатты уайымдайсыз;
  • Кішігірім сынның өзін тікелей сіздің кемшілігіңіз ретінде қатты қабылдайсыз;
  • Тағы бір жетістікке, табысқа жеткен кезде, тағы да басқаларды алдағандай сезімде боласыз;
  • Бір күні басқалар сіздің жұртты алдап жүргеніңізді, негізінде соншама қиын жұмыс емес екенін түсініп қалады деп қорқасыз.

Алаяқтық синдромының бір қызық жері — сіз табысты адамсыз. Тек мұны қабылдай алмайсыз. Резюмеңізді қарап тым артық жазғандай көресіз, болмашы нәрселер жазғандай боласыз. Жұрт жақсылығыңызды айтып мақтаса, тым артық артқандай болады.

Бұл синдромның себеп-салдарын анықтап, құтылу жолдарын іздеп көрейік.

Неге бұлай?

Әлемдегі мәселелердің негізі — ақымақтар мен фанаттар өздеріне қатты сенімді, ал ақылдылар күман толы.
Бертран Рассел, ағылшын философы

Психологтардың айтуынша бұның бір себебі: Даннинг — Крюгер эффекті. Яғни ақымақтау адамдардың өз деңгейлерін шынайы бағамдаулары үшін тәжірибелері және біліктілігі жетіспейді. Сондықтан да олар өздерінің кереметтіктеріне аса сенімді, тіпті негізінде олай болмаса да. Ал тәжірибелі адамдар бұрынғы қателерін, кемшіліктерін білгендіктен, сараптай алу қабілеттері болғандықтан өздерінің мүмкіндіктерін төмен бағалайды, тіпті өздерінікі дұрыс болса да. Бәлкім осының салдарынан болар, төмен деңгейдегі немесе интеллекті төмендер жақсы жерде қызмет етеді де, ақылдылар оларға қызыға қарайды?

Жыныстық тұрғыдан қарайтын болсақ, синдром әйелдерде көбірек кезігеді екен. Мұның бір себебі — әйелдің өзін еркектен төмен көруі болуы әбден мүмкін. Бірақ соңғы зерттеулерге қарағанда, табысты еркектерде де бұл синдром байқалады. Өнер адамдарында, ғалымдарда, шығармашылық адамдарында жиі байқалатын құбылыс. Мысалы, Эйнштейн өзін алаяқ сезінген, «неге адамдар мені соншама қатты бағалайды, пәлендей қиын ештеңе ойлап тапқаным жоқ қой» деп.

Отбасы факторы да маңызды. Кішкентайынан ең мықты нәтиже көрсету талап етілген отбасының балалары есейген кезде өз жетістіктеріне сенбейді-мыс. Олардың ойынша біреудің көмегі, жақындардың қолдауы немесе сәтті оқиғаның арқасында болған нәрсе деп қабылдайды. Сондай-ақ кішкентайынан көп сыналатын балаларда да болады. Өскен кезде әр ісінің сыналуынан қорқатын болады.

Қалай жеңуге болады?

1. Мәселені түсініңіз
Алдымен сізде осындай мәселе бар екеніне көз жеткізіңіз. Алаяқтық синдромы байқалатын адамдармен сөйлесіңіз. Пікірталасыңыз. Қолдаңыз бір біріңізді.

2. Сараптама жасаңыз
Жетістік, табыстарыңызды саралап шығыңыз. Шынымен кездейсоқтық немесе сәттілік пе, әлде шынымен өзіңіз қол жеткіздіңіз бе? Ой елегінен өткізіңіз. Батыл болыңыз. Өзіңізге сеніңіз. Өз бағаңызды біліңіз.

3. Кәсібилігіңізді тексеріңіз
Өзіңізден тәжірибелі адамдармен салыстырудың қажеті жоқ. Жас мамандармен, жаңа түлектермен жұмыс істеңіз. Нені жақсы істей алатыныңызды, тәжірибеңізді байқай аласыз.

4. Перфекционист болмаңыз
Әр нәрсенің ең кереметін жасауға тырыспаңыз. Ең мықтысы сіз болу керек деген нәрсе жоқ.

5. Жетістікке қуаныңыз
Болмашы нәрсе, кішкентай жетістік демей әр табысыңызға қуаныңыз. Оны иемденіңіз. Атап өтіңіз. «Жуу» дәстүрін ұстаныңыз. Бұл маңызды!

6. Өзіңізді дамытыңыз
Біліктілігіңізді арттыратын дәрістер алыңыз. Өз салаңыз бойынша білім іздеңіз. Бір нәтижеге жету үшін емес, өзіңізді дамытуға тырысыңыз.

7. Бетпердеңізді шешіңіз
Алаяқ болмаңыз. Маскаңызды шешіп тастаңыз. Жалғыз сіз ғана мұндай емес екеніңізді біліңіз. Батыл әрекеттер қылыңыз.

Чемпиондар Лигасында жаңбырлы түн. 2 матч, 14 гол

Футбол, тек қана футбол!: Чемпиондар Лигасында жаңбырлы түн. 2 матч, 14 гол

МАНЧЕСТЕР СИТИ — МОНАКО — 5:3 (1:2).
Голдар: Стерлинг, 26 (1:0). Фалькао, 32 (1:1). Мбаппе, 40 (1:2). Агуэро, 58 (2:2). Фалькао, 61 (2:3). Агуэро, 71 (3:3). Стоунз, 77 (4:3). Сане, 82 (5:3).


БАЙЕР — АТЛЕТИКО — 2:4 (0:2).
Голдар: Сауль, 17 (0:1). Гризманн, 25 (0:2). Бельараби, 48 (1:2). Гамейро, 59 — пенальти (1:3). Савич, 68 — автогол (2:3). Фернандо Торрес, 86 (2:4).

Әрі қарай

Шырқа, гитара! ән кеші

16 ақпан күні, сағат 17.00. «Қарағанды облысы жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Шырқа, гитара!» атты ән кеші өтті. Қарағанды қаласының кәсіби және әуесқой гитаршыларының басын біріктіріп, ән салып, өнерпаз жастардың уақытын тиімді пайдалана отырып, олардан түрлі ұсыныстар алып, сұхбат құрып, көңілді кеш ұйымдастырылды.

Қатысқан гитаршылар:
Шакенов Владимир Жунусович – Қарағанды қаласының №1 балалар музыкалық мектебінің ұстазы. Свердлов қаласының, Чайковский атындағы музыкалық училишесінің гитара класын тәмәмдаған. Көп жылдық тәжірибелі гитаршы.

Айнаш Сәдуақас – Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің 7 курс студенті;

Әнші, сазгер Жансерік Нишанбеков;

Рауан Қабидолдин – ақын, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі;

Асыл Баянова – Қарағанды мемлекеттік университетінің шет тілдер факультетінің студенті;

Марғұлан Уәли – әнші, сазгер. Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығының маманы.

Сонымен қатар Алмас Мырзахмет, Айзада Рахимжанова, Еркін Нарынов т.б. ақындар өлеңдерін оқыды.

Кеш еркін форматта өтті. Елімізге танымал сонау 70 жылдардан бастап, кейінгі жылдарға дейінгі сазгерлердің әндерін айтып, және жаңа авторлық әндер орындалды.

Ән қалықтап, көңіліміз шарықтай берсін!

Блог - ZhastarTynysy: Шырқа, гитара! ән кеші

"Moldanazar - Жаным сол" - Ұйқы алдында тыңдалатын ән

Тыңдау керек!: Moldanazar - Жаным сол - Ұйқы алдында тыңдалатын ән

Ғалымжан Молданазардың жаңа клипі шығыпты. Клип ұнады. Ән жоқ.

Клип — сол бұрынғы ретро түстер, ретро костюмдер, ретро жастар, ретро әрекеттер.

Ән — сол бұрынғы мелонхолия, сол әуен, сол темп.

Молданазарға жаңа серпіліс керек сияқты. Бір сарын жалықтырады, ұйықтатады.

Сіздің бағаңыз қалай?

P.S алдымен тек әуенін тыңдап көріңізші, клипін қарамай. Мүмкін сол кезде басқаша әсер болар?

Әрі қарай

Қарағанды мемлекеттік медицина колледжі

Ағымдағы жылдың 15 ақпанында "Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығы" КММ Ақпараттық қамтамасыз ету және әлеуметтік технологиялар бөлімінің мамандары " Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауын түсіндіру мақсатында Қарағанды мемлекеттік медицина колледжінде білім алып жатқан студент жастармен кездесу өткізді.

Сондай-ақ, аталмыш кездесуге Қарағанды қаласының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы мен Қарағанды облысы Конфессияаралық қарым-қатынастарының проблемаларын зерттеу орталығының маманы қатысып, Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) және діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді.

Блог - ZhastarTynysy: Қарағанды мемлекеттік медицина колледжі

«Шырқа, гитара!»

Құрметті достар!

«Қарағанды облысы жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен өтетін «Шырқа, гитара!» ән кешіне шақырамыз!
Блог - ZhastarTynysy: «Шырқа, гитара!»

Чемпиондар Лигасы. Топтық кезең статистикалары

Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Чемпиондар Лигасы. Топтық кезең статистикалары

Ертең біреулерге "ғашықтар" күні болса, біз секілді жанкүйерлері үшін футбол мерекесі. Көптен күттірген Чемпиондар лигасымен қауышамыз, түн ұйқымызды төрт бөліп сүйікті командамызға қолдау білдіреміз және тіккен бәсіміз сәтті шығуын тілеп отырамыз. Чемпиондар лигасының топтық кезеңі артта қалып енді іріктелген кіл мықтылардан тұратын плей офф кезеңі басталды, осы сәтті пайдалана отырып топтық кезеңге қатысты қызықты статистикаларды ұсынбақшымын, сіздерге ұнайды деген ниетте жоқ емес.

Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Чемпиондар Лигасы. Топтық кезең статистикалары

Қысқаша әрі барлық статистикаға ортақ мәлімет: 6 турда жалпы саны 280 гол соғылған, 275 гол+5 автогол. 175 ойыншы гол соққан екен.


Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Чемпиондар Лигасы. Топтық кезең статистикалары
1. Топтық кезеңде гол соққан жас және кәрі ойыншы
— Ең жас ойыншы Дортмундтық Боруссияның қорғаушысы, неміс Феликс Пасслак (29.05.1998 жыл)
Ол 2016 жылдың 22-ші қарашасында ЧЛ 5 турында Польшаның Легиясына қарсы ойында 81 минутта гол соққан болатын. Гол соққандағы жасы — 18 жас 182 күн

— Ең кәрі ойыншы Туриндік Ювентустың қорғаушысы, бразилиялық Дани Алвес (06.05.1983 жыл)
Ол 2016 жылдың 29-шы қыркүйегінде ЧЛ 2 турында Хорватияның Динамо Загребіне қарсы ойында 85 минутта гол соққан болатын. Гол соққандағы жасы — 33 жас 153 күн

Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Чемпиондар Лигасы. Топтық кезең статистикалары
2. Топтардың гол статистикасы
Барлығы 280 гол соғылғанын жазған едік, енді голдарды топтарға тарқататын болсақ:

  • А тобы — 40 гол (14%)
  • B тобы — 38 гол (14%)
  • C тобы — 42 гол (15%)
  • D тобы — 31 гол (11%)
  • E тобы — 28 гол (10%)
  • F тобы — 51 гол (18%)
  • G тобы — 27 гол (10%)
  • H тобы — 23 гол (8%)


Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Чемпиондар Лигасы. Топтық кезең статистикалары
3. Көп гол соққан ТОП 5 команда
ЧЛ топтық кезеңінде ең көп гол соққан команда — Дортмунд. Ерекше шабуылдау стилімен, жас ойыншыларымен, контршабуылдарымен танымал команда барлығы 6 матчта 21 гол соғыпты, статистикаға сенсек бұл топтық кезеңнің тарихи рекорды екен. Уәде еткен ТОП 5 төмендегідей:

  1. Боруссия Дортмунд — 21 гол (3,5 гол/матч)
  2. Барселона — 20 гол (3,3 гол/матч)
  3. Арсенал — 18 гол (3 гол/матч)
  4. Реал Мадрид — 16 гол (2,6 гол/матч)
  5. Бавария — 14 гол (2,3 гол/матч)


Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Чемпиондар Лигасы. Топтық кезең статистикалары
4. Турлардың голдар статистикасы
Соғылған 280 голды 6 турға бөліп көрсетсек қалай болады екен?

  • 1 тур — 50 гол (18%)
  • 2 тур — 47 гол (17%)
  • 3 тур — 46 гол (16%)
  • 4 тур — 41 гол (15%)
  • 5 тур — 48 гол (17%)
  • 6 тур — 49 гол (17%)


Мадридтен сөйлеп тұрмыз: Чемпиондар Лигасы. Топтық кезең статистикалары
5. Гол соққан ойыншылардың туған жылы, айы бойынша статистикасы

Статистиканың ең қызық әрі мақтанатын тұсына келген секілдіміз.
— айлар бойынша
Барлығы 174 ойыншы гол соққанын жазған едім, енді гол соққандардың туған айы бойынша сараптап көретін болсақ. Сіздің айда туғандар көп гол соққан, көшбасшылық қасиеті, бомбардирлік қасиеті бар деп мақтанып алсаңыз болады:)

  1. қаңтар — 17 ойыншы
  2. ақпан — 19 ойыншы
  3. наурыз — 17 ойыншы
  4. сәуір — 11 ойыншы
  5. мамыр — 22 ойыншы
  6. маусым — 13 ойыншы
  7. шілде — 16 ойыншы
  8. тамыз — 13 ойыншы
  9. қыркүйек — 14 ойыншы
  10. қазан — 8 ойыншы
  11. қараша — 13 ойыншы
  12. желтоқсан — 11 ойыншы

— жылдар бойынша
Келесі кезек гол соққан ойыншылардың жылдары бойынша статистикада, туған айыңызбен мақтана алмасаңыз жылыңызбен яғни құрдастарыңызбен мақтануға мүмкіндік туып тұр:)

  • 1983 жыл — 4 гол
  • 1984 жыл — 7 гол
  • 1985 жыл — 6 гол
  • 1986 жыл — 11 гол
  • 1987 жыл — 47 гол
  • 1988 жыл — 34 гол
  • 1989 жыл — 23 гол
  • 1990 жыл — 28 гол
  • 1991 жыл — 29 гол
  • 1992 жыл — 14 гол
  • 1993 жыл — 20 гол
  • 1994 жыл — 16 гол
  • 1995 жыл — 17 гол
  • 1996 жыл — 14 гол
  • 1997 жыл — 3 гол
  • 1998 жыл — 1 гол


Статистикада аз-маз қателіктер болуы мүмкін, сіздерге ұнады деген ойдамын. Сүйікті командаңызға сәттілік және Hala Madrid!
Әрі қарай