Астана халықаралық марафонында 9 орынға дейін дейін жүлде қарастырылған

Астана жаңалықтары: Астана халықаралық марафонында 9 орынға дейін дейін жүлде қарастырылған
Бүгін Астана қаласындағы Этноауылда Астана халықаралық марафонына арналған кезекті баспасөз мәжілісі өтті.

Осы жылдың 4 сәуірінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) жеңіл атлетикадан Астанада халықаралық марафон өткізу туралы келсімге келген еді. Бұл марафонды құрылғанына биылғы жылы 25 жыл толатын «Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің» (АӨСШК) форумымен бірге өткізу жоспарланған. Халықаралық марафонды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР жеңіл атлетика Федерациясы, Астана қаласының әкімдігі және «Шанхэ» Юньнань мәдениет және спорт компаниясы бірігіп өткізеді.

Баспасөз мәжілісінде ҚР жеңіл атлетика федерациясының маркетинг және PR бойынша бас менеджері Мақпал Зинашева тіркеу жұмыстары қай уақытқа дейін жалғасатынын және жарна көлемін, ақпараттық насихаттау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны туралы айтып өтті.

– Астана халықаралық марафонына қатысушыларды тіркеу 15 шілде күні басталды. Қазіргі кезде 1000-нан астам адам тіркеліп үлгерді. Тіркеу жұмыстары 26 тамызға дейін жалғасады. (http://scomarathon2017.com). Марафонға қатысуға өтініш бергендердің көбісі 10 мың шақырымға жүгіретіндер. Ал 2017 метр мен 42 шақырым 195 метрге жүгіруге өтініш берген адамдардың саны бір-біріне шамалас. Қатысушыларға жүгірер алдында бастапқы пакеттер таратылып беріледі. Оның ішінде арқаға асатын сумка (рюзак), әрбір адамға жеке нөмірі көрсетілген жейде бар. 42 шақырымға жүгіретіндер 5 мың теңге, 10 шақырымға жүгіретіндер 3 мың теңге жарна төлеуі тиіс. Ал 2017 метрге жүгіретіндер, мүмкіндігі шектеулі жандар және зейнет жасындағы кісілерге қатысу тегін, – дейді Мақпал Зинашева.

Оның айтуынша, Астана халықаралық марафонына қатысушылардың арасында өнер, спорт жұлдыздары да бар екен.

– Марафонды өткізудегі ең негізгі мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттау. Біздің бұл бастамамызды қолдаушылардың арасында актер Максим Акбаров, бокстан 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, «МИСС Қазақстан» байқауының жеңімпаздары және т.б танымал жұлдыздар бар. Астана марафоны халықаралық болғандықтан әрі елімізге туристерді көптеп тарту мақсатында әр түрлі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шетелдегі ақпараттық демеушілеріміздің арасында Қытайдағы танымал халықтық газет қазіргі кезде электрондық нұсқаға ауысқан «Жэньминь Жибао» басылымы бар, –дейді ҚР жеңіл атлетика федерациясының өкілі.

Ұйымдастыру комитетінің мүшесі, марафонға жүгіруден Гинесс рекордтар кітабына 7 мәрте енген, төрткүл дүниенің ең үлкен құмды шөлдерін бір өзі ғана жүргіріп өткен әлемдегі жалғыз марафоншы Марат Жыланбаев халықаралық шараның жүлде қорымен таныстырып өтті.

– 42 шақырым 195 метр марафонының жалпы жүлде қоры 60 мың долларды құрайды. Егер спортшы аталған қашықтықты 2 сағат 20 минутта жүгіріп өтетін болса, 13 мың АҚШ долларына ие болады. Әйелдер бұл қашықтықты 2 сағат 40 минутта жүгіріп өтсе жеткілікті. Мәреге 2 сағат 20 минутта емес, одан сәл кешірек келіп, бірақ жеңімпаз атанатын болса, 7 мың долларға қол жеткізеді. Жалпы, 9 ер, 9 әйел спортшыға дейін ақшалай сыйақы қарастырылған. Ал 10 шақырым және 2017 метрге жүгіретіндерге демеушілер тарапынан бағалы жүлделер тағайындалған. Бірақ оларға ақшалай сыйақы берілмейді, –дейді Марат Жыланбаев.

ҚР жеңіл атлетика федерациясының орта, ұзақ қашықтық және марафонға жүгіру бойынша аға жаттықтырушысы Артем Жигалов марафонның маршруттарын таныстырды. Оның айтуынша, Астана халықаралық марафоны таңғы сағат 07:30-да басталады.

– «ЭКСПО-2017» аясында өтетін ШЫҰ мен АӨСШК халықаралық марафоны 2017 жылдың 27 тамызында таңғы сағат 07:30-да басталады. Марафонның маршруты Астананың басты көшелерін қамтиды.Біз әлемнің әр елінен келетін марафоншыларға елорданың әдемі көшелерін көрсетуді мақсатып етіп отырмыз. 10 шақырымға жүгіретіндердің старты сағаты 08:00-де басталады. Олар Mega Silk Way сауда орталығынан бастап, Қабанбай батыр, Ұлы дала, Мәңгілік ел, Керей және Жәнібек көшелерінің бойымен жүгіреді. Ал 2017 метрге жүгіретіндердің старты 08:30-ға жоспарланған,–дейді Артем Жигалов.
Еске сала кетейік, Astana EXPO-2017 көрмесі аясында өтетін халықаралық ШЫҰ және АӨСШК марафонына 5 мың адам қатысады деп күтілуде. Оның ішінде мың адам шетелден келмек. Сондай-ақ ШЫҰ-ның әрбір елінен 30 кәсіби спортшы тарту көзделген.
25 және 26 тамыз күндері Astana EXPO көрмесінің оңтүстік қақпасы жағынан тіркеуден өткен қатысушыларға бастапқы пакеттер беріледі. Онда жүгіруге арналған жейде мен әрбір қатысушының жеке нөмірі бар. Пакеттерді тарату кезінде танымал марафоншылардың қатысуымен шеберлік сағаттары өтеді. Олар әуесқой жүгірушілерге марафонға қалай дайындалу керектігін көрсетіп, ақыл кеңестерін айтатын болады.

Марафонның бағдарламасы:
25 тамыз: 16.00 – 22.00 аралығында бастапқы пакеттер таратылады
25 тамыз: 14.00 – 20.00 аралығында бастапқы пакеттер таратылады
27 тамыз: 05:00-06:30 – бастапқы пакеттер таратылады
6.30 – 7.00 – аралығында кәсіби нұсқаушылардың қатысуымен бұқаралық жаппай жаттығу өтеді

Анықтама үшін: ШЫҰ алғашқы марафоны 2016 жылы өткізілді. Оған төрт құрлықтан 15,6 мың адам қатысты. Марафон ШЫҰ құрылуына 15 жыл толуына орайластырылды. Аталған шара қарапайым қазақстандықтар үшін салауатты өмір салты, достық пен әріптестік белгісі іспеттес болмақ.
Әрі қарай

Астанада "Астана Балет EXPO GALA" өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада Астана Балет EXPO GALA өтеді

18 тамызда елордалық театрда қала тұрғындары мен қонақтардың назарына «Астана Балет EXPO GALA» театры өзінің әйгілі бағдарламасын ұсынады.

Бағдарламада көрермендерге екі біракті балет көрсетіледі: Джордж Баланчиннің «Серенадасы» мен Рикардо Амарантенің «A fuego lento» туындысы.

Айта кетейік, «Серенада» балеті ХХ ғасырдағы балеттің алтын тізіміне кіреді. Джордж Баланчиннің «Серенада» балеті П. Чайковскийдің ішекті аспаптар оркестрі үшін Серенада музыкасына Д. Баланчиннің қорымен әзірленген және Баланчиннің техникасы мен стиліне сәйкес дайындалған.

Балеттің басталуы сағат 18.00-де.
Әрі қарай

Астанада Спорт күніне арналған үстел теннисі, волейбол және шағын футболдан спартакиада өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада Спорт күніне арналған үстел теннисі, волейбол және шағын футболдан спартакиада өтеді20 тамыз күні «Алау» мұз айдыны сарайында Спорт күніне арналған үстел теннисі, мини-футбол және волейболдан спартакиада өтеді.

Шараны қазақша және еркін күрестен спорт шебері, ақын Жеңіс Қашқынов атындағы қормен, Астана қаласының мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, «Алау» мұз айдыны сарайымен бірлесе отырып, елорда әкімдігінің қолдауымен өткізеді.

Спорттық шара халық арасында салауатты өмір салты мәдениетін кеңінен насихаттауға бағытталған.

Спартакиаданың салтанатты ашылуына белгілі спорт шеберлері мен Қазақстан эстрадасының өкілдері қатысады. Жеңіске жеткен қатысушылар диплом, алғыс хат, ақшалай және құнды сыйлықтармен марапатталады.

Жарысқа барлық қалаған 14-29 жас аралығындағы адамдар қатыса алады.

Спартакиаданың басталуы сағ. 11:00-де, тіркелу сағ. 09:00-де.
Әрі қарай

Талдықорғандықтарға 168 жаңа пәтер берілді

Алматы облысы: Талдықорғандықтарға 168 жаңа пәтер берілді
Бүгін Талдықорған қаласында тұрғын үй кезегінде тұрғандар мен «Тұрғынүйжинақбанкі» АҚ-ның салымшыларына жаңа көпқабатты үйлердің 168 пәтері берілді. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған несиелік тұрғын үйлердің кілтін облыс әкімі Амандық Баталов пен «Қазақстанның Тұрғынүйжинақбанкі» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова табыстады.
Қоныс иелерін құттықтаған облыс әкімі А. Баталов Талдықорған қаласын дамытудың жоспарына, соның ішінде 7-шағын ауданда салынатын құрылыс нысандарына қысқаша тоқталып, жаңа баспаналарына құтты болсын айтты.
— Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы Елбасының тапсырмасына сәйкес облыста ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Талдықорған қаласы да күннен күнге көркейіп келеді. Соның бір айғағы – бүгін жаңа пәтерлерге қол жеткізіп отырсыздар. Облыс орталығындағы жаңа баспаналарыңыз құтты болсын. Шаңырақтарыңыз шаттық пен қуанышқа, отбасыларыңыз бақыт пен ырысқа толсын! – деді А. Баталов. «Қазақстанның Тұрғынүйжинақбанкі» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова да көпшілікке ізгі тілегін жеткізіп, қуаныштарына ортақтасты. Жаңа қоныс иелері де оңды мемлекеттік саясаттың нәтижесінде баспаналы болу бақытына ие болып отырғандарын айтып, Президенттің атына ризашылықтарын жеткізді.
Кілт тапсыру салтанатының алдында облыс әкімі А. Баталов пен «Қазақстанның Тұрғынүйжинақбанкі» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жеке тұрғын үй құрылысын дамыту туралы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Л. Ибрагимованың айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде қос тарап келісімі бойынша жыл соңына дейін Талдықорғанда банктің қатысуымен коттеджді қалашықта 48 жер үй салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ал мұнан кейінгі екі жыл ішінде осындай жеке тұрғын үйлер санын 600-ге жеткізу межеленген.
«Нұрлы жер» бағдарламасы негізінде жеке тұрғын үйлер салынатын жер алаңдарының инженерлік инфрақұрылымын жасауға толық қолдау көрсетеміз. Ең бастысы оның нәтижесін халық көреді», — деді Амандық Ғаббасұлы.
Аталмыш банктің Алматы облысында 43 мыңнан астам салымшысы бар, яғни облыс республика көлемінде салымшыларының саны жағынан алдыңғы қатарда. Бұл — Алматы облысының орталық қаласында ғана емес, Қаскелең, Талғар сияқты шағын қалаларында да инфрақұрылымның жақсы дамығанының нәтижесі. «Тұрғынүйжинақбанкі» АҚ Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде облыста 74,1 мың шаршы метр тұрғын үй салған. Соның ішінде «Тұрғындардың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша 41,1 мың шаршы метрлік 12 үй немесе 609 пәтер салынса, «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша 33 мың шаршы метрлік 7 үй немесе 593 пәтерді пайдалануға берілген. Жалпы 2017 жылы 6 үй салу жоспарланса, соның 4-еуі Талдықорғанда болмақ.
Әрі қарай

Астанада Павлодар облысының мәдени күндері өтеді



Ауқымды іс-шара жан-жақты мәдени-сауықтыру бағдарламаларға толы.

19-20 тамызда Мұңайтпасов, 9 мекенжайындағы «Қазақстан» спорт кешенінің тұрақ алаңында Павлодар облысының тауар өндірушілерінің қатысуымен ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.

Онда өңірдің жүзге жуық өңдеу кәсіпорындары мен шаруа қожалықтары елорда тұрғындары мен меймандарына бағасы қолайлы азық-түліктің кең түрін ұсынбақ. Атап айтқанда: «Рубиком» ЖШС, «Жаңа Роса» АҚ, «КЭММИ» ЖШС, «Ақжар – Өндіріс» ЖШС, «РЭГТайм» ШҚ, «Крендель» ЖШС, «Зерноград» ЖШС, «Галицкое» ЖШС, «Шарбақты Құс» ЖШС, «Победа» ЖШС, «Ақтоғай Агро» ЖШС, «Байет және К» ЖШС. Астанаға барлығы 45 тонна ет және ет өнімдері, 200 тонна картоп, 90 тонна көкөніс және 100 тоннадан аса ауылшаруашылығы өнімі жеткізілмек.

19 тамыз күні сағат 18:00-де және 20 тамыз сағат 11:00-де «Қазанат» ипподромында аударыспақ, теңге алу, қазақша күрес, көкпар, тоғызқұмалақ, жамбы ату, тас көтеру сынды ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық-бұқаралық шаралар, сондай-ақ құсбегі және тазы көрмелері, сонымен қатар өңірдің шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасы өтеді.

19 тамызда «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде «Ертіс – қимақтар өзені» атты көрме ашылады. Елорда тұрғындары мен қонақтары 19-20 тамыз күндері сағат 11:00-19:00 аралығында көрме экспонаттарын тамашалай алады.

19 тамыз сағат 18:00-де М.Омаров көшесі, 47а мекенжайында орналасқан Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры Қ. Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы» атты лирикалық комедиясын қояды.

20 тамыз сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін павлодарлықтар Хан Шатырдың маңындағы Көшпенділер қалашығында «Дәуірлермен ұштасқан туған жер» атты фотожұмыстар көрмесін ұсынады. Чехов атындағы облыстық драма театры Желтоқсан көшесі, 72а мекенжайында орналасқан М.Горький атындағы Мемлекеттік орыс академиялық драма театрында Б. Сологубтың повесі бойынша «Беда от нежного сердца» спектаклін қояды.

20 тамыз сағат 18:00-де, 20 тамыз сағат 21:30-да EXPO аумағындағы амфитеатрда Павлодар облысының мәдениет күндеріне арналған гала-концерт өтеді. 21 тамыз сағат 19:00-де Д. Қонаев көшесі, 14 мекенжайындағы «Has Sanat» галереясында «Халық рухының жерұйығы» атты көрме ашылады. Көрмеге 23 тамызға дейін келуге болады.
Әрі қарай

Астана мешіттері «Мектепке жол» акциясын қолдайды

Астана жаңалықтары: Астана мешіттері «Мектепке жол» акциясын қолдайды

Елорда мешіттері 300-ге жуық оқушыны жаңа оқу жылына дайындап, 3 мыңға жуық әлеуметтік ахуалы төмен отбасыға жәрдемдесуді көздеп отыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

«Жыл сайын Астана қаласының мешіттері Құрбан айт мерекесі кезінде «Жетеудің бірі бол, Раббың үшін құрбан шал» атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырамыз. Шалынған құрбан малдың етін мешіттерімізге алдын ала түскен тізім бойынша әлеуметтік аз қамтылған, ахуалы төмен отбасыларға таратамыз. Бүгінде қала мешіттерінде 2-3 мыңға жуық отбасы тіркеуде тұр», — деді медиа орталықтың тілшісіне берген сұхбатында «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Марат Бектазинов.

Наиб имам берген мәліметке сүйенсек, Астана қаласындағы 8 мешіттің барлығы «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына жәрдемдесуді көздеп отыр.

«Мешіттердің барлығы бірнеше жыл қатарынан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысып келеді. Биыл да қатысуға дайын. 16 тамыздан бастап мешіттердің барлығы бекітілген тізім бойынша көп балалы, әлеуметтік ахуалы төмен, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, жартылай жетім және толық жетім балаларға қамқорлығы ретінде мектепке қажетті заттармен жәрдемдесетін болады», — деді ол.

«Нұр Астана» мешіті жыл сайын 200-ден аса оқушыны оқу құралдарымен қамтамасыз етіп келді. Мешіт биыл 300-ге жуық бүлдіршінді қамтуды көздеп отыр.
Әрі қарай

Астанада тұрмыс қалдықтарының апатты үйінділерін жою бойынша айлық басталды

Астана жаңалықтары: Астанада тұрмыс қалдықтарының апатты үйінділерін жою бойынша айлық басталды

15 тамыздан бастап 15 қыркүйекке дейін Астанада қала аумағында апатты үйінділерді жою бойынша Астана қ. ІІД жергілікті полиция қызметінің, экология департаментінің, әкімшілік және криминалдық полицияның қатысуымен айлық өткізілуде.

Шара барысында елорданың аумағында сенкцияланбаған үйінділерді болдырған азаматтарды заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту, анықтау және алдын алуға ерекше көңіл бөлінетін болады.

Айта кетейік, табиғатты қорғау инспекторларымен апатты үйінділерді жою мақсатында күн сайын қала аумағында рейдтік шаралар өткізілуде. Олар белгіленбеген жерлерде қоқыс тастайтын азаматтарды табуға бағытталған.

Жыл басынан белгіленбеген жерлерге қоқыс тастағаны үшін 41 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Оларға салынған айыппұл мөлшері – шамамен 2 млн. теңге. Лас суды белгіленбеген жерге төккені үшін 50 жүргізушіге 1 млн. 250 мың теңге сомасында айыппұл салынды.

Жалпы алғанда 2017 жылдың басынан ҚР ӘҚК-нің 505 бабы «Абаттандыру ережелерін бұзу» бойынша 15 500 бұзушылық анықталды.
Әрі қарай

Рухы мықты елдің еңсесі де биік

Астана жаңалықтары: Рухы мықты елдің еңсесі де биік

Әйгілі «Өркениеттер қақтығысы» теориясының авторы Самуэль Хантингтон «Өркениеттер тайталасында кімнің мәдениеті, иммунитеті басым болса, соның мерейі үстем болады» деп сәуегейлік танытады. Аумалы-төкпелі тарих толқынында жер жүзін жайлаған талай мемлекеттер құрдымға кетіп, өткеннің еншісінде қалғанын жақсы білеміз. Бүгінде ел боламын деген қауым әлемдік мәдениетті, адамзаттың озық жетістіктерін игеруге ұлттық сана иммунитетімен жол табады. Арнольд Тойнбише айтсақ «шақыру» мен оған «жауап беруден» тұратын өркениет өзгерісінде замана көшінен қалмай, уақыт талабының үдесінен шыға білген елдің ғана мерейі үстем болмақ.
Ғалымдар соңғы уақытта жаһандану үрдістерінің жаңаша қарқын алуын, ғылым мен білімнің дамуын, лаңкестік, ғаламдық жылыну, трансшекаралық сулар мен аумақтық даулар, азық-түлік қауіпсіздігі, әлемді жаулаған киберқылмыс түрлері, ұлттық құндылықтар тайталасының өріс алуын негізге алып, осынау сын-қатерлердің алдын алу қажеттігі туралы дабыл қағуда. Славян және қытай өркениетінің, ислам мен батыс өркениетінің тоғысында орналасқан Қазақ елінен бүгінгі заман талаптары нақты тәуекелдер, маңызды қадамдар күтуде. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстан 2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауында жан-жақты баяндалған.
Мемлекет басшысының аталған жолдаумен сабақтаса жазылған «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты бағдарламалы мақаласы Мәңгілік Ел болуды көксеген еліміздің тұғырын нығайтатын берік идеологиялық платформа. Елбасы өз мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деді.
Бұл заманда адам капиталына жетер құндылық жоқ. Сол үшін Мемлекет басшысы жастарға, білімге инвестиция салуға ерекше көңіл бөлуде. Енді білім мен ғылымға негізделген экономиканы, пайдалы өндірісті дамытуымыз қажет.
Елбасының мақаласында жазылған негізгі бағыттарды іске асыру бойынша ел көлемінде қызу жұмыстар атқарылып жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама негізгі 4 кіші бағыттан тұрады.
Олар: «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны».
Елордада «Атамекен» бағыты аясында «Жергілікті бастамалар картасы», «Жомарт жүрек» сынды жобалар қарастырылған. Бұл жобалар қала тұрғындары арасында ізгілік, қайырымдылық, мейірімділік сынды игі қасиеттерді сіңіруді көздейді. Атақты ұстаз әл Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында әрбір адам басқа адамның өмір сүруіне қол ұшын созып, өзара көмектесу арқылы бақытты болатындығы туралы өсиет еткен.
Қайырымдылық халқымыздың бойында бар асыл қасиет. Аталған қасиетті одан әрі жаңғыртуымыз керек. Осы мақсатта Елордадағы ірі кәсіпкерлердің басын қосқан демеушілер клубы құрылуда. Клуб құрамындағы қалталы кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қаладағы маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысына, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсететін болады.
Қазіргі таңда мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында үш бала-бақшаның құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге «Ардагерлерді аялайық», «Туған мекен», «ASTANA ART FEST» сияқты жобалар халықты мейірімділікке үндейтін іргелі жобалар.
Астанада осы уақытқа дейін «Астана – мейірімді қала», «Smile Astana» жобалары да қалың көпшілік тарапынан қолдау тапқан болатын. Осының бәрі халықтың тұрмысын, елдің еңсесін тіктейтін шаруалар ғана емес, адамдардың мінез-құлқы мен көңіл-күйіне әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан мұндай жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
«Рухани қазына» бағыты бойынша «Ұлттық мәдениет», «Дәстүр және құндылықтар», «Ішкі туризм», «Ел бірлігі», «Асыл ұрпақ», «Қасиетті Қазақстан», «Мәдени даму» сынды жобалар қарастырылған.
Елбасының мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі» деген жолдар бар. Осы ретте, «Рухани қазына» бағыты бойынша «Елорда мәдениеті» атты арнайы бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарлама бойынша елордалық өнерпаздар мен мәдениет саласындағы шығармашылық өкілдерінің тек республика көлемінде емес, әлемдік деңгейде танылуына ұлкен жағдай жасалмақ.
Сондай-ақ, «Сакралды Астана» жобасы аясында Елорда аумағында орналасқан 20 тарихи маңызды орындардың жаңғыруына жағдай жасалмақ. Оның ішінде «Бозоқ» қалашығын реставрациялау және оны музейге айналдыру жобасын ерекше атап өтуге болады. Бүгінде археолог ғалымдар Астана тарихының «Бозоқ» қалашығынан бастау алатынын дәлелдеді. «Бозоқ» қалашығы орта ғасырларда Дешті Қыпшақтың стратегиялық маңызды орталығы болған. Бұл Елорда тарихынының мыңжылдықтарға тартатынының дәлелі. Кез келген мемлекеттің тамыры тереңге тартқан сайын, оның рухани өзегі де кемел болмақ.
Алдағы уақытта Астанада «Алғыс айту» күніне орай «Қазақ еліне мың алғыс» монументі ашылады деп күтілуде. Бұл көпэтносты халқымыздың өткен өмірінен сыр шертеді. Қиын-қыстау сәттерде Қазақстанға депортацияланған көптеген ұлттарға жергілікті қазақ халқы бір үзім нанын бөліп беріп, ерекше қамқорлық көрсеткенін жақсы білеміз. Мұны барлық азаматтар білуі тиіс. Бұл ішкі татулығымыз бен бірлігімізді нығайтатын идеологиялық платформа.
«Тәрбие және білім» бағыты аясындағы шаралар өз кезегінде негізгі 4 идея төңірегінде топтастырылады. Олар: «Отаным – тағдырым», «Саналы Азамат», «Өлкетану» және «Кітап – білім бұлағы». Сондай-ақ, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, қазақ тілінде жүз жаңа кітап шығару мәселелері де осы бағдарлама аясында іске асатын болады.
Жастардың білім алуына, олардың өзара коммуникацияға түсуіне, ортақ мақсат пен елдік мүдде жолында жұмыла еңбек етуіне жағдай жасалуда. «Астананың дарынды балалары» фестивалі, «Тал күні» акциясы, «Менің Отаным – Қазақстан» атты слет, «Отбасы – бақыт мекені», «Жау жүрек мың бала» жобалары, мүшәйра сынды іс-шаралар Бағдарламаның табысты іске асырылуын қамтамасыз етеді.
«Ақпарат толқыны» бойынша атқарылып жатқан барлық жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланатын болады.
Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінен үш кезеңнен тұрады. Әр кезеңнің өзіндік сапалық және сандық индикаторлары бар.
Бірінші кезең – 2017-2020 жылдар аралығын қамтиды. Барлық қоғамдық, саяси, іскерлік, әлеуметтік институттары аталған бағдарламаны жүзеге асыруға жұмылдырылады. Бағдарламаны іске асыру бойынша нормативтік-құқықтық база қалыптастырылады. Жұмыстар қарқынды жүргізілетін кезеңі.
Екінші кезең – 2021-2025 жылдар аралығы. Бұл кезеңде негізгі жобалар аяқталады. Орташа мақсатты индикаторларға қол жеткізіледі. Бірінші кезеңдегі жағдаймен салыстырғанда айтарлықтай оң өзгерістер орын алады.
Үшінші кезең – 2026-2030 жылдарды құрайды. Бұл кезеңде «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім», «Қазақ тілін латын графикасына көшіру» жобалары толық жүзеге асырылатын болады.
Қорытындылай келгенде, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы руханиятымызды жаңғырту жолында атқарылуы тиіс дүниелер тізбегін нақты белгілеп берді. Мақсат айқын, құлшыныс зор.
Өткенге ретроспективті көзбен қарайтын болсақ, дүние ойшылдарының көпшілігі кемел адам, кіршіксіз қоғам болудың кілтін іздеген. Біздіңше, данышпан Абай өсиет еткендей өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік пен бекер мал шашпақтық секілді жаман әдеттен арылып, асық болуға шақырған талап, еңбек, терең ой, қанағат пен рақымға ұмтылуымыз керек. Оған Елбасы мақаласында жазылған сана ашықтығы, прагматизм, ұлттық кодты сақтау сынды құндылықтарды қосуға болады.
Сондықтан барша оқырмандарды барынша сергек болуға, ел игілігі жолында жұмыла еңбек етуге шақырамын.

Ерлан Каналимов
Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы
Әрі қарай

Астаналық Арбатта 500-ші қолөнерші тіркелді

Астана жаңалықтары: Астаналық Арбатта 500-ші қолөнерші тіркелді

Бүгінде елордалық Арбатта 500 қолөнерші еңбек етуде. Қолөнершілердің соңғы легі Алматы қаласынан өздерінің бірегей туындыларымен келді.

Әкесі мен баласы: Илья және Константин елордаға жаңа туынды — глюкофон музыкалық құрылғысын алып келді. Музыкалық құрылғының ерекшелігі мен бірегейлігі – музыкалық құрылғыда ойнаудан хабары жоқ кез-келген адам қолдана алады. Музыкалық құрылғыны қалай қолданса да, әдемі әуен шығады, нақты мына тетіктерді басу керек ереже жоқ. Арбаттың негізін қалаушы әрі идея авторы Арай Ордабаева ЭКСПО көрмесі басталғаннан бері елордалық Арбаттың жұмыс нәтижесі жөнінде баяндады.

«Біздің Арбат – шығармашылықтың еркін аумағы. Арбат шығармашылыққа ден қойған адамдардың ордасы, суретшілер, қолөнершілер, қолдан түрлі бұйымдар жасайтын шеберлер, бишілер мен музыканттар мекені. Қазірдің өзінде қолөнершілердің саны 500-ге жетті, олар Қазақстанның түкпір түкпірінен ағылуда. Біз сауда саттықтың 50-ге жуық нүктесін анықтадық»,- деді Ордабаева.

Естеріңізге сала кетейік, ЭКСПО көрмесі қарсаңында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің бастамасымен Есіл өзенінің жағалауында астаналық Арбат ашылған болатын.
Әрі қарай