Астана әкімдігінде қаланы газдандырудың мерзімі туралы айтылды

Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мақсатында қалада «Астананы  газдандыру» бойынша мемлекеттік сараптама жүргізу үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, әзірленді және «Мемсараптама» РМК республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.  


Қорытындыны алудың болжамды мерзімі – 2018 жылдың төртінші тоқсаны.  Астана қаласында газ тарату желілерінің құрылысы ТЭН-ге сәйкес үш кезекке бөлінген.  Қазіргі уақытта газдандыру процесін жеделдету үшін ТЭН мен әкімдік жобаның 1-ші кезектің 9 кешенін іске қосу мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде:


1-ші іске қосу кешені – АГРС-1 ден ЖЭО-1 және ЖЭО-3 газ беру қамтамасыз етіледі (су жылытқыш қазандықтар және мазут қазандары);


2-ші іске қосу кешені – АГТС-2 ден ЖЭО-2-ге газ жіберу, (су жылытқыш қазандар);


3-ші кешен мен 6-шы кешенге дейін іске қосу Көктал-1, Көктал-2 тұрғын үй алаптарына газ тарату желілері;


7-ші кешенді іске қосу – Железнодорожный тұрғын алабына газ тарату желісі.


8-ші және 9-шы кешенді іске қосу «Оңтүстік Шығыс» тұрғын алабына газ тарату желісі.


ЖСҚ 1 кезектің қорытындысын алудың болжамды мерзімі 2019 жыл бірінші тоқсаны.


«ЖСҚ-ның 1-кезекке мемлекеттік сараптаманың оң шешімін алған соң әкімдік Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сай  Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне  жобаны қаржыландыру үшін қажетті құжаттама бағытталатын болады. 2-ші және 3-ші кезектегі газ тарату желілерінің құрылысын іске асыру мерзімі 2021 мен 2023 жылдарға арналған жергілікті бюджет, республикалық бюджеттің, сондай-ақ жеке инвестицияларды тарту есебінен жүзеге асыру жоспарланған», делінген әкімдік ақпаратында.


Екінші кезектегі газ тарату желілерінің құрылысын іске асыру жобасы шеңберінде Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар, Тельман, Пригородный, Garden Village және Family Village тұрғын алаптарына жеткізіледі.


Үлестік құрылысқа қатысу үшін нені білген жөн?

Астана қаласының қалалық ортаның сапасын қадағалау басқармасы өкілдері үлестік құрылысқа қатысудың өзекті мәселелеріне жауап берді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу дегеніміз не?


2016 жылдың 7 сәуіріндегі ҚР «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу» заңына сәйкес тұрғын үй құрылысына қатысу кепілдік қордың кепілдігін немесе екінші деңгейлі банктың қатысуы не салынатын тұрғын үйдің қаңқасын көтергеннен кейін үлескерлердің қаржысын тарта алады. Құрылыс компанияларына жеке азаматтарға басқа жолмен үлескерлердің қаржысын тартуға қатаң тыйым салынады. 


Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу келісімшарты қалай жасалады?


Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы келісімшарт жазбаша түрде жасалады және жергілікті атқарушы органында оның есепке алу сәтінен бастап жасалған деп есептеледі. Уәкілетті компания тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мақсатында келісімшарт жасасуға ниетті жеке және заңды тұлғаларға құрылыс объектісі туралы толық ақпарат беруге міндетті. Құрылыс салушы компания уәкілетті органның рұқсатын алған соң ғана үлескердің қаржысын тарта алады.


Үлескер мен құрылыс салушы компанияның келісімшарт бойынша міндеттері қандай?


Үлескер құқығы:


— үлескер құрылыс салушы компаниядағы келісімшартта көрсетілген міндеттемелердің тиісті деңгейде орындалуын талап ете алады.


— ҚР азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу құқығы туралы шарт талап етуге;


— құрылысқа жауапты компаниядан тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға жасалған келісімшарттың талаптарын орындалуын талап ете алады


Үлескер міндетті:


— үлескердің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың бағасын төлеуі шартта белгіленген мерзімде төлемдерді құрылыс салушының және (немесе) уәкілетті компанияның банктегі банк шотына енгізу арқылы жүргізіледі;


— келісімшартта көрсетілген міндеттерді орындау;


— уәкілетті компаниядан тұрғын үй үлесіндегі пәтер немесе нысанды қабылдап алу актысы толтырылғаннан кейін 30 күн ішінде құрылыс компаниясы тарапынан ескертпе алған соң үлесін беру туралы келісімшартқа қол қойылады;


— егер мекенжайы немесе тағы да басқа мәліметтері өзгерген жағдайда уәкілетті ұйымды 30 күн ішінде жазбаша түрде ақпарат беру.


Ал құрылыс компаниясы өз кезегінде нысанның уақытылы аяқталуын және сапасының келісімшартта көрсетілген талаптарға сай болуын қамтамасыз етеді.


Құрылыс компаниясы немесе жауапты компания Кепілдік беру қорының немесе жергілікті атқарушы органның үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат бергені туралы айта отырып тұрғын үй құрылысының немесе басқа да нысанның жарнамасын жүргізе алады. Жарнамада құрылыс компаниясы және жауапты уәкілетті орган туралы ақпарат болуы тиіс.


Қандай жағдайда үлескер құрылыс компаниясымен келісімшартты үзе алады?


Уәкілетті компания толық емес және дұрыс емес ақпарат берген жағдайда үлескер тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты жарамсыз деп тану үшін сотқа жүгіне алады.


Елорданың үздік жас отбасы анықталды

Сенбі күні Оқушылар сарайында «Үздік жас отбасы» байқауының финалы өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Сайыстың іріктеу кезеңіне 70-тен аса отбасы қатысып, шешуші сынға тек 10-ы жолдама алған. Сөйтіп солардың арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандары бағалы сыйлықтарға ие болды.


Байқаудың қорытындысы бойынша Азат пен Әлия Жұмағұловтар үздік жас отбасы болып таңдалды, екінші орын Ерген мен Гауһар Кенжеғұловтарға, ал үшінші орын Бақтияр мен Шадияр Мұхамбетқалиевтерге бұйырды.


«Меніңше мұндай байқаулар отбасын біріктіре түседі. Біз жеңеміз деп күтпедік. Расын айтсақ, біз ең соңғы кезде қатысуға өтініш бердік. Өте қуаныштымыз. Байқаудың арқасында біз бір-бірімізді жақсы түсінетін болдық», — дейді жеңімпаз отбасы.


Үздік отбасы байқауының шешуші сынына қатысушылар – әртүрлі сала өкілдері. Бірі әскери қызметкер, дәрігер, енді бірі музыкант, кәсіпкер немесе спортшы. Финалға шыққандар қатарында «Астана» ФК бұрынғы тәлімгері Бахтияр Мұхамбетқалиев, «Ұлттық Ұлан» оркестрінің музыканты Айдос Қодығанов, Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирург дәрігері Ерген Кенжеғұлов бар.


«Біздің басты мақсатымыз жастарға тағдыр бастарына нендей сынақ салса да, бір-бірін жақсы сүйіп, жарасып өмір сүру. Себебі, менің отбасыммен көргенімді дұшпаныма да тілемеймін», — дейді аяғынан айрылған Бахтияр Мұхамбетқалиев.


Финал үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде әр отбасы өзінің жанұясын таныстырды. Барлық қатысушы өздерінің өнерін ортаға салды. Ән салу, өлең оқу, би және ерекше өнер түрі де көрсетілді. Таныстыру әр отбасының тарихын, қалай танысқанын, өмірде қандай екендіктерін көрсететін бейнероликтер де көрсетілді.


Екінші кезең сұрақ-жауапта 5 сұраққа жазбаша жауап беру керек, онда екі жас бір-бірін қаншалықты жақсы білетінін көрсету керек. Үшінші кезеңде жастар ыммен түсінуші ойынын ойнады. 


«Бүгін барлық жас отбасы үшін ерекше күн. Отбасы құндылығына әр кезде баса назар аудару керек, мықты отбасы мемлекеттің іргетасы», — деді қалалық қоғамдық даму басқармасының басшысы Данияр Есин.


Қонақтар қатарында Олимпиада жүлдегерлері, эстрада жұлдыздары, жастар ұйымдарының басшылары, қоғам қайраткерлері мен блогерлер болды.


«Бастысы әр отбасында өзіндік жылылық бар. Маған барлық отбасы ұнады, әр біреуі ерекше, бір-біріне деген сүйіспеншілік пен бірлік бар», деді кеш қонағы Қыдырәлі Болманов.


«Үздік жас отбасы» байқауы нағыз жас отбасылар мерекесіне айналды. Жоба жастарға бағытталған. Байқау жеңімпаздары жастармен кездесіп отбасы құрудың, бақытты отбасы болудың жолдарын айтады.


Байқаудың жүлде қоры – 800 мың теңге. Бірінші орын – 200 000 теңге, екінші орын – 150 000 теңге,  үшінші орынға – 100 000 теңге, ал барлық қатысушыларға – 50 000 теңге берілді. 


Астанада «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде

Шараның бір күндік қорытындысы бойынша ЖПҚ қызметкерлерімен жолаушыларды тасымалдайтын автобус жүргізушілерінің 160-тан астам құқық бұзушылықтарын анықтады.

Оның ішінде шығарындыларды ластаушы заттардың болуы нормативтерден асып кететін автомотокөлiктерді және басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану бойынша 16 факті, жүргізушілердің автобус жүргізу сәтінде телефонмен сөйлесуі бойынша 14, 10 шақтысы жүргізушілердің көлік құралын басқару кезінде телефонмен қолдану бойынша, 12 шақтысы маневр ережелерін бұзу, шамамен 10 фактісі техникалық тексерістен өтпеген автобустарды пайдалану, жолаушыларды, багажды немесе жүктерді автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің бұзылуы бойынша 5 факті анықталды.

Берілген бағытта жұмыс жүргізілуде.

Білім мәселелерін студенттермен бірге талқылады

Мемлекет басшысының жуырдағы Жолдауында айтылғандай кезең-кезеңімен негізгі бағыттарды жүзеге асыру туралы «Астана» медицина университетінде де талқыланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


«Астана» медицина университетінде ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауындағы өзекті мәселелерді жиылғандарға түсіндірді. Кездесуге ҚР БҒМ стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің өкілдері, Астана қалалық білім басқармасы, ЖОО оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.


Мемлекет басшысының Жолдауындағы маңызды пункттер білімді дамыту, педагогтың статусын көтеру болды. Спикерлер жас мамандар мен оқытушылар үшін жүйелі түрде біліктілігін көтеру бойынша курстан өтіп тұру керектігі айтылды.


Жолдауды талқылау барысында білім министрлігінің өкілдері мектеп пен балалар психологының маңызды ролін айтып өтті. Себебі, дәл осылар балаларға жол тауып, түрлі тренингтер, семинарлар өткізіп, оқушыларды емтиханға дайындау, профилактикалық жұмыстарды жүргізеді деді.
«Елбасы Жолдауында көптеген пункттерді айта кетіп, білім жүйесін жаңа деңгейге көтеру керектігіне тоқталды. Ол үшін білім мен медицина жүйесі дамуы керек, түлектерді жалақысы жақсы жұмысқа орналастыру қажеттігін атап өтті. Жобалық жұмыстардан практикалық шешімге ауысу қажет», — деді «Астана» медицина университетінің проректоры Гүлнәр Жақсылықова.


Кешті қорытындылай келе спикерлер педагогтар үшін курсты жүйелі түрде өткізудің және де ЖОО бітірген түлектерге бағыт берудің маңыздылығына тоқталды.


Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында капсулды отель ашылды

Астанада Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының Т1 терминалында «Caps Lock» капсулды отелі ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ұйықтауға арналған капсула жапон технологиясымен жасалған. Мұнда қонаққа жайлы қажеттінің барлығы бар: smart-TV, жеке сейф, LED-жарықтандырудың түрлі түсі, розетка, USB зарядка, кітап оқуға арналған кішкене үстел, вентиляция, кондиционер, өртке қарсы жүйе, күнсағат және ең бастысы таза ақ жайма төселген және жеке гигиена құралдары бар ыңғайлы ортопедиялық кереует.

Отельде барлығы келушінің магнитті смарт картасы арқылы басқарылады. Онлайн режимде қонақтар планшеттен өзінің келе жатқан рейсінің статусын біліп отырады. Мини-отельде шайынатын душ пен дәретхана да қарастырылған. Ұйқыдан оянған соң қонақтар минибарды пайдаланып, кофе немесе шайға тапсырыс бере алады. Отель 10 орынға есептелген, ол жерде 1 сағатқа қонып шығу – 1500 теңге, келесі сағаттан бастап – 1000 теңге. 7 жасқа дейінгі балалар ата-аналарымен бірге тегін қонады.

Келесі жылы астанада 14 жаңа мектеп салынады

Жаңа мектепті жобалау жаңартылған құрылыс нормалары және ережесі (ҚНжЕ) бойынша жүргізіледі, яғни мектептің құрылысын 1200 емес, 2500-3000 орынға лайықтап салуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Президент Жолдауын түсіндіру бойынша халықпен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Таяу 5 жылда қалада 37 мектептің құрылысы мен 10 жапсарлас құрылыстың жұмыстары аяқталады. Оның ішінде 4 объекті осы жылы пайдалануға беріледі.


«2019 жылдың соңына дейін тағы да 14 объекті беріледі. Жаңа мектепті жобалау жаңартылған ҚНжЕ бойынша жүргізіледі, яғни мектептің құрылысын 1200 емес, 2500-3000 орынға лайықтап салуға мүмкіндік береді. Осылайша, біз 5 жыл ішінде астананың құрылғанына 20 жыл толса, соншалықты тұрғыда жаңа оқу орындарымен қамтамасыз ете аламыз», — деді Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.


Е. Аманшаев осындай шаралардың арқасында осы жылы 11-ден 5 мектепке дейін үш ауысымды режимдегі мектептердің саны азайғанын айта кетті. Келесі жылы үш ауысымды оқыту мәселесі толығымен алынып тасталады. 


Мектепке дейінгі білім беру жүйесі реформаланады

Білім және ғылым министрлігі Елбасы Жолдауын жүзеге асыру бойынша мұғалімдерге арналған ұлттық тестілеу жүйесі сияқтымектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәлімгерлерін де тестілеуді жоспарлап отыр. Тест қорытындысы бойынша тәлімгерлер категория алып, соған сай еңбекақы алатын болады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Қазір мұғалімдердің мәртебесін көтеру бағытында, олардың жалақы, сапалы білім беру үшін барлық қажетті жағдай жасалуда. Елбасы тапсырмасы бойынша 2-3 айда «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірленіп, қабылданады. Онда педагогтардың әлеуметтік мәртебесін арттыру, оқу жүктемесін қысқарту және керексіз тексерулер мен басқа да шаралардан қорғау қаралған.


Елбасы Жолдауында білім саласының дамуы да айтылды. Онда балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету, ортақ программа енгізу және тәрбиешілердің білім сапасын жақсарту.


Бүгінгі таңда осы бағытта МЖӘ жақсы дамыған. Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар сандық үлесі 30 % құрайды. Бұл әлемдік көрсеткішке сай. «Балапан» бағдарламасының аясында 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 95 %. Астана бойынша – 80 %. Елбасы тапсырмасы бойынша 2019 жылы бұл көрсеткіш  100 %-ға жетуі тиіс», — деді ҚР БҒМ-нің стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департамент ди⁠ректоры Бахтияр Маликов.


Оның сөзінше, мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиенің ортақ бағдарламасы жасалып бекітілген. Мектепке дейінгі білім беру орталықтары мұғалімдері мен тәрбиешілерінің білімін көтеру бағытында біліктілікті арттыру курстарын ашу жоспарланған.


Курстар дайын. Бірақ, бізде жылына курстан 1000 тәрбиеші өтеді. Біздің ендігі мақсатымыз олардың санын 1000-нан 15 000-ға дейін өсіру. Сонда біз екі жылдың ішінде барлық тәрбиешілерді қамтитын боламыз», деді ол.


Сонымен қатар тәрбиешілерге мұғалімдерге арналған сияқты ұлттық тест жасалатын болады. Соның қорытындысы бойынша олар категория мен тиісті еңбек ақы алатын болады.


«Бала қауіпсіздігіне байланысты айтар болсақ қазір еліміз бойынша мектептердің 80 %-ы, ал балабақшаның 60 % бейнебақылаумен жабдықталған. Астанада мектептер 100 %, балабақшалар 62 % қамтамасыз етілген. Бұл жақсы көрсеткіш. Елбасы тапсырмасына байланысты бұл көрсеткіш 100 % болуы тиіс», деді Маликов.


Оның сөзінше, мектеп психологтарының жұмысы күшейтіліп жатыр. Осы бағытта БҒМ мен шетелдік мамандардың атсалысуымен ортақ бағдарлама жасалған. Психологтардың біліктілігін арттыруға арналған ұлттық тест енгізіледі. Соның қорытындысы бойынша оларда жаңа категория алып еңбекақыларын көтере алады. 


Мұқтаж жандар көмек көрсету туралы өтінімді онлайн бере алады

Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы қолдауға және көмекке мұқтаж астаналықтардың тізімін қалыптастырды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Енді қаладағы көмекке мұқтаж кез келген жан көмек көрсету туралы онлайн өтініш жасай алады. Қазір «Жақыныңа көмектес» бағыты бойынша әлеуметтік мәселе бар. Кәсіпкерлер өтінішке жауап қата алады. Сайтта көмек сұрап өтініш қалдырған жандарға кәсіпкерлер немесе көмек берем деген ниетті жандар тарапынан қайта хабарласуға арналған тетік бар. Тізім ашық болады, көмектесуге ниетті кәсіпкер қол жеткізу үшін.

«Қазіргі күні кәсіпкерлердің міндеті тек жұмыс орындарын құрумен және пайда табумен шектелмейді. Өз ісінде белгілі бір жетістіктерге жеткен соң бизнесмен басқа да мақсаттар қояды. Бизнес ашық болған сайын оның қаладағы әлеуметтік өмірге қатысуы маңызды», деді Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының ди⁠ректоры Ален Түлкібаев әкімдікте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне арналған жиында.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда қалада мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 7 млрд теңге сомасына балабақшалар салу бағытында 6 шарт жасалған. «Ақылды жарықтандыру құру және пайдалану» жобасы бойынша 3 млрд теңге сомаға конкурс жарияланған, сонымен қатар «амбулаториялық-емханалық көмек беруге арналған Отбасы орталығын құру бағытында» 46 млн теңгенің жобасы. Сонымен қатар, ол осы жазда Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы базасында бейімдеу және оқыту, жаңа қызметкерлерді оқыту, кадрлар ағымын төмендету және кадр әлеуетін дамыту бағытында тәлімгерлік мектебі ашылған. «Тәлімгерлерге өздері жақсы білетін саланың қыр-сырын өзгеге үйрете білу керек. Қазір қоғамдық тамақтану және құрылыс салалары бойынша 47 тәлімгер оқудан өткен. Жылдың соңына дейін өндіріс саласы бойынша 100-ден астам тәлімгерді оқыту жоспарланып отыр», деді ол.

Ол бизнеске моральдық қолдау білдіру арқылы мотивация беру жағын да айтты. «Парыз» байқауының талаптарын жаңалауды ұсынды, мысалы мынадай көрсеткіштермен халықаралық стандарт, ол кейіннен кәсіпорындардың әлемдік тауар нарықтарына шығуына жәрдемдесетініне сенімді және әлеуметтік мәселерді шешуге көмектескен кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында «Ең үздік әлеуметтік кәсіпкер» аталымын қосу. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, қайырымдылық қызмет процесінде олар құрған әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне жеке кәсіпкерлер есімін беру ұсынылды.

Елорда ұстаздарына латын әліпбиінің емле ережесін түсіндіруге арналған семинар-тренинг өтті

Семинар-тренингті Тілдерді дамыту және архив ісі, Білім басқармалары және Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірлесіп өткізуде, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» іске асыру мақсатында Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі, Білім басқармалары және Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірлесіп, «Латыннегізді әліпби және емле ережесі» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Семинар-тренингке Астана қаласының мектептерінен бастауыш сынып мұғалімдері қатысты.

Аталған іс-шарада жаңа емле ережесінің жобасы таныстырылып, кейбір дыбыстарға, шет тілінен енген сөздердің жазылуына қатысты пікірлер тыңдалып, сауалнама, сондай-ақ диктант жазу арқылы латын графикасын жазуда кездесетін кедергілерді анықтау жұмыстары жүргізілді.

«Латын әліпбиіне көшу «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы және сол бағдарлама аясында өткізіліп отыр. Қазір латын ғарпінің емле ережесінің жобасын дайындаған Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жоба үлгісін талқылауға салып жатыр. Осы мақсатта жалпы Астана қаласында медицина, білім салаларында және жалпы халықтық талдау үшін латын әліпбиі бойынша түсіндірме жұмыстары, ережесін талдауда үлкен жұмыстар жүріп жатыр», — деді Астана қаласы Тілдерді дамыту жəне архив ісі басқармасының тілдерді дамыту, талдау жəне ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нұрзила Қасқатаева.

Осындай семинар-тренинг 19 қазан күні мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар аудармашыларының қатысуымен өтеді. Негізінен халық арасында латын әліпбиінің емле ережесін түсіндіру жұмысын басқарма 10-шы қазан мен 19 қазан аралығында ақпараттық күндер жоспар негізінде атқаруда. Тіл мамандары баспа мамандарымен, газет, журнал корректорларымен кездесу өткізуді де жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар болашақта да жалғаса бермек.