Елордада қазақ тілді медиаконтенттің сапасы талқыланды

Астана әкімдігінде Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен қаламыздағы БАҚ өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

«Қазақ тілінде түрлі аудиторияға лайықталған сапалы контенттің жасалуы және проблемалары» атты дөңгелек үстел отырысында бүгінде қаламызда туындап жатқан мемлекеттік тіл мәселесі, бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көріп жатқан материалдарда тіл тазалығын сақтау мәселесі айтылды.

«Осы отырыста сіздермен сұхбаттасайық, ортақ ойымызды білдірейік, шешіліп жатқан және шешімін күтіп тұрған жұмыстардың оң шешімін табу мақсатында кездесіп отырмыз. Одан бөлек, қаланың ономастика мәселесін реттеу жайы, сыртқы жарнамалардағы тіл нормаларының сақталуы, қаладағы архив қорларын сақтау мәселелері бойынша қаламызда жұмыстар атқарылып жатыр», — деді Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел отырысында қазақ тілді контент сапасына көңіл тола ма, қазақ тілді интернет ресурстардың ішінде топ жарған сайттар қандай контент ұсынуда, ақпараттық өнім ұсынушы басылымдар мен сайттар аудиторияның сұрасын қанағаттандырып отыр ма деген тақырыптарда пікір алмасып, талқыға салынды.

Отан қорғаушы!

  • jasulan
Отан қорғаушы. Қанша мəн мен мағына, астар бар десеңізші. Отаным деп от кешкен майдангерлеріміз бен жаулармен шайқасқан жауынгерлеріміз осы сөз құлаққа естілген сайын еселене отырып ойға оралатыны рас. «Отан үшін, алға!» деп ұрандар ұлт жанашырлары бүгінде кемде кем. Аллаға сансыз шүкір бейбіт, тəуелсіз, егеменді ел ұрпақтарымыз. Жерімізге жайпаймын деп жау келмеседе, шайқаймын деп шабулдамаса да қорғанар əскер əрқашан болуы заңдылық. Қорқақ болып көлеңкеден қорқар заманда өмір сүріп жатпағанымыз анық, дегенмен жерімізге қызыға да қызғана да қарайтындар жоқ деп нық сеніммен тағы да айта алмаймыз.
Қазақ халқы ел басына күн туа қалса сап түзеп алға шығар сарбазым қорғаным деп ұл баланы аса қадірлеген халық. Сол ұлт қорғандарының бүгінде сарбаз болудан не үшін қашатыны белгісіз. Əскерге шақыртуды жəй сөз деп емес «отан алдындағы борышты өтеуге» шақырту деп қабылдаса бəлкім нəтиже боларма еді. Отанымыздың азаматы ретінде кіндік қанымыз тамған жер алдындағы борышымызды өтеу біздер үшін, ер азаматтар үшін зор мəртебе емес пе?!
Бірақ өзегіңді өртейтіні сол қазіргі жастардың сарбаз атануға борышын өтеуге қызығушылығының жоқтығы. Əскерге бармас үшін қырық сылтау іздейтін біздің ел азаматтарының саны бүгінде артып келеді. Оқуға түсе алмай қалған, бос жүрген жігіттердің ғана баратын ортасына айналған бұл əскердің бүгінгі сұранысқа ие болу көрсеткіші осындай. Амал қанша? Ұғындыра алмайсың. Нағыз ер мінезге, өмірге үйрететін орта екендігін, əр ер азаматтың басынан өтуі керек қызық күндер екендігін, достықтың, бауырмашылдықтың бұл ортада басым болатындығын ұғындыра алмайсың.
Бұрыңғы КСРО кезінде əскерде болған кісілермен əңгімелесе қалсаң «кезінде қандай еді, қазіргілерің əскер емес балабақша» деген сөздерін жиі естисің. Шындығында да қазіргі əскерге бар жағдай жасалған. Теледидар дейсіз бе, кітіпхана дейсіз бе, интернет дейсіз бе барлығын табуға болады мұнда. Ол кісілерде болмаған мүмкіндіктер мен жаңашылдықтар өте көп. Əрине, заманына қарай адамы демекші біздерде бүгінгі таңда заманға сай барлық мүмкіндік бар.Ендеше Отанымыздың біздің қорғаушымыз, ұланымыз деп жасап берген əр жақсылығының өтемін абыроймен өтейік болашақ сарбаз!

Қазақта қаптады...

Не қаптады жау ма, дау ма? Құдай сақтасын жау да, дауда қаптамасын. Қазақта кино комедиялар қаптады. Сапалысы бар, сапасызы бар түсіріп жатырмыз. Мүмкін көреде беру керек шығар түсіріп жоғарғы деңгейге жету үшін. Басқа бағытқа бұрып туындылар жасап жатқандарда жоқ емес. Мюзикл түсіріп көрді, ужастик те болды, жаныңды тебірентіп жылатуға тырысқандары да баршылық. Пікір əзірге елу де елу. Болмаған бағытты қолдай алмай жатқандар да, керек бағытын таңдай алмай жатқандарыда бар. Сіз бен бізден сұралатыны жалғыз нəрсе көріп бағасын беру.
Барлығына қуана қараймын. Кезінде «біз кино түсіре алмаймыз, қазақта бір кино шықса соны 10 жыл бойы қайталап көрсете береді басқа түсірмейді» деген пікірлер көп еді. Қазір шүкір əр айда отандық киноның кемінде екеуі жүріп жатады кинотеатрлардан. Барыңыз да тамашалаңыз. Бірақ əттегенайы бар. Қайтейін бір кемшілік айтпасақ тұра алмаймыз. Бізде қазақ киносының қазақша нұсқасы жоқ. Болғанның өзінде аударма. Бір сөзді естігенде күліп едім «Тек Қазақстанда қазақтар кино түсіріп оны қазақшаға аударады» деген. Сөйтсем астары жылатарлық пікір. Ащы шындыққа əзіл қосылып əдемі айтылған. Қазақша нұсқасын көрейін деп барсаң таба алмайсың. Орысша түсінбегейтін надан болғандықтан емес, тілін құрметтер адам болғасын айтып жатқаным. Көреріміз бен келесі ұрпаққа сапалы береріміз көп болсын. Келесі қазақша киноларды асыға күтеміз.

Астаналық спортшы армрестлингтен екі дүркін әлем чемпионы атанды

Қазақстан құрамасы жастар арасында жалпыкомандалық есепте бірінші және ересектер арасында екінші орын алды, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.


Түркияда армрестлингтен өткен Әлем чемпионатында Еркін Әлімжанов екі алтын жеңіп алып, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Елордалық «Жігер» спорт клубының тәрбиеленушісі халықаралық додада ардагерлер арасында 75 кг салмақ санатында өнер көрсетіп, оң және сол қолмен күш сынасуда бірінші орын алды.


Армрестлингтен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының сапында Астанадан «Толағай» жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшылары да өнер көрсетті. Олар қазақстандық команданың қоржынына төрт жүлде салды: 2 алтын, 1 күміс және 1 қола. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Георгий Дзеранов 100 кг салмақ санатында сол қолмен күресте бірінші орын алды. ҚР халықаралық сыныптағы спорт шебері Әлімжан Мұратов 80 кг салмақ санатында сол қолмен күресте бірінші орын, оң қолмен күресте екінші орын алды.


ҚР Спорт шебері Арман Рахманқұлов 85 кг салмақ санатында оң қолмен күресте қола жүлдені қанағат тұтты.


Армрестлингтен Әлем чемпионаты Түркияның Анталья қаласында 12-21 қазанда өтті. Жарыста әлемнің 40-тан астам мемлекетінен 1300 тарта спортшы бәсекеге түсті.


Әлібек Дінішев «Астана Опера» сахнасында ән салады

Қазақстан халқының сүйіктісі ҚазССР және СССР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты тенор Әлібек Дінішев 28 қазан және 2 қараша күндері «Астана Операның» үлкен залында «Люблю тебя, мой край родной» атты концертін қояды. Шығармашылық кеш астананың 20 жылдығына арналған және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.


Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Александр Беляковтың басшылығымен «Астана Опера» хор театры мен Алматы қ. әкімінің эстрада-симфониялық оркестрі қатысады.


Әлібек Дінішев опера мен камералық классиканы, қазақ және орыс халқының әндерін, ұмытылмас ретро-шлягерлерді орындайды.


Айта кетейік, әншінің репертуары өте бай. Әсіресе Абай Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық ай», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса»  т. б. ерекше орын алады. Оның талантын құрметтеушілер орыс композиторлары жазған «Лунная серенада», «Вечер на рейде», «Услышь меня хорошая» шығармаларын, батыс еуропалық Агустин Лараның Solamente una vez, Консуэло Веласкестің Besame mucho, Эрнесто Лекуонның «Сибонейін» сүйіп тыңдайды.


Әлібек Дінішев өзінің жеке бағдарламасымен Еуропаның үлкен залдарында концерт қойған. Ол әлемнің көптеген сахналарында Қазақстанды үлкен мақтанышпен таныстырады және Астананың да мәдени өміріне үлесін қосуда. Тәуелсіз Қазақстанның айтулы оқиғалары соның қатысуымен өтеді. Ол ЭКСПО-2017 ашылуында көптеген әлемдік көшбасшылардың алдында ән шырқады. Көрермендер оның асқан шеберлікпен орындайтын күміс даусын естуге асық.


Концерттің басталуы 18:00.

Демалыс күндері Ақмола облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді

27-28 қазанда Астана қаласы «Қазақстан» спорт кешенінің алаңында Ақмола облысы ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қатысуымен ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылатын болады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңкеде Ақмола облысының 2 қаласынан және 17 ауданынан 100-ден астам ауылшаруашылық тауар өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындары бас қала тұрғындарына өз өнімдерін ұсынбақ.

Жәрмеңкеге Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешенінің субъектілері 373,5 млн теңге сомаға 730,5 тоннаны құрайтын түрлі өнім түрлерін әкеледі, барлық тауарлар қала базарларындағы бағалардан 15-20%-ға төмен болмақ, соның ішінде: ет және шұжық өнімдері – 174 тонна, балғын балық және балық өнімдері – 10,2 тонна. жұмыртқа – 2,5 млн дана, сүт және сүт өнімдері – 34,3 тонна, ұн – 50 тонна, өсімдік майы – 15 мың литр, картоп – 300 тонна; басқа өнімдер – 9,5 тонна.

2019 жылы Санкт-Петербург пен Челябинск облысында Астана күндері өтеді

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов және Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Алексей Бородавкин 2019 жылға жоспарланған Санкт-Петербург пен Челябинск облысында өтетін Астана күндерін талқылады.


Бүгін Астана әкімдігінде қала әкімінің Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісімен кездесуі болып өтті.


Тараптар Астана және Мәскеу қалаларының үкіметі арасындағы 2018 жылдың желтоқсанында аяқталатын екі жылдық әріптестік бағдарламасының іске асырылу қорытындысын алдын ала талқылады.


Бородавкин мырза Ресейдің тарапынан екі астананың «жүйелі және жоспарлы әріптестіктің» жалғасуына мүдделі екендігін, таяу жылдарға өзара бірлесіп жұмыс істейтін жаңа бағдарлама әзірлеуді ұсынды.


«Елшілік Астана мен Мәскеудің арасындағы достық байланысты дамытып және нығайтуға бар күшін салады», — деп уәде берді Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі.


Бақыт Сұлтанов елші мырзаның ұсынысын қолдады.


«Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз Астананы 2050 жылға дейін дамыту Стратегиясын әзірлеуге кірістік, — деді қала әкімі. – Осы стратегияны іске асыру шеңберінде біз әлемнің түрлі қалаларының халықаралық урбанистикалық даму тәжірибесін зерттейміз. Бізге ірі мегаполис ретінде Мәскеудің тәжірибесі өте қызықты».


Әкім сондай-ақ заманауи әлемде бәсекелес елдер ғана емес, қалалардың да бәсекелесіп жатқан тенденциясының байқалатынын айта кетті.


«Бұл жерде тек бәсеке туралы емес, өзара екі жаққа да тиімді кооперация бар», — деді.


Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орнын ашқандарға субсидия беріледі

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мақсатында, олар үшін арнайы жұмыс орнын ашқан кәсіпкерлерге субсидия берілетін болды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


«Елімізде мүгедектерді  әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына және  «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 5-1-бабына сәйкес, аталмыш шара қолға алынып отыр.


Аталған ақпарат күшіне еніп, мүгедектерге жаңа жұмыс орнын ашқан кәсіпкерге  280 000 теңге  субсидия беріледі. 


Бұл қаржыға:


Тірек-қимыл аппараты зақымданған, оның ішінде кресло-арбамен қозғалатын мүгедектерге арналған арнайы жұмыс орындарына:


- Биіктікті өзгерту мүмкіндігі және жұмысқа бейімді беті бар үстел;


- Биіктікті өзгерту және отыру және арқа бейімді мүмкіндігі бар орындық;


— Компьютер;


— Қосымша аяқ салғыш;


— Қосымша шынтақ сүйеніші;


— Қозғалысты жеңілдетуге арналған қосымша таяныштар мен тұтқалар;


— Вертиколизатор;


— Заттар мен бөлшектерді қармауға және ұстауға арналған аспаптар, құрылғылар;


- Мүгедектің шектелуін өтеумен байланысты өзге де арнайы жабдықтар мен аспаптар.


Есту қабілетінен айырылған жандарға:


— Жарық беру;


— Қауіпті жағдайда белгі беретін жанып-өшетін жарық құрылғысы;


— Жарықпен дыбыс шығаратын құрылғы;


және өзге де құрылғылар кіреді.


Субсидия алу тәртібі және қажетті құжаттар:


1.      Өтінім https://www.enbek.kz сайтына тіркеліп, электронды түрде беру;


2.      Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу куәлігінің көшірмесі немесе сол туралы анықтама;


3.      Жұмыс орнындағы құрал-жабдықтарды сатып алуға кеткен шығын сметасы;


Аталмыш құжаттарды Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына өткізу қажет. Айта кетейік, уақытша жұмыс орнын ашатын жұмыс берушілерге субсидия берілмейді.


Астананың 20 жылдығына арналған интеллектуалдық сайыс өтті

Астана қаласының 20 жылдығына арналған интеллектуалдар сайысын Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Астана Интеллектуалдар Клубы бірлесіп өткізді.

18 команда, 72 адам қатысқан сайыстың басты тақырыбы Астана қаласының 20 жылдығы болды. Қатысушыларға Астана тарихы және қазіргі кезіне байланысты 20 сұрақ қойылды. Сайысқа мемлекеттік қызметкерлер, БАҚ өкілдері, студенттер, блогерлер және түрлі сала өкілдері қатысты. Тартысты өткен сайыс соңында үздік 3 команда мүшелеріне бағалы сыйлықтар берілді.

Шараны ашқан Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп «Астана қаласының әкімдігі, оның ішінде Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік тілдің әлеуетін көтеру, ұлттық құндылықтарды нығайту бағытында бірқатар маңызды әлеуметтік жобаны қолға алып отыр. Бүгінгі шара да осының айғағы. Осы сайыс көпшілік арасында кеңінен танылып, сұраныс артып жатса алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырамыз деген жоспарымыз бар» деді.

«Мұндай сайыстарды 2 жылдан бері өткізіп келеміз. Басты мақсатымыз – Астана қаласында интеллектуал орта қалыптастыру, жастардың логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру және тілдің дамуына үлес қосу. Астана тақырыбына арналған ойынға қатысушылардың дені жастар болғанына қуаныштымыз», деді интеллектуалдық сайыс ұйымдастырушысы Аршат Оразов.

Астана қаласында интеллектуалдық жарыстарды тұрақты өткізу алдағы уақытта да жалғасын таппақшы. Жарысқа қатысушылар ауқымын кеңейту де негізгі жоспарлар қатарында. Бұл бағыттағы жұмыстар болашақта да жалғаса бермек.


Астанада көмір тапшылығы жоқ

Қала әкімдігі бұл мәселені жіті бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасының тілшісі.

Өткен аптада бас шаһарға шамамен 4 мың тонна көмір жеткізілген. Ал соңғы 3 айда елорда тұрғындары 167 мың тонна қара алтынмен қамтамасыз етілді. Қала әкімдігі тұрғындарды көмірмен қамту үшін барын салып жатыр. Қара алтынды сататын 8 компаниямен меморандум жасалды. Ал көмір туралы ақпарат алу үшін iKomek байланыс орталығы ашылды. Енді 109 нөміріне хабарласып, қоймалардың қоры жайында білуге болады.



Мақсат Есмағұлов, қала әкімдігі отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:
— Биыл Астана қаласының әкімдігімен көмір көлемін арттыру бойынша көп жұмыс жүргізілді. 1 тамыздан бүгінгі күнге дейін 170 мың тонна көмір әкелдік. Жалпы, жылыту кезеңінде халықтың көмір тұтынуы 400 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі күнде біз соның 170 тоннасын жеткіздік. Бүгінде астаналық қоймаларда 10 мыңнан астам көмір бар. 1 тоннасының бағасы 9 500 теңгеден басталады. Ең қымбаты 14 500 теңге тұрады.

Ерлан Қажкенов, көмір қоймасының меңгерушісі:
— Біз көмірдің түр-түрін сатамыз. Шұбаркөл көмірі халық арасында үлкен сұранысқа ие. Әрине, басында қала тұрғындары алаңдаушылық білдірді. Бірақ оған еш себеп жоқ. Көмір күнде жеткізіледі. Мәселен, бүгін 6 вагон әкелінді. 15 тоннасы қалды, әлі сатылған жоқ. Ертең де вагондар келеді.

Қала әкімдігінің өкілдері күнделікті баға мониторингін жүргізеді. Тексеріс нәтижесінде Көктал шағын ауданында көмірді 17 мыңнан сататындар анықталды. Бұл дерек бойынша бүкіл ақпарат жауапты органдарға жіберілді. Алақолдарға қатысты тиісті шешім қабылданады.