Астанада алғашқы халықаралық энергия үнемдеу форумы өтеді

Форум Қазақстандағы энергия үнемдеу күнінің он жылдығына орай өткізіліп отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

2018 жылдың 9 қарашасында Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі БҰҰ-ның Даму Бағдарламасымен бірлесіп, Астанада энергия үнемдеу бойынша бірінші халықаралық форумын өткізеді. Шара мақсаты – энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша ашық демонстрациялық диалог алаңын құру.

«Форумға мемлекеттік органдар, бизнес құрылымдар, халықаралық, қоғамдық ұйымдар мен шетелдік сарапшылар қатысады», – делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Басқосуда, сондай-ақ, энергияны үнемдеудің өзекті мәселелері талқыланады деп күтілуде. Атап айтқанда, өнеркәсіп, қалалық қоршаған орта және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен стандарттау мәселелеріндегі энергия тиімділігі жан-жақты сараланып, «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының заң жобасы» түсіндіріледі.

«Алай Базарында» 3 қараша мен 3 желтоқсан аралығында күн сайын "Алтын күз" атты әлеуметтік азық-түлік жәрмеңкесі өтеді

Павлодар мен Ақмола облыстарының шаруа қожалықтары жәрмеңкеде ет және сүт өнімдерін, сондай-ақ көкөністер, жемістер мен жармалар ұсынады.

Қой етінің бағасы 1230 теңгеден басталса, жылқының еті 1400-ге дейінгі аралықта сатылады. Әлеуметтік жәрмеңкеде картоптың бағасы келісі — 55 теңге.

Айта кетейік, Павлодар облысынан 150 тонна картоп жеткізілген. Сондай-ақ сәбіздің бір келісін 45 теңгеге ала аласыздар. Ақмола облысынан 30 тонна ірі қара мал мен 7 тонна қойдың еті жеткізілді. Ірі қара малдың еті келісіне — 1300 теңге. Ал қой еті — 1250 теңге. Жұмыртқаның бағасы С-1 санаттық — 23 теңге, С-2 — 24 теңге. Сонымен қатар, мұнда кондитерлік және макарон өнімдері, шұжық пен бал да ұсынылған.

Жәрмеңкенің мекенжайы: Алаш тасжолы, С 316 көшесі, 5-ші ғимарат, «Магнум» гипермаркетінің артында.
«Алай базарына» № 39, 41, 53, 307 және 317 автобустары баратынын естеріңізге саламыз.
Анықтама телефондары: +7 (7172) 738087, +7 771 180 0006, +7 702 000 0390.

Онлайн-форум қорытындысы: Елорда тұрғындарын не толғандырады

E.gov.kz электронды үкімет порталында Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен өткен интернет-конференция қорытындыланды, деп xабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


 Онлайн-форум барысында қатысушылар келесі мәселелерді талқылады: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша қабылданған шаралар», «Мемлекеттiк қызметкерлердiң жалпыға бірдей моральдық-этикалық нормаларын сақтауы», «Құрылыс индустриясын дамыту және Астана қаласының архитектуралық келбеті», «Жолаушылар тасымалы мәселелері мен автокөлік жолдарының жай-күйі», сондай-ақ «Жергiлiктi бюджет пен елорданың коммуналдық меншiгі».


Қала тұрғындары «Абу Даби Плаза» көпфункционалды кешені құрылысының аяқталуы, аумақтарды көгалдандыру, «жылы аялдамаларды» орнату, нөсерлі кәріз желісін жаңғырту, жылдам тамақтану дүңгіршектерін орналастырудың заңдылығы мәселелеріне қызығушылық танытты.


Форумға қатысу e.gov.kz порталына (электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы «Ашық диалог» – интернет-конференциялар бөлімі) өту арқылы мүмкін болды.


Келіп түскен өтініштерді талдау барысында төмендегі мәселелерді айрықша атап өтуге болады. Көлік және жол инфрақұрылымы бойынша — 19, құрылыс және тұрғын үй — 10, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы — 3, кәсіпкерлік — 3, Астана әкімдігінің қоғаммен байланысы — 3, сәулет және жер қатынастары — 3, мәдениет — 3, денсаулық сақтау — 1, экономика — 1, мемлекеттік қызмет бойынша – 1 сұрақ келіп түскен.


Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен өткен алғашқы интернет-конференция алты сағатқа созылды. Барлығы 47 сауал келіп түсті. Олардың барлығына мардымды жауап беріліп, мәселелердің мән-жайы түсіндірілді.


Құтқарушылар «Донор күні» акциясын өткізді

Астаналық ТЖ департаменті мен Өрт сөндіру қызметінде «Донор күні» акциясы өтті. Акция қан тапсырып, өзгелердің сауығып кетуіне көмек бергісі келгендерді жинады, деп хабарлайды елорда әкімідігінің ресми сайты қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы  қызметкерлері ТЖД және Өрт сөндіру қызметінің қызметкерлерінен донорлық қан алды. Акцияға барлығы 50-ге жуық адам қатысты.


Қан тапсырып, көмек беруге Департаменттің және Өрт сөндіру қызметінің басшылығы мен жеке құрамы келді.


«Азаматтық міндеттерін орындауға тәжірибелі құтқарушылардан басқа Өрт сөндіру қызметінің жас қызметкерлері де келді. Олардың басым бөлігі алғаш рет қан тапсырса да, бұл іске жауапкершілікпен келген. Барлығы медицина қызметкерлерінің ұйғарымына сәйкес қан тапсыруға дайындықпен келіп отыр» – делінген хабарламада.


Елордада студенттер арасында шығармашылық байқау басталды

Астанада «Жаңа белес» атты жастарға арналған байқау-фестивальдың ашылу салтанаты өтті. Шара елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.


Фестивальдің басты мақсаты – студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, жастардың бос уақытын ұйымдастыру мен оның сапасын жақсарту, мәдени тәрбие берудің деңгейін жоғарылату.


ҚР Қарулы күштері Бас штабының басшысы Бахытжан Ертаев, ҚР еңбек сіңірген мәдениет және өнер қайреткері Сұлтан Оразалы, «Астана жастары» орталығының жетекшісі Үкібай Нұрпейісов, сондай-ақ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских салтанатты кештің құрметті қонағы атанды.


«Бүгін Астана қаласы студенттерінің арасында алғаш рет «Жаңа белес» фестивалі басталды. 6 күн ішінде колледждердің мыңға тарта студентінің арасында  «Хореографиялық өнер», «Авторлық оқу», «Вокалдық өнер», «Фокуста» және «Ең ақылды» сияқты бес аталым бойынша үздіктер анықталатын болады», — деп атап өтті «Астана жастары» ресурстық орталығының жетекшісі Үкібай Нұрпейісов.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау жеңімпаздарының есімдері 10 қарашада жарияланбақ.

Дәрігерлер тегін кеңес бердi

MEGA Silk Way сауда орталығында дәрігерлер «Біздің таңдауымыз денсаулық» атты мәдени-сауықтыру акциясын өткізді, деп xабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Келушілер сауда орталығының алаңында үздік жалпы тәжірибе дәрігерінен, педиатрдан, терапевттен тегін кеңес алды. Сондай-ақ, қан қысымын өлшеу, бой, салмақ, қандағы қант пен xолестеринді анықтау сынды диагностикалық рәсімдерден тегін өтті.


Флюорографиялық талдаудан өткісі келгендерге арнайы флюрокөлік қызметі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жедел-жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетуден арнайы шеберлік сыныбын өткізді.


«Адамдарға алғашқы көмек көрсету өте маңызды. Мұндай іс-шаралар жағдайың нашарлаған сәтте өзіңе-өзің жылдам көмек көрсету үшін пайдалы», — деп атап өтті сауда орталығына келуші зейнеткер Зәуре Амангелдіқызы.


Іс-шара соңы концерттік бағдарлама мен әлеуметтік медициналық сақтандыру тақырыбындағы викториналарға ұласты. Белсенді қатысушылар сыйлықтарға ие болды.


Еске салайық, сауықтыру шарасын елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің МӘМС бойынша жобалық кеңсесімен бірлесе отырып өткізді.


Жолақысын төлемеген 5 мыңнан астам жолаушыға айыппұл салынды

Астанада қоғамдық көлікте жолақы төлемеген 5658 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Есжанов мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Бүгінгі таңда жолаушылардың жол ақысын төлеуден жалтаруы бойынша бұзушылықтар жиілеп кетті. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі уақытқа дейін 5658 азаматқа жалпы сомасы 27 млн 214 мың теңгені құрайтын айыппұл салынды. Біз бұл жұмыстарды Астана қаласы ПД-нің жергілікті полиция қызметімен бірлесе атқарып жатырмыз. Жолаушыларға қолданыстағы заңнаманың барлық талаптарын орындап, жолақы төлеуден жалтармауларын сұраймыз», – деді «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Есжанов.

Елордада кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндер саны артты

ҚР Ұлттық банктің мәлімтіне сәйкес, 2018 жылдың қаңтар-қазан айларында Астана қаласының экономикасына 662 972 млн. теңге несие берілді, оның ішінде шағын кәсіпкерлік нысандары 105 293 млн теңгеге несиелендірілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің сайты.

«2018 жылдың екі тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндердің саны 335 832-ні құрады, ол 2017 жылдың баламалы кезеңімен салыстырғанда 6% артық», — делінген Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ақпаратында.

Бұған қоса, елордада ШОК нысандарымен тауар шығару көлемі (жұмыс, қызмет көрсету) артып, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 2 167 715 млн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,9 % артық. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 2018 жылдың қаңтар-маусым айларында жасаған ЖӨӨ-дегі жалпы қосылған құнының үлесі 58,5% құрап, 2017 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 11,0 %-ға артқан.

Байқоңыр ауданында алғашқы ХҚКО ашылды

Астана тұрғындары үшін Байқоңыр ауданында жаңа Халыққа қызмет көрсету орталығы өз есігін ашты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


Бұл – азаматтардың мемлекеттік қызметті алуы үшін Астанада ашылып отырған оныншы ХҚКО. 


Байқоңыр ауданының елордадағы төртінші аудан ретінде Сарыарқа мен Алматы аудандарының біраз бөлігін біріктіргені баршаға белгілі. Аудан тұрғындарына қолайлы болу үшін ХҚКО Абай даңғылы, 80 мекен-жайы бойынша ашылып отыр.


 «Тағы бір фронт-кеңсенің ашылуы астаналықтардың мемлекеттік қызметті алуы үшін өздеріне ыңғайлы жеріне қарай ХҚКО таңдауына мүмкіндік беріп, басқа орталықтардың жұмысын жеңілдетеді. Ғимараттың алаңына бірнеше сектор орналастырылған. Атап айтқанда, бұл – жеңілдік терезесі, қоғамдық қолжетімді пункт, өзіне-өзі қызмет көрсету секторы, ЭЦҚ беру, көші-қон полиция қызметкерлері, касса», — деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясының төрағасы Абылайхан Оспанов. 


 Бөлім үш қабатты ғимараттың бірінші қабатында орналасқан, алаңы 2000 шаршы метрден асады. Мұнда операторы бар қызмет көрсететін 13 орын, өзіне-өзі қызмет көрсету секторында 15 орын, ЭЦҚ беретін 4 үстел қарастырылған. 4 үстелде көші-қон қызметкерлері құжаттандыру және азаматтарды мекен-жайы бойынша тіркеу қызметін жүзеге асырады. Бұдан басқа, бөлімде кассалар бар, онда азаматтар мемлекеттік баж салығын төлей алады. Сондай-ақ, жаңа ХҚКО мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған пандуспен, жеңілдік терезелерімен, шақырту батырмасымен жабдықталған. Азаматтардың қолайлылығы үшін автотұрақ ұйымдастырылды. 


Астаналықтар медициналық кеңесті тегін ала алады

3 қарашада MEGA Silk Way сауда-ойын сауық орталығында «Наш выбор — здоровье! Біз денсаулықты таңдаймыз! Health – our choiсе!» атты мәдени-сауықтыру акциясы өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 


Тегін консультацияны жалпы тәжірибедегі дәрігерлер, терапевттер, педиатрлар береді. Сонымен қатар, қан қысымы, бой өлшемі, салмағы, қант пен қандағы холестеринді өлшейтін диагностикалық процедуралардан да өту мүмкіндігі қарастырылған.


Флюорографиядан өткісі келетіндер үшін жылжымалы флюрокөлігі ұсынылады.


Астаналық жедел жәрдем қызметінің инструкторлары өміріне қауіп төнген жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуден шеберлік сабағын көрсетеді. 


Шара бағдарламасында фитнес-жаттықтырушының басшылығымен спортпен айналысу бойынша өзінің кеңестерімен бөлісетін ширату бөлімі де бар.


Акция барысында концерттік номерлер, әлеуметтік медициналық сақтандыру  тақырыбында викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге сыйлық үлестіріліп, лотерея ойнатылмақ.


Науқанды Астана қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша кеңселік жобасы бірлесіп ұйымдастырады. Мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау, өз денсаулығын сауатты басқаруды үйрету, әрбір азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу бойынша көбірек ақпараттандырылғанын қамту.