Елорданың қай аудандарында отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың ашылатыны белгілі болды

Астанада қала тұрғындары үшін медициналық көмек алу үшін қолжетімділікті қамтамасыз ететін «Үйдегі дәрігер» отбасылық дәрігерлік амбулаториялар жобасы іске асырылуда, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Тек 2018 жылы мемлекеттік жеке-меншік әріптестікті дамытудың аясында елордада 3 дәрігерлік амбулатория ашылды. Олар «Жағалау» жаңа шағын ауданда, Бараев көшесіндегі халықтың тығыз қоныстанған аумағында, «Сказочный мир» тұрғын ауданында орналасқан.

«Жыл соңына дейін «Өндіріс», «Пригородный», «Оңтүстік-Шығыс», «Шұбар» тұрғын үй аудандарында дәл сондай дәрігерлік амбулаторияларды, сондай-ақ ЭКСПО аумағында медициналық кешенмен қоса 350 адам қабылдайтын емхана ашу жөніндегі нақты жоспарда бар», делінген Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратында.

Бұған қоса, басқармада жеке инвестицияларды тартудың арқасында 1,5 млрд теңгенің үнемделуіне мүмкіндік берілгені атап өтілді.

Шетелдік қандастарымыздың қатысуымен өткен «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі өз мәресіне жетті

Айтулы бәсекеге 10 елден 50-ге жуық өнерпаз қатысты, оның ішінде өз елімізден басқа Қырғызстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Иран және тағы басқа мемлекеттердің өкілдері бар. 


Фестиваль үш бағыт бойынша өтті және әділқазылар Гран-приден бөлек әр номинация бойынша 3 жүлделі орын мен ынталандыру сыйақысын тағайындады.


«Аталған фестиваль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Отандастар» қорының ең бірінші өткізіп жатқан шарасы. Қор ұжымына алғыс білдіре отырып, бұдан әрі бірлесе жұмыс жасап, сыртта жүрген ағайындарға осындай шаралар ұйымдастырып, ортақ мақсаттарды орындауға біз әрқашанда дайынбыз», — деді ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев.


«Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалінің жеңімпаздары:


Фестивальдің Гран-приі жүлдесін Қытайдан келген қандасымыз Жұматай Коксубай олжалады. Термешіге бас жүлдені министр Д.Кәлетаевтың өзі табыстады.


 «Терме өнері» номинациясы:


1 орын Нұржігіт Есxат (Қытай);


2 орын Жанғар Мәмбетназаров (Өзбекстан);


3 орын Арман Қалелбекұлы (Қазақстан, Астана);


«Жыр мүшәйрасы» номинациясы:


1 орын Шынарбек Жомартұлы (Қазақстан, Түркістан облысы);


2 орын Нарқұлан Райxанұлы (Монғолия);


3 орын Алаш Тұрсынәліұлы (Қытай).


«Қолөнер» номинациясы:


1 орын Хабыл Қайып (Монғолия);


2 орын Нарғыз Тіней (Түркия);


3 орын Артықбай Смағұлов (Ресей).


Жеңімпаздарға бас жүлдеге 400 мың теңге, 1 орын иегерлеріне 250 мың теңге,  2 орынға 150  мың теңге және 3 орын жеңімпаздарына 100 мың теңгеден табысталды, одан бөлек, 11 қатысушыға ынталандыру сыйақысы тағайындалса, оларға 50 мың теңгеден берілді.

Астана және Беларусь балетінің әртістері елорда сахнасында

10 қарашада «Астана Операның» үлкен залында қазақстандық балет әртістері мен кеш қонақтары – Беларусь Республикасы Үлкен театры шеберлерінің қатысуымен гала-балет өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Астана-Операның» баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова. Бағдарлама қонақтары – Беларусь Республикасының Үлкен театры сахнасының жетекші шеберлері. Бағдарлама барысында «Корсар», «Ұйқыдағы ару», «Бойтұмар», «Эсмеральда» балеттерінің үзіндісі қойылады. Концерт «Астана Опера» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Дирижері – Арман Оразғалиев.

«Жүрегімде Астана» композициясы Батырxан Шүкенов әндерінің ноталар жинағына енді

Шөмішбай Сариевтің сөзі мен Ренат Гайсиннің әніне жазылған «Жүрегімде Астана» атты композиция Батырхан Шүкеновтың репертуарындағы әндердің ноталар жинағына енді.


Бұл туралы танымал композитор Ренат Гайсин өзінің Instagram парақшасына жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


«Батырхан Шүкенов әндерінің ноталық жинағы қазақ тілінде шығарылды. Батырхан Шүкенов атындағы қорға осындай бірегей музыкалық басылымды шығарғаны үшін үлкен рахмет!», – деп жазды Ренат Гайсин.


 Батырхан Шүкеновтың бауыры Бауыржан Facebook-тағы парақшасында аталмыш жаңалықпен қараша айының басында бөліскен болатын.


«Батырханның репертуарындағы әндер авторларының ноталар жинағы дайын. Тираждың бір бөлігі сауда орталықтарына берілді, тағы бір бөлігін авторлар мен олардың ұрпақтары алды, қалғаны кітапхана, мектептермен қатар музыкалық оқу орындарына таратылды. Барын салып, қол ұшын берген жандардың барлығына алғысымызды білдіреміз», – деді әншінің ағасы.


Астана полициясы азаматтардың жұмыстарын бағалағаны үшін алғыс білдірді

Астаналық полиция қала тұрғындары мен қонақтарына өздерінің кәсіби қызметіне жоғары баға бергені үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


 «Біз Астана полициясы департаменті бөлімшелерінің қызметкерлеріне айтылған жылы сөздерге алғысымызды білдіреміз», — делінген хабарламада.


Баспасөз хабарламасында  электриктердің Астана тұрғынынан Ipad-ын ұрлап кеткені жазылған.


«Келесі күні мен Алматы аудандық ІІБ барып, арыз жаздым. Менің таң қалғаным, ертесіне бөлімге келуімді, IPad 2017 ұрлаған адамдарды тапқанын айтып хабарласты. Олар хабарландыру бойынша шақыртқан электриктер болып шықты. Құқық қорғау органдарын мақтан тұтамын», — деп жазды астаналық тұрғын өз хатында.


Қала тұрғыны әсіресе, полиция қызметкерлері Бекзат Ыбырай мен Олжас Данияровтың жұмысын ерекше атап өтті.

Қысқы демалыс әуесқойлары қауіпсіздік ережелерін естен шығармауы қажет

Құтқарушылар азаматтарды қыс мезгілінде балық аулау және аңға шығу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты қаланың ТЖД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Температура төмендеп, алғашқы қар жауғаннан кейін аң мен балық аулау маусымы басталады. Қысқы демалыс барысында қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұмытып кетіп жатамыз. Оның соңы орны толмас зардаптарға әкелуі мүмкін.  Төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында Астана қаласы Сарыарқа аудандық ТЖД Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері алдын алу шараларын жүргізуде.


Шара барысында елорда құтқарушылары аңшылық пен балық аулау саймандары сатылатын  Сарыарқа ауданындағы бірнеше дүкенге барып,  сатып алушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Сондай-ақ, мұнда келушілер мен сатушыларға жадынамалар таратылды.


«Дүкен басшылығына балықшылар мен аңшыларға қауіпсіздік ережелерін жеткізу міндеттелді. Сонымен қатар, WhatsApp желісіндегі балықшылардың «Рыбаки Астаны», «Рыбалка круглый год 54» топтарына хабарламалар жіберілді», — делінген таратылған ақпаратта.


7 қарашада "Мәскеу" БО бизнес-қауымдастық пен халықты ақпараттандыру аясында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы дөңгелек үстел өтеді

Кездесу барысында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде грант ұсыну шарттары туралы ШОБ субъектілерін ақпараттандыру төңірегіндегі мәселелерді талқылайды.

Шараны қалалық инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырмақ.

Өзіңізді қызықтырған сауалдар бойынша мына телефон номеріне хабарласуыңызды сұраймыз: +7(7172)919087 немесе email D.montayev@atameken.kz

Digital Bridge алаңында 50-ден астам қазақстандық және халықаралық спикерлер сөз сөйлейді

Форумды «Зерде» холдингі мен Astana Hub IT-стартапшылары халықаралық технологиялар паркінің қолдауымен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Форумға халықаралық IT қауымдастығының өкілдері, технология саласындағы танымал сарапшылар, кәсіпорын басшылары, технологиялық кәсіпкерлер, әртүрлі елдердің мемлекеттік сектор өкілдері, цифрлық даму саласындағы мамандар, ғалымдар, сондай-ақ венчурлық капиталистер мен инвесторлар қатысады.

Digital Bridge алаңында 50-ден астам қазақстандық және халықаралық спикерлер сөз сөйлейді. Олардың қатарында Startup Genome бас ди⁠ректоры Жан-Франсуа Готье, Hyperloop Transportation компаниясының бас ди⁠ректоры Дирк Алборн, Стартап академиясының кәсіпкері, кеңесшісі және жетекшісі, «Галактика» жеке ғарыштық компаниясының негізін қалаушы және меншік иесі Алия Прокофьева, Priceline Group негізін қалаушы Джефф Хоффман, Global Catalyst Partners халықаралық венчурлық капитал фирмасының төрағасы және тең құрылтайшысы Камран Элахиан бар.

Digital Bridge форумы цифрлық трансформация, электронды үкімет, технологиялық кәсіпкерлік және 4-ші өнеркәсіптік революция идеяларын ілгерілету үшін Еуропа мен Азия арасындағы диалог алаңын құратын жыл сайынғы іс-шараға айналады деп күтілуде.

Қосшығұлұлы көшесінде жолдың жаңа бөлігі пайда болды

«Қосшығұлұлы көшесінің жалғасы ретінде жолдың жаңа бөлігі пайда болды. Халық арасында Жаңа Сейфуллин көшесі деп аталатын көше ұзарып, тұрғындар үшін ыңғайлы бола түсті.

«Сәкен Сейфуллин көшесінің құрылысы» жобасының автокөлік жолдарын дамыту бағдарламасы аясында №167 және Земляничная көшелерінің аралығына жол төселді», – деп жазды Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек өзінің Facebook-тегі парақшасында.

«Сарыарқа» ауданының әкімі, сондай-ақ №167 және Қосшығұлұлы көшелерінің қиылысында бағдаршам, жол белгілері мен таңбаларымен жабдықталғанын атап өтті.

«Жолдардың пайда болуымен құрылыс та қарқын алды. Сол себепті осы аумақтағы жер учаскелерін игеретін кез де алыс емес», – деп уәде берді аудан әкімі.

Астанада балалар шығармашылығының конкурсы басталды

Бүгін Оқушылар сарайында балалар шығармашылығының «LAULA -2018»  халықаралық байқауы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты білім басқармасына сілтеме жасап.


Конкурстың мақсаты — шығармашылық әлеуетті дамытуға жағдай жасап, балалар мен жасөспірімдер арасындағы дарынды орындаушыларды анықтау.


Халықаралық байқауға қатысамын деушілер өз арыздарын бір ай көлемінде 1 қарашаға дейін жолдай алды.


Сайыс жеңімпаздары «Халық әні», «Эстрадалық ән», «Аспаптық өнер», «Халық аспаптары», «Эстрада – джаз аспаптары», «Балалар биі», «Эстрадалық би», «Халық биі» сынды аталымдар бойынша анықталмақ.


Байқауға 5-тен 17 жасқа дейінгі жеке орындаушылар мен шығаршылық ұжымдар қатысады.