ЖАТырқадым...

Киностан: ЖАТырқадым...

Ермек Тұрсыновтың ЖАТ фильміне бардым. Фильмде ашаршылық жылдары, коллективтендіру, репрессия, соғыс, соғыстан кейінгі өмір суреттеледі. Бас кейіпкер кішкентай кезінен жетім қалып, тауға кетіп, қоғамнан оқшауланатын жігіт. Табиғатпен бір болып, аң аулап, үңгірде өмір сүреді. Яғни, жат, оқшау, жалғыз. Жанашыр достары, махаббаты бар.

Фильмде Тұрсыновтың қолтаңбасы анық сезіледі. Қазақ өмірі, болмысы, тәңіршілік, дыбыстар, табиғат… Операторлық жұмыс, режиссура, дыбыстау, бәрі жақсы. Ал оқиғалар өрбісі, сценарий күткенімнен төмен болды. Орташа деңгейде. Грим де тым қалың болғандай. Әлде Оскарға дайындалған фильм деп аталғаннан кейін көп күтіп қойдым ба?

Фильм басында ашаршылық жылдарында 5 миллиондай қазақ өлді деп анонс беріледі, бірақ бұл анонсты ақтарлық ештеңе байқай алмадым. Тышқан аулап жеп отырған әке мен баланың басқа ауылдарда адам жейтіні туралы айтқаны ғана ма әлде? Фильм жоғары темппен басталып, орта тұсына жетпей темп төмендеп кетіп, көрерменді жалықтырып алады. Сондай-ақ тым ұзақ та. Ұзақ болуымен қатар оқиғалардың бір бірімен байланысы үзік-үзік, әлсіз байланған. Кей жерлерінің тым алшаңқы болуына байланысты көрермен өзі ойлап, құрастырып отырады «осыншама уақыт ішінде не болды екен, әлде бұлай ма екен?» деп. Мысалы бас кейіпкер басында жиі келіп тұратын ауылына, кейін бірнеше жыл жоқ болып кеткен болады, сол кезде қайда болғаны да түсініксіз. Өйткені ол тек аң терісін сату арқылы ғана өзіне қажет нәрселерді алдыртып отыратын. Жылдардың тез өтуі мен оқиғалардың әлі бір кезеңде болуы да адамды ойлантады, қалайша мұндай қысқа мерзімде кейіпкерлер тез ер жетіп кетеді деп. Бас кейіпкерді басында тұлға ретінде қабылдап отырып, кейін қарапайым, өмірде еш мақсаты жоқ адамға айналдыруы да күмілжітті.

Жеке өзім киноны сценарийі бойынша бағалаймын. Фильм көркем, бірақ сценарийін мен алдын ала «оқып» отырғандай болатын болсам мені таң қалдыра алмады деген сөз. Сонысымен ұнамады маған.

Ал, жалпы философиялық мағынасы қызық. Г.Г.Маркестің Жүз жылдық жалғыздығындағы кейіпкерлердің барлығының жалғыз болуы сияқты бұл фильмдегілердің де барлығы жат. Кеңес үкіметінің қазақтардың болмысын өзгерткен жаңа саясаты да, жер аударылған адамдар да, қазақтардың мінезі де, тіпті фильмдегі ерлі-зайыптылар да бір біріне жат. Тек басты кейіпкер ғана жат емес. Ол өзінің болмысымен, негізімен, табиғатымен бірге.

Тұрсыновтың «Келіні» оскарлық фильм еді. Ал, ЖАТ — жат…

Әрі қарай

Астанада «Біз мемлекеттік тілде қызмет көрсетеміз» акциясы басталды

Астана жаңалықтары: Астанада «Біз мемлекеттік тілде қызмет көрсетеміз» акциясы басталдыБарлық қызмет мемлекеттік тілде тиісті деңгейде көрсетілуі тиіс. Астанада 100-ден астам ерікті осы жағдайды қоғамдық орындар мен меКемелердің қызметкерлеріне түсіндіруге кірісті. «Біз мемлекеттік тілде қызмет көрсетеміз» акциясы әуежай, теміржол вокзалы, сапаржай, Қазпошта және қоғамдық көліктерді де қамтитын болады. Осылайша, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту көзделген. Акцияға белсенді қатысқан мекемелер салтанатты түрде марапатталмақ Нұрзила Қасқатаева, Тілдерді дамыту және үйлестіру жұмысы бөлімінің басшысы: — Халықта мынадай түсінік пайда болуы мүмкін Мемлекеттік тіл бір күндік қана ма деп, олай деп түснбеу керек. Қазір қай жерге барсаңыз да, ресми тіл қоса қолданылып жүреді. Біз осы бір күн арқылы қалған күнде де мемлекеттік тілді қолдануға шақыру.

сілтеме
Әрі қарай

Астана емханаларында ашық есік күндері өтуде

Астана жаңалықтары: Астана емханаларында ашық есік күндері өтудеАстананың барлық емханаларында 20-30 қыркүйек аралығында ашық есік күндері өтіп жатыр. Іс-шара дүниежүзілік жүрек күніне орайластырылған қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алуға арналған онкүндік аясында өтуде. Шара аясында дәрігерлер жүрекке және өкпеге аускультация әдісін пайдаланады, артериалдық қысым, қан қысымы мен қандағы холестерин деңгейін өлшейді. №1 және 2 қалалық емханаларда 25 қыркүйекте сағат 9-дан бастап ашық есік күндері өтеді. Онкүндік аясында №3 қалалық емхана 23 қыркүйекте келушілерді қабылдайды. Сонымен қатар 22 қыркүйекте №4 емханада дәрігер мамандарының кеңес беруімен ашық есік күндері өтеді. Сондай-ақ 23 қыркүйекте №9 және 10 қалалық емханаларда да ашық есік күндері өтеді.

сілтеме
Әрі қарай

Елордада Құрбан айт намазы оқылды


Астана мешіттерінде таңғы сағат 07:45-те Құрбан айт намазы оқылды. Таңмен таласа тұрған тұрғындар ұлық мерекеде мешітке ағылды. Дұға оқып, тілек тілеуге жиылған кісі қарасы көп. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Намаздан кейін құрбандық шалуға рұқсат етілді. Дін өкілдері шаһарда арнайы мал соятын орындарды әзірлеген. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы 2018 жылға дейін «Дін мен дәстүр» жылын жариялаған. Осыған орай діни мерекелер кезінде мешіттер алдында киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылады.

сілтеме
Әрі қарай

Діншіл жастар мәселесі талқыланды

Астана жаңалықтары: Діншіл жастар мәселесі талқыланды

Кеше «Іскер» бизнес орталығының мәжіліс залында «Конфессиялық келісім мен бейбітшілікті сақтаудағы жастардың рөлі» тақырыбында өткен жиында діншіл жастар мәселесі талқыланды.

Астана қаласының жастар саясаты мәселесі басқармасы мен «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры ұйымдастырған шараға дінтанушы ғалымдар, сарапшылар және студент жастар қатысты.
Кездесу барысында алқалы топ түрлі ұлттар өмір сүріп отырған елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы жастардың рөлі, қоғамда белең алған діни ағымдардың теріс ықпалы туралы пікір алмасып, ой бөлісті.

– Дін – саясаттың маңызды бөлігі. Қоғамда қозғаушы күшке ие жастардың саналары қазір өзге дін ағымдарының сенімдерімен шырмалған. Жаһанда діннің атын жамылып, бүлік шығарып жүргендер исламофобия көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Тәуелсіз елдің тыныштығын сақтау үшін діншіл жастарды да ұдайы қадағалауымыз керек, — деді «Дін және жастар» тақырыбында баяндама жасаған Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының профессоры Досай Кенжетаев.

Басқосуда сөз алған Дін проблемаларын зерттеу орталығының деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету бөлімі басшысы Лимана Қойшиева оқу орындарын аралап, дәрістер өткізіп, жастардан сауалнама алғанда олардың қойған сұрақтарынан-ақ саналары уланғанын байқауқа болатынын айтты. Оның мәлімдеуінше, теріс ағымның жетегінде кететіндер – 14 және 25 жас аралығындағы жастар.
Әрі қарай

Үздік шахматшы қариялар анықталды

Астана жаңалықтары: Үздік шахматшы қариялар анықталды

Сарыарқа ауданы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Қарттар күні қарсаңында қариялар арасында шахматтан жарыс өткізілді. Сайысқа аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбенғаппас Ахметов, мәслихат депутаттары мен «Астанаводсервис» ЖШС өкілдері қатысты.

Ойын кезінде дүниежүзілік шахмат федерациясының ережелері мен талаптары қатаң сақталып, жүзден жүйріктер алға шықты. Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Қайырбек Сейітқұл мен Ілияс Қалин иеленіп, екінші орын Тұрсын Қадырбековке тиесілі болды. Ал, үшінші орынды Мекентай Бегенбаев пен Мажит Бекжанов бөліп алды.

Жеңімпаздарға марапаттау қағаздары мен ақшалай жүлделер табысталып, қалған қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары берілді.
Әрі қарай

Аналар үйі жетімдерді жерде қалдырмайды

Астана жаңалықтары: Аналар үйі жетімдерді жерде қалдырмайды

Еліміздегі тастанды балалардың санын азайту мақсатында екі жыл бұрын «Ана үйі» атты жаңа жоба жұмысын бастаған еді.

Бүгінде осы бастаманың арқасында елімізде 1007 бала жетімдіктің азабынан құтылып отыр. Бұл жайында жобаның негізін қалаушылардың бірі, BI Group компаниясының жетекшісі Айдын Рахымбаев Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті. Айтулы жоба жүзеге асырылғалы республика аумағындағы 6 сәбилер үйі жабылды. Алдағы уақытта жетім балаларды қамқорлыққа алатын тағы да 2-3 аналар үйін ашу жоспарда бар.
Әрі қарай

Құқық бұзушылыққа қарсы акция өтеді

Астана жаңалықтары: Құқық бұзушылыққа қарсы акция өтеді

Астанада 28-30 қыркүйек аралығында «Тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік» атты кең ауқымды акциясы өтеді.

Қоғамда ұсақ құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру бойынша шаралар үнемі жүргізіледі. Жыл басынан бастап 80 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылықтар анықталды. Оның ішінде ұсақ бұзақылықтың – 3,4 мың, тыныштықты бұзудың – 7 мың, алкогольді ішімдіктерді ішу және қоғамдық орында мас күйінде болудың – 16,2 мың, белгіленбеген орындарда темекі шегудің – 12 мың, тазалық тәртібін бұзудың – 14,8 мың және бегіленбеген орындарда саудамен айналысу 3,5 мың фактісі тіркелді.
Әрі қарай

Құлагер ескерткіші күрделі жөндеуден өтті

Астана жаңалықтары: Құлагер ескерткіші күрделі жөндеуден өтті
Астанадан Бурабайға шығатын жол бойында орналасқан Құлагер ескерткіші күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл жұмысты «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы филиалы жүргізді.

Ескерткіш айналасына төселген плиталар жаңартылды. Әдемі темір қашалар мен жолаушылар демалатын орындықтар қойылды. Шыршалар мен гүлдер отырғызылды. Қазір Құлагердің маңайы құлпырып тұр. Абаттандыру жұмыстары әлі жалғасатын болады.

– Ұлы Даланың символына айналған Құлагер ескерткішін күрделі жөндеуден өткізуге өзіміз ниеттендік. Ескерткішке жолаушылар жиі аялдайды. Шетелдіктер де көп келетінін білеміз. Көпшілік қоғам қайраткері Сәдібек Түгелдің идеясымен бой көтерген осынау ескерткіштің жанында тұрып суретке түсуді ұнатады. Сондықтан, Құлагердің көрікті болғанын қалаймыз әрі оның күтімін өзіміз атқаратын боламыз, – деді мекеме директоры, ұлтжанды азамат Арман Жүсіпов.
Әрі қарай

«Тарих пен тіл тамырлас» мүшәйрасы қорытындыланды

Астана жаңалықтары: «Тарих пен тіл тамырлас» мүшәйрасы қорытындыланды
Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырған «Тарих пен тіл тамырлас» атты жас ақындар мүшәйрасы мәресіне жетті. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі «Тілеп» қобыз сарайында өтті.

Атаулы шараға ҚР Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар мен студенттер қатысты.
Қалалық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев бұрынғы Целиноград пен Ақмоланың, бүгінгі Астананың қазақылануына үлес қосқан бір топ адамға «Қазақ хандығына – 550 жыл» мерекелік медалін табыстады. Аталмыш медальмен марапатталғандардың арасында ұлағатты ұстаз, Еуразия гуманитарлық институтының ректоры Амангелді Құсайынов, осы өңірде басшылық қызметтерді атқарған саясаттанушы Зәуре Қадырова, мәдениеттанушы Отызбай Сүйіндіков, белгілі журналист, газетіміздің бұрынғы басшысы Жұмагүл Саухат, ақындар Серік Сейітман, Балғынбек Имашев және Қалқаман Сарин болды.

Мүшәйраға 50-ден аса үміткер қатысып, іріктелген 10 ақынның ішінен жеңімпаздар анықталды. Сонымен, 1-орын Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Әлімжан Әлішерге бұұйырса, 2-орынды халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты, Айжан Тәбараққызы иеленді. Ал, 3-орынның жүлдесін Қарағанды қаласындағы «Болашақ» университетінің студенті Абай Ораз бен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Дәулетберді Жекей бөлісті. Бұдан бөлек бес ақынға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Жас ақындардың барлығы Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің атынан дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.