«Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы қорытындыланды

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай Астанада «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Шараның мақсаты елордамызда жол апатын азайту, жолаушылар мен жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілердің мәдениетін арттыру, жол қозғалысын бақылау және қадағалау болды.

Осы шараға әкімшілік полиция және жергілікті полиция қызметі бөлімшелерінен 500 астам қызметкер тартылды, соның ішінде көліктік бақылау, Астана қаласының Кірістер департаментінің де өкілдері бар.

Арнайы жасақталған топ қала аумағында автобустардың техникалық жағдайын, жүргізушілердің тіркеу құжаттарының толық болуын, сондай-ақ, жүргізушілерді медициналық тексеру бойынша рейдтер өткізді. Полицейлер «Рубеж» шекара бекеттерінде заңсыз тасымалдаушыларды анықтау бойынша тексеру шараларын жүргізді.

«Автобус» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында тәртіп сақшылары жолаушылар автобусы жүргізушілерімен Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 650 астам фактісін тіркеген, соның ішінде 84 — автобусты басқару кезінде телефонды пайдалану, 58 – маневрлеу ережелерін бұзу, 6 – техникалық байқаудан өтпеген автобусты басқару фактісі болған.

Сонымен қатар, 6 — жылдамдық режимін бұзу, 15 — жүргізушілердің еңбек пен демалыс режимін сақтамау және 7 -заңсыз қайта жабдықтау жағдайы анықталған.

Астана жаңалықтары: «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы қорытындыланды
Бұдан басқа, желіге шықпас бұрын автобустардың техникалық жағдайын тексеру кезінде техникалық ақауы бар 39 автобусты пайдалануға тыйым салынды, автобус парктерінің 11 лауазымды тұлғасына қатысты әкімшілік іс өндіріске алынды.

Полицейлердің айтуынша, осы сияқты рейдтер жолаушылар көлігінің қатысуымен орын алатын жол-көлік апаттарының санын азайтуға септігін тигізеді.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша дайындалды.
Әрі қарай

Астанада 700 астам адамға әлеуметтік жәрдем беріледі

Мемлекеттік бағдарлама аясында атаулы әлеуметтік көмек Астана қаласында тіркелген және тұрғылықты тұратын орташа жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен (күн көріс деңгейінің 40%) азаматтарға тағайындалады. Осы категорияға енетін 742 елорда тұрғынына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz.

Астана жаңалықтары: Астанада 700 астам адамға әлеуметтік жәрдем беріледі
Аталған жәрдемді көп балалы, толық емес отбасылар, құрамында мүмкіндігі шектеулі адамдары бар отбасылар алады. 2015 жылы 1000-нан астам аз қамтылған азамат мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылды. Мемлекеттік қызметтерді алу үшін өтініш беруші тоқсанына бір рет Халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласады.

Адамға атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін жан басына шаққандағы орташа табыс пен отбасының әрбір мүшесіне есептелген кедейлік шегінің белгіленген айырмасы түрінде есептейді. 2016 жылдың 2 тоқсанында кедейлік шегі 9157 теңгені құрайды.

Айта кетейік, 2018 жылдан бастап жәрдемақының үш түрі біріктіріледі: атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға арналған мемлекеттік көмек, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар және жаңа форматта ұсынылатын болады. Жаңа атаулы көмек екі түр бойынша жіктеледі — шартты және шартсыз.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек ең төмен күнкөріс деңгейінің 50 % төмен орташа жан басын шаққандағы табысы бар еңбекке қабілетті азаматтарға отбасының барлық еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бағдарламаларында міндетті түрде қатысқан жағдайда ғана тағайындалатын болады.

Шартсыз көмекті отбасы құрамында еңбекке қабілеттілігі жоқ мүшелері немесе объективті себептер бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің шараларына қатыса алмайтын еңбекке қабілетті азаматтардың отбасылары алады.
Әрі қарай

Аулаларды абаттандыру бағдарламасы жүзеге асырылуда

Астанада тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру бойынша кешенді бағдарлама сәтті іске асуда. Былтырдғы жылдың өзінде 50 астам аула абаттандырылып, балалар ойыны, спортпен шығылдануға арналған құрылғылар орнатылды. Биыл Астананың 30 астам ауласы абаттандырылады деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz. Аталған бағдарлама аясында жол жабыны ауыстырылып, балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдары, қоқыс жәшіктері орнатылады, көлік қоятын орындар жасалады.

Биыл «Сарыарқа» ауданында 19, «Есіл» ауданында 7 ауланы абаттандыру көзделген. «Алматы» ауданында көп қабатты тұрғын үй секторындағы 16 үйді қамтитын 10 аулада кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Атап айтқанда, 11 балалар ойын алаңы, 3 спорт және 5 гимнастика алаңы жасалады, 56 тренажер, 80 қоқыс жәшігі, 72 орындық орнатылып, 8 күрке, 8 кір жаятын орын дайындалады. Сонымен қатар, 12 801 шаршы м аумақта асфальтбетон жабыны жөнделеді, ал 4 465 шаршы м аумақта қайта төселеді.

Астана жаңалықтары: Аулаларды абаттандыру бағдарламасы жүзеге асырылуда
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Астанада абаттандыру бағдарламасы аясында 41 аула мен 12 аула аумағы абаттандырылды. Жөндеу жұмыстары аясында аулаларда қауіпсіз шағын архитектуралық пішіндер, тренажерлар орнатылып жатыр. Сондай-ақ, «Есіл» ауданында спорт және ойын алаңдары жасалды, бұзылған шағын архитектуралық пішіндер, спорттық снарядтар мен тренажерлар, сәндік қоршаулар қалпына келтіріліп, ауыстырылды, балалар алаңдарына жарақат алуға жол бермейтін қауіпсіз резеңке жабындар төселді.

Астана келбеті тек жаңа құрылыс нысандарымен ғана емес, тұрғын үйлердің тамаша аулаларымен де ажарланып келеді. Бұл бағдарлама тек Елордамыздың көркін ғана ашпайды, сонымен қатар астаналықтардың салауатты өмір салтын ұстануға да септігін тигізетіні анық.
Әрі қарай

Үздік әлеуметтік жобалар байқауына қатысыңыз!

Елордамызда Қазақстанда іске асырылатын үздік әлеуметтік жобалар конкурсы басталды. Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы конкурсқа қатысуға өтінімдер қабылдауда.

Байқауға халықты әлеуметтік қорғау жүйесі шеңберінде қызметін жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктер, мүгедектер ұйымы, басқа да мекемелер мен ведомстволар, жеке тұлғалар мен басқа да үкіметтік емес ұйымдар қатыса алады.

Астана жаңалықтары: Үздік әлеуметтік жобалар байқауына қатысыңыз!
Байқауға халықтың әлеуметтік осал топтарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғаларға көмек көрсетуге бағытталған кемінде 1 жылдан астам уақыттан бері іске асырылып жатқан әлеуметтік жобалар жіберіледі.

Қалалық іріктеуден өткен әлеуметтік жобалар республикалық көрмеге қатысады. Байқауға қатысу шарттарымен Астана қаласы Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының сайтында немесе 21-22-61, 21-62-17 телефондары арқылы танысуға болады.
Материал Астана қаласының ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша дайындалды.
Әрі қарай

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды

Сәуірдің 7 күні Астана қаласының әкімдігінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті (МЖС) дамыту мәселесіне арналған дөңгелек үсте өтті. Астана қаласының astana.gov.kz ресми сайтының хабарлауынша бұл кездесуде мемлекеттік жеке меншік серіктестік саласындағы жобалар таныстырылды, оларды іске асыру процедуралары талқыланды.

Астана жаңалықтары: Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды

МЖС тетіктерін қолданудың маңыздылығына тоқталған Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин МЖС аясында ынтымақтастық орнатып, жобаларды жүзеге асыру қажет екенін атап өтті.

— Соңғы жылдары МЖС жобаларының тартымдылығын арттыру бойынша біршама жұмыстар жүргізілді. Жыл басынан бері Үкімет әрбір аймаққа МЖС аясында кемінде бес жобаны қолға алуды тапсырды. Елорда әкімдігі отандық және шетелдік жеке меншік сектор өкілдері үшін ашық. Қала басшылығы өз тарапынан МЖС аясында ынтымақтастық орнатып, жергілікті жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін мүмкіндігінше жағдай жасауға ниетті. Атап айтқанда, МЖС схемалары арқылы инфрақұрылымдық, соның ішінде әлеуметтік бағыттағы жобаларға инвестициялар тарту көзделген, — деді А. Лукин.

Дөғгелек үстеге қатысқан «Астана Innovations» АҚ басқарушы директоры Темір Асанов МЖС құрылымы мен ерекшеліктері туралы баяндады. Мекеме басшысы инвесторларды ағымдағы және жоспарланған нысандарды жүзеге асыруға қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымы мен денсаулық сақтау саласында «Астана Innovations» АҚ әзірлеген 9 концессиялық жоба таныстырылды. Атап айтқанда, елордада Қабанбай батыр даңғылында (6 жерүсті қабат), Орынбор көшесі (3 қабат – 1 жерүсті, 2 жерасты құрылыс) және Достық көшесінде (6 жерүсті қабат) үш паркинг салынады. Объектілердің жалпы құны — 2 млрд. теңге, концессия мерзімі — 30 жылға жуық, құрылыс жұмыстары 14 айға жалғасады, эксплуатациялық кезең — 28 жыл. Бір орынды жалға алудың құны барлық үш паркингте күндіз сағатына 100 теңге; түнде — 600 теңге болмақ.

«Астана Innovations» АҚ МЖС дамыту басқармасының басшысы Әлия Бикееваның мәлімдеуінше жобаларды толығымен концессионерлердің қаржысы есебінен қаржыландыру көзделген. Соның ішінде 10% жеке қаржы, 90% несиелік қаржы болуы мүмкін. Концессионерлердің негізгі табысы тұрақ орындарын жалға беруден түседі. Бұдан басқа, жобада концессия объектісі құрылысы құнының 100 % деңгейінде концессионердің инвестициялық шығындарына өтемақы төлеу қарастырылған. Өтемақылар белгілі бір уақыт ішінде кезеңдерге бөлінетін болады.

2019 жылы елордада Абылай хан даңғылы мен Қобда көшесі және Тілендиев даңғылы мен Бейсекова көшесі аумағында орналасқан тәулігіне 9000 жолаушыға есептелген екі автовокзалды тапсыру жоспарланған.
— Концессионерлерді таңдау бойынша конкурс 2016 жылғы 16 наурызда жарияланды. Конкурстық өтінімдер салынған конверттер 16 мамырда ашылады. Концессия мерзімі — 30 жыл, құрылыс жұмыстарына 2 жыл уақыт кетеді, эксплуатациялық кезең — 28 жыл, — деді Ә. Бикеева.

Сонымен қатар, Өндіріс, Көктал және Железнодорожный тұрғын алаптарында үш дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілмекші, сондай-ақ, Сейфуллин көшесіндегі №1 қалалық емхана тапсырылады. Инвестициялар көлемі әрбір нысан бөлінісінде 1 млрд. теңгеге жуық, концессия мерзімі — 20 жыл, құрылыс жүргізу мерзімі — 9 -12 ай. Елордалық Денсаулық сақтау басқармасы осы айда конкурстар жариялайды. МЖС аясында қалалық мектептер аумағында спорттық құрылыстарды салу және пайдалану, екі қосалқы электр станциясы мен жылыжайлар әзірлеу және жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар, 5 балабақша салу көзделген, соның ішінде екеуі 360 орынға, қалғаны 240 орынға есептелген. Мектепке дейінгі білім мекемелерінің басым бөлігі сол жағалауда орналасады. Инвестициялар көлемі әрбір нысан бөлінісінде 1 млрд. теңге көлемінде болады.

Қазіргі кезде «Astana» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ жалпы құны 4 млрд. 700 мың теңгені құрайтын 1200 орындық бес балабақшаның құрылысын әзірлеумен айналысуда. Сонымен қоса, бұл корпорация Астанада Патологоанатомиялық бюро салуды жоспарлап отыр. Оның мақсаты қазіргі заманғы жоғары білікті паталогоанатомиялық диагностика жүргізу болып табылады.

Кездесу барысында мемлекеттік органдардың өкілдері, әлеуетті инвесторлар және бизнесмендер ұсынылған басқа да жобалар таныстырылып, стратегиялық серіктестіктегі өзекті мәселелер талқыланды.
Әрі қарай

Жалпықалалық сенбілікке 80 мыңнан астам адам қатысады

Биыл алғашқы экологиялық сенбілік 23 сәуірде басталмақшы. Елорданы тазарту жұмыстарына 80 астам қала тұрғыны қатысады деп күтілуде.

Жалпықалалық сенбілікке мемлекеттік ұйымдардың, шағын және орта бизнес субъектілерінің өкілдері, студенттер мен оқушылар, ПИК өкілдері, елорда тұрғындары мен қонақтары қатыспақ. Осы күні сенбіліктермен қатар, Астананың үш ауданында 1000 жуық ағаш отырғызлмақшы.
Астана жаңалықтары: Жалпықалалық сенбілікке 80 мыңнан астам адам қатысады
astana.gov.kz сайтының мәлімдеуінше сенбілікке 300 астам арнайы техника, әсіресе, жүк көліктері мен тиегіштер тартылмақ. Сонымен қатар, «Астана Зеленстрой» және мердігерлік ұйымдардың жұмысшылары саябақтарды, гүлзарларды жинап, ағаштардың бастарын кеседі, қоқыстарды жинап, шығарады. Экологиялық айлық барысында Астана қаласы аудандарының аумағын абаттандыру, санитарлық тазарту және көгалдандыру жұмыстары қолға алынбақ. Елордамыздың сәнін келтіріп, көркеюіне үлес қосу әрбір астаналық парызы деп ойлаймыз.
Әрі қарай

Тек қана "Хардкор"

Кезінде «Biting Elbows» инди-рок-тобының «Bad Motherfucker» деген клипі біраз шу тудырып еді. Әрине, позитивке толы шу. Сюжетті баяндау тәсіліндегі жаңа бетбұрыс ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Бұл видеоклип Тимур Бекмамбетовтың де көзіне түсіп, осының негізінде толықметр кино түсіру идеясын да көтерген сол еді.

Бекмамбетов режиссер іздеуге бас ауыртпастан, бұл міндетті «Bad Motherfucker» клипін түсірген, «Biting Elbows» тобының мүшесі Илья Найшуллердің өзіне тапсырды.

Жоба толықтай сәтті шықты деу қиын, өйткені халықаралық басылымдардың бірқатары мақтады, бір бөлігі төмен баға берді. Сондықтан да фильмге, өз басым, ұнамай қалу мүмкіндігін ескеріп, іштей дайындалып бардым.

Киностан: Тек қана Хардкор
Фильм 100 пайыз бірінші жақтан түсірілген. Яғни, барлығы басты кейіпкердің көзімен беріледі, құдды шутер ойын ойнап отырғандай сезінесіз. Сіз сенбессіз, бірақ бір тұсын «Call of Duty 4» шутерінен көшіріп алды ма деп ойлап қалдым. Ал иесіз ғимарат ішіндегі атыс тіпті «Counter-Strike»-ты еске түсіреді.

Бұл да эксперимент, соны бағыт қой, сондықтан шайқалып-секірген кадрлардың кейде тым көп болып кетуіне түсіністіктпен қарадым. "Қара юмор" мен жүйкеге тиер қан-жоса қырғынға, визуал азапқа дайын болған жөн.

Сюжеті күрделі емес. Бастан-аяқ негізгі кейіпкердің және оның досының бір міндетті (басты зұлымды өлтіру) іске асырудағы бастан кешкен (көзбен көрген) оқиғаларына куә боласыз. Фантастика жанрында болғанымен де, оның фантастикалығын ақтайтын, уәж келтіріп, түсіндіретін аргументтер жоқ, жай фантастика мен Мәскеу оқиға фоны ретінде алынған. Негізгі акцент — шутер стилінде қызықты фильм түсіруге және сол арқылы көрермендерге ерекше әсер беруге қойылған тәрізді. Фильмнің кіші экранда (ТВ, компьютер) ерекше әсер ететініне күмәнданып тұрмын.

Бірақ мойындау керек, аттракциондық әсері молынан. Кейіпкердің басына кіріп кетіп, бәрін өзің басқарып немесе өзің реал режимде көріп отырғандай әсерде отырасың.

Киностан: Тек қана Хардкор
Фильм Ресей мен Америка актерлерінің қатысуымен түсірілген. Басқаларын білмедім, Шарлто Коплидің сан қырлы актер екенін дәлелдейтін аз киноның бірі осы болды десем артық айтқандық болмас. Әрине, сосын Сергей Шнуровтың 1 минут шамасындағы эпизоды есте қалды. Фильмді жасаушылардың да идеясы осында секілді — Ресейдің сүйікті боқтампаз әншісін көрсету арқылы эмоциялық бонус сыйлау.

«Хардкор» өз атына лайық деп ойлаймын. Ешбір лирикасыз, басқа артық нәрселерге көңіл бөлмей, тек қана бір бағытпен өрбіп отыратын қатал, қатаң фильм. Қаншалықты сәтті жоба болады оны уақыт көрсетер.

6/10
Әрі қарай

Иосиф Бродский. "Натюрморт"

Verra la morte e avra i tuoi occhi
C. Pavese

Ажал келер, онда
сенің көзің болар
Ч. Павезе


1
Айналадағы адам,
заттар көзге ауыр.
Бұдан гөрі маған
түнек өмір тәуір.

Орындықта, саябақта
отырмын қарай қалып
отбасы өткен жаққа.
Зықымды алды жарық.

Күнтізбе қыс түсті деп
тұр. Қаңтар ай ғой мынау.
Жалықтырса түнек,
cонда сайраймын-ау.

2
Болды. Бір көрейін
бірдеңені сынап.
Жақсы, үндемейін.
Сөйлеген жөн бірақ.

Не жайлы? Күн? Түн?
Жөн бе түк демесім?
Заттар жайлы, мүмкін?
Заттар, адам емесі

анық. Олар өлмек.
Бәрі. Өлем мен де.
Бұл еш мәнсіз еңбек.
Жазғандай желге.

3
Қаным суық сондай.
Түбіне дейін қатқан
өзеннен де зордай.
Адам қайбір жаққан?

Оңбай қалған түр.
Бетте фәниден
қалай да әйтеуір
кетпеспін деген рең.

Жүздерінен сен де
бір кілтипан аңғар.
Әйтеуір біреуге
жағымпазданғандар.

4
Заттар жағад. Көрсең –
бір жаман, не күшті
емес. Егер енсең –
ағзасы бар ішкі.

Іші толы шаңға.
Ағаш құрты. Тозаң.
Қу көбелек – жарда.
Ұстауға жоқ мазам.

Шаң. Тек шаңды ғана
нұрға бөлер жарық.
Болса да ол зат ауа
кірмейтіндей жабық.

5
Ескі буфет сырты
және ішінің, әрине,
ұқсап тұр ғой тұрқы
Нотр Дам де Париге.

Қойнауы қараңғы.
Швабра, епитрохилің
сүрте алмайды-ау шаңды.
Затқа тіпті мейлің,

Қиналмайды жаны
кете ме деп шаңы.
Себебі, шаң – тәні
уақыттың; тәні һәм қаны.

6
Соңғы кезде жүрмін
тапа тал түсте қалғып.
Шамасы, ажал құрбым
сынаумен жүр аңдып.

Айнаға дем алдым.
Жүрмін қалай шыдап –
жалғанда осы бармын,
өмірде жоқпын бірақ?

Қимылсызбын. Соры –
мұздай қос жамбас.
Көктамырдың көгі
құдды мәрмәр тас.

7
Тосын дүние – зат қой,
сан қыры арқылы.
Сөздердің оған жат қой
әлемдік тәртібі.

Тыншымас өріс қып,
не қозғалмас мүлдем.
Жалған. Ол – кеңістік,
онсыз дүние – бір кем.

Құлат, қират, сындыр,
лақтыр, өртеп күл ет.
Сөкпейді ол: «Құрғыр,
тап әкеңді!»-деп.

8
Ағаш. Көлеңке. Ағаш
тамырын жапқан топырақ.
Вензельдердей қораш.
Саз. Тастақ атырап.

Тамыр. Шырмалған.
Тастың зор салмағы,
кәдік бұл бұғаудан
босатып алмағы.

Қозғалтып көр. Шамаң
келмес оған анық.
Көлеңке. Ондағы адам — *
тордағы бір балық.

9
Зат. Затта қоңыр рең.
Сұлба өшіп жатыр дөп.
Ымырт. Жоқ көрінген
дәнеңе. Натюрморт.

Ажал дәл келер де
жылтыр тән табылып.
Келгені денеңде
әйелдей шағылып.

Шалғы. Бас сүйек. Қаңқа.
Абсурд, жалған олар.
Ажал келер, онда
сенің көзің болар.

10
Шешесі айтты Христке:
— Ұлсың ба, әлде маған
Хақсың ба? Қақты-ау крестке.
Үйге қайтіп барам?

Қалайша кіре алдым
есіктен ұқпай оны:
ұлымсың ба, әлде Раббым?
Тірісің бе, әлде өлі?

Жауап берді ол: — Мұның
дауы жоқ. Өлі-тірі,
Құдайың, әлде ұлың,
сенікімін ғой түбі.


Әрі қарай

Хардкор: Армандар орындалады!

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
Сықырлаған кресло, сыбырласқан жұрт, сораптала ішілген сусын, попкорн иісі. Кенет шам сөніп, экранға жан бітеді де… құлақ-шекеден жұдырық тиеді, мойынға пышақ сұғылады, маңдайға оқ тиеді. Және осының бәрі слоу-момен көрсетіледі.

Иә, құрметті оқырман, мұның бәрі — «Хардкор» фильмінің алғашқы титрларында көрсетілетін көріністер. Ары қарай жүретін оқиға әлгі ел аузындағы сөз секілді: "… чем дальше в лес, тем страшнее".

Қазақтардың ара-тұра қопаңдап қалуына себепкер Тимур Бекмамбетов продюсері болған «Хардкор» атты фантастикалық экшн бүгіннен бастап кинотеатрлардан көрсетіле бастайды. Кеше көріп шыққан киноның әсерінен әлі арыла қойған жоқпын, соныммен бөлісе отырайын.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
Не:
Атауы: Хардкор
Түсірген елдер: Ресей, АҚШ
Бюджеті: $2 000 000
Жанры: Экшн, фантастика
Қазақстандағы премьерасы: 7 сәуір 2016
Ұзақтығы: 96 минут

Кім:
Режиссері: Илья Найшуллер
Продюсерлері: Тимур Бекмамбетов, Илья Найшуллер
Сценарий: Илья Найшуллер
Рөлдерде: Шарлто Копли, Данила Козловский, Хейли Беннетт, Андрей Дементьев, Сергей Шнуров, Тим Рот және т.б.

Не туралы:
Бас кейіпкер Генри әлдебір зертханада есін жияды. Жанында «сені сүйемін, жан жарыңмын» деп өзін таныстырған Эстель атты хас сұлу болады. Атыс-жарылыстан айрылған аяқ-қолы темірге ауыстырылған. Жалпы өзін адам деп ауыз толтырып айтуға келмейді. «Буырқанған, бұрсанған, мұздай темір құрсанған» біреу.

Бір уақытта зертханаға фильмнің зұлымы Акан баскесерлерімен басып кіреді. Азды-көпті атыс пен қуғыннан соң Генридің әйелі Эстель Аканның қолында қалады. Сүйіктісін құтқармаққа бел буған Генри Джиммимен танысып, Аканға қарсы күреспекші болады.


Қайдан шықты:
2013 жылдың көктемінде Biting Elbows атты инди-рок тобы «Bad Motherfucker» атты әнге клип түсіреді. Ролик аса танымал болып, бір айдың ішінде 23 миллион қаралым жинайды.


Клипті көрген Тимур Бекмамбетов топтың негізін қалаған Илья Найшуллерге толықметражды фильм түсіру туралы ұсыныс жасайды. Әуеліде бас тартқан Илья кейін келісіп, жобаның режиссері һәм сценаристі атанады.

Не ойдамын:
Сөз жоқ, «Хардкор» — бір кездердегі «Рейд», былтырғы «Безумный Макс» секілді кинотекамнан ойып орын алатын фильм. Алған әсер мен шығарған қорытындыдан кейін анда-мұнда шашылып қалған ойымды жинақтасам, бұлай деуіме тым жалпылама айтқанда бес себеп бар екен.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
1. Фильм бірінші жақтан түсірілген. Жобаның жаңалығы да осы. Әрине, «Хардкор» Америка ашып отырған жоқ, сюжетті бас кейіпкердің көзімен көрсететін туындылар болды, бірақ олар не сәтсіздікке ұшырады, не фильмнің ішінен бірнеше минут берумен ғана («Doom» секілді) шектелді. Менің ойымша, бастан-аяқ осы стильде жасалған және табысты болатын алғашқы жоба осы «Хардкор» сияқты.

Оның үстіне біздің заман ойын мен киноның, шынайы кадр мен салынған суреттің арасын барған сайын жақындатып, шекарасын жойып барады. Call of Duty мен Medal of Honor ойнап өскен біз бен одан зорғысын көрген кейінгі ұрпақ үшін контенттің көрерменге жақын, оқиғаның барынша әсерлі болуы (тек сюжет тұрғысынан емес) маңызға ие.

Фильмнің бірінші жақтан түсірілуі — тамаша эффект. Бас кейіпкер төмен секіргенде аяғың селк етіп, жинап ала қоясың, өзге актерлердің тура саған қарап, сөйлегені мойын бұрып, өзге нәрсеге алаңдауға мүмкіндік бермейді. Бір сөзбен айтқанда, көру керек, сезіну керек.

«Еркек қанша жаста болмасын, басқаратын ойыншық тікұшақ сатып алуды армандайды» деген сөз бар ғой. Сол секілді компьютерлік ойынның дәмін татқан кез келген адам (мейлі ол гик болсын, мейлі ол бірнеше рет қана атысқан нуб болсын), денсаулыққа қауіп төнбейтіндей қылып осы ойынды өмірде қалай жүзеге асырса болады деп ойланғаны анық. Міне, сол арман орындалып отыр.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
2. Фильм қаталдыққа толы. Былжыратып қан-жынын ағыза беретін хоррорларды емес, қырғын төбелесті көрсететін және адамның ауыр темір, жалаңдаған пышақ, зуылдаған оққа қарсы тұра алмайтын әлсіздігін аяусыз беретін фильмдерге айызы қанатындарға «Хардкорды» ұсынамын. Рейтингі бекер «R» (17 жасқа толмағандарға ата-анасынсыз көруге болмайды) болсын ба, ананы көріп отырып, өзің барып келгендей әсерде қаласың. Оған жоғарыда айтылған эффектті қоссаңыз, тіпті де сұмдық. Фаталити, қысқасы.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
3. Актерлік ойын. Әрине, айналасы бес-алты актерде неғылған ойын бар деуіңіз мүмкін, алайда өз басым Джиммиді ойнаған Шарлто Копли мен Аканды сомдаған Данила Козловскийді ерекшелеп айта кетер едім. Алғашқысы әлжуаз лохтан бастап брутал альфа-еркекке дейін ойнай алатынын баяғыда-ақ дәлелдеген ("№9 аудан" дәлел), бұл жерде де Джиммидің бірнеше образын тамаша жеткізіпті, соңғысы қыз-қырқынды ұлардай шулатқан метросексуал кейпінен алшақтап, әуесі, әумесер, ауруды жақсы көрсеткен.

Әрине, бұлармен қоса бастарына GoPro камерасын киіп, бас кейіпкердің (түрін көрмесек те) жүгін арқалап шыққан оншақты жігітке де құрметімді білдіремін.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
4. Әзіл. Иә, «Хардкорда» жақсы әзілдер бар. Және ол тек американ спецификасындағы біз түсіне бермейтін қалжыңдар да емес, соңғы кезде ТМД-лық, әсіресе ресейлік кинематографта көбейіп кеткен дәрети-алкогольдік құсық та емес, дәл уақытында айтылған, кейде "қара әзіл" стилінде берілетін фразалар.

Киностан: Хардкор: Армандар орындалады!
5. Эстельдің рөлін ойнаған Хейли Беннетт.

Қорытынды:
«Хардкорға» бару керек. Біріншіден, ерекше эффекті бар (бірінші жақтан түсірілген, бас кейіпкердің түрін көрмейсіз), екіншіден, сапасы жап-жақсы экшнді көріп қайтасыз. Оның үстіне фильмнің Ресейде түсірілгені ментальдік тұрғыдан бізге жақын: біраз қалжыңды, сюжеттік кейбір бұралаңдарды жақсы түсініп отырасыз.

Берген бағам: 8/10

Әрі қарай

Аптасына кемінде жеті рет ашып, қарайтын сайттар тізімі

Ал сол кезде...: Аптасына кемінде жеті рет ашып, қарайтын сайттар тізімі
12 наурызда әлемдегі сайттар саны, домен бойынша
дереккөз: Nominet
инфографиканы үлкен өлшемде көру үшін сілтемеге өтіңіз

Уа, ағайын, әлеуметтік желілердегі, не дос-жаран, тамыр-таныс, әріптестеріңіздің чатта ұсынатын сілтемелерінен бөлек, әр күні тікелей адресін жазып, кіретін 10 сайттың тізімін пікірге жазайықшы.
Ішінде қазақ сайттары бар ма екен, болса нешеу, керектің қолданушыларына қандай мазмұндағы сайттар өтеді екен, осы турасында біле отырайық.
Көрсеткен сайтқа не себепті тұрақты түрде қайта оралатыныңызды да жаза отырыңыз.
Тізімді 10 сайттан асыруға болады, бірақ кемітуге болмайды
Әрі қарай